Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Амангелді Кеңшілікұлы. Фолкнер мен Хемингуэй...

04.04.2023 1683

Амангелді Кеңшілікұлы. Фолкнер мен Хемингуэй 14+

Амангелді Кеңшілікұлы. Фолкнер мен Хемингуэй - adebiportal.kz

Өнердегі өз жолын тапқан жылдары Фолкнердің өмірінде тағы бір елеулі оқиға болып, ол Еуропаны көреді. ХХ ғасыр басында америка зияткерлерінің көбісі Еуропада тұрғаны белгілі. 1920 жылы бір ғана Парижде 50 мыңнан астам американдық болды. Американың атақты қаламгерлерінің бәрі Эрнест Хемингуэй да, Фрэнсис Скот Фицджеральд та, Эзра Паунд та Парижде тұрды. Хемингуэйдің «Сенімен үнемі бірге болатын мейрам» атты кітабына қарағанда Парижде тұрған америка қаламгерлерінің жағдайы жаман болмаған сияқты. Ішкендері арақ-шарап, жүрген жерлерінің бәрі той-думан мен қыз-қырқын.  

Өнер адамдарының басы қосылып, тіршілігі қайнап жатқан Парижге бір күні Фолкнер де келді. Болашақ жазушыда оны таныстыру мақсатында Гертруда Стайн мен Джеймс Джойстың атына жазып берген танымал тұлғалардың хаттары да болды. Бірақ, неге екені белгісіз, сол кездері аты шыққан қаламгерлердің бірде-біреуімен ол кездеспеді. Мүмкін прозада өз қабілетін әлі танытып үлгермеген талапкер атағы дүрілдеп тұрған суреткерлерге жолығудан қаймыққан да шығар. 

Парижде жүргенде Фолкнердің атақты «Улисстің» авторы Джеймс Джойспен кездескісі келгені бізге белгілі. Тіпті, ол модернистік прозаның мэтрін мейрамханадан көріп қалғанымен, жанына барып сөйлесуге бата алмайды. Ғажайып мүмкіндік туғанмен, өкінішке қарай, екі генийдің тарихи кездесуі болмай қалды. Әрине, бұған сәті түсіп тұрған мүмкіндікті пайдаланбаған Фолкнер кінәлі. 

Әрине, Фолкнер жайлы әңгіме тиегі ағытылғаннан кейін, Американың тағы бір ғажайып қаламгері Эрнест Хемингуэй жөнінде бір ауыз сөз  айтпай кете алмаймыз. 

Әлем әдебиеті тарихында суреткерлік шеберлігі бір-біріне тең келетін екі тұлғаның бір дәуірде өмір сүретін оқиғасы жиі кездеседі. Мысал, ретінде Гомер мен Гесиодты, Платон мен Аристотелді, Толстой мен Достоевскийді, Сартр мен Камюды келтіруге болады. Қазақ әдебиетінде де Аймауытов пен Әуезов сияқты конгениалды тұлғалар бір дәуірде өмір сүрді. 

Фолкнер мен Хемингуэй де тап осындай жазушылар болды. Олар бір-бірінің шығармашылық табыстарына қызғанышпен қарады. Көп жағдайда сыншылар екі суреткердің туындыларын қатар талдап, салыстыру жүргізіп жатады. Бір жағынан мұндай салыстырудың болуы заңдылық та.

Жазу мәнері бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі суреткер болғанына қарамастан, оларды байланыстыратын ортақ нәрселер көп. Екі суреткердің дүниетанымы мен  пенделік қызығушылықтарында да  ұқсастықтар бар. Екеуі де бірінен кейін бірі өмірге келді. Екеуі де кітап оқығанды, аңшылықты, балық аулағанды ұнатты.  Жасыратыны жоқ, екеуі де қатынқұмар болды. Екеуі де Пулитцер сыйлығын да, Нобель сыйлығын да алды. Арасына екі жыл салып екеуі де өмірден өтті. 

Жазу мәнері бір-біріне мүлде ұқсамайтын ХХ ғасырдың екі ұлы суреткерінің кейбір шығармаларында үндестік те бар. Мысалы, Фолкнердің «Аю» мен Хемингуэйдің «Шал мен теңізі» бірін-бірі толықтырып тұрған ғажайып туындылар. «Шал мен теңіздегі» Сантьягоның адамды жеңу мүмкін емес деген ойын Уильям Фолкнер Нобель сыйлығын алған кездегі сөйлеген сөзінде қайталайды. Екі шығармада да табиғатпен бетпе-бет қалған кейіпкерлердің тағдыры суреттеліп, адам мен табиғаттың байланысы ақындық шабытпен жырланады. Фолкнердің аюы да, Хемингуэйдің алып балығы да Табиғат-Ананың бірегей құбылысы. Екі шығармада да адам зұлым күштерге қарсы тұрады. Бала Айку Маккаслин мен Сантьяго шалдың бойында күрескерлік құдіретпен бірге Құдайға мойынсыну мен жанашырлық сезім бар. 

Екі суреткердің шығармашылығындағы ұқсастықты салыстырғанымызбен, Хемингуэй өз стилін 1920 жылдарға дейін қалыптастырып, одан кейін оны өзгерткен жоқ. Ал, Фолкнер болса өмір бақи эксперимент жасап, стилін жаңартып отырды. Батыл-батыл эксперименттерге барды. Осыған орай мынандай бір қызық оқиға болған. 

1947 жылы Фолкнер Миссисипидегі университетте дәріс оқыған кезде студенттер одан «Сіз Хемингуэйге қалай қарайсыз?» деген сұрақ қояды. Фолкнер бұл сұраққа «Менің ойымша ол эксперимент жасаудан қорқады. Сондықтан да ол оқырманды ойландыруға мәжбүр ететін күрделі сөздерді қолданбайды» деп жауап береді. 

Риясыз сұхбаттасу барысында айтылған Фолкнердің пікірін біреулер газетке жариялап жібереді. Хемингуэй прозадағы бәсекелесінің өзі туралы айтқан пікірін бетіне түкіріп жібергендей ауыр қабылдайды. Осыдан кейін Хемингуэй өзінің майдандас досын Фолкнерге хат жазып, онда қандай қанды қырғын шайқастарға қатысып, ерлігі үшін қандай марапаттар алғанынан оны хабардар етуін өтінеді. Досы өтінішін орындап, хат жазып оны Фолкнерге апарып береді. Бірақ, Фолкнер бұл мәліметтердің бәрін Хемингуэйдің майдандас досының не себептен тізіп бергенін түсінбей, таң қалады. 

Хемингуэй сол кездерде әйелімен ажырасып өз өмірінде ауыр сынды басынан кешіп жатқан еді. Жүйкесі сыр берген Хемингуэй тіпті оны дуэльге де шақырады. Фолкнер кешірім сұрамағанымен, бәрін түсіндіріп, жанжал отының одан әрі өрістеуіне жол бермейді. 

Енді мына бір қызыққа назар аударыңыз. Хемингуэй ұзақ жылдар бойы Парижде, жаңалыққа жаны құштар модернистердің қайнаған ортасында өмір сүрді. Соған қарамастан ол жұрт сүйсініп оқитындай модернистік проза жаза алған жоқ. Ол таңғажайып реалист жазушы болды. Бірақ ылғи да ол жұртқа модернист жазушы болып көрінуге тырысты. Модернистік прозаның ең ірі өкілі Джеймс Джойсты ұстазы санап, «Улисті» мақтап, бұл романның өз өмірін өзгертіп жібергенін айтудан ешқашан жалықпады. Хемингуэй қайтыс болғаннан кейін оның үйінен «Улис» романы табылып, ұлы жазушының бұл романның тек бас жағын ғана оқығаны анықталады. Шамасы романды соңына дейін еңсеруге Хемингуэйдің шыдамы жетпеген. 

Фолкнер де Еуропада болғанымен модернист жазушылардың бірде-біреуімен араласқан жоқ. Бірақ соған қарамастан жаңашылдықтан қорықпайтын жазушы модернистік прозаны майын тамызып жазды. Осы тұрғыдан алғанда Фолкнер тек Американың ғана емес, әлем әдебиетінің ұлы суреткерлеріне модернистік проза жазудың жаңа үлгісін көрсеткен гений.  Әрине, ол Джойсқа, қалыптасып үлгерген модернизм дәстүріне арқа сүйейді. Дей тұрсақ та ол Джойсты пір тұтып, «Улисс» романын жер көкке сиғызбай мақтаған жоқ. Бір сөзінде ол Джойсты оқуға тісі батпағанын айтып, ақталғандай да болады. 

Бірақ Фолкнер дүние салғаннан кейін оның үйінен де «Улисс» романы  табылады. Ол бұл романды әр бетін мұқият астын сызып тұрып оқыпты.  Романның сызылып оқылмаған жері қалмағанына қарағанда Фолкнер «Улисті» өте терең түсінген.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар