Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Ашық Әләсгәр (Aşıq Ələsgər) және Сәкен Сейфуллин п...

11.05.2023 2942

Ашық Әләсгәр (Aşıq Ələsgər) және Сәкен Сейфуллин поэзиясының геопоэтикасы 14+

Ашық Әләсгәр (Aşıq Ələsgər) және Сәкен Сейфуллин поэзиясының геопоэтикасы - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетінде Азия даласы – Қазақстан территориясының жағрафиясы ерекше әсем бейнеде көрініс тапқаны белгілі. Сахара даланың тау-тасы, өзен, көлі, қыраттары, үміттер мен армандарға апаратын ұзақ жолдардың поэтикалық моделін, әсіресе, Абай өлеңдері мен Алаш әдебиетінен – Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов прозасы мен поэзиясынан да айқын аңғаруға болады. Әдебиеттегі дала пейзажының әсем қалыптануы да еркіндікті, еркін сананың өмір сүргенін аңғартса керек. Қазақ әдебиетінде табиғат әрқашан өнердің түпнұсқасы қызметінде көрінеді. Сондай-ақ Қазақстанның Бурабай көлі, Оқжетпес тауы, Жұмбақтас жартасы сынды бүгінде туристік орынға айналған мекендері, жайлаудағы қазақ тіршілігі, қазақ даласының қыраттары ақын, жазушы, драматург Сәкен Сейфулиннің де поэзиясында қайталанбас идиостильмен бедерленген. Мақалада ақын Сәкен Сейфуллин мен Әзірбайжан әдебиетіндегі ғашықтық мәдениеттің негізін қалаған Ашық Әләсгәр өлеңдеріндегі екі ел жағрафиясының поэтикалық үлгісін салыстыра қарастырамыз. 

Сонымен қатар, Қазақстан мен Әзірбайжан елін жақындастыратын тарихи-генетикалық оқиғалар, факторлар мен жағдайлар және әдеби жауһарлар (мысалы, Қорқыт атаны еске алайық) көп кездеседі. Бірінші кезекте туысқан халық саналады. Ақын Ашық Әләсгәр мен Сәкен Сейфуллиннің өздері өмір сүрген физикалық территорияны интеллектуалдық, әдеби-эстетикалық, философиялық тұрғыда игеру ерекшелігін, поэзиясындағы өзіне тән бедерлеу амалдарын көрсетсек, оқырмандарға қызығырақ болуы мүмкін деп ойлаймыз. 

Қазақстан мен Әзірбайжан әдебиетінің даму тарихында Ашық Әләсгәр (1821-1926) мен Сәкен Сейфуллиннің (1894-1938) әдеби туындылары ерекше орын алады. ХІХ ғасыр поэзиясында Ашық Әләсгәр ғашықтық өнер саласының негізін қалады. Ақынның діни-сопылық, ғашықтық, отансүйгіштік, әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптағы өлеңдерімен қатар, туған жеріне арналған поэзиясында табиғат пейзажы ерекше назар аудартады. А. Әләсгәр «Таулар», «Төменге (ағар) Гаргар» («Ayağa-Gargar»), «Шаһ тауы», «Жайлау», «Таулар» өлеңдерінде Қарабақ аймағы мен Қарабақтың солтүстік-шығысындағы Муған (Muğan) мекені, ондағы Хачын (Haçın) және Гаргар (Gargar) өзендері мен Гөйчә (Göyce) тауының геопоэтикалық үлгісін жасады. Ал ХХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы қазақ әдебиетінде белсенді жазған жазушы, ақын және драматург Сәкен Сейфуллиннің «Бурабай», «Көкшетау», «Туған жерім – өз елім», «Далада», «Жазғытұры», «Қырда», «Тау ішінде», «Нұра», «Жайлауға көшу» сынды бірқатар өлеңдері және «Көкшетау», «Аққудың айырылуы» поэмаларында қазақтың сахара даласының әсем ландшафтық бейнесі көркемдік және интеллектуалдық тұрғыда бедерленген болатын. 

Ақын А. Әләсгәр мен С. Сейфуллин поэзиясы оқырмандар мен зерттеуші ортаның қызығушылығын тудырғаны мәлім. А. Әләсгәр поэзиясындағы «жан» ұғымы, атамекенге жанашырлық, фольклор, елік (ceyran) образы, ғашықтық мәдениетінің көріністері, жалпы поэзиясының көркемдік тілі И. Алескеров, М. Акимов, Алмаз Үлві (Almaz Ülvi),  Мәһәррам Хусейнов (Məhərrəm Hüseynov) сынды ғалымдардың назарын аударған. Ғалым-зерттеушілер ғылыми мақалалары мен монографияларында және диссертацияларында А. Әләсгәрдің ғашықтық мәдениетті дамытуға қосқан үлесін және поэзиясындағы ақындық потенциалын, жырлаған тақырыптарының әдеби сапасын әр қырынан түсіндіруге тырысты. Сонымен қатар, қазақ ақыны С. Сефуллиннің әдеби мұрасын Е. Ысмайылов, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, т.б. ғалымдар іргелі еңбектерінде кеңірек қарастырды. Ал біз мақаламызда бір дәуірде қатар өмір сүрген осынау екі түркітілдес халық ақынының поэзиясындағы сұлу табиғат пейзажын салыстырмалы аспектіде қарастыруды жөн санадық. ХХІ ғасыр көзқарасы тұрғысынан А. Әләсгәр мен С. Сейфуллин поэзиясы геопоэтикалық аспектіде мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи аспектіде қарастырылса, бүгінгі Әзірбайжан мен Қазақстан әдебиеті және әдебиеттану саласының арасындағы қарым-қатынастардың дамуына үлес қосады. Ең басты кезекте екі ел оқырмандары ақындар поэзиясынан көрініс тапқан сұлу табиғи кеңістіктер мен нысандарды айқын байқар еді. Екі ақынның өздері өмір сүрген физикалық территорияны интеллектуалдық, әдеби-эстетикалық, философиялық тұрғыда игеріп, поэзиясында өзіне тән бедерлеу амалдары анықталатыны да белгілі. Мақалада ақын Ашық Әләсгәр мен Сәкен Сейфуллиннің поэзиялық туындыларындағы географиялық нысандар, территориялар мен ландшафтардың поэтикалық үлгісі салыстырылады.  

Мақаламызда мәдени-тарихи әдіс А. Әләсгәр мен С. Сейфуллин поэзиясындағы сол дәуірге тән мәдени және тарихи контексте түсіндіру үшін қолданылды. Сонымен қатар, ақындардың өлеңдеріндегі мәдени-поэтикалық тенденциялардың табиғат пейзаж детальдері арқылы көріну жолдары айқындалды. Феноменологиялық әдіс арқылы реалды географиялық нысандар автор мен оқырманның шығармашылық санасында қандай өзгеріске ұшырады; физикалық ландшафтар автор санасының елестету, ұқсату, сыртқы әлемді қабылдау, қиялдау үдерісі арқылы поэзияда қалай көрініс тапты және бұл сана әрекеттері қандай образдар тудырды; автор тудырған поэзияны оқыған оқырман туындыны арықарай өз бетінше оқып, басқа қырынан түсінгенде (сана әрекеті) табиғат пейзаждары қандай өзгеріске ұшырады деген мәселелер қарастырылды. Поэзия автор санасы тудырған құбылыс ретінде зерттелді. Екі ақынның туған жеріндегі сұлу көлдері мен таулары, өзендерінің сұлу табиғатынан алған әсері және оны поэзиясында көрсету потенциалы, поэзияның рецепциялық әсері қоса қарастырылды. Бұл әдіспен ақындардың географиялық нысандарды басқа заттарға ұқсатуынан туған ассоциациялық ұғымдары (өзен, көлдерді тамашалағаннан алған әсері; образды кестелер) зерттелді. Автор санасының елестету, ұқсату, сыртқы әлемді қабылдау, табиғатқа еліктеу, қиялдау әрекеттері поэзиялық туындыларды зерттеу барысында айқындалды. 

Ақын С. Сейфуллиннің табиғаттың сұлулығы көрініс тапқан «Туған жерім – өз елім», «Нұра» (өзен атауы), «Жайлауға көшу», «Далада» (осындай атауымен екі өлеңі бар), «Жазғы түнде», «Қырда», «Жазғытұры», «Біздің жақта», «Тау ішінде», «Жазғы далада», «Алтай», «Оқжетпес. Бурабай. Жұмбақтас», «Көкшетау қасиеттері», «Алтын күз» өлеңдері және «Көкшетау» поэмасы жарық көрген. Ал Әзірбайжан ақыны А. Әләсгәрдің «Таулар» (осындай атауымен екі өлеңі кездеседі), «Төменге (ағар) Гаргар» («Ayağa-Gargar»), «Шаһ тауы», «Жайлау» (осындай атауымен екі өлеңі бар), «Таулар» атты поэзиялық туындылар жазылған. Аталған өлеңдерде Әзірбайжан мен Қазақстанның таулары, өзендері мен көлдері, жайлау табиғатының пейзажы берілген. 

Зерттеу жұмысының нәтижелерін төменде кесте түрінде ұсынамыз және талқылау бөлімі кестелерден кейін түсіндіріледі. 

1-кесте. Тау-жартас, көл туралы өлеңдерді салыстыру

Өлеңдер / авторлар

Ұқсастығы

Айырмашылығы

Образдар 

1

 «Таулар» (Ашық Әләсгәр)

Ақынның өзіне таныс тау баурайының табиғаты суреттеледі. 

Өлеңге С. Сейфуллиннің поэзиясындағыдай аңыз-миф сюжеттері мен баяндаулары кірістірілмеген. 

Ақын бұл өлеңде жылдың төрт мезгілінде әртүрлі түске өзгерген таудың табиғатын суреттейді. Тау – ақынды беймаза қиялынан, қайғысынан арылтатын кеңістік. Тау баурайындағы әртүрлі әсем гүлдер мен бұлақтар ақынға эмоционалды көңіл күй, жеке басына еркіндік сыйлайды.

Өлеңнің «Xəstə üçün təpəsində qar olur» деген жолында «xəstə» сөзі ауыспалы мағынада, яғни тауды сағынғандар немесе рухани тұрғыда құлдыраған адамдар деген мәнде қолданылған. Бұл «аурудың» бірден бір емі – тау шыңындағы қар(ды көру). 

Тау баурайындағы гүлдер – «көктемде даңқты хан сияқты жомарт»; «алғашқы қысқы тұман түскенде, тау иығынан киімі түседі» (Dağıdar üstündən cəlalı, dağlar!); Тау – әділетті. 

 

2

 «Көкшетау» поэмасы (Сәкен Сейфуллин)

1. Шынайы өмірде бар табиғат көрінісінен алынған геопоэтикалық образдар. 

2. Тау пейзажы кескінделген. 

Қазақстанның Көкшетау өлкесіндегі Бурабай көлі, Оқжетпес тауы мен Жұмбақтас жартасының бай табиғаты бейнеленген. 

Бұл поэмада Оқжетпес тауы, Жұмбақтас жартасымен қатар, Бурабай көліне қатысты халықтық аңыз-мифтер бедерленген

Кербез сұлу Көкшетау; бұлттар жиі келіп таудың жағдайын сұрап тұрады; тау мен күннің сүйісуі; «Сәлем қылып бұлттар басын иіседі», т.б.

3

«Оқжетпес. Бурабай. Жұмбақтас» (Сәкен Сейфуллин)

Автор қиялынан емес, нақты өмірде бар табиғат көрінісінен алынған геопоэтикалық образдар. 

 

Оқжетпес, Бурабай, Жұмбақтас географиялық нысандарының аңыз-мифтік этимологиясы табиғат пейзажы арқылы беріледі. 

 

«Жұмбақтас» –арыстан шөгіп жатқандай бейне. 

4

«Тау ішінде»                     

өлеңі

(Сәкен Сейфуллин)

Қазақ даласындағы тау пейзажы берілген.Ақын заттық-бейнелік образдар тудырғаннан гөрі тау арасында – ашық аспан астындағы табиғат пен адамның еркіндігін суреттеген. Ақын тау арасын өзінің үйі іспетті сезінеді.Тау арасында, тыныш кеңістікте еркін ойлы өнерпаз әнші (автор) мен оның ирреалды ғашығының образы

 

2-кесте. Жайлау туралы өлеңдерді салыстыру

Өлеңдер (авторлар)

Ұқсастығы

Айырмашылығы

Образдар 

1

«Жайлау» 

(Ашық Әләсгәр)

Көшіп-қонуға, тұрмыс-тіршілікке, мал шаруашылығына ыңғайлы, табиғаты әсем кең жайлау – жазғы қоныс суреттелген.

Халықтың жайлаудағы жазғы тұрмыс-тіршілігін емес, оның әсем табиғатын: тау-тасын, гүлдерін, өзендерін жырлайды. А. Әләсгәрдің өлеңінде табиғат құбылыстары жанды бейнеге айналады да, ақынның ішкі әлемін, рухын тазартады.

Көңіл-қарлығаш (Könlüm qaranquştək); мас болған жүрек (məst olur ürək).

2

«Жайлауға көшу» 

(Сәкен Сейфуллин)

Көшіп-қонуға, тұрмыс-тіршілікке, мал шаруашылығына ыңғайлы, табиғаты әсем кең жайлау – жазғы қоныс суреттелген.Таңертең жайлауға көшіп барып, көл жағасына үйін тігіп, орналасып жатқан қазақ халқының көші суреттелген. 

Көшпелі қазақ мәдениетінің менталды-әдеби моделі

3

«Жайлаудан қымыз ішу» (Сәкен Сейфуллин)

Көшіп-қонуға, тұрмыс-тіршілікке, мал шаруашылығына ыңғайлы, табиғаты әсем кең жайлау – жазғы қоныс суреттелген.Жайлауда мал шаруашылығымен айналысқан қазақ халқының ұлттық сусыны қымыз ішіп жатқан мезеті бейнеленген. Көшпелі қазақ мәдениетінің менталды-әдеби моделі

А. Әләсгәрдің «Таулар» өлеңінде Қарабақ аймағындағы таулардың әсем табиғаты ақынның жан жарасын емдеп, қайғы-мұңы мен махаббат машақатынан арылтатын кеңістік ретінде суреттелген. Ақын жылдың төрт мезгілінде тау баурайы кілем түсі секілді әртүрлі реңге боялатынын образдармен көрсетеді. Көктемде тауда өсетін масақ (егіннің дәнді басы) сары түске, көкнәр қызыл түске боялады; тау – жазда даңқы асқан, жомарт хан сияқты; күзде пісіп-жетілген бақша іспетті; қыстың тұманы түскенде тау киімін (бояулы гүлдерін) иығынан түсіреді.

Ақын тау пейзажын кейіптеу (олицетворение) әдісімен, яғни заттық бейнелерді жанды көркем образға айналдырады. Бұл өлеңде тау – әділеттілік пен адамның рухани дертінің шипасы образы ретінде кестеленеді. Өйткені тау адамды «патша ма, құл ма, саудагер ме, кедей ме» (Алескер А. Стихи. – Баку: Издательство «Элм», – 1972. – 45 с.) деп ажыратып, бөлмейді. Таудың биігінде адамның қайғы-мұңын «өлтіретін» қар жатады. Өлеңде таулар – қанды сумен араласқан қорқынышты оқиғалардың да үнсіз тұрған куәсі. Таулар патшаның алдында да бас имейтін бірбеткей образда кейіптеледі. 

А. Әләсгәрдің «Таулар» деп аталатын екінші өлеңінде Қысыр Мурғуз (Qısır Murğuz), Шаһ (Şah), Кәпәз (Kəpəz), Муров (Murov), Қоңыр (Qonur) және Қошқар (Qoşqar) сынды таулардың «дертті адамдар көрсе, жүрегі жарылатындай ғажап, сұлу» бейнесін жоғалтқан образында суреттеледі. Тау табиғатының көңілсіз пейзажын береді. Тауда «қойлар маңырамайды»; «аттар кісінемейді»; «сұлулары қарамайды»; «мәрт жігіттері жоқ». Тау мұндай жағдайға Крест жорығынан кейін түскен. 

С. Сейфуллин шығармашылығында геопоэтикалық образдар кестесі «Көкшетау» поэмасында (Сейфуллин С. Домбыра: өлеңдер мен дастандар жинағы. – Алматы: Қазақпарат баспасы, 2005. – 5-65 бб.) көрініс тапқан. Бұл поэманы толықтай географиялық поэтикалық туынды деп қарастыруға болады. Өйткені, геопоэтиканың бір аспектісі – туындыда белгілі бір «географиялық аумақ, ландшафт, топографиялық мекендерді интеллектуалды және эстетикалық тұрғыда игеру формалары мен жолдарын соған қатысты образ, мифтерімен байланыстыра қарастыруды; география мен әдебиет әлемінің (кеңірек алғанда, өнер) әртүрлі және өзара байланыстарын білдіреді» (Сид И. История понятия «геопоэтика» / Вестник МГОУ. Выпуск 11 (722) / 2015. – 153 с.). Поэмада Қазақстанның Көкшетау өлкесіндегі Бурабай көлі, Оқжетпес тауы және Жұмбақтас жартасына қатысты табиғат пейзажымен қатар, аңыз оқиғалары баяндалады. Ақын аталған географиялық нысандардың табиғат бейнесін қиылдан емес, өмірде бар, нақты өмірден алады. Аңыздың бір бөлігінің қысқаша оқиғасы келесідей баяндалады. Ел басқарған Абылай хан заманында қазақ пен қалмақ арасындағы жорықта он жеті жастағы қалмақ қызы қазақ әскерлерінің қолына түседі. Қыздың шарты бойынша батырлар оны әйелдікке алу үшін өзара сайысқа түседі. Яғни, тау биігіне ілінген қыздың орамалын батырлар оқпен атып түсіруі қажет. Бір де бір батыр сынақтан өте алмағандықтан, таудың аты Оқжетпес аталған екен. 

 

         1-суретте Оқжетпес тауы        

             Дереккөз: https://massaget.kz/mangilik_el/tup_tamyir/42052/

Аңыздың келесі бір бөлігі қазіргі уақытта туристік орынға айналған, табиғаты тамаша көлдің бірі Бурабайға қатысты баяндалады. Бура – түйе атауы. Аңыз дискурсына сәйкес, қазіргі Бурабай көлінің жағасында халыққа төніп келе жатқан жамандықтан сақтандырып, боздап хабар беретін бура (түйе) өмір сүріпті. Бір күні Абылай ханның баласы Қасым төре бураны оқпен атып түсірген екен. Бура екі өркешімен шөккен бойы сонда өліпті. Суреттен көлдің жағасындағы түйенің өркешіне ұқсаған тас бейнесін байқауға болады. 

2-суретте Бурабай көлі

                  Дереккөз:  https://ult.kz/post/burabay-anyz-ben-akikat

 «Көкшетау» поэмасының интермәтіні ретінде қолданылған аңыздың келесі бөлігі «Жұмбақтас» деп аталатын жартасқа қатысты әңгімеленеді. Абылай хан әскерінің тұтқынына түскен он жеті жастағы қалмақ қызы өзін әйелдікке алуға таласқан батырларға жұмбақ жасырады. Жоғарыда түсіндіргеніміздей, батырлар Оқжетпес тауының биік шыңына байланған қыздың орамалын атып түсіре алмағандықтан, қыздың бірінші шартын орындай алмаған еді. Қыздың екінші шарты – батырлар төрт адамды арқалап, жартасқа (қазіргі Жұмбақтас жартысына) белгілі бір қашықтан жүгіріп жету еді және бірінші жеткен батырға қосымша жұмбақ жасырып, соған күйеуге шығатынын айтады. Қыз жартастың үстінде тұрып, өзінің өткен өмірін астарлап жеткізетін жұмбақ жасырады. Жұмбақтың шешуін Адақ есімді батыр табады. Жұмбақ арқылы қыз еліне қайтуға рұқсат сұрайды. Адақ батыр Абылай ханнан рұқсат сұрап, қалмақ қызының өз елімен, күйеуімен, туған-туысымен аман-есен қауышуына себепші болады. Адақ батыр алғашқыда өзге батырлар сияқты қызды әйелдікке алуға таласпайды. Адақ батыр Бурабай көлінің бетіндегі екі аққудың баласы – көгілдірін аузымен тістеп, құрбандығына айналдыру үшін әкетіп бара жатқан бүркітті дәл атып, ерлік жасап, қыз бен ханның және өзге батырлардың көзіне түседі. 

3-суретте Жұмбақтас жартасы

Дереккөз: https://egemen.kz/article/168778-anhyzgha-aynalghan-ataular

С. Сейфуллин «Көкшетау» поэмасында қазіргі Көкшетау өңіріндегі табиғаты ғажап тау-жартастары мен көлінің пайда болу тарихына қатысты халық арасындағы миф-аңыздарды қайта тірілткен. Поэмадағы геопоэтикалық образдар толықтай ақын қиялынан тумай, табиғаттың физикалық көрінісінен алынады. Ақынның шығармашылық санасы арқылы оқырман санасында Көкшетау өңірінің мифтік-әдеби моделі орныққан және бұл әсем кеңістіктерге деген әлемнің кез келген оқырманының көруге деген қызығушылығы мен арманы пайда болады. 

С. Сейфуллиннің аталған поэмадағы географиялық ландшафтар көрініс табатын келесі өлеңі «Оқжетпес. Бурабай. Жұмбақтас» (Сейфуллин С. Көптомдық шығармалар жинағы. 4-том. – Алматы: Қазығұрт баспасы, 2004. – 249 б.) деп аталады. Бұл өлеңде Бурабай көлі, Оқжетпес тауы мен Жұмбақтас жартасының табиғи ерекшелігін, әдемілігін және оның аңызға қатысты тұстарын қысқаша суреттеп, оқырманға таныстырады. Бурабай көлінің табиғатын желді күні «шынжырлы ақ бураша қаршылдайды» деп, көлге қатысты аңыз этимологиясына сілтеме жасайды. Ақынның суреттеуінде көл беті бір күні тастан тасқа соғылып, бурадай туласа, келесі күні тып-тыныш қалпына келеді. Бұл үш нысан туралы жоғарыда «Көкшетау» поэмасында кеңірек қарастырғанбыз және ақынның аталған поэмасын тау мен көл пейзажын асқан шеберлікпен бедерлейді. 

С. Сейфуллиннің «Тау ішінде» деп аталатын өлеңінде көркем ассоциациялық образдар тудырғаннан гөрі тау ішінде өзін туған, мекен еткен үйінде жүргендей сезінеді. Бұл өлеңнен тау арасында еркін, баяу ән салып, сұлу ғашығын еске алып келе жатқан ақын образын көреміз.  

Елдің тіршілігіне қолайлы, суы мол, шөбі шүйгін өскен жазғы қонысқа, яғни жайлауға арналған өлеңдер екі ақынның да шығармашылығында кездеседі.  Көшпенді мәдениет иесі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде жылдың төрт мезгілінде орын ауыстырып отыратын қоныс атаулары – қыстау, көктеу, жайлау және күзеудің маңызы ерекше саналады. Салыстырып қарағанда, А. Әләсгәрдің «Жайлау» өлеңі мен С. Сейфуллиннің «Жайлауға көшу», «Жайлаудан қымыз ішу» өлеңдерінен екі түрлі дала картинасын байқауға болады. 

А. Әләсгәр өлеңінде жайлаудың сұлу табиғаты ақынды ерекше қызықтырса, С. Сейфуллин өлеңдерінде жайлау ақынның – қазақ халқының қоныстанған үйі іспетті көрініс тапқан. Кең даланың әрбір тау-тасы, мекені, кеңістігі ХХ ғасырдың басына дейін әрбір дала қазағының мекені болғаны анық. Бұл С. Сейфуллин өлеңдерінен айқын байқалады.  

С.Сейфуллиннің поэзиясындағы географиялық образдар мен ландшафтардың көрініс табу жолдарына назар салғанда онда Қазақстаннан басқа Кеңес одағының құрамында болған басқа мемлекеттердің географиялық нысандары кездеспейді. Сол секілді ғашықтың әдебиетінің негізін қалаған Ашық Әләсгәрдің өлеңдерінде де Оттар елінің – Әзірбайжанның географиялық нысандары кездеседі. Мысалы, «Төменге (ағар) Гаргар» өлеңінде Әзірбайжан аймағындағы Қарабақ аймағы мен Қарабақтың солтүстік-шығыс жағындағы Муған (Muğan) мекені, ондағы Хачын (Haçın) және Гаргар (Gargar) өзендері, Гөйчә (Göyce) тауының әсем табиғатын халықтың ержүрек рухымен астастыра бедерлейді. Ашық Әләсгәр Қарабақ аймағындағы географиялық нысандардың поэтикалық үлгісін береді. Әрбір өзендер мен тау, көл ұғымын кейіптеу (олицетворение) әдісімен жанды әрекетке айналдырады. 

Қорыта келгенде, Әзірбайжан ақыны Ашық Әләсгәр мен қазақ ақыны Сәкен Сейфуллин поэзиясындағы табиғат пейзажының берілу әдіс-тәсілдерінде айырмашылықтар мен ұқсастықтар кездеседі. А. Әләсгәр өлеңдерінде өзінің туған мекенінің әрбір тау-тасы, өзендері мен көлдері, тау баурайындағы әртүрлі түске орынған гүлдері, жайлауы ақынның қайғы-мұңын, «ауруға» ұшыраған жанын емдейтін «табиғат препараты» ретінде көрініс тапқан. Табиғат – ақынның рухани әлемін тазартатын және шығармашылық-рухани еркіндік беретін кеңістік ретінде кескінделген. Ал С. Сейфуллин поэзиясы мен поэмасында Қазақстанның Көкшетау өлкесіндегі Бурабай көлі, Оқжетпес тауы және Жұмбақтас жартасы және басқа да жайлаулар мен таулы кеңістіктер, дала бөліктері ақынның / лирикалық кейіпкердің өз өмір сүріп жатқан үйі іспетті суреттелген. Ақын туған жерінің географиялық нысандары сырт көз ретінде бейнелемей, әрбір кеңістігін өзінің жеке мекені есептейді. Бұдан біз С. Сейфуллин – көшпенді өркениеттің ақыны / өкілі екенін айқын байқаймыз. Халық жылдың төрт мезгілінде тұрмыс-тіршілікке, мал шаруашылығына қолайлы болуы үшін орын ауыстырып отырған. С. Сейфуллин өлеңдерінде тау, дала, көл пейзажын дискретті (үзік) түрде суреттесе, «Көкшетау» поэмасында сол өлкенің Баурабай көлі, Оқжетпес тауы мен Жұмбақтас жартасының тұтас геокартинасын жасаған. 

Мақаламыздың соңында Әзірбайжан елінің екі азаматына: әдебиеттаушы, филология ғылымдарының докторы Алмаз Үлві Биннатова (Almaz Ülvi Binnatovaханымға ақын Ашық Әләсгәр шығармашылығына қатысты материалдармен (кітаптарымен) қамтамасыз еткені үшін және ақынның өлеңдеріндегі кейбір сөздердің қазақша баламасын түсіндіруге үлес қосқан тарихшы Ахмет Хасановқа (Әһmәd Hәsәnov) ерекше алғыс білдіреміз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар