Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Атсалим ИДИГОВ. «Тегім шешен болса да, қазақ халқы...

28.02.2018 5490

Атсалим ИДИГОВ. «Тегім шешен болса да, қазақ халқының баласымын»

Атсалим ИДИГОВ. «Тегім шешен болса да, қазақ халқының баласымын» - adebiportal.kz

23 ақпан бұрын СССР Совет әскерінің күні ретінде аталып өтілетін. Ал шешендер мен ингуштар үшін бұл – қаралы күн. Дәл осы күні вайнахтарға қарсы зардабы әлі де жойыла қоймаған әлемдегі ең зұлым акция орын алған.

Иосиф Сталин мен оның жандайшабы Берия тұтас бір халыққа қарсы сорақы қылмыс жасады. Санаулы сағаттың ішінде шешендер мен ингуштарды жер аударып жіберді. Оларды мылтықтың дүмімен қорқытып, тауар таситын пойызға тиеді де, Қазақстанға, Орта Азияға жөнелтті.

Оқиға былай орын алған еді. 1944 жылы 23 ақпанда алаңсыз ұйықтап жатқан адамдардың үйлеріне мұздай қаруланған НКВД адамдары басып кірді. Елде қалған кәрі шалдар мен әйелдерді, балаларды көшеге шығарып, бір жерге жинайды. Әр ауылдың жанында “Максим” пулеметімен машиналар күтіп тұрды.

Жиналған халыққа Жоғары Советтің указын жеткізіп, отандарынан жер аударылатыны айтылады. Ер адамдар жандайшаптардың көз алдында шөгіп кетті. Оған қарайтын билік пе, қарсы келгенін өлтіріп, кейбірін үйден қуып, мал секілді айдап тастайды. Артынан әйелдер мен балаларды да жібереді.

Осы қаралы күні 14 жаста болған Г.Абдуразақов былай еске алады: “Бұл бір қорқынышты күн еді. Жан-жақтан адамдардың жылағаны, әйелдердің қарғап-сілегені, айғай-шу ғана естіледі. Солдаттар барлығымызды сыртқа қуып шығарғанда, менің 80 жастағы кәрі әжем жерге құлады. Құлады да, жерді құшақтап жатып алды. Бұйрыққа бағынғысы келмеді. Автомат дауысы естілді. Әжем сол күйі тұрмады. Магомед Хазуевтің үй жағынан да атыстың дыбысы естілді. Магомедтің көз алдында сүйікті ұлы Даянды өлтіріпті. Солдаттар оларды жерлеуге де рұқсат бермеді”.

Айналдырған бірнеше сағатта шешендер мен ингуштардың ауылдары босап қалды. Вайнахтарды тиеген пойыз Шығысты бетке алып жүре берді. Адамдар аурудан, суықтан, кейде солдаттардың оғынан өліп жатты. Бұл геноцид 300 мыңға жуық шешен мен ингуштың өмірін жалмады. Ол сол уақыттағы вайнахтардың жартысына жуығы еді. Көпшілігі хабар-ошарсыз кетті. Әлі күнге дейін кезінде көз жазып қалған баласын тілін де, дәстүрін де білмейтін, қария күйінде тауып жатқандар бар.

Солай 1944 жылы вайнахтар Голощекиннің қанды қырғынынан оңала қоймаған, басынан тарихтың ауыр күндерін өткізген Қазақстанға келді. Қазақ халқы үшін ұжымдастыру оңайға түскен жоқ. 1931-1933 жылдары екі миллионға жуық халық аштықтан қырылды. Мыңдаған қазақ интеллигенциясы репрессияға ұшырады. Жүз мыңдаған халық ашаршылық пен биліктің озбырлығынан қашып, шекара асып кетті. Міне, осындай жағдайдағы қазақтардың ортасына Кавказ халқын: шешендер мен ингуштарды әкеліп орналастырды. Тірі қалғандардың өздері суықтан немесе аштықтан өліп жатты. Сталин мен Берияның бұл жер аударуды қыста өткізуі де тегін емес болатын. Әлсізі жеңіліп, күштісі қалсын дегені болар. Немесе қасқыр заңымен өмір сүретін қос халықтың бірі аман қалсын деген шығар. Алайда қазақта “Халық – қатесіз сыншы” деген мақал бар. Өздері ауыр сынақты бастарынан өткерген, сталиндік репрессияны артта қалдырған қазақтар ненің шындық, ненің өтірік екенін бірден аңғарды. Бір кездері өздері зардап шеккен жүйенің құрбанына айналған келімсек халықты қанатының астына алды. Орыс, украин, шешен деп бөлмей, бірден бауырына бастады.

1-наурыз күні біз Елбасының жарлығымен “Алғыс күнін” атап өтеміз. Бұл – дұрыс қадам. Біздің бір-бірімізге айтарымыз бар, алғысымыз да жетерлік.

Мен қазақ халқын ерекше құрметтеймін, ризалық сезімім де көп, ал махаббатым тіпті өзгеше. Сондықтан да үнемі өзімнің тегі шешен қазақ халқының ұлы екенімді айтып жүремін. Осы себепті кез келген мінбеден мақтанышпен: «Кім десең, мен қазақпын! Тәуелсізбін – азатпын! Мың өліп, мың тірілген, намысын бермеген қазақпын!» – деймін. Әрине, “Мен – қазақпын” дегенде, этникалық тегімді емес, ішкі рухани әлемімді айтамын.

Осы қасиетті жерде өсіп, өмір сүріп жүргенімді айтамын.

Елімнің нағыз патриоты екенімді айтамын.

Халқым мен жерімді шексіз сүйетінімді айтамын.

Бұл махаббатты менен ешкім де тартып ала алмайды. Өзіммен көрге бірге кетеді.

Сондықтан бүгін кезінде жер аударылғандардың ұрпағы ретінде қазақ халқына даналығы, бізге көрсеткен мейірімі, жанашырлығы үшін тағы да шын жүректен шыққан алғысымды айтқым келіп тұр. Сондай сын сағаттарда бізді бауырына басып, аман алып қалған мына Ұлы даланың алдында басымды иемін. Шешен халқының белгілі ақыны Омар Ярычевтің тілімен айтсам:«Земля казахская, земля священная, ты в самый горький час делила с нами и хлеб, и материнское тепло».

Және тәуелсіздік жылдарында тату-тәтті, болашағамызды бірге жасап, бірлікте өмір сүріп жатқанымыз үшін Елбасыға да мың алғыс!

Мақаланың орысша нұсқасын мына жерден оқыңыз

Атсалим ИДИГОВ

“Огни Алатау” газетінің бас редакторы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар