Жас жазушы Әсем Жұмақанның «Әдебиет порталында» жарияланған «Қалың тұман арасында...» шығармасы туралы бірер сөз
Ә.Жұмақанның тырнақалды әдеби туындысы «Кеш сұралған кешірім» деп аталады. Мұнда автор әкесінен ерте айырылған, бойжеткен шағында өгей әкесі мен анасы да қайтыс болған қыздың тағдыры арқылы оқырманды төзімді, қайсар әрі кешірімді болуға, жақсылықтан күдер үзбеуге үндейді. Идеясы жақсы. Әйтсе де, алғашқы шығармасы болғандықтан ба, жас қаламгердің сөз саптауына, тілдік қолданысына мән берсең, әлі де жазуға төселе түсу керек екені байқалады.
Сонымен қатар, оқиға желісін, сюжеттік құрылымды әлі де күрделендіріп, пісіре түсу қажет. «...Мен сонда мынадай ой түйдім: нәзік, алуан түрлі түсті кемпірқосақты көру үшін құйын, дауылдарға, апталап, тіпті айлап жауатын ақ жаңбырға шыдау керек. Әрбір қиындықтың артында бір жеңілдік бар» – дейді автор. Бір қарағанда, әдемі әрі әсерлі теңеу. Оны «Құран» аятымен мағыналас сөзбен шегелегеніне тіпті қуандым. Бірақ кемпірқосақ құйын мен дауылдардан кейін емес, күн шақырайып тұрғанда жауған ақ жаңбырдан кейін шығады емес пе? Олай болса, дауыл мен құйыннан кейінгі кемпірқосақ дегенде логикалық қисын жоқ сияқты.
Дегенмен, жазушы үшін дарыннан кейінгі ең басты керек қасиеттер – талап пен еңбек. Бұлар болса, кез келген кемшілікті түзетуге болады. Әсемнің келесі жазған детектив жанрындағы туындысы «Қалың тұман арасында...» осы сөзімізге дәлел.
«А. қаласының солтүстік-батысында...». Шығарманың бұлай басталуы автордың Америка әдебиетінен сусындағанынан хабар береді. Әдетте, америкалық жазушылар солай қаланың толық атауын емес, бастапқы әрпін жазады. Мысал ретінде, Оливер Генри мен Эдгар Аллан Поны атар едім. Демек, жас жазушы – әлем әдебиетін сіміруге құлаш ұрған, үлкен ізденіс үстіндегі талапкер. Алғашқы әңгімесі «Кеш сұралған кешірімнен» кейін «Қалың тұман арасынданы» араға шамамен жарты жыл уақыт салып барып жазыпты. Бірақ осы жарты жылда кәдімгідей жазуға ысылғаны, піскені сөз саптауынан бірден көзге ұрады. Деңгейі оқиғаны баяндаудан өсіп, суреткерлік қыры ашыла бастапты. Сонымен бірге, автор нақты жауабын өзі айтқанға дейін Қарагүл қылмыскер ме, жоқ па деп оқырманды мың сан ой мен жорамалға салынуға мәжбүрлейтіні тағы бар. Қысқасы, кәдімгідей өскен. Сірә, әдебиет үшін осыншалықты қысқа мерзімде (жарты жылда) көз майын тауысып, талай күндері мен түндерін ізденіспен өткізген болуы керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Есболат Айдабосын. Қайда барамыз?..
Детектив жанрындағы туындыны оқып отырып, кей сәттерде қорқынышты түс немесе қорқынышты кино көргендей тұла бойың мұздап қоя беретіні – сол тынымсыз ізденістің жемісі шығар. Шығарма оқырманға әсер етсе – қаламгердің шеберлігі. Қаршадай қыздың мұндай психологияға ауыр әрі сұсты тақырыпта қалам тербеуі мені таңғалдырды. Осыдан-ақ автордың мінез-құлқын, табиғатын тануға болады. Ол – қыз бала болғандықтан, жаны, жүрегі нәзік, бірақ айтқанынан қайтпайтын қайсарлығы, мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайтын табандылығы мен батылдығы бар жан. Болмысында мейірім, жұмсақтық пен қаталдық астасып жатқандай.
Жас жазушының үш шығармасын оқыдым (үшіншісі жайлы төменде сөз қозғаймыз). Ол адам ойына келмейтін оқиға желілерін тауып алады. Бұл – жақсы. Мүмкін, үнемі ой үстінде жүретін шығар. Бірақ азын-шоғын кемшіліктері де бар. Мысалы, оқиғаны шиеленістіру, логикалық байланыс жетіспейтін секілді. Жас қаламгердің туындыларында ойламаған жерден, кенеттен орын алатын оқиғалар көп. Мәселен, моргте жүрген тергеуші қылмысты енді аша бергенде, кенеттен басынан ауыр соққы тиеді. Яғни, ұрған – қылмыскер. Сонда ол тергеушінің ойын, моргке келетінін алдын-ала болжап білген бе? Кәсіби тергеуші жымын ешкімге білдірмеу керек қой. Сосын оянғанда, айдалада жатады. Яғни, тірі қалады. Ақыры шетелге қашып бара жатқан баскесер қылмысын ашқан жалғыз куәгерді неге тірі қалдырады, біржола өлтіріп кетпей ме?
«Қалың тұман арасында» да психолог Қарагүлге «ақыл-есі сау емес» деп диагноз қояды. Негізі, ондай диагнозды психолог емес, психиатр қоймайтын ба еді? Үлкен жазушы болуды мұрат еткен адам мұндай майда-шүйде қателікті де жібермеу керек.
Азын-шоғын кемшілік жас жазушы түгілі қалыптасқан қаламгерде де болуы мүмкін. Жалпы алғанда, шығарма жақсы. Ұнады. Әсіресе, соңы әсерлі: «Мұрат Қарагүлді қанша жерден жауыз көріп, темір торға тоғытуды армандағанымен, бұл жолы бір сәт оны аяп кеткендей. Егер әкесінің жазасын беруді бала емес, заң қолына алғанда, бұның бірі де болмас еді».
Қазіргі қоғамға зілді ескерту жасағандай, әділдік болмаса, соңы немен тынарын соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп берген әдемі түйін!
Жас қаламгердің келесі туындысы – «Сезім сергелдеңі». Мұндағы автордың сөз саптауындағы, тілдік қолданысындағы олқылықтар жайлы ақын Айнұр Төлеу фейзбуктегі парақшасында пікір жазыпты. Оған біздің алып-қосарымыз жоқ. Байқағанымыз, Агата Кристидің шығармаларын оқып, Әсемнің шабыты, құлшынысы оянған. Яғни, ағылшын жазушысының шығармашылығы оған әсер еткен. Олай дейтінім, Агата Кристи түрлі оқиғаларды шиеленістіріп келіп, ақыр аяғында мүлде күдіктенбеген біреуді кісі өлтіруші қылып шығарады. Бірақ арасында қылмыскерді елеусіз түрде меңзеп те қояды. Әсем де туындысында тура солай істеген. Яғни, бас жағында тергеуші Мұратқа «Мәрленді қарындасы өлтірген болуы мүмкін деген» жорамал айтқызып, сосын осы пікірді басқа кейіпкер Асхаттың ауызымен жуып-шайып жібереді. Алайда соңында жігітті өлтірткен шынымен де қарындасы болып шығады.
Бір қызығы, жас жазушының «Қалың тұман арасында» және «Сезім сергелдеңі» шығармаларының екеуінде де тергеушінің аты – Мұрат. Бәлкім, Агата Кристидің Мисс Марплы, Артур Конан Дойлдың Шерлок Холмсы, Эдгар Аллан Поның Огюст Дюпені сияқты Әсем де өте ақылды әрі қырағы Мұрат деген тергеушінің образын дүниеге әкелгісі келетін шығар. Ол жағын нақты білмедік. Алайда жас жазушыға сәттілік тілейміз.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Айзат Қадыралиева: Қазіргі театр актерлеріне ортақ кемшілік тілдегі тұтқырлық
Тағы бір айта кететін жәйт, Әсем америкалық және ағылшын детектив қаламгерлерінің кітаптарын көп оқыған секілді. Ал олардың тілі көбіне құрғақ болады. Яғни, баяндау стилімен жазылған шығармаларының көркемдігі солғындау келеді. Біздің жас қаламгерге суреткерлік, әдеби теңеу, әдеби әдіс-тәсілдермен әрлеуді әлі де жетілдіру керектей көрінді. Бұл ретте орыс жазушысы Антон Чеховтың 24 жасында жазған «Драма на охоте» деген повесін оқуға кеңес беремін. Бұл да детектив жанрындағы шығарма. Бірақ Чеховтың тілі сондай көркем! Туынды әдеби теңеулерге сондай бай!
Сөзімнің қорытындысында айтарым, осы бетінен таймай, іздене берсе, Әсем үлкен жазушыға айналып, Алаш әдебиетінің Агатасы боларына сенемін.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.