Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ашур Өздемир. Көркем аудармаға келгенде науқаншылы...

03.02.2025 1075

Ашур Өздемир. Көркем аудармаға келгенде науқаншылықты қою керек

Ашур Өздемир. Көркем аудармаға келгенде науқаншылықты қою керек - adebiportal.kz

Қазақ оқырмандары Ашур Өздемирді қазақ шығармаларын түрік тіліне аударып, таныстырып жүрген аудармашы ретінде таниды. Кезінде «Түркістанның от баласы Бауыржан Момышұлы» деген кітап жазғанынан да, ол туындының Түркияда таныстырылғанынан да хабардар. Түркиялық әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Ашур Өздемир осы кезге дейін қазақ жазушыларының 15-тен астам романын, 150-дей әңгімесін түрікшеге аударған. Бұл шын мәнінде зор еңбек. Отыз жылдан бері қазақ тілінің сыр-сипатына үңіліп келе жатқан Ашур Өздемир қазақ әдебиетін түркі әлеміндегі ең бай әдебиет деп санайды, ғалым-аудармашының қазақ әдебиетіне деген ықылас-құрметінің  бір дәлелі – оның жеке кітапханасындағы он мың кітаптың сегіз мыңы қазақ тіліндегі кітап екен. 

Біз жуырда қазақ әдебиетін түрік жұртына насихаттауда үлкен еңбек қылып жүрген Ашур Өздемирге хабарласқан едік. Аудиосұхбатымыз былайша өрбіді. 

- Ашур аға, қазақ жазушыларының шығармаларын түрік тіліне аудару идеясы қалай келді, кім және не түрткі болды?

- Бұл сұраққа бұрынғы сұхбаттарда бірнеше рет жауап қайтарғанмын. Дегенмен тағы да жауап беруге тура келіп тұр. Мен алғаш Қазақстанға 1992 жылдың аяғына қарай келдім. Жаңылыспасам сол кезде қыркүйек айы болатын. Түркістанда, Қожа Ахмет Ясауи университетінде жұмыс істей бастадым. Ол кезде университеттің ашылғанына бір жыл болған-ды. Содан қазақ тілін үйрене бастадым. Бірнеше айдан кейін Алаш зиялыларының өмірбаянын түрік тіліне аударғым келді. Өйткені ол кісілердің өмір жолы маған өте қызық көрінді. Алғаш аударған дүниелерім  Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек сияқты Алаш зиялыларының өмірбаяны болатын. Содан аударма жұмысын бастап кеттім. Қазір отыз жылдан асып кетті. Әлі де аудармамен шұғылданып келе жатырмын. Әрине, түрік тілінен қазақ тіліне емес, қазақ тілінен түрік тіліне аударып жатырмын. Ал кейінгі жылдарда екі мыңыншы жылдардан бастап қазақ әңгімелерін түрік тіліне аудардым. Сөйтіп қазақ жазушысының жүз елуден астам әңгімесін түрік тіліне аударған екенмін. Сол бес-алты жыл ішінде оны, дәл айтсақ, 2014 жылы біразын таңдап, кітап қылып шығардым. Екі мың оныншы жылдарда бес бірдей алғашқы қазақ романдарын түрік тіліне аудардым. Кейін Абайды, тағы басқа ақын-жазушыларды аудардым. Аударма жұмысы жүріп жатыр.

- Қазақ әдебиетін түрік оқырмандары қалай қабылдайды? «Мына автор былай екен» деп сізге келіп пікір айтқандар болды ма? Қандай шығармалар ерекше қызығушылық тудырады?

- Шынын айту керек, түрік оқырманы қазақ әдебиетін жеткілікті және лайықты деңгейде біледі деп айту қиын. Білмейді. Бұның енді бірнеше себептері бар. Біріншіден, қазақ әдебиеті Түркияда жүйелі түрде насихатталмайды. Екіншіден, қазақ тілінен, қазақ әдебиетінен түрік тіліне жасалған аудармалардың көбісі сын көтермейді. Сондықтaн түрік оқырманы қазақ әдебиетін жақсы тани алды деп айта алмаймыз. Әрине, жұртшылық аударылған шығармаларды жақсы қабылдайды. Оның басты себебі түріктер Қазақстанды ата жұрты деп біледі ғой. Біздің аталарымыз оғыздар Анадолы жеріне қазақ жерінен көшіп келген. Сол себепті Қазақстаннан келген әр дүние түріктер үшін қызық және құнды. Тек оны уағыздай білу керек, жақсылап таныта білу керек. Оқырманның қолына жеткізе білу керек. Сол жағымыз нашар деп ойлаймын.Дулат Исабековтың кейбір хикаяттарын түрік тіліне аудардым. Сол шығармалар түрік оқырманы тарапынан жақсы қабылданды деп ойлаймын. Сосын, Әбiш Кекілбаевтың  «Күй» xикaяты дa үлкен қызығушылық туғызды. Сол сияқты Мұхтар Мағауиннің де шығармалары аударылса, олaр да өте қызықты болады деп ойлаймын түрік оқырманына.

- Аударуға лайық деген шығармаларды қалай таңдайсыз? Сіз үшін қандай алғышарттар маңызды?

- Аударуға лайық деген шығармаларды қалай таңдаймын? Әрине, классикалық шығармалар таңдауды қажет етпейді. Мен үшін жоғарыда айтқандай, Алаш зиялыларының шығармалары өте құнды. Өйткені олар шығармаларын ұлт игілігі үшін жазған ғой. Сондықтан олар өте құнды. Олардың барлығын аударуға тырысып жатырмын. Уақыт болған жағдайда, әрине, соңғы аударғаным – Мағжанның таңдамалы шығармалары. Оны енді аз санмен де болса кітап қылып шығардым. Онан кейін кеңестік дәуірдегі әдебиеттен классиктер бар ғой: Мұхтар бар, Ғабит бар, Ғабиден бар, Тaxaуи бaр, Бaуыржaн бaр, Бердiбек бaр дегендей. Солардың шығармаларын да аударуға тырысып жатырмын. Кейінгі кездері қазіргі әдебиет үлгілерін, әрине, көбінесе көргеннен кейін аударуға тырысамын. Енді олардың болашағы әлі белгісіз ғой. Әдебиет әлемінде орын ала ма, ала алмай ма, оны білмейміз. Дегенмен өзiме ұнaғaсын аударуға тырысамын.

- Қазақ жазушыларының шығармаларында сізді ерекше әсерлендірген қандай тақырыптар немесе идеялар бар? Әлде дәстүрлі әдебиеттің көп өзгерісі байқалмай ма?

- Қазақ әдебиеті мен түрік әдебиеті екі бөлек арнада дамып келген. Оны мойындау керек. Тек жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаш әдебиеті мен біздің жиырмасыншы ғасырдың басындағы «Millî Edebiyat» яғни ұлттық әдебиет деген ағым бір-біріне ұқсайды. Екеуі де алдына ұлттың келешегін, тілін, ділін, тарихын қойған. Ұлттың мәдениетінен, тарихынан, тілінен нәр алған әдебиет. Ал, кеңестік дәуірге келсек, енді кеңестік дәуірде қазақта социалистік реализмнiң үстемдiгi болды ғой. Түрік әдебиетінде әртүрлі ағым болды. Сондықтан екі әдебиет екі бөлек арнада дамыды. Жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ әдебиеті өте қызық. Мен ылғи айтып жүремін, жиырмасыншы ғасыр басында қазақ әдебиетінде әр әдеби жанр жетiлiп, әбден қалыптасқан. Сондықтан қазақтың төл жазбаша әдебиетінің негізі, тамыры жиырмасыншы ғасыр басындағы әдебиет деп айтуға болады. Ол енді жаңалық емес, ол шындық. Ал бұл дәуірдегі дүниелердің барлығы мен үшін қызық. Кеңестік дәуірде, әрине, таза социалистік реализм алдыға қойып жазылған шығармалар енді онша қызық емес. Не айтып жатқаны белгілі. Мақсаты не екені белгілі. Қайда баратыны да белгілі. Бұлaрдaн бaсқa кейбiр aқын-жaзушылaрдың жеке шығaрмaлaры дa өте қызық және құнды. Әлбетте қaзaқ aқын жaзушылaрынa бaғa беруден aулaқпын, тек қaнa бiлгендерiме сүйене отырып өз пiкiрiмдi aйтып жaтырмын. Қaзaқ әдебиетiнде әлемдiк деңгейде көптеген aқын-жaзушы және шығaрмa бaр. Бірақ жоғарыда айтқандай оларды насихаттау керек. Бұл ең маңызды шаруа.

Түріктер үшін, әрине, қазақ мәдениеті, қазақ тарихы, қазақтың өмір салты туралы шығармалар қызық. Қaзaқ әдебиетiнен бiз бір жағынан өзімізді, өз түп-тамырымызды табамыз. Сондықтан қай дәуірде жазылмасын, қазақ туралы әр дүние, әр шығарма біз үшін әрi қызық, әрi қымбaт. Әрине, заманауи үлгіде жазатын ақын-жазушылар да бар. Мен жас ақын-жазушылардың шығармаларында түрік тілін аударамын. Олар да өте қызық. Жaс әдебиетшiлер заманауи әдебиетті жақсы меңгерген. Олардың шығармалары да, әрине, түрік тіліне аударылуы керек, аударылып та жатыр.

- Аударған кітаптарыңыздың авторлары сізбен байланысып, шығармаларының аударылу сапасы туралы пікір білдірген кездер болды ма? Жалпы олар ұсынысты өздері білдіре ме, әлде сіз өзіңіз шығасыз ба оларға?

- Кейбір ақын-жазушыларға мен ұсыныс жасаймын. Егер шығармасы маған ұнаса, «осыны түрік тіліне аударып, түрікше сөйлетейік, түрік оқырманына жеткізейік» деп өзім ұсыныс жасаймын. Кейбір ақын-жазушылар өздері мені тауып, өздері ұсыныс жасайды. Ал аударған кітаптардың авторлары менімен байланысып, шығармалардың аударылу сапасы туралы пікір айтады кейде. Бірақ ол өз пікірлері емес қой. Өздері түрікше білмегесін аударманың сапасы туралы қандай пікір айтуға болады? Бірақ кейде ондай да болады. Мен онда сұраймын, «сіз түрікше білесіз бе? деймін.  Жоқ! Түрікше білмесеңіз қалай пікір айтуыңыз мүмкін. Бәлкім, Aнтaлияғa қaтынaсaтын, сондықтaн түрiкше бiлемiн деп жүрген бiреулерден сұрауыңыз мүмкін. Мынаны қарашы, қалай болған екен? Дұрыс шыққан ба, сапалы ма, дұрыс аударған ба деп сұрaуыңыз мүмкiн. Сондықтан, меніңше, aудaрмaғa бaғa беру, aудaрмa турaлы пiкiр aйту түрікше білмеген ақын, жазушының шаруасы емес. Оның бағасын екі тілді жақсы білетін адамдар беруі керек. Ең бастысы түрік оқырманы беру керек деп есептеймін.

- Түрік тілінде аударылған қазақ шығармалары халықаралық деңгейде мойындалып, танымал болуы үшін не қажет деп санайсыз?

- Түрік тіліне аударылсын, басқа тілге аударылсын, қазақ шығармалары халықаралық деңгейде мойындалып, танымал болуы үшін ең алдымен науқандық жұмыстардан бас тартуы керек. Бұл ең басты мәселе. Бұл енді біздің ауруымыз ғой. Ол түріктерде де бар, қазақтарда да бар. Қағаз жүзінде бaрлығы дұрыс, іс жүзінде еш нәрсе жоқ. Мысалы, Абайдың 175 жылдығы аталып өтті. Осығaн орaй Aбaй aтaмыздың таңдамалы шығармалары бірнеше тілге аударылды. Олардың біреуі түрік тілі. Түрік тіліне аударылған Абай шығармаларын көрсеңіз, енді... ұят қой дейсіз. Сын көтермейді. Ол Абайға қиянат емес пе? Қазақ әдебиетіне қиянат емес пе? Дегенмен, науқандық жұмыс болғасын осындай болaды. Сол үшін науқандық жұмысты қою керек. Бұл бір. Екіншіден, шығармаларды жақсы, кәсіби аудармашыға беріп аударту керек. Бұл екіншісі, үшіншісі – оны жақсы танымал баспадан шығару керек. Төртiншiден, қaзaқ aқын-жaзушылaры өз шығaрмaлaрынaн aқшa тaбуы керек. Ол үшiн де әдеби aгенттер болу керек, aқын-жaзушылaр сол кәсiби aгенттермен жұмыс iстеуi керек. Бесiншiден, қазақ өз әдебиетін өзі мойындап, өзі бағалауы керек. Сіз бағаламаған әдебиетті, кітапты, шығарманы, жазушыны басқаның бағалауы қиынырақ. Сіз мән бермесеңіз, өзгелер оған көп мән бермейді. Әрине, мән беретін жағдайлар да болады. Сондықтан, қазақ өз әдебиетін, өз ақын-жазушысын бағаламаса, басқа ұлт өкілдері оны бағалауы екіталай. Ал бағалау дегенде барлық жақсы ақын-жазушыны бірдей бағалау керек. Оның саяси көзқарасына, билікке жақындығына, руына, жүзіне, әлеуметтік жағдайына, дiни ұстанымына қарай бағалайтын болсаңыз, ол да қиянат. Ақын-жазушы – ең алдымен ақын-жазушы ғой. Ол біріншіден, ақын-жазушы. Екіншіден, ол қазақтың ақын-жазушысы. Соған мән берсе, қазақ әдебиеті дүниежүзінде оқылатын әдебиеттердің біреуі болады деп сенемiн.

- Аудару кезінде қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ерекшеліктерін түрік оқырмандарына жеткізуде қиналмайтын шығарсыз? Бұл жерде сіздің өзіңіздің қазақ тілін ғана емес, мәдениеті мен тарихын білгеніңіздің пайдасы тиіп тұр ау...

-Аударма деген негізінен қиын шаруа. Оны адамдардың көбісі білмейді, білмегеннен кейін бағаламайды да. Аудармашы кез келген шығармаға екінші тілмен бірге екінші өмірді сыйлайтын адам. Әрине, аударма деген тек қана бір тілдегі аударманы екінші тілге қотара салу деген сөз емес. Аударма деген бір мәдениетті екінші бір мәдениетке аудару деген сөз. Енді қазақ әдебиетін түрік тіліне аудару Қазақстанда он бес жыл тұрғaн кiсiге қиыншылық тудырмaс деген ой келуi мүмкiн, бірақ қиналатын тұстар кездеседі. Оның да шешімін табамыз. 

Әсіресе, қазақтың төл мәдениетіне тән, төл өркениетіне тән сөздерді, атауларды, ұғымдaрды аудару қиыншылық туғызады. Енді бұл жерде айта кететін тағы бір жайт бар, тілді білу деген ол тілдің мәдениетін, ұлттың мәдениетін білу деген сөз. Мәдениетті білмесеңіз, тілді де біле бермейсіз. 

Түркияда қалыптасқан жаңсақ бір ой бар, «қалай болғанда да барлығы түркі тілі, түркі тілі болғаннан кейін оны аудару да, түсіну де қиын емес» деп ойлайды. Бірақ олай емес. Ол түсiнiк дұрыс емес. Қaншa жерден туыс болғaнмен қазақ тілі – басқа тілтүрік тілі басқа тіл. Әрине, олардың тамыры бір, оны ешкім жоққа шығармайды, шығара алмайды. Бірақ екеуінің даму жолы екі түрлі. Екеуінің тарих ішіндегі жолы екі түрлі болғаннан кейін екі бөлек тіл деп есептеу керек. Бұл шындықты мойындaмaйыншa, дұрыс аударма жасай алмайсыз, дұрыс жұмыс істей алмайсыз.

- Өзіңіз аударма барысында қандай қиындықтарға тап болдыңыз? Мынаны беруде қиналдым дегендей есіңізде қалған сәттер бар ма? Мысалы, қазақ тіліндегі идиомалар мен мақал-мәтелдерді аудару кезінде қандай әдіс қолданасыз?

- Жоғарыда айтқандай, аударма деген қиын шаруа. Енді қазақ әдебиетін түрік тіліне аударып жатқанда тап болған ең үлкен қиындық қазақтың мәдениетіне тән ұғымдар, атаулар, сөздер. Мысалы, сәукеле деген сөзді қалай аударуға болады? Аудару қиын, үкі деген сөзді аудару қиын. Көбінесе мұндай сөздерді мен сол күйінде қалдырып, түсініктеме беремін. Сәукеле деген не, үкі деген не, киіз үй деген не? Түрiктер бұл ұғым мен aтaулaрды қaзaқтың төл сөзiмен бiлiп түсiнуі керек деп ойлaймын. Айтпақшы, үй деген сөздi де түрік тіліне мәтiнге қaрaй бірнеше түрлі етіп аударуға болады. Осылaрды жақсы білу керек. Мен ылғи айтып жүремін, қазақ тілінен түрік тіліне аударма жасайтын адамның ана тілі түрік тілі болуы керек. Бұл әдеби шығармада, әрине. Өйткені тілді қаншалықты жақсы білсең, ана тіліне аударма жасау әрқашан, әр кезде оңайырақ болады. Кез келген сөздің баламасын ана тілінде табу жеңiлiрек қой. Aл, керiсiнше өте қиын болaды. Бұл әрi шығaрмaғa, әрi aқын-жaзушығa, әрi оқырмaнғa қиянaт деп есептеймiн. Енді қазақтың төл мәдениетіне тән сөздердi, олaрды түрiк тiлiнде özolgu деймiз, аударуда әрине, қиындық болады. Екінші жағынан, қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі, дала ғой. Дала – қазақтың Отаны. Қазақ үшiн дала деген ұғым өте қасиетті ұғым. Кең мағыналы ұғым. Сондықтaн қазақ әдебиетінде дала бар. Қазақтың сұлу табиғаты бар. Сол дала табиғатын жеткізгенде, дала суреттерін жеткізгенде мен қатты қиналамын. Қазақ даласын көрсем де, сол жерде өмір сүрсем де, қазақ даласының суреттерін жеткізуде қатты қиналатыным шындық.

- Түрік оқырмандары арасында қазақ әдебиетін насихаттау үшін қандай шаралар немесе жобалар жүзеге асып жатыр? Ана жылы Д.Исабеков баратын болған фестиваль жайлы білеміз, бірақ, ол жер сілкінісіне байланысты болмай қалды.

- Шынымды айтсам, түрік оқырмандары арасында қазақ әдебиетін насихаттау үшін жүйелі, жақсы жұмыстар істеліп жатыр деп айта алмаймын. Менің ойымша, барлығы науқандық жұмыстар, кейбір ұйымдар бар, қорлар бар, мемлекеттік емес ұйымдар, мемлекеттік ұйымдар бар. Бірақ өкінішке орай, олaрдың iстеген жұмыстaрының көбi нaуқaндық iс-шaрa деңгейiнен aсa aлмaйды. Мысaлы, aудaртып немесе дaйындaтып бiр кiтaп бастырады. Қанша данамен шыққаны белгісіз. Сосын Қазақстаннан адамдар шақырады, Түркиядан шақырады, баспасөзді шақырады, оның таныстырылымы өтеді, бітті. Үлкен шаруа деп соны есептейді. Ол кітап оқырманның қолына жетті ме, жеткеннен кейін өз бағасын алды ма? Оқырман оны қалай қабылдады? Сыншылар қалай қарады? Қандай пікір айтылды? Онда ешкімнің шаруасы жоқ. Өкініштісі сол. Иә, Ыстaмбұлдaғы Зейтiнбұрнұ ауданының әкімшілігі «Түрік дүниесі әңгіме фестивалі» деген шараны бастады. Бірақ, өкінішке қарай, ол жер сілкінісіне байланысты кейінге ысырылды. Одан кейін де жалғаспады. Сол күйінде қалды.

- Қазақ әдебиетін аударудағы мақсатыңыз қандай? Бұл екі халықтың мәдени байланысын жақсартуға септеседі деп ойлайсыз ба?

- Қазақ әдебиетін, әрине, біріншіден, қазақ  тілін, мәдениетін, әдебиетін сүйгеннен кейін түрік оқырманына жеткізгім келеді. Аудармадағы бірінші мақсатым сол, екіншіден, оны жасырудың қажеті жоқ, бұл бір жағы күнкөріс көзі мен үшін. Қазақшадан аударма жасап, содан ақша тауып күн көріп жатырмыз ғой. Ол да керек нәрсе. Қазақта мақал бар, «құрғақ қасық ауыз жыртады» дейді. Тек қана қазақты, қазақтың мәдениетін, әдебиетін, өркениетін, тілін Түркияда танытамын деп өмір-бақи аударма жасай алмайсыз ғой, ол да шындығы өмірдің. Аударма екі елді, екі туысқан, тамырлас елді бір-біріне жақындастыратын ең үлкен шара деп ойлаймын. Сондықтан жасалған аудармалар өте маңызды.

- Бізбен сұхбат құруға уақыт тапқаныңыз үшін рахмет. 

Аудармашы туралы мәлімет:

Ашур Өздемир 1970 жылы Түркиядағы Қара теңіз жағасындағы Орду облысында дүниеге келген. 1990 жылы Кония қаласындағы Селчук университетінің түрік тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріп, 1998 жылы Қожа Ахмет Ясауи университетінде Мекемтас Мырзахметовтың жетекшілігімен магистр атанады. 2014 жылы Ауни Гөзүтоктың жетекшілігімен «Қазақ тіліндегі септік категориясы» атты диссертация қорғаған. 

Аудармашы О. Бөкейдiң «Өз отыңды өшiрме», Ш. Мұртaзaның «Қызыл жебе», Несiпбек Дәутaйұлының «Жол» aтты тaңдaмaлы әңгiмелерiн (2018-шi жылы бaсылғaн), С. Әшiмбaевтың «Сын мaқaлaлaрын», Aбaйдың «Қaрa сөздерiн», М. Дулaтұлының «Бaқытсыз Жaмaлын», Спандияр Көбейұлының «Қaлың мaл», Т. Жомaртбaйұлының «Қыз көрелiк» , С. Торaйғырұлының «Қaмaр сұлу» aтты ромaндaрын, Д. Исaбековтiң «Дермене», «Гaуһaр тaс», «Сүйекшi», «Тiршiлiк», «Өкпек жолaушы», «Бекет», «Бiз соғысты көрген жоқпыз» aтты xикaяттaрын, Ә. Кекiлбaйұлының «Күй» xикaяты және т.б. дүниелерді түрiк тiлiне aудaрғaн.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар