Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Алаш ардақтысы Ыбырайым Жайнақұлының туғанына 135 жыл

31.12.2021 1435

Алаш ардақтысы Ыбырайым Жайнақұлының туғанына 135 жыл 12+

Алаш ардақтысы Ыбырайым Жайнақұлының туғанына 135 жыл - adebiportal.kz

Биыл Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақұлының туғанына 135 жыл толып отыр. Осы орайда Ыбырайымның перзенті Омардың туған қызы Надия Жайнақовадан арда туған тұлғаның ғұмыры, тағдыр-талайы хақында естелік жазып аудың сәті түскен еді. 1956 жылы Алматы қаласында туған Надия Омарқызы Жайнақова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетін тамамдап, ұзақ жылдар заң саласында еңбек етті. Баба мұрасына шырақшы болып, «Ұрпақтары Ыбырай Жайнақұлы хақында» (орыс тілінде) атты кітап шығарыпты. Асылдың сынығымен әңгімелесуімізге дәнекер болған саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Дулатбек Балғабекұлына алғыс білдіреміз.

Естелікті жазып алған ф.ғ.д., профессор Сағымбай Жұмағұл.

НАДИЯ ЖАЙНАҚОВА: «Алаш жайсаңы Ыбырайым Жайнақұлы атамызды мақтан тұтамыз»

Атамның алғашқы қосағы атақты князь Чанышевтың қызынан Мейіруақас, Сейтжан атты екі перзенті болған. Кейіннен Гүлсім Дадабаеваға үйленген. Гүлсімнің кіндігінен Әсия, Рақия, Фарида, Кашифа атты төрт қыз және менің әкем Умар (Омар) (1925-1995) тараған. Бұлғақ жылдары шекара асқан Ыбырайым атамның тұяғы Умар Қытайдан елге 1955 жылы оралады. Кеңес Одағы ыдырағанға дейін эмиграцияға кеткендерді адам құрлы көрмей келді ғой. Зобалаң жылдары атажұрттан ауғандардың бәрін «халық жауы» деп білді. Жат жұртқа қашып кетті деп айыптады. Еге де олар сол бір қиямет қайым жылдары жан сауғалап кетпегенде біздер мына жарық дүниеде болар ма едік?!

Алаш қозғалысының белді өкілі Ыбырайым атам Қытайда жүріп те өзінің қайраткерлік жұмыстарын жалғастыра білді. Алғашқы метептердегі оқу-ағартуды дұрыс жолға қою, емханаларды қаржыландыру сынды елдік істерге мұрындық болды. Халықты түрлі аурулардан сақтандыратын дәрі-дәрмектер жеткізумен қатар сырқаттарды емдеген екен. Ол жалғыз өзі шекара асқаны жоқ. Алаштың ақ маңдай ұлы, белгілі қайраткер Иса Тергеусізұлы оның мұраттас сыралғы досы еді. Оларды Гоминьдан билігінің жендеттері 1943 жылы өлтірді. Гүлсім апайға 1946 жылы ғана атылды деген хабар келген. Атамды 1938 жылы тұтқындап, дүние-мүлкін тәркілеген. Лепсінің тумасы анам Халида Калимуллақызы Рафикова (кейіннен Жайнақова) әкеме 1948 жылы тұрмысқа шығыпты. 1949 жылы тұңғыштары Әсия өмірге келіпті. Анам Халида Омардың әкесін көрмесе де енесі Гүлсім Дадабаевамен бір шаңырақ астында сыйластықта тұрғанын айтатын.

Ғибратты әңгімелерін де ұмыту мүмкін емес дер едім. Нәубетке толы қилы күндерді жадынан шығарған емес. Тоталитарлық қанды жүйе талай әулеттің шаңырағын шайқап, арыстай азаматтарды тоз-тоз етті емес пе?! 1938 жылдың 10 ақпанын өмірімдегі ең үрейлі де қорқынышты күн деп сыр ақтарғаны әлі есімде. Сол күні Ыбырайым Жайнақұлы тұтқындалып, дүние-мүлкі тәркіленіпті. Әкем Умар Ыбырайымұлы құрылысшы болып еңбек етті. Бірнеше орден, медальдармен марапатталды. Олардың бәрі сақталған. Әулетіміздің күрделі тағдыр-талайы таяуда ғана шығарған «Ұрпақтары Ыбырай Жайнақұлы хақында» (орыс тілінде) атты кітабымызда жан-жақты баяндалған.

1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетін заң мамандығы бойынша бітіріп, жұмысқа орналаспақ болдым. Әскери трибуналға барсаң жақсы жұмыс табылып қалар деген ақыл-кеңестер де болды. Сол құзырлы органға бардым. Мекеменің ішіне кіргізгені жоқ. Бір офицер шығып, құжаттарымды қабылдап алды. «Сізді жұмысқа қабылдай алмаймыз» деген жауаптары ұзаққа созылмады. Кейін Әділет министрлігіне жол тарттым. Әрине, «халық жауының» ұрпағы ретіндегі сенімсіздік, жөн-жосықсыз қудалаудың болғанын несіне жасырайын?! 1980 жылдардың өзінде қоғамда үрей, қорқыныш әлі сейілмеген ді. Әке-шешемнің үнемі айтып отыратын ақыл-кеңестерінің өзегі – кеңес жүйесінің қанды қақпанына арандап түсіп қалмаудан сақтандыру болатын. «Сен әлі жассың, егер де біреулер жұмысқа орналасарыңда сенен міндетті түрде кімнің баласысың, кімнің ұрпағысың деп сұрайтыны айдан анық. Сонда Ыбырайым деген кісіні білмеймін деп айт» деп үйрететін. Өмірдің қатал тезінен өткен олардың сақтандырулары да тектен тек емес десем қателеспеймін. 1978 жылы Ішкі істер министрлігіне шақыртып, «Жайнақұлына қатысың бар ма» деп сұрап, тергегендерін қалай ұмытарсың?!

Олардың үрейленгені соншалық, туған-туысқандардың өзі бір-бірімізден алшақтап, бөлініп кеттік. Бір атаның балалары жат бауыр болуға айналды. Ата-аналарымыздың ет жақындарымен емен-жарқын шүйіркелеспеулерін айтпағанда, туыстық байланыста болудан қатты сескенулері де кеңес идеологиясының сан ұрпақтың санасын улаған зұлым саясатын көрсетпей ме?! Мен сол уақытта 4-5 класта оқитын бала болсам да соның бәрін ұмыта алар емеспін.

Әкем оңашада Жайнақовтардан хат барын білем деп айтатын. Әкемнің Меркідегі туған әпкесі Рақияға хат жазғанымды білсе керек. Кезінде Ыбырайым атам отбасымен шекара асқанда ол кісі елде қалып қойған болатын. Әкемнің алғашқы қосағынан туған Мейіруақас, Сейтжан да елде қалған ды. Сейітжан кейіннен Қытай өтті. Ал Рақия кеңес өкіметі тарапынан аяусыз қудаланды. Не дұрыстап оқи алмай, не жөні келетін жұмысқа тұра алмай адам айтқысыз тауқыметтерді басынан кешеді. «Халық жауының» баласы деп итше талап, әкесінің «Алашордашылдығын», «ұлтшылдығын» бетіне басыпты. Жетісудан жылыстап Қостанай асса да құрығы ұзын тіміскі өкімет ол жерден де тауып алыпты. Көрмегені жоқ бейбақ күйеуімен Меркіге жан сауғалайды. Іздестіре, сұрастыра жүріп Меркіден оларды тапқан жайым бар. Хабар-ошар біліп тұру ниетімен хат жазғанымда әкемнің олармен хабар-ошар алып тұруыма рұқсат етпеген кездері болғаны айтудың өзі көңілге ауыр тиеді. Өмір ауыртпалығын көп тартқан ол бұрынғы фамилиясын күйеуінің фамилиясына Кадышева деп өзгертеді. Оған дейін Жайнақова емес, Ибрагимова болатын ды. Тек менің әкем ғана Жайнақов болған. Әке-шешем өмірдің еш қызығын көрмей дүниеден өтті. Текті әулеттің өзін тоз-тоз еткен жай бар. Бірі Қазақстанда, бірі Қытайда өмір сүрді. Осындай қиындықтарды кеше жүріп аман қалғандарына шүкіршілік етеміз. Атам Ыбырайымның Алаш қозғалысындағы мұраттас досы Иса Тергеусізұлының отбасын шекарадан өтерде бала-шаға деместен тегіс қырып-жойып тастады емес пе?! Есіл ер Құлжада қайта үйленіп, ұрпағын жалғастырды ғой.

1995 жылы әкем өмірден өтті. 1997 жыл Қазақстанда Президент жарлығымен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланды. Сол жылы прокуратураға қайраткер Ыбырайым Жайнақұлын ақтау мәселесін сұрап хат жаздым. Жауап хатта атамның репрессияға ұшырағанын дәлелдейтін айғақты құжаттар жоқ деп көрсетіліпті. Қалай дегенмен құзырлы мекеме қызметкерлері Ыбырайым Жайнақұлын ақтау мәселесіне қатысты анықтамаларында нақты құжаттық деректер жоқ демей, тарихи шындыққа сүйеніп, аласапыран кезеңдері эмиграцияға кетті деп жазса болады ғой. Кейіннен Қытай асқан асылымызды ақтау ісінде әрі қайраткерлік тұлғасын насихаттауда салым суға кеткендей болғанын жасыра алмаймын.

2013 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика институтынан Ажар Мамаева үйге телефон шалды. «Ыбырайым Жайнақұлының өмірі мен қызметі» тақырыбында дипломдық жұмыс қорғайтынын айтып, Алаш қайраткерінің суреті, өзге де құжаттар болса керек деп қолқа салғаны. Сонда менің кереметтей таң қалғаным бар. Өйткені атама қатысты дерек, мәліметтер алу туралы өтініштерімнің өзі дұрыс қабылданбай жатқанда мына қаршадай қыз Ажардың Ыбырайым Жайнақұлының қоғамдық қызметін зерттеуді қолға алуы мені қатты рухтандырды. Ғылыми жетекшісі Төлеубаев Шәмет Баянұлы: «Алаш қозғалысының Жетісудағы басты тұлғаларының бірі Жайнақ әулетінің ұрпақтарын іздеп тапсаң тіптен ғажап болар еді» деген ақыл-кеңесін берген ғой. Қорғауға Ыбырайым Жайнақұлының көзі тірі ұрпақтары тегіс қатыстық. Қорғауда тарихшы ғалым, алаштанушы Мәмбет Қойгелді де болды. Ғалымның «Ыбырайым Жайнақұлының тарихи еңбегі ерен, ондай арысты бүгінгі және келер ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Олардың елдік биігіндегі қызметтеріне қашанда қарыздармыз. Оның ұлтқа жасаған қызметін білуіміз керек, Қазақстан тарихы бойынша оқулықтарға ену қажет» деген байыпты пікіріне қатты сүйсіндік. Бойымызды мақтаныш сезімі кернеп тұрды...

Ыбырайым Жайнақұлының есімін, қайраткерлік тұлғасын барынша насихаттауға қал-қадірімше еңбектенудемін. Ана бір жылы Алаштың 100 жылдығына арналған ғылыми конференцияға саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Дулатбек Қыдырбекұлының арнайы шақыруымен қатыстым. Атамның суретін ала бардым. Алаш рухын бойына сіңірген жастардың баяндамалары қатты әсер етті. Ғалым Дулатбек Қыдырбекұлының Ыбырайым Жайнақұлы, Иса Тергеусізұлы туралы жазып жүрген ізденістері қуантады. Оған айтар алғысым шексіз. Алаш қайраткерлері елдің азаттығы, тәуелсіздігі үшін аянбай тер төкті. Сондай аяулы тұлғалар қатарында Алашқа адал қызмет еткен Ыбырайым Жайнақұлының ұрпағы болғанымызды мақтан етеміз. Қордайдың тумасы Жайнақ бабамыздың да есімі елге белгілі тұлға. Мына шұрайлы да құтты мекен Ілеге талай исі қазақ баласын қоныстандырыпты. Диірмен салып, заманға сай жаңашыл бастамаларға ұйытқы болыпты. 1928 жылға дейін қазіргі Комсомол аталатын поселке Жайнақ ауылы деп аталыпты. Соңғы кездері ауылға бұрынғы атауын қайта беру мәселесі көтеріліп жүр. Ауыл тұрғындары толықтай қолдап та отыр екен. Еліміз астанасындағы онамастикалық комиссия қарауына жіберіпті...

Надия Умарқызы Жайнақованың естелігін жазып алған Сағымбай Жұмағұл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар