Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Аманғали ҚАЛЖАНОВ: АСТАНАДАҒЫ АҚЫНДАР ШАҢЫРАҒЫ...

16.05.2016 4324

Аманғали ҚАЛЖАНОВ: АСТАНАДАҒЫ АҚЫНДАР ШАҢЫРАҒЫ

Аманғали ҚАЛЖАНОВ: АСТАНАДАҒЫ АҚЫНДАР ШАҢЫРАҒЫ - adebiportal.kz


 

13140876_1143494885702347_1376749172_n.jpg

Николай Гумилев пен Анна Ахматова, Жұматай Жақыпбаев пен Зайда Елғондинова, Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметова. Осы ақындардың бірі жөнінде әңгіме қозғалғанда, екіншісінің еріксіз еске түсетіні бар. Бұл жандарды өлең тоғыстырып, өмір бір шаңырақтың астында бастарын қосты. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында да ақындық ауылына бет бұрған қыз бен жігіт Алатау баурайында кездесті. Екеуінің арасындағы ортақ арна – өлеңге деген махаббаттан ұғысып, түсіністі. Ақыры қолұстасып, өмір-өзенді бірге кешуге сөз байласты. 


 

Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өтті. Қазір бұл ерлі-зайыпты ақындар Астана тұрғындары. Еліміздің бас ордасына осыдан он шақты жыл бұрын көшіп келді. Осы жерде ұлдары Ерназар мен Еділ дүние есігін ашты. Елордада шабыттарына шабыт қосылып, өмірлерінің жаңа кезеңі басталды.


 

Біз белгілі ақын Темірхан Медетбек «Алтынкөпірліктер» деген атаумен цикл мақалаларын арнаған буынның ортасынан ойып тұрып орын алатын ақындар Дәурен Берікқажыұлы мен Танакөз Толқынқызы туралы әңгімелеп отырмыз. Біздіңше, қазір бұл есімдерге бөлек-бөлек қарауға болмайды. Өзіміз үшін осы ақындар екі адам болса да, бір адамның тұтас ағзасы іспеттес. Бастапқыда, әрине, оларды жеке-жеке таныдық. Бірінші Танакөзді білдік.


 

Студенттік жылдары Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің кітапханасына жиі бас сұғатынбыз. Онда бірдеңелерді шатпақтап жүріп, ақын боламыз деп өзімізге мақсат қойып алғанбыз. Кітапханадан көбінесе «Қазақ әдебиеті» газетін алып оқимыз. Танакөз Толқынқызының өлеңдеріне сонда алғаш рет жолықтық. Ақын қыздың өлеңдері бізді бірден баурап әкетті. Жырларында асқақ рух пен нәзік лиризмнің астасып жатқаны таңғалдарды. Содан іздене бастап, «Біз – таулықпыз» атты пышақтың қырындай болар-болмас жинағын тауып оқыдық. Кейіннен «Жас ақындар жырларының антологиясы» атты кітапты сатып алып, өлеңдерің сол жинақтан да ұшыраттық.


 

Бұл кітап бізге қазірде белгілі болып қалған біраз ақындарды таныстырғанын айта кетейік. Соның ішінде Дәурен Берікқажыұлының да өлеңдері бар екен. Әсіресе, өзімізге Дәуреннің сол жинақтағы «Қара шақырым» мен «Клеопатра» атты өлеңдері ерекше ұнады.


 

Кейіннен «Жұлдыздар отбасы» журналының бір саны қолымызға түсіп, олардың ерлі-зайыпты екенін білдік. Сол сұхбаттан Танакөздің әкесі Толқын Мұхтар Шахановтың «Танакөз» поэмасының әсерімен қызына шығарма бас кейіпкерінің есімін қойғанына қанықтық. Қарағандыда тұрғанымызда ақын достарымыз дәнекер болып, Дәуренмен таныстық. Ақкөңіл, аңқылдаған, Мұқағали айтпақшы, жүрегінің түбіне кір жасырмайтын жігіт екеніне көз жеткіздік. Ол бас қосқан бәрімізді түнімен өзінің сүйікті ақындарының бірі Есенқұл Жақыпбектің жырларымен сусындатты. Сонда өзің емес, өзге тамаша ақындарды насихаттауға құмар қасиетіне тәнті болғанбыз. Сол қасиетінен әлі жаңылмай келеді.


 

Дәурен Берікқажыұлының үйлестіруімен «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қоры екі рет бір топ жас ақындардың жыр жинақтарын шығарып, тұсаукесерін жасады. Оның алғашқысына өзіміз де қатысқанбыз. Сонда Танакөзді де алғаш рет көрдік. Содан бері де олардың ақындығынан бөлек азаматтық келбетіне қанықпыз.


 

Қос ақынның отбасымен таныс адамдар Дәурен мен Танакөз еуропалық қарым-қатынасқа бейімделген деп жатады. Егер шын солай болса, ғажап та емес. Себебі екеуі де шет тілінің мамандары. Біз оны байқамадық. Қашанда үйлеріне барсаң қазақта тән кеңпейілділікті танытып, дастархан жаяды. Қазақ поэзиясына жанашыр жандар болса да, осылардай-ақ болсын. Дәуреннің өзінің кітаптарын емес, өзге талантты ақындарды насихаттап, жыр жинақтарының жарық көруіне дәнекер болғанын жоғарыда айттық. Ал, Танакөздің «Қазақстан» ұлттық арнасынан жүрген «Поэзия әлемі» атты авторлық бағдарламасы қаншама жас ақындарды өлең сүйер қауымға таныстырды. Қазір қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге шығару керек деген пікірлер де айтылып жүр. Ол үшін қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тіліне сапалы аударып, кітап етіп бастырып шығару керек. Дәурен мен Танакөздің сондай да талпыныстары бар. Оған тек жан-жақты қолдау жетпей жатыр. Амандық болса, ол да іске аса жатар.


 

Ал, Астанаға көшіп келгенде ақындар отбасының әсері қандай болды? Оны олар кезінде берген сұхбаттарында айтқан екен.


 

«Астана мені Абайға жақындатқан сияқты. Көшіп келген жылы қыста «Абай жолын» қайта қолыма алдым. Жер ауыстырған адамның көңіл-күйі қаншалықты құлазитыны белгілі ғой. Сол кездегі депрессиядан алып шыққан жалғыз кітап сол болды. Асқан махаббатпен оқыдым» дейді Дәурен Берікққажыұлы. Әсіресе, ол Астананың қысын сүйеді. Осы қыс үшін осында көшіп келгенін де айтады. Дәуреннің сүйікті спорты – шаңғы мен футбол. Міне, Астанада оған шаңғы тебуге мол мүмкіндік ашылды.


 

«Астанаға келісі­мен менің өмірімде мүлде бір бө­лек, жаңа кезең басталды. Ас­тананы қатты ұнаттым. Ерек­ше жақсы көрдім. Көшесінде өзімді шексіз бақытты сезіндім. Мен оның аязын да, желін де, батпағын да, масасын да жақсы көремін. Имандай шыным. «Се­­­нің көзің бұлтсыз аспан еді!» деп жырлаушы еді ғой Бауыржан Үсенов. Бұлты жоқ көкпеңбек аспанды осы Аста­нада көрдім. Екінші тынысымды ашып, шабытыма шоқ тастаған Астананы неге жек көрейін? Қолыма қалам ұстағалы күніне үш өлеңнен жазған кезім есімде жоқ. Сондай шабытты күйді мен Арқа жеріне келгенде бас­тан кешірдім» дейді Танакөз Толқынқызы.


 

Ақындар отбасы перзенттерін де спортқа баулып жүр. Қыздары Нәркез мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түскенше шаңғы теуіп, қалалық жарыстарда жүлдегерлердің қатарында көрініп жүрді. Ұлдары Едіге де қыста әкесімен бірге шаңғы жолына шығады. Өткен қыста Дәурен екінші ұлы Ерназарды да шаңғыға қойып көрді. Ал, Еділ әлі құндақтағы сәби. Жетілген соң ол да әкесі мен ағаларының жолын жалғар деп ойлаймыз.


 

Астанадағы белді жоғарғы оқу орындарының бірі Николай Гумилев пен Анна Ахматовадан туған текті ұл Лев Гумилевтің атын алған. Дәурен мен Танакөздің Едіге атты ұлдарының қалқиған құлағына қарап, халқымыздың біртуар композиторлары Шәмші мен Нұрғиса есімізге түседі. «Сәуегейлігіміз» ұстап, Дәурен мен Танакөзге Едіге де олар сияқты музыкант болады деп айтамыз. «Әзірге ондай талантын байқамадық» деп күледі Дәурен. Мейлі, ақындардың перзенттері қай жолды таңдаса да, жақсы адам болатындарына сенімдіміз. Алдарында ата-ана үлгісі тұрғанда, басқаша болу мүмкін емес...


 


 


 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ


 

Суретте: ортасында испан ақыны Хусто Хорхе Падрон ақындар шаңырағында қонақта; Дәурен мен Танакөз және ұлдары Едіге


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар