Қобыз – ұлтымыздың ең киелі, асыл аспабы. Оның сырлы да сиқырлы сазы өз тұңғиығына тартып, тылсымымен баурап, өне-бойыңды шымырлатып, сезіміңді сергелдеңге салып, жан-дүниеңді бебеу қақтырып, бұ дүниенің баянсыз екенін айтқысы келетіндей. Оның қоңыр күйіне халқымыздың қанды із кешкен жолдары, қасіретті жылдары, тауқыметті тағдырының табы сіңген. «Қобыз үнін тыңдап, жадымыздағы кей файлдар ашылады. Ол ұлттық кодымызды қайта жаңғыртатын аспап», - дейді Ақнар Тәттібайқызы.
Бүгін Ықылас Дүкенұлынан қалған қара қобызды көзінің қарашығындай сақтап, оның киелі аманатын арқалап жүрген дәстүрлі қобызшы Ақнар Тәттібайқызымен болған сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Мархаббат!
- Сәлеметсіз бе, Ақнар? Қобыз аспабы – күллі түркі жұртының ежелден келе жатқан құнды мұрасы, көне аспабы ғой. Осы бір қоңыр үнді киелі аспаптың тілін меңгеріп, өнер көрсетіп жүргеніңізге жиырма бес жылға шамалас уақыт болған екен. Көнекөздер қобызда кие бар деп жатады. Киелі аспаптың аманатын арқалау ауырлық етпей ме?
- Ел аузында «Қобыз өнері – әулетіңе қонған бақ» деген сөз тіркесі қалған. Шоқан Уәлихановтың еңбектерін оқысақ, қобыз өнері қанмен беріліп, әруақтар аян беріп, сол әулетте кімнің қобыз тартатынын анықтайды делінеді. Он жасымда Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектептің қобыз класына оқуға түстім. Бізге сабақ берген Дәулет Мықтыбаевтың өзі қобызды менің атам Түсіпбектен үйреніпті. Түсіпбек атамыз Ықыластың төл баласы. Ықылас Дүкенұлы қалыптастырған қобыз мектебінің өкілдерімен тағдырымыз қалай тоғысқанын қараңызшы...
Академик Игорь Владимирович Мациевский 2015 жылы Астана қаласында өткен дүниежүзілік конференцияда қобыз тартқанымды естіп, өзінің шәкірті болуымды сұрады. Сөйтіп, мен 2017 жылы Ахмет Жұбанов ағамыз білім алған Санкт-Петербургтағы Ресей өнер тарихы институтының аспирантурасына оқуға қабылдандым. Аспирантураны жақсы тәмамдап, 2022 жылдың қыркүйек айында ғылыми диссертациямды қорғадым. Қазіргі таңда өнертану ғылымының кандидатымын. Мәртебем өсіп, қобыз аспабының арқасында қайда барсам да, жолым ашылады. Құдайдың өзі қолыма қобыз ұстатқаннан кейін, киелі аспапты кең насихаттап жүрген жайым бар. Әрине, мұның өзі үлкен жауапкершілік. «Қобыздың аманатын арқалау» маған ауырлық етпейді. Бүкіл бос уақытымды қобызға арнаймын. Иә, кейде жанұямда түсінбеушіліктер орын алып жатады. Әйтсе де, шүкір деймін, енемді бақтым, балаларым да жетілді. Келіндік парызымды ақ-адал өтедім. Қобыз үні адамға емес, табиғатқа да қажет деп ойлаймын. Қобыздың үні ғаршыға самғай алар құдыретті аспап. Қазір қолымда Ықылас атамның қобызы бар. Ол қобызда кие болмаса, жәй қу ағаш қана болмай ма?
- Сіздің бесінші атаңыз күйші Ықылас Дүкенұлы екені рас па?
- Ықылас Дүкенұлы – менің нағашы бабам. Әрісін айтсам, менің ата-анам да тама руынан. Ықылас Дүкенұлына дейінгі төрт атам қобызшы болған. Жасым қырықтың қырқасына шықты ғой, қобызды біздің әулетімізден мен ғана ұстап отырмын. Тағдырдың өзі бір қызыл жіппен алып келе жатыр. Ертеде қазақ қобызды киіз үйдің керегесіне іліп қоятын болған. Шоқан Уәлиханов айтқандай, он сегізінші ғасырдың жартысынан бастап қобыз ұстаған бақсы-балгерлердің дені қудаланды. Сол уақыттан бастап, қазақ өнерінің аренасына домбыра шығады.
- Бұл аспапқа деген қызығушылығыңыз қай жасыңыздан басталды?
- Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кеші» атты ғажап әні бар емес пе? Менің нағашы әжем Сарысу ауданының Байқадам кентінде өмір сүретін. Жазғы каникулымда Жайлаукөл ауылына барушы едім. Сол әжеміздің үйінде қобыз бен фортепиано аспабы тұратын. 2008 жылға дейін Жайлаукөл ауылындағы туған-туыстарымыздың үйінде Ықылас атамыздың қобызы сақтаулы тұрды. Кішкентай кезімде сол қобызға қызығып, тартып көргенмін. Талантымды байқаса керек, 1991 жылы шешеміз мені Алматыға алып келіп, Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектебіне оқуға түсіреді. Жасым ол кезде онда ғана еді. Алдаберген Мырзабеков дейтін дирижер ағайымыз болатын. Алдаберген ағамыз мені Ықыластың ұрпағы ретінде Әбдіманап Жұмабековке таныстырды. Міне, сол бесінші сыныбымнан бері қобызды серік етіп келемін.
- Сіз қобыздың тілін меңгерген кәнігі мамансыз ғой. Ғалымдар өз еңбектерінде бақсы-шамандардың емдері қобыз аспабынсыз жүрмейтінін дәлелдейді. Бұл аспаптың бақсылық наным-сенімге қаншалықты қатысы бар?
- Негізі, қобыз бірнеше түрге бөлінеді. Мысалы, нар қобызды алайық. Нар қобыздың басы темір мен жезден жасалған шылдырмақтарға толы болады. Бұл – аса таяқтың бір белгісі. Қобыздың қуысындағы әйнегі тылсым әлеммен байланысты білдіреді. Қобыздың көніндегі, тиегінің екі жағында екі тесігі, төменгі тұсындағы үшінші тесігі сыбызғының дыбысын береді. Бір нар қобыздың өзінде аса таяқтың, ысқыштың, сыбызғының элементтері бар. Расында да, он тоғызыншы ғасырдағы Орынбор қаласынан шыққан басылымдардан бақсылардың суретін көреміз. Бақсылар қобыздың сарынымен зікір салып, адам емдеген. Жалпы, эпилепсия, т.с.с психикалық ауруларды қобыздың үні арқылы емдейді.
- Бақсылар қобыздың сарынымен зікір салған ғой, демек?
- «Лә иләһә иллә Алла, Мухаммадур-расулуллаһ» сөзін жәй ғана айтсаңыз, кәлима. Ал, әндетіп айтар болсаңыз, зікірге айналады. Көне танымда қобызбен бірге зікір салсаңыз, тылсым әлемнің есігі ашылып, әруақтар ұшып келеді делінген. Ұстазым «Қорқыт» күйі арқылы, зікір салуды үйреткен еді. Ол жағын ешкім біле бермейді. Әйткенмен, сахнада қобызбен зікір айтып көрмедім. Себебі, бұған біздің қоғам әлі дайын емес. Бүгінде қобыз түрінде сақталған зікір формасын орындап жүрмін. Ықылас Дүкенұлы елдің игі жақсы-жайсаңдарымен бірге Меккеге барған дейтін ақпарат бар. Мекке қаласына барып, қайтуға екі жылын арнапты. Атамыз осы екі жыл ішінде қанша ел мен жер көріп, басқа елдердің музыкасын естіді десеңізші. Содан, Ықылас атамыз қажы атанған екен. Көршілес өзбек халқында қобызбен зікір айту дәстүрі қалыптасқан.
- Сіз осы аспаптың қандай да бір тылсымын сезініп көрдіңіз бе?
- Мысалы, осыдан тура он жыл бұрын Мәскеудегі психология, медицина ғылымдарының докторлары менен қобыздың үнжазбасын сұрады. Себебі, ғалымдар қобыздың үнін өз практикасында қолданады. Ықылас Дүкенұлы күйлерінің үш, бес минутының өзі катарсис процесі өтуі үшін жеткілікті дегенді айтты. Адам қиналғанда, жан ауырғанда қобыздың күйің тыңдаса іштегі қалың мұң шығады екен...
Қобыз да адамның дауысымен жылайды. Адамның психологиясына әсер ететін вибрациялар арқылы емдейді. Бұрынғы шығыс ғұламалары «Қобыздың әуен ырғағы мен жүректің тербелісі үндессе, шипа іздеген жанға ем қонады» - деп айтқан. Рас. Мен де жәй қобызшы емес, дәстүр ұстанушы, дәстүрлі қобызшымын.
- Қойлыбай бақсы өз қобызын бәйге аттары жарысатын жердің тобылғысына байлап қояды екен. «Кейін Қойлыбайдың қобызы көкте қалықтап ұшып, бәйге аттарының алдында келетін болған»,- дейтін аңыз бар. Сіз осы аспаптың қандай да бір тылсымын сезініп көрдіңіз бе?
- Қойлыбай «нағыз бақсы» болған адам ғой. Ықылас Дүкенұлы бақсылардың қолынан қобыз аспабын аманаттап алып, оны музыкалық аспапқа айналдыра білген екен. Ықылас Дүкенұлына дейін қобыздың «сарыны» ғана болған деседі. Сарын дегеніңіздің өзі кішігірім мелодия. Сол мелодияға әр бақсы өзінің сөзін қосып, науқас адамдарды емдей білген. Қобыз өнері тарихындағы Ықылас атамыздың рөлін ашалап айтып берейін. Ықыластың тарихтағы рөлі аңыз-әпсаналарға күй шығарып, музыканың классикалық формасына енгізіп, компазитор ретінде танылған. Күйдің өзі профессионалдық жанр. Яғни, сіз айтып отырған «бақсылық» Ықыласқа дейін болса, ал Ықылас атамыздан кейін сол бақсылық дәстүріміз көркем күй тіліне айналған.
Және қазақ даласындағы күй өнері қалыптасқан. Қазіргі таңда Ықылас атамыздың күйлерін қобызшылардың санын көбейтіп көрсету үшін «Халықтың күйі», «Қорқыттың күйі» деп таныстырып, дәріптеп жатады. Мен ғылым адамы болған соң, қателіктерді тауып, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеп, Ықылас атамыздың күйлерін өз атына қайтаруды жөн деп шештім. Алдымыздағы 12 мамыр күні, Алматы консерваториясында дөңгелек үстел ұйымдастырылып жатыр. Конференцияға спикер ретінде мені де шақырды. Мен жоғарыда айтқан мәселелерімді ортаға салып, Ықылас атамыздың күйлерін түгендеп, бұған дейін авторы қате түсіндіріліп келген күйлерге қатысты жаңа оқулық шығаруды ұсыныс етіп көтергелі отырмын.
- Ғалым Ахмет Жұбанов қобыз аспабын жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр дейді. Осыған қатысты көзқарасыңыз қандай?
- Қазақ оркестрінің негізін қалаған Ахмет Жұбановтың қобыз өнеріндегі орны ересен. Ахаң прима қобыз, альт қобыз, бас қобыз, контрабас-қобыз түрлерін жасап, жоғары, қоңыр тембрде оркестрдің диапазонын икемге келтірді. Бір сөзбен айтқанды қобыз әулетіне кіретін аспаптардың аясын кеңейте түсті. 1968 жылы Еркеғали Рахмадиев ағамыз консерваторияның ректоры болып тұрған шағында екі ішекті қылқобыз жойылып кете ме деп, Жаппас Қаламбаевты консерваторияға аттай қалап, арнайы шақырған. Бұл кісі қайтыс болған соң, Дәулет Мықтыбаевты шақыртқан. Дайындап шыққан алты шәкіртінің бірі Әбдіманап Жұмабеков – менің ұстазым. Ахмет Жұбанов мектебінің басшысы Пернебек Шегебаевтің бастамасымен екі ішекті қобыз класы ашылыпты.
- Қобызға қатысты ел арасына кең таралған:
«Қарағайдың түбінен
Қайырып алған қобызым.
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым.
Ақ қайыңның безінен
Қағып алған қобызым.
Әзегінен қара емен
Ойып алған қобызым.
Қыл құйрығын тұлпардың
Ішек қылған қобызым.
Таутекенің мүйізін
Тиек қылған қобызым», - секілді жыр бар. Кеңес археологы С.И.Руденко (1885-1969) және М.П.Грязнов бірге 1947-1949 жылдары қазба жұмыстар жүргізіп, ғасырлар бойы өмір сүрген көшпелі тайпалардың мәдениетіне қатысты ғылым үшін бағалы заттық айғақтар тапқан. Сол айғақтардың ішінде қобыз аспабы ерекше орын алады. Қос ішегі және қос құлағы бар қобыздың биік жасалған тиегі шанақ бетіне керілген сірі көнге орнатылған. «Мұның өзі аталмыш қобыздың жасалуы қазіргі қазақ қобызының жасалу тәсіліне ұқсас екенін аңғартады», - депті. Қазір қобыз аспабын жасай алатын сапалы шеберханалар бар ма?
- Өте жақсы сұрақ. Жалпы ел көлемінде қобыз жасайтын жекеменшік ұстаханалар жоқ емес. Мысалы, Алматы қаласында Жолаушы деген ұста бар. Шәкірттері де өте талантты. Музыкалық аспаптарды жасау мамандығын консерваторияларға енгізсе деймін. Шеберханалардың саны арту үшін, арнайы мамандығы оқытылуы тиіс. Нақты білмеймін, Алматы қаласындағы Қолөнер колледжінде осы мамандық бар дейді білетіндер. Скрипкашыларды алайық.
Италия мемлекетінде Страдивари скрипкасын зерттейтін үлкен институттар бар. Музыкалық аспапты жасаушы шеберлерге үлкен семинарлар ұйымдастырылады. Скриканың қалыбы сонау он жетінші ғасырда құйылған. Жиырма бірінші ғасырдағы италиялық ұсталар скрипканы бір сантиметр кем, не артық етіп жасамайды. Өйткені, Страдивари скрипкасының стандартты пішіні он жетінші ғасырда жасалып қойған. Ықыластың қобызы хақында компазитор Ілия Жақанов өз романында «Алтынбектен мұра болып қалған қобыз» десе, академик Ахмет Жұбанов «Дүкеннің әкесінен қалған қобыз» деп жазады. Демек, Ықылас Дүкенұлы қара қобызының жасы 250-300 жылға шамалас. Ықылас Дүкенұлының әулеті қобызшы ғана емес, қобыз жасай алатын шеберлер әулеті болған. Қазіргі қобыз жасаушы ұсталар да осы қалыпты сақтап қала алса ғой деймін іштей.
Сібір халқында шаманизм дәстүрі өте жақсы зерттеліп, сақталған. Якутияны мысалға алайықшы. Түркінің бір зәузаты, аз ғана халық қой. Якут жұртында өз дәстүрін сақтаушыларға степендия тағайындалады. Яғни, Якутиядағы ең мықты, қалталы адамдар – кузнецтер. «Кузнецы» сөзін қазақшаласақ, ұста дегенді білдірмей ме? Бізде де, дәстүрлі өнерді дәріптеушілердің, күйшілердің, қобызшылардың статусын жоғарылату қажет деп есептеймін.
- Қобыздың әуел баста жаратылу миссиясы қандай деп ойлайсыз?
- Аңыз бойынша, өлімнен қашқан Қорқыт, қобыз аспабы арқылы арқылы өмір күйін шерткен ғой... Қобыздың үні өліммен тепе-тең тұрған. Қобыздың үні – Өмір әуені. Ол әуен мәңгілік жасамақ. Нағыз шынайы, саф музыка. Ертеде баласы шетінеп кете беретін келініне Ықылас атамыз өз қобызын сыйлапты. Бұл оқиғадан соң, келіні аман-сау босанып, өмірге сәби әкеліпті. Көрдіңіз бе? Құдыретті қобыз аспабының ғана өлім-жітімді тоқтатуға шамасы жеткен. Ресейде оқып жүргенде бір байқағаным, фин-угор, татар, башқұрт халқының көбінде қобызға ұқсас, қобызбен тектес аспаптар бар. Мысалы, орыс халқының «Гудок» атты диапазоны кіші, ішекті, ысқыш аспабы, моңғол халқының «Мөринхур» дейтін аспабы тура қобызға ұқсайды.
- Өз жұртымыздан қобыз арқылы әлемді мойындатқан сазгерлер неге шықпады?
- Қобыз – әлемдік аспап. Менің қазіргі арманым, қобыздың үнін әлемге танытқым келеді. Қазақтың маңдайына біткен талантты ұлы Димаш Құдайбергенов «Самалтау» әнін шырқағанда, ән бастала бере қобыздың сүйемелдеуімен, қасқырдың ұлыған даусын тартылады. Немесе, атақты сазгер Ғарифолла Құрманғалиевтің «Менің елім» әнін шырқар алдын Ықылас Дүкенұлының «Кертолғау» күйімен бастап, жақсы үлгі көрсетті. Димаш қазақтың киелі қобызын өз әндері арқылы әлемге насихаттап жүр. Әнші қызымыз Гауһар Қаспақова да Әсеттің «Қысмет» әнін «Жезкиік» күйімен керемет сүйемелдеп орындап жүр. Қобыздың қоңыр үнімен ән де құлпыра түседі.
Қарақат Әбілдинаның өзі жетіген аспабының кең насихатталуына жол ашты. Қобыз үнін тыңдап, жадымыздағы кей файлдар ашылады. Қобыз – ұлттық кодымызды қайта жаңғыртатын аспап. Соңғы жаңалығыммен бөлісіп өтейін. Қызылорда-Көкшетау бағытындағы пойыз маршруты басшысының өтініш жасап, менің орындаған он шығармамды (Ықыластың бес күйі, қалған бесеуі өз компазициям) сұратып отыр. Осы бағыттағы пойыз жолаушылары қоңыздың қоңыр үнін тыңдап, рухани ләззат алса, шын қуанар едім. Қазақтың ауа кеңістігінде, радио-телеарнасында киелі қобыз үні көбірек шырқалса деген тілек-ниетім бары жасырын емес...
Ресей этнографиялық музейіндегі барлық қобызды зерттеп шықтым. Қобыздардың өлшемін алып, тартып та көрдім. Ежелгі бақсылардың қобызын тартып, рухым көтерілді. Мен Санкт-Петербургт оқып жүрген уақытымда «Ленфильмде» Ирина Евтеева атты режиссер болды. Ол кісі 2020 жылы «Ләйлі-Мәжнүн» хикаясының желісімен «Мелодия струнного дерева» атта анимациялық фильмін түсірген еді. Бұл фильм пандемия тұсында Мәскеу кинофестивалінің бас жүлдесін иеленді. Фестивальде Тимур Бекмағамбетов бас қазының орынбасары болды. Сол фильмге мен қобыз тартқан едім. «Қазақ хандығы» тарихи көркем фильмінде де Ықыластың «Абыз толғауы» күйі тартылады. Сондықтан, қобыз аспабының үнін фильмдер мен мультфильмдерге қоса түссе, қазақылықтың исі шығып тұрады.
- Уақыт бөліп, шынайы әңгімелескеніңіз үшін мың алғыс!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.