Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Амангелді Кеңшілікұлы. Толстой мен Достоевский...

10.04.2023 3200

Амангелді Кеңшілікұлы. Толстой мен Достоевский 14+

Амангелді Кеңшілікұлы. Толстой мен Достоевский - adebiportal.kz

Теңіздей толқыған орыс әдебиетінің көркемдік табиғатына назар аударсаңыз екі үлкен ағыстың қозғалысын байқар едіңіз. Біріншісі - кейіпкерлердің дүниеге және адамға байланысты психологизмін тереңдете түсу арқылы оқырманға ой тастаса, екіншісі жан сарайымызда жасырынған құпиямызға үңіле отырып, санамызға қозғау салады. Алғашқысын - Лев Толстой шығармашылық шеберлігімен кемеліне жеткізсе, екіншісі - Феодор Михайлович Достоевскийдің туындыларында мазмұндалып, айқын көрініс тапты. 

Толстой шығармаларында санасы ояна бастаған ақсүйектердің психологиясы, жалғыздық дертімен арпалысқан күйзелісі, өлім өткелінің алдындағы драмасы жан-жақты ашылса, Достоевский романдары арқылы біз бағытынан адасып жолайрықта қалған басқа Ресейдің тағдырын, қоғамнан аласталған «бейшара жандар», «жәбірленгендер мен жапа шеккендердің» қасіреті мен қайғысын, түнектен жол таба алмай адасқан шақтағы жандарын кемірген жұмбақ сауалдарын тани түсеміз.           

Достоевский кейіпкерлерінің бәрі шетінен сүйкімсіз болып келеді. Бірақ сол адамдардың тағдыр-талқысында жаншылған өмірін көріп, бейнеттің шөл даласында қиналған азабына куә болғаныңызда, жаңағы сүйкімсіз кейіпкерлердің қалайша сенің ең жақын рухани сырласыңа айналып кеткенін байқамай қаласың. Ой азабына салып, көңіліңе тыныштық бермей жүрген күрделі сұрақтардың жауабын тапқандай қуанып, жазушы кейіпкерлерімен бірге рухани тазарудың от көпірінен аман өтіп, ауасы жоқ бөлмеден сытылып шығып, даланың керім самалымен тыныстағандай әсер аласың.        

Кемеңгердің өмірлік дүниетанымын қорытындылаған соңғы туындысы «Ағайынды Карамазовтарды» қайта оқып шығып, тереңіне тағы бір бойлағанымда осы шығармадан түйген ойымның растығына еш күмәнім қалмады, шығармадағы Құдайды іздеген әр кейіпкер, мейлі, ол Зосима шал, ағайынды Карамазовтар немесе Грушенка мен Екатерина болсын, қайтадан маған жан сырын ақтарып, басқа ешкімге айтпаған құпиясын тағы да менімен бөліскендей болды.    

Қаптаған кейіпкерлердің көптігіне қарамастан, олардың ешқайсысы да романның көркемдік табиғатына көлеңкесін түсіріп жатқан жоқ, қайта керісінше, жазушы көтерген тақырыптың кілтін табуға себептесіп тұр. Сол көп кейіпкердің біреуін ойша алып тастасаңыз, барлық ықыласыңды ағызып әкеткен көңілдің тасқыны баяулап, бояуы көмескі тартып қоя бергендей әсер қалдырар еді. 

Шығармаларының құлақ күйін келістіру үшін Достоевский басқа жазушылардай оқиға мен образ іздеп аса қиналған жоқ. Түрмеде болған жылдары олардың бәрін жазушыға өмірдің ащы сыйының өзі тарту етті. Романдағы кейіпкерлердің көбісін ол өмірден алды. Мысалы, әкесін өлтірді деген айыппен сотталып, кейін туған бауыры жасаған қылмысын мойындаған соң жазадан босатылған, жазушымен бірге түрме тауқыметін тартқан офицер Ильинский романдағы Дмитрий Карамазовтың түпбейнесі болып табылатынын жұрттың бәрі біле бермеуі де ықтимал. Бәлкім сондықтан ба екен, өмір тауқыметін шығармашылық шеберханасының терезесінен ғана бақылаған жазушылардан гөрі, қатал тағдырдың сыбағасы молынан бұйырған Достоевскийдің дүниелері сенің жаныңа қаттырақ әсер етеді.        

Солай бола тұрса да біздің бұл келтірген дерегіміз Достоевскийдің ең көлемді және әлемдегі саусақпен ғана санарлық ең ұлы туындыларының қатарынан ойып тұратын алатын орны бар «Ағайынды Карамазовтар» романын реалистік әдебиеттің құрсағынан шыққан шығармалардың қатарына жатқызуға себеп бола алмайды. Реализм мектебінің өкілдеріндей шығарманы дәл өмірдегідей шындыққа етене жақындатып суреттеуге ол еш уақытта да ұмтылған емес.           

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Кемеңгер Достоевский біздің әдебиет сыншыларымыз түсіндіріп жүргендей реалист жазушы болған жоқ. (Бізге дейін бұл жаңалықты «Достоевскийдің дүниетанымы» деп аталатын көлемді зерттеуінде әйгілі философ Николай Бердяев ашты) Әрине, орыс кемеңгерінің кейде өзін реалист жазушылардың қатарына жатқызғанды ұнатқаны, өз шығармаларын нағыз өмірдің реализмі санағаны.. бәрі-бәрі ақиқат. Бірақ солай бола тұрса да шығармаларының көркемдік табиғатын ой танымының сүзгісізінен өткізген мына біз, өзін реалист жазушы санаған Достоевскийді сол мектептің өкіліне жатқыза алмаймыз, бәрібір.          

Тұрмыстық шындықтың сыртқы көрінісін шынайы етіп кескіндеуге ол аса мән берген жоқ. Өнерді өмірден көшіріп сүгіреттеген және сол үшін реалистік бояу іздеп, тыным таппай шығармашылық ұстаханасында формамен және стильмен жұмыс істеген Флобер немесе Толстойдың суреткерлік талантына тән шеберлікті Достоевский туындыларынан табу қиын. Ол жазған шығармаларында стильге де, формаға да аса қатты көңіл бөлмеді. Нақтырақ айтсақ ондайды ойлауға жазушының мұршасы да болмады.         

Ағылшын жазушысы Сомерсет Моэмнің дәл байқағанындай жұрт мақтап жүрген ұлы жазушының шығармаларында бір романнан екіншісіне өтіп жатқан, бір-бірінен айнымайтын, кемеліне жетіп толыспаған кейіпкерлер көп. Мысалы, «Нақұрыс» романындағы князь Мышкин «Ағайынды Карамазовтардағы» Алешадан тек қояншық ауруы бар болғанымен ғана ерекшеленсе, «Албастылардағы» Ставрогиннің мінез-құлқы «Залал мен зауалдағы» Свидригайловтікіне егіз қозыдай ұқсас, «Ағайынды Карамазовтардағы» Иван болса «Залал мен зауалдағы» Раскольниковтың біршама күрделенген бейнесі ғана ма деген ойға қаласың.           

Әйелдердің портреттерін де Достоевский кемеліне жеткізіп жазып шыға алмады. «Ойыншыдағы» Полина Александровна мен «Албастылардағы» Лизавета, «Нақұрыстағы» Настасья Филлиповна мен «Ағайынды Карамазовтардағы» Грушенка мен Катериналар бір-бірінен асығыс көшіріп алына салынған, іс-әрекеттерінің шыншылдығы оқырманды сендірмейтін көркем образдар болып табылатынын бізге дейін де талай сыншылар байқап, әңгіме қылған.         

Достоевский шығармаларындағы көркемдік шеберлікті Толстойдың кемеліне жеткізген суреткерлік талантымен салыстыру, қалай болса солай салынған Алматының үйлерін, көркіне көз тоймайтын Праганың әсем сәулетімен ойша теңестіргенмен пара-пар әбестік болар еді.          

Толстой суреткерлік шеберліктің шыңын бағындырған - ұлы жазушы. Оған дейін де, кейін де орыс әдебиеті «Севастополь әңгімелері», «Отбасы бақыты», «Соғыс және бейбітшілік», «Анна Каренина», «Арылу» мен «Қажымұрат» туындыларындағыдай суреткерлік құдіреттің биігіне шыға алған жоқ. Қаламының сиясы таусылғанша мәтінмен жұмыс жасап, өзі түгіл әйелін де шығармасын қайта-қайта көшіртуден зорықтырып жіберген Толстой әр детальдың шынайы және өмірдегідей шыншыл болып өрнектелуіне аса зор мән беріп, бір жазғанын мың мәрте өзгертіп, шығармашылық шеберханасында тер төгіп, күні-түні тыным таппай еңбек етті. Жазушы кейіпкерлерінің бәрі де бірін-бірі қайталамайтын бейнелердің - бірегей галереясы. Бір топырықта туып, бір ауамен тыныстаған Нехлюдов пен Иван Ильичтің, Балконский мен Левиннің бір-біріне ұқсамайтын адамдық тағдырлары бар. Олардың жан әлемін мазалаған сауалдарында да рухани туыстық жоқ. Ажал алдындағы мінез-құлықтары да мүлде бөлек. Әрқайсысы өз бетінше бір-бір әлем. Мысалы, Балконский мен Иван Ильичтің өлім сағаты соғар алдындағы ойлары мен жан күйзелісінде ұқсастық бар деп айта аласыз ба? Жоқ. Әйтсе де «Қажымұратты» жиырма шақты рет қайта-қайта өңдеп жазып, ақыр соңында көңілі толмаған соң бәрібір жариялатпай тастаған қырсық Толстой мен мойнына алған бауырының қарызын тезірек төлеп тастау үшін жанталасып, кірпіштің қалыңдығындай романдарын, соңынан жау қуып келе жатқандай жылдамдықпен жазып, әлі сиясы кеппеген қолжазбасын қайта оқып шығуға да шамасы келмей баспаханаға қарай жүгірген Достоевскийдің шығармашылық мүмкіндіктерін салыстыруға бола ма? Әрине, болмайды. «Қажымұратты» осыдан артық кемеліне жеткізіп жазу мүмкін бе еді? Жоқ, мүмкін емес. Бірақ Толстой мүмкін деп ойлады» деп Чеховтың айтқанындай Толстой суреткерлік қара сөздің барлық мүмкіндігін сарқып тауысып, әлемнің ұлы данышпандары аузының суы құрып мақтаған дүниелеріне көңілі толмай, шығармашылығын өмірге одан әрі де қалай жақындатарын білмей ой азабына тұншығып жатты. Ал, Достоевский болса...            

Ұлы Толстойда әйелдердің образы да шықтай таза шынайылықтың жібімен кестеленген. Суреткер шығармаларын қайта оқып көріңізші. Әйел әлемінің ішкі қайшылығы, психологиялық портреті қандай асқан шеберлікпен ашылған. «Отбасы бақыты», «Соғыс және бейбітшілік» немесе «Анна Каренинадағыдай» әйелдердің күрделі табиғатын жеріне жеткізіп суреттеп, жан-жақты ашқан Толстой шығармашылығымен бәсекеге түсе алатын жазушыны сіз айтпасаңыз, мен білмеймін. Ең бастысы өмірдің сыңарындай болып әдебиет әлемнің табалдырығынан аттаған Толстой туындыларындағы оқиғаларға да, ситуация барысында ашыла түсетін кейіпкерлердің мінез-құлқының шыншылдығына да иненің жасуындай күман келтіре алмайсыз. Міне осы тұрғыдағы Толстойдың суреткер ретіндегі күшті қырының бірде-біреуі Достоевскийде жоқ. 

Әлемді мойындатқан ұлы жазушыларға қойылатын шығармашылық шеберліктің биік талабының өлшемімен бағалап Достоевский туындыларын сараласаң, олақ қатынның қолынан шыққан бұйымдардай бір кемшіліктен соң екіншісін таба бересің.    

Кейіпкерлердің мінез-құлқының ұқсастығын айтпағанда шығарманың кульминациясындағы олардың адамдық табиғаты ашылуға тиіс іс-әрекеттерінде де аса үлкен айырмашылықтар жоқ. Жазушы романдарындағы әйелдердің бәрі де шетінен долы, ашушаң, жүрегі жоқ қатігез біреулер болып келеді. Еркектердің намысын таптап, қорлап, басынып сөйлеп, оларға билігін жүргізгісі келіп тұратын дөрекі әйелдердің мінезіне табиғилық пен шынайылық жетіспейді. «Нақұрыстағы» Варвара, некесін қолдамағаны үшін ғана ағасының бетіне түкіреді. («Ағайынды Карамазовтарда» Хохлокова ханым ақша сұрап келген Дмитрийге ірі көлемде қарыз беруден бас тартқанда, (Не үшін ол Дмитрийге қарыз беруі керек?) ашуға булыққан ол да тура қабылдаған бөлмесінің ішіндегі кілемнің үстіне түкіріп кетеді). Және осындай әйелдік қасиеттен жұрдай жүйкесі жұқарған жандарды ақыл-есінен айырылып сүйетін Рагожин сияқты дөкейлердің өмірде болатыны сізді еш иландырмайды. Өте сезімтал жазушы болғанымен, күйбең тіршіліктің қамытынан құтыла алмаған Достоевский әйелдердің күрделі табиғатын зерттемеген, аса жақсы білмейтін адам болып көрінеді маған. Мүмкін расында да Достоевскийдің өмір жолында оның романдарында суреттелетіндей бір әйел болған шығар. Бірақ шығармаларындағы әйелдердің образының барлығын да сол бір сүйкімсіз бикештің өмірдегі қалпынан көшіріп сипаттай беруін суреткерлік шеберлікке жатқызуға бола ма? Дүниені арайландырып, өмірлік шуағын шашып, әлемді нұрландырып тұрған әйелдердің қай-қайсысы да бір-бір жұмбақ құбылыс емес пе. Әрі нәзік, әрі күрделі болып келетін әйел құбылысының сан қырлы табиғатын Достоевский қалай байқамаған? Қалай?     

Әйелдердің болмысын терең білетін Толстой шығармаларын оқығанда олардың әр қайсысының өзіне ғана тән мінезін, өзіне ғана тән жан әлемін, тіпті, өзіне ғана тән жұпарын сезгендей көңіл-күйдің бесігіне бөленесіз. Балға бар жақсысын киіп келіп, кімнің оны биге шақыратынын білмеген Наташа Ростовамен бірге қобалжып, Анна Каренинаның құшағында балқығандай боласың. Суреткерлік шеберліктің қыры мен сырының тұңғиығына бойлаған Толстой әйел болып өмір сүріп, дүниеге әйелдің көзімен қараған ба, қалай?    

«Ағайынды Карамазовтардың» тағы бір үлкен кемшілігі, басқа шығармаларымен салыстырғанда зор зейінмен жазған Достоевскийдің ең ұлы романы бәрібір осыған дейінгі шығармаларында да жиі кездесетін көпсөзділіктің қамытынан құтыла алмаған. Буниннің дәл байқағанындай, керек болса да, керек болмаса да Достоевскийдің өз шығармаларына Ғайсаны тықпалай беруінің оқырманын жалықтырып жіберетін тұстары көп. Өте көп. 

Достоевский шығармалары туралы орыс жазушысы Владимир Набоковтың айтқан сындары да ақиқаттың ауылынан алыс жатқан жоқ. Расында да «Залал мен зауалдағы» адам өлтірген қылмыскер Раскольников пен жезөкше Соня Мармеладованың бар ынтасымен Інжілге зейін қоюы бізді аса иландырмайды. Достоевский болса қайтеміз? Мын жерден шыншыл етіп суреттеуге тырысса да біз бәрібір адам өлтіруші мен жезөкшенің арасында Құдайдың рухани дидарын тануға байланысты бір ортақ сезімдердің болатынына сене  алмаймыз. Раскольниковтың адам өлтіру үшін психологиялық тұрғыдан қалай дайындалғаны тәпіштеп суреттелгенімен, Соняның өз кәсібімен қалай айналасқанын көрсететін бірде-бір деталь жоқ, шығармада. Айта берсек Достоевский туындыларындағы кездесетін кемшіліктерден аяқ алып жүру қиын. Өте қиын.

Достоевский шығармаларындағы кемшіліктерді тізіп кеткен мына бізге ойлы оқырманның «әлемдегі ғұламалардың талайы табынған ұлы жазушының шығармашылық ерекшелігі сонда неде?» деген заңды сауалды қоюға әбден қақысы бар. Және әңгімеміздің басында «Ағайынды Карамазовтар» романын әдебиеттегі ең ұлы туындылардың қатарына жатқыза отырып, сүйегі баяғыда топыраққа айналып кеткен жазушыға соншама шүйліккен біздің бұл әрекетімізді оқырманның қалай қабылдарын білмей дал болып жатқанын да жақсы түсінеміз.      

Әрине, дәстүрлі сынымыздың тәрбиесінен шыға алмағандықтан, ұлылық құбылысын аяғын жерге тигізбей жаппай мақтай берумен өлшейтін, суреткерліктің күрделі табиғатын танудың басқа жолын білмейтін оқырманды ол үшін жазғырғымыз да келмейді. Алайда жазушының шығармашылығынан көл-көсір кемшілік таба отырсақ та, біз о бастағы Достоевскийдің ұлы жазушы екенін мойындаған ойымыздан айнымақ емеспіз.     

Ұлы жазушылардың шығармашылық ерекшелігін ғана байқап, кемшілігіне назар аудармау суреткердің күрделі табиғатын танудың жалғыз дұрыс жолы емес. Өкінішке қарай Толстой мен Достоевскийге табынатын әлем әдебиетіндегі екі мектептің өкілдері, өз жазушысына шаң жуытқызбай екіншісінің кемшілігін ғана санамалап, оқырманды әбден адастарып жүр. Міне, осы тұрғыдан алғанда біз орыс жазушысы Владимир Набоковтың байқаған сындарында шындық бар екенін мойындағанымызбен, «Достоевский ортанқол жазушы болды» деген сыңайдағы пікірімен үзілді-кесілді келіспейміз. Дәл сол сияқты Толстойдың міні жоқ суреткерлік талантына табынғандардың ұлы жазушыға шаң жуытқысы келмеген әрекеттері де кемеңгердің шығармашылық әлемін тануға жол ашады деп ойламаймыз. 

Әрине, әрі қарай да қаза берсек Достоевскийдің суреткерлік шеберлігінен әлі талай кемшілікті табуға болады. Бірақ соған қарамастан оның шығармашылығында Толстойдың бойында атымен кездеспейтін көріпкелдік қасиет бар. Алдағы келе жатқан төңкерістің адамзат баласына қандай зардап шеккізетінін суреткер Толстой емес, ойшыл Достоевский көре білді. Қайта Толстой керісінше көрсоқыр адамдай сол төңкеріспен әуестеніп кетті. Пролеттариат көсемі В.И.Лениннің «орыс төңкерісінің айнасы» деген сөзді Толстойға қаратып айтқанын есіңізге түсіріп көріңізші. Шығармашылық ғұмырын қарапайым халықтың тағдырын жырлауға арнағанына қарамастан пролетариат көсемі дәл осындай мағынадағы сөздерді Достоевскийге қаратып айта алмас еді. Өйткені Достоевский халықтың санасын тұмандандырып жіберген төңкеріс идеясымен ауырған жоқ, қайта сол «ұлы төңкерістің» адамзатқа тартқызатын қасіретін асқан көрегенділікпен жазды. Ал, бойында бүлікшілдіктің қаны қайнаған Толстой болса, кімге сенерін білмей бағытынан адасқан халықты одан бетер шатастырып, жалынды сөздерімен қайта-қайта төңкеріске шақырды.      

Орыс философы Бердяевтың дәл байқағанындай Толстой еш уақытта да рухтың төңкерісшілі болған емес. Бірақ соған қарамастан ол орыстың барлық тарихи дәстүрі мен тарихи құндылығына қарсы шықты. Өшпенділіктің қаһарлы бұлтын төндіріп, тарихи шіркеу мен тарихи мемлекеттікті жоққа шығарды. Әлемдік мәдениеттің өзара ықпалдастығын қаламады. Киелі және құндылықты дүниелердің бәрін қиратушы көзқаманға айналды. Барлық жақсы жағы қалыптасқан ортаның суреткері болған Толстой төңкеріс қасіретінің қайда апарып соқтыруы ықтимал екенін терең таразылай алмады.  

Сол заманда өмір сүрген ақсүйектік ортаның жақсы қасиетін бойына сіңірген жазушылардың бәрі де халықтың жанын түсінуге тырысты. Адамдық абыройы тапталып, тіршілік тауқыметінің астында жаншылған халыққа қалай көмектесерін білмей, олардың алдында өздерін күнаһардай сезінді. Әділетсіз билікті төңкеріп тастаса бәрі қалпына келіп, жұмақ орнайтынына сенгендердің қатары жылдан-жылға көбейе түсті. Орыс халқының алдыңғы қатарлы ұлдары Белинский, Чернышевкий, Добролюбов, Толстой.. бәрі де шетінен төңкерісшіл реакционер болды. Бүлік бастап билік басына келетін мәдениетсіз тобырдың ең алдымен өздері сияқты халықтың саналы азаматтарының басын шабатынын олар түсінбеді. Қасіреттің қан сорпасына шомылған Достоевский болса төңкерісшіл-жазушылардан іргесін аулсақ салып, адамзат баласын қан жылататын төңкеріс дауылының соға бастағанын және оның бүкіл әлемге қандай қасірет әкелетінін көрегенділікпен болжап, әулиелік жасады.  

***   

Достоевский шығармашылығы рухани болмыстың тереңгі қабатын зерттейді. Өмірдің шындығына аса үйлеспейтін жазушы романдарының ішкі табиғатынан суреткерлік шығармашылықтан бөлек, басқа бір шындықтың оты ұшқындайды. Өмірді реалистік тәсілмен суреттеуге ұмтылмаған Достоевский туындыларында адамның рухани тереңдігі мен пенде баласының рухани тағдыры шыншыл болып келеді. Ол Толстойға қарағанда халық өмір сүріп жатқан идеялардың әлемін шыншыл етіп суреттейді. 

Толстой ұлы суреткер болғанымен, кемеңгерлік қасиеттен жұрдай еді. Құдай туралы терең ойларға батқанымен, нашар теолог болған ұлы жазушының өнер туралы танымы да тереңдігімен даралана қоймады. Басқасын айтпағанда ұлы суреткердің шығармашылығы жайлы ыстық ықыласпен бар махаббатын төгіп іргелі еңбек жазған Ромен Ролланның өзі оның бойында болған осындай кемшіліктерді байқап, жұрттан жасыра алмаған-тұғын. 

Мысалы, граф Толстой шығармашылықтары ұлы құрметке лайық Ибсен мен Бетховенге қатты шүйлікті. Шекспир «суреткер болған жоқ» дегенді айтуға дейін барды. «Өнер дегеніміз не?» деген еңбек жазған Толстой шын мағынасындағы өнердің не екенін таразылай алмай, әбден шатасты. Бойындағы әділетсіздікке қарсы долданған бүлікшілдіктің дауылын баса алмаған ол жалғандыққа қарсы шығамын деп ойлап, өнердің орманында адасты. Сондықтан да Пювиз де Шаванна, Манэ, Беклин, Штука, Клингерлерді декаденттердің қатарында араластырып айтты; Микеланджелоны жек көрді, адамның жанын көрсеткісі келген суретшілерді айта келіп Рембрандт туралы жұмған аузын ашпады.    

Толстой музыканы бір адамдай жақсы түсінгенімен, оны мүлде білмеді. Адамның күлкісін келтіретін танымымен жұртқа мазақ болды, ақыры. Рихард Штраус пен Брамсты бір қатарға қойып, ұлы композитор Бетховенге тиісті, «Зигфридтің» бір көрінісін, оның өзін кешігіп келіп көріп ұлы композитор Вагнер туралы «мұндай қойылымды шығарған автордан ештеңе күтпесе де болады, мұндай автор не жазса да жаман шығады» деп далбасалады. 

Достоевский ұлы суреткер болған жоқ. Бірақ ол ұлы кемеңгер болды. Адам табиғатының күрделі болатынын Толстойға қарағанда ол тереңірек көрді. 

Әсіресе Достоевскийдің ақыл-ойының кемелдігі адамды таң қалдырады. Бұл жағынан ұлы жазушымен Қайта Өрлеу дәуірінің кемеңгері Шекспир ғана бір қатарда тұрып, таласа алатын шығар. Жұрт көп мақтайтын данышпан Гетенің ақыл-ойы да сөз өнерінде дәл осындай парасаттылығымен, кемелдігімен, тереңдігімен дараланбаған болатын. Достоевский идеясының тереңдігіне қызықпай, одан тек таңғажайып суреткерді көргісі келетіндер ұлы жазушының кемеңгерлік табиғатын еш уақытта да тани алмай өтеді. 

Кемеңгердің шығармашылығы Толстой мен Тургенев сияқты Ресейдің талантты ұлдары негізін қалап кеткен суреткерлік шеберліктің ұстаханасы емес. Ұлы жазушы суреткерліктен гөрі ойдың трагедиялық қозғалысына үңіліп, оның жолының қайда апаруы мүмкін екенін асқан көрегенділікпен болжады.    

Өмірінің соңында жазған ең көлемді туындысы «Ағайынды Карамазовтар» романынан Достоевскийдің рухын қандай ұстара сауалдардың тілгілеп, ой азабына тұншықтырғаны анық байқалады. 

Адам баласының санасы оянғаннан бері күресіп келе жатқан азаттық тақырыбы ұлы жазушы шығармашылығының күретамыры болды. Орыс халқының ұлы арманына айналған ол мұратқа қол жеткізудің төңкерісшіл-жазушылар ұсынған бүлік бастаудан басқа жолы бар ма? Міне осындай тынымсыз сауалдар жанына тыныштық бермеген Достоевский бейбастақтық пен бүліктің адам бостандығын тығырыққа әкеліп тірейтінін көрсету үшін «Ағайынды Карамазовтар» романын жазуға бел буды. Бостандықтың дәл осындай берекесіз соқпағы түптің-түбінде Құдай мен әлемді жоққа шығаруға әкеліп соқтырып, ақыр соңында азаттықтың тамырына балта шабатынын ол осы шығармасында жеріне жеткізіп жазды. 

Романдағы Иван Карамазовтың бейбастақтығы мен бүлігі – адам бостандығының берекесіз соқпағының ақыры. Бостандық өзін-өзі құртып тынады. Идеялық диалектика осымен аяқталады. 

Мәжбүрлік пен қажеттілік бостандықты түп тамырымен құртатын азаттық жолының ең ақырғы мекені. Шын мағынасындағы азаттық дегеніміз – Алланың ақ жолы. Ол жер бетіндегі әр халықты, тіпті, әр адамды бақытты ету мұраты жолында жалғаса беретін - мәңгілік майдан. Мәжбүрлеу жолымен халықты бақытты еткісі келіп, Құдайсыздық дертіне шалдыққан қоғам адамның рухани азаттығы мен діни сананың еркіндігін жоққа шығарып, дүниені дүркін-дүркін қайғы-қасіретке душар етеді. 

Ұлы жазушының адам бостандығының тағдырын ашудағы, әлемді танудағы ешкімге ұқсамайтын өз жұмбағы болды. Достоевскийдің жанын кемірген сауалдармен рухани туыстығы болмаған адам ол жұмбақтың кілтін таба алмайды. Жазушы көтерген мәселенің қаншалықты маңызды және күрделі екенін түсіну үшін Достоевский әлемімен тыныстап қана қоймай, онымен өмір сүрмек ләзім. «Бейшара жандар», «Өлі үйден жазылған хаттар», «Залал мен зауал», «Жәбірленгендер мен жапа шеккендер», «Албастылар» және әңгіме арқауына өзек етіп отырған «Ағайынды Карамазовтор» шығармаларындағы ойдың тұңғиығына тереңдеу арқылы біз күрделі ситуацияға ұшыраған шақтағы адам жанының ерекше құрылымын зерттей аламыз. 

Өмірінің соңында жазған «Жазушының күнделігін» оқығандар орысшылдық дертіне шалдыққан кемеңгердің ойын қабылдай алмаған болатын. Мен Достоевскийдің шындығын танығысы келгендерге кемеңгердің күнделігін емес, шығармаларын оқуға ақыл-кеңес берер едім. Күнделіктерінде ол жазған шығармаларындағыдай шыншыл бола алмады. Жалған ұлтшылдықтың шылауына шырмалып, орысшылдық сырқатына шалдығып жатты. Көрген қасіреті мен шеккен азабынан түйген ойын қорытындылаған шығармаларында ол керісінше орыс рухының метафизикалық қояншығын, өзгенің пікіріне құлақ аспайтын өзімшілдігін, мұратына жету үшін Құдайға қарсы бүлік шығарудан да қаймықпайтын имансыздығын, күпіну мен жындануға бейім тұратын бүкіл ауруын ашып берді. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар