(Ақын Светқали Нұржан – Айтман өлеңдеріндегі түр-түс концептісі)
Ақын өлеңдерінің тілі - ақынның табиғи болмысының көрінісі. Жазбамда ақын поэзиясындағы түр – түстердің қолдану ерекшелігіне тоқталуды жөн көрдім.
Жалпы поэзияда түр-түстердің барлығы әрқашанда бір заттың, құбылыстың түрін, түсін, өң-реңкін, сыртқы сипатын ғана анықтаумен шектелмейді. Сонымен қатар, түр-түс атаулары мүлдем түр-түске қатысы жоқ, не одан бүгінде тым алыстап кеткен ұғым-түсініктерді, мән-мағыналарды, жөн-жосықтарды білдіретін де қасиеттерге ие.
Светқали өлеңдеріндегі түр-түс әлемі өзіндік ерекшелікке, өзіндік белгілік таңбалық мәнге ие. Түр-түстерді өлеңдерде қолдану арқылы ақынның өзіндік эстетикалық көзқарасын, эмоциялық қалпын, адамгершілік түсініктерін байқаймыз. Ақын қолданысындағы түр-түстердің символдық мәні бар екенін де басты назарда ұстағанымыз жөн. Мысалы ақ түс символдық мағынасында келіп, халықтың ұлттық танымдық жолын білдірген мына жолдарға назар аударайық:
Ақ тілеулі сөзіме дос жүгінді,
Бір тасыңды бөгдеге қимаушы едім...
немесе,
Аппақ тәннен талып түскен,
Сәулені
Ақ толқындар әкетеді қағып ап...
Ақ түсі – пәктік пен ақтықтың нышаны, қуаныш пен жақсылықтың белгісі, махаббат, үміт, қайырымдылық деген ізгі сезімдердің символы ретінде жұмасалатынын білеміз. Қазақ халқының жанына жақын, көңіліне қалаулы түс – ақ түс. Өйткені бұл – қазақтың ең қасиетті тағамы – сүттің түсі. Жалпы халқымыз киелі нәрселер мен қасиетті заттарды ақ атауымен атап, оларды аққа балаған. Келтірілген өлең жолдарынан «ақ» сөзінің білдірген нышанын аңғару қиын емс. Ақ тілеулі, яғни жақсы ниетте айтылған сөзге құмартушылар көп-ақ.
«Аппақ тәннен талып түскен сәулені ақ толқындардың қағып алып әкетуі» әдемі сурет туғызып тұр. Ақынның өлең арнап отырған кейіпкерге деген аппақ таза көңілін , жүрегіндегі шынайы тазалығын сезінеміз.
Ақ түстің «таза» деген тура мағынасымен сабақтас ауыспалы мағынада қолданылғаны кездеседі. Нақтырақ айтсақ, «Айшалық қасидасы» деген өлеңінде:
Қаңғыған ай астында мен бір –әруақ,
Сүйретіп сағынышын ақ кебінге...
Сенделіп қалғаныммен соққың өтіп,
Сүйретіп сағынышытың ақ кебінін.
Бұл жолдардағы «ақ» сөзі «кебін» сөзімен тіркесіп келіп, басқа мағына беріп тұр. Оқырманға кейіпкердің жан – дүниесіндегі бір түрлі суықтықты, қорқынышты байқатады. Аталмыш өлеңнің соңғы шумақтарында:
Қалайын тылсымында-ақ қара түннің,
Көңілім қара түнге қарай ұлып...
Ұғылмас Менің Мұңым – қара түнек ,-деген жолдар бар.
Алдыңғы шумақтағы «ақ» сөзіне қарама – қарсы «қара » сөзі өлең идеясын ашуда, танытуда жақсы деталь болып тұр. Ақ кебін деген ойды қара түн, қара түнек деген тіркестер арқылы дамыта түскен.
Қазақ халқында «қара» сөзі түс, белгісіздік, қайғы-уайым, қатыгездік, киелілік, қарапайымдылық мағынаны білдіреді. Бұл мағыналар ұғымдық нышандық белгісін танытады. Ал ақынның мына өлеңінде «ақ» сөзінің антиподы ретінде «қара» сөзі қолданылып, ақ-қара бинарын құрап тұрғандай. Бір ескере кететіні, бұл өлеңде ақ – қара қарама қарсы мағынадан гөрі ойды дамыту мақсатында жұмсалған. «Ақ кебін» деген сөз алдындағы «әруақ» сөзіне жымдаса келсе, одан кейінгі «қара түн» осы ойды дамытып тұр.
Әйтсе де, ақын жырларында қара түске байланысты ұлттық дүниетанымымыздағы ерекшеліктер де байқалады.
Жаныңа кеп қыз да үңіле бергенде -
Қара бұрым шақпап па еді жыланша?! - деген жолдарда «қара» сөзі «бұрым» сөзімен тіресіп келіп, ұлттық символикалық белгі ретінде, яғни сұлулықты сипаттап тұр. Бұл жерде «қара» сөзі заттың түсін білдіретін негізгі мағынасынан әлдеқайда кең ұғымда.
Қара шал - қара бура,
Жарап алып,
Бір кепке он оралып соғады анық , немесе,
Шоқтығы қара түнде шекпен кернеп,
Қара шал бара жатыр тепсеңге өрлеп, - деген ақын сөзіндегі қара шал – көпті көрген қария.
Осы арада түр-түстің символдық мағынасына байланысты ғалым Ислам Айбаршаның: «Түр-түсті білдірер символдар жүйесі қандай да болмасын ұлттың дәстүрлі дүниетанымның негізгі танымдық кодтарының бірі болып табылады» - деген пікірін дәлел ретінде келтірсек те жеткілікті.
Халқымыздың жанына жақын түстердің бірі – қоңыр түс. Қоңыр түстік мағынасынан басқа мынадай: қоңыр күй, қоңыр дауыс, қоңыр күз, қоңыр кеш, қоңыр жел, қоңыр қабақ, қоңыр саз, қоңыр самал, қоңыр салқын, қоңыр тірлік, майда қоңыр, қоңыр дала сияқты тіркестермен келіп, әр түрлі құбылыстың небір жанға жайлы, құлаққа жағымды,жүрек тебірентетін нәзік те әсем сәттерін, өмір-тіршіліктің жайбарақат, мамыражай, кейде тіпті жұпыны да сыпайы қалпын суреттейтін ерекшеліктері көзге түседі. Қоңырдың лебі ақынды да айналып өтпепті.
Қоңыр самал қағады қоңырауын,
Қоңыр боздақ мұңға ұя-омырауым, - деп құлаққа жағымды, жүрек тебірентетін нәзік те әсем, жайлы, жайбырақат қалыпты суреттейді. Тек мұнымен шектелмей ойды одан әрі сабақтай түсетін:
Бұрынғыдай баспай жүр мені бауыр,
Қоңыр әнің – ай, сенің, қоңыр ауыл, - деген жолдар ойды әдемі өруге жұмсалып тұр.
Светқали өлеңдеріндегі түр-түс атауларының қалыптасқан дәстүрде пайдаланудан гөрі, соншама бай мүмкіншілігіне, оларды құбылта пайдаланғанына таң қалуға болады. Поэзиядағы түр-түс өзіндік символдық мәнге ие болып келеді. Бұл тәрізді символдар - ақынның ақындық тәжірибесінен қорытылып шыққан, сөз саптау жағынан қалыптасқан белгілі бір түсініктің, философиялық ой мен ұлттық дүниетанымның жемісі.Осындай символикаға ие түстің бірі – көгілдір түс. «Көгілдір көйлек киген қыз» өлеңін:
Алғандай киіп аспаннан жыртып,
Көгілдір еді көйлегің сенің, - деп бастайды. Көгілдір көйлек сұлулықтан бір хабар беріп өткендей болады да, одан әрі әдемі қызығушылығықпен жетелей жөнеледі.
Аспан түстес көгілдір көйлек киген ару өлеңнің кейіпкері екенін бірден аңғарамыз. Жанарынан күн күлген ару ынтықтырған арман секілді. Қол жетпес армандай болған сол аруды ақын кейінгі жолдарда:
Көйлегің сенің көгілдір еді,
Көгілдір белде көктемде көрдім, - деп суреттейді. Ақын қолданысындағы көгілдір түсі аруға деген сезім шырмауын білдіріп қана қоймай, арман – қиялы екенін де танытқандай. Сондықтан да ол:
Шаншар жүрегім-аңсап жүремін,
Көзіме түнеп көгілдір аспан,-дейді. Өлеңнің түйінін:
Көгілдір аспан...сары жұрт қалды,
Кеудемде мәңгі мөріңді басқан, - деп түйіндейді.
«Көгілдір» сөзі «сары» сөзімен қатар келіп, армандай болған аруға деген сағынышты білдіреді. Көгілдір түс ақын қолданысында тек қана арман, сұлулық символикасы ғана емес, жайлылық пен ғажайыптың белгісі іспеттес. «Көгілдір әлем. Көктемді аңсау» атты өлеңі осыған дәлел болады. Онда ақын:
Көгілдір әлемді қыстың қыспағынан мезі болғанда алда үміт, жақсылық пен жайлылық әлеміндей көгілдір әлемді аңсайды. Ол әрине – көктем. Ақынның:
«Көгілдір әлем-бақытқа құт ұя сынды», - деуі сондықтан. Негізі көктемді көбінесе жасыл түспен, жаңару белгісіндей суреттеуді көп кездестіреміз. Ал ақын көктемді көгілдір түспен ерекше береді. Көгілдір түс арқылы көктемді аңсауы, лирикалық кейіпкердің жайма шуақты, жайлылықты жанының қалауы және дүние тіршіліктің түлеуі астаса берілген.
Поэзияда қалыптасқан әрбір түр-түстік символдар Светқали ақынның қолдануында ерекше мәнге ие болғандығына талдау жасай отырып көз жеткіздік. Ақын жырларындағы түр-түстік символдар өзіндік қолданысы арқылы әр өлең идеясын танытуда жақсы қызмет атқарады. Ақын шеберлігіндегі түр-түстер өздерінің символикалары арқылы түр мен түске мүлде қатысы жоқ не одан басқа мағыналарға ие болып, астарлы ойды білдіруімен құнды болып тұр.
Қорыта айтсақ, ақын қолданысындағы түстер жалаң қаралмауы тиіс. Өлең идеясын тануға ақын жүрегімен қарауға жетелейді.
Айгүл ОМАРОВА,
Маңғыстау облысы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.