Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Әлімғазы Дәулетхан. Мағжан жыры – ұлттың ар-намысы...

28.05.2023 2290

Әлімғазы Дәулетхан. Мағжан жыры – ұлттың ар-намысын тазартудың киелі дұғасындай жыр 14+

Әлімғазы Дәулетхан. Мағжан жыры – ұлттың ар-намысын тазартудың киелі дұғасындай жыр - adebiportal.kz

Мұхтар Әуезов: «...Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқыраған, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын. Мағжан мәдениеті зор ақын», - деп бағалаған тұлға. Биыл Алаштың аймаңдай ақыны Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл. Мағжан Жұмабаев ақын ғана емес, ұлт болашағы үшін күрескен қайраткер. Қазақ педагогика ғылымының негізін қалаушылардың бірі. Ұстаз. Көсемсөз шебері. Осы орайда белгілі ғалым Әлімғазы Дәулетханұлымен Жұмабаев шығармашылығы төңірегінде аз-кем әңгіме өрбітіп едік 

- Аға, әңгімеміз тұтастай Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы туралы болса деймін. Алаштың осы бір аяулы ақынын оқыған кездегі ой-толғамыңыздан бастасақ.

- Қандай бір ойшыл, ұлы дарындарға ортақ қасиет – тек өзі өмір сүрген дәуір шындығын дәл басып тани біліп қана қоймай, болашақты да тура болжай білетін уақытпен, тарихпен кіндіктестігі.   

Тұтастай алғанда Мағжан ақынның өзіне де, өзгеге де айтар мәлімдемесі сияқты мына бір жолдар асқақтай естіледі.

                    Күншығыстан таң келеді – мен келем,

                    Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем.

                    Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

                    Жер жүзіне нұр беремін, күн берем!

Ұлы Абайдың қорғасындай ауыр ой арқалаған назалы да қаралы жырлары, мыңмен жалғыз алысқан жан кешті ерлік айқасы шамырқандыра шабыттандырған жас Мағжан бұлай асқақтамаса, Мағжан бола ма? ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ даласын желпіндірген азат ой, еркін қиял, тәуелсіздікке, бостандыққа шақырған алаш рухы желдей есіп тұрған жоқ па? Мағжан шабыты шалқып, жігері тасығанда басқа шауып, төске өрлеп:

                    Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

                    Жолбарспын, маған қарсы кім тұрар?

                     Көкте - бұлт, жерде – желмін гулеген,

              Жер еркесі – желдің жөнін кім сұрар? - деп айбат шеге күркіресе несі айып. Ал, отарлық тас құрсау, құлдық бұғау өкпесін қысып, апшысын қуырған ащы өмір алдында өр ақын тағы да өрлікпен, ерлікпен:

                    Жүрегім, мен зарлымын, жаралыға –

                    Сұм өмір абақты ғой саналыға.

                    Қызыл тіл, қолым емес кісендеулі.

                 Сондықтан жаным күйіп жанады да, - деп мәймөңкесіз айта алады. Осы екі-ақ шумақ өлең жолдарынан сол дәуірде қазақ халқы бастан кешкен трагедиялы хал айқын білінеді.

Алайда, алаштың өршіл, азаткер ақыны өзінің алған бетінен, халқына заманға берген салтанатты антынан ауытқымайды. Мағжанды уайымшыл, зар заман жыршысы, күні өткен ескіліктің жоқшысы деп қаралаушылар ақынның сан қырлы, сан толқымалы, сыршыл да асқақ адуын жан құбылысын, рух сілкінісін түсіне алмағаннан, немесе әдейі түсінгісі келмегеннен айтқан еді. Ал, оның бүкіл өмір-тіршілігінің, арман-мүддесінің, ақындық талғам-талабының бір ғана нәрсеге – алаш пен түріктің азаттығымен тәуелсіздігіне ғана бағындырылғандығын қансыз, ұлтсыз құл-құтандар, жалдамалы большевик қызыл көздері қайдан түсініп, қайдан бағалай алсын-ау:

                       Не көрсем де алаш үшін көргенім,

                       Маған атақ – ұлтым үшін өлгенім!

                       Мен өлсем де, алаш өлмес, көркейер,

                       Істей берсін қолдарынан келгенін!

                       Қалың елім, қалың қара ағашым,

                       Қайраты мол, айбынды ер Алашым!

                       Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл,

                       Ақымақтар байқамаған шамасын!

Мағжан ақын бұдан артық не десін? ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін тірі жеткен - бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның азат азаматтары ұлы ақынның өр де қайсар рухына, көреген данышпандығына бас иіп тағзым етпеуге хақы бар ма?

«Өзі-ақ құлар, сырың берме, сабыр қыл» дегенде ұлы ойшыл қалың қара ағаштай қалың Алашқа, оның айбынды ерлеріне, қайратты азаматтарына зор сенім артып отырғандығы, уақыт пен тарих өкімінің бұлжымастығын меңзегені емес пе еді?

- Осы орайда Мағжанның бүгінгі дәуірмен тарихи үндестігі ойға оралады. Кешегі қанды Желтоқсандағы боздақтардың жандауысы Мағжанның отты өлеңінің рухындай сезіледі?

- Тарихтың мына бір үрдісіне Алаштың – Мағжанның өлмес, өшпес рух жалғастығына қайран қала тәнті боласың. 1986 жылдың қақаған қанды желтоқсанында азаттық туын – Мағжан туын көтерген қайраты мол, айбынды өр Алаш боздақтары ішінен Қайрат есімді қайсар азамат:

                       Қайрат деген атым бар,

                        Он сегіз деген жасым бар.

                        Еркек тоқты құрмандық,

                      Атам десең атыңдар! – деп отаршыл қызыл империяға кеудесін кере шықпап па еді?

                         Мен өлсем де Алаш өлмес, көркейер.

                         Істей берсін қолдарынан келгенін!

Мінеки, рух жалғастығы, жан-жүрек ұқсастығы! Біздің қазақты Алашты өлтірмей, жоғалтпай бүгінгі тәуелсіздікке қол жеткізген Мағжан рухы емей, немене?

Мағжан рухы – өлмес, өшпес көк бөрі – көк түріктің рухы, Тәжібаевша айтқанда «көмейіне құм құйылса да», әр тұстан бой көрсетіп қалып, піспеген бас орнықпаған жүректерге» (Қайрат қатарлы желтоқсаншыларға - Ә.Д.) әсер етіп келген көрінеді. Жас атаулының бірі – «піспеген бас, орнықпаған жүректерге» жатқызылатын болса, сондай піспегендердің бірі – Есенғали Раушанов Горбачев пен Колбин соқтырған «Құйыннан» кейін қасқая шығып «Ғайша бибі» поэмасында:

                          Түлігім – жылқы, түбім түркі,

                           Ал тарттық сол түркіден көшті бері – деп және

                           Жақын кел, арғы-бергі жат пен жуық, 

                     Алаштың баласының бөтені жоқ, - деп өжет жыр бастапты. Ол жылдардың қара түнек зұлматында «Түрік, Алаш» ұранын көтеріп, оны ауызға алмақ түгілі, «қазақпын» деуге, оның мұң-зарын айтуға мың-миллиондар арасынан Жұбан, Сафуан сияқты қайсар азаматтар ғана бара алған еді ғой.

Орайшыл. Мансапқор «Интернационал» жалбаңбайлар қанды қол Колбинды «жиырма жыл зарыға күткенін айтса, бәз біреулер «жетімдігін» мұң етіп шағып, медет, жәрдем сұрап жалбарынып жатқан, ұлт туы табанда – Брежнев алаңында – қанға бөгіп тапталып қалған кез.

Сол заманда өршіл жастарымыз Есенғали жоқтауына үн қоса:

                            «Қайдасың қара бауыр қасқалдақ,

                             Кері қайт, ұяң қалды иесіз,

                            Қаңғып келген шүрегей

                            Көлге пана болмайды, - деп әндетіп еді.     

Мағжан ақындығы мен түрікшілдігінің қазақ сөз өнеріндегі ізін, әсер-ықпалын, белгі-бедерін іздеу керек болса, Есенғалидан, оның «Ғайша бибі» поэмасының табиғатынан – идеялық мазмұнынан, көркемдік әдіс-тәсілінен, ұшқыр фантазиясынан іздеу керек дегіміз келеді.

Мағжан рухы – көк түрік рухы дегеніміз қандай рух? Ақын шарқ ұрып нені іздеді, неге өз заманына сыймай, сыйғызбай кетті? Мағжан трагедиясы – ұлттың, көк түріктің – Алаштың трагедиясы еді. Азаткер ақын сондықтан:

                               Өткен күн таң-тамаша ертегі ғой,

                               Ерлері ертегінің өрт еді ғой.

                               Айрылып от екпінді ерлерінен

                               Алаштың жанында ауыр дерт еді ғой.

Ақылға сыйымсыздау болып жатырқасаңыздар да дәлел-уәжге назар аударып көріңіздер.

- Мағжан һәм Алаш поэзиясы туралы сөз болғанда, олардың ар жағынан күндей жарқырап Абай дидары тұратыны анық қой?

- Қазақ халқы ұлт ретінде тарих сахнасына шыққалы бері танылған жырау мен ақындардың ауызша, жазбаша мұраларының Абайға дейінгі сипатына ешкім таласпас, ол даусыз халықтық-ұлттық, сондықтан барша Алаштық.

Ал, Абайдан басталған жазба әдебиеттің (тіпті Абайдың өзінің), әсіресе коммунистік өктемдік дәурен сүрген жетпіс жылдың поэзиясы (әдебиеті) жөнінде басын ашып алмаса болмайтын, қағидаға айналып кеткен қате тұжырымдар мен берілген бағалар шаш етектен келеді. Әдебиетіміздің бүгіні мен болашағы үшін бас қатыратындар бұл маңызды ұлттық-мемлекеттік істен шет қала алмас.

Біз күні бүгінге дейін әлемдік деңгейдегі ұлы ойшылымыз, данышпан Абайды неліктен сол әлемдік деңгейде таныта алмай келеміз? Оның себебін біраз адамдар аудармашылар мен сыншы-зерттеушілердің қырсыздығынан, өресіздігінен (ол да бар екені шындық) нәсихатының кемдігінен деп, енді сол олқылықтың орнын толтырып бүкіл әлемді Абай деген ұлы қазаққа бас идіруге құлшынудамыз. Құптарлық-ақ, шама-шарқынша әр қазақ ат салысарлық-ақ қасиетті парыз, қастерлі міндет.

Дегенмен әр нәрсенің шегі, мүмкіндігі, жөн-жобасы деген де болады. Қандай әулие, қандай дарынды Абай сүйгіш аудармашы аударса да басқалар ұлы қазақты сіз бен біз қабылдап, сіз бен біздей эстетикалық ләззәт ала алады деп қарау, соған тыраштану тым аңғалдық болар еді.

Не үшін? Абайды әлемдік ұлы данышпандарға қосатынымыз қалай? Сөйте тұра, оны әлемдік деңгейге біз ойлағандай жеткізе алмаймыз деп кері тартқандай болатынымыз қалай? 

Алдымен басын ашып алуға тиісті бір нәрсе – Абай ұлттық, қазақтық ақын. Ал қазақ дегеніміз әлемдегі ешбір ұлтқа да ұлысқа да ұқсамайтын өзіндік тұрмыс-тіршілігі, жартылай отырықты, жартылай көшпелі (ұзына тарих бойында) өмір салты, жауынгерлік, ерлік ұғым-түсініктері, мінез-құлқы, ру, ұлыс ара қарым-қатынасы, ел билеу, заң-жосындары, тіпті жалпыға ортақ делінетін махаббат сезімдері, табиғатпен ара-қатынасы, діндік түйсік-түсініктері арқылы басқа ешбір халыққа  ұқсамайтын ойлау жүйесін, поэтикалық шарқын, сөз өнерін, поэзиясын, бейнелеу, қол-өнерін дүниеге әкелді ғой.

Адамзат тарихында мәдени өркениетінде өзіндік орны, үлес, есесі бар ежелгі көк түрік әулеті – Алаш ұлысы қазақтың мың-мың жылдық ақыл-ойының қорытынды асылындай Абай поэзиясын басқа халыққа – тас қалаға қамалғанына мың жылдар болған еуропалықтар мен американдықтарға өз деңгейінде жеткізе алмадық деп аһ ұрудың, қасірет шегудің ешбір негізі де, қисын-қиуы да жоқ деп қараймыз.

Егер ұлылық пен өркениетті тек еуропа немесе орыс, қытай өлшемімен, солардың қалай қабылдауымен ғана бағалар болсақ, қазақшыл, түрікшіл, мағжаншыл қазақ деген ұлттан іліп алар ештеңе де қалмайды. Еуропалықтардың, тағы басқалардың аяғына жығыла зар еңіресек те екі ішекті, тоғыз пернелі (тоқсан перне тақсаң да) домбырадан төгілген ғажайып күй әуенін қазақтай тыңдата алмайсыз, киіз үйді қанша алтынға аптап әлем-жәлем етіп көрсетсеңіз де баланың ойыншығын тамашалаған ересектерден артық сезімге келтіре алмайсың. Сөзді қанша ойнатып, барыңды салғанмен ұлы Абайдың теңдессіз туындыларын «Аттың сыны», «Жаз», «Күз», «Қыс», «Көктемге» байланысты өлеңдерін теңіздей терең ойлы «Сегіз аяғын» ондағы «атадан алтау», «анадан төртеу» туса да «Моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным», деп зарлаған Абай зарын еуропалықтарға тұшынарлықтай, түсінерліктей етіп жеткізіп бере алмайтыныңды білу үшін де ғұламалықтың керегі шамалы.

Ендеше шетке алақтап, етегіміз далақтап шаба бермей, өз қадірліңді өз дәрежесінде қадірлеп, батысқа қарай қисайып кеткен мойнымызды шығысқа - өзімізге бұра алсақ, адамзаттың бізден – Алаш баласынан алары да аз емес. Біз басқалардан керегімізді өз аяғымызбен барып, табан ет, маңдай терімізді төгіп жүріп, мың өліп, мың тіріліп жүріп, инемен құдық қазып жүріп алғанымызды ұмытпайық. Керек болса басқалар да солай етсін (керек болып еді дүниенің төрт бұрышынан байлық іздеген пысық қалталылар Қазақстанға құмырысқадай қаптады ғой). Рухани, мәдени, сол қатарда Абай сияқты данышпандарымызды да іздеп, табатын Еуропа, Америка, Азия зиялы қауымы табылады. Ешкімге менің Абайымды оқи ғой, керемет екен деп тамсана қой деп жәреукелене алмаспыз. Олар бізше бағаламады екен деп Абай өз биігін аласарта қоймас. Әр нәрсенің орны, уақыты бар.

Ұлттық ақын қашан да ұлт игілігі, ұлт мақтанышы, сол қатарда нағыз ұлттық ақын бола алған ол адамзаттың да, әлемнің де ұлы перзенті бола алады.

Ұлтсыз «интернационал»-маргиналдар жөнінде сөз шығындаудың қажеті бар ма?

Олай болса, қазақта ұлттық ақын қанша, көп пе, аз ба? Біздің міндетіміз ол сұраққа саусақ санап жауап беру емес. Шынтуайтқа келгенде, ол он саусақты қайта-қайта санатып шатастыратындай сонша көп те емес екенін ашып айтуға болады.

Ұлы Абайды ұстаз тұтқан көрнекті ұлт ақындары Шәкәрім, Ахмет, Сұлтанмахмұт, Міржақып, Жүсіпбек, Бернияз, Мағжандармен бұл тізімді бір түюге болар. Бұдан басқа шығыстық, жыраулық үлгідегі ұлы ақындарымызды айтпағанда, жоғарыдағы орыс тілі арқылы еуропа әдебиетін үлгі, өнеге тұтты дейтін ұлы алыптарымыздың бүкіл поэтикалық, бейнелеу, суреттеу тәсілдері тап-таза, қоспа-шатасыз қазақша – ұлттық екенінде шүбә бар ма? Бал арасы қанша алыстап, қандай гүлге қонақтап нәр жиса да, айналып ұясын тауып, тіл үйірер бал беретіні сияқты шынайы дарындар кімнен, қалай үйренсе де, киелі ұлттық поэзия қасиетін үстемесе, үрпейтіп құтын қашырмайды.

Осы арада тілдік қорымызға талайдан еніп, орныққан «Алыптар тобы» деген сөз тіркесіне өз ойымызды білдіре кетсек дейміз.

Біздің басқа да астын-үстін болып, шат-шәлекей шыққан ұлттық ұғым-түсініктеріміз бен ойлау жүйеміз, санамыз сияқты әдебиет тарихында жеке тұлғаларға байланысты баға-пайымдарымызды да, сол қатарда «Алыптар тобы» жайлы бағамызда да ұшқарылық көп сияқты. «Алыптар тобы» - тарихты, тіршілікті тек өзінен ғана бастап, өзін-өзі әспеттеп, қолдан көсем, классик жасауға шебер большевиктік пиғыл мен қазақы жалпақ шешейлік тудырған көп жасандылықтың бірі деп атап айту қажет.

Олай болмаса, қазақ әдебиетіндегі «Алыптар тобына» кімдер жататынын, сол атауды аузынан түсірмейтін ағаларымыз білмеуші ме еді? «Би жоқта құл жүреді жораға» сияқты бір ащы шарасыз шындық шырылдай үн қатады уақыт деген қалың тұман арасынан.

Ендеше бүгінгі мынау ашық-жарқын сөйлей алатын үрей-үркінсіз азат заманда сол әділет үніне неге құлақ түрмеске? Неге әркімді өз шама-шарқына, еткен еңбегіне, төккен теріне қарай қайта бағалап, тарихи қателіктерімізді түземеске.

Ұлттық ақын ұғымын айқындап, орнықтыру үшін, ұлтсыз ақындар- советшіл. Одақшыл, партияшыл, тапшыл, батырақтар, көлгір интернационал белсенді ақындар жасаған «Қазақ совет әдебиеті» деген қампиған дөкейді қайта сарапқа, тарих таразысына тартуға міндеттіміз.

Онсыз тәуелсіз қазақ елінің, тәуелсіз жаңа әдебиетіне жол ашылмайды, әділет түпкілікті орнамайды. Қорланған азаптанған әулиелер аруағы бізді кешпейді. 

Ұлттық ақын ұғымын айқындап, орнықтыру үшін, ұлтсыз ақындар- советшіл. Одақшыл, партияшыл, тапшыл, батырақтар, көлгір интернационал белсенді ақындар жасаған «Қазақ совет әдебиеті» деген қампиған дөкейді қайта сарапқа, тарих таразысына тартуға міндеттіміз.

Онсыз тәуелсіз қазақ елінің, тәуелсіз жаңа әдебиетіне жол ашылмайды, әділет түпкілікті орнамайды. Қорланған азаптанған әулиелер аруағы бізді кешпейді. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегенді біздің науқаншыл шенеуніктеріміз жүздеп (қанша көп болса сонша байитындай) киіз үй тігіп, таудай ет, көлдей сорпамен ас беру, өрден келген асшы-басшыларға қабат-қабат шапан жауып, ат, Қазақ халқы ұлт ретінде тарих сахнасына шыққалы бері танылған жырау мен ақындардың ауызша, жазбаша мұраларының Абайға дейінгі сипатына ешкім таласпас, ол даусыз халықтық-ұлттық, сондықтан барша Алаштық.

- Ұлттық арылу танымына қатысты ойыңызды сабақтай түссеңіз?

- Ендеше бүгінгі мынау ашық-жарқын сөйлей алатын үрей-үркінсіз азат заманда сол әділет үніне неге құлақ түрмеске? Неге әркімді өз шама-шарқына, еткен еңбегіне, төккен теріне қарай қайта бағалап, тарихи тіпті машина мінгізіп, шүлен тарату деп анайы ұғатын көрінеді... Біздің жағдайымызда өлі аруаққа да, тірі қазаққа да ең керегі тарихи әділеттіліктің орнына келуі, обал-сауаптың парқына жетуі, мына гентикалық жұтқа ұшырап, ұлттық санасы өшкіндеген халқымыздың жас-кәрісіне тағылым үйрету, тәубаға келтіру болмақ. Ұлт өзін-өзі тек жақсы жағынан, той тойлап әлем-жәлемденген сахналастырылған ойындар арқылы танып, біледі деу бір жақты, таяз ұғым. Ұлт өзінің қаралы, қайғылы, тіпті сатқындық пен екі жүзділіктің құрбанына айналған трагедиясын танып-білу арқылы, қара жүздерін таңбалап, ар сотымен соттау арқылы да танып біледі.

Жиіркену, жеріну сезімі – қасиетті сезім, ұлттық ар-намысын тазартудың киелі дұғасындай десе болар.

Мағжан, Шәкәрім, Міржақыптар тағылымы бізге соны аманаттайды. Керек десеңіз, кешегі «Советтік дәуірде» алшаңдаған пәленбай «Жарық жұлдыздардың» қаншасын бір жерге жинағанда, бір Мағжанның алтын басына тұрмайтынын өтіміз жарылып кетсе де айтатын кез – дәл осы кез. Тарих қайта қаралып, қайта жазылып жатқан осынау мүбәрәк күн.

Шіркін, ұлы Мағжанның мынадай ұлы жырларын бар дауыспен оқып, тәңірімен тілдескендей аспандап, асқақтай алатын күнге жеткен бүгінгі ұрпақ қандай бақытты еді!

                                 Ерте күнде отты күннен Гүн туған,

                                Отты Гүннен, от боп ойнап мен туғам,

                                Жүзімді де, қысық қара көзімді 

                                Туа сала жалынымен мен жуғам.

                                Қайғыланба, соқыр сорлы шекпе зар,

                                Мен күн ұлы, көзімде күн нұры бар,

                                Мен келемін, мен келемін, мен келем,

                                Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар!

Күннен, Гүннен туғандай дауылпаз, от екпінді асау дарынның бірі – Иса Байзақов ақын еді. Көкірегі шабыт кернеп, қыстыққан дала перзенті:

                                Ойласаң өткен күнді айтады жыр,

                                 Тыңдасаң естіледі бір терең сыр.

                                 Ой өліп, өмір сеніп, көп соғылған.

                        Суреті өткендердің алдымда тұр, - деп Мағжан туысқанша тереңге, тарихқа бойлай ширығады. Әр кәллада бір қиял демекші, мынау тарихқа айналып бара жатқан қаралы 70 жылдың қараңғы қапастарында өмірі өксікпен, құсалықпен өтіп, ит өлімімен өлтірілген арыстарымыздың суреті көз алдыға келеді. Сонымен бірге сол ала топалаң, қан қасапта бағыт-бағдарынан адасып, уақыт селінің ығында кеткен таза жанды, шын дарындардың еңбегі еш, тұзы сор болған тәлей-тағдырын еске түсіреді.

     Ілияс, Сәкен, Қасымдардың далаға атқан оқтай, зая кеткен қанша еңбегінің обал-сауабы кімге? Өтеуін қайдан, кімнен сұраймыз?

                                  Өзге емес, өзім айтам, өз жайымда,

                                  Жүрегім жалын атқан сөз дайында.

                                   Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,

                                  Тербетіп тулатып бір қозғайында.

Міне, осылайша шалқыған Қасым өзіне-өзі серт ете:

                                  Құя алман үгітілген балшық өлең,

                                  Көңілімде көл жасаман тамшыменен,

                                  Серінің семсеріндей сертке таққан

                                  Өлеңнің асылын бір алшы менен,

деп дарқан жүректің ақ, адал сөзін селдете төгеді.

Ал, сөйткен ғажайып тумысты, сертке берік Қасымымыз өзінің көз алдында жалауы жығылып, өлім құшқан қазақтың ұлы перзенті рухын табалап, тәлкек еткендей, сен Гүннен, Күннен тусаң. 

                               Мен комсомол ортаншы ұлы Лениннің

                                Тұлғам менің тұлғасындай елімнің.

                               Тегеуріні теміріңді жанышқан,

                               Екпінімен емен үзген еріңмін.

деп жат әуенмен, дөйдалаға – Күн мен Гүн перзентіне дұспан жаққа әндетіп, қайрылмай кете барады.

Өкінішті, аянышты. Осыдан кейін – бір ұлтты қақ жарып, баланы - әкеге, ініні – ағаға айдап салған коммунистік зұлымдыққа «социалистік реализм» деп әспеттеген әдеби авантюраға қалай ішің жылиды? Ұлт трагедиясы деген сол емес пе?                       

                                Тауына қарай бұланы,

                                Жеріне қарай құланы.

                                Біз дағы теңіз сынды ел едік...

Иә, Қашаған жырау айтқандай біз сондай зор да асау ел едік. Енді міне, өзін-өзі өзекке теуіп, қайдағы бір діні де, тілі де, ділі де жат Ленин, Сталиндерге жетім лақша жабысып, оны әлдеқалай мақтан, мәртебе көретін күнге жетіппіз.

- Әрине, Мағжан жалғыз емес қой, оның поэзиясының өз бастауы, қуат алар күретамыры бар екені анық?

- Тар заманның зар наласын етегі жасқа тола жырға қосқан Мұрат бабаны тыңдап көріңіз:

                               Мен заманнан қорқып барамын,

                               Кейінгі өскен жас бала

                               Кіріптарда қалар деп,

                               Күндердің күні болғанда, 

                               Обалы маған болар деп!

Қормал, көріпкел абызың текке қорықпапты. Обалы кімге болса да кейінгі өскен жас баланың бірі – Мағжан:

                                Көрген сайын көп қысым, 

                                Зарлы-ащы дауысым

                                Шырқырар Сарыарқада.

                                Өзегінен өтпей ме,

                                Зарлы жырым жетпей ме,

                                Қарағыма – халқыма?!

деп қараңғы зынданнан зарлай үн қатқан еді. Солай, сол күндерде:

                                     Бәрін айт та, бірін айт,

                                     Колхозды ауыл жырын айт!

деп, колхоз далаларында аштан қырылған миллиондаған қазақтың ақ сөңке өлігінің үстінде маршпен тайраңдап жүрген «Советстан, Социалистанның» Мырқымбайларының өзегі де, құлағы да тас керең еді.

Мырқымбай демекші, еңбекқор қаламгердің бірі – Бейімбет Маилиннің ең «сүйікті» кейіпкерінің бірі – Мырқымбай туралы бірер сөз айта кетпей болмас.

Әр нәрсені өз атымен атап, тегін тектеу керек болса – Мырқымбай аты – затына сай кәдімгі мыжырайған, жетесіз Мырқымбай емес пе еді. Оның бойында табиғатында жоқ қанша қасиеттерді жапсыра бергеннен Мырқымбайға дарымайтыны беп-белгілі.

Мырқымбай қанша қоразданып, қомданса да:

                               Арқамдай жер жүзінде жер бола ма?

                               Айбынды Алашымдай ел бола ма? 

деп, Мағжанша кеудесін қаға алар ма?

Немесе,

                               Ашуы жауған қардай, шөккен нардай,

                               Қарт қыран қанжығалы қарт Бөгенбай.

                               Бөкеңнің жас жолбарыс – жеткіншегі,

                               Аузынан жалын шашқан жас Жанатай!

сынды алаш азаматы болу оның санасына кірер ме?

Біз қалайық, қалмайық, Мырқымбайлар: «ауыл – айтақтікі, қой – тоғамбайдікі» - деген    ащы мысқылда шенелген қазағыңның типтік өкілі, Күннен, Гүннен туылған текті көк түріктің ХХ ғасырға азып-тозып жеткен мәңгүрт ұрпағаның мәзлұм өкілі еді деп қарасақ, ол басқа әңгіме.

Біздің бұл пайымдарымыздан кейбір «тапшыл», «батырақшыл» ағайындар секем алып, сізше нағыз батыр алашшыл, мықты қазақ болу үшін тек бай-бағлан, немесе қолына найза ұстаған жаугер болуы керек пе екен, кедейлік, батырақтық айып-мін бе екен деп кінәлауы да мүмкін. Бірақ ондай тисе терекке, тимесе бұтаққаның заманы өтіп кеткен. әділдіктің өлшемі – бір-біріне қарама-қарсы екі лагерьдің қай жағына шығуға байланысты еместігін тарих жетерлік дәлелдеді.

Мағжанның ақындық мектебінен дәріс алып, ұлы ақын ағасынша асқақ жырлар жазып қалдырған, нағыз айға шауып, мерт болған өр тұлғаның бірі – Бернияз Күлеев еді. Мырқымбайлар Берниязша сөйлемек түгілі, ол жазған мынадай алау жалынды жырларды оқуға батылы жетер ме еді?

                                     Келер бір күн таң атар,

                                     Ай да туар күн шығар,

                                     Айдаһардай төксем қаһар

                                     Айбарыма кім шыдар?

                                     Жүрек толғап, қысса ар, 

                                     Сонда алдыма кім шығар?

Пайғамбарымыз Мұхаммед Ғалаиссалам өзінің бір хадисінде былай дейді:

«Дінге үш түрлі адамдардан қауып төнеді: ниеті бұзық ғалымнан, залым патшадан және өзін білермен санайтын сопыдан».

Дін – қоғам, адам мемлекет дегенді түгел қамтып тұрған қасиетті ұғым деп қарасақ, біздің заманымызда қатерлі үш түрлі адамның бәрі де болыпты. Тіпті бірі-бірінен өткен кеселді болыпты. 

«Жүрек толғап, қысса ар» ғана адамдар ондай залымдарды танып, таңбалай алады екен.

Мұндайда Шығыс түркістандық әйгілі сыбызғышы Ақымжан Болдырған ұлының (1864-1941) мына бір пәлсапалық жыр жолдарымен өзімізді жұбатқанымыз жөн:

                                       Өткенге өкінсең - өміріңді жейді.

                                       Тәуба қылсаң – күнәңді жейді.

                                       Ақылыңды – қулық жейді.

                                        Дәулетіңді – ұрлық жейді.

Ең абзалы – барға – қанағат, өткенге – салауат, болашаққа – үміт. 

- Әңгіменің ауаны тұтас әдебиетіміздің бастауы мен болашағына қарай бұрылып бара жатқандай?

- Жоғарыда айтылғандарды топшылай келе, енді «Қазақ әдебиеті» деген қасиетті кітаптың мазмұны қандай болу керек? Оның көш басында тұрар «Алыптар тобы» кімдер? Ұлы Мағжан мектебінен үлгі-өнеге алған адуын дарындар бар ма? Бар болса – олар кімдер? ХХ ғасырды тұтастай алғанда Қазақ әдебиеті қандай кезеңдермен дәуірленуі керек, деген сұрақтар төңірегінде оқырмандармен ой бөліссек дейміз. «Құлдан да бір сөз» деген қанатты сөз демеп, сондай шетін, бірақ әрбір қазақ зиялысына, Алаш азаматына қатысты деп білгендіктен, өз ойымызды білдірдік.

Ең алдымен, басын аша айтар сөз бұған дейін ол қалай аталып, қалай бағаланып келгеніне қарамай «Қазақ әдебиеті» - оны жасаған халықтың басынан кешкен қилы-қилы саяси, иқтисади, әскери, мәдени оқиғаларға байланысты түрлі сипатта көрінгенімен қауызды дәннен тазалап шыққанда біртұтас, бір ғана әдебиет болғаны. Оның ұлттық – қазақы әдебиет болғаны анық. Түрлі ұран-саясаттың ұшығы бір дұғамен «тәуелсіздік» атты киелі дұғамен тазарады.

Сондықтан «Қазақ әдебиеті» ХХ ғасырда шамамен былай дәуірленуге тиіс деп қараймыз:

Октябрь төңкерісіне дейінгі ұлы Абай негізін қалаған ағартушылық, ұлтазаттық күресі дәуірі әдебиеті. Оның белгілі өкілдері Ахмет, Міржақып, Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Әсет, Ғұмар, Шәді төре, Машһүр Жүсіп, Бернияз, Спандияр, Сәбит Дөнентай...

Октябрь төңкерісі мен азамат соғысынан басталып, 1929 жылғы голощекиндік – сталиндік жаныштауға дейінгі дәуір әдебиеті, яғни «Алашорда» туының көтерілуі мен жығылуы және қызыл империя жағдайында ұлт мүддесін қорғауды мұрат тұтқан жанталас, тайталас дәуірі әдебиеті.

1929-1989 жыл аралығындағы Советтік дәуірдің ала-құла әдебиеті.

1989 жылғы арыстарымызды ақтаудан басталған тәуелсіз Қазақстанның Азат әдебиеті кезеңі.

Мұның бәрі де әдебиетімізді уақыт пен саяси топалаңдар ықпалында емес, оның мазмұны мен мәні негізінде жіктеп, саралау принциптерінен туындауы керек дегенді басшылыққа алады. Баяғыша НЭП, коллективтендіру, бесжылдықтар, Отан соғысы, тың игеру, т.б. деп коммунистік партия сүйрелеген қанды соқпақпен сүмеңдеу енді ұят әрі тәуелсіз Қазақстан жағдайында мүмкін емес нәрсе. Өйткені, ендігі жерде қауқиған «Қазақ әдебиеті» оқулығы залалды көң-қоқыстан, көркем әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын саяси декламациялардан, құлдық ұрған жағымпаз ойлардан біржола, мәңгі бақи арылуға тиіс.

Бұл барыста тапшыл, саясатшыл «социалистік реализмнің» жойымпаз, ымырасыз қытымырлығына бармасақ та біраз жалған беделдер мен жасанды «Жарық жұлдыздарды» өз атымен атап, «ренжітуге» тура келеді.

Ендеше, «Алыптар тобы» деген айбарлы атауға қалай қараймыз? Әрине, дұрыс қараймыз. Қазақ әдебиетінде нағыз алыптар тобы болды. Еуропаша, орысша айтқанда – классиктеріміз болды. Алайда, бүгінге дейінгі қалыптасқан аяға ол сыймайды және қалайда «Алыптар тобы» атауын біржола орнықтыру керек болса, батылдықпен ой бөлісуге тура келеді.

«Алыптар тобы» - классиктер ұлт әдебиетінің заңғар шоқылары, ұлы данышпан өкілдері, - деп ұғамыз. Ал, ол тізімге енбей қалғанның бәрі ақын емес, жазушы емес деген ұғым тумаса керек. Бұл араға пендешілік пен ағайынгершілік, мүдделестік пен партияластық сияқты әзәзілдік атаулы жол жүрмегені лазым.

Алыптар тобының қақ басында қасқайып (ХХ ғасырдағы деп біліңіз) ұлы Абай тұр. Оның айналасында бойлары мен ойларына қарай тізіліп Ахмет, Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбектер тұр. Ал, «Қазақ совет» дәуірінен тек қана Мұхтар Әуезов пен Ғ.Мүсіреповты қосар едік.

Бүгінге дейін «Алыптар тобын» құрап келген Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбит, Ғабиден қатарлы қаламгерлер өз үлестерінің шама-шарқына қарай тиісті орнын, бағасын ала береді. Бұрынғыдай әспеттеліп «негізін қалаушылар» ретінде оқулықтан оқулыққа жөңкіле алмас, өйткені, сол құрғыр «негіз» дегеннің өзі – негізсіз болып шыққаны дәлелденген мынау заман бетіне тура қарау керек болып тұрған жоқ па?

Осы арада ұлылардан, онда да орыс пен батыс ұлыларынан үзінді келтіре уәжін, дәлелін нықтамаса, илана қоймайтын қазақылығымызға басып, В.Г.Белинскийге жүгінгіміз келіп отыр.

«Данышпандық дегеніміз (алыптар – данышпандар емес пе? - Ә.Д.) жеке адамның творчестволық дамуының ең биік сатысы. Талант – данышпандыққа қарағанда творчестволық кемірек дарындылық. Біріншілер – мезгілінде түсінілмей, танылмай, бағаланбай, көбінесе өз замандастарынан қуғын мен көре алмаушылыққа ұшырайды олардың даңқы келешекте өздерінің сүйектері қурап қалғанда мәлімденеді. Екіншілері - өз дәуірінің сүйетін, беделін жүргізетін адамдары болады. Бірақ тірісінде құрметтеліп, мақтау мен бақытты болып өтсе де, өлген соң бұл маңызды ала бермейді. Ал, кейде көзі тірісінде де олар өз даңқының сөнгеніне куә болады». Ал, ұлы Оноре де Бальзак: «Талантты (Бальзак бұл арада Данышпан мағынасын меңзеп тұр - Ә.Д.) адам адамдардың бәріне ұқсай береді. Ал талантқа ұқсайтын бір де бір адам болмайды» - деп кесіп айтады.

- Ұлттық әдебиеттің даралығы, ұлт әдебиетінің өзіне ғана тән болмысы туралы айтып отырсыз ғой?     

- Біздің саясиланған ұғым-түсініктеріміз бен буалдыр эстетикалық талғамымыз барлық адамға ұқсай беретін, ұлы таланттар (Данышпандар - Ә.Д.) мен ешкімге ұқсамайтын ұлыларды ажыратуға келгенде шатасқан сияқты. Көп жазып, көп кітап шығарған, биік мәнсаптарда ұзақ отырып, кеуде толтыра орден, медаль алған таланттар мен «Даңқы келешекте, өздерінің сүйектері қурап қалған кезде мәлімденетін» Мағжан бастаған данышпандар – алыптар тобын шатастыруымыздың себебі енді түсінікті болар.

Ал, көзі тірісінде де, көзі жұмылған соң да барлық шығармаларында: «советтік сөзге қаламы мұқалып көрмеген» жазушылар өзі туралы, өзінің әдебиетіміздегі (тәуелсіз қазақ әдебиеті) лайықты орны туралы айтып кетті емес пе?

Ақын-жазушыларымыздың әдебиетіміздегі орнын анықтауда назарда болатын басты нәрсенің бірі – олардың жеке басындық кемістіктері, немесе талант, дарындарының әр деңгейде болғандығы ғана емес, теріс соққан уақыт желінен ығып, заманға, саясатқа күйлеп, өз халқына, ұлттық мүддесіне қиянат еткенін біле алмаған саяси басырлығында, ұлттық сананы жасанды таптық санаға билетіп жібергенінде еді. Саяси ұранды ең көп айғайлаған сол ағалар, халқына пайдалы мен зияндыны – тәуелсіздік пен бодандықты, империялық пен ұлттық еркіндікті айыра білмегендігі өкінішті. Күні бүгінге дейін «он патшаның тұсында да уәзір болып», қалғысы келетін өлермендік пиғыл өмір сүруде.

Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің шығармашылық жолына көз жіберіп көргендеріңіз бар ма? Мұхаң не үшін бар күш-қуатын, ақыл-парасатын тарихи тақырыптарға арнады? Мынау қанқасап сұм өмірден жерініп, безінгендіктен бе, Мағжанша:

                     «Қу өмір қызығы жоқ қажытқан соң,

                     Толғанып қарауым сол баяғыға», - деп қалам тербеген болар. Ендеше данышпандық, көрегендік дегеніңіз тек нені, қалай мықты жазу ғана емес, нені жазбау, неден жирене білуден де байқалады деуімізге әбден болады екен. Ал, өмірінің соңғы кезінде жазған «Өскен өркенінің» өркенін жаймай-ақ аяқсыз қалғаны қандай сүйінішті! Ұлы дарынды кірлетпей, шатастырмай пайғамбар жасында әкеткен ақ өлімге кейде риза боласың. Әуезов қаламынан шыққан дүниелердің басым көпшілігі қазақ деген халық қанша өмір сүрсе, соншаға созылып, ұлт байлығы болып қалары, өз сөзімен айтқанда (Мағжанға - Ә.Д.), «Келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз» Мұхтар сөзі екені даусыз.   

Дегенмен ондай-ондай ханның қызында да бар екендігін дәлелдеу үшін емес, әдебиетіміздің кешесі мен бүгіні және сөзсіз ертеңі үшін айтып арылмаса болмайтын ортақ мін – ұлы Мұхаңда да, оның «Абай жолы» сияқты тарихи эпопеясында да бар екендігі.

Социалистік реализм деп аталған әдеби тәсілдің жаны, тірегі – тап, таптық күрес, сөзсіз болмай қоймайтын социалистік революция, бәрін де саясатқа бағындыру сияқты тоталитарлық өктемдікке апарар иделогия құралы болуында еді.

Ұлы Мұхаң өз алдына қойған ұлы мақсаты – данышпан Абайдың сом тұлғасын сомдау арқылы туған халқын әлемдік деңгейге көтеру, алып эпопеялық көрініс жасау еді. 30-40 жылдардағы қан-қасапта ондай асқаралы мақсатқа төте жетпек түгілі, қара басты аман сақтап қалудың өзі күн сайын, сағат сайын қауіп-қатерге толы еді ғой. Бірақ соның бәріне қарамай «Түстік өмірің болса, кештік мал жый» дегендей, Мұхаң жансебілдікпен ұлы ойға, ұлы мұратқа біржола беріліп «Діні үшін болмаса да, күні үшін» біраз бұра тартуларға шарасыз барған еді.

Мәселен, таптық әлеуметтік, саяси жікке бөлу принципіне үйлесейін деп баланы - әкеге, ініні – аға, кедейді – байға орынды-орынсыз ұрындыра беру салдарынан ғасырлардан бері қалыптасқан қазақы өмір салты, от басылық, ағайындық этика нормалары бұзылып көрсетілді. Ең өкініштісі Құнанбайдай қарадан Хан болған әділ де, парасатты, діндар, көпшіл әке Абайдай перзентіне жау образға айналды.

Абай айналасындағы талантты шәкірттері, ет жақын бауырлары Шәкәрім, Көкбай сияқтылар ұнамсыз, керітартпалар кейпінде көрсетілуі орны толмас өкініш емес пе еді?

Дүние жүзіндегі барлық өркениетті елдердің әдебиет тарихы, әдебиеттану ғалымдары салған үлгімен жалпы Абай өскен орта, Абай үлгі-өнеге тұтқан әдеби үрдіс пен белгілі тұлғалар шындығы эпопеяда қалай көрінді, шындық қалай еді, деген төңіректе арнайы зерттеу жүргізу аса қажет.

Кезінде халықтар түрмесі аталған Россияның отарлау саясаты үшін барын салып, шектен шыққан қатігез зұлымдығымен қазақ халқын зар жылатып, торғайдай тоздырған казактар мен қара шекпенділер жөнінде айтылар тарихи сөз «Абай» сияқты тарихи романда айтылмай қалғаны да орны толмас өкініш еді. Дәркембай мен Базаралы бастаған жер, мал дауын даулаушы жарлылардың барар жері – орыс поселкелері мен қазақтар хуторы екендігі айтылмай қалды. 

Саясат үшін, саясатшыл әпербақан цензураның көзін көлегейлеу үшін жасалған шарасыз бұлталақтың өзі ұлы суреткерді қандай тығырыққа тіреп, тарихи шындық қалай бұрмаланғаны ендігі жерде ашып айтылуы қажет-ақ. Айналып келгенде, осының бәрі бұдан былайғы тарихи тақырыпқа қалам тартар қаламгердің қай-қайсысына да тағылым боларлық ащы сабақ демекпіз.

Мағжан және поэзия туралы жазып келіп, прозаға - Әуезовке киліккендей болғанымыз жаңылыс емес, мақсатты түрде болғанын ескерте кетейік.

- Иә, сол уәжіңіздің себебін түйін сөзіңізбен қортындылай кетсеңіз?

- Өйткені тарихи тақырыпқа жазылған поэзиялық туындылардың ең таңдаулысы деп дәріптеп келген «Күй», «Күйші», «Құлагерден» бастап, «Құрманғазы», «Майраға» дейінгілердің бәріне ортақ мін, сол «Абай» романының міні еді. Ал, сөзді одан да нақтылау керек болса, саяси сана қоздырған жасанды тарихтың жасанды геройлары – қара шекпенділер мен миссионер агенттер қатарын молайтқан, өңін айналдырған большевик қызыл комиссарлар, қызыл отаудан жұлынып шыққан жалаң аяқ, жалаң бас әйел белсенділер – Раушан коммунист, Күлтайлар, ауылнай Құрымбайлар мен Қарасартовтар, «періште» орыс өкілдері сірескен «Қазақ совет әдебиеті» кейіпкерлері.

Қазақтың ұзына салқар тарихы өкініш пен қиямет-қайым арпалысқа толы.

Оны поэзия тілімен Жұбан Молдағалиев дөп басқан.   

                     Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген.

                    Жөргегімде-ақ тілдескен мұң тілімен.

Мағжан бастаған алыптар тобы көтерген Алаш туы – поэзия туы 1929 жылдан былай қарай өздерімен бірге зынданға тасталып, 60 жылға созылған полярлық қыс өкім сүрді. Сол зымыстан қыста киімі жылы, қарны тоқ, көңілі шат ырғын өмір сүргендердің көңіліне қаяу түсіп, «беделіне» нұқсан келер болса да, Бұқар абызымыздың көріпкел жырына үн қосуға мәжбүрміз.

                      Ай, заман-ай, заман-ай,

                      Түсті мынау тұман-ай,

                      Істің бәрі күмән-ай,

                      Баспақ тана жиылып.

                      Фана болған заман-ай,

                     Күл-құтандар жиылып,

                      Құда болған заман-ай,

                      Арғымағын жоғалтып.

                      Тай жүгірткен заман-ай,

                      Азаматын құлатып,

                      Жұрт талық болған заман-ай.

Данышпан Бұқар жырау ХХ ғасырда өмір сүрсе де осы жырын, осы қалпында айтары кәміл.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар