Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Асылбек Байтанұлы. Дөңтай ақын дастандары туралы...

29.02.2020 6644

Асылбек Байтанұлы. Дөңтай ақын дастандары туралы 12+

Асылбек Байтанұлы. Дөңтай ақын дастандары туралы - adebiportal.kz

Қазақ әдебиеті тарихында кітаби ақындар, яғни діни сарындағы қииса-дастандар, насихаттық өлеңдер жазатын ақындар шоғыры ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында біршама мол болғандығын көреміз. Жалпы адамзат қоғамының ұласпалы үрдісіне тән дәстүр жалғастығы мен жаңашылдық ұғымдары тұрғысында қарастыратын болсақ, мұның да өзіндік көптеген себептері бар еді. Кеңестік дәуірдің әдебиет зерттеушілері «діншіл ақындар» деп, таптық тұрғыда қарастырған, аталған бағыт өкілдері туралы толыққанды сипаттама жасай қойды деп айта алмаймыз. Негізінен ХІХ-ХХ ғасырларда ерекше белсенді көрінгені болмаса, әдебиет тарихында кітаби дәстүр бұрыннан бар болатын.

Еуропалықтар Шығыс әдебиеті атаған араб-парсы әдебиетінің түркі (қазақ) әдебиетімен ықпалдастық байланысы ғасырлармен, тіпті мыңжылдықтармен өлшенеді. Ислам қағидаттармен өріліп, түркілік бояумен астасқан араб әдебиетінің қазақ руханиятына ықпалы сонау сахабалар дәуірінен басталып, ХХ ғасырдың басына дейін басты рөлге ие болып келгені белгілі. Бағзы түркілік төл жазу ұмытылып, тәңірлік таным-түсініктердің кейбірі түркілік салт-санамен синтезденіп араласу нәтижесінде түркі әлемінде бірегей исламдық мәдениет қалыптасты. Еуропалық (ресейлік) мәдениет, ілім-ғылым өз ықпалын өктем жүргізе бастағанға дейін қазақтар ғасырлар бойы ұрпағына ауыл молласынан хат танытып, талабы барын медреседе оқытып, түркілік ислам әлемінің біртұтас бөлшегі ретінде өмір сүріп келді. Осыған орай ұшы-қиырсыз түркілік фольклор мен әулие-әнбиелер өмірі туралы кітаби исламдық таным-түсінікпен астасқан әдеби кеңістігі де қалыптасқан еді. «Қазақтың жазба әдебиетінің негізін мұсылманша оқыған, сауатты ақындар салғаны сөзсіз. Сондықтан да жазба әдебиеттің алғашқы үлгілерін халық поэзиясының діни және ғибраттық түрлерінен іздеу қажет» [1, 20].

ХХ ғасыр басында кітаби ақындардың ерекше шығармашылық белсенділік танытуының өзі қазақтың жерін отарлауды аяқтап, енді рухани әлемін отарлауға көшкен басқыншы империялардың әрекетіне қарсылық, исламдық құндылықтарды сақтап, нығайта түсуге деген ұмтылыс деуге болады. Бұл пікірімізді әдебиеттанушы ғалым Үшкілтай Субханбердинаның мына тұжырымымен бекітеміз: «Кітаби ақындар өздері оқып, сусындап өскен шығыс шайырлары туындыларын, шығыс фольклоры сюжеттерін қазақ тілде нәзирагөйлікпен қайта тудырды, жырлады. Сонымен бірге олар нәзирагөйлік дәстүр және кітаби шығармашылық қазығы етіп діни шығармаларды жырлауды ұстанды. Бұл діни-ағартушылық ой-идеяның ағартушы қаламгердің өмірлік ұстанымдарына, шығармашылық мұраттарына айналуы еді. Оған себеп орыс отарлығының күннен-күнге күшейе түсуі. Жерді алуы, елді алуы, ұлттық, елдік салт-сананың өзгеріске түсуі, ұлттық, адами бітім-болмыстың бұзылуы, қатты өзгеріске ұшырауы, діни ұстанымдарға шабуылдың күшеюі еді. Күнделікті зорлық-зомбылықтан өзге қазақ тілінде христиан дінін уағыздаған діни кітаптардың көптеп басылуы және таралуы еді» [2, 9].

Кітаби ақындар нәзирагөйлігіне арқау болған діни сюжеттегі қара сөзбен баяндалатын шығармалардың барлығы дерлік қазақ оқырмандарына ежелден таныс болатын. Оларды дастан түрінде қайта жырлау заманға сай қажет болды және бұл сұранысты кітаби нәзирагөй ақындар лайықты өтеді деуге болады. Қазақ әдебиетіндегі кітаби ақындардың белгілі өкілдеріне кімдерді жатқызуға болады? «ХХ ғасырдың бас кезіндегі кітаби ақын-шайырлар қатарында Мәшһүр Мақыш Қалтайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы, Сұлтан Шәді Жәңгірұлы, Ақылбек Сабалұлы, Нұралы Нысанбайұлы, Қарасақал Ерімбет, Ақыт Үлімжіұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Омар Шораяқұлы, Молда Мұса секілді көптеген ақындарды атауға болады» [3,13]. Аталған және өзге де кітаби ақындар қазақ әлемінің әр түкпірінде өмір сүрсе де әдеби шығармашылық бағыты өте ұқсас. Осы бағыттағы ақындар санатына жататын шығармашыл тұлғалардың бірі – Дөңтай Қожамбетұлы.

Кітаби ақын Дөңтай Қожамбетұлы – қазіргі Қытайға қарайтын Шығыс Түркістанда өмірге келіп, өмірінің соңғы бөлігін Монғолия жерінде өткізіп, аталған елдегі коммунистік қызыл террордың жазықсыз құрбаны болған, тарихи тұлға. Шығармалары туралы қарастырмас бұрын біз Дөңтай Қожамбетұлының өмір тарихына аз-кем тоқталуды жөн көрдік. «Алтай қазақтары арасында танымал саясаткер ақын, қоғам және діни қайраткер Қожамбетұлы Дөңтай 1876 жылы қараша айының 16-сы күні қазіргі Шыңжан өлкесі Құмыл аймағының Баркөл деген жерінде туған. Шыққан тегі жағынан керей ішіндегі жәдік руынан. Жасынан ойын қумай білім қуып, араб, парсы тілдерін зер сала оқып жетік үйренген ақын шығыстың әдеби мұраларына мұқият танысып, Ахмет, Ақыт, Арғынбек, Жүсіпбек тәрізді өзі тұстас ақын жазушылармен үзеңгілес ақын ғана емес халқын әдеп, үлгі, өнер, білімге шақырған білімпаз, саясаткер адам болыпты»[4, 8].

Дөңтай Қожамбетұлы шығармашылығы толық күйде жетті ме, жоқ па, ол жағы беймәлім. Бізге ақынның «Қали мен Дариғаның күресі», «Мұса пайғамбардың Жүсіп пайғамбарды жолдас қылып Қызырды іздегені», «Имам-Мағзам қиссасы», «Ғұсыманның пайғамбарды қонаққа шақыруы», «Қазірет Ескендір патша туралы» қатарлы шығыстық нәзира дастандары, халық ертегісі ізімен жазылған «Аяз би», «Шежіре» атты өлеңмен жазылған ататектік шежіре дастандары, «Өсиеттер», «Асылың бойыңдағы әуелі – иман» толғау жырлары жетіп отыр. Мұның өзі аз дүние емес. Дөңтайдың ақын ретінде қалыптасуына ұстазы, Қытай мен Монғолия қазақтарында туып қалыптасқан жазба әдебиеттің негізін қалаушы, діни қайраткер, ғұлама ақын Ақыт Үлімжіұлының ықпалы зор болғанға ұқсайды. Мұны Дөңтай ақынның Ақыт ұстазы туралы айтатын толғауындағы мына жолдардан байқаймыз:

Мен айтайын, бисмилла,

Жамағаттар сөз тыңда.

Ақыттан үлгі алып ем,

Қызыл тілім қимылда [4, 39].

Дөңтай ақынның өмір сүрген уақыты – аумалы-төкпелі, үркін-қорқындарға толы кезең еді. Қазақ қашан үрке көшпей, беймарал отырған еді. Дөңтайдың дін жолына қызмет жасап, шәкірт тәрбиелеп бала оқытуы, шариғат жолымен ел ішіндегі ахуалдарды шешуі т.б. әрекеттері көп жағдайларда өзінің ұстазы Ақыт Үлімжіұлының іс-қызметіне ұқсас. Алайда Дөңтайдың ел басқару ісіндегі кесек те келелі істері, ел басына күн туған қысылтаяң кезеңде соңына алты мың үйді ертіп Қытай жерінен Монғолияға өтуі – оның ел тауқыметін арқалай білер көшбасшылық сипатын танытады. Монғолия жеріне өткен соң, аталған елдің басшыларымен келісіп, тіл табыса отырып, қарамағындағы қалың елге жер бөлдіріп, шашау шығармай басқаруы, осы қызметі үшін Монғолия билігінің сеніміне кіріп, парламент мүшесіне сайлануы – ақынның дипломатиялық шеберлігін, қайраткерлік қырын танытса керек. Мұның өзі әдебиеттің ауқымынан тыс, тарихи пайым тұрғысында арнайы тереңдете зерттеуді қажет ететін тақырып болғандықтан, біз төменде ақынның діни дастандары мен ондағы сюжеттік құрылымдар мен мазмұндық ерекшеліктерге баса назар аударуды жөн көрдік.

Дөңтай ақынның бізге жеткен діни сарындағы дастандарының барлығы да жоғарыда атап өткеніміздей, «Қисасул әнбие», «Мұхаммедие» т.б. діни кітаптар арқылы мұсылман қауымына оның ішінде қазақтар арасына кең тараған аңыздарға құрылған. Солардың бірі – «Ғұсманның пайғамбарды қонаққа шақыруы». Дастан адам бойындағы жақсы қасиеттерді дәріптеуге құрылған. Дастанның оқиғасы соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед ғалаййсәлем өмір сүрген кезеңде өтеді:

Жігіттер дініңді күт бұл дүниеде,

Иман жолдас болады ол дүниеде.

Пайғамбар Құдай қосқан төрт жарымен

Бір күні отыр екен Мединеде [4,59].

Осындай шат-шадыман күндердің бірінде пайғамбардың төрт серігінің бірі Ғұсман Мұхаммед ғалаййсәлемді өзге сахабалар, хазіреттермен бірге айлардың ұлығы рамазанның құрметіне қонаққа шақырумен оқиға өрбиді. Ақын оқиғалардың бәрін өлең тілімен баяндай отырып, мұның дін жолындағы маңызы зор әрі үлкен сауапты іс екендігін аңғартып отырады:

Жәбірәһіл Хактан келіп берді жауап,

Меккені шамаң келсе, қылғыл тауап.

Ғұсманға қонақтыққа келген жанның,

Әрбіріне жазылды жетпіс сауап[4, 60].

Ислам дінінің ұлық пайғамбарына Ғұсман берген осы қонағасыда болған Қазіреті Ғалиға әлдебір ой түсіп, назаланып жылайды. Мұның мәнісін сұраған Мұхаммед ғалаййсәлем пайғамбарға Қазіреті Ғали былай деп жауап қатады:

- Жан баба, бізден дәурен өтеді екен,

Дәулетті адам сауапқа жетеді екен.

Мен дәулетсіз сауаптан құрғақ қалдым,

Дүние жимағаным бекер екен[4, 61].

Осылайша қайратымен ислам дінінің өркен жаюына аса үлкен үлес қосқан Қазірет Ғали арыстан бұл күнге дейін артық дүние жимағаны үшін өзін кінәлай назаланып, қамығып келе жатқанда алдынан жары Бәтима шығады. «Қонақ шақыруға тамақ жоқ қой» деп қиналған жарын Бәтима қайраттандырып, бір мәнісі болар десіп, ақыры мынадай хабар береді:

Жан бабам, біздің үйге келсін деді,

Хал-жайын баласының білсін деді.

Ғұсыманның қонағындай үш есе боп,

Жан қалмай жамағаттар жетсін дейді[4, 62].

Қазіреті Ғалидың мәрттігін білетін жұрттың жартысы «барамыз» десе, жартысы «Ғали намыспен астына мінген атын сояр, нұрдан болған дүлдүлдің етін жеп тозаққа күйер жайымыз жоқ» деп тартынады. Ақыры пайғамбар отыз үш мың сахабасын, өзге де жарандарды ертіп, айтқан уақытында Ғалидың үйіне беттейді. Пайғамбар да пенде баласы, тамам көптің алдында қызы мен ақкөңіл күйеу баласының ұятқа қалмауын ол да ойламай ма? Мұхаммед ғалаййсәлем пайғамбарымыз бір дұға оқығанда, Алланың құдіретімен Ғалидың тар үйі кең болып, барлық қонақтар сыйып кетеді. Ғали шаттанып дүлдүлін союға шығады. Ал Бәтима болса Аллаға жалынып, Ғалиды ұятқа қалдырмауын тілейді. Ғалидың шын жомарт екенінен көз жеткізген пайғамбар да Жаратушыдан дұға тілейді. Дұғасы қабыл болады:

Дұғасын Хак Тағала қабыл етті,

Жомарттықпен берді Алла, ақ ниетті.

Тамақты ұжымақтан әкеп бер деп,

Бір Алла Жәбіреһилге әмір етті.

Қол жайған дұға тілеп Ғали батыр,

Әр сөзі мың ділдалық, балдай татыр.

Үйінің бір бұрышы көтеріліп,

Өңшең алтын дастархан келе жатыр [4, 64].

Қазақтың «ақкөңілдің аты арып, тоны тозбас» дегеніндей, Аллаға-Тағаланың жіберген сыйы Ғадидың шаңырағына жетіп, мол дастарқанның үстіндегі қонақтарына тартылған тамақтың көптігі соншама, аста-төк тамақ қанша ішіп-жесе де таусылмастай мол болады:

Дара-дара табақты алдына алды,

Көрген адам бәрі де мейрі қанды.

Жер-жемесін білмейді көрген адам,

Бәрінің ұжымақ иісі мұрнын жарды[4, 64].

Өзгелердей тасыған дәулеті жоқ, малға кедей болса да, қайраты асқан, көңілі бай Қазыреті Ғалидың отбасы осылайша көп алдында ұятқа қалар қысылтаяң жағдайдан Жаратушының нығметі арқылы құтылып, көзделген сауапты істі лайықты атқарып шығады:

Хак Расул – қонақ қылды балаң – дейді,

Басында кедейліктен алаң еді.

Бәтимаға қонаққа барған жанға,

Бәріне тозақ оты харам - дейді[4, 64].

Адам баласының әрбір ниетке шын ықылас пен Аллаға деген құлшылығы болса алдында алынбас қамал, күрмеуі шешілмес қиындық жоқ екендігін, түбінің қайыры болатындығын ақын дастанның басты идеясы ретінде алады.

«Имам-Мағызам қиссасы» дастаны – мұсылман діні тарихындағы аса ірі ғұлама, ханафи мәзһабының негізін салушы Имам Ағзамның (Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит) ғибратты ғұмырын, дін жолындағы қажырлылығын, табандылығын үлгі-өнеге етуге құрылған. Ақын бұл хикаяны өлеңге түсіруді көптен жоспарлағанын былайша білдіреді:

Бастайын бір хикаят сөз басында,

Жазам деп ерте ойладым күз басында.

Біз пахыр Қазірет Имам-Мағызамды,

Азырақ білгенінше қозғасын да[4, 66].

Мансұр патшаның түрме азабына, таяқ-дүресіне де шыдап, пендауи тірліктен өзін қарапайымдылық арқылы жоғары ұстай білген Имам-Мағызамның жолын қуушылар көбейген үстіне көбейе түседі. 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған дастан тармақтарының мазмұнына сәйкес қасиетті «Құран» аяттарын да пайдаланып отыратындығы Дөңтай дастандарына да, ұстазы Ақыт Үлімжіұлының, өзге де діни әдебиет өкілдерінің шығармашылығына да тән:

Жазыпты осылай деп аят сөзін,

Құранның тәпсірінен көрді көзім.

«Иә, аййуһал нәбиу мүһаймин» деп,

Бояпты аятпенен нұрлы жүзін [4, 66].

Жалпы алғанда ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы аралығында қазақ даласының түкпір-түкпірінде ислам дінінің насихаты алдыңғы кезеңге қарағанда күрт артқанын көреміз. Бұған Патшалық Ресей мен Шыңдық Қытай билігінің халық арасына билеушілерге сөзсіз бағынуды уағыздайтын дін өкілдерін көптеп кіргізуінің де әсері мол болғаны анық. Қазақ арасына арнайы жіберілетін дін қызметкерлерін указной молла деп атағаны белгілі. Бұл өз кезегінде исламдық мәдениеттің қазақ арыснда бұрынғыдан кең жайылып, мұсылмандық әдебиеттің фолкьлорлық сипатын да арттыра түскендей. Кітаби ақындар шығармашылығының белсенді түрде көрініс табуының да бір себебі осыда жатса керек. Діни әдебиетке деген сұраныс артқандықтан, Қазаннан, Уфадан басылып шыққан кітаптар Еділден Ертіске дейінгі жұтқа молынан тарап жатты. Дөңтай ақынның өз заманына дейін белгілі дін ғұламаларының өмірі туралы әдебиеттерді көп оқығандығын, оны өзіне ғибрат тұтатындығын аталған дастандағы мына жолдардан көреміз:

«Жәуһар-Әлі хикаяның» кітабынан,

Тақсырдың мәселесін көзім көрген.

Дін күтіп, кітап жазып, талап қылмай

Ей Дөңтай, дұрыс емес босқа жүрген[4, 34].

Бұл ұзақ дастанның оқиғасы Қызырдың Имам-Мағызамнан дәріс алып жүргенде ұстазының өмірден өтіп кетуімен жалғасады. Ұстазы өмірден өткен соң да жиырма бес жыл бойы оның қабірінде ілім оқыған Қызыр оқуын тәмамдап, кез келгеннің пешенесіне бұйыра бермеген шексіз білімге ие болады:

Қызырдың енді оқуы тәмам бітті,

Сыйынды жадына ала Құдіретті.

Құдая құдіретіңмен рұқсат бер,

Үйретем бұл оқуды кімге депті[4, 67].

Осы кезде Рауһал-Неһар қаласында тұратын әкесі жоқ жетім Әбілқасым әл-Қашари деген бала жақсы білім беретін ғұламаның алдынан оқу үшін алысқа сапар шекпек болып анасының рұқсат сұрайды. Анасы рұқсатын беріп жылап қала береді. Жанындағы жолдас баламен бірге келе жатқан Қашари жолда тамақтанып болып дәрет сындырған кезде киімін былғап алады. Бұған назаланған ол анасының ризашылығын толық алмағаннан солай болды ма деген оймен кері қайтуға бел байлайды:

Жолдасым мен қайтамын разы бол,

Болмайды маған тәуір бұл сапар жол.

Әуелі етігіме нәжіс тиді,

Екіншіде етіме тиеді сол.

Тиеді үшіншіде көңіліме,

Көңіл жолдас болмайды бәуеліме.

Өлген күнде қабірде азап тартам,

Несеп тиіп жуылмаса бір жеріме, [4, 69].-

деп көңіліне алған Қашари соңында күтіп қалған жалғыз анасына қарайлап, кері оралады. Анасы болса, талабы қайтып қалмасын деп, ұлына ризашылығын бере отырып, Алла-Тағаладан баласының алысқа кетіп қиналмай, жақыннан оқып білім алуы үшін былай деп сұранып, тілек тілейді:

Құдайым, айналайын Зұл-Жәлелім,

Өзіңе мағлұм-дүр менің халім.

Құлым деп жаратқаның рас болса,

Қашари дінін күтіп, болсын ғалым.

Құл қылып жаратқаның рас болса,

Қашари оқитұғын молла жібер.

Құдіретіңнен келмейтін еш нәрсе жоқ,

Қашаридің оқуын жақыннан бер[4, 69].

Алла-Тағала ананың тілегін қабыл етіп, басында сәлдесі бар Қызыр келеді. Осылай Қызырдан сабақ ала бастаған бала ұстазының Имам-Ағызамнан отыз жыл оқыған білімін үш жылда игеріп шығады. Қашари баланың өзі үлкен молла атанып мүриттер тәрбиелейді. Күндіз-түні кітап жазып, күндердің бір күні бір шәкіртіне осы кітаптарды Жейхун дариясына тастауды бұйырады. Алайда шәкірті пендешілік қылады:

Қашари – кермет иесі – Уәли Алла,

Ғахайтты оқып жетілген өзі молла.

Оқиық десек бір сағат бермеуші еді,

Суға тастар не хикмет бар деп мұнда.

Еш адамнан оқуым аз болмайды,

Баршасы бұл кітаптың тұрса қолда.

Сандығымен кітапты жасырады,

Шәкірті бұзылған соң орта жолда [4, 69].

Оқу-білімі күшті Қашари мұны бірден-ақ біліп қояды. Ақыры бірнеше рет ұстазын алдаған соң барып мүрит сандықты суға тастағаннан кейінгі хикметтер дастанның ары қарайғы арқауына айналады. «Ақыр заман болғанда көктен Ғайса түсіп, жерден Мәді шығады» дейтін аңызға құрылған бұл бөлігі де діни уағызға құрылып, мұсылман баласын үміт дүниесіне жетелейді:

Шығады жеті әулие ғар ішінен,

Ғайса аянбай соғысар бар күшімен.

Бір әкеден мұсылман бір қалады,

Бозторғай мекен қылар қой үстінен[4, 75].

Мұсылман әлеміне қысым күшейіп, ислам жамағаты болашақта дін күтуден қала ма деген қауіпті сезінген Дөңтай ақынның әдетте шағатай түркі тілінде келетін діни әфсаналарды қазақ оқырмандарына өздеріне таныс, әдепкі 11, 7-8 буынды өлең өлшемі арқылы ұғынықты түрде беруді мақсат еткені анық. «Имам-Мағызам» дастаны да осы бағытта, дініңді күт, ата-анаңды сыйла, осы өмірде адам баласына жақсылық қылып, сауап жина дейтін гуманизмге құрылған:

Хақында ата-ананың керемет көп,

Моллалар жар шашып жүр осылай деп.

«Жәуһар Әлі» хикаяның кітабынан,

Өлең ғып қадарымша жаздым ептеп[4, 69].

Дөңтай ақынның бұл діни қисса-дастандары қара сөзден гөрі поэзияға жуық қазақ оқырмандарының рухани ерекшелігі мен сұранысына және күннен күнге қиындап бара жатқан ислам жолымен жүріп дін күту үрдісінен кейінгі жастарды адастырмау мақсатында жазылған деуге болады. Осы мақсат жолында ақын тек діни аңыздарды ғана емес, ауыз әдебиет үлгілерін де оқырман, тыңдарманға қызықты етіп жырлап ұсынады.

Қазақ әдебиетінде шыншыл ертегі жанрына жатқызылып, мектеп бағдарламасында оқытылатын Аяз би туралы аңыздың Дөңтай ақын бәрімізге таныс сюжеттік өрбу бағытын сақтай отырып, жеңіл де көркем поэзия тілімен жазып шыққан. Поэзияның қарасөздегі ұзақ баяндалатын көптеген оқиғаны өлең жолдарына сыйғызып жіберетін ықшамдылығын мынадай шумақтардан көруге болады:

Шал айтты: «Жаманымын адамзаттың»

Ақ қағаз орны болар жазған хаттың.

Сауысқан мен қоғаны жаман деп біл,

Қырғауыл мен шеңгелге жала жаптың» [4, 51].

Дөңтай Қожамбетұлы ақынның «Аяз биі» дастанындағы ханның түп-тұқиянынан, арғы ата-бабасынанбері ұрпақ жалғастырған хан баласы емес екендігін аңғаратын жері біз білетін ертегіден сәл өзгешелеу бейнеленген:

Мен ханның әуел келіп, көрдім жүзін,

Байқап, сынап болжадым ханның өзін.

Қонақты ауыз үйге күт деп айтты,

Қалай деп ойлап едім осы сөзін...

Хан болған осы кісі өз басынан,

Мұны сынап болжадым сөз басынан.

Жалғыз ауыз сөзінен сынап айттым,

Басқа мін тапқаным жоқ тұлғасынан[4, 57].

Ақынның бұл дастаны көркемдеуіш құралдарға толы, шығармашыл тұлғаның өзіндік қарым-қуатын танытатын туынды. Сонымен қатар өзге діни дастандарға қарағанда қазақ тілінің саф тазалығы айқын аңғарылады. Қорыта айтқанда Дөңтай Қожамбетұлы – ғаламдық саяси төңкерістер мен ойындардың шылауында еріксіз бассауғаға түскен туған халқының болашақта дінінен, тілінен, салт-дәстүрінен адасып қалмауы үшін қаламы мен қайратын қару еткен айтулы тұлғалардың бірі екендігі даусыз. Бұған ақынның біз қарастырған шығармашылығы дәлел. Шыққан тегі жағынан ұрпақ жалғасқан «қаракөк тұқым», Алтай, Қобда қазағына белгілі би Жақып амбыдан тарайтын ел ағасы Дөңтай ақын соңынан ерген қалың жұртын қауіпсіз мекенге жеткізгенімен өзі коммунистік қызыл террордың құрығына ілінеді. Шығармашылық қарымы, ел басқарушылық қабілеті толысқан 63 жасында, 1939 жылы жазықсыз жаламен ұсталып құрбан болады. 1990 жылы МХР Жоғарғы Соты Дөңтай Қожамбетұлын ақтау туралы шешім шығарғаннан кейін ғана ақынның аты аталып, жарты ғасыр бойы ұрпақтарының қолында жасырып сақталып келген шығармалары көпшілік назарына ұсынылып, әдеби айналымға енгізіле бастады. Бүгіндері ақын шығармашылығын зерттеу ісіне кең жол ашылып отыр және болашақта Дөңтай Қожамбетұлы шетелдегі қазақ әдебиеті және кітаби ақындар әдебиетінің белді өкілдерінің бірі ретінде лайықты орын алады деген сенімдеміз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 211 бет.

2 Субханбердина Ү., Сейфулина Д. Қазақ кітабының шежіресі (1807-1917). Библиографиялық көрсеткіш. – Алматы: Ғылым, 1996.

3 Қыраубаева А. Қазақ әдебиетіндегі Шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы. Филол.ғ.д. дисс. – Алматы: 1997. – 337 б.

4 Қожамбетұлы. Д. Шығармалар жинағы. – Улаанбатар: Жинстхаргана, 2001. – 103 бет.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар