Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Зәки Ахметов дәрісі. Қара дәптердегі сарасөз...

06.05.2023 1988

Зәки Ахметов дәрісі. Қара дәптердегі сарасөз 14+

Зәки Ахметов дәрісі. Қара дәптердегі сарасөз - adebiportal.kz

2002-2003 оқу жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінде «Салыстырмалы әдебиеттану» мамандығы бойынша магистратураның соңғы курсында академик Зәки Ахметов «Әдеби талдау және бағалау» пәнінен дәріс жүргізді. Дәріс басталар тұста кафедра меңгерушісі филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаев аталған пәнді жүргізу үшін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан ғалым З.Ахметовтың шақырылғанын, дәріске мұқият қатысу қажеттілігін қадап айтты. Алғашқы күннен-ақ, З.Ахметовтің дәрісі Абайдың ақындық әлемін тануға бағытталған еді. 

Академиктің дәріс жүргізу әдісі де өзгеше болатын. Аудиторияға кіре сала, қолына борды алып, тақта толғанша Абай өлеңінен шумақтар жазып, тармақ, бунақ деп сызып шығатын. Бейне бір математикалық формулалар жазып жатқандай көрінетін. Өлең жүйесін, құрылымын түсіндіруден бастап, ақын өлеңдерінің көркемдік жағын айта келе, мағыналық ерекшелігіне ойысатын. Абай шығармашылығы жөнінде түйінді пайымдаулар жасау, ой қорыту оңай шаруа емес екенін ескертетін. 

Жанарымыз тақтада, құлағымыз ғалымда, қолымыз қаламда болып қажетті тұжырымдарды қағазға түртіп отыратынбыз.  З.Ахметовтің пәніне арнайы қалың қара дәптер арнаппын. Бүгінде сол дәптерді ақтара отырып, ұстазымыздың дәрісті ұғындырудың әдісіне, туындыны талдау тәсіліне қайта назар аудардым. Мәселен, «Поэзияны зерттеушіше қабылдау, шығарманы зерттеушіше талдап, баяндау және бар. Оған алдымен зерделілік пен зейін керек. Шығарманы талдап, бір-бірімен байланыстыра қарастырып, топтап, жинақтап айту үшін байқағыштықпен қатар жүйеге жүйріктіктің болғаны жақсы», - депті. Сірә,  Абайдың сөзін, ойын түсіну оңай еместігі жөнінде айтса керек. Жалпы, дәріс барысында «мына сөзді кім қалай түсінеді»,- деп аудиторияға ой тастап, «дұрыс түсіндік пе, дұрыс түсінбедік пе»,- деп академиктің алдында ұятқа қалмайық деп үнсіз отырған бізге жағалай қарап, өз сұрағына өзі жауап беретін. Бірде «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дегенді бір қарағанда түсінікті екенін, адамның жаны мәңгі жасайды деп ұғынуға да, немесе жақсы адамның болмысы ұрпақтардың санасында мәңгі жасайды деп түсінуге болатындығын айтты. Бұл  әдеби шығармаға анализ жасаудың қажетті тәсілі еді.

Туындыны талдарда жиі қолданатын тірек сөзі «мәселенің бірінші жағы бар», «мәселені екінші жағынан алып қарар болсақ», - деп бастағанда-ақ, бізде бірден психологиялық дайындық басталып, әрбір сөзді қағазға түсіріп,  астын сыза бастайтынбыз. 

Абай өлеңдерін талдауда, әрқашан А.Байтұрсыновтың «Абай - қазақтың бас ақыны» мақаласына тоқталып отыратын. Осындай мақаланың бар екендігін, мақала «Қазақ» газетіне 1913 жылы басылғандығын алғаш З.Ахметовтен естіп, оқып, топ болып өзара талдағанымызды айта кеткенім жөн.

Абайдың «сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген жолын айта отырып, «Абай тыңдаушы қауымның да көркемдік, идеялық, эстетикалық түсінігі, талғамы, мәдениетінің өсуін талап етті»,- деп, Абайды түсіну үшін алдымен өзіңнің біліміңді жетілдіріп, танымыңды кеңейтіп барып, назар аудару керектігінде айтқан еді. 

Абайдың өз туындыларын ғана емес, аудармаларына да  ден қойып, М.Ю. Лермонтовтан аударған өлеңдерінінің ерекшеліктеріне тоқталатын. Десек те, Абай аударған шығармаларды таза аударма деп қарамай, «бәрі толық мағынасындағы аударма емес, төлтума туынды немесе сарындас шығарма болып келеді»,- дейді де, Абайдың аудармадағы еркіндігін, сол кездегі қазақ қоғамының түсінігіне, қабылдауына лайықталынып жасалғандығын тереңнен толғайтын. Дәптерімізге жазып алған ғалымның  тұжырымдарына назар аударсақ.

«Көркем шығарманы талдау үшін бөлшектейміз. Идеясын айтқанда образдарға түсіп кетеміз. Творчествоның адамы бөлшектеуге қарсы. Бірақ ғылымда пайымды анализ жасау керек» десе, енді бірде: «Барлық нәрсе өз талантыңа байланысты. Біреуден үйреніп дана болмайсың, әсер алып дана болуың мүмкін. Михаэлис Абайдың көзін ашқан дейді. Сонда Михаэлиссіз Абайдың көзі ашылмай ма? Олай емес, әсер алған деуіміз керек»,- деп зерделі кеңесте айтқан екен. «Ұғынды болсаң, жұғынды болады»,- деуі де ой саларлық.   

Ұстазымыздың дәрісін бір семестр бойы тыңдадық. Белгіленген кесте бойынша лектор оқитын дәріс сағатында да, магистрантты сөйлететін семинар сабағында да өзі сөйледі. Бізде жағаласа қоймайтынбыз. Әрине, сөйлеуге де өренің қажеттілігін мойындаймыз. Әлі де тыңдаушы болып, Абайша айтқанда түзелу керекпіз. Оны өзі де түсінді. Тек, семестр соңында алынатын емтиханға мұқият дайындалып келуімізді сұрады. «Сендер сөйлеушісіңдер, мен тыңдаушы боламын»,- деп кесіп айтты. Сірә, өз дәрісінің нәтижесін көргісі келсе керек. Соңғы сабағында:  «Әр адамның  жан дүниесі неғұрлым бай болса, өлеңнен алатын әсері де солғұрлым мол болады»,- деді. Ал, бұл сөзінен кейін оқымай көр. Қайтсек Абай сөзін ұғыну үшін, жан дүниемізді байытамыз деп, жатақханада бір-біріміздің бөлмемізге барып, «сен не ұқтың, мен не ұқтым» деп сапырылысып жүріп, оқыған, түйгенімізді ортаға салып, емтиханға ұзақ дайындалдық. Оның үстіне кафедрада үйлестіруші қызметіндегі әр студент, әр оқытушы үшін шыр-пыр болып жүретін  Гүлнар Тұрсынбекова апайымыз бізді көрген сайын «Зәки Ахметовтің емтиханына дайындалдыңдар ма, сендер үшін біз ұялып қалмайық, кешікпеңдер. Сонша жерден шақырып алғанда ренжітіп алып жүрмейік» ,- деп шегелеп отыратын. 

Белгіленген уақытта келді. Корпусқа таңертең ерте жиналдық. Ешқашан дәріске кешікпейтін ұстазымызды ұзақ күттік. Аң-таңбыз. Хабарласуға жүрек дауаламайды. Бір сағаттан артық күттік, амал жоқ хабарласуға тура келді. Топтың басшысы ретінде ондай жағдайды басшылыққа ерте ескерту керек. Кафедраға барсам, Құныпия ағай отыр екен. Ағайдың кешігіп жатқанын айтып едім, «есінен шығып кетпеді ма екен, үйіне хабарласып көрші»,- деді. Телефон тұтқасын бір ер адам көтерді. Амандаса салып, Зәки ағайдың емтиханы еді деп айта бергенім сол еді, «ағайларыңнан айрылып қалдық, хабар енді беріледі»,- деп тұтқаны қоя салды. Түсінбедім, әлде қабылдағым келмеді ме? Состиып тұрып қалыппын. Құныпия ағайға дірілдеген күйі әрең жеткіздім. Кафедра у-да шу. 

Өкініштісі, ағаймыз бір семестр бойы берген білімінің нәтижесін көре алмады, біз көрсетіп үлгере алмадық. Өзінен қалған мұрадай боп, қара дәптерімде сарасөзі қалды...

 

Лаура Дәуренбекова

А.Құсайынов атындағы 

Еуразия гуманитарлық институтының доценті

         

 ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР ҰҒА академигі Зәки Ахметовтің туғанына 95 жыл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар