Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Амангелді Кеңшілікұлы. Батыстың соңғы классигі...

11.11.2023 3087

Амангелді Кеңшілікұлы. Батыстың соңғы классигі 14+

Амангелді Кеңшілікұлы. Батыстың соңғы классигі - adebiportal.kz

(Ағылшын жазушысы Джон Фаулздың «Коллекционер» романының жарық көргенінің 60 жыл толуына орай бірер сөз)  

Даңқы әлемге жайылған Джон Фаулз шығармашылық қабілеті өте күшті қаламгер. Ол өмір бойы ізденіп, өлең де, философиялық еңбектер де жазды. Ақыр соңында прозаға ден қойып, әлем әдебиетінің бестселлеріне айналған бес романды дүниеге әкелді.   Жазушының әр туындысы бір-біріне ұқсамайды, көтерген тақырыбы да, стилі де, оқиғаны шиеленістіру шеберлігі де, ситуацияны күрделендіру тәсілі де бірін-бірі қайталамайды. Суреткердің ең алғашқы  жарық көрген «Коллекционер» романы детектив сияқты оқылады.  «Сиқыршы» философиялық-эзотериялық, «Француз лейтанантының көңілдесі» викториандық роман тәсілімен, «Даниель Мартен» реалистік әдіспен жазылса, «Мантиссаны» постмодернистік туындылардың қатарына қосуға болады.  

Бұлардан бөлек Джон Фаулздың  «Қара ағаштан тұрғызылған мұнара» деп аталатын бес повестен тұратын шығармалар жинағы да  бар. Ақындықтың жолына түспегенімен, атақты прозаиктің кез келген жыр сүлейіне әжептәуір абырой әпере алатын жақсы өлеңдері де жетіп жатыр. Ойы терең, сезімі сергек суреткердің философиялық көзқарасы баяндалған еңбектері «Аристос» деген атпен жарық көрді. Ғажайып аудармашы және эссеист ретінде де ол оқырманға кеңінен танылды. Түрлі тақырыптарға түрен салған Фаулздың эсселер жинағын ел әрі қызығып, әрі сүйсініп оқыды.Тыным таппай ізденіп, көңіліне көп дүниені түйіп, инемен құдық қазғандай болып мол білімді бойына жинаған қаламгердің зияткерлігін тілге тиек етсек, таңды таңғы ұрып әңгіме соғуға тура келеді.    

Сөзіміздің шындығына көз жеткізгіңіз келсе, Фаулздың кез келген кітабын ақтарып көріңіз. Сіз одан сан-алуан философтар мен қаламгерлердің есімдерін жолықтырасыз. Ол өте білімді  әдебиеттанушы және саяхатшы да болды. Бүкіл Еуропаны шарлап шықты. Америкада да, таяу Шығыста да,  Африкада да болды. Реті келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, Фаулздың табиғатқа Құдайдай табынған биолог-натуралист болғанын да сөз арасында айта кеткіміз келеді. Сондай-ақ ол ғажайып бағбан да, әуесқой музыкант және киноман да болды. 

Бүгінгі таңда Джон Фаулз есімі культке, шығармалары бестселлерге  айналған - дүниежүзіне мәшһүр жазушы. Шығармашылықта жолы болған суреткер туындыларын жұрт ыстық ықыласпен, айрықша құштарлықпен оқыды. Кітаптары әдебиеттанушылардың қызығушылығын туғызып, оқылып қана қоймай, жан-жақты зерттеліп те келеді. Тіпті, Фаулздың шығармашылығын зерттеп жазылған диссертациялардың көлемі белгілі бір межеден асып кетті.  

Алғашқы жарық көрген «Коллекционер» романымен-ақ  ол миллиондаған оқырмандардың жүрегіне жол тауып, әлем әдебиетінің төрінен өзіне лайық орнын белгілеп алды. Содан бері алпыс жыл өтсе де оның туындыларын оқуға деген қызығушылық бір сәтке де толастаған жоқ. Идеясы тосын, оқиғасы шытырман,  кейіпкерлерінің іс-әрекеттері бір-біріне ұқсамайтын, нәзік психологизмімен сезіміңді арқандап, ойдың шыңырауына батыратын, ситуация жасау шеберлігімен еліктіріп, әңгімелеу сиқырымен баурап әкететін Фаулздың романдары кітап дүкендеріне түсе  салысымен тез өтіп кететін өз заманының бестселлері болды. 

ХХ ғасырдың төл перзенті болып, ХХІ ғасырдың басында дүниеден өткен жазушы бүгінгі таңда ағылшын бестселлерін дүниеге әкелген қаламгерлердің көшін бастап тұр. Белгілі жазушының әдеби ортада жиі-жиі тілге тиек етіліп, түрлі-түрлі пікірталас туғызып жататын  үш романы бар, олар - «Сиқыршы», «Француз лейтенантының көңілдесі» және «Коллекционер».  

Ойшыл суреткердің ең алғашқы, 1963 жылы кітап болып шыққан романы «Коллекционер» деп аталады. Алайда, бұл шығарма оның тырнақалды туындысы емес.  Қаламгер «Сиқыршы» деп аталатын романын жазуды бәрінен бұрын бастағанымен, «Коллекционерден» кейін аяқтады. «Сиқыршының» толғағы ауыр болып, оны жазу машақаты бірнеше жылға созылып кетті. Фантастика мен мистика мидай араласып кеткен, стилі де, формасы да мүлде жаңа, тыңнан түрен салған күрделі туындыны шынайы, әрі оқырман құмартып оқитындай ойнақы етіп жазып шығу оңай болмай шықты. «Сиқыршының» мәтінімен күні-түні жұмыс істеп,  қайта-қайта түзетулер енгізіп, өңдеу мен жөндеуден қажып кеткен кезде жазушы алғашқы шығармасын аяқтауды кейінге қалдырып, «Коллекционер» деп аталатын жаңа романын жазуға кірісіп кетеді. Бұл туындыны ол өте тез, шабыттанып бар-жоғы бір айдың ішінде жазып тастайды.  

Міне осы «Коллекционер» жазушының атын шығарған ең даңқты туындысына айналды. Роман шыға салысымен қолдан қолға тимейтін бестселлер болған туындылардың қатарын толықтырды. Сол жылдардағы «Бүгінгі заманғы ағылшын романы» деп аталатын жинақта Фаулз жөнінде «Алпысыншы жылдарда жарқырап көрінген ғажайып талант» деген сөздер жазылған. Мұндай сөздер алғашқы романы енді ғана жарық көріп, оқырманға енді ғана танылып жатқан жазушы шығармашылығына берілген өте жоғары баға. Содан бергі уақытта Фаулздың кітаптары бірнеше мәрте қайта басылып, ондаған тілдерге тәржімаланды, шығармаларының негізінде фильмдер түсіріліп, спектакльдер қойылды.  Қаламгер туындыларының мәтіндері елдің көңілін еліктіріп әкететін беллетристік сюжетке құрылғанына қарамастан, онда оқырманға ой тастайтын терең философиялық мағына  бар. Басқаша сөзбен айтқанда, Фаулздың шығармалары қызық сюжеті үшін ғана оқуға болатын туындылардың санатынан емес. Қайталап оқыған сайын сыршыл суреткердің прозасынан жаңалық тауып, ой қабатының тұңғиығында жасырынған жұмбағына тереңдей түсесің. 

Ол жазу мәнерін түрлендіруде, яғни, эксперимент жасауда, алдына жан салмаған модернистердің жұлдызды корифейі Джойстан да асып түсті. Тіпті, Джойстың қолынан келмеген экспериментке барып, үш түрлі аяқталуы болуы ықтимал (Француз лейтенантының көңілдесі)  роман жазып шықты.  Сонымен бірге Джон Фаулздың әңгімелеу техникасының бүкіл постмодернистік әдеби дәстүрге  өз әсерін тигізгенін де айтпай кетпеске болмайды. Дей тұрсақ та Фаулз еш уақытта да өзін әдебиеттегі жаңашыл бағыттың өкілі санаған жоқ. Қайта керісінше постмодернизмді жақтырмай, өзін ағылшын постмодернизмінің әкесі санағандарға тойтарыс беріп, бетін қайтарып тастап отырды. 

Эксперимент жасауға құмар болғанына қарамастан, ол әдеби дәстүрге, яғни, Гомердің, Дантенің, Шекспирдің, Диккенстің және тағы да басқа классиктердің рухани мұрасына арқа сүйеді.  Бүгінгі таңда жазушы туындылары зерттеліп қана қоймай, өте жақсы оқылып, мәтіндерінің негізінде спектакльдер қойылуда. Өмірден өтіп кеткенімен, артында қалған шығармалары адамзаттың ортақ игілігіне айналып, бізбен бірге жасап келеді. Біз Фаулздың соншалықты шынайы жазылған шығармаларын оқи отырып, ондағы адамгершілік пен зұлымдықтың, махаббат пен ғадауаттың, парасат пен надандықтың, тобыр мен тұлғаның күресі сипатталатын өмір шындығының еш өзгермегенін айнадан көргендей әсер аламыз. Міне, сондықтан да мұндай айтары көп туындылар  оқылып қана қойылмай, өзі өмір сүріп отырған қоғамның бет-бейнесін көрсеткісі келген режиссерлардың қызығушылығын туғызып, сахналанып, әлем театрларында қайта-қайта қойылып келеді. Осы тұрғыдан алғанда оны Батыстың соңғы классигі деп атасақ та болады. Өйткені, Джон Фаулздан кейін оның суреткерлік шеберлігімен бір қатарда тұруға лайық кесек талант Батыс әдебиетінде  жарқырап көрінген жоқ. Жазушының шығармашылық құдіреті туғызған кез келген туындысын оқырман іздеп жүріп оқыды. 

Әсіресе, «Коллекционер» романының жұлдызы жанып, алпыс жыл бұрын жазылғанына қарамастан оны сахналауға деген қызығушылық әлі күнге дейін толастаған жоқ.  Күні бүгінге дейін осы романның негізінде сахналанған спектаклдер әлемнің барлық театрларында қойылып жатыр. Фаулздың жазған романдарының бәрі киноға айналды. Мұның сыртында кітаптарының  сюжетін арқау етіп жазылған әндер де көп.  

Қысқаша қайырсақ, Джон Фаулз міне осындай әлемге әйгілі тұлға. Өте танымал, сегіз қырлы, бір сырлы талант.  Енді бір сәт ойшыл суреткердің өміріне де қысқаша тоқтала кетейік. Джон Фаулз 1926 жылдың 31 наурызында Ұлыбританияда Ли-он-си қалашығында дүниеге келді.  Әкесі мен шешесі кәсіпкер болды. Олар  жоғары мәдениетке – әдебиет пен өнерге аса қатты қызыға қоймаған жандар еді.  Ия, Фаулздардың үйінде кітаптар болды, бірақ Джонның  әкесі мен шешесі оны құнды дүние санамады.  Әкесі отбасылық бизнесін жүргізіп, сауда фирмасында жұмыс істеді. Шешесі үй шаруашылығымен айналысып, өзін бақытты сезініп, қандай да бір ұлы мақсатқа қолын созып, ұмтылған жоқ. 

Міне, осындай қарапайым отбасында ағылшын әдебиетінің мақтанышы Джон Фаулз дүниеге келді. Болашақ жазушының бала күнінен жаны құмартып сүйген бірнеше қызығушылығы болды. Біріншісі - спорт. Фаулз өте жақсы спортшы болды. Екіншісі жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдар. Әрине, бірінші кезекте ол әдебиет пен философияны ұнатты, алайда, табиғатты бәрінен де қатты жақсы көрді. Ол табиғатқа Құдайдай табынды. Орман кезгеннен, құстардың, көбелектердің тіршілігін бақылағаннан ләззат алып, жаны байыз тапты.  Фаулздың ең алғашқы мәтіні «Оқушыларға арналған этимология» журналына жазған мақаласы  болды. Ол мақаласында болашақ жазушы көбелектерге арналған тұзақты қалай жасап шығуға болатыны туралы жаңалығын баяндайды. 

Фаулз өте жақсы оқыды. Он екі жасқа толғанда  ол «Бэтфорд скул» деп аталатын білім деңгейі жоғары балаларға арналған мектептің стипендиясын жеңіп алды. Негізінен бұл мектеп-интернат  жасөспірімдерді мемлекеттік қызметке дайындау ісімен айналысатын.  Балалар бір жыл бойы мектепте оқып, жазғы демалыс кезінде ғана үйлеріне оралатын. Мектептегі білім беру деңгейі жоғары болды. Алайда, жабық мектеп болғандықтан онда оқушылар бір-біріне әлімжеттік жасап тұрды. Сондықтан да Фаулзға  ұзақ жылдар бойы сыныптастарының зорлық-зомбылығына төзіп, шыдауына тура келді. 

Жақсы оқуының арқасында ол мектепте зор беделге ие болды. Ұстаздары оны жақсы көрді. Спортпен шұғылданып крикет құрама командасының капитаны атанды, жеңіл атлетикадан жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, бірте-бірте ол кезінде әлімжеттік жасаған балаларға өзі күш көрсете бастады.  Джон Фаулздың балалық және жастық шағы өте ауыр жылдарға , 1939 жылы басталған Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне тап келді.  Бұл кездері ол «Бэтфорд скул» мектебінде білім алып жатты. Аталған  мектеп ауылдық жерде орналасқандықтан жазушы соғыс тауқыметінің зардабын сезінген жоқ. Әке-шешесіне бара жатқан кезде ғана ол неміс авиациясының салдарынан зардап шеккен елді мекендердің қандай аянышты күйге түскенін көзімен көрді.   

Жазғы уақытын ол соғыс кезінде әке шешесі қоныс аударған Пиплин ауылында өткізіп, азық-түліктен мұқтаждық көрмеді. Фаулз миллиондаған адамдарға қасірет шеккізген екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын аса қатты сезіне қоймады. 1944 жылы ол «Бэтфорт  скул» мектебін тәмәмдап, Оксфорд университетінің тегін білім алу стипендиясын иеленеді. Алайда, отаншылдық сезімі жанына тыныштық бермеген Фаулз фашистермен соғысу үшін майданға аттанғысы келіп, әскерге сұранады. Болашақ диверсанттарды дайындайтын әскери училищеге оқуға түсіп, әскери шенді де тез алғанымен жас жігіттің  майданға аттанып, фашистермен соғысқысы келген арманы орындалмай қалды. 1945 жылдың 8 мамырында Джон Фаулзға офицер шені берілген уақытта соғыс та аяқталды. 

Бірақ ол әскери өмірді қатты ұнатып қалды. Тіпті, әскери мансабын әрі қарай ілгерілетудің қамын қарастырып та қойған болатын. Алайда, достарының бірі «Джон саған білім алу керек. Әскер  ешқайда қашып кетпейді» деп оны ол ойынан айнатып тастады. Міне, осылайша 1947 жылы әдебиетке жаны жақын жиырма жасар Джон Фаулз  білім жолын қуып, оқуға түсті. 

Оксфорд университетінде ол француз және неміс тілдерін оқумен айналысты. Жаһан әдебиетін, әлемдік философияны зерттеді. Сол жерде жүріп француз экзистенциалистері Камю мен Сартрдың еңбектерімен танысып, идеяларын бойына сіңіріп, оны жаңаша түрлендірді.   Университетте оқыған жылдарында Фаулздың студенттік демалыстары да болды. Міне, осындай студенттік демалыстарында ол екі рет іссапарға шығып, Францияның оңтүстік аймақтарын аралады. Келесі студенттік демалысында ол орнитологиялық экспедициямен бірге Норвегияға барды. Ауа-райы жылы Франциядан кейін ол табиғаты қатал Норвегияны көріп, ұмытылмас әсер алды. Егер де «Сиқыршы» романын оқыған болсаңыз, онда Норвегияда Құдаймен кездесуді күтіп жүрген Хенрик Ньюгер атты кейіпкер бар. Бір сөзбен айтқанда Фаулздың өмірлік тәжірибесі шығармашылығында айшықты ізін қалдырды. 

Оксфордты тәмәмдаған соң ол Еуропаға аттанып біраз уақыт Пуатье университетінде дәріс оқиды. «Жолы болғыр жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» дегендей, сол жерде ол гректердің Сперсис аралындағы мектептердің бірінен ағылшын тілінің оқытушысы болып жұмыс істеуге шақыру алады. Міне, осылайша Фаулз өмірінде ұмытылмас әсерін қалдырып, шалқар шабыт сыйлаған екі жылын Сперсисте өткізді. Бұл елге ол жан-тәнімен ғашық болып қалды. Грек тілінен тәржімалағанда Сперсис деген сөз жұпар деген ұғымды білдіреді. Шындығында да бұл аралда жұпар исі аңқыған көптеген өсімдіктер өсетіндіктен ауасынан жаныңды жадыратып жіберетін һош иістің дәмі сезіліп тұрады.

Қарасаң көзің тоймайтын аралды Фаулз қатты ұнатып қалды. Жазушы осы аралда жүріп өзінің болашақ жары Элизабет Кристиді жолықтырады. Ол мектепте жұмыс істейтін бір оқытушының әйелі еді.  Екеуі бір-біріне ғашық болып қалып, бұрынғы  некесінен бір баласы бар Элизабет Кристи күйеуімен ажырасып Джон Фаулзға тұрмысқа шығып, ұзақ жыл екеуі бір шаңырақтың астында, тату-тәтті бақытты өмір сүрді. 1990 жылы Элизабет Кристи дертке шалдығып, дүние салып, Джон Фаулз екінші рет Сара есімді әйелге үйленеді. Орайы келіп тұрған мүмкіндікті пайдаланып, жазушының «Француз лейтенантының көңілдесі» романының бас кейіпкерінің аты да Сара екенін естеріңізге сала кеткім келеді. 

Екі жылын Грекияда өткізген соң ол Отанына қайтып оралады. Қатарынан бірнеше жоғары оқу орнында ағылшын тілі мен ағылшын әдебиетінен сабақ береді. Дәріс оқи жүріп, ол өзінің бойында Құдай берген талант бар екенін сезіп, жазушы болуы керек екенін түсінеді, қолына қалам алып «Сиқыршы» деп аталатын алғашқы романын жазуға құлшына кірісіп кетеді. Бұл туындының мәтінімен ол он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеді. Соңына дейін жеткізе алмай, қаламы жүрмей қойып шаршап, ол бұл шығармасын аяқтауды кейінге қалдырып, «Коллекционер» деген жаңа романын жазуды бастап кетіп, бір айдың  ішінде оны жазып шығады. Бұл кітап 1963 жылы жарық көріп, бірден қолға түспейтін бестселлерге айналды. 

Романның оқиғасы детективтік сюжетке негізделіп құрылғанымен, ойлы оқырмандар мен парасатты сыншылар бұл шығарманың көпшіліктің көңілін алдарқату үшін жазылған кезекті триллер емес, мағынасы терең туынды екенін жақсы түсінді. «Коллекционерден» соң жұрт Джон Фаулздың келесі шығатын кітабына қатты қызығушылық таныта бастады. Өз кезегінде жазушы да елдің көңілін қалдырған жоқ. Жазушының ең алғашқы жарық көрген «Коллекционерден» кейінгі романдарының бәрі де ел іздеп жүріп оқитын бестселлерлердің қатарын толықтырды. Джон Фаулз жан-жақты білімі бар зияткер жазушы. Ол тек мәдениетті ғана емес, сонымен бірге табиғаттың да тілін жақсы білді. Суреткер туындыларын оқи отырып, мұны айрықша сезуге болады. Осыған орай Джон Фаулздың прозасын салауатты адамның экзистенциализмі ретінде бағаласақ артық айтқандық емес. Мәселен, Сартрдың прозасында адамның жанын жабырқатып жіберетін дисгармония жиі кездеседі. Фаулзда мұндай атымен жоқ. Жазушының шығармашылығын тілге тиек етпес бұрын, Джон Фаулздың дүниетанымы мен эстетикасына да азды-кем тоқтала кетейін.  

Джон Фаулз кәсіби философ болған жоқ. Бірақ ол өте көп оқыды, тарихты, ежелгі заманғы, классикалық және бүгінгі заман философиясын жақсы білді. Өте көп оқығанымен, Джон Фаулздың дүниетанымына француздардың атеистік философиясы қатты әсер етті. Атап айтсақ, Сартрдың, Камьюдің және Симона де Бовуардың еңбектерін ол жан-тәнімен беріліп, сүйсініп оқыды. Баспасөзге берген сұхбаттарының бірінде ол өзін Камью мен Сартрдың кейіпкеріндей сезінетінін айтыпты. Шындығында да Фаулздың дүниетанымы экзистенциалистік идеяларға өте жақын болып келеді. Алайда Фаулз экзистенциалист философтардың көзқарасын сол күйінде көшіріп алмай, ондағы көп нәрселерді жаңаша түрлендіріп, толықтыра түсті.   Фаулз да Камью мен Сартр сияқты абсурд идеясын, яғни, әлемді танудың мүмкін емес екенін мойындайды. Елуінші жылдардағы хаттарында, күнделіктерінде ол өмірді түсінуін осындай жолмен өрнектейді. Ол шынайы өмірдің танылмайтынын, абсурдтығын жазады. Адамның білімі дегеннің білім емес, әлем туралы танымы екенін айтады. Біздің бәріміз де нағыз өмірде емес, жалған өмірде, яғни, аңыздар әлемінде тіршілік етіп жатырмыз. Біз діни, эстетикалық және ғылыми аңыздарда өмір сүріп келеміз. 

Мұның бәрі де бір жағынан экзистенциализмге ұқсайды. Бірақ бұл жерде өте бір маңызды дүние бар. Алпысыншы жылдардың басында Фаулз мақсаты айқындалған жазушыға айналған кезде  күнделіктерінде, «Аристос» атты кітабында өзінің дүниетанымын білдіру үшін абсурд емес, жұмбақ деген сөзді жиі қолдана бастайды. Әлемнің жұмбақтығы жазушы философиясының күретамырына айналады. Міне, осы ретте абсурд пен жұмбақтың арасында үлкен айырмашылықтың бар екенін айта кеткіміз келеді. 

Абсурд дегеніміз адамның ақыл-ойымен танылуы беймүмкін иррационалды әлем. Ал, жұмбақтың ақыл-оймен тануға болатын шешімі болады. Онда идея мен құрылым бар.  Уақыт өте келе Фаулз жұмбақ деген категорияны лабиринт ұғымымен толықтыра түседі. Жазушының «Француз лейтенантының көңілдесі», «Сиқыршы» романдарында лабиринт әлемінің бейнесі бар.   Фаулз үшін әлем дегеніміз ұшы-қиыры жоқ лабиринт. Бұл лабиринттің мақсаты мен мағынасы да бар. Бірақ оны тануға біздің ақылымыз жетпейді. Оны тек осы лабиринтті жасағандар ғана тани алады. Атеист болғанына қарамастан ол өзінің дүниетанымынан Құдайды алып тастамайды. Фаулз үшін Құдай дегеніміз нақты тұлға емес, әлемдегі заңдардың үйлесімі. Ол заңдарды ақырына дейін танып-білу мүмкін емес. Құдай мәңгі жұмбақ болып қалуға тиіс. Жаратушының жұмбақтығы танылған кезде ол адамға күш беретін қуат болудан қалады. Егер де әлем танылып, бүкіл сұрақтардың жауабы табылса мына дүниеде адамның қажеті болмас еді. Құдайдың құпиясы, адамның жұмбақтығы, әлемнің сыршылдығы біздің өмірімізді мағыналы етіп тұр. Құдайдың құпиясын іздеген Фаулздың романдарында жұмбақ көп. Егер де сіз «Сиқыршы» романын оқыған болсаңыз, шығарманың келесі бетінде оқиғаның қалай өрбуі мүмкін екеніне болжам жасау қиын. Бұл туындының әр беті жұмбаққа толы. Соған қарамастан Фаулздың кітаптарында танылуы мүмкін емес әлемді қандай да бір формулаға айналдырғысы келетін кейіпкер болады. Мысалы, «Коллекционер» романындағы Фредерик Клерк тап осындай кейіпкер. Фаулз да Камьюдың соңынан «біздің бәріміз де танылуы мүмкін емес, ғажайып әлемде өмір сүрудеміз. Дегенмен адам  нағыз өмірдегі өз тұжырымының кемел бола алмайтынына қарамастан әлемге мағына әкелуге тырысуы керек» деген сөздерді қайталайды. 

Фаулз өз туындыларында өмірден кейін ештеңенің жоқ екенін, өмірдің адамға бір-ақ рет берілетінін жиі айтады. Осыған орай ол өлімнің маңыздылығына ерекше тоқталады. Біздің өмірімізді құнды етіп тұрған бір-ақ нәрсе бар. Ол – өлім. Өлім біздің өмірімізге мағына бітіріп тұр. Сондықтан да адам баласының өмірден соң ештеңенің жоқ екеніне көз жеткізуі өте маңызды. Әрине біздің бәріміз де тәніміз өлгенмен, жанымыздың өлмейтініне имандай сенеміз. Алайда, Фаулз өлімнен соң ештеңенің жоқ екенін мойындаған кезде ғана өміріміздің мағыналы, мәнді әрі терең бола түсетінін айтады. Басқаша сөзбен тәпсірлесек, толыққанды өмір сүруге біздің өміріміз жетеді. Егер де біз қайта тірілетінімізге үміттенсек біздің өміріміз топас, еш мағынасы жоқ тірлікке айналады. Шындықты мойындау оңай емес. Алайда, өмірдің ақырының бар екенін мойындау адамның тіршілік етуіне зор қуат береді. 

Егер де сіз Альбер Камьюдің «Сизиф туралы аңызын» оқыған болсаңыз, онда ежелгі замандағы гректердің ақыны Пиндардың мынандай сөздері эссенің эпиграфы ретінде алынған. «Жаным мәңгілік өмірге ұмтыла берме, бірақ одан қажетті дүниенің бәрін алып қал». Яғни, мәңгілік өмірге ұмтылып, қиял әлемінде жүргеннен гөрі өзіңе тиесілі өміріңді толыққанды сүргенің әлдеқайда артық.  Фаулз өз сөзінде ажал алдындағы дәрменсіздігіміз бен өмірдің құпиясы бізге адамды тұңғиыққа батырып, тіршіліктен түңілдіру үшін берілмегенін айтады. Керісінше, мұның бәрінің де бізге өмірден өтер кезде өкінбеуіміз үшін берілген мүмкіндіктер екенін тілге тиек етеді. Атап айтсақ, мұның бәрі де бізді болмысымызды тереңірек тану, бүгінгі өмірімізге бізді қайтару үшін үшін беріліп отыр. Осыған орай Фаулздың тағы да бір терең ойының жұмбағына тоқтала кетудің маңызы зор.

Естеріңізде болса Жан-Поль Сартрдың адам адам болып тумайды, адам болып қалыптасады деген сөзі бар. Басқаша сөзбен айтатын болсақ, адам тіршілік ету барысында өзін-өзі таңдап, өзін-өзі жасап шығарады. «Өмір сүру дегеніміз – бостандықпен шынығу» дейді Сартр. Фаулз бұл идеямен толық келісе алмайды. Егер де Сартр мұрагерлік, бейсаналық дегенді жоққа шығарса, Фаулз оған аса сенімді емес.  «Коллекционер» романында ол бұл идеяға сыни көзбен қарайды. Әлбетте, Фаулз адамдық тұлғаны әлеуметтің ортаның қалыптастыратынын жақсы түсінеді. Біз жарық дүниеге келген сәтте қоғаммен бірге  бойымызға сол ортаның идеологиялық бағдарламалары енгізіле бастайды. Осыған орай қандай құндылықтардың шынында да менікі, ал, қандай құндылықтардың мен өмір сүрген ортаныкі екенін анықтайтын құндылықтар ревизиясын жүргізудің маңызы зор. 

Шындығында да біздің бәрімізді де қоғам қалыптастырады. Белгілі бір құндылықтарды бойымызға сіңіріп, санамызға біржақты ойлау жүйесін енгізеді. Джон Фаулздың негізгі романдарының бәрінде де бас кейіпкер өзінің әлем туралы, өзі туралы танымын қайта тірілткісі келетін күшпен бетпе-бет келеді.  Ол күш бас кейіпкерді зорлықпен оған таңылған мағыналар мен құндылықтарда азат етуге тырысады. «Коллекционердегі» Миранда, «Сиқыршыдағы» Алиссон, «Француз лейтенантаның көңілдесі» романындағы Сара Вудрафтар міне осындай кейіпкерлер. 

Фаулздың кейіпкерлері әлем туралы өздерінің жандарын жаралайтын жаңалықты ашу барысында психологиялық ауыр сынақтардан өтеді. Әрине бұл өте азапты, әрі қорқынышты сынақ. Бірақ бұл азаптың игілігі бар. Фаулздың көптеген зерттеушілері, оның көркемдік шығармашылығын - кейіпкерлері психологиялық элементтердің көрінісі болып табылатын, психиканың символдық кеңістігі ретінде қарастырады. Міне, осындай жолдар арқылы біз Фаулздың шығармашылық әлемін тануға жақындай түсеміз. 

Ұзын-сөздің қысқасы Фаулз не туралы жазады? Шығармашылығының негізгі тақырыбы не? Бірінші кезекте суреткер экзистенциалистік тақырыптарға баса назар аударады. Атап айтсақ ол бостандық, адам таңдауының жауапкершілігі, шынайы өмір сүру және өзін-өзін тану тақырыбы.  Фаулз бізге өте маңызды дүниені - өзіңнің шын мәнісінде нені қажет ететініңді білмейінше, азат емес екеніңді ескертіп, мұндай күйге ұшыраған адамның шын мәнісінде өмір сүріп жүрмегенін ескертеді. Сырттан таңылған құндылықтардан арылып, өзінің нағыз табиғатын тапқанда ғана адам шынайы өмір сүріп, азат бола алады. 

Өзін-өзі тану, бостандықтың жауапкершілігі идеясы Фаулзда оның эстетикасы мен саясаты деңгейінде айқын көрініс тапқан. Ол өзінің көркем мәтіндерін ерекше тәсілмен құрады. Фаулз  шығармашылығының ең маңызды эстетикалық қағидаты жазушы мен оқырманның шығармашылық тұрғыдағы үйлесімі. 

Жазушы мен оқырманның шығармашылық тұрғыдағы үйлесімі дегеніміз не? Фаулз шығармаларының бәрі де оқырманды мәтінді тануға тарту үшін жазылған. Ол ашық дидактикадан қашып, өзінің концепциясы мен идеясын оқырманға зорлап таңуға ұмтылмай, оны тек көрсетуге ғана тырысады. Кейіпкерге баға беруді оқырман еншісіне қалдырады. Ашық дидактика дегеніміз – тығырыққа тірейтін жол. Өйткені, ең құнды білім адамның жеке көзқарасы арқылы қалыптасады. Сондықтан да Фаулз мәтінтанудағы оқырман еркіндігін қолдайды.  Себебі ол өзімізді танумызға мүмкіндік беріп, жауапкершілігімізді қалыптастырады. Бір сөзбен айтқанда Фаулздың мәтіндері – бостандықтың кеңістігі. Жазушының мәтіндерін оқырманға арналған өте қиын психологиялық сынақ ретінде қабылдауға болады. 

Өз идеяларын жұмбақтамай ашық айтатын және оны оқырманға таңуға тырысатын Диккенс пен Толстойды  осы тұрғыдан алғанда Джон Фаулздың антиподы десек те болады. Мысалы, Толстой өз кейіпкерлерін шартты түрде жақсы және жаман етіп бөліп тастайды. Жақсыларының бәрін игілікке жеткізеді, жамандарының бәрін аяусыз жазалайды. «Соғыс және бейбітшілік» романын есіңізге түсіріп көріңіз. Бұл шығарманың ең жағымсыз кейіпкерлері Елена Курагина, Анатолий Курагин, Долоховтар не қаза табады, немесе мүгедек болып қалады. 

Бородино шайқасы кезінде Анатолий Курагиннің қалай аяғынан айырылатыны есіңізде ме? Наташа Ростованың басын айналдырып алғаны үшін міндетті түрде Толстой романның жағымсыз кейіпкері Курагинді жазалайды. Ол тіпті Курагинді өлтірмей, оны моральдық тұрғыда қорлайды. Яғни, Толстой бізге Пьер Безухов немесе Наташа Ростова сияқты өмір сүру керек, ал, егер де Курагин сияқты өмір сүретін болсаң Құдай сенің сазайыңды тартқызады дегенді ашық айтады. 

 Ал, Фаулз мұндай нәрселермен оқырманының сезімін қорламайды. Ол оқырманға ой еркіндігін сыйлайды. Оның оқырманы мәтінді туғызған автордың айтқанын екі етпей орындайтын құлы емес. Керісінше көмекшісі. Ол оқырманды автордың ойымен міндетті түрде келісуге тиіс құлдықтан азат етуге тырысады.  Осы мақсатын іске асыру үшін ол неше түрлі шығармашылық тәсілдерді қолданады.      Мысал ретінде жазушының «Коллекционерін» алайық. Бұл роман екі адамның күнделігі формасында жазылған. Біріншісі - маньяктың күнделігі, екіншісі оның құрбандығының күнделігі. Шығармада ешқандай да авторлық түсініктеме жоқ. Қандай да бір қорытынды жасауды автор оқырманға қалдырады. Бұл романда автордың дауысы жоқ, мәтінді өз бетінше түсіндіру еркі оқырманға берілген. Шығарманы оқу барысында сіз оқырман болудан қалып, мәтіннің мағынасын туғызушы авторға айналып кетесіз. 

Фаулз бұл романды бір айдың жазып шыққанымен, кейін оны қайта-қайта өңдеді. Бұл шығармада біз үйреніп қалған автордың дауысы жоқ. Романның бас кейіпкері шамамен отыз жастағы Фредерик Клегг есімді жігіт. Ол – шенеунік. Кеңселік қызметте ол қағазбастылық жұмыстармен айналысады. Бір күні ол лоторея ойнап, өте қомақты қаржы ұтып алады. Бұл ақшаға ол қала сыртынан үй сатып алып,  ретке келтіріп сонда тұра бастайды. Тап осы уақытта ол көркем өнер колледжінің студенті Миранда Грейді жолықтырып, жан-тәнімен оған ғашық болып қалады. Сүйген қызына гүл сыйлап, киноға шақырып, қырындаудың орнына Флег оны алып қашып, сатып алған үйінің жертөлесіне қамап қойып, сезімін білдіреді. Мұндайды көрмеген жас қыз шошып кетіп, қулыққа барып, неше түрлі айла-амалдармен қашып шығудың жолын іздестіреді. Ақыр соңында Флегтің үйінен қашып кетудің жолын таппаған Миранда суық тиіп, қатты сырқаттанып жертөледе қайтыс болады.  Ұрлаған қызы қатты ауырып жатқан кезде Фредерик Клегг жедел жәрдемді шақыруға асыға қоймайды. Ал, қыз өліп қалғанда қайғырған адамның кейпін танытады.  Фредерик Клеггтің іс-әрекетіне назар аударсаңыз, мінез-құлықтарының бәрін де ол өз өмірінде тамашалаған талғамы төмен, танымы таяз  көрермендерге арналған голивудтық фильмдерден қал-қалпында көшіріп алғанына көз жеткізесіз. Фильмдерде ойнаған актерлерге еліктеп ол да өліп қалған Миранданы жоқтап, қайғыруға тырысқанымен, бәрі де жасанды болып шығады. Іс жүзінде Фредерик Клегг жан-тәнімен сүйе де білмейтін, жүрегі қарс айырыла жаздап шынайы қайғыра да алмайтын - адам кейпіндегі құбыжық. Бір кезде ол Миранданың жертөледе отырып жазған күнделігін тауып алады. Өз күнделігінде Миранда өзін ұрлап әкеткен қарақшының қандай қорқынышты құбыжық екенін жан-жақты сипаттап жазған болатын. Өзі туралы шындықты оқығанда Флегтің қаны басына  шауып Миранданың мәйтін жойып жіберіп, өзіне жаңа құрбандықты іздестіре бастайды. 

Тұтқында отырған кезде Клег өз құрбандығының көңілін табу үшін Мирандаға көптеген киім-кешектер сатып алған болатын. Талғамы болмағандықтан Фредерик Клегг киім таңдай алмайтын. Сондықтан да ол әкелген ұсқынсыз киім-кешектердің бәрін де Миранда келген сәтте лақтырып жіберіп отырды. Миранда қайтыс болғанда Фредерик Клегг осы сатып алған киімдердің бәрі денесіне шақ келетін жаңа құрбандықты табудың жолын қарастыруға көшеді. Романды қарапайым детектив ретінде ғана оқып қоймай, бұл шығармадан өте терең, мәнді мағынаны көріп, туындының тұңғиығында жасырынған әлеуметтік астарды да аңғаруға болады. 

Шығарманың бас кейіпкері Фредерик Клегг дегеніміз кім? Шартты түрде алсақ ол мәдениеттен қол үзіп қалған, білімі шамалы, талғамы жоқ, танымы таяз болғанымен байлық пен билікке қол жеткізген надан адам. Мектепте жүргенде ол толып жатқан әдеби туындылардың ішінен бір-ғана шығарманы – «Ромео мен Джулеттаны» ғана оқыған. Әрине, мына болып жатқан оқиғада ол өзін Ромео сынды сезінеді. Ағылшын болғанына қарамастан ол Чарлз Диккенстің де, Селленджердің атын естімеген. Тіпті, қарапайым фразелогизмдерді білмейді. 

 Джон Фаулз өз романында шексіз билік пен байлыққа қол жеткізген надан адамның қоғамға, тіпті, әлемге зор қауіп туғызуы ықтимал екенін астарлап жеткізеді. Біз мұның жарқын мысалын Ресейдің бүгінгі өмірінен анық көріп отырмыз. Халқының саны 150 миллионға жететін табиғи байлығы да, жер асты байлығы да мол Ресейді гүлдендіріп, экономикасын дамытып, ұшпаққа жеткізе алатын қандай ғажайып тұлғалар бар. Соған қарамастан, бұл елдің билігі мәдениеті жоқ, білімі таяз диктатордың қолына тиіп қазір ол бүкіл әлемді қауіп-қатердің алдына әкеліп тіреп қойды. Әділіне жүгінсек, Украина халқының жеріне зорлық-зомбылықпен басып кіріп, өктемдігін көрсетіп жатқан бүгінгі Ресейдің «Коллекционер» романындағы Миранданы ұрлап әкетіп, өзіне бағындырғысы келген Фредерик Клеггтен қандай айырмашылығы бар?      Бұл романның әлеуметтік астары өте терең. Джон Фаулздың экзистенциалистерден басқа жақсы көрген Гереклит Эфесский деген сүйікті философы болды. Өз еңбектерінде ол адамдарды екі топқа бөлді. Бірінші азшылық топқа парасатты, рухани ақсүйектерді жатқызса, ас ішіп, аяқ босатқынынан басқа ештеңені ойламайтын көпшілікке - тобырды жатқызды. Біз бұл шығармадан екі түрлі адамның іс-әрекетін көреміз. Көпшілік топтың, яғни тобырдың өкілі Фредерик Клегг болса, азшылықтың, яғни, зияткерлік ортаның өкілі Миранда Грей. 

Дегенмен, Миранданың бойында да өз заманы мен өз тобының стереотиптері бар. Егер де Фредерик Клеггке назар аударсақ, оның да өзіне қажетті эстетикалық сұранысы бар екенін аңғарамыз. Ол да өз тұрғысынан сұлулықты көріп, оны бағалай біледі. Бір жағынан Фредерик Клеггті аса қатты жазғыруға да болмайды. Өйткені, ол да өз ортасының жемісі. Жетім болып өсіп, мінезі қатал апасының қолында тәрбиеленді. Адамдардан жылылық сезбеді. Жақсы білім де ала алмады. Міне осындай ауыр тағдырдың кесірінен ол адамға қиянат көрсетуге, зорлық-зомбылық жасауға бейім болып өсті. Алайда, Джон Фаулз өз кейіпкерін ақтап алуға ұмтылмайды. Ия, расында да бас кейіпкердің өмірінде ол иелік ете алмаған әлеуметтік қиындықтар болды. Бірақ ол жағдай оны жасаған қылмысына байланысты жауапкершіліктен босата алмайды. 

Бүкіл роман бойы Фредерик Клегг өз күнделігін оқитын адамдардың алдында, тап осылай істеуге мәжбүр болғанын айтып, қайта-қайта ақталады. Сөйтсек ол Миранда Грейді әкеліп қамайтын жертөлені дайындау үшін қып-қызыл шығынға батыпты.     Дей тұрсақ та Миранда Грей де моральдық тұрғыдан алсақ, сүттен ақ, судан  таза періште емес. Ол бір саты төмен тұрған, өзінен білімі аз  адамдарға мұрнын шүйіріп, менсінбей қарайды. Мәдениеті жоқ Фредерик Клеггті  қорлап, үнемі оның сөйлеу мәнерін, талғамын мазақ қылады. Ал, Фредерик Клегг болса осының бәріне үнсіз төзеді.  Уақыт өте келе Миранда Грей өзін ұрлап әкеткен қарақшының қылмысына түсіністікпен қарай бастайды. Өздерін азшылық топқа жатқызатын адамдар ылғи да тобырға менсінбеушілікпен қарайды. Романның соңына таман Миранда Грей «Құдайым-ау. Енді ғана мен оның қандай құбыжық ортада өскенін түсіндім. Оның осындай болуына менің де кінәм бар» дегенді айтады. 

Фаулз өз романында «Біздің бәріміз де әр түрлі болып туамыз. Ия, расында да азшылықтың  парасатты адамдары да, көпшілікке жататын тобырдың адамдары да бар. Алайда, тобырдың адамы өз бойындағы кембағалдықтан арылу үшін білім алуға мүмкіндік алмаса, екінші жағынан тобырдың адамдарына жек көрушілікпен қарайтын көзқарас өзгермейінше еш уақытта да адамдардың арасында түсіністік болмайды» дегенді айтады. Жұмбағы көп бұл романды әр адам өз бетінше түсініп, оны түрлі тұрғыдан бағалап, одан түрлі мағына табуы мүмкін. Романның «Коллекционер» деген атына назар аударыңыз. Шығарманың бас кейіпкері Фредерик Клегг көбелектерді ұстап алып, олардан концепция түзеді. Басқаша сөзбен айтсақ, ол тірі әлемнен классификация жасайды. Тірі, күрделі әлемнің сұлулығынан ол ләззат алмайды. Міндетті түрде ол мұндай сұлулықтың қандай да бір жүйеге енгізіп, бағындырып, ретке келтіргісі келеді. Миранда да оның жеке коллекциясындағы осындай көбелектердің бірі. Фаулз өз романында өмірдің осындай ғажайыбын өз ақылымызбен реттеп, қарапайым схемаға айналдыруға әрекет еткенімізде біз бұл әлемді құрдымға батырамыз дегенді айтады. Фредерик Клеггке тап осындай өлі әлемде, бәрі де ретке келтірілген әлемде, коллекция әлемінде өмір сүру өте қолайлы. Тірі Миранданың оған керегі жоқ. Сондықтан да ол жаны қиналып қайтыс болады. 

Фредерик Клегг «Мен айттым. Мен кеттім. Мен істедім» деген сыңайдағы өте қысқа сөздермен сөйлейді. Ал. Миранда бәрі де жүйеге келтірілген мұндай әлемде өмір сүре алмай, өледі. Өйткені, ол бейсаналы дүниелермен жұмыс істеп үйренген суретші. Романда өте маңызды символ бар, ол – көбелектің символы. Ал, көбелек ол адам жанының символы болып табылады. Грек тілінде жан мен көбелек сөзінің айтылуы бірдей. Осыған орай бұл романды бас кейіпкердің жанының өлуі туралы аңыз ретінде де оқуға болады. Миранданың қазасы – адам жанының шынайылығының өлгендігінің көрінісі. Ал, Фредерик Клегг оның жанын түсінбейді. Өйткені ол тобырдың рухани сұранысын қанағаттандыратын жаппай мәдениеттің бесігінде тербеліп өскен. Сондықтан да ол үнемі голливудтың фильмдерден үлгі алып, жаппай мәдениеттің өнімдерін өнеге тұтып келеді.

Тұтқында отырған Миранда өз бетінше әрекет етіп Фредерик Клеггтің білімін көтеруге тырысып көреді. Оған әдемі музыкаларды тыңдатады. Атақты суретшілердің альбомдарын көрсетеді. Адамға рухани ләззат сыйлайтын жақсы кітаптарды оқытуға тырысады. Алайда түк нәтиже шығара алмайды. Фредерик Клегтің баяғыда өліп қалған жанын тірілтуге бұл әрекеттердің ешқайсысы да септігін тигізбейді. Шынтуайтында, Фредерик Клегг пен Миранданың бір-бірінің жанын түсінуі мүмкін емес нәрсе. Миранда үлкен өнерді бар жан-тәнімен беріліп сүйетін суретші. Фредерик Клегг болса мұндай өнерді түсінбейді. Сол себептен де екеуінің арасында қандай да бір диалогтың болуы мүмкін емес. Романға тереңдей берсек, одан біз айтқаннан да  басқа идеялық мағыналар таба беруге болады. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар