Әдебиет тарихында лайықты бағасын алса да, шығармалары соңғы уақытқа дейін көпшілікке тұтас жетпей жатқан ақынның бірі Нұржан Наушабайұлы. Оның өлеңдері кезінде аз да болса жарық көріп, белгілі әдебиетшілер пікірлерін білдірді, бірақ, көп уақытқа дейін ақын шығармашылығы толық зерттелмеді. Сол олқылықтың орны енді ғана толып келе жатыр. Ақынның «Алаш» деп аталатын кітабы Қостанай қаласында жарияланды. Астанадағы «Фолиант» баспасынан ҚР Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша екі мың данамен шыққан «Ұйықтама, оян Алашым!» (жинақты құрастырушы А.Байтұрсынов ат. ҚМУ-нің профессоры, ҚР жазушылар одағы басқармасының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Ақылбек Шаяхмет) шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл кітаптың эл. варианты «Әдебиет порталында» тұр.
Нұржан дегенде жалғанда ор киіктей заулаған, ат құлағында ойнаған, әуелетіп ән шырқап, термелетіп жыр төккен, кесек мінезді, нар тұлғалы, ел қамын ерте ойлаған, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт көз алдымызға келеді. Ия, кешегі төңкеріс қарсаңында онымен иық теңестіріп тұра алатын тұлғалар бүкіл қазақ даласында некен-саяқ болған шығар. Айтқан сөзі – мақал, қайтарған жауабы – мәтел, жазған жыры ғибрат – өнеге, шырқаған әні әсем сазға толы азаматтың бір басынан мін табудың өзі қиын еді. Міне, осындай асылынан ұзақ уақыт бойы көз жазып қалған қазекем әлі де оның жырын түгендеп, орнын тауып, сағынып қауышып жататын тұста жайбарақаттық көрсете, іш қазандай қайнап, бармағыңды шайнамағанда қайтерсің?!
Ақын жырлары негізінен толғау, терме, өсиет, тақпақ болса, оны елі де тақтақ деп атаған. Тақтақ сөйлесе сөзге бөгелмейтін, тау суындай сарқыраған, таңдайы тақылдаған, ылдидан шапса, төске озған, ертемен шапса кешке озған жүйрік жыршы. Нұржанның өзі де:
«Сөздері топқа салынған,
Бұрынғы шешен тақтақтың,
Керегі көп заманға,
Ескі мақал, тақпақтың.
Лайығы кем деп ойлаймын,
Босқа қарап жатпақтың,
Әр жерден жинап, сөз қылдым,
Реттеп басын қоса алмай,
Сарыны осы деп соқпақтың,
Жастықпен жүріп әуре боп,
Әр білімнен хабарсыз,
Ісін істеп ақымақтың.
Бұл күнгіше бос жүрдік,
Өмірді зайық өткізіп,
Көзін ашпай бұлақтың», – дейді.
Нұржан туралы Бейсенбай Кенжебаев «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары шығармалары» кітабында мол мағлұмат беріп: «Нұржанның бір өзгешелігі – ол өлеңдерінің көбін бұрынғы араб, парсы, шағатай ақындарының үлгі, стилінде жазады: діни сөздерді, араб, парсы, ескі кітаби сөздерді көп қолданады. Бірсыпыра өлеңдерінде Нұржан заман жайын, қазақтың бұрынғы, өз заманындағы тұрмысын, ел билеген адамдардың іс-әрекеттерін, оқу, өнер, білім, дәулет, бақыт, мінез-құлық мәселелерін сөз етеді. Солар жөнінде бірталай орынды, маңызды, келісті өсиеттер, мақал-мәтел, нақыл сөздер айтады. Оның шығармалары ойлы, мағыналы болып келеді», – деп баға береді.
«...Қазақтарда халық поэзиясы дамудың ең жоғарғы сатысына жеткен. Қазақ пен қырғыз шешен келеді: олар мақалдап сөйлейді, жай сөзінің өзі өлең болып құйылып жатады» деген В.Радлов пікірінің растығы Нұржан ақын шығармашылығынан көрінеді.
Нұржан ақынның көзі тірісінде жарық көрген кітабы үшеу: «Манзұмат қазақия» (1903 жыл), «Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы» (1908 жыл) және «Алаш» (1910 жыл).
Ақынның тақпақ, терме, толғауларының барлығында дерлік бүгінде қанатты сөздерге айналып кеткен фразеологиялық сөз тіркестерін жиі ұшыратамыз. Өйткені, Жиреншені үлгі тұтқан ақынның өзі де ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен болған. Ол өзі өмір сүріп отырған заманның қабағынан шошиды, «адамның жақсысы кетіп, жаманы қалған, жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалған, бидайдың дәні кетіп, сабаны қалған» тұрақсыз жалғаннан түңіледі, қайырсыз байларды, еріншек жандарды сынайды. Нұржанның «Ғалымдық дариясынан іштім қанып» – деген сөзіне қарағанда, жан-жақты білім алғаны аңғарылады.
Нұржан өнеріне жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында кең тоқталып, академик жазушы оны дарынды ақын деп бағалайды.
«Нұржан жасынан пысық, әрі ақын, әрі шешен, әнші, күйші, балуан жігіт болып өседі де, Троицк медіресесінен жақсы білім алып, ер жете «орта» аталатын дәулет құрады. Содан кейін «игі жақсы» дейтіндермен, әсіресе Ыбырай Алтынсаринмен жақындасып, күндерінің көбін солармен бірге өткізеді. Ыбырай Нұржанды жоғары бағалайды. Ол өзінің құдасы Қауменнің үйіне Нұржанды ертіп барғанда: «Құда, көп кісімен неге келмедің?», – десе керек, сонда Ыбырай Нұржанның өнерлерін атай келіп, «осыдан артық көп бола ма?!», – деп жауап берген екен.
Спандияр Көбеев «Орындалған арман» кітабында Нұржанды былайша суреттейді:«Бірақ жиын екі адамның аузына қарап отырған сияқты. Мұның бірі – орысша киінген, ақ құба, шоқша қара сақалы бар, орта бойлы адам. Бұл Ыбырай Алтынсарин екен. Екіншісі – дембелшелеу келген, толық денелі, сирек біткен сары сақалды,басына тақия, үстіне мақпал бешпет киген адам. Бұл Нұржан Наушабаев екен.
Біз келіп отырғанда, балаларды орысша оқыту, мектеп салу туралы әңгіме болып жатыр екен. Әңгімені қозғап, осы ауылдың «адам қараларына» ауыр-ауыр сөз тастап отырған Нұржан еді. Сөзінің ұзын-ырғасын түйе келіп, Наушабаев былай деді:
– Сауытбай, тойыңның үстіне келіппіз. Енді осы жақсылықтың ақырын баянды етуді көздеуіміз керек. Бұл сенің өз қолыңда сияқты. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей, ауылыңа еліміздің бірегей ардагері Ыбырай келіпті. Бұл кісінің бұйымтайын естідік. Өзі үшін емес, елі үшін қолқа салып отыр. Обаған болысының әлді бай-мырзалары бірігіп, бір мектеп салатын болсын. Сөйтіп, ауыл ортасынан екі жылдық мектеп ашып, балалар орысша оқытылатын болсын дейді бұл кісі». Бұл әңгіменің түбі баянды болып, мектеп салынғаны тарихтан белгілі.
Нұржан Ыбырайды аса жоғары бағалап, оған өлең де арнаған. Ал ұлы ағартушы қайтыс болғанда Ыбырайдың қабірі басындағы құлпытасқа Нұржанның:
«Сайран еттім дүнияда
Табылып көңіл хоштарым.
АҺли дәулет, жиған мал
Қалды қымбат достарым» – деген төрт жолы жазылған.
Нұржан белгілі кісілерге жиі жыр арнап отырған. Мәселен, Сатыпалды ишан қайтыс болғанда оған арнап мынандай жыр шығарған:
«Сатыпалды ишан әулие
Фәниден өтті бақиға,
Дін мұсылман жұрты үшін
Қайғылы, ауыр оқиға.
Тізеңді бүгіп, қолың жай,
Арнап құран оқырға,
Жақсылығы көп елі
Жетім менен пақырға.
Дарақ егіп, жеміс сап
Өсіріп еді тақырға.
Тәлім берген сол еді
Біз секілді соқырға».
(Ф.Сатыпалдыұлының «Шерлі жылдар, шерулі жырлар» кітабынан. Қостанай: Баспа үйі, 2004 ж. 22 бет)
Нұржанның әйелі Бибісара ақын болып, екеуі хат арқылы айтысумен қосылған. «Олардан туған жалғыз ұл Сұлтанғазы 1911 ж. өліп, артында ұрпақ қалмаған», – деп Сәбит Мұқанов ақын өміріне де шолу жасап кетеді. Нұржан Құттық ауылында туып-өскенін айтады.
Нұржанмен әңгіме-дүкен құрып отырып бір замандасы: «ұл текірек, қыз кекірек, келін кекиген, ағайын ала, ісінің бәрі шала, жақсынын күндейміз, дананы жүндейміз, осы қалай, Нұржеке!», – дегенде, ақын: «алысқа бармай-ақ қояйық, осы өзіміздің қыпшақтың өзінде бір атаның балалары сиыса алмайды.
Жарбасты, Кішік, Құттық – үш атамыз,
Ежелден туыстыққа жоқ қатамыз.
Арадан қанаттанып шықса біреу,
Біз оған жерден алып тас атамыз», – деп жауап беріпті.
С.Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында: «Нұржанның әкесі кедей болғандықтан, Троицк қаласы тұрғындарының малын баққан. Шешесі қазақтың XIX ғасырдағы күшті ақыны Шалдың қызы», – дейді.
Бейсенбай Кенжебаев «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» кітабында: «Нұржан ауқатты кісінің баласы болады. Жасынан діни оқуды оқып жетіледі», – дегенді айтады.
Мұхтар Мағауинның деректерінде: «Шал ақын қартайыңқырған шағында Мәлімбай, Мәлике деген екі перзент көрген... Мәликені қалың қыпшақ ішінде Нұрым дегенге ұзатқан екен. Нұрымнан Айтбай, Айтбайдан Наушабай, Наушабайдан белгілі ақын Нұржан Наушабаев туған», – деген жолдар бар.
Бұл деректердің қайсысы анық екенін айту қиын. Дегенмен, Нұржанның нағашы жұрты да осал болмағаны анық.
Нұржанның жырмен жазып шыққан шежіресі де халық жадында. Оған кезінде Сәбит Мұқанов жоғары баға берген. Кейбір үзінділері «Дала қоңырауы» газетінде жарық көрді. Бұл шежіре толық қалпында жариялана қалса, танымдық-тағылымдық мәні зор еңбек екендігі дау туғызбайды. Әлкей Марғұлан: «Нұржан данышпан ақын ғана емес, сонымен бірге қазақ шежіресін жазған ғалым» – деп оның еңбегіне үлкен баға береді.
Нұржан бай да, би де болмаған деген пікірлер де бар. Қостанай өңірін мекен еткен Нұржан би деген кісі туралы ел аузында айтылатын әңгімелердің Нұржан ақынға қатысы жоқ болуы да мүмкін. Мәселен, Серікбай Оспанов Ғылым академиясының орталық кітапханасынан Нұржан мен Жұмабай Шалабайұлының айтысын тауып алғанын айтып, «Ана тілі» газетінде жариялады.
Жазушы Қойшығара Салғаринның «Көмбе» кітабында (Алматы: «Жалын», 1989,414 бет) Досбол датқа Нұржан деген кісіден жеңіліпті деген сөз бар деген әңгіме мысалға келтіріледі. Автор:«бұл өңірде Нұржан атаулыдан сөз ұстаған Наушабайдың Нұржаны еді. Бірақ, Досекем заманында ол дүниеге де келген жоқ» дейді. Кітаптағы деректерге қарағанда, Нұржан би Ырғыз жағының адамы.
Олардың ақындық қағысуында Жұмабай айтатын «Бай болсаң, Нұржан, қайтейін, би болсаң, Нұржан, қайтейін» деген сөздерге үңілсек, бұл жерде онымен айтысып отырған Нұржан би деген қорытындыға келеміз. Яғни, бұл ақын Нұржан емес, онымен аттас басқа Нұржан болуы мүмкін. Бірақ, Нұржан тақтақ атанған, айтқан сөзі билерден артық болмаса, кем болмаған.
Жылқыда өт, құста сүт, таста тамыр болмайтыны секілді, елін емірене сүйген ақында туған халқына деген өкпе де болмайды. Онда ет-бауыры елжіреген жүрек қана болады. Аяқтан шалған, етектен тартқан, балақтан тежеген әлдекімдерге ренжісе де, тұтас халқына келгенде ашу-ызаға орын қалмайды. Бірақ, қапалы көңілін ашу үшін, көкіректегі шерін басу үшін жыр толғайды.
Жастары Қыдыр жасы-қырықтан асса да, бұл күндері жаспын деп қызыққа мас болып жүргендер жеткілікті. Нұржан болса:
«Болмайды жылқы тарғыл, сиыр сары,
Кемиді уақыты асса гүл ажары.
Дариға, баяғыда мұндай ма едім,
Бұл күнде қырықтан асып, болдым кәрі», – десе, оның оркиіктей орғытып, арғымақтай қарғытып өткен жастық шағын аңсаумен қатар даналардан ғибрат алуға шақырып отырғанын аңғарамыз.
«Қадірін білмей жүрміз тіршіліктің,
Жігітке пайдасы жоқ іріліктің.
Аяғын шеңгел қағып, қолаулатып,
Тоқтағаны орғып-орғып ор киіктің.
Хаққа құлсың тисе де төбең көкке,
Қадаусыз іс болад деп жүрме текке.
Ажал уақыты жетпесе сақтар Алла,
Төсіңді ашып шапсаң да зеңбірекке», – деп пәтуаға келеді.
«Рабымсың, ырыздықты өзің беруші,
Не халімде екенімді білуші,
Бір өзіңе зар илеген мен ғаріп,
Әрбір іске разы болып, көнуші!», – деп Аллаға мінәжат қылады.
Ақынның ғибратты сөздері ешқашан мағынасын жоймақ емес.
«Кім білер тұлпар жайын шаба алмаса,
Ер сарсаң іздеп мақсат таба алмаса,
Бұл күнде сөз өтірік, іс жаңылыс,
Дос достың қадірін біліп, баға алмаса...»
Немесе:
«Ағайын жат болады алыс болса,
Болады жат та жақын, таныс болса.
Достарың дұшпан түгіл табалайды,
Табаның сәл нәрседен шалыс болса...»
деген жолдарды ақындық өнердің озық үлгісі, маржан сөздің мәйегі деп айтуға толық хақымыз бар. Кейінгі жастарға:
«Ер жігіт дүнияны көргені артық,
Жалғанда не бар-жоғын білгені артық.
Түскендей аспан жерге іс болса да,
Бел байлап, «тәуекел!» деп төзгені артық», – деп сабырға шақырған қаламгер кей-кейде:
«Кедейлік, атың жаман, түсің суық,
Дәулетке жете алмайды пенде қуып.
Ер жігіт тоны келте, қолы қысқа,
Қажып жүр кейбіреулер әлі құрып.
Үйіңе құрбың келсе қонақ болып,
Кеңесіп отырасың ойнап-күліп,
Беруге қонақасың болмай қалса,
Ылажсыз отырасың дымың құрып», – деп күйінеді.
«Ойға салсаң, Нұржанның көп ақыннан сөзі артық», – деп ақынның өзі айтқандай, «іші алтын, сырты күміс сөз сарасын» саралай білген ақын көзіне көрсетіп, қолына ұстатқандай бейнеленген:
«Бұлт шалып мұнартқан,
Асқар биік тауларың,
Төбе болған заман-ай,
Асфаһани қылыштар,
Қынабынан суырылмай,
Көне болған заман-ай.
Аққу қалып қатардан,
Айқай салып тырналар,
Төре болған заман-ай...»
секілді жыр жолдары бүгінгі күн бейнесін де дәлме-дәл бедерлеп, тамырын тап басып тұрған жоқ па?!
Нұржан 1918 жылы «Қазақ» газетіне «Алашордаға» деген өлеңін бастыртады.
«Бірлік қылсаң, Алашым,
Ілгері қарай басасың.
Қол ұстасып ұмтылсаң,
Қатар жұрттан асасың.
Атағың мәңгі қалдырып,
Жасасын Алаш, жасасын!»- деген жолдардан оның «Ұйықтама, оян, Алашым!» жырының жалғасын тапқанын аңғарамыз.
Нұржанның көлемді дастандарының бірі «Сегіз сері». Мұнда ақын атақты сері, әрі ақын, әрі батыр атанған Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақовтың өмірі мен өнерін жырға қосады.
«Жер шарлап, салдық құрып думандатқан,
Құс салып, ит жүгіріп, дабылдатқан,
Ту ұстап, тұлпар мініп, сауыт киіп,
Қол бастап, кернейлетіп, шеру тартқан»
Сегіз серінің басынан өткен жағдайлар дастанда жан-жақты баяндалады. Бұл дастанның енді бір ерекшілігі, онда бұған дейінгі қазақ эпостарында дәстүрге айналған әсірелеу тіпті жоқ десе де болады, ақын болған жайды қаз-қалпында суреттейді.
Т.Сүлейменов «Сегіз сері» кітабында: «Нұржан Наушабаев «Сегіз сері» дастанын жазар алдында Сегіздің інісі Қуаныштың баласы Сапарғали ақынмен дос болады. Оның аузынан естіген деректерді азсынып, ол 1980 (ұлу жылы) Шақшақовтың үйіне барады. Себебі, Сапарғали әкесінің ағасын өзі көрмегендіктен Нұржанға көп ештене айта алмайды. Әйтсе де ол Наушабаевты Сегіздің бәйбішесі Ырысбикемен, үлкен ұлы Мұстафамен таныстырып, атасының мұрасын оқып, жазып алуына жол ашады. Ақыры Нұржан Сапарғалидың көмегімен Ырысбике мен Мұстафаның қолындағы қолжазбалардан кемеңгер өнер иесінің өлең-жырларың, қисса-дастандарын және шежіресін мұқият зерттегеніне дастандағы:
«Әр сөзін, өлең сөзін, өсиет сөзін,
Сегіздің шежіресінен көрді көзім.
Нақыл сөз, жыр-қиссасын, жұмбақтарын
Көшіріп жинағынан жаздым өзім», – дегені дәлел бола алады», – деп жазады.
Бұл дастан Қазақстан ғылым академиясының Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы жатыр.Бірақ, жазып алушы немесе көшірушілер кінәсінен бе екен, көптеген шумақтарды Нұржан жазды деп айтуға аузымыз бармайды. Өйткені, өлең сапасы нашар, ұйқастары әлжуаз, мағынасы бұлыңғыр жолдар жиі кездеседі.
Нұржан ақынның Қуаныштың баласы Сапарғалимен айтысы бұл күндері көптеген жинақтарға еніп, жұмбақ айтыстың озық үлгісі есебінде ұсынылып жүр. Айтыс табан астында суырып шығарылмаған, ұзақ дайындықтан кейін барып қағазға түскен деп топшылауға болады. Ақындар қазақ тұрмысында жиі кездесетін үйреншікті заттармен қатар сол кезде енді ғана тұрмыста қолданыла бастаған безбен, қолшатыр, тігін машинасы секілді бұйымдарды да жұмбақ қылып, шешуін бейнелі тілмен айтып береді.
Ақынның Бибісарамен хат арқылы айтысуы да айтыс өнерінің кейде эпистолярлық жанрда дамығанын, қазақ даласындағы өткен айтыстардың бәрі бірдей табан астында шығарылмағанын, көптеген айтыс түрлерін жазба ақындар да жанр есебінде өз шығармашылығында шебер пайдаланғанын көрсетеді.
Ақынның туған жылы туралы кейінгі кезде алып-қашпа әңгімелер көп айтылып жүр. «Егемен Қазақстан» газетінде Нұржанның бейіті табылғаны туралы хабар жарық көрді. Арқалы ақын бейітінің басын қарайту қажеттілігі туралы жергілікті қарт ақын Өтеміс Қалабаев бұрын да айтқан болатын. Ақынға ас беру, қабіріне құлпытас орнату, жарық көрмеген еңбектерін жинастырып, бастырып шығару келер ұрпақ міндеті екені ақиқат.
Осы хабарда газет тілшісі: «Ерзақұлы Тұрлығұл біздерге «Нұржаннан қалған өлеңдер еді» деп тағы қырық көшірме ұсынды. Оны ол өз архивінен алыпты. Бұл 1919 жылы Нұржан ауырып жатқанда көңілін сұрап хат жолдаған Жақанның Қалиы деген ақынның өлеңіне жауабы болып шықты.
«Қой жылы заказной жазған хатым
Жолықты он бірінде желтоқсанның.
Биіктен еңкейіске қадам басып,
Жыл ұлу, үшеуінде мен алпыстың», – деген жолдар бар Нұржанның жауап хатында. Қазақ Совет Энциклопедиясында Нұржан Наушабайұлы 1959 жылы туды делінген. Кейбір зерттеушілер оны 1857 жылы туған дейді. Мына өлеңіне қарасақ, ол 1856 жылы туған болып шығады» деген болжам жасайды.
Біріншіден, Нұржан ақын шығармаларын ең алдымен Ғылым академиясына тапсырған Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова деректеріне күмән келтіру қиын. Ол кісі өз жерлесі Нұржан ақын өмірін зерттегені белгілі. «XX ғасырдағы қазақ ақындары» кітабында («Ғылым» баспасы, 1988 жыл), ғалым М. Жармұхамедовтың мақаласында ақын 1859 жылы туған деп көрсетілген.
Екіншіден, жоғарыда келтірген шумақты Нұржанға телу ағаттық. Ақын өлеңдерінің ұйқасы мен ырғағына, әрбір буын-бунақтағы салмағына зер салған көзі қарақты оқырман бұл өлеңнің поэзия ауылына қоңсы қона алмайтынын бір қарағанда-ақ аңғарар еді. Осы өлеңсымақтан Нұржанның балталаса бұзылмайтын ұйқастарын тауып беріңізші! Таба алмайсыз. Сондықтан да әр дерекке абай болайық, ағайын, біздің бүгінгі қатеміз ертең орнымызды басатын ұрпақты жаңылыстырмасын дегіміз келеді. Нұржан мұрасын жинап-жинақтау, елге ұсыну туралы сөз болса, әңгіме басқа.
Жазушы Дінәш Нұрмұхамбетовтың Нұржан ақын туралы осы жолдар авторы және Мәриям Хәкімжанованың қатысуымен өткен сұхбаты «Қазақ радиосының» алтын қорында сақтаулы. Онда Мәриям апай Нұржанның алпыстан асып барып қайтқанын айтқан.
Зерттеушілер Нұржанның соңғы жазған жыры деп жүрген оның қатты ауырып жатқанда жазған өлеңінде ақын:
«Кемітті хал-бағамды
Кешегі тауық өткен жыл.
Сөз бағасын білгенге,
Өзім арзан, сөзім пұл.
Сөз иесі азайып,
Әйелдей жесір қалдым тұл.
Тыңдаушы мұны азамат
Дұғагөйі қалмады,
Иманы нәсіп болсын деп,
Нұржан ерге дұға қыл!» – дейді.
Бұл деректерге күмән келтірудің қисыны жоқ. Ал ақынның соңғы өлеңін куәға тартсақ, тауық жылы 1920 жылға келеді. Бірақ, бұл жылдың басы, соның ішінде қаңтар, ақпан, наурыз айлары қазақша жыл санаумен 1919 жылға да сәйкес келетінін естен шығармау керек. Нұржан сол жылы қатты ауырып жатып қайтқан болса, алпыстан асып барып қайтқан, яғни, мүшелге кірген жасында фәниден бақиға аттанған. Оған оның «алпыстан асып жасымыз, қолға алдым таяқты» деген жолдары да дәлел бола алады. Ал 1956, яғни, ұлу жылы туды дейтін болсақ, тауық жылына дейін тағы бес жыл қосылуы керек.
Тілшінің болжамы бойынша онда ақын 64 жасқа келген болып шығады. Пайғамбар жасынан асқан болса, Нұржан сынды діндар ақын бұл туралы жыр толғаса керек еді.
Нұржан өлеңдеріндегі қалып қойған шумақтар, қате жазылған сөздердің біразы «Алаш» жинағын дайындаған кезде араб әрпімен басылған түпнұсқамен салыстырыла отырылып түзетілді. Мәселен, «Бес ғасыр жырлайды» кітабындағы «Леп ұрған кейбір жігітке» өлеңінің аты «Лепірген кейбір жігітке» болып түзетілді. Сондай-ақ «ғұмырды зайық өткізер» (дұрысы: «зайғы»), «қаңтарда қарсы жел ұшар» (дұрысы: «қаңтарда қарсы желге ұшар») деген жолдар да дұрысталды. Осы орайда бір айта кететін жай, «Бес ғасыр жырлайды» антологиясында да, «XX ғасыр басындағы әдебиет» хрестоматиясында да Нұржан Семиозер (қазіргі Әулиекөл) ауданында туған деп жазылып жүр. Дұрысы: Арақарағай болысы (қазіргі Қостанай ауданы) Шамасы, Нұржан өлеңдерін араб әрпінен қазақшаға алғаш түсіргендер Арақарағайды Аманқарағай деп шатыстырғаннан осындай қате кеткен болар деп жорамалдаймыз.
Ғалым Ә. Қоңыратбаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихы» деп аталатын оқулығында Нұржанның екі мысалына қысқаша талдау жасалған.
«Түлкі мен әтеш» мысалында түлкі әтешке келіп: «Патша жаңа заң шығарыпты, бұдан былай қарай қасқыр мен қой, түлкі мен ит дос болатын болады. Екуміз де дос болайық, жерге түс!», – дейді. Сонда әтеш алысқа көз тастап: «Бір қамшы құйрық, шашақ құлақ келеді», – дегенде түлкі: «Ойбай-ау, ол тазы болып жүрмесін?!», – деп тұра қашады. «Неге қорқасың, патша заңы бар емес пе?», – деген сөзге түлкі: «Кім білген, мүмкін, патша жарлығы әлі тазының құлағына жетпеген шығар», – деп жауап береді. Ал екінші мысалда («Өгіз бен есек») есектің ақылымен өтірік ауырып, ауыр жұмыстан құтылған өгіздің орнына қожайын есекті жұмысқа жегеді. Күн бата шаршап-шалдығып келген есек: «Қожайын өгіз бүгін жем жемесе, оны сойып тастаймын деп отыр», – деп, өзі бейнеттен құтылуды ойлайды.
Ғалым осы мысалдарды келтіре отырып, Нұржан ақынның заман қайшылығын адамның азғындауынан іздегенін тап басып көрсетеді.
Нұржан ақын заманның қалпына қарап немесе таршылық таянған заманда деп жазған жырларында өзіне дейін айтылған қанатты сөздер мен мақал-мәтелдері де шеберлікпен пайдаланады. Сегіз ешкіге сексен теке қойған, топтан озған жүйріктен жұртқа қайтқан ит озған заманға қарғыс таңбасын басып:
«Шығысы жаман қамысты,
Су ішінде өрт алады,
Туысы жаман баланы,
Анасының құрсағында дерт алады», – деп тақпақтайды.
Жүйрік мініп, жар құшқан, алқалы топта сөйлеген ақын өткен күндерін аңсайды:
«Кең құрсақ билер қайда сөз бастайтын,
Баяғы ерлер қайда қол бастайтын?
Ел күйігін, халық намысын жібермейтін
Ақылмен адам қайда ел ұстайтын?
Дәріс айтып, шәкірт жиып уағыздатқан,
Шарғилы ғалым қайда дінді ұстайтын?
Үлгілі тақтақ, шешен жүйріктер жоқ,
Адасқан сөз ия кеміс мінді ұстайтын,
Атақты шынжыр балақ хандар қайда,
Өзіне лайықты теңді ұстайтын?
Қалтақтаған ұшпалы заман болды,
Қайдағы бір нәсіліз құлды ұстайтын,
Атақтарын зорайтып мәнісі жоқ,
Бақсыларға ұқсадық жынды ұстайтын», – деп балдай тәтті, тәртібі қатты, жүрісі сәтті дәуренін жырға қосады. Ақын «Алаш еді ұранымыз, дін-ислам құранымыз, дүния-ақірет жайынан қолда жоқ еш құралымыз, ата қоныс кетті қолдан, бұған бар ма қыларымыз?!», – деп өмірді мағыналы өткізуге шақырады.
Нұржанның баталарының өзі бір бөлек тақырып. Бірде Нұржан кіші жүз ішінде үш баймен жолығып, мәжіліс құрып отырғанда мынандай бата беріпті:
«Жаппастың байы Құланбай, Құланбайдың жылқысы жүген-құрық тимеген, Арқадағы құландай, Нұрмағанбетке тименіз, шағып алар жыландай, Дос мырзамыз ол да жүр, не болғанын біле алмай».
Құланбай тұрып: «балаларыма бата бер», – дейді.
Сонда Нұржан ақынның айтқаны: «Қамқа тонды кисең де, жаға менен жең керек, үйіне келген адамды шығарып жүрме желкелеп, байлығына әкеңнің келетін шығар еркелеп, теңтектікті қойсаң, шырағым, бір үлкен бақыт өзіңе қонайын деп тұр ентелеп».
Батада ақындық пен шешендік өнердің біте қайнасып тұрғанын аңғару қиын емес.
Енді бір сөзінде: «Талай патша айырылды мініп өткен тағынан, талай байлар айырылды айдап өсірген малынан, талай жақсы айырылды құстай ұшқан бағынан, талай ерлер айырылды жол таба алмай барынан, жазылған болса тағдырда, пенденің болмас сағынан»,– дейді. Бұл жолдар да таңдаулы шешендік өнер үлгілері қатарына жатады.
Шоқан Уәлиханов: «Көшпелі елдердің қай-қайсысының болсын бір ерекшелігі, олар поэзияға бейім, табан астында қиыстырып айтқыш, өлең-жырға бай, шебер келеді», – дейді. Мұндай шеберлік үлгілері тақтақ ақын жырларында көп кездеседі.
Филология ғылымдарының докторы Уәлихан Қалижан: «Н.Наушабаев халқымыздың қолы биікке жетсе, тек өнер-біліммен ғана жетеді, оқиық, білейік, үйренейік, сонда ғана ел қатарына қосыламыз деп жырлаған. Мұнымен қоса ел бірлігін сақтайық, Жиренше секілді биімізден ғибрат алайық деп те толғаған. Ол тарихымызда көркемдігі жоғары өлеңімен, шиеленіске толы айтыстарымен ұзақ жасай бермекші», – дейді.
«Ескіден қалған есті сөз» кітабында басылған Серғали Досовтың жазуымен қағазға түскен Нұржанның жаңадан табылған термесі:
«Бісімілла, рахман-рахим!
Болмады төмен назарым,
Жер жүзіне жайылды
Насихат болып ғазалым,
Дүнияның мен көрдім
Неше қызық базарын.
Құрбымен қатар жүргенде,
Кейін қалып, шіреттеп,
Кемімеді ажарым.
Қалам алсам қолыма,
Сынаушы елім Нұржанның
Білуші еді жазарын», – деген жолдармен басталады
Бұл термеден де анық көзге түсетін бір жай, Нұржан өз атын жиі айтатыны рас. Бірақ, оны Нұржанның мақтанқұмарлығы деп ойлау асылық. Тасқа басылмай, ауыздан ауызға айтылып жүрген жырдың иесі өзі екенін айғақтайтын сөз жырдың ішінде тұруы шығыс шайырларының көбінде кездескен дәстүр. Нұржан да осы үрдістің үдесінен шығып отыр.
Т. Кәкішев «Айқап» журналында басылған сын пікірлер туралы айта келіп, Нұржанның өз есімін өлеңге қосып жазуы туралы әртүрлі пікірлер болғанын атап көрсетеді. «Ендігі өлең жазушы жастар Нұржанша өзін мақтамай, жұрт үшін қайғырып, халықтың пайдасына айтып, үгіт қыла жазсын» дегені де ілтипатққа аларлық құнды пікір екені аян», – дейді. Бұл пікірдің өзі қазақ баспасөзінде алғаш жарық көрген әдеби сын болып есептеледі.
Нұржан өлеңдері қазақ әдебиетінің тарихына, «Бес ғасыр жырлайды» антологиясына ішінара болса да енгізілді. Оның есімі энциклопедиялар мен әдеби анықтамалықтардан орын алды. Алайда, ақын шығармашылығы әлі де аз зерттелді, өзінің тиісті бағасын алып үлгерген жоқ. Бұлақ көзін ашу, Нұржан жырларын көпшілікке етене таныстыру – келер күндер шаруасы. «Сынап білер тыңдаушы, білгенім бүтін, жарты ма?!» – деген ақын сөзі бүгінгі ойлы оқырманға арнап айтылғандай. Қызыл тілін шалқытқан, халқына мирас қалдырған, аз сөйлеп, көп тыңдаған, елінің мұңын жырлаған, қапалы көңілін аша алмай, зіл-наласын баса алмай, жалғаннан аһ ұрып өткен Нұржан ақын қандай құрметке де лайықты. «Әркімдер оқып ғибрат алмақ үшін, кетемін жүрген жерге сөз қалдырып» – деген ақын аманатын орындар шақ енді туды.
Қазіргі уақытта ақын басы қарайтылып, құлпытас орнатылды. Онда: «Қазақтың біртуар ақыны Нұржан Наушабайұлы» деген бір-ақ ауыз сөз жазылған. Ақынның туған ауылында да ескерткіш белгі қойылды.
Нұржан Наушабайұлының «Алаш» кітабында «МәшҺүр Жүсіп атына Нұржаннан бір-екі сөз» деген тақырыппен 36 шумақтан тұратын ұзақ өлеңі жарық көрген. (Нұржан Наушабайұлы. «Алаш», Қостанай: «Баспа үйі», 1997 жыл). Мәшһүр Жүсіп есімін білетіндер өлеңнің мазмұнына үңілмей, атына қараса, оны М.Көпеев деп қабылдайтыны анық. Өйткені, Мәшһүр аты мойындалған бірден бір ақын осы М.Көпеев. Алайда, одан басқа да Жүсіп бар екенін әдебиет зерттеушілері болмаса, оқырмандардың біразы біле бермейді. Біздің айтып отырғанымыз Жүсіпбек қожа.
Нұржанның аталмыш өлеңі де осы Жүсіпбеке арналып жазылған.
«Кім өндір жүйеменен сөйлегенге,
Ләззат, қадірі жоқ білмегенге,
Тауыққа көзі соқыр бәрі бидай,
Мысалы, сөзді өлшеп, білмегенге.
Нақылсыз, ғибратсыз өлең бе екен,
Өтірік ертегі айту өнер ме екен?!
МәшҺүр Жүсіп қожа деп зорайғанға
Ойлап ек: бүтін жөнін білер ме екен?» – деп басталатын хатта Нұржан сөзінің қожаға арнап айтылғаны айдай анық емес пе?! Ал МәшҺүр Жүсіп Көпеев Арғын руына жатады. Сондықтан да бұл өлеңді Көпеевке байланысты айтылған деп ойлау қисынға келмейді.
Кейбір оқырмандар тарапынан осы кітапты құрастырған маған: «осы өлең Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналған ба?» – деген сұрақтар да болған еді. Оларға айтар жауабым біреу-ақ. Нұржан өлеңінің Жүсіпбекке арналғаны осы өлеңнің мәтінінен анық көрінеді. Нұржан:
«Мәшһүр ісін шығарған Жүсіпбекке
Тұрарымды сатпаймын аз деп көпке.
Қадірін шешендіктің зайғы қылып,
Мағынасыз жауҺарыңды төкпе текке» – деп айыбын бетіне басады.
Жүсіпбек қожаның да әдебиет тарихында өзіндік орны бар. Ел арасынан көптеген аңыз, қисса, айтыстар, өлеңдерді жинап, кезінде Қазан қаласындағы ағайынды Каримовтердің баспаханасында кітаптарын бастырған. Ол 1857 жылы туып, 1937 жылы қайтыс болды деген деректер «Бабалар сөзі» көп томдығында келтірілген. («Фолиант» баспасы, Астана: 2002 жыл).
Жүсіпбек Шайхисламұлы осы көп томдықтың 2-ші томына енген «Мансұр әл-халаж» атты қиссасында Абайға да жиендік жасайды. Дастан соңында:
«Өлең – сөздің артығы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Болғанда қиюы жоқ сөз арасы,
Ол зейінсіз ақынның бейшарасы,
Айтушы, тыңдаушының көбі надан,
Халықтың сөз танымас бір парасы», – деп жазады.
Әрине, «патшасы» сөзін «артығы», «білімсіз» сөзін «зейінсіз» деп өзгертіп, басқа да сөздерді ойынан қосқанымен Абай сөзінің өзгертілген нұсқасы тайға таңба басқандай көрініп тұр.
Жүсіпбек осы дастанында: «мұсылмандар, дұғаңнан үміт қылам» – дейді.
Нұржан осыған орай:
«Жоқ іске ақыл-миды бітіресің,
Әуелден керек емес, бекер осың.
Өтірік хикаятты жазып-жазып,
Қалайша дұға қыл деп өтінесің?» – деп сын садағын бағыттайды.
Нұржан ақын «не айтсам өз қалыбыма бәрі лайық, мақтаншақ өлеңші емен тарқылдаған», – дей келіп:
«Айтқаным өтірік емес жала қылып,
Сөйлесең не қыламын шама қылып.
Емессің дін иесі ишан, хазірет,
Сөзді қой мәшһүр деген тоба қылып.
Ібілістің бір есімі ғазиз еді,
Екі есімді жүрмісің жора қылып?» – деген сауал тастайды.
Тақтақ ақынның түйдек-түйдек сөздері сол тұстағы Жүсіпбек секілді жалған атаққа құмар өлеңшілер шығармашылығына берілген әділ баға екені даусыз. «Беріде неше тазды емдегенмін, даруым дайын менің себетұғын, осыдан ғибрат алып тоқтамасаң, желкеңнен сөзім дайын мінетұғын, мен болдым өз ойымен дегендердің нешеуі ақырында бүлетұғын» – деген шымыр жолдар Нұржан ақынның қаншалықты талғампаз болғанын да дәлелдейді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.