Қайым Мұхамедханов
Қайым Мұхамедханов – қазақ әдебиетінің абайтану мектебінің негізін қалаушылардың бірі, шәкәрімтанушы және Шәкәрім шығармаларын алғашқы насихаттаушылардың бірі, әрі жарыққа шығарушы, мұхтартанушы ғалым. Сондай-ақ, Қ.Мұхамедхановтың әдебиеттану саласындағы көптеген мақалалары қазақ әдебиетіндегі жаңа белесті айқындап, қазақ әдебиеті даму бағыттарын белгіледі. Ғалымның ғылыми еңбектерімен қатар ақындық, жазушы-драматургтық, аудармашылық таланты да ерекше көзге түседі. Сонымен, ақын, аудармашы, қазақ әдебиеті тарихы мен теориясын терең білетін ғалым, Абай, Шәкәрім, Мұхтар шығармашылықтарының білгір маманы, бір сөзбен айтсақ, нағыз энциклопедист Қайым Мұхамедхановтың өз шығармашылық белестері туралы не білеміз? Ол үшін ең алдымен, ғалымның туып-өскен, білім мен білік жинаған, үлгі-өнеге алған ортасы туралы айта кеткен жөн болар.
Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5-қаңтарда қазіргі Жаңасемейде, бұрынғы «Заречная слободка» аталған жерде дүниеге келді. Кейін Жаңасемейдің бұл бөлігі Алаш қаласы аталғаны белгілі. Қайым Мұхамедханов бала кезінен қазақтың біртуар азаматтарының тәрбиесін көріп өсті. Оған себепкер болған ғалымның әкесі Мұхамедхан Сейітқұлұлы болатын. Мұхамедхан Сейітқұлұлы өз шаңырағына Алаш көсемдерінің басын жиі қосып, олардың ат басын тірейтін үлкен үйлері ретінде, кеңес құратын ордалары ретінде белгілі болған. Осындай үлкен басқосулар танымал ақындар мен әншілердің де өз өнерлерін сынайтын, танылатын жері болған. Қазақтың халық ауыз әдебиетінің мол мұралары күні-түні жырланып, әні шырқалып жатқан қасиетті ортадан жас Қайымның алар тәлім-тәрбиесі де мол болды. Мұхамедхан Сейітқұлұлының шаңырағында Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов жиі келіп, отырыстың мәнділігін арттыратын. Қайым Мұхамедхановтың өмір жолындағы ұлтжандылық, нағыз ұлтшылдық бағыттың қалыптасуына осындай мағыналы басқосулардың да себебі болғандығын ғалым естеліктерінен білеміз. Қайым Мұхамедханов 1924-1928 жылдары Жаңасемей қаласындағы бастауыш қазақ мектебінде оқиды. 1929-1932 жылдарда Семей қаласы колхоз жастары мектебінде білімін жалғастырады. 1936-1937 жылдары мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. Ал 1938-1941 жылдары Семей педагогикалық институтында оқиды. Ғалымның еңбек жолы да педагогикалық оқу орнымен тығыз байланыста дамыды. Ұзақ жылдар (50 жылдан астам уақыт) болашақ әдебиетші мамандарды дайындауға талмай еңбек сіңірген ғалымның аға шәкірттерінің өздері де бүгін үлкен ғалымдар мен ұстаздар қатарында. Қ.Мұхамедхановтан білім алған шәкірттерінің кез келгені ғалым ағаның адамгершілікке толы ақ жүрегінің лүпілін қазірге дейін сезінеді десем, артық айтқандық болмас. Себебі, Семей өңірінде әдеби өлкетану мәселесіне, оның ішінде Абайдың ақындық мектебіне байланысты ғылыми-зерттеумен айналысып жүрген кейінгі буын ғалымдардың түгеліне дерлік Қайым Мұхамедханов салған жолмен жүруді дәстүрге айналдырған. Бұл ғалымдардың өз ғылыми тұжырымдарының жоқтығынан емес, қайта аға ұрпақ ретінде Қайым ағаның М.Әуезов үлгісімен салған ғылыми концепциясының дұрыстығында демекпіз. Осы орайда ғалымның қазақ әдебиеттану ғылымындағы іргелі мектеп болып саналатын Абайдың ақындық айналасына арналған «Абай айналасындағы ақындар» (1950ж.) атты монографиясы, «Абайдың ақын шәкірттері» (1993-1997) деген ғылыми-зерттеулері әдебиет тарихы ғылымының жаңа бір беттері болып ашылды. Абай мектебінің талантты өкілдері Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әріп, Әсет және тағы басқа қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларының жиналып, баспаға дайындалуына және іргелі ғылыми-зерттеулердің нысанына айналуына Қайым Мұхамедхановтың тікелей ықпал еткені рас.
Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылған ірі-ірі ғылыми-зерттеулер мен абайтану саласындағы тың жаңалықтар да Қайым Мұхамедханов есімімен байланысты. 1995 жылы Абай шығармаларының екі томдық академиялық жинағы текстологиялық жағынан дұрысталған нұсқасымен шығуына да ғалым аға өз үлесін қосты. Осы жылы жарыққа шыққан «Абай» энциклопедиясының редакциялық алқасын басқарған Қайым Мұхамедханов бұл басылымның да мағыналы, мәнді болуы үшін көп тер төкті. Өмірінің соңына дейін Абай мектебі мен абайтану мәселесіне байланысты талмай еңбектенген ғалым үшін энциклопедияның әр мақаласы маңызды болды. Мақалалардағы мәселелердің тарихилығы мен нақтылығы, Абайдың ақындық мектебінен тәжірибе алған әр ақын мен жеке тұлғалардың шығармашылық өмір жолы туралы тың деректердің сарапталып, баспаға түсуіне аса мән берген ғалым еңбегі нақтылы бағасын алды.
Абайдың мерейтойы кезінде ғалымның ұзақ жылғы еңбегі бағаланып (1996 жылы) Халықаралық Абай академиясының «Алтын медалы», Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы беріліп, ең бастысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды Қайым Мұхамедхановтың ғылыми-зерттеу еңбектерінің көбі әдеби өлкетану бағытында болды.
Қазақ әдебиетінде өлкелік әдебиет тарихының қолға алынып, зерттеле бастауына М.Әуезов ұйытқы болса, Қ.Мұхамедханов өзінің ғылыми шығармашылық жолында үнемі осы бағытты назарда ұстаған ғалым. Оның тарихи шындықты бұрмаламай, деректерді нақтылы дәлелдермен берген мақалалары 400-ден астам. (Ал, жалпы ғылыми еңбектерін есептесек 500- ден асады екен). Мысалы, «Халық ақыны Сапарғали Әлімбетов шығармашылығы жайында», «Мақы Шыңғысұлы Уәлиханов – алғашқы кәсіби қазақ суретшісі», «Қ.Еркебаев және С.Әлімбетов поэмаларындағы азамат соғысының батыр әйелдері Айқыз және Білісай бейнелері», «Тағы да Айқыз туралы», «І.Бораганский», «Қаракерей Қабанбай», «Бұқар жырау», «Шешен Сабыржан», «Сабыржан Ғаббасов» және тағы басқа мақалаларындағы тарихи тұлғалар ғалымның көркем шығармаларынан өз орнын алып жатты. Ал, «Абайдың бұрын жарияланбаған өлеңдері», «Түзелгені қайсы? Түсініктері қайсы?», «Қазақ әдебиетінің адал досы», «Саади Ширази», «Құдай деген сөзден құдай сақтасын» және т.б. мақалаларындағы әдеби-танымдық, тарихи ой-түйіндер көптеген ғалымдардың болашақ зерттеулерінің ғылыми діңгегіне айналды. Қазақ әдебиеттану ғылымы, абайтану, өлкелік әдебиеттану, қазақ әдебиетіндегі текстология мәселелерін Қ. Мұхамедханов еңбектерінсіз елестету мүмкін емес. Бұл туралы белгілі әуезовтанушы ғалым Т.Жұртбай өзінің «Қайсар ғалым» (1989, «Жұлдыз») деген мақаласында: «Қ.Мұхамедханов – Абай өлеңдерін жинаушы, Абай мұрасының жазылу, басылу тарихын зерттеген историограф, үш-төрт басылымына түсініктеме жазған библиограф, Абай шығармаларының дұрыс жазылуын жүйелеген текстолог, Абай және оның ақындық дәстүрі хақында монографиялық еңбек жазған теоретик, сол замандағы қоғамдық қарым-қатынастарды зерттеген тарихшы, сол дәуірдегі әдеби нұсқаларды, ел аузындағы өлең-жырды, әңгіме-аңызды қағазға түсірген фольклорист», – деп бағалайды. Ғалым ағаға берілген бұл бағадан шығармашылық еңбектерінің сан тарау, сан салалы екенін байқауға болады. Әсіресе, Абай шығармаларының тарихы мен текстологиясы туралы сөз еткенде, Қ.Мұхамедханов еңбектерін назарда ұстамау мүмкін емес. Мәселен, Абайдың үш поэмасының бірі «Әзім әңгімесі» туралы Қ. Мұхамедханов өз ойын білдіреді. Ол шығарманың Абай қаламынан шықпағаны туралы айтады. Және оған бірнеше дәлелді пікірлер келтіреді де поэма Ырсайдың Ысқағы деген Абай айналасындағы ақындікі дейді. Бірақ, әлі күнге дейін бұл мәселеге үңіле назар аударып, зерттеген ғалымдар жоқ. Мұның өзі абайтануда алынбай жатқан белестердің мол екені мен Қ.Мұхамедхановтың ғылыми ой-тұжырымдарының терең де мағыналығын білдіреді. Бұл бір мысал ғана («Абай шығармаларының текстологиясы». 1959ж., 77-бетте). Абай өлеңдерінің текстологиялық зерттеулерінде де Қ.Мұхамедханов өзінің телегей білімі мен ғалымдық парасатын танытты. Ғалым Абайдың «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Сегіз аяқ», «Қансонарда», «Сап-сап көңілім», т. б. көптеген өлеңдерінің текстологиясымен қатар кімге арналғаны, қайда шыққанының тарихын да нақтылы, тың тұжырымдар арқылы дәлелдейді. Абай өлеңдер жинағының академиялық басылымдарында Қ.Мұхамедханов дайындаған түсініктемелерде де нақтылық пен ғылыми талдаудың жаңа қағидаларын көреміз. Бұл зерттеулер болашақ әдебиет теориясы мен әдебиет тарихын зерттеушілерге дайын зерттеу нысандары деуге болады. Сондай-ақ, ғалым Шәкәрім Құдайбердіұлының да шығармаларының текстологиялық жағынан дұрыс басылуына, өлеңдерінің хронологиялық дұрыс орналасуына арнап бірнеше мақала жазды. Сол мақалаларының өзі бүгінгі шәкәрімтану ғылымының жаңа белесінің тың парақтары болып ашылды. Қайым Мұхамедхановтың туған жерінде, Алаш азаматтарының басы қосылып, ел болашағы туралы пікірлескен қасиетті Семей топырағында ғалымды еске алуға арналған іс-шаралар өтті. Мәселен, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының Қайым Мұхамедханов өзі ұзақ жылдар қызмет еткен қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Дөңгелек үстелге» ғалымның шәкірттері, бірге қызмет еткен ақсақалдар мен балалары шақырылды. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар ғалымның ғылым жолында көрген қиындықтары мен өмірінің қызықты сәттерінен әңгіме өрбітті. Биылғы жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтында өткізілетін көптеген шаралар ғалым мерейтойына арналып отыр. Оқушылардың аймақтық олимпиадасымен басталған шаралар қазан айында өткізілетін республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен аяқталмақшы. Қазақтың қайсар ұлдарының бірегейі Қайым Мұхамедханов өмірі мен ғылыми қызметі бүгінгі жастарға үлгі, өнеге. Қайым Мұхамедханов еңбегін насихаттау Қайым үшін емес, болашақ жастар үшін керек. Ендеше, бұл іс-шаралар жалғасын таба бермек.
Көп оқылғандар
Жексенбай Қайыпұлы. Дүниені бағамдасаң биіктен...
Ерлан Аманқожаұлы. Ақынның ақырғы күні
Екеудің Эмиль Чоран жайлы әңгімесі
Сен маған керексің
Кубизм көлеңкесі (Ұ.Есдәулет поэзиясы жайлы сөз)
«Менің бақытым алған атақтарым мен марапаттарымда емес...»
Гүлжамал Майлина. Аяулы жолдас, адал жар
Қазақ әдебиетінің аудионұсқасына күш салуымыз керек...
Мерейтой мазмұнымен қадірлі
Верена Цабель. Жамандықтың белгісі болғым келмейді
Алаштың Ақұштабы 80 жаста
Толымбек Әбдірайым. Мұса
Биліктің табиғаты: Біз билікке не үшін қызығамыз?
Әділет Ахметұлы. Сағыныш - егіз ұғым Жәркенменен
Қаламгерлер «Құрмет» орденімен марапатталды
Ерғали Бақаш. Үрей
ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ЭКОЛОГИЯСЫ
"Махамбетті оқысам да, өлеңде басқа жолмен кеттім..."
Роза Мұқанованың шығармашылық әлемі
Роза Мұқанова шығармашылығы аясында шеберлік дәрісі өтті
Саянның жаңа тынысы
Жүрекке сіңген сарын жоғалмайды
Жақсының көзі...
Жазушы және қолжазба: қаламұш, мәшіңке, компьютер
Домбыраның алтыны, қоласы бар...
Асқар Алтай. Руханият Розасы
Жыр толғасам жарықтық Жұбандаймын...