Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Әнге жүрегіміз ашық болса, ұлтымызға деген сағыныш...

13.10.2022 7365

Әнге жүрегіміз ашық болса, ұлтымызға деген сағынышқа әрқашанда ұя болады 14+

Әнге жүрегіміз ашық болса, ұлтымызға деген сағынышқа әрқашанда ұя болады - adebiportal.kz

Ұлттық музыка қазақ халқының аса құнды жәдігерлерінің бірі екені рас. Еліміздің тарихы, өмірі, бастан кешкен қиыншылықтары, соғыс күндері мен бейбітшілік дәуірі, осының бәрі ұлттық музыкадан көрініс береді. 

Республика күнін мерекелеу аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен «Арқаның ән-күй мұрасы» атты дәріс-концерт кеші өтті. Қазіргідей қиын-қыстау заманда ұлттық әннің әуезімен сусындап, бүкіл дүниені бірер сағатқа ұмытқандай болдық.   

Концерттік іс-шараның мақсаты – Арқаның дәстүрлі әншілік және күйшілік өнерінің дамуына атсалысу, музыкалық және поэзиялық бағыттың ерекшелігін халыққа тереңірек түсіндіру. Арқа өңірінің сал-серілері мен күйшілердің туындыларын концерттік ұжымның «Халық қазынасы» ұлттық өнер бөлімінің өнерпаздары орындады. 

Халық күйі «Ақсақ құлан» туралы аңызды барлығы білері анық. Бұл күйдің шығу тарихы халқымыздың төл аспабы домбырамен тікелей байланысты. Сол себепті де осы концертте орындалған ең алғашқы күйдің бірі «Ақсақ құлан» болды. Күйді тыңдап отырып, көзіне жас алған жандарды да байқадым. Көрерменді осындай ерекше сезімге бөлеп, орындау мәнерімен тәнті еткен күйші Дарын Құдайберген еді.   

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Халық қазынасы» бөлімінің басшысы, кеш жүргізушісі Жасұлан Наурызбайұлы келген қонақтарға ән-күйдің тарихынан сыр шертті:

«Біржан бабамыздың драмалық, ғашықтық әндерін зерттеп, осы күнге жеткізген Ілия Жақанов атамыз болса, бүгінгі бекзада ағамыз, дүлдүл әнші Қайрат Байбосынов оны елге паш етті. Бұл өнер осындай майталман ағаларымыздың арқасында бізге жетіп отыр», - дей келе Біржанның әні «Адасқақ» пен Абайдың әні «Сегізаяқты» орындау үшін ортаға ҚР Мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаевты шақырды. 

Іс-шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құмарбек Қалқатай, Клара Төленбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Айтбаев және Перизат Тұрарова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дінисламбек Жайлаубай, Айзат Қарабек, «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері Ардақ Елеусіз, Асқар Мұқият пен республикалық байқаулардың лауреаты Аман Сәдуов қатысты. 

Соңғы түйенің жүгі ауыр демекші, халыққа ерекше әсер сыйлаған күйлердің бірі белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбайдың орындауындағы «Қоңыр қаз» күйі еді. 

Қазақтың киелі қара домбырасы мен қобыз үнімен айтылатын дәстүрлі әндер легі сонау ықылым заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Бұдан бөлек жетіген, сыбызғы, шертер және адырна аспаптарымен айту өнері дәстүрлі ән-күй мектебінде кеңінен қалыптасқаны белгілі. Атақты Біржан сал мен Ақан сері, Майра Уәлиқызы, Шашубай сынды біртуар өнерпаздардың есімі Арқаның дәстүрлі өнер мектебімен тығыз байланысты. Заман талабына сай дәстүрлі ән өнері қазір де насихатталып, жан-жақты даму кезеңіне өтті. 

Жүргізуші Жасұлан Наурызбайұлы кештің құрметті қонақтарының есімдерін атап, олардың ән өнеріне, ғылымға қосқан үлестерін де айтып өтті. Соның ішінде жазушы, филология ғылымдарының докторы, абайтанушы, әуезовтанушы Тұрсын Жұртбай мен қазақтың ақыны, журналист, публицист, мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан сахнаға шығып, өнерпаздарға алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірді. 

Тұрсын Жұртбай концертке өз немерелерімен келген екен. «Шіркін, Тұрсындай атасы бар мына балалар не деген бақытты еді?!», - деп біз де бір қиялдағанымыз рас. Тұрсын Жұртбай: 

«Мынау әнші, күйшілердің өнерлерінен жүректің беті қайта ашылғандай болды. Түнгі сағат төртте ояна кеттім, түсімде Кәрменовпен баяғыдай қолтықтасып алып: «Арқадан соққан самал жел, угәй», - деп әндетіп жүр екенмін. Одан соң: «Енді анауыңды айтшы», - дейді. Менде дауыс жоқ қой. Бірақ, сонда да: 

«Ақ еді ала қарға, 

Қонады жардан-жарға.

Барады-ай өмір өтіп, 

Әттең-ай, әттең,

Әттең-ай, әттең,

Әттең-ай, амал бар ма?!», - десем, жүгіріп келіп құшақтап жатыр екен. Риза боп ояна келсем, түсім екен. Ашылған жүрегіме мына әншілер гүл орнатқандай болды. Біздің әнге жүрегіміз ашық болса, ұлтымызға деген сағынышқа әрқашанда ұя болады. Алла қазақтың әнін аспанда қалықтата берсін!», - деп батасын берді. 

«Қадірлі өнер сүйер қауым, бүгін шынында да бір ғажайып кеш болды. Дүние оттан күйіп тұрған кезеңде, бірінің қолы бірінің жағасында жүрген заманда, дүниенің ақыры таяп қалғандай елең-алаң күйде жүр едік. Шын мәнінде осындай дүниелер адамды қайтадан өмірге ұмтылдырады екен. Астананың төрінде, қарлығаштың ұясындай шаңырақта керемет қазақтың өнері дүрілдеп жатыр. Бұл – қазақи рухтың бейнесі!», - деп Жанарбек Әшімжан кештен алған әсерімен бөлісті. 

 Рухани кемелденіп, ерекше әсер сыйлаған әдемі кеш болды! 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар