Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Есләм Зікібаев. Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын....

28.04.2023 2096

Есләм Зікібаев. Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын... 14+

Есләм Зікібаев. Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын... - adebiportal.kz

Ақынның бар болмысы қайашанда

Қиянатқа баспайды айдасаң да.

Қызыл тілі – аждаһа алдаспаны,

Үн қатпай қала алмайды байласаң да. 

Ақынның нәзік жанын, сезімін, айтқысы келген ойын оқырманына жеткізіп, ұғындыра алуының өзі бір өнер болса керек. Кейде, біз, қарапайым халық, ақынның мінезін түсінбей жататын кезіміз болады. Сондай сәттерде ақындардың тағдыры, өмірі жайлы өлеңдерін оқып көрген дұрыс болар. Ақын болмысын ерекше сипаттай білген, қуанса да, мұңайса да жырмен жанын емдей білген ақындардың бірі – Есләм Зікібаев. 

Ақынның өзгеше болмысын тануға талай жан ұмтылғаны айтпасақ та белгілі. Бірақ, ақын жанын, ақыннан артық кім түсінер?! Бұл туралы Есләм аға өз өлеңінде: 

Ақынның дара біткен болмысы ма,

Қол бала бола алмайды, қол құсы да!

Ұшуы, қонуы да... өз еркінде,

Адасса да – өзінше адасуы, 

Басқадай қаламайды жолды, сірә!, - деп, ақындардың әрқашан еркіндікті аңсайтынын, тірліктің тынысы ақын ойын оттай қаритынын жүрекпен жеткізеді. 

Лирикадағы ақын тұлғасын жете зерттеген ғалым Зәки Ахметов: «Ақынның өз тұлға-бейнесі оны тебіренткен ой сезімдерден, айтылып, баяндалып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайларға, қоғамдық мәселелерге, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттеріне оның қатынасынан, берген бағасынан айқындала түсіп, жан-жақты толық көрінісін табады», - дейді. Ия, расында да әр ақынның өлеңінен оның өзіне ғана тән ерекшелігін аңғарамыз. Белгілі ғалым М.С.Оразбек «Ақындық тұлға табиғаты» атты еңбегінде: «Кез келген лирикалық өлеңдегі ішкі сыр мен сезімді лирикалық кейіпкерге телігенімізбен, бәрібір ақын тұлғасын ұмыт қалдыруға хақымыз жоқ», -   деген пікір білдіреді, расында да лирикалық образ түбінде ақын тұлғасы жатады. Олай болса, біз Есләм Зікібаевтей көрнекті қаламгердің ақындық тұлғасын танып көруге тырысайық. 

Есләм Зікібаев туралы мақала жазуды ойға алған күні оның өмірбаянымен, өлеңдерімен таныса бастадым. Әр өлеңін оқыған сайын ақынды жаңа қырынан тани түскендей болдым. Ақынның жары Рауза Бәкірқызының телефон нөмірін алып, бірден хабарластым. Апайдың жарына деген сағынышы, құрметі, ағаның аманаты жайлы біраз әңгімелестік. Әрине, бірінші кезекте таныстықтары туралы сұрадым:

Біз студент кезде таныстық. Екеуміз де Алматыда оқығанымызбен, бізді таныстырған Қордайдың би алаңы еді. Ол кезде кешкі сегізден бастап, бір-екі сағатқа, анда-санда биге баратынбыз. Ата-анамнан сұранып, қасыма өзімнен бірер жас кіші сіңлімді ертіп алып, би алаңына барғанмын. Аланда бейтаныс екі жігіт жүр екен. Түрі сұсты болып көрінген бойшаңы биге шақырды. Билеп жүріп атымды, қайда оқитынымды сұрады. Атымның Роза екенін, ЖенПИ-де екінші курсқа көшкенімді айттым. Қазақ пен қырғыз арасындағы диалектілерді жинау үшін Ғылым академиясының Тіл білімі институты іссапарға жібергенін, ауыл аралап, диалекті сөздерді жинап жүргендерін айтты. Бірақ жігіттің аты есімде қалмапты. Күзге салым Алматыға келіп, жатақханама орналасып жатсам, қыздардың бәрі: «Сені ұзын бойлы бір жігіт іздеп жүр», - деп қоймайды. Сөйтсем, ағаң Алматыға келе сала мені іздеп, жатақханаға екі-үш рет келіп кеткен екен. Жақын таныса жүріп, сырлас дос болдық, қыз бен жігіт болып екі-үш жыл жүрдік. Маған ақын едім, өлең жазатыным бар еді дегенді айтқан емес. Газет-журналдарға мақалалары, хабар-ошары жарияланып тұратынын білетінмін. 

Жазушы, аудармашы Герольд Бельгер де жақын досы туралы естелігінде бірге жүрген кездерін, ұзын-сонар әңгімелерін, қалжың-әзілдерін, бірге шахмат ойнағанын еске түсіріп, оның ақындығына, мінезіне де тоқталып өтеді: «Есләмнің өмірде қатты ұстанатын принцип-қағидалары болатын. Ақындық өнерді пір тұтатын. Өз бағасын да анық сезінетін. «Мен ақындардың алды да емес, соңы да емес екенімді білемін», - дейтін. Тірліктегі жетістік пен жақсылықтардың бәріне «тәуба» деуші еді. Қазаққа тән қанағатшылдығы болатын. Негізгі ұстаным-кредосы: арға таңба түсірмеу. Анық сенетіні: «Ақын, сірә, өлмейді...» Сөзге, уәдеге, жолдастыққа берік еді. Көлгірсуді білмейтін. Жалғандық атаулыға жаны қас, ешуақытта ойын жасырмайтын. Ешкімнің бет-жүзіне қарамай, ақиқатқа жүгінетін. Адал еді, жаны жайсаң, жомарт еді. Туған өлкесін жырлап өтті, Есіл өңірін ерекше қадір тұтты. Өзін ауылының өкілетті елшісі деп санайтын». Шынымен де, ақындық тұлға хақында сөз қозғасақ, сол жанның ақын болып қалыптасуына сеп болған, шабыт туған жері жайлы айту міндет. Есләм ақын үшін Өрнектей ауыл болмаған. Оның туған жеріне, ауылына деген сүйіспеншілігі, махаббаты ауылына арнаған әр өлеңінен айқын көрініс беріп тұрады. 

Ауылым қиыр шетте Өрнек деген, 

Бар тінін тірлігінің өрнектеген. 

Жаныма жақындығы Өрнегімдей

Бір ауыл таба алмаспын жер-көкте мен,- деп көңілін мұң шалған уақытта да Өрнекке келіп, тынығып, бар уайымын ұмытатынын да жасырмайды. Өрнек ауылында дүниеге келу бақытына ие болған ақын, бар өмірін осы ауылды жырлауға, насихаттауға арнағанын көре аламыз. Ақынмен араласқан қаламгер достары үшін де «Есләм» және «Өрнек» сөздері синонимге айналып кеткендей. 

«Өрнек» деген ауылдың өршіл ұлы,

Көп гүлдерің ашылды, көрші мұны. 

Сенен тіпті қалмады қайда барсаң,

Ауылдастың арманы, көрші мұңы, - деп ақын Тұманбай Молдағалиев «Есләм ақын жетпісте» атты арнауында ақынның азаматтық бейнесін аша түседі. Ақынның досы дала екенін білетін Тұманбай ақын Есләм ағаның туған жеріне, халқына деген сүйіспеншілігін де байқай білген. Жанына Өрнектей жақын ауыл таба алмасына сенімді болған ақын ағамыз, Өрнек ауылын жырға арқау етіп, сағынышын басқанын да аңғаруымызға болады. 

Ия, соғыстан кейін халықтың өмірі қаншалықты қиын болғанын, шығармалардан да, ата-әжелеріміздің әңгімесінен де естідік, оқыдық. Ал ақын ағамыздың соғыс кезіндегі, соғыстан кейінгі өмірі қиын болғанын Рауза апайдың әңгімесінен байқадық.

Ол заман сондай, халықтың жағдайы нашарлау кезі ғой. Ағаң - соғыс кезінде қиындықты көп көрген-балалардың бірі. Мектепке киіп баратын аяқ киім болмай, екі жыл кешігіп барған екен, сөйтіп мектепті жиырмасында бітіріп, жоғарғы оқу орнына он жетісінде емес, жиырмасында келген екен. Мұндай жайт ол уақыттың балалары үшін кемістік емес еді. Ешкімнің қабырғасы бүтін емес кез, шерлі көкірек кілең жас заманымыз тар екен демеген. Аз-мұз шәкіртақыға күнелтетін студенттердің бір киер киімі болғанының өзі – жарты байлык. Баршаның арманы болған Алматыда оқу оқып жүрген жастар жағдайдың нашарлығына қарай ма, қыдырғылары, би алаңдарына барғылары келеді ғой. Ағаң стипендия алған күні бөлмелес балаларымен бірге ақша жинап, ішіп-жем сатып алады екен де, артылған аз ғана ақшаны Октябрь атты курстасының қолына ұстатып, осы ақшамен биге барып, би үйреніп кел де, бізге үйрет дейтін көрінеді. Ол биге барып, жатақхананың көлеңкелеу бұрышына тұра қалып, өзіне телміре қараған жігіттерге би үйретеді екен. Жағдайымыз нашар еді, қалтамыз жұқа еді демей, ол уақыттың жастары амалын тауып, жастық дәуренін де өткізіп, оқуын да оқып, отбасын да құрап, армандарына адалдықтарын таныта жүріп, кітап, газет, журналдан бас алмайтын. Ағаңмен мені табыстырған сол заман ғой, ол уақыт туралы да айтып өтпеске болмас. 

Елдігін айтса  дағы, Елеместей – 

Қайран қазақ əлі де келеді өспей.

Бір қазанға сыймайтын екі бастай,

Той болса, тарқамайтын төбелеспей.

Мақтанып аға демей өз ағасын,

Кикілжіңге шаптырмай сөз арасын,

Жүген-құрық тимеген жүйріктей боп,

Шаппасаң, топтан қайтіп оза аласың? 

Ісіп-кепкен өзінің буларына,

Жетіп жатыр сұмдары, қулары да...

От тастамай, май құймай дуға мына, 

Намысқа шабатындай ұлан болса, 

Мақтанар ҚАЗАҚ болып туғанына, -деп «Шындықтың ұлы атасы» атты өлеңінде қазақтың қанша кемшілігі болса да, оның артықшылығын баса айтып, намысқа шабатын кез келген ұлан қазақ болып туғанына мақтануы қажет екенін бейнелеу арқылы, өзінің де мақтанышын аңғартады. Жас ұрпақты адамгершілік биік мұраттарға, адалдық пен ақылдылық, парасаттылық пен азаматтыққа үндейтін Есләм ақынның өлеңдерінен адамның түзу жолда жүруіне, ар тазалығы мен жан тазалығына ақылдың үнемі көшбастаушысы болып отыруын қалайтынын анық байқауымызға болады. Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов «Ақынның үш қасиеті» атты эссесінде: «Есләм ақынның ерекше үш қасиеті бар еді: адал, әділ және намыскер болатын», - деп еске алады. «Адалдығы сондай – біреудің жолда жатқан алтынына қол созбайтын. Әділдігінің белгісі – өзіне зиян келсе де, ақ істі ардақтаудан аянбайтын. Ал намыскерлігі қандай десек – біреу жазықсыз жәбір көріп жатса, оны өзін қорлағандай көретін. Жәбір көрушіні қорғап, жиындарда жалынды сөз сөйлейтін, жәбірлеушіні әшкерелеп, отты өлеңдер жазатын». Өз заманының қоғамын сынап, адам бойындағы жағымсыз мінез-құлықтарға жиіркене қарап, басқалардың да ондай мінезден аулақ болуын қалаған ақын, шығармашылығы арқылы жақсылық, әділдік, азаматтық сезім, ар-ұят өзін-өзі бағалау, қамқорлық, қарапайымдылық, кішіпейілділік сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттады. Рауза Бәкірқызының айтуы бойынша да, Есләм ағаның мінезі нағыз ақындарға тән мінез еді. 

Ағаң ақкөңіл адам еді. Тез ашуланғанымен, қайтымы да тез болатын. Ол кісінің мінезі нағыз ақынның мінезі еді. Әділетсіздік көрсе, қатты жабырқайтын. Ал мен ұяң болдым. Кез келген жанмен бірден сөйлесіп кете бермейтінмін. Ағаңның мінезі менің мінезіме қарама-қайшы еді. Біздің бір-біріміздің жоғымызды толықтырып тұруға сол мінездердің ұқсамауы әсер еткен шығар. 1957 жылы кездескен біз, 1960 жылы шаңырақ құрдық. Күйеуге шығатынымды айтқанда, ата-анам жер түбіне кетіп барасың деп қатты толқыды. Әкем араға ағайындарымызды салып, алысқа бармай-ақ қойса қайтеді дегендей пікірін білдіріпті. Әншейінде ұяң, біртоға маған мінез пайда болып: «Бәрібір сол жігітке тұрмысқа шығамын», - деп ашық айттым. Менің сол сөзімнен кейін ағайын-туыс аса қарсылық танытпады. Ағаң жиен аға-жеңгесі екеуі құдалыққа Қордайға келіп, әкем жол ашарын жасап, шығарып салды. Әкем өмір бойы қызметте болған кісі, қандай ортада болсын, жарқылдап отыратын жан еді. Көпшілік бірден, күйеу баласы қайын атасына ұқсайды екен десіп жатты. 

Есләм Зікібаевтың алғашқы кітабы «Ақ қайыңдар» деген атпен 1975 жылы жарық көрді. Өлеңге кеш келсе де, он-он бес жылдың ішінде сегіз өлең кітабын шығарған. 

Кім оянып, мәңгіге кім жатады,

Тоқтамайды күн шығып, күн батады...

Өзім кетсем, артымда сөзім қалсын, 

Ерік бердім жан сырым – жырға тағы, - деп жырлаған Есләм аға ақындық өнерді биік бағалап, ақындық ой-өрістің өлшеусіз кең екенін аңғарып, өлеңді жан сырына балаған. Абыз жыршы Әбділда Тәжібаев: «Есләм тақырып жағынан кілең жаңалық айтады деу қиын. Бірақ бізге мәлім тақырыптардың өзі де Есләмша жырлап, жадырап отырады. Өйткені, талантты ақынның өлеңді поэзиялық дәрежеге көтеретін өнері көп, аспаптары мол», - деген пікірінен де ақын поэзиясының өзіндік ерекшелігі, эстетикалық көркемдігі бар екенін көреміз.  Ал белгілі ақын Қадыр Мырза-Әлі: «Есләм күй таңдайтын, бап таңдайтын ақын. Оның сирек жазатыны да осыдан шығар. Дарын иесінің өзін мүлде ерекше сезінетін алымды сәттері шабытты шақтары болса керек», - десе, Мұзафар Әлімбаевтың: «Есләм поэзияға кешігіңкіреп келді. Алайда, кенже қалған жоқ. Ақындық өнер санымен емес, сапасымен өлшенер болар. Ақынның негізгі тақырыбы - азаматтық, Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік», - дегені де бар. Есләм ақын шығармаларындағы сөз кестесінің, өлең тілінің табиғилығы мен қарапайымдылығы, олардағы қолданылатын бейнелі сөздердің құрылыс-бітімі, жасалу ерекшеліктері жағынан мейлінше ұтымды және терең мағыналы болуы – ақынның суреткерлігін, шеберлігін танытады. Ал бұл өлеңдер қалай жазылды, қай уақытта жазылды деген сұрақтардың жауабын, әрине, ақынның жарынан аламыз: 

Ағаң жақсы ән тыңдап отырып та жақсы өлең жаза беретін. Шынын айту керек, өлеңдерін көбіне асүйде отырып жазатын. Және онысына қабақта шытқан емес. Балаларын бір бөлмеге тығып тастап, екінші бөлмені кабинет қылып алуына да болатын еді. Өзінің тыныштығынан балаларының жағдайын көбірек ойлайтын. Ол кісі және өзінен кейінгі бауырларына да аса қамқор болды. Алматыға оқуға келген жиен інісі мен туған екі інісі біздің қолда тұрып оқу бітірді. Ағаң мектеп бітірген жылы әкесі қайтыс болады. Алматы барам, оқу оқимын деген талабы таудай баласын енеміз бетінен қақпай, оқуға жіберген екен. Анасы қоңырлатып ән салатын. Әкесі өлең жазған кісі екен. Шиеттей бала-шағамен елде қалса да, бірдеме етіп күнелтеміз деген анасы ағаңа ақ батасын беріп, Алматыға шығарып салыпты. Ағаң жастайынан анасы мен бауырларына көп қарайласты. Поэзияға да кеш келіп жүргені сол ғой. Інілерім аяқтарынан тұрып кетсін деп, оқу оқып жүріп-ақ жұмыс істеді. Алған қаламақысын солардың қажетіне жаратты, отбасына қарасты… 

Ана тілім – арманым, ақ тілегім, 

Өзімнен де өзіңді көп тіледім.

Тілім өлсе, тірлігіме мәз болып,

Қара жерді қалай басып жүремін? 

Есләм ағаның өлеңдерінен оның ақындық тұлғасын танытатын тағы бір ерекшелікті байқадым. Ол – ана тіліне деген құрметі. Арым да, барым да, берекем де, мерекем де – тілім деп жырлаған ақын мансабы үшін баба тілін шенегендерді көріп, жүрегі қарс айрылады. Себебі бұл жағдай ақын үшін ащы таяқ жегеннен де қатты соққы еді. Рауза Бәкірқызы «Заман талабы болған соң өзіміздің балалар орысша оқыды, енді немерелерім қазақша оқыса екен», - деп армандаған ақынның аманатын арқалап келе жатыр. Немерелерінің алды қазақ лицейін «Алтын белгіге» бітірсе, ең кіші немересі екінші сыныпта оқиды. Ана тілі ақ тілегіне айналған ақынның арманын ұрпағы жалғастырып келе жатқаны ойға қуат, бойға жылулық сыйлайды. 

Әр ақынның өз шындығы, өз ақиқаты болары сөзсіз. Шын ақын дегеніміз кім? Шындық дегеніміз не? Бұл сұрақтардың жауабын табу оңай дүние емес екені белгілі. Ал Есләм ағаның «Шындықтың ұлы атасы» атты өлеңін оқысаңыз, ақынның ішкі шындығын түсіне аласыз:  

Делебесі делбеңдеп қозатұғын,

Өңмеңде, өңешіңді соз, ақыным!

Бəрібір сен емессің озатұғын,

 –Дермісің: «Қалай елге сөз айтасың,

Өзіңе жетпей жатып өз ақылың?»

Қайтемін,

Менің де арман-мұратым көп,

Демессің «айтты мұны кім ақыл» деп.

Асуым бардай еді шығатын көп –

Көтермей-ақ қойыңдар шыңға сүйреп,

Өлгенде айтып жүрсеңдер жетіп жатыр

Шындықтың ұлы атасы – шын АҚЫН деп

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар