Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Әлия Бөпежанова. «Шығармадағы тарихи уақыт»...

03.01.2025 193

Әлия Бөпежанова. «Шығармадағы тарихи уақыт» 14+

Әлия Бөпежанова. «Шығармадағы тарихи уақыт» - adebiportal.kz

Көрнекті әдебиеттанушы-ғалым Қанипаш Мәдібай және оның жаңа жинағы туралы бірер сөз 

Қанипаш Мәдібай  есімі әдеби-ғылыми ортаға, қалың оқырманға жақсы таныс. Көп жылдар бойы жоғарғы оқу орындарында ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері ол – әдебиет сыны мен әдебиеттану ғылымын тең, тел ұстанатын  шығармашылық иесі. 

Сонау 90-жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне қызметке ауысқан Қ. Мәдібай  қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі, үлкен ғалым, санаткер Тұрсынбек Кәкішевтің ғылыми жетекшілігімен 1995-жылы «Зар заман ағымы және Шортанбай Қанайұлының әдеби мұрасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, ал, 2006-жылы «Қазақ әдебиетінің XIX ғасырдағы көркемдік дамуы және зерттелуі» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. Содан бергі отыз бес жыл ішінде үлкен ғылыми-шығармашылық жолдан өткен Қанипаш бүгінде қазақ әдебиеттануының өрісін кеңейтіп, заманға сай білім, таным-талдауларымен үлкен олжа салып отырған ғалым. Т.Кәкішев, З.Қабдолов, Х.Сүйіншәлиев, тағы да басқа ұстаздарының жолын абыройлы жалғастырған ғалым бүгінде өзі де салиқалы ұстаз, санаткер Тұлға. Ғылыми шығармашылықта өте өнімді еңбек етіп келе жатқан Қ.Мәдібайдың зерттеулері бір-біріне жалғасты болып келеді, сондықтан да қай тақырыпты зерттесе де қашанда ғылыми негізділігі, ой іргелілігімен ерекшеленеді. Бұл орайда оның ХІХ және ХХ ғасырлардағы қазақ романының көркемдік өрісін зерделеген еңбектері, сондай-ақ  «Абай және Абай дәуіріндегі қазақ өлеңі», «Өрісті өнер», «Абайтанудағы жаңа бағыттар», «Махамбеттану», «Сәкентану», тағы да басқа  еңбектерін атауға болады. Ал, бүгін біз азды-көпті пікір білдірмек жинағын Қ.Мәдібайдың ғылыми және ұстаздық, санаткерлік олжасы деуге әбден лайық. 

«Шығармадағы тарихи уақыт» еңбегіне («ЛантарВокс», 2022) ғалымның қазақ әдебиетінің кезеңдік даму бағыттары, жеке шығармашылықтағы көркемдік сипаттар сараланған әдеби сын, зерттеу мақалалары енгізіліпті. Аннотациясында көрсетілгендей, авторлық ауызша әдебиет; жаңғырған жазба дәстүр; жаңа жазба әдебиет; ХХ ғасыр басындағы; кеңес дәуіріндегі және тәуелсіздік жылдардағы әдеби шығармашылық үдеріс; әдеби мұраны зерттеу өзектілігінде жазылған ғылыми еңбекте ортаймайтын игілік – рухани аманат, қазақ сөз өнері ұлттық құндылық маңыздылығында зерделенген. 

Еңбектің  бірінші бөлімі «Рухани аманат» аталады. Мұнда  ұлттық руханияттың, әдебиетіміздің өткен ғасырлардағы асыл жауһарлары туралы зерттеу мақалалары берілген. «Мәңгілік ескерткіш» аталатын беташар мақала Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегіне (сөздігіне) арналыпты. «Сөздіктегі» қазақ поэзиясындағы тұрақты желілердің, басты сарындардың, көркемдеу тәсілдерінің арғы замандардан жалғасқан дәстүрлі үлгілері жаугершілік замандар суреті түскен жауынгерлік поэзия, азамат ердің тұлғасы; дүние туралы толғану, тоқтам айту; ел басқару, билік иесіне арнау сөз; ынтық сезім иірімдері; адам құлқы, пенделік пиғыл, т.б. толып жатқан өміршең, озық әсер, мазмұнымен баурайтынын кеңінен қарастырып, М.Қашқаридің іргелі де атақты еңбегін  «мәңгілік ескерткіш, әрі таусылмас әдеби-көркем мұра» деп танитын ғалым кейінгі қазақ поэзиясындағы үздік дәстүрлерге жалғастыра барынша талдаған. Бұл зерттеу мақаланың бір құндылығы да осында. 

Жалпы Қанипаш ғалымның бір ерекшелігі деп те осы ғылыми дәстүр жалғастығын жақсы сақтайтынын, өзіне дейінгілердің еңбегіне үлкен ізет таныта отырып, өзіндік өрістер ашатынын атап айтуымыз керек. Бұл - осы жинақтағы мақала, зерттеулердің қай-қайсысына да тән ерекшелік. Жинақтағы бір маңызды мақала - қазақ әдебиеттану ғылымында, айталық, өзге жырау-ақындардай барынша кең зерттелмеген Қабан-Қаблиса жырау туралы. Ғалым  «Қабан жырау» атты мақаласында    «Қабан ақын шығармалары – өміршең мазмұны, озық поэтикалық құнары мәнінде кім-кімнің де айтқыштық, ақындығымен иық теңестіріп тұрған үздік үлгілер» екеніне назар аудартады да, жырау шығармашылығының  неліктен «қағаберіс» қалып келгеніне жауап іздейді. «Ақын туындыларының басым бағыты исламды, имандылықты дәріптеу, дін мазмұнында түзілген ғибрат өлеңдер болғандығы оны әдебиет тарихында жалпы даңқымен ғана атап өтіп, арнайы қарастырудан «қақпайлап» отырған» деп білетін ғалымның Қаблиса жырау шығармашылығы туралы осы зерттеуі біраз жоқтың орнын толтыратындай. 

Әдебиеттанушы ғалым Қ.Мәдібаеваның ғылыми зерттеу тақырыптарының бірі – Зар-заман ақындары және олардың ішінде, әсіресе, Шортанбай ақын шығармашылығы екені белгілі. Осы жинақтағы «Шортанбай Қанайұлы» сол үлкен зерттеуінің қалың оқырманға лайықтап ұсынған шағын бір нұсқасы сияқты. Ғалым «Әдебиет тарихының білгірі, адамзат өркениетінің айтулы бағыттарын айрықша таныммен зерделейтін ғұлама Мұхтар Әуезов 1933-жылғы әдебиет оқулығында басылған «Шортанбай Қанайұлы» атты мақаласында «Дін сарынын алғаш бастайтын Шортанбай демеуі керек болса да солай орағытып, «бұра тартқандай» болып отырып ұлт әдебиетіндегі елеулі, маңызды бағыттарды тастай таныммен таңбалайды» пікірін алға тарта отырып, ақынның тұлғалық қалыптасуын, шығармашылық ерекшеліктерін ол өмір кешкен кезеңнің саяси-экономикалық, қоғамдық-әлеуметтік ахуалы аясында  үлкен бір ғылыми-адами түйсікпен кеңінен әрі бір сондай нәзік толғап-талдайды.  Автордың осы бөлімдегі «Адай Қалнияз ақынның «Қармыс батыр» жыры», Нұрым Шыршықлұлы жырлаған «Байбоз-Жанбоз» жыры, «Махамбеттанудағы тың байлам», «Кенесары-Наурызбай» жырына қатысты қайсыбір тың деректер», «Жамбыл ақындығы – авторлық ауызша әдебиеттегі озық поэтикалық үрдіс»,  «Ілияс Жансүгірұлының Жетісу тарихын зерттеуі», «Шәкәрім Құдайбердіұлы ескі ақындық туралы», «Авторлық ауызша әдебиет Рәбиға Сыздықова зерттеуінде» мақалалары тақырыбын терең талдап-толғауымен бағалы. Бұл бөлімде ерек-бөлек көзге түсетін – «Абайдың әдеби мектебі» атты көлемді зерттеуі. Абайдың ақындық мектебі туралы зерттеулердің барлығын тілге тиек ете отыра ғалым тақырыптың өрісін кеңейтеді, жаңаша танымдар да ұсынады. Ғалымның Абай шығармаларының текстологиясы бағытындағы еңбектері де елеулі. 

Жинақтың келесі бөлімі «Роман және заман» - ғалымның терең білімі мен мол әлеуетін, мықты қажырын танытады. Зерттеуін қазақ романының басы деп есептелетін, М.Дулатұлының сонау өткен ғасыр басында жазған «Бақытсыз Жамал» романынан бастап, «...өз уақытының қалпын, әлеуметтік болмысын иланымды жеткізудің бағытында ден қоярлықтай елеулі көркемдікке қол салған» сол  «Бақытсыз Жамалға» ілесе жазылған қазақ прозасының озық үлгілері болды» дей келе, «Тар жол, тайғақ кешуден» бастап қазақ әдебиетінің шамамен бір ғасыр ішінде жазылған көптеген елеулі романдарын  -  Ғ.Мұстафиннің, біздіңше, көп талданып, тиісті бағасын алмаған «Көз көрген», сонымен қатар 20-ғасырдағы қазақ әдебиетінің М.Әуезовтің «Абай жолынан» кейінгі озық үлгісі Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романын көркем талдайды. Сондай-ақ С.Шаймерденов, С.Мұратбеков, З.Шашкин, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, О.Бөкей, Б.Нұржекеұлы, Ж.Шаштайұлы, Ж.Кеттебеков, Ә.Ыбырайымұлы романдарын да қарастыратын бөлім қазақ романының хал-ахуалы, көркемдік сипаттары туралы көп таным-пайым береді. 

Жинақтың үшінші бөлімі «Өзекті әдебиеттану» әдеби мұраны игеру бағытында Ташкентте ұлт зиялылары ашқан «Шолпан» журналынан бастап, «Мұхтар Әуезовтің әдебиет тарихын зерттеу еңбегі», «Қажым Жұмалиевтің қазақ әдебиеті тарихына қатысты қайсыбір байламдары» мақалалары, сонымен қатар ұлттық әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілдері, автордың ұстаз-әріптестері  Х. Сүйіншәлиев, С.Қирабаев, Т.Кәкішұлы, З.Қабдолов,  Н.Ғабдуллин, М.Мырзахметов, З.Ахметов, Ә.Қоңыратбаев, Н.Келімбетов, А.Сүлейменов, М.Тілеужанов, М.Жолдасбеков, Р.Нұрғали, А.Қыраубаеваның ұлттық әдеби тарихты тереңнен тартатын толымды ғылыми шығармашылықтары туралы талдау-толғамдары, сондай-ақ бүгінгі таңда әдебиеттанудың ауыр жүгін көтеріп келе жатқан қатарлас, замандас әріптестері Д.Ысқақұлы, Ж.Дәдебаев, Б.Ыбырайым, Б.Майтанов, Қ.Әбдезұлы, Ө.Әбдиманов, Б.Омаров, А.Ісімақова, Г.Пірәлі, Р.Тұрысбек, Т.Қыдыр туралы жүрекжарды таным-пайымдарын алға тартады. «Шығармадағы тарихи уақыт» зерттеу жинағы, біздіңше, асқаралы  міндет атқарып шығады. Өйткені, таза әдебиеттану ауқымынан асып, автордың зерттеу объектісіне алынған шығармалар, тұлғалар және ол тұлғалардың таным-талдауларын жан-жақты қарастыра талдау арқылы шартты түрде бір ғасырлық деуге болатын әдебиетіміз арқылы ұлттың жүріп өткен жолын, өсу, кемелдену белестерін әдеби тарих арқылы  зерделеуге, ой қорытқызуға бастайды. Жинақ осынысымен де өзекті және, біздіңше, әр оқырманының жүрегіне жеткізе жазылғандықтан  әдебиетшілермен қатар көпшілік оқырманға да қызғылықты әрі берері мол болмақ. Бүгінде жастарға жақсы ұстаз Қанипаштың өте еңбекқорлығы тәнті етеді. «Шығармадағы тарихи уақыттан» бері де жинақтар шығарған, ұжымдық еңбектерге де белсене қатысқан, ұлттық тұғыры мығым, сонымен қатар креативті, заманауи  ғалым, құрбы-замандас Қанипаш Мәдібайға үлкен шығармашылық табыстар тілейік.

 

 

         

 

        

   


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар