Қазақ тілінің жанашыры, түрік ғалымы Оғыз Доғанмен сұхбат.
– Армысыз, Оғыз мырза. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Тілді сүю – ұлтты сүюмен тең десем, қателеспеспін. Жалпы, тілге деген сүйіспеншілік неден пайда болды?
– Бармысың, бауырым. Біріншіден, тіл – нәресте кезімізден естіп келе жатқан баға жетпес құндылығымыз. Адамның адам болып қалыптасуына алғаш әсер ететіні де осы – тіл. Әрбір адамның тілге деген қызығушылығы сол бала кезінен пайда болады деп ойлаймын. Өсе келе кейбір адамдар тілге деген құрметті сақтаса, кейбіреуі, өкінішке орай, жоғалтады. Аллаға шүкір, біз туған тілге деген махаббатты сақтаған адамдардың қатарындамыз. Екіншіден, менің анам – қазақ. Сондықтан қазақ тілі – ана тілім деп есептеймін және ұлы Түркі тілін қазақ бұтағында естіп, рухыма сіңіріп өскеніме мақтанамын. Мәселен, мен қаршадайымнан қазақ тілін біліп, естіп жүргеннен кейін өзімді ерекше бала секілді сезіндім. Ұлы Тұран елінің екі бұрышындағы екі Түркі тілі – мен үшін қымбат қазына деп білемін. Мүмкін, өскен кезде де тілге деген махаббаттың өшпегені содан шығар.
– Бір сұхбатыңызда «Алашорда үкіметі туралы зерттеп жүрмін» деген екенсіз. Келешекте Алаш туралы кітап шығару ойда бар ма? Алаш тақырыбын зерттеуге не түрткі болды?
– Иә, кітап жазып жатырмын. Шыны керек, Алашорда кезеңі тек Қазақстан үшін ғана емес, барлық Түркі жұрты үшін, Тұран әлемі үшін маңызды кезең болып есептеледі. Осы тақырыпта біздің Түркия қазақтарынан біраз ғалымдар жазып жүр. Бірақ Алашорданың тарихын басынан аяғына дейін баяндайтын бір де бір кітап шықпаған екен. Бұл ұят жағдай. Осыдан үш-төрт жыл бұрын бір жас кісі менімен байланысқа шығып, Алашорда туралы зерттегісі келетінін айтты. Байқасам, ол қазақ тілін білмейді екен. Қазақша үйренуге де талпынбайды. Мен оған: «Негізі ниетіңіз жақсы, бірақ қазақ тілін үйренбесеңіз, Алашорданы зерттей алмайсыз», – дедім. Біраз уақыт өткеннен кейін ол кісінің бұл тақырыптан бас тартқанын естідім. Тарихшы болмасам да, біздің Түркия ғалымдары осы тақырыпты зерттемегеннен кейін өзім зерттеуге кірістім. Өйткені Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігін алғалы 27 жыл болса, Түркияда «Алашорда» туралы әлі кітап шықпағаны ұят болды. Сол үшін қазақты ширек ғасырдан бері біліп жүрген адам ретінде және қазақша тарихи деректерді, түпнұсқаларды төте жазу тілінде оқып, түсіне алатын деңгейдегі филолог ретінде бұл міндет маған бұйырды деп ойлаймын.
– Затыңыз түрік болса да, жаныңыз қазақ екеніне сенемін. Бұрынырақта түбі бір Түркі жұрты жарты əлемді жаулап, қарсы келген талай дұшпанның мысын басқанына куəміз. Бауырлас Түркі жұртының бүгінгі бейнесі қандай? Кемшілігі мен артықшылығы не?
– Құдайға шүкір, Түркі жұртының бүгінгі жағдайы жаман емес. Жеті Тәуелсіз мемлекетіміз бар, оның жетістігін айтсам, ұзаққа барармын. Мен 80-жылдары мектепте оқып жүргенде мұндай жетістік көп адамның түсіне де кірмейтін еді. Біз Құдайдың берген осы мүмкіншілігін жақсы пайдалануымыз керек деп ойлаймын. Өзге мемлекеттерге қарағанда тамыры бір Түркі елдерінің қарым-қатынасы жоғары деңгейде дамып келеді. «Бөлінгенді бөрі жейді», «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп ата-бабаларымыз айтқандай, халықтарымыз Түркі жұртының ынтымақта болғанын қалайды. Сондықтан, Түркі мемлекеттерінің арасында айтарлықтай шешілмей жатқан мәселе жоқ.
– «Эйр Астанамен» соттасып, ақыры жеңіске жеттіңіз. Сот отырысы аяқталғанда көз жасыңызға ерік беріп, «Қазақтың тілі жасасын» деп айтқаныңыз есімізде. Жалпы, тіл тағдырына алаңдау қаншалықты маңызды?
– Ақиқатында, осы оқиғаның алдында да, осыдан кейін де Ана тілімді аяқасты қылмаймын деп шешкенмін. «Эйр Астананы» біз тұтас қазақ халқымен бірге жеңдік. Қазақ халқы болмағанда, мен өзім жалғыз еш нәрсені бітіре алмас едім. Қазақ халқы бір жұдырықтай жұмылып, менімен бірге болды. Әлеуметтік желіде де жақсы пікірлерін айтып, кейбір тіл жанашырлары сот отырысына қатысты. Нәтижесінде қазақ халқы жеңді. Құдай тағала бір жақсылықты тілеген кезде, кейде бір адамды себепкер ретінде жаратады екен. Сол себепкер адам мен болған шығармын. Мәселен, «Оғыз Доған Эйр Астананы жеңіп шықты» дегеннен гөрі, осы қазақ халқының өзі жеңді деген дұрыс болар. Әрине, қазақ тілі жасайды. Өйткені оның иесі – ұлы қазақ халқы. Ол тірі. Қазақ халқы тәуелді санадан арылып, тілін қорғай алатын деңгейге жетті. Өйткені қазақ мемлекетінің жақын тарихында Алашорда кезеңі бар. Бұл мақтанарлық жағдай. Ата-бабаларымыз қас-дұшпанға есе жібермей, қараңғылықпен күресіп, Алашорда деген үкімет құрды. Одан бұрын Қазақ хандығының батырлары бостандық үшін күрескен болатын. Олардың арманы – Тәуелсіз Қазақстан еді. Құдайға шүкір, бүгінде қазақтың еңсесі биік, халқы тірі және ол намысын, яғни тілін ешқашан да таптатпайды. Бұл жеңіс менікі емес, қазақ халқының жеңісі.
– Қазақ ақын-жазушыларынан кімдерді мойындайсыз?
– Мен Мағжан Жұмабаевты рухани көсемім деп есептеймін. Мен Мағжан арқылы қазақ әдебиетімен және рухымен таныстым. Көп тұлғаны мойындағанмен, Мағжан Жұмабаев – менің ең сүйікті ақыным. Сосын Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін түрік тіліне аударып жатырмын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.