Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
/
Триумфатордың трагедиясы...

30.06.2025 3186

Триумфатордың трагедиясы 14+

Триумфатордың трагедиясы - adebiportal.kz

196жылдың тамыз айының басы. Жидебайдағы Құнанбай қажының Ысқағынан өрбіген тұқым тұратын мекенжайға «Ахат қажы атаның сүйегін қазып әкеліпті» деген хабар түсті. Сонау Бақанастан шабаданға салып әкеліпті. Ел-жұрт дүрлігісіп қалды, үлкендер жоғы «Ұл туғанға күн туар» десіп, Ахатқа көңіл айтысты. Ел тараған соң Ахаң төргі бөлмеде комод үстіне қойылған шабаданды ашып, сүйектерді түсіріп өлшеді. Қос алақандай мүк басқан көкшіл затты сол жерде тұрған ет жақындарға көрсетіп, «Мынау төс шеміршек, екінші атылған оқ дәл төстен тиіп, омыртқаның қанатын сындырып, үгітіп жіберіпті, мынау оқтың орны» деп түсіндірді. Сосын: «Құрқұдықты жалғыз барып, асықпай қаздым. Қасымда  кісі тұрса, көмектессе сүйікті бүлдіріп алар деп ойладым», – деп сабақтады сөзін. «Сонау жүз шақырым Бақанастан сүйек салынған шабаданды алақанына салғандай аялап, салт атпен келді. Ахат ата үстіндегі көйлегін шешіп, шабадан астына төсеп, сүйектер қажалмасын деп топырақтарын қоса салып отырыпты», –  деп еске алады Мінәш Ысқақова. Мінәш – Әрхамның қызы, Ахаттың қарындасы, екеуі Шәкерім Құдайбердінің ұлы Әрхамнан туған. 

 

1921 жылдың сәуір айының орта шені. Қазаққа белгілі ағартушы, ақын Ғұмар Қараш Бөкей губерниясына қарасты Талов (қазіргі Қазталовка ауданы) уезіндегі туған жері №1 болысқа азық-түлік салғыртын жинайтын продком өкілі ретінде жіберілді. Сәуірдің 5-10 жұлдызы шамасында уез орталығы Таловкаға бармақшы болып шығады да, жолда, Құнаншапқан деген жерде жасырақ уағындағы ғашығы, бірақ қосыла алмай қалған Жаманқыздың үйіне қонады. Оның күйеуі Нұрқай кәртайған ауқатты бай еді. Ол кез Жаманқыз шешек шығып ауырып жатады. Аттанарда Жаманқыз: «...Қазір жүру-жүру (банды) көп, тынышсыз болып тұр ғой және мен аурумын, бір түрлі тыншығанша келмей тұра тұр» дейді. Сонда Ғұмар: «Мені саған келуден ешқандай күш бөгей алмас, ол жолда мен не көруге де тұрғамын» дейді де қоштасып аттанады. Алдынан кездескендер «Ілгері жүре алмайсыз, көл біткен толы су, өзен тасыған, қазірге жол жоқ» деген соң, жақын ауылға қонып, ертесіне Жаманқызға қайтып келеді. Сол түні таңда бандылар кеп ұстайды. Ғұмардың үстінен түсірген Жаманқыздың кәрі күйеуі Нұрқайдың тумасы бір жағынан Ғұмарға да ағайын, ол да ноғайқазақтың қоясы Сары деген кісі екен (басқа бір деректе Қапқой). 

Бандылар – Глава, Тименов, Серов, Анохин, Попов (кей мәліметтерде көрші Савинка селосындағы қарашекпен коммунистер) Ғұмарды бірнеше күн тұтқын ғып ұстайды. Ел ішіне адам шығарып, үстінен мағлұмат жинайды. Онда «Ғұмар сендер бұзған «Бекжан» диірмені жайында дерек жинап, сол бойынша сендерді ұстауға отряд әкелмекші» деген сөз айтулы. Содан соң бандылар Ғұмарды ат артына теріс мінгізіп, ауыл аралатып, Құнаншапқан ауылының сыртындағы обаның (Қараоба) етегіне апарып, (өзге мәліметте – Айдарлы дейтін жерде, көрін өзіне қаздырып) қылышпен өлтіреді. Бет-аузын танымастық етіп шапқылаған. Сақалын шоқ сақал етіп қырып, иекке тұжырып әдемілеп қояды екен, бет-ауыздан жарты иек қалулы, кейін жұрт сол сақал бітісінен танып алады. Кейбір мәліметте «қол-аяғын бөлек-бөлек кесіп, құлақ-мұрнын, тілін кесіп, көзін ойып алып, «ағзасын» аузына тығып кеткен. 

Көз байланған шақта аталас ағайындарынан жеті қария барып, сүйегін алып келеді. Бірақ сүйегі дәл қай жерде жерленгені анық емес. Бірқатар дерек берушілер Құнаншапқанды атайды, енді бір деректерде денесі туған жеріне – Жәнібек ауданына қарасты Борсы ауылы маңындағы Қарақұдыққа әкеп қойылғаны айтылады. Құнаншапқанға, қаза болған жеріне, сол төбе етегіне жерленген себебі – денесі алып жүруге келмеген. 

1980 жылы сол кездегі Орал облыстық партия комитетінің секретары, Ғұмардың немере інісі Мұстақым Ықсанов ата-баба зираты тұрған Қарақұдықтың шетіне Ғұмар мен оның ауылында тұратын, Ғұмармен рулас (ноғайқазақ) Темірболат Жұнысов бізге мәйіттің Құнаншапқанда жатқанын айтып, дәлелге ақын көзі тірісінде жазып кетті делінетін «Елсізде» дейтін өлеңін жүргізген еді (өзі өлерінен үш-төрт күн бұрын қабіріне құран оқымай, «құлпытасқа осы өлеңді жазыңдар» деп өсиет етіпті). 

Елсізде иесіз жатқан жалғыз мола,

Бәйшешек айналасы жасыл ала.

Сыр-сыбыр сөйлесетін мұңдасы тек,

Осы шөп қалың біткен шырайнала.

Алаштың атқа мінген бір баласы,

Жетпеген кемеліне толы жасы.

Тағдырдың жарлығымен жатып қалған,

Бойында жаудан  алған бар жарасы.

Жапанда қалаларында жалғыз өзі,

Мінекей құлпытаста айтқан сөзі :

«Сәлем де асылыма мәңгі берік,

Сақтаулы жүрегімде салған ізі»...

«Өлең сөздері мәйіттің орны туралы талас тудырмайды. Қорымда емес, елсізде жатқан жалғыз мола. Осы жолдарды оқи тұра Ғұмар қайда жерленген деп дал болудың қажеті жоқ. Ғұмардың мәйіті Құнаншапқанда. Қарттар ақылдасып, арыстай азаматының қанын тамызып алып жүруді обалсынып, «шаһид» болды деп, сол жерге қояды. Мәйіт Айдарлыда, Құрқұдықта деушілер жақындары. Олар «Ғұмарға ата-баба қорымын бір уыс топырақ бұйырмады» деген сөзден қашады», – деген еді сол жолы Темкең марқұм (Темірболат Жұнысов). 

2001 жылы жазда Құнаншапқанға арнайы барып жүргізген іздестіру жұмысымыз нәтижие бермеді. Ондағы марқұм жерленді ау деген жерлерді аралап, ізін де таба алмадық. Уақыт үгіп тастаған моланың жұрнағы да жоқ, айнала теп-тегіс. Кезінде денесін жер қойнауына берген, өз көздерімен көрген адамдардың кейінгі жастарға орнын көрсетпеуі түсініксіз. Сондай-ақ, ілгеріде айтылған Ахат ағамыз сияқты, төбе етегіндегі орнынан қазып алып, ата-баба қорымына апарып қайта жерлеу еш адамның ойына келмеуі әлгі орынның басына сайғақ құрлы бір белгі, нышан қадалмауы көрсетеді емес пе?! Сондай-ақ, Ғұмар жайында осы күнге дейін жазылған дүниелерде авторлардың бірде-біреуі оның өмірі неге мұншалықты қайғылы аяқталды, тас жүректі де түршіктіретін, қара тырнағына шейін турап тастаған қатыгездік қалайша орын алды, ол қайдан келген нәубет (дүние – кезек) деген сұрақ төңірегінде сөз қозғамауы ойлантады. Шындығында, көрер жарығы, татар дәмінің таусылғанын ақынның өзі де, ортасы да, ел іші де алдын ала, ағатсыз сезген ғой. Өзі соның алдындағы бір өлеңінде: «Бір жанға бір өлім бар, екі өлім жоқ, / Тағдыры Жаратушы жалғыздың – Ту» деп, ажалы Қызыл тудың астында келерін ишаралағандай болыпты. Осы тегін бе?! 

Ғұмар содан бір жыл бұрын Бөкей губкомы пленумының мүшесі болып сайланып, губкомның үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Сонан соң Талов уездік ағарту бөлімінің меңгерушісі болады. Одан кейін еліне – туған ауылына продион өкілі ретінде жіберіледі. Осының бәрі бас-аяғы бір жылдың ішінде жүрген өзгерістер. Және бұл тегін емес еді. 

Тарихтан белгілі, 1921 жылы, әйгілі мешін-тауық жұтымен жағаласып, бүкіл қазақ даласында, тіпті Совет елі бойынша бірінші партиялық тазалау басталды. Оның құрығына жергілікті оқыған зиялылар және коммунистік партиядан басқа саяси партиялардың мүшелері ілікті. Ордада Досығұл Темірәлиев, Мәжит Шомбалов, Батыр-Хайыр Ниязов, Ғали Бегалиев, Тамимдар Сафиев, Ахмет Мәметов «бұрынғы патша өкіметінің қызметкері, моральға жат қылық жасаушы» деген айыптаулармен компартия қатарынан шығарылды. Ғұмар бұдан аман қалады, бірақ оның үлкен ұлы Қадыр партиядан шығарылып, қызметтен (Талов уздік милиция бөлімінің бастығы) қуылады. Мұның өзі бір жағынан ақынға көрсетілген сес еді. 

Осы тұста оның өлеңдеріне мұңды жарықшақ араласады («Шаршадым», «Түн қараңғы, бұлт қалың» өлеңдері). «Түн қараңғы, бұлт қалың, / Жарқылдайды найзағай. / Шатырлайды бір алым, / Жүрегіңді жарғандай. / Қалың орман ішінде, / Адастық, жыртқыш аңдар көп. / Сол аңдардың тісінде, / Құрбан болған жандар көп. / Маған қашан кезек деп, / Сағат күткен бұл кезім. / Жалбарынып безектеп, / Жүрмін Алла, бер төзім...» 

Тарихшы Исатай Кенжалиевтің дәлелдеуінше, Ғұмардың қазасы кеңестік тарихта большевикшіл партизан ретінде танылған Ефим Танченконың қолынан келген (Танченко 1930 жылдары Пятимардағы № 51 Буденный жылқы зауытында бөлімше басқарды). Жазушы Зейтін Ақышев соңыра ақынның Талдықорғанда тұрған баласы Бұрхан Қарашев әкесін анық қызылдар өлтіргенін айтқанын келтіреді: «Ол кезде біздің Орал өңірінде ақтың аяғы құрып біткен. Олардың орнына қызылдар келіп, ойран салып жүретін. Бірақ атқан ақтар деген лақап таратты. Қызылдар дегенге бет қаратпады. Әркім өз жанынан қорқып, «Солай-ақ болсын» деп қоя салды. Бұл жағынан Ғұмардың өлімі қазақ үшін құсалы өзге де қазалармен – 1921 жылы ақпанда Қарқаралының көшесінде қызыл жағалылар атып кеткен Мәдидің, және бір қарқаралылық қайраткер Мұстақым Малдыбаевтың дәл сондай өлімімен ұқсас. Жалын 1921 жыл кеңестік ақындардың басына зұлмат үйірудің басы болды. Мәселен, орыстың шаруа поэзиясының көрнекті өкілі Николай Рубцов 18 қаңтарда кісі қолынан қазаланған (алайын деп жүрген қалыңдығы буындырып өлтіреді) және ол да Ғұмар сияқты қарсаңында «Я умру в крещенские морозы» деген өлең жазған екен. 

Сонда белгілі мәдениеттанушы Ықылас Ожайұлы «Әдебиет порталында» Метамәтін: «Құрбандық феномены» деген атпен бір мақала жазды. Бір тұсында мезгілсіз опат болған Ғұмар қазасының себебін діншіл қасаңдарға қарсы мақалаларының салдарымен түптей келіп, ақын-ағартушы өзін Алаш мұраты үшін пида етті, пидагершілікке барды деген ой түйеді. Ой саларлық пікір. Бұл қазаның терең түкпірінде бағзы Әбіл мен Қабыл уақиғасы секілді, ағайынына азар берген адамды бозқаңғыр (изгой) көріп, ортадан шығару жатқанымен, негізгі объективті себебі халық үшін өзін қию, жанын пида ету де жоқ емес екенін түйсікпен сезінуге болар еді. Бұл – жалпы Алаш санаткерлеріне, жәдит ағартушыларға тән болған халықшылдық қасиет. 

Осы өреде журналистігі, көсемсөзшілдігі қашанда ақындығынан күшті көрінетін Ғұмардың 1912 жылы «Қазақстан» газетінде «Молда Қазақаев» бүркеншік есімімен екі тілде жарияланған «Тәнсіз жан жоқ» – «Нет духа без материн» мақаласы ойға оралады: 

«Ғажап! Бала ананың құрсағында әуелі қан болады, андан соң жан болады. Әуелі қан уә тән болмай тұрып бірден жан болмайды, бұ жөнінен қарағанда қан мен тән жанның болушылығына себепкер болып тұр... Осы тәтті жанымыздың иәки ғұмырымыздың болушылығына себеп болып тұрған қан-тәнімізді біз қайдан алдық? Әлбетте, халықтан (миләдтан) алдық. Сөйтіп, халық біздің дүниаға келуімізге себеп болды». 

Кеңес дәуірінде бұл мақаланы философ ғалымдар Ғұмардың стихиялық материализмінің көрінісі ретінде бағалады. Ал бүгінгінің зерттеушісіне оның шығыстық халықшылдық негізі көрініп тұр. Алайда, автор өз ойын халықтық танымның деңгейінен көтеріп, неоплатонизм, зәрдіш (зороастризм), ғирфан (гностицизм) өкілдері болып саналатын көне дуалистік түсінікке апарады. Яғни, еуропалық софистикалық философияның тағаны. Дүниені дуалистік тұрғыдан қабылдаудың негізі – әлемде бір-біріне өзара кереғар заттық (барлық) және рухани (болмыс), имани және жасмани екі субстанция бар деген түсінік. Бүткіл тіршілік өзара кереғар осы екеуінің бірлігінен құралады, әу баста бір құдіретті ғаламат түзген басқы себептің (ілгері эманация) өзінен туатын материалдық жаратылыспен (кейінгі эманация) күресінен туындайды. Осыдан халықшылдық идеология, тең құқықты азаматтық қоғам құру, әлеуметтік теңдікке қол жеткізуі идеялары – бұқарашылдық үрдіс тарамдалады. Мұның дүмпуі әулеттік сілкіністер кезінде күшейіп, шарықтау шегіне жетіп, көп үшін, халық үшін білте боп жанып кету сезімін туғызады. Жәдидтер осыны, яғни көпті (тобырды) біліммен, мәдениетпен тәрбиелеп, адамшылық, теңдік, еркіндік жолына сүйреу өздеріне даға (миссия) ретінде жүктелген деп түсініп, әлгі пидагершілікті өмірлерінен де қымбат мақсатқа айналдырған. Мұндай тұлғалар халық үшін қай кезде де шыбын жандарын құрбан етуге дайын, солай болғандықтан да Ғұмар бұл дүниеде көрер жарығы түгесілуге айналған сезіп, бұған өлең арнап, саналы түрде күтіп алмаққа әзірленеді. 

Осынау маһдилік-машиахтық дағаның (миссияның) үстіне еуроатлант цивилизациясына тән биомимикрия жамалады. Басқаша айтқанда, әлемді мұқият бақылау, ми ғамалдары арқылы тексеру, табиғат құбылыстарын зерделеу, жаратушы ғаламат жаратындысына жасырған құпияларды тануға ұмтылу, мысалы, шарикті автоқаламды ақылман, байқағыш адам суға түскен доп жасаған шеберлерді бақылап отырып жасағанындай.

Үшбу биомимикрия Ғұмардың «Аға тұлпар» жинағындағы «Хиял-хақиқат» өлеңінде айқын көрінеді. 

Барлығы 137 жол, жеті-сегіз буынды жыр ағамы, толғау пошымды өлең, ал бірақ контент, мағына қазақ поэзиясы үшін мүлде тосын. Жаздың бір кешінде қыр төсінде шалқадан жатып, жұлдызды аспанға көз тіккен лирикалық кейіпкердің (автордың) жаратылыс, ғалам, адамның ғұмыры жайлы философиялық ой-толғамы. Қияс ойлауға (аналогияға) құрылған толғам.

Кең жаһанның ішінде доп-домалақ қара жер тозаң болғанда, сол жердің үстінде қыбырлап жүрген адам баласы да сондай бір әлсіз бүршік. Сонда да жәман эгоист өзі. Дүниенің жаралу себебі адам пенденің объективті ақыл-ойынан тысқары бола тұра, ғаламды жаратушының – «сөзінде қаһары, жүзінде ажары жоқ» Жаратқанның «ынты менен шынтына һешбір адам жетпейді», себебі, «Жаратушының құдіретін шегі жоқ, ғылымының түбі жоқ, жалғыз ие болған соң, Жалғыз ғана бір өзі». Бір тамшыда миллион жан иесі бар, сол жиын ішінде адам баласы өз жанына ғана қожа бір құрт, бұл ғаламның сырынан, бұл жаһанның мақсатынан үлесі жоқ мардымсыз құрт. Сондықтан адам пенде ожданына бойұсынып, дүнияда тіршілік ету өзіне міндет қана екенін ұғынып, ождан түбі Алланың бұйрығына қайту болатынын түсінуі лазым. Осылайша шын ожданмен өмір кешсең, еш уақыт Алланың бұйрығынан адаспайсың. Адамның ақылы тауып жеткені осы ғана.

Кім құрады жиһанды,

Кім жіберді адамға,

Терең сырлы бұл жанды...

Кім құрса соның өзіне,

Мағлұм болса керек-ті.

Кеңес кезінде философ ғалымдар Қараштың бұл өлеңінің атын орысшаға «Абстракция и действительность» деп аударып, материализмді әспеттеген өлең деп таныған еді. Алайда, жоғарыда көріп отырғанымыздай, «Хиял-хақиқаттың» мазмұны материалистік танымнан алыс. Кісінің көкірегіне күдік ұялатуға жол беретін классикалық философиядан да қашық. Бұл – Алланың барлығын, бірлігін (Бір, біреу екендігін) жырлаған өлең. Ғұмар есейе келе тапқан, насихатшысына айналған салафийяның тауһид ілімімен терең үлесетін дүниетаным. Осы орайда Ғұмар адамның қиялымен аулануы мінеп, ақиқаттың мәнін айта келіп, осы екеуі арқылы логикалық ақиқатқа – ғақылға (разум) объективті түрде қарсы шығады. Адами заттың кеудемсоқ пендешілігін сынау арқылы батыстық Ақыл жолына Күдік келтіргендей. Болады, батыстағы ағарту дәуірінде ғақыл жолына күдік келтіргендей болады. Батыстағы Ағарту дәуірінде ғақыл идеясын әмбебап таным принципіне (табиғи заңдылық дәрежесіне) көтерген ойшылдармен келіспейтінін аңғартады. Олардың табиғи заңдылық деп жүргендері табиғат заңы арқылы адам үшін және адамға қатысты түрде алдан ашылатын жаһандық ғақыл, Жаратушының ғақылы дегенді меңзейді. Яғни, адамзат – жаһандық келісімнің, әлемдік үйлесімнің бөлінбес бөлшегі. Бұл – иррационализм, немесе иррационалды көңіл-күй.

«Философия таңырқаудан туады. Философ жалпы алғанда бірдеңе бар екендігіне таңданады» депті. Мераб Мамердашвили. Сол айтқандай, Ғұмар жұлдызды аспан арқылы жалпы ғаламға таңданысты көзбен қарайды. «Ғарышта көрініп тұрған жұлдыздардың кейбірі атамзаманда сөніп қалған – деп жазады белгілі журналист, жазушы Саясат Бейісбай. – Бірақ олардан шашыраған жарық ғарышта 300 км / сек жылдамдықпен тарап жатыр. Біз сол жұлдыздардың өзіне емес, тараған сәулесін ғана көріп отырамыз. Енді сол жұлдызды не бар, не жоқ дей алмайсың. Яғни, адамның ақылына сиятын Құдай жоқ. Бұл дүниенің елес екенін, барлық нәрсеге санаға сыймас сипатта мызғымай тұрғанын бағамдаймыз. Шамасы, ақиқат осы болар». Қазақ жазушысы арада ондаған жылдар өткенде, бәлкім, Ғұмарды оқып яки оқымай, өз ақыл-зерегімен жеткен осынау бейрационал көзқарас, шыңылтыр сезімшілдік қазақ ақынын еуропалық ойсана «алдыңғы романтизм» (предромантизм) деп атаған айрықша сезімшіл психологияға алып келген. Біз бұдан ілгергі романтизм (сарындамашылық) қазақ даласына, тарихи даму ерекшелігіне сәйкес ХХ ғасырдың басында жеткенін аңыстаймыз. Ресейге XVIII ғасырда, басым әдеби бағыттар – сентиментализм және алдыңғы романтизм түрінде дамыған сезімшілдік пен сарындамалық бізге кеш келгенімен, бірден жал алып кете алмай кібіртіктеп қалады, соның өзінде де бұлар классикалық канонның көбесін сөгіп үлгереді. Бұл жағынан «Хиял-хақиқат – Қараш шығармашылығы бойынша ғана емес, тұтас алғанда қазақ жәдид әдебиеті бойынша ескінің соңындай, жаңаның басындай программалық (жосындық) өлең. Содан кейін-ақ Ғұмарда синтементал өлең де, романтикалық көңіл-күй де, өзі өтіп кеткен ғақыл жолы да, тіпті пантеистік сарындар да қатарласып, жарысып, сыбай көрші келіп отырады. Неге бұлай? Ғұмар неліктен бұлайша көп бұлтаққа түсіп кетеді? 

Біз мұның жауабын әзербайжан ғалымы З. Кулизадеден тапқандай болдық. Исламдағы илхад (ересь) ағымдарды Низами шығармашылығы негізінде ізерлеген бұл зерттеушінің пайымдауынша, ортағасырдағы шығыстық мүртет ағымдардың –  суфизмнің, хуруфизмнің, бекташизмнің, нуктавизмнің, әли-иллаһи қозғалысының, қызылбастар идеологиясының және иомамлиенің өкілдері онтологияда – пантеистер, гносеологияда – мистика (әпсін) араласқан рационалистер, этикалық-әлеуеттік тұрғыдан алғанда критицистер. Бұларды исламнан басқа жаққа, мүртеттікке, ереське, бәдіғатқа сүйреп тұрған белгілер – монотеизмнен пантеизмге қарай жылжу, ғұмыр жолындағы пендені тәңіртұлға көру, иманды ғақылдан, ұлфаттан (сүйіспендіктен) төмен қою, о дүниеде жаза, зауал барына күмәнмен қарау, аскеттік т.б. екен. Мүртеттердің «Бұл не?» деген сұраққа жауап іздеген онтологиясының, «Қалай, не үшін?» деген сауалға жауап беретін гнесеологиясының табан тірер жері – Аллаға хақиқатты теңеу. Құдайлары – Хақ (Растық). Алла – «Әлемдік ғақылды» (Тәңірдің бірінші эмоциясын) жаратушы, адамзаттың ақыл-ойы жетпейтін абсолют Құдай «Әлемдік ғақылдан» зат дүниесін, көрінеу әлемді (барлықты) жасаған «Әлемдік жан» (болмыс, Тәңірдің екінші эманациясы) туады. Бұдан захир (тысқы, экзотериялық білім,  илм-сури) және батын (ішкі, эзотериялық білім, илм-зохури) туады. Захир исламның фикһ, хадистерін, әһлі сүннә жолын мойындайды. Ал батинның тауал, хакаик дейтін құрамдас екі бөлігі, алғашқысы Құранды, хадисті, ғылымхалды аллегориялық мәністеу, ал хакаик – ғылымды, фәлсафаны дінге сәйкестендіру, соған сай ғарыш әлемін, физика, жаратылыстану ғылымдарын, логика, дін философиясын оқып-үйрену. Құран аяттарында сыртқы мағынасынан бөлек ішкі мән бар деу, ол мән, ол мағына таңдаулы жандарға ғана тән деу. Ғұмар айтқан хақиқат – хакаик. 

Табиғат заңдарын жаратылыс хикметін (даналығын) біржақты шешу немесе олардың толық шешілмеуі мәселесі Батыстық логика ғылымында көптен талқыланып келеді. Бүгінде осы батыстық һәм шығыстық ғылыми-жаратылыстану пікірлері, ой-тұжырымдары болжам (гипотеза) ғана екендігі, олар толықтай верификацияланбайтыны яки фальсификацияланбайтыны аныққа шығып дәлелденді. Яғни, ойжорулар ғана. Исламда жасырын мән жоқ, бәрі де ашық аяттармен түсінікті түрде берілген. Ал соны ақын-ағартушының бір өлеңінде («Сырым батыр») бас кейіпкер аузына сөз салып, «Көп сөзді тыйсаң Құран бар, / Әуел бастан соны тый деп «тәпсірлеуін» қай сабаға сыйғызамыз?! Құранның әр оқыған сайын іздеген сұрағыңа ашық мағынамен жауап беретін терең сырлығын көре-біле жасынға шығару ғой бұл.

Кеудемсоқтық ақыры оны ораза ұстауға, құрбандық беруге, тіпті хаж баруға көрінеу-көмес қарсылық таныту әрекетіне алып келді. Және бұндай пікірлер кімнің қаламынан қорытылып шыққан дейсіз ғой – Ғабдолла Мұштақтың – Муджтахидтің – дін зерттеуші, шариғаттың негізгі мәселелерінен өз бетінше шешім қабылдауға құқылы лауазым иесі, Орынбор Дін басқармасы Бөкей ордасының Талов қисымы бойынша тағайындаған діни өкіл – ахунның аузымен айтылған. Барлығы бес фәтуа – ахунның өз бетімен шығарған шешімі. Оларда Ғұмар айт кезінде құрбандық беруге қарсы болады. Айт күндері құрбанға шалынатын малды соймай, бір жерге жиып, кейін сатып пұлдап, түскен ақшаны мектеп жасындағы жетім балалар мен жоқ-жітіктердің нәсіл-несібін оқытатын жатақ (интернат) үлгісінде мектептер ашуға жұмсау керек дейді. «Ұзақ күнде ораза тұтуға болмайды» деп ауыл қарттарына күндіз ауыз аштырады. Хаж баруға (қажылыққа) ашық қарсы шықпайды, десе де, өзінің орнына басқа біреуді хажға жіберуді дінге жаңалық қосуға (бәдіғатқа, бидға) жатқызады. 

Осы пікірлері үшін ол қатты шілтеге қалды. Дін иелері бұл қылығын құрбан шалудың уәжіп екендігін мойындамайтын, нанбайтын күнәһарлыққа жатқызады, Исламның терең сырлы мәнін түсінбеушілік, бәлки қасақана елемеушілік деп бағалады. Соңғы айып негізсіз емес еді. Құрбан деген сөздің мағынасы – Аллаға жақындық. Ал жетім-жесірге, қаріп-қасерге көмек көрсету, сүйеу болу – хайыр-ихсан, мейірім-шафағат. Екеуі екі басқа. Ғұмардай дін оқуын жетік игерген ғалым кісінің ашық мағыналы бұл жайды білмеуі мүмкін бе?! 

Ақыры Орынбор мүфтилігі жергілікті дін иелерінің сұрауымен Ғұмарды ахундық атағынан айырды. Осы мәселені арнайы қарастырған қостанайлық ғалым Павел Шаблей «Фетвы ахуна Гумара Караша: муфтиит и прово вне столкновения во Внутренней Казахской орде в начале ХХ века» мақаласында бұл келіспеушілік ғана. Фильмнің доктриналық талаптарын аймақтық ерекшеліктерге өлшеп қолданудағы қиындықтар себебінен орын алған» дей келіп, одан әрі: «Оказавшись не в состоянии оспорить авторитетность правовых источников Г. Караша, ОМДС обвинило казахского ахуна в отходе от матуридитской ахыды и пропаганде идей мутазилитов», – деген ой түйеді. Автордың пайымдауынша, Ғұмар үшінші жаһили надандар жамиғи қазақтан бұрын оларды елітуші діндарлар мен жергілікті шенеуніктер, шариғатты өмірлік жағдай, жағдайлардың қисынымен емес, формальды қағидаттармен қарастырған қитабан қауым: «Поэтому такие люди, считал Г. Караш, личные интересы ставят выше общественных». 

Ғұмар жасырақ уақытында, елде нақшбандийа тариқатына жататын ұстаздар тарапынан тәрбиеленген, бірақ соңыра, Қазанда, «Мухамаддияда» оқып жүргенінде Ризаиддин Фахриддин, Ғалымжан Баруди секілді нашидан шыға тұра, Ауғани мен Ғабдуһу негізін салған салафийя ілімінің таухидімен қалыптанады. Негізі бұл екеуінің қоспасынан Ресей жәдитшілігі дүниеге келген. Нақшилар сопылықтың бір тармағы бола тұра оның тым тақуа, өмірге бейімсіз жағын қабылдамаған, Ғұмар да хадимге қарсы шыққан кезінде алдымен осы, Шәкерім айтқан жылмиған сопыларға қарсы болған. Бірақ сол жолда, өзге де жәдид қайраткерлері сияқты, бұл күресін шектен шығарып алады. 

Әбіш Кекілбаев өзінің бұл шығармасы жайында «Шыңырау» повесі шегінен шығып кеткен нәрсе, апогейден асып кеткен нәрсе қасіретке апарып соғады, тіршіліктің формуласы – осы» дегендей, жәдеттердің Шыңырау құдығы – оқу-білім, батысшылдық мәселесінде апогейден асып кеткендері. «Батыс тәрбиесін алған зиялыларымыздың аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы» дейтін Мұстафа Шоқай лұғаты осы жерге дәл. Қазақ үшін ат көтіне міну өлімнен де жаман. Ол кісінің ортадан шығарылығанының, ру (қоғам) шегінен аластатылғанының белгісі. Босқаңғыр – изгой екендігінің келепен (отверженныйға) айналғандығының сүйегі сосын да айдалада қалдырылуы әбден мүмкін. Оқшау еуропаласқан алғашқы қазақ, Черняев экспедициясы кезінде прогресс жайлы армандары қатігез иллюзияға айналған Шоқанның сүйегінің де туған жеріне жеткізілмеуі ой саларлық... 

«Бұл өлім ашық жаулардың қолынан емес, керісінше, Батыстың жалған уәделері мен алдамшы күлкісінің торына түскендіктен келді» – әкесінің қазасына қатыстырып, Айша Каддафи осылай депті...

Дін мемлекеттен ада етілген секулярлық жүйенің ақыры сондай болмақ. Батыстық оқу жүйесі функционалды сауаттылыққа әкелетін төте жолдың басы, оған, әлбетте, дау жоқ, бірақ бұл жүйе жүре-бара білімді мозаикалы түрде игеретін фактологиялық көзқарасқа, рефлексивті оқытуға әкеп соғатын әкеп соғатыны бұл күнде аныққа шықты. Шәкірттің «субъектілігін – жас адамның мақсатты іс-әрекетке әзір болуын қамтамасыз ете алмайтыны белгілі болып отыр. Кезінде усули жәдидке бой ұрған оқығандарымыз осыны көрсе, ойланып қалар еді. Сол секілді, өздері моральдық императив ретінде қабылдаған «ұлт» идеясы, «ұлт-мемлекет» концептісі бүгінде аққұла соғысуға, кісі өлтіруге шақыруға айналғанын көрсе ше?! Құдайсыз адамға табынам деп адамзатты қос бірдей дүниежүзілік соғысқа киліктірген, оған қоса ГУЛАГ тәрізді жаппай қырып-жою мәшінінің оқпанында бас жұтқан Ағарту дәуірінің тоталдық атеизмнің салдарын көріп жағаларына түкірісер ме еді? Өздері әс көрген Батысқа геостратегиялық қайта бағдарлану, deep state (тереңдегі билік-мемлекет) сәнге асқан зияткерлер арқылы адамның басына енгізетін идеяторлық автоматизм адамзатты тығырыққа әкеп тірегенін сезінсе не болар-ды? Халық өзінен безіп кететін, оны, ұлтты езілгендер өздерінің езілуін таңдауына, өз еркіне балайтын құлданудың ең қауіпті сойқан пошымына алып келетін рухани инвазияны (инкультурацияны) бағамдап тұрып, бір кездері өздері талмай насихаттаған тарқы (прогресс) жолын, Огюст Кант позитивизмін, Герберт Спенсердің органикалық теориясын біржола мансұқ етер ме еді, қайтер еді?! 

Бұл өзі Ғұмар Қараштың ғана басына келген кеп емес, бүкіл жәдидтердің басынан орнаған зауал. Бір кезде жаман ниет қарау адамдар бұлжымайтын шүкіране мүміндерімізді оңдыққа сүйреп, екіұдай (енжар) етсе, жаңа талап ізденгіш екпінділерімізді солдыққа сүйреп, төңкерісшіл қылған. Халықтың тілегімен жұртшыл болу, заманның аңғарымен ағартушы болу бұйырылған соңғы топ өз тағдырларын өздері жасамақ болып жүріп, хақ дінімізді теріс жорушы қара жүректердің әсерімен өзегіне буынқұрт түсіріп алғандарын байқамады. Тарих өзенін кері ағзамыз деп әулиесінгендер қолдан жасалған әлемет-катаклизмдер тұсында ақыры өз бастарын жұтып тынды. Көпшілігінің соңғы тыным тапқан жері де белгісіз. 

Молда көрген, Құран оқыған адамдардың осыншама мәлімет, осынша білім келгеннен кейін тура жолдан шығуына сұрау бар. Нәубет бар. 

Дүниеде еш нәрсе із-түссіз кетпейді. Бұрындары Ғұмар 37-дегі өрескел заңсыздықтың құқайын алдымен тартты деп келсек, ендігі жерде басына дүние кезектілігі (нәубет) алдымен орнағанын ашып айтуға тиіспіз... 

Кейінгі нәсіл-несібімізге олардың білімі мен талантын берсін, аянышты тағдырларын бере көрмесін.


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар