Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Аманхан Әлімұлы: «Біздің қасіретіміз – ақын болып ...

18.03.2017 7811

Аманхан Әлімұлы: «Біздің қасіретіміз – ақын болып туамыз да, ақын болып өле алмаймыз»

Аманхан Әлімұлы: «Біздің қасіретіміз – ақын болып туамыз да, ақын болып өле алмаймыз» - adebiportal.kz

Кез келген шығармашылық – алдымен жауапкершілік пен арлылық.Оның бастауы – Иман. Ал, осы қасиеттер шығармашылық – лирикалық «менге» жол ашып, адами-азаматтық мен, менмендікке, кеудемсоқтыққа ден алдырмайды. Бастысы осыны ұмытпа. Қалғаны әуелі талант, сосын еңбек, ізденіс, біліммен келеді. Енді, прозаның да, поэзияның да негізгі көрсеткіштерінің бірі – тіл көркемдігін жетілдіруің керек. Тіл көркемдігі поэзиядағы поэтикалық тіл, образ, музыка (ТОМ), яғни, саздылыққа бастайтын бірден бір жол. 

 

***
 

Нағыз ақындардың өлеңдері – ЖҰМБАҚ әрі ҚҰПИЯ, олардың түбіне жете алмай қайта-қайта оқып, қайта-қайта оралуға мәжбүр боласың. Сонда да алдырмайды. Мәңгілігі де сонда болса керек. Ал, енді, кәсіпқой дилетант әрі графоман ақындардың өлеңін ақпарат не күнделікті мақала-фельетон секілді оқып, қажетті мәлімет аласың да қоясың. Қайта

оралу жоқ.

***
 

Ағылшын ақыны Базил Бантинг: «Поэзия – это умение создавать шум» – дейді. Осыдан да үлгі алатындар бар-ау, сірә! Міне, дәстүрді осындай ақын атын жамылғандар бұзады.

 

***
 

Талант – дәстүршіл. Өйткені, дәстүр – табиғи-тарихи категория. Алла оны ұлттың бойына қансіңді етіп қалай қалыптастырса, сол ұлттың перзенті ақынды да Алла бойына сондай құбылысқа тән қадыр-қасиетті беріп, қалыптастырған. Дәстүр мен талантты ақынның тұтас бір болмыс-бітім болуының сыры сонда. Дәстүрден тыс талант болмайды, ғайыптан-тайып бола қалса, ол жалған (өтірік). Социализм дәстүрді жойып, Алланы жоққа шығарды. Арты не болды?! Ол белгілі. Осындайда, Достoевскийдің «Социализм рас болса, онда Құдай жоқ, Құдай бар болса, онда социализм өтірік» дегені еріксіз есіме түседі.Оны уақыт дәлелдеді. Достоевский бұ сөзді кейіпкері Карамазовтың аузына салғанда сәл-пәл өзгешелеу айтады да, өзінің «Жазушының күнделігі» шығармасында Социализм туралы ойын жоғарыдағыдай жеткізеді.

 

***
 

Дәстүрде қара су сияқты тұрып қалып, бұзылу болмайды. Ол заман лебі, уақыт талап-талғамымен өз жалғасын тауып, үзілмей де үздікпей жалғасып жатады. Көптен кешірім сұрай отырып, Мұқағалидың жыр жолын сәл-пәл таратып айтқанда, ұлт « Күпі киген қазақтың салт-дәстүрін, шекпен жауып өзіне қайтарады». Ал, о жолдағы әртүрлі қиындық пен қиямет-қайымдық басқа әңгіме.

 

***

 

Әдебиетте, жалпы өнер атаулыда «реминисценция» деген ұғым-түсінік бар. Оны латын тілінен аударғанда «естелік, есімдегі, еске түсіру» деген сөз болып шығады. Реминисценция – тарихи-табиғи шығармашылық категория. Яғни, өткен, бүгінгі ақындардың поэтикалық байланысының бір көрінісі. Егерде, кейбір образдар, сөз орамы, тіркес, бірдей сөздер мен сөйлемдер, жолдар, жалпы ырғақ бір ақындардан ауысып, екінші ақындармен үндесіп жатса, ол ешқандай да көшіру немесе ұрлыққа жатпайды. Оны шығармашылық тілде «реминисценция» дейді. Шығармашылық психология, уақыттың тыныс-тіршілігі, алуан көріністер мен лептердің біртектілігі, тарихи-табиғи оқиғалар бірлігі ақын­дар­дың, бір-бірін қайталауына ерік-еркінен тыс әкеліп соқтырады. 

 

***

 

Сөз бостандығы мен демократияны пайдаланып кәсіпқой қаламгерлер шынайы өлеңді мақала тақырыбының деңгейіне түсіріп, ақпарттық-хабарлама, фактологияға, айтыс ақындары өлеңдерінің деңгейіне дейін түсіріп жібергелі қашан. Содан болар, Абай, Мағжан, Ілияс, Мұқағалидан соң да «ұлылар» мен «көрнекті ақындар» қаптап кетті. Бұ да сол өлеңге деген жауапкершіліктің жоқтығынан. Бұған қарап жақсы ақындар жоқ деп ойламаңыздар. Олар болған, бола береді де.

 

* * *

 

Бірнеше сұраққа жауап:

– Бүгінде өлеңнің қадір-қасиеті кеткен. Оны ешкім де оқымайды дегенге қалай қарайсыз?
– Өлеңнің қадір-қасиеті болмаса, онда ол өлең болмағаны. Сондықтан, нағыз өлеңнің қадір-қасиеті болмауы мүмкін емес.

– Нағыз өлеңнің төрешісі кім?
– Ұлт, халық ( топ немесе жақсы мен жаман өлең еместі ажырата алмайтындар емес(тобырлық мәдениет, әдебиет өкілдері). Нақтырақ айтсақ, УАҚЫТ.

– Оқырман мен ақын қарым-қатынасындағы басты нәрсе не?
– Олардың бір-біріне деген СЕНІМІ. Әсіресе, ақын тарапынан. Ол ешуақытта да оқырманға өтірік айтып, одан өзін жоғары қоймауы керек. Сонымен бірге, қарадүрсін, қарабайыр болып, жайдақ су секілді күй кешуге тағы да құқы жоқ.

 

* * *


Кей-кейде бір ақын туған жер туралы өлең жазады. Егер, сол өлеңдегі авторды алып тастап, оның орнына басқа авторды қойсаң, ол өлең әлгі автордың өлеңі болып кете береді. Жатсынбайды. Міне, бұл, образбен айтқанда, өлеңдегі интернационализм деген осы. Бұл тамырсыздық.Яки, ақын өзінің туған жері туралы өлеңінде со өңірдің табиғаты мен кескін-келбетін толық жеткізе алмаған. Өзіндік, өзінің туған жеріндегідей қадыр-қасиет жоқ. Есениннің бір жас ақынға: «Алдымен, сен Отаныңды тауып ал» деуі де сондықтан. Жалпы, ӨЛЕҢДЕГІ басты мәселе – өтірік айтпау.

 

***
 

Бірде Тургенев Тютчев туралы «Умный, умный, как день, Федор Иванович» депті. Міне, дәп осы сөзді мен Қадыр аға Мырзалиевке айтар едім. Қадағаң ойшылдығы, ақылдылығы – адам ойы мен табиғатының жемісі. Ол – ақындықты ақылдылыққа, ақылдылықты поэзияға дейін көтерген қаламгер. Онда эпикалык поэма жоқ. Бірақ, бүкіл өлеңі өмірдің қыр-сырын қаузаған, қаузап келе жатқан тұтас поэма. Ақыл поэмасы. Сезім жоқ десек тағы қателесеміз. Оның рухы да сонда. Егер, «Інжілге» сенсек «дух веет где хочет» дейді. Ендеше, Мырзалиев поэзиясы жер, тұтас ел тынысындағы рух екен.

 

***
 

Кейінгі кездері өлең-очерк, өлең-естелік, өлең-мақала, өлең-фельетон, өлең-ода қаптап кетті. Күн мен түнді жанылыстырып алған сәби сияқты ақындарымыз да жанр алмастырып алған ба деп каласың.

 

***
 

Иранбек, Исраилдың әр кез, әр түрлі басылымдарға басылған топтамаларын оқып отырып, демократия, жариялылық, сөз бостандығы секілді ұғымдардың қазақ поэзиясына қаншалықты зиян тигізіп жатқанына көз жеткіземін. Бұл аталған қасиетті ұымдар «шығармашылық (поэтикалық) тәртіпті» бұзбаса керек еді. Өкінішке орай, олай болмай отыр. Жағымсыз иіс... Кіжіну... Жау іздеу... Поэзиясын емес, өздерін-өздері жау еместерден корғау... Осыдан келіп күнделікті қалыпқа айналар, нақтап айтқанда, толыққанды жүріп жататын әдеби-поэтикалык (поэзия) процестен түптін-түбінде айырылып қалмасақ екен-ау деп те ойлаймын.

 

***
 

Өлең-жырмен қазақты сынайтыңдар көбейді.

...Егер, Абай сынаса, онда оның өмір сүрген заманын, коғамын, ортасын, со кездегі әлеуметтік-экономикалық, саяси-мәдени жағдайларды, өркениеттің қаншалықты деңгейде болғанын елеп-ескергеніміз жөн. Ол «мыңмен алысса», оның тағдыр-талқысы, талас-тартысы, тіпті, араласып жүрген жандарының сана-сезімі де басқа еді ғой. Абай ерекшелігі, ол қолдан трагедия жасамаған. Сондықтан, оның ой, интонациясын қайталап, тіпті, өзін Абайша ұстап, өзін Абайша сезіну де ешкімге, ешқайсымызға да абырой әпермеген. Бұл – ұлы ақынның көлеңкесі ғана болып калу. Абайға елікте, бірақ, оның интонациясын, мұң-зарын, қайғы-қасіретін, проблемасын қазіргі жағдайға икемдеме. Ол оған көнбейді.

 

***
 

Маяковский өлеңді қалай дұрыс жасауды, яғни, құрастыруды үйретті. («Как делать стихи?» мақаласын оқыңыз). Ал, Есенин өлеңді қандай күш тудыратының жеткізе алмай кетті. Бірақ, ол оның Құдайдың құдіретімен болатынын сезетін.
Сөйтіп, Маяковский өлеңді, айта берді поэзияны «дұрыс жасап, шебер құраушы» дәрежесіне дейін көтеріліп, өзінің Құдай берген талантын «кеңірдегінен» (өз сөзі) басып өлтірді. Әлемдік социализмнің құрбаны болды.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕНДЕГЕН ЖОҚ.

 

***

 

Меніңше, музыка, образ, тіл. Осы үшеуі болса, өлең жаман шықпайды. Тіл болған жерде музыка бар, музыка бар жерде образ тумақ. Өзгеше бір ой айтуым керек деген талпыныс жаңылыс нәрсе. Өлеңді ойлы аяқтаймын дедің бе, онда үлкен қателік жасағаның. Лирика деген ұғымды мен сіріңкені тартып қалған сәтпен тең құбылыс деп есептеймін. Лирикалық өлең жиырма шумақ болса, мен оны неге лирика деп айтатынын түсінбеймін. Лирикалық өлең – қысқа, жинақы болу керек. Ол сенің қас қағым, шабыт буған сәттегі көңіл-күйіңнің қағазға түскен көшірмесі. Қай тұста сенің көңіл күйіңнің «ыстығы» басылды. Сол тұста өлең бітті, аяқталды деген сөз. Бір сағаттан соң қайтып келіп, сол өлеңді соза беруге болады. Ол онда лирика емес.

 

***
 

Поэзия тарихында өз заманына қарай сұмдық деп есептелген ақындар болған. Мысалы, Роберт Рождественскийді алайық, өзімізге жақын. Көзі тірісінде одан артық ақын болмады. Сондай-ақ, одан жасы сәл-пәл үлкен, бірақ, соның тұстасы Эдуард Асадов деген ақын бар. Қазір, соған қарамай екеуі де ұмытылған. Ал, Рождественскийдің замандасы, өмірден ерте кеткен Николай Рубцов болса, бүкіл Ресейдің, тіпті, ТМД елдерінің аузында жүр. Неге? Өйткені, олар сияқты «жарық құмар» болған емес. Сол, 60-70-ші жылдардағы ақын өкілдері, Евтушенко бастаған бір топ – трибундар. Олар оқырманның жүрегіне емес, кұлағына жұмыс істейді. Өлеңдері бір тыңдауға ғана жақсы. Ал, көзбе-көз қалып, оқыған кезіңде ештеңе ала алмайсың. Ұстап тұру қиын. Оқырманды алдауға болады, поэзияны алдай алмайсың. Соған қарамай, олар да ақын. Бірақ, қандай ақын, мәселе сонда!
 

***

 

Поэзияда құлаққа жұмыс істеу – ең қатерлі тенденция. Өлең иесі жоқ болып, ол өзімен-өзі қалған кезде өміршеңдігін көрсетуі керек. Ал, иесі барда ол жаман емес сияқты. Съездер мен конференцияларда, ресми, ресми емес жерлерде оқыла береді. Бірақ, ол өлең күң. Жалпы, бізде бір жаман нәрсе: өлеңді күң, құл қылып жұмсаймыз. Керісінше, ақын өлеңнің құлы болуы керек. Біздің қасіретіміз – ақын болып туамыз да, ақын болып өле алмаймыз. Содан келеді де дилетанттар мен графомандар пайда болады.

 

***

 

Поэзия саяси-публицистикалық сарын алып, рух терісін жамылған эмоцияға бой алдырса, оның бойында даңғазалық пен даукестіктен, даурықпалықтан басқа ештеңе қалмайды. Ол сахнада қол сілтеп, әлде кімдерге қыр көрсеткен, әлденелерге кіжінген жест пен позаға және эстрадалық бумға айналады.

 

***
 

Абай: «Өлең шіркін – өсекші жұртқа жаяр» – десе, Пушкин: «Вот Муза, резвая болтунья» – дейді. Бұл – ұлы ақындар үндестігі, түсінік-танымның астасуы. «Түгел сөздің түбі бір» деген осыған саяды. Сонда да, Абай ойды жеткізу мәселесінде, Пушкинге қарағанда өлеңге арқау болған кейіпкерді көрсетуде нақтылыққа әрі дәлме-дәлдікке әлде қайда артық қол жеткізген. Бірақ, екеуініңкі де бір кейіпкер. Өйткені, Пушкиннің «мылжыңы» өсекшілдіктің көрсеткіші. Яғни, сырын,сырыңды жұртқа жаятын құбылыс.Екі ақын бір мәселеге екі қырынан келіп отыр. Бұған қарап, екі ұлы ақынды бір-біріне қарсы қойып, бірін әлсіз, не мықты деуге болмайды. Екеу екі ұлттың ұлы ақындары.

 

***
 

Мен өлеңді ақпарат пен факті алу үшін емес, болмаса идея мен идеялогиялық құрал көзі ретінде оқымаймын. Сосын, «Корольді жалаңаш» көрдімге саятын, рух көтеру терісін жамылған қарабайыр, қарадүрсін, образ, көркемдік пен суреткерліктен жұрдай, мақала тақырыбын малданған өлеңдерді де қабылдай алмаймын. Маған оның көркемдігі, ұлттық тілі мен бояуы, сазды, дыбыстан дыбысқа көшкен ырғақ толқынының үндескен дәстүршілдігі, этика-эстетикалық ләззаты, сосын ақынның суреткерлігі керек. Ол үшін Тіл, Образ, Музыканы жақсы бойға сіңірген жөн. Әрине, поэзияның басқа да талаптары бар. Бірақ, мен бұл тұста өзіме тән, «лирикалық меніме» жақын жағын айтып отырмын.

 

(Ақынның әр жылғы мақалалары мен сұқбаттарынан)

 

Әзірлеген: Асылбек Жаңбырбай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар