Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Әлібек Байбол. Жеңіскер...

31.12.2021 5453

Әлібек Байбол. Жеңіскер 12+

Әлібек Байбол. Жеңіскер - adebiportal.kz

Пьеса Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында. Автордың рұқсатынсыз сахналауға болмайды!!!

(әпсана)

Кейіпкерлер:

Бекзат.

Бекзаттың атасы – дауыс.

Бекзаттың апасы – дауыс.

Бекзаттың бапкері.

Рефери (Төреші).

Рикардо Хуарес.

Комментатор.

Көпшілік.

ПРОЛОГ

Түркістан! Түркістан! Көне шаһар – Түркістан! Бұл – әулие-әнбиелер, хандар, билер, батырлар, қолбасшылар жерленген, аты Алашқа ғана емес, әлемге әйгілі, тоғыз жолдың торабындағы киелі қала – Түркістан! Дүйім мұсылман қауымы «кіші Мекке» деп таныған, жалпақ жаһанды билеген Түркі қағанатының орталығы – Ясы қаласы.

1. «Қожа Ахмет, Арыстан бап,

Түркістанда тұрағы.

Әлемге еткен атағы,

Дін - Ислам шырағы».

***

«Тірегі мұсылманның ажам, араб,

Мұхамбет пайғамбардан шыққан тарап.

Қожа Ахмет Ясауи Түркістанда,

Кіші Мекке атанған алтын дарақ.

Алланың арыстаны Ер Ғалидың,

Мұхамбет Ханафиясынан өскен тарап».

Көпшілік.

– Сүйінші, ағайын, сүйінші! Сүйінші! Сүйінші!

– Дүниеге шекесі торсықтай ұл келді! Ұл! Ұл!

– Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн!

– Сүйінші! Сүйінші!

– Сөз ұстаған би болсын!

– Абылайдай, Есімдей, Қасымдай ел басқарған хан болсын!

– Қабанбайдай, Наурызбайдай, Райымбектей қол бастаған батыр болсын!

– Әлихандай көсем болсын!

– Жиреншедей шешен болсын!

– Абайдай хакім болсын!

– Ей, жамағат! Ей, жамағат! Атын кім деп қоямыз? Кім? Кім?

– Атын ба?.. Атын?.. Атын?.. (Үнсіздік)

Ақсақал (Ортаға шығып). Асыл болсын, бек болсын! Бекзат деп қояйық!

Көпшілік.

– Дұрыс, дұрыс, Бекзат болсын!

– Бекзат!

– Бекзат!

– Бекзат!

Бала Бекзат (қуыршақ) жүріп келеді... жүгіріп келеді... Атпен шауып келеді... Бір сәтте атқа қанат бітіп, ол Пырақ-Пегас ұқсап ұша жөнеледі.

Ән-әлди:

2. «Менің балам осы ма?

Басында бақыт құсы ма?

Ғайып ерен, қырық шілтен,

Бөбегімнің досы ма?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Ер Дәуіттей қайратты,

Ұста болар ма екенсің?

Дос жаранға айбатты,

Нұсқа болар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Тақ Сүлеймен нәбидей,

Патша болар ма екенсің?

Халқың үшін қамданып,

Атқа қонар ма екенсің?

Әлди, әлди, әлди-ай.

Ғайып ерен, қырық шілтен,

Тоқсан тоғыз мың машайық.

Сексен сегіз серулер,

Әлдилетіп қосайық.

Әлди, әлди, әлди-ай».

БІРІНШІ РАУНД

Бокс алаңы, дәлірек айтсақ – ринг! Тамаша бір сайыстың куәсі болуға жиылған халық тағатсызданып, айқайлап, қиқулап жатыр.

Комментатор (Залдан шығады). Бокс! Бокс! Бокс! Осы бір төрт әріптен құралған сөзді білмейтін адам, әй, кемде-кем шығар! Әр төрт жылда бір рет өтетін... осынау Ол-им-пи-аданы көрген де арманда, көрмеген де арманда!.. Асыға күттік!.. Репортажымызды сонау мұхиттың арғы жағындағы Аустралия астанасы – Сиднейден жүргізіп отырмыз. Бұған дүн-дүниенің төрт бұрышынан... экранға назар аударайық (Экраннан аталған ел туларының бейнесі көрсетіледі). Германия! Бразилия! Франция! Канада! Өзбекстан! Жапония! Қытай! Корея! Нигерия! Гана! Голландия! Әлемде бокстан алдына жан салмайтын кубалықтар қатысып, бақ сынасты. Бірі – ұтты, енді бірі – ұтылды. Өйткені, бұл – спорт! Олимп шыңына шыққысы келетін жан көп. Алайда, бұндай бақытқа тек жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана бөленеді! Мінеки, асыға күткен финалға да жеттік! Олай болса... бү-үгі-ін финал! Финал! Фи-нал! Ақтық айқас! Оған шашасына шаң жұқтырмай келген екі елдің спортшысы, екі батыр, екі дүлдүлдің ғана қолы жетті! Олай болса, кө-ө-өк бұрышта... Америка Құрама Штаттарының үкілеген үміті! Ширек финалда олимпиада чемпионы – Сомлук Камсингты жеңсе, жартылай финалда Ресей спортшысы – Камиль Жамалутдиновты тізе бүктірген. Әлем чем-пи-оны! Аме-е-ерика дүлділі – Ри-и-и-кар-до Рокки Ху-ар-рес! Ал, қы-ы-ызыл бұрышта... Қазақстан намысын қорғап жүрген... әлі жеңілмеген, ешкімге дес бермеген былғары қолғап шебері, ширек финалда түрік боксшысы – Рамазан Палианиды, ал жартылай финалда Марокко спортшысы – Тахар Тамсаманиды ұтқан. Олай болса, қарсы алыңыздар! Бе-е-ек-зат! Қа-а-а-за-ақ-стан!

Бекзаттың бапкері (Сыбырлап). Бекзатжан! Саған бәрі сеніп отыр. Еліңді жерге қаратпа. Ол оңай жеңіле салмас, өйткені өте әккі, мығым, шымыр. Соны да ескер. Сақ бол, көп қимылда. Ал, сәттілік!

Бекзат. Жеңу үшін барын салам, бапкер. Халқымды қуантам, Алла қаласа. Түсімде Ясауи бабам мойныма алтын алқа тағып кеткен.

Бекзаттың бапкері. Әмин! Дегеніңе жет! Әуелі, Алла, содан соң әулиелер қолдасын!

Рефери екі боксшыны ортаға шақырады.

Рикардо Хуарес. (дауыс ) Ұтылуға дайындал!

Бекзат. (дауыс ) Кім ұтып, кім ұтылатынын ринг көрсетеді.

Рикардо Хуарес. (дауыс ) Әлемде бізден күшті, бізден алапат ел жоқ.

Бекзат. (дауыс ) Күш білекте емес, жүректе, рухта!

Рикардо Хуарес. (дауыс ) Солай ма екен?

Бекзат. (дауыс ) Иә, солай!

Рикардо Хуарес. (дауыс ) Көрелік, рухыңның әуселесін!

Төреші. Тыңдаңдар, тыңдаңдар! Шынтақпен, иықпен, баспен, желкеден ұрмаймыз! Итермейміз, күреспейміз! Белгі берілген соң жұдырықтаспайсыңдар! Түсінікті ме? (Екеуі бас шұлғиды). Қолғап түйістіріңдер!

Шулаған халық, ұрандаған жұрт.

Комментатор. Раунд екі боксшының аңдысуымен басталды... Әрине, олимпиада чемпионы болу оңай емес. Хуарес, джеб, джеб! Бекзат шегініп үлгірді!.. Міне, Бекзаттың да тарапынан соққылар жасалды. Джеб! Апперкот! Рикардо да көз ілеспес жылдамдықпен жалтарып үлгерді!.. Ол қарымта шабуылға шығып, оң жақтан жанама соққы жасады! Бекзат ол соққыларға тосқауыл қойды да, қарсы шабуыл жасады. Аңдысу! Екі боксшы да нағыз ұрыстың әлі алда екенін біледі. Ең бастысы – шаршап қалмау. Және де... соққы жасау емес, қарсыласыңның соққысын бойға дарытпау. Рикардо Бекзатқа жақындап клинчке кірді. Клинч! Клинч! Бұл – мінез бен намыстың нағыз сыналар сәті! Екеуі де бас түйістіріп, шегінбестен бір-бірін аямай төмпештеуде. Соққы! Соққы! Тағы да соққы!

Көрермендердің айғайы үдей түсті.

Лирикалық шегініс

Бекзат. Апа! Апа! Ап-оу!

Апа. Ау, құлыным!

Бекзат. Апа! Дүниедегі е-е-ең күшті, е-е-ең мықты, е-е-ең, ең-ең-ең алпауыт күш не?

Апа. Ең алпауыт күш?

Бекзат. Иә! Е-е-е-е-ң алпауыт күш? Зеңбірек пе? Танк па? Жоқ, бомба ма?

Апа. Ең алпауыт күш – мейірімділік, балам!

Бекзат. Мей-ір-ім-ді-лік? Қалай сонда? Ол күш емес қой!

Апа. Қателеспе, қарғам. Қатыгездік, зұлымдық, тіпті соғыстың өзі мейірімділікке қарсы тұра алмайды. Сондықтан, досыңа да, қасыңа да мейірімді бола білу – ең үлкен күш.

Бекзат. А-а-а-а! Түсіндім апа, түсіндім!

Ринг.

Комментатор. Клинч! Клинч! Бұл – мінез бен намыстың нағыз сыналар сәті! Екеуі де бас түйістіріп, шегінбестен бір-бірін аямай төмпештеуде. Соққы! Соққы! Тағы да соққы! Мінез! Намыс! Мінез! Намыс! Гонг! Бірінші раунд аяқталды! Тайм-аут!

Тайм-аут.

Бекзат. Қалай аға?

Бекзаттың бапкері. Жаман емес. Тең түсіп келесіңдер.

Бекзат. Қарсыласым өте жылдам.

Бекзаттың бапкері. Иә. Бірақ, сен де кем түсіп жатқан жоқсың. Тек, дауылдатып шабуылға шыққанда қорғанысты ұмытпа. Әсіресе, сол қолынан сақ бол. Иегің мен бауырыңды жап.

Бекзат. Мақұл.

Рикардо Хуарестың бапкері. Hit more. Move more. Donʼt rush forward. Pull it on yourself.

Рикардо Хуарес. Well.

Бекзаттың бапкері. Сенде айла-тәсіл де, қажыр-қайрат та жеткілікті. Бойыңда ата-бабамыздың тасқа таңба ғып басқан рух күші бар. Тамғалы тас! Рух күші!

Бекзат (Ойланып). Рух күші?

Бекзаттың бапкері. Иә, рух күші!

Тамғалы тас. Рух күші.

Сахнаға тамғалы тастарды (петроглиф) алып шығу көрінісі.

ҚЫЛЫШ. НАЙЗАШЫЛАР

Пластикалық формадағы шешім.

Дауыс: 3. Алтай тауым Бесік болып тербеткен,

Жарқылдаған от пен Сарқыраған судың ішінде Ержеткен –

Көк тәңірінің оғландары

Бүкіл түрік жұртының Арландары мен қабыландары,

Бумын қаған мен Істемі қаған таққа қонды.

Елімді ел етемін деп, Жерімді көгертемін деп

Оттай асау, Оқтай ұшқыр Атқа қонды.

Ормандар аңға толды.

Өрісі малға толды.

Жерінің тегінен Май ағып тұрған,

Ағаштарының балағынан Бал ағып тұрған Ел болды.

Құнары асыл Жер болды.

Сол елдің Айналасы түгел – Бұзылған сеңдей

Жапырып кеткісі кеп тұрған;

Көшкен селдей

Түп-тамырымен қопарып

Батырып кеткісі кеп тұрған

Дұшпан екен.

Күндердің күнінде

Жан-жағынан олар

Құрсаудай бүріп Қысқан екен.

Сол кезде Көк түріктердің кеуделері Көріктей ісінген.

Жаяулыны – құмалақтай! – Найзасының ұшына іліп,

Аттылыны – қуалап жүгіріп! – Бөріктей түсірген.

Бастыны – Бастары жерге тигенше Идірген –

Табанын жалатып, қолдарын сүйдірген.

Тізелінің – Тізелерін дірілдетіп

Түйедей бақыртып Шөгерген.

Қалғандары Оқ тиген мақұлықтай қашып,

Тау менен тастардан асып

Алды-артына қарамай Жөнелген.

Халқына Ілгеріде жатқан

(Күн шығыстағы) Қадырқан қойнауын сыйлап,

Керіде жатқан (Күн батыстағы) Темір қақпаны жайлатқан.

Жеңіспенен желпіндіріп Отыз күн бойы ойнатқан,

Қырық күн бойы тойлатқан.

Екі қаған да Емендей берік,

Бәйтеректей зор,

Төбені сүйреп әкетердей Алып болған.

Сол екеуінің тұсында

Ел-жұрты Молшылыққа малтығып жүзіп,

Ырыс пен құтқа Кеңірдектерінен келіп Қарық болған!

ЕКІНШІ РАУНД

Гонг үні. Айдың бетінен әрбір әрпі бөлек-бөлек болып 2-раунд деген жазу көрінеді. Рефери боксшыларды ортаға шақырады. Рикардо Хуарес арқанын үзген бұқадай жүгіріп кеп, арлы-берлі қимылдап, ұрысқа әзір екенін білдіреді. Бекзат та оған жақындайды.

Комментатор. Кімнің қанжығасы майланар екен? (Көрермендерге) Кімнің асығы алшысынан түседі деп ойлайсыздар? Кімнің? Кімнің? Кімнің? Көкэкранға телмірген көрермен көкейінде – сан сауал.

Бекзаттың бапкері. Бекзатжан! Олардың ендігі тактикалары белгілі бола бастады. Бойың да, қолың да – ұзын. Бірінші раундта шепті бұза алмағандықтан, енді олар темпты жылдамдатуға тырысады. Сауысқандай сақ бол!

М/С. Боксшылар арқылы.

Комментатор. Бекзат та, Рикардо да – мықты. Алайда, америкалық панчердың оң қолы – оқтаулы мылтықтай. Бір сәтте-ақ сұлата салуы мүмкін. Себебі, бұл – бокс, бокс, бокс. Мұнда ең соңғы секундқа дейін... ең соңғы сәтке дейін кімнің жеңетінін дөп басып айту қиын.

Рикардо Хуарестың бапкері. Don't stand still. Keep the right distance. Try to be the first.

Рикардо Хуарес. Yes, I understand.

Рикардо Хуарестың бапкері. Don't forget about the protection. Hit more with your left. Hit more with your left. Do you understand me?

Рикардо Хуарес. Yes!

Рикардо Хуарестың бапкері. Great. Then go ahead! Fight like a warrior.

Рефери. Бокс!

Комментатор. Мінеки, тағы да ұрыс басталып кетті. Рикардо Хуарес ә дегеннен-ақ аш қасқырша алға ұмтылды! Соққыларды қарша боратуда! Тіпті, бет қаратар емес! Америка боксшысы бапкер ақылын басшылыққа алып, жылдамдықты үдете түсті. Жекпе-жек тізгінін өз қолына алмақшы. Бекзат... Бекзат бір-екі жойқын соққы тигізіп алса да, ұрымтал сәтті күтуде. Бекзат... соққы... тағы бір тамаша соққы... Рикардоның беті қайтып қалғандай болды... Бекзат шабуылға шықты. Шегінер емес. Джеб! Джеб! Апперкот! Иектің астынан дәл тиді! Америкалық теңселіп кетті! Бұрышқа тықсырып алды. Соққы! Соққы!

Аллегория

Рингтегі екі боксшы екі құбыжыққа, аңға айналып кетеді.

Комментатор. Соққы! Соққы! Соққы! Тағы бір соққы!.. Қос боксшы да... қос боксшы да бір-біріне дес берер емес! Міне, «ұрыста тұрыс жоқ» деген – осы.

Рингте екі аңның шайқасы басталады. Пластикалық формадағы шешім.

Бәрекелді! Бәрекелді! Міне... міне... Бекзаттың джебы қарсыласына дөп тиді. Бірақ, америкалық одан кейінгісінен жалтарып кетті де... бұрыштан сытылып шықты... Тең түсіп жатқан текетіресте екі боксшы да шаршап қалған секілді. Аңдысу... Мінеки, тағы да джеб, хук, апперкот! Хуарес... кросс, кросс! Бекзат бұғып қалды... Жарады. Қимылы – ширақ! «Екінші тынысы» ашыла бастағандай...

Рингте боксшылар қайта пайда болады. Раундтың бітуіне 10-секунд қалды деген белгі беріледі.

Раундтың бітуіне 10-секунд қалды. (Гонг үні) Гонг! Тайм-аут! У-у-у-уф!

Тайм-аут

Бекзат (Ентігіп ). Қалай болды, бапкер?

Бекзаттың бапкері. Жақсылап демалып ал. Терең тыныста, терең тыныста. Кәне... Кәне... (Бекзат терең демалады).

Рикардо Хуарес. What should I do?

Рикардо Хуарестың бапкері. Donʼt forget about protection.

Рикардо Хуарес. Will we change our tactics?

Рикардо Хуарестың бапкері. No! Keep up the good work.

Рикардо Хуарес. All right сoach.

Бекзаттың бапкері. Байқадың ба, ол бірінші нөмірмен шабуылдағанда қорғанысында аздап ақаулар бар.

Бекзат. Байқадым, байқадым! Өте шапшаң екен.

Бекзаттың бапкері. Иә... бірақ, айтып ем ғой. Басты нәрсе – қолдың емес, ойдың жылдамдығында.

Бекзат. Көп соққы тигізе алмадым.

Рикардо Хуарестың бапкері. Don't wait for the moment. Attack first.

Рикардо Хуарес. Well.

Комментатор. Ұрыстың тура белортасына да жеттік. Алда – 3-раунд! Халықта тағат жоқ! Ғажап бір бокс кешіне куә болудасыздар! Алғашқы екі раундта төрешілердің кімге басымдық бергенін білмейміз. Әзірге құпия. Екеуінің де дайындығы жоғары деңгейде. Алайда, бап пен бақ қатар шабатынын ұмытпайық. Қос спортшыға қолдау қажет. Дайынбыз ба, балалар?!

Балалар. Иә!

Комментатор. Естілмей тұр! Дайынбыз ба?

Балалар. Иә!

Комментатор. Ал, кәне оң жақ, Бекзатты қолдап жіберейік! Бекзат, алға! Бекзат, алға! Бекзат, алға! Бәрекелді! Ал, енді сол жақ! Хуарес! Хуарес! Хуарес! Қолдауларыңыз оң жақтағыдай емес қой. Дауыстарыңыз бәсеңдеу ғой. Жарайды. Ендеше, тағы да кәнеки, кәнеки... Бек-зат! Бек-зат! Бек-зат!

Бекзат (Орнынан тұрады. Жан-жағына қарайды). А-а-а-ау?

Бекзаттың бапкері. Не? Түсінбедім.

«Бекзат!.. Бекзат!.. Бекзат!..» деген дауыстар барған сайын алыстап, талып естілуде.

Бекзат. Бұл кім?!

Бекзаттың бапкері. Бекзат?.. Бекзат?.. Бек-зат-т-т-т...

Бекзат Рикардо Хуареске қарата жүреді. Хуарес те оған жақындайды. Екеуі бір сәтке бір-бірінің көзіне қадала қарап тұрады да, Бекзат көрерменге қарай бұрылады.

Тамғалы тас. Рух күші.

Садақшылар. Тұмар патшайым.

Пластикалық формадағы шешім.

4. «Нені «айтпайды» Қаратау,
Салып көрсең зердеге.
«Қара шаңырақ» деп атап,
Қадірлеген ел неге?
Оның тылсым сыры бар.
Шежіредей көмбеде.
Қаратау аман тұрғанмен
,
Атақты Кир парсылық,
Сыймай кеткен жерге де.

Көпті көрген қу далам,
Даңқ құмарлық талайдың,
Ақыл-есін улаған,
Тақты аңсап көрмеген
,
Патша әлі тумаған.
Қаратаудың баурында
,
Түрік, парсы соғысты.
Құс орнына сол сәтте,
Көк аспанда оқ ұшты.
Тұмарыма әруақтар,
Жақтасты да, болысты.
Томирис – Сақ патшасы,
Қызды соғыс майданы,
Ер қаруы бес қару
,
Бойда түгел сайманы,
Парсыларды талқандап
,
Асырды қыз айланы.
Менменсіген Кирді әкеп,
Пенде қылып байлады,
Жеңіс тойын тойлады.
Орындалды бар тілек
,
Үміт жанды ақырғы.
Тұмар ханның ерлігі
,
Аңыз болды далада.
Қалып қойды қыз-патша,
Тарих атты санада».

Дауыс. Тайм-аут!

Бекзаттың бапкері. Комбинацияларды ұмытпа! Ойлануға мұрша берме.

Бекзат. Мақұл!

Рефери екі боксшыны ортаға шақырады-дағы, бастаңдар деген белгі береді.

ҮШІНШІ РАУНД

Комментатор. Ұрыстың соңы жақындаған сайын... екі боксшы да өзінің бұған дейін қолданбаған әдістерін іске қосары анық. Рикардо Хуарес джебтермен алдаусыратып, ішке енуге тырысуда. Бекзат шегініп үлгерді... Бір, екі... оңға, солға... алға, артқа... астынан... үстінен... Апперкот! Джеб, джеб... оң жақтан хук кетті, сол жақтан хук кетті. Америкалық қорғанысқа көшті... Шабуыл... қорғаныс... шабуыл...

Бекзаттың бапкері. Жарайсың, Бекзат! Жылдамырақ қозғал! Жылдамырақ! Сол қолынан, сол қолынан сақтан. Босаңсыма! Шегініп жүріп ұрыс сал. Ұрымтал сәтті ұтымды қолдан!

Рикардо Хуарестың бапкері. Hit him, hit him. Donʼt stop. Donʼt stop. Hit it again from the right. From the right, from the right. Go ahead. Heʼs getting tired already. Hit from below. Hit from below.

Комментатор. Рикардо Хуарес – азулы қарсылас. Әлем чемпионы! Финалға шейін талайды сұлатып, мерзімінен бұрын ұтқан. Хуарес Бекзатты соққылардың астына алды. Жағдай қиын боп тұр. Не істемек керек? Соққы! Соққы! Соққы!

Аллегория

Аренадағы екі боксшы екі құбыжыққа, аңға айналып кетеді.

Пластикалық формадағы шешім

Барыс пен бизон айқасы басталады.

Комментатор. Шаршы алаңда екі боксшы емес, екі гладиатор, жо-жо-жоқ екі арыстан жүргендей әсерде отырмыз. Бекзат қорғануда! Басқа амал жоқ. Рикардо Хуарес бар күшін осы сәтке сақтап келгені белгілі болды! Ештеңеден тайынар емес! Қараңыздар қалайық! Бекзат... Бекзат, теңселіп кетті!

Бекзаттың бапкері. Шыда, Бекзат, шыда!

Рикародо Хуарес. I will be tht winner. I'll knock you out.

Комментатор. Бекзат ауыр-ауыр соққылар өткізіп алды.

Бекзат құлап түседі.

Дауыстар. Бек-зат!.. Бек-зат!.. Бекза-а-а-а-а-ат!

Реферидың дауысы (Алыстан үзіліп-үзіліп естіледі) Бір... екі... үш...

Дауыс ұзай береді, ұзай береді, ұзай береді...

Лирикалық шегініс

Бекзат (қуыршақ).

5. «Бір... Екі...Үш...

Бір дегенім – білеу,

Екі дегенім – егеу,

Үш дегенім – үскі,

Төрт дегенім – төсек,

Бес дегенім – бесік,

Алты дегенім – асық,

Жеті дегенім – желке,

Сегіз дегенім – серке,

Тоғыз дегенім – торқа,

Он дегенім – оймақ,

Он бір қара жұмбақ».

Бала Бекзат осы санамақты айтып, шығыс жекпе-жегіне тән әртүрлі қимыл-қозғалыстарды жасап жүреді. Бір мезетте: «Өрт! Өрт! Қора өртеніп жатыр» деген дауыс естіледі. Айғай-шу! Аласапыран! «Су қайда? Су! Су! Жүгір! Жүгір! Шелекпен су шашыңдар! Бол! Бол! Тездет! Тездет! Ішінде біреу қалып қойған жоқ па?! Жоқ! Жоқ!» – деп дүрліккен халық. Айнала – қою, қалың түтін. Ішіне кіру мүмкін емес.

Бекзат. Арлан! Арла-а-а-ан! Менің Арланым қайда?

Дауыс. Арланы несі-ей?

Бекзат. Арлан – менің күшігім ғой! Ар-лан! Ар-лан! (Жүгіре жөнеліп, өртеніп жатқан қораның ішіне кіріп кетеді).

Дауыстар (Жанұшыра). Ей, анау қайда кетті?.. Құтқарыңдар! Жүгір! Жүгір! Бек-зат! Бек-зат! Қап, әттең, қарашы бұны. Бекзат! Бекза-а-а-ат! Бекзатжан!.. Көрінбейді! Байқұс бала өлетін болды-ау! Енді не істедік?

Көпшілік. Бекзат! Бекзат! Бекзат!

Іштен қолында кішкентай күшігі бар Бекзат шығады. Бәрі – аң-таң, үнсіз тұрып қалған.

Бекзат. Ештеңе етпейді. Ер жігіттің басында, нағыз арланның басында бәрі болады. Шыдау керек, шыдамды болу керек! Солай ма, атау?!

Дауыс (Пауза). Солай балам, солай. Сен – өзің де, күшігің де – нағыз батыр боласыңдар!

Бекзат. Көрдіңдер ме?! Менің атам бәрін біледі.

[Сонда] «Бір дегенім – білеу,

Екі дегенім – егеу,

Үш дегенім – үскі...

Төрт дегенім – төсек,

Бес дегенім – бесік...».

Рефери дауысы (Рапид). Алты... жеті... сегіз... тоғыз...

Қуыршақ кейпіндегі бала Бекзат кетіп бара жатады, аулаққа. Оның жанынан өткенде, Бекзат бір тізерлеп көтеріліп, соңынан қарап отырады да, қайтадан стойкаға тұрады. Сол кезде «раунд аяқталды» дегенді білдіретін гонг үні естіледі.

Рефери. Стоп!

Тайм-аут.

Комментатор. Масқара финал! Сұрапыл! Сұмдық бокс кеші... Америка спортшысының жұмыр жұдырығы тисе не болатынын көрдіңіздер. Міне, нағыз – қайрат! Міне, нағыз – намыс! «Мен туғанда анам: «Ұл босандым!» – деп қалжа жеген» деген нағыз қазақи мінез – осы! Жігіт! Еркек!

Рикардо Хуарес. What to do?

Рикардо Хуарестың бапкері. We must go forward. There is nowhere to retreat.

Рикардо Хуарес. Heʼs faster than me like the wind.

Рикардо Хуарестың бапкері. Box wisely. Donʼt forget about tactics.

Комментатор. Құлаттық, осымен іс бітті деген сеніммен тұрған америкалықтар өз көздеріне өзі сенер емес! «Мың өліп, мың тірілген» қазақи мінезді қайдан білсін?! Ақтық айқас алдындағы алпыс секундтық үзіліс! Иә, алпыс-ақ секунд! Адам өмірі үшін қас-қағым-ақ сәт! Осы бір сәт оңынан келсе – хан боласың, ал солынан келсе қан боласың. (Бекзат пен Рикардо Хуарестың бұрышындағы бапкерлер жанайқайы көпшілік шуылының ішінен анда-санда естіліп қалып жатыр). Бекзаттың секунданты соңғы ақыл-кеңесін айтуда. Тәжірибесі – мол, көргені – көп маман барын салып түсіндіруде. Рикардо Хуарестың да бұрышы қайнап жатыр! Олар да өткен раундтың артық-кем жерлерін сараптап әуре. Бапкерлердің сөзі айғайлап, аттандаған ел шуылы астында көміліп қалып жатыр. Еміс-еміс естіледі. Екі боксшы айтқандарын мұқият тыңдап, сақадай сай отыр. «Не бел кетеді, не белбеу кетеді!». Теледидардан шаршы алаңға қадалған миллиардтаған көз! «Е-е-е, Әруақ!» – деп тақымын қысқан бүкіл Қазақ елі! (Бір сәтте Рикардо Хуарес аяқ астынан орнынан тұрып, рингты айнала жүгіреді. Екі қолын сермеп, қолдарымен кеудесін тоқпақтап, халыққа мені қолдаңдар дегендей белгі беруде! Оны қолдауға келген жанкүйерлер де орнынан тұрып шуылдап, ысқырып, айқайға аттан қосуда). Міне! Міне! Мұндай мінез, мұндай әдет әлемде тек Америка жұртында ғана бар! Ал, біздің халық... (Осы сәтте сахнаға алты-жеті жастағы бала шығып, Бекзаттың қолына біздің кішкентай жалаушамызды тапсырады. Пауза. Бекзат тізерлеп отырып жалаушаны алады да, жоғары көтереді. Бала сахнадан түсіп кетеді).

Тамғалы тас. Рух күші.

Ұлы дала көші. Көштің алдында – аймүйізді арқар. Соңынан арқарға тізбектелген – үш түйе. Түйелердің үстінде – тамғалы тастар, петроглифтер.

Пластикалық формадағы шешім

6. «Көш келедi!

Ағайын, көш келедi!

Көш алдында бiр тайлақ бос келедi.

Елмен қайта қауышу оңай ма екен?!

Екi көзден ерiксiз жас келедi...

Көш келедi!

Көпшiлiк, нанасың ба?!

Арасында – ардағың, алашың да!

Бүгiн-ертең бiр тойдың болары анық

Ұлан-ғайыр қазақтың даласында!

Көш келедi!

Жұртым-ау, сенесiң бе?!

Көсегенiң жонында,

Белесiнде.

Айбарынан батырдың пақыр ығып,

Айдарынан ақынның жел есуде!

Көш келедi!

Сүйiншi, Ұлы анамыз?!

Қуаныңыз,

Қамығып, жыламаңыз.

Құрбан болған Құдайдың құлдары үшiн

Өткен күннен бiз әлi құн аламыз...

Көш келедi!

Алланың жарлығымен!

Жасауымен,

Жүгiмен,

Жабдығымен...

Қарайлайды артына қариялар,

Жан қимасы жат жұртта қалды, бiлем...

Қалғаны рас:

Қорым мен қоныс қалды,

Талай жылғы тамыр мен таныс қалды.

Оты өшпеген ошақтың көк түтiнi

Көз ұшында бұлдырап алыс қалды.

Қора қалды,

Момақан мола қалды.

Бастан талай өткерген зобалаңды...

Құрғай-құрғай жас қалды жанарларда,

Бұлғай-бұлғай дос қалды орамалды.

Өсiп-өнген жұрт қалды,

Ауыл қалды,

Араласқан ел қалды,

Қауым қалды.

Ет-жүрегi езiлiп егделердiң,

Жүрген сайын жонарқа ауырланды.

Белес қалды,

Бел қалды,

Беткей қалды...

Жүрек байғұс бiр уыс етке айналды.

«Қош, қош» айтып арттағы қалған жұрттың

Көшкендерге дауысы жетпей қалды...

***

Көш келедi екi елдiң арасында,

Наласын да,

Жасырып жарасын да...

Бүгiн-ертең бiр тойдың болары анық

Ұлан-ғайыр қазақтың даласында!

Санам сазып, шексе де сарыуайым,

Тағдырыма несiне тарығайын:

Қайран, менiң қамкөңiл қазағым-ай,

Қара жерге шашылған тарыдайын!..

Сен қайғырма,

Босама,

Қамықпа да,

Алаңдамай, алдыңа анық қара!

Тағдыр желi соқса да қай тараптан,

Тарыға да,

Сыймайсың табытқа да!!!

Сен жылама,

Көзiңе жас алма, Елiм,

Жылайтындай, немене, осал ма едiң?!

Қай қиырда,

Жүрсең де қай қиянда,

Қазақ болып қаласың қашан да, Елiм!!!

Қазақ болып қаласың..,

Мен сенемiн,

Айналайын, ер Елiм,

Еңселi Елiм!

Әр тараптан,

Көш артып шартараптан

Атажұртқа тезiрек келсең едiң!

Шалқарыңа жамырап құйыл бәрiң:

Шалғайдағың,

Шеттегiң,

Қиырдағың!..

Сол емес пе Тәңiрден тiлегенiң?!

Сол емес пе Құдайға сыйынғаның?!

***

Көш келедi!

Ұлы көш арғы беттен,

Күн қақтаған,

Жел өпкен,

Жаңбыр өткен...

Тұр-тұрлайды төсектен тылсым бiр күш,

Пыр-пырлайды көгершiн жан-жүректен.

Көш келедi!

Сүйiншi, Ұлы Дала!

Құдайы бер,

Құлдық ұр құбылаңа.

Жұмағыңа жүрелеп жүгiн, аға,

Етегiңе сүрiнiп жығыл, ана...

Айналайын, Атажұрт, шашы ағарған,

Босқан елiң аттады босағаңнан.

Безiп кетсiн Бекежан айдалаға,

Тұра келсiн Төлеген Қособадан!

Көмейiңе тығылып «Әттегенiң...»

Көз жасыңды төгердей төккен едiң:

Ұбап-шұбап байырғы мекенiне

Келе жатыр кешегi кеткен елiң!

Жасағанның мың шүкiр мұнысына:

Қайтып жатыр жамағат Ұлысына.

Ара ағайын,

Сен де оның алдынан шық,

Жамағайын,

Сен де оған жылы ұшыра

Ел мен ерге ежелден мұра мына

Көш келедi оралып Тұранына!

Ағайынның алдынан,

Аңсап келген,

Арсалаңдап жүгiрдi бұлағы да,

Қарсы алам деп құлшынды құрағы да!..

Ел мен ерге ежелгi көне көлiк –

Атажұртқа атанды шөгерелiк.

Туған елде көрелiк не көрсек те,

Туған жерге жүрелiк еге болып!..».

Дауыс. Ей, адамзат! Біз – Көктүріктер ұрпағымыз, ұмытпағын. «Мың өліп, мың тірілдік», кезінде. Қуғын-сүргін, ашаршылық, зорлық-зобалаң, талай қырғынды бастан өткердік. Санқилы қиыншылықты кештік. Бірақ, өткенге өкпе жоқ. Өмірден, тарихтан сабақ алдық, үйрендік. Мына біз – рух алдаспанымыз. «Бастыны идіріп, тізеліні бүктірдік». Елім деп еңіреген ерлер, жерім деп туған қағандар, хандар, әмірлер, батырлар астындағы ат тұяғы шартарапты шаңдатты, бүкіл дүниені дүбірге бөледі, жеткен жердің бәрін билеп-төстеді. Сонау алыстан бастау алған ұлы көш – өзгелерге өнеге. Тарих дөңгелегі тоқтамайды, керісінше уақыт озған сайын қарқын алады, айнала береді, айнала береді, айнала береді... Ей, адамзат! Ойлы бол, арлы бол. Ата-бабаңды құрметте, тарихыңды ұмытпа. Жеріңді қорға, еліңді қадірле. Рухты бол! Рухыңды жоғалтпа. Айтар өсиетім – осы!..

Дауыс. Тайм-аут!

ТӨРТІНШІ РАУНД

Гонг үні естіледі де, рефери ортаға боксшыларды шақырады. Боксшылар қолғап түйістіріп, бір-біріне құрмет көрсетіп, құшақтасады.

Комментатор. Ең соңғы раунд! Шешуші кез! Бұған дейін екі боксшы да аянып қалған жоқ. Бар күш-жігерін, айласын, техникалық мүмкіндіктерін жан-жақты... жан-жақты сынап көрді. Екеуі де бір-бірінің осал емес екенін түсінді. Әрине, шаршағандары да анық. Енді не қалды? Білекті – бірді, ақылды – жүзді, ал рухты – мыңды жығады. Ендігі күш – рухта! (Рикардо Хуарес екі қолын төмен қарай сермеп, құпия ритуалды қозғалыстар жасайды да, сахнаға алапат күш иесі – арыстан шығып, нешетүрлі қозғалыстар жасап, өзін-өзі көрсетеді. Бекзат та сондай қозғалыс жасап, белгі бергенде сахнаға – ұлып Көк бөрі шығады, ол да сондай қимылдар жасайды! Келесі жұп – америкалық бизон мен тау барысы, одан кейінгі жұп – бұғы мен арқар).

Гонг соғылып, бокс деген сәттен ұрысты Бекзат пен Рикардо Хуарес бастайды да, артынша аңдардың арасында өліспей беріспейтін «соғыс» басталады. Аппокалипсис.

Пластикалық формадағы шешім

Басталды! Басталды! Астан-кестең! Ендігіде аянып қалар ештеңе қалмады! Шегінерге жер жоқ. Ұр! Соқ! Ұр! Соқ! Джеб! Джеб! Кросс! Кросс! Блок! Блок! Бір қадам... бір қадам да артқа шегінбеу! Текетірес! Соңғы күшің, соңғы демің қалғанша ұрысып бақ! Берілме! Сынба! Боксшылардың «екінші тынысы» ашылғандай. Кәнеки, балалар! Біз де қарап қалмайық! Бекзат! Бекзат! Байқайсыздар ма, Бекзатымыз әлі тың сияқты, қозғалысы да ширақ! Әлде айқайымыз күш-қайрат қосты ма екен? Кәне, тағы да... бәріміз бірге, Бек-зат! Бек-зат! Бек-зат! (Бір сәтте бірнеше жойғын соққы алған америкалық екі қолын төмен түсіріп, тұрып қалады. Бекзат ұрысты не жалғастырарын не жалғастырмасын білмей тоқтап қалады. Бірер сәттен кейін ес-түссіз Рикардо Хуарес кесілген томардай рингке құлап түседі де, рухтары бастарын салбыратып, тізерлеп отырып қалады).

Рефери (Санай бастайды). Бір... екі... үш... төрт... бес... алты... жеті... сегіз... тоғыз... он... Нокаут! (Бекзаттың қолын көтереді)

Комментатор. Жеңіс! Жеңіс! Біз жеңдік! Бекзат жеңді! Бекзат – чемпион! Бекзат – чемпион! Бекзат – чемпион! Бүгін жеңген Бекзат емес, ұлы ата-бабаларымыздың рухы! Осындай адал азамат құнарлы топырақ, Арыстан бап пен Қожа Ахмет Ясауи мекен еткен киелі Түркістанда туған.

Бекзат. Ап-оу! Мен ұшып барамын. Мен ұшып барамын.

Бекзаттың апасы. Аман-сау бол, жарқыным. Жолың ашық болсын!

Қайтадан ринг. Сахнада алтын адамның бейнесі қалады.

Шымылдық.

Пьесаны жазу барысында пайдаланылған қосалқы материалдар:

1. Материал Отбасы хрестоматиясы шығарған «Әлдиден эпосқа дейін» атты кітаптан алынды (С). 286-бет. Құраст. Б. Бопайұлы, С. Керімбай, Ә. Нәби, М. Төлеген. 2 бас. өңд. толық. – Алматы: «Орхон» Баспа үйі, – 2015.

2. Материал Отбасы хрестоматиясы шығарған «Әлдиден эпосқа дейін» атты кітаптан алынды (С). 16-17-бет. Құраст. Б. Бопайұлы, С. Керімбай, Ә. Нәби, М. Төлеген. 2 бас. өңд. толық. – Алматы: «Орхон» Баспа үйі, – 2015. Көркем мәтін қысқартылып алынды.

3. Материал «Күлтегін жырынан» (С) алынды.

4. Материал Әбілда Аймақтың (С) «Тұмар ханым» өлеңінен алынды (үзінді).

5. Материал Отбасы хрестоматиясы шығарған «Әлдиден эпосқа дейін» атты кітаптан алынды (С). 54-бет. Құраст. Б. Бопайұлы, С. Керімбай, Ә. Нәби, М. Төлеген. 2 бас. өңд. толық. – Алматы: «Орхон» Баспа үйі, – 2015.

6. Материал Исраил Сапарбайдың (С) «Ұлы көш» өлеңінен алынды (үзінді).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар