Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ахмет Өмірзақ. Қиырдан жеткен қарлығаш...

04.02.2024 1825

Ахмет Өмірзақ. Қиырдан жеткен қарлығаш 14+

Ахмет Өмірзақ. Қиырдан жеткен қарлығаш - adebiportal.kz

Филология ғылымдарының докторы, жазушы, қоғам қайраткері Әзиза Нұрмаханованың шығармашылық ғұмыры туралы тоғанысты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Өткен ғасыр аласапырандарға толы болды. Қазақ қоғамы үш бірдей формацияны бастан өткерді. Ғасыр басынан бастап-ақ, түрлі пиғылдағы саяси топтардың күресінің нәтижесінде қазақ аяусыз қырылды, атакүлдігін тастап босып кетті. Ел де, жер де талауға түсті. Кіші жүздің байырғы жері саналатын Аралдың арғы беті, Әмудария бойлары қарақалпаққа беріліп, алғашында Қазақ елінің құрамындағы автономия  болып құрылғанымен, соңынан Ресейге беріліп, ақыр-аяғында Өзбекстанның құрамына өтіп кетті. Сөйтіп, Өзбекстан аймағының үштен бірін құрайтын 1656ОО шаршы шақырым жер қолдан сырғып кетіп, ондағы қандастар өз жерінде тұрып, өзге республиканың азаматтары болып шыға келді. 

Кеңестік кесір саясаттың зардабын ол жақта да тартқан қазақтар аз болмады. Ең алғаш Қарақалпақ автономиясының алғашқы басшысы, қандасымыз Әбу Құдабаев бастаған топ қудалауға ұшырап, жазықсыз атып тасталды. Отызыншы жылдардың соңында бұл елді басқарған, астананы Төрткүлден Нөкіске көшіріп ұланғайыр еңбек еткен тағы бір бауырымыз Құрбанбай Қалекеев себепсіз қызметінен алынып, Қазақстанға кетуге мәжбүр болды. Алайда, онда қарақұрым қазақ бар-ды. Олар атажұртын тастап кетпей, өмір сүре берді. 

СССР-дағы ең алғашқы көтеріліс ретінде тарихқа кірген, 1929 жылдағы Тақтакөпір көтерілісі бұл жерде қысым қай дәрежеде болғанын айғақтаса керек. Көтерілісшілер қырғынға ұшырады. Дегенмен, бүкіл қазақты жойып жібере алмады. Мұндағы қазақ Орынбек Кожуров боп есекпен жүріп, фольклор жинады, Мырзағали Дәрібаев болып қарақалпақ прозасының негізін қалады, Жұмырбай Қайырбаев боп әліппе жазды, Исмайыл Сағитов, Бабаш Исмайылов. Сражатдин Ахметов боп тіл-әдебиет оқулықтарын жасады, Қармыс Досанов, Жаңабай Сапаров, Аман Оразов, Жұмабай Тәшенов, Нәби Бөрекешов, Абдолла Садықов болып роман, повестерді өмірге әкелсе, Төлеген Айбергенов, Қалбай Әбдіраманов, Есенғали Раушанов, Сабыр Адай болып тамаша жырлар тудырды. Осындай ардақты есімдердің бірі − Әзиза Нұрмаханова. Ол бірнеше жыл министрлік қызметте болған, жоғарғы кеңестің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор. Сонымен қатар деректі, көркем прозада да қалам тербеген. 

Әзиза Нұрмаханованың прозадағы тырнақалды туындысы − «Қыздар» деп аталады. Әдебиеттің айналасында жүрген үлкен кісілерден естуімізше, бұл шығарма ең алғаш «Үш қыз» деген атаумен роман күйінде «Қарақалпақстан» баспасына тапсырылған көрінеді. Алайда, автор Қазақстанға қоныс аударған соң бұл шығарма Қарақалпақстанда жарыққа шықпай қалған. Қазір біздің қолымызда шығарманың 1969 жылы Қазақстанда басылған, ықшамдалған нұсқасы бар. Роман негізінен ғұмырбаяндық сарынға құрылған сияқты. Басты кейіпкерлердің бірінің прототипі – автордың өзі болса керек. Шығарма автордың анасы Мариям Шектібайқызына арналған. Ал повестегі оқиғалар күйеуі жеті қызымен тастап кеткен Маржан Шектібайқызының перзенттерін өсіріп-жетілдіруде тартқан азаптары төңірегінде өрбиді.

«Маржанның ендігі жалғыз-ақ сүйеніші − Арал. Қазір онан тек жақсылықты, мейірімділікті күткісі келіп, ішінен: «ендігі жағын өзің жарылқа, ақбас Аралым» деп қойды. Оның ес білгелі сиынатыны осы Арал болатын. Аралдың ашуы − жұт, күлкісі − құт екенін Маржан жақсы білетін.

Қазір Арал теп-тегіс, ұшы-қиыры жоқ, үлкен, үстінен аспан әлемі төңкеріліп келіп, айналдыра қоршап алғандай. Осы кезде Арал дүниенің біразын алып жатқан секілденеді», - деп басталады шығарма. Әрі қарай соңғы қызы Бақытты туғанда күйеуі тастап кеткен әйелдің өмір жолы басталады. Бір ұл табам деген үмітпен әулие Тоқпақ-Атаның жолын тоздырған Маржанның тілегі орындалмайды. «Қапа болсаң, теңіз суын жағала» демекші, жеті қызбен жыртық үйде жесір қалған Маржанның расында да Аралдан басқа мұң шағары жоқ болатын. Нұржамал сияқты көршісі тілеулес болғанымен, бүкіл ел шалақұрсақ боп жүрген шақта одан қандай қайран болсын. Оның үстіне мектепте еден жуушы боп істейтін Маржан бірде директордың үйіне қонақ келгенде, қызы сырқаттанып қалғандықтан қызмет етуге бара алмай қалады. Мектеп директоры Сейітов ашуға мініп, оның орнына Жәмила есімді келіншекті шақыртады. Сол Жәмила Маржанды директордың әйеліне жамандап, жұмыстан шығартып тастайды. Соның салдарынан отбасының жағдайы мүлде нашарлап кетеді. Маржанның үлкен қызы Әмина мектепке барудан қалады. Озат оқушысының мектепке неге келмей жүргенін білмекші болған орыс тілі пәнінің оқытушысы Нина Владимировна оның үйіне барады. Бұл кезде Маржан қызы Әминамен пішен оруға кеткен болатын. Екінші қызы Ажар мұғалімнің келгеніне қуанып, үйге кіргізеді. Үйдің мұржасынан будақтап қамыстың түтіні шығып жатқанын көріп, Маржанның кішкене қыздарына қарап қалған көрші Нұржамал үйге келіп, Нина Владимировнаны көреді. Қонаққа беретін тамақтың жоғынан қысылып қалған Нұржамалды Нина Владимировна әңгімеге тартып, мән-жайға қанығады. Маржан үйіне келген соң мұғалимамен арасында қызу сұхбат боп өтеді.

« − Маржан апа, қыздарыңызды оқытыңыз, өзіңіз әлі жассыз, қызмет істеңіз. Қартайғанда алдыңыздан бірі − мұғалима, бірі − дәрігер, бірі − инженер болып тұрса қайтесіз? Бұлар сіздің таусылмас азығыңыз ғой, − деді. Соңғы сөзді айтқанда, Маржан сенерін де, сенбесін де білмей, жай айтып отыр ма дегендей түрмен Нинаның жүзіне қарады. Бірақ сүйкімді мұғалиманың көзінен ойланып айтылған сөз екендігі сезіліп тұрды.

− Менің қыздарымды оқыту қашаннан арманым еді. Оған жағдай көтермей қалды. Әминамен қыста қамыс, жазда пішен әкеліп күн көрмесек, қаліміз ауырлап кетеді, − деді Маржан». Нина Владимировна  Маржанды қайта жұмысқа алдыруға уәде етіп, Әминаны оқуға жіберуге көндіреді. 

Ертесіне-ақ Нина Владимировна педсоветте мәселені төтесінен қойып, мектеп директоры Сейітовтің айыбын бетіне басады. Алайда, Сейітов райынан қайтпайтынын айтып, Маржанды қайта жұмысқа алмайды. Амалы таусылған Нина Владимировна Мойнақта үлкен қызметте істейтін әкесіне мән-жайды айтып хат жазып жібереді. Көп өтпей Нинаның өзі де мектеп директорымен келіспей қап, жұмыстан шығып Мойнаққа көшіп кетеді. Енді ауылдың өсекқұмар қатындары: «Тірегіңнен айырылыпсың ғой», - деп Маржанды келемеждей бастайды. 

Бір күні жоғарыдан өкілдер келгенін айтып Маржанды колхоз басқармасына шақыртады. Өкілдер Маржанды жылы қабылдап, қайта жұмысқа алдыртады. Маржан мұның бәрі Нина Владимировнаның арқасында боп жатқанын сезінеді. Бірақ мұнымен Маржанның тірлігі оңалып кете қоймайды. Директор Сейітов қасарысып, сөзбен түйреуін үдетеді. Өсекші Жәмила болса, талтүсте басынып, соққыға алады. Қыздарына кесірі тимесін деген оймен Маржан Жәмилаға қарсылық танытпайды. Маржанның баласы үйіне келіп, қыздарының зәресін алғанда амалсыз қол жұмсауға мәжбүр болады. Сөйтіп, қорлық көріп жүргенде Нина Владимировнадан «Мойнаққа көшіп келіңіз» деген хат жетеді.

Мойнақ демекші... сол кездердегі бұл әдемі қала – Қарақалпақстанның Аралмен шектесіп жатқан ірі ауданының орталығы. Озал бастан бұл жер әлімдердің атакүлдігі. Бұл жердің тарихта Асан көтерілісі деген атпен әйгілі Қазалы өңіріндегі ірі көтерілісті жасаған шекті тайпасының асан руының ертеде өткен атақты батыры Мойнақ батырдың ардақты есімімен аталуы – сөзіміздің дәлелі. Сондай-ақ, бұл өңірде қарасақал тайпасының іргелі руы Сарбас атымен аталатын көл де бар. Ірі теңіз портына ие қала кезінде үлкен стратегиялық маңызға ие болған. Азық-түлік, қару-жарақ орыстарға осы порт арқылы кеп тұрғандықтан жергілікті халық бұл жерді Ресейдің қақпасы шығар деп ойлаған. Бұл жайында ел арасына тарап кеткен күлкілі әңгімелер қазірге дейін айтылады. 1929 жылғы Тақтакөпір көтерілісінің аңғалдау басшыларынан бірі көтерілісшілерге: «Жігіттер, ең алғаш Мойнақтағы портты басып алуға тиіспіз. Мойнақты қолға алсақ, Мәскеу өзі-ақ беріледі», - деген көрінеді. Сондай-ақ, сол Асан елі Мойнақтың үстінде аэроплан ұшып жүргенін көріп: «Төбемізде кәуірдің құбыжықтары ұшып  жүр. Ұрып түсірмесек, ата-бабамыздың аруағы бізді кешірмейді», - деп жиылып, таяқ лақтырғаны жайлы әңгімелер бар. 

Ғасыр басында орыстар көп шоғырланғандықтан Мойнақ өнеркәсібі дамыған әдемі қала болды. Нина Владимировнадан келген хатты Маржан қызы Әминаға оқытып, жас кезінде көршісі Долженконың қыздарынан үйренген азғана орысшасы арқылы: «Көшіп кел, күн көрерлік жұмыс тауып қойдым», - дегенін түсініп, не істерін білмей абыржиды. Бұл арада Нинадан тағы да хаттар келе бастайды. Маржан көршісі Нұржамалмен ойласа келе, көшуге бел буады. Ауылы ат шаптырым жердегі әпкесі Бибіжанға хабар жібереді. Әшейінде хабар алуға қолы тимейтін әпкесінің ері: « − Бибіжан-ау, барып Маржанды тоқтат! Оны күйік көтеріп жүрген. Болмаса бір орыс қызы хат жазыпты деп жөн-жосығы жоқ лағу, әсіресе, Маржан үшін ұят! Масқара! Адам есітпесін! Ел  ішінде отырып құтырмасын, сіңліңе барып айт!» −деді.

− Ол орыс қызы Мойнақтан да кетіп қалады, сонда не қылады? Масқаралықты сонда көрер! − деді тайпақ Аймағамбет те. Бұл әңгімелердің бәрі апасы Бибіжанға мақұл көрінді де :

− Тоқтат, кетем дегенді! Ел ішінде отырып Құтырма! − деді ол Маржанға жекіріп.

− Жоқ, кетем, менің сенен басқа жанашырым бар. Өкіметке бір табан болса да жақын барып, қыздарымды адам етудің жолын іздестірем, − деді Маржан үзілді-кесілді. Бұдан соң көп өтініп, ақыры болмаған соң, Бибіжан жылып-жылап қайтты».

Қияндағы шағын ауылдың мектебінде еден жуып, азғана жалақыға телміріп отырғанша, жұмыс мол қалаға барып, еңбек етсе, қыздарын адам қатарына қоса алатынына көзі жеткен Маржан ауылдан көшіп, Мойнаққа барады да, Нина тауып қойған пәтерге орналасып, балық заводына жұмысқа тұрады. Оны Мойнақтың көркем ақ үйлері де, түзу кең көшелері де қызықтырмайды. Басты мақсаты − қыздарына тұрмыстың тауқыметін тартқызбау. Алайда, пенденің ойы іске аса бермейді, әрине. Қаланың қиындықтары ауылдағыдан он есе көп. Пәтер деген пәленің азабы, қыздарды өз қатарластарынан кем қылмай киіндіру, олардың керек-жарағын түгендеу, қымбатшылық жайлаған қалада жан бағу... Маржан бұлардың бәрінің үдесінен шығады. Бірақ, ештеңеге құрбандықсыз жету мүмкін емес. Жылдар өтіп, денсаулығынан айырылады. Бірге істейтін әріптестері Маржан үшін де істеуге ұйғарым жасайды...

Қыздардың өмір сапарындағы жолы қанша азапты болса да осы жерден басталады. Әмина анасына көмектесу үшін жұмысқа тұрады. Оқуын да оқиды. Арадан жылдар жылжып, оқу министрі болады. Басқа қыздар да жоғары білім алып, үлкен азаматшаларға айналады. Маржан жас кезінде көрген бейнетінің зейнетін қартайғанда көреді. Тек...

Тек... шығармада сол жылдардығы қалыптасқан дәстүрге сай емес оқыс шешім бар. Маржанның Мәскеуде (!) үш жыл аспирантурада оқып, ғылым кандидаты атанған Ажар атты екінші қызының тұрмыста жолы болмайды. Күйеуі Мырзамен ақыры ажырасып тынады. Автор бұл образ арқылы бәлкім, бодандықтағы елдің бақыты түгел болмайтындығына меңзеген болса керек. Шығармада Қазақстанынан айрылып, жері қарақалпаққа берілген өлкедегі жеті қызымен жесір қалған әйелдің азапты тағдыры арқау етілгені де пікірімізді қуаттай түседі.

Естуімізше автордың архивінде романның қайта өңделіп, толықтырылған нұсқасы бар көрінеді. Егер ол нұсқа сәті түсіп, қайта жарық көрсе, бүгінгі талғамы күшті оқырманды да бейжай қалдырмайды. Қазақ әдебиеті тарихындағы әйел жазушы жазған алғашқы романды ескермеу елдігімізге сын.

Қазақ әйел-қыздары қашан да ел басына күн туғанда қиындықты қара нардай қайыспай көтере білген. Бұған сонау Тұмар анадан бастау алатын аруларымыздың ерлігі куә. Әзиза Нұрмаханова өжеттілігімен атамекеннен сыртта жүріп министрлікке дейін көтерілген тұлға болғандықтан ба, шығармаларының өзегін күрескер әйел-қыздар образы құрайды. Кейіпкерлер бейнесі автордың бітім-болмысымен біте қайнасып жатқан сияқты әсер қалдырады.

Сұрапыл жылдарда қан кешіп, фашистермен соғысып, батыр атағын алған көзіміздің ағы мен қарасындай қос қызымыздың бірі − Әлия Молдағұлова. Бүгінгі күні шейіт кеткен аяулы жанның ерен ерлігін білмейтін ұрпақ жоққа тән. Мұнда әрине, Әзиза Нұрмаханованың тыңғылықты еңбегі бар десек, қателеспейміз. Ұзақ ізденістерден соң 1973 жылы автордың «Шығыс шынары» атты деректі повесі жарық көрді. Повесте Әлия Молдағұлованың өмір жолы біршама толықтау қамтылған болатын. Шығарманы оқығанда Әзиза Нұрмаханованың Әлия бейнесін сомдау үшін көз майын тауыса талай архивті ақтарғандығын, көзі тірі куәлермен сұхбаттасқандығын айқын сезінесіз. Әлияның тағдыры кинолентадай көз алдыңыздан өтіп отырады. 

Деректі шығарма жазудың қиындықтарын қолына қалам ұстаған қауым өте жақсы біледі. Там-тұмдап дерек табу бір машақат болса, сол деректерді ұтымды пайдалана білу де бір машақат. Әзиза Нұрмаханова ізденімпаздығының арқасында қыруар деректі таба да білген, әрі сол деректерді әдеби мақсат жолында дұрыс пайдалана да білген. Жетіру, табынның тарақтысынан шыққан, би болмаса да би түсетін үй болған Молдабектің Қобда бойындағы елдің қыздарын жаратпай, күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық, текті елмен құда болам деген ниетте Ойыл бойындағы Алты қарасуды жайлаған әлімұлының кете тайпасына жататын қабырғалы ел ожырай руындағы Молдағұлдың қызын баласына әперуі біраз күңкілге себеп болғанымен айтқанынан қайтпайды.

Сонымен... Молдабек баласына Молдағұлдың қызы Маржанды келін етіп түсіреді. «Әйел жағының әңгімесі Маржан болды...

− Молдағұл қызына артық жасау бермесе де, жақсы кийіндіріпті... Молдабек баласына лайық қызды тапқан екен, бой десең бой, сын десең сын, тал бойында тарыдай мін жоқ... Шешесін көрмейсің бе, бота көздері мөлдіреп әлі қарап тұр... − деседі.

Маржанның басындағы сәукелесінің төбесі күміспен әшекейленген болатын да, ақ жібек бергекке тоты құстың екі-үш қауырсынын тігінен бекітіп қойған. Сәукелесінің арт құлағы беліне жетеді де, оның сыртынан жауып қойған шашақты жібек мата көйлектің етегі құсап жерге сүйретіліп жатыр. Үстінде ақ жібектен тігілген көйлектің етегі қосарлана келіп, бірнеше қатар желбіреген қатпар түзеп, етегін дөңгелете түскен, сыртынан қызыл мақпалдан қыналған камзол киген, аяғындағы биік өкшелі етіктің артында да неше түрлі асыл тастар жарқырайды...

− Сәукелесі де әукеле-ақ екен! − десті әйелдер...

− Қолындағы сақиналары мен білегіндегі білезіктері де алтынмен апталып, күміспен күптелген шығар, бетін ашқан соң шай құйғанда көрерміз...

− Сондай-ақ, Молдағұл бай деп пе едің? Ондай байлық қайдан болсын?

− Жоқ ондай сөзді айтпа! Молдағұл құдайдың пәлесі, бай болмаса да, ол жақ, бұл жаққа барып тұрады, көп адамдармен қатынасады. Анау әйелін көрмейсің бе...

− Асқан байлығы болмаса да еті тірі...Баласын оқуға беріпті...».

Атам қазақ айтпақшы, «жақсы болмақ нағашыдан». Автор осы бір деталь арқылы Әлияның нағашыларының мыңғырған мал жиған дүниемасы адамдар емес екенін, заман ағымына сай өмір сүре алатын, епті де іскер, оқуға ден қойған жандар екендігін аңғартады. Нағашылардың осы қасиеті кейін шешесі Маржан өлген соң Әлияның тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді. Маржанның өлімі демекші... автор осы жәйтті «жау жоқ жерде жаралы болу қиын екен, апамның өлімі орны толмас өкініш болды» деген Әбубәкірдің сөзімен береді. Осы бір-ақ сөйлемнің артында сыр бүгіп жатқан заманның үлкен қасіреті бар. Өйткені, масақ теріп жүрген Маржанды елге теңдік орнатамыз деп келген қызылдардың әскері атып өлтіреді. Бұл шындықты жазу – ол кезде мүмкін емес болатын. Сондықтан автор бар кілтипанды емеурінмен білдіреді. Әр сапар шығарманы оқыған сайын осы сөйлемге үңіліп, шындықты білуге ұмтыласыз, өз бетіңізше ізденесіз. Жазушының шеберлігі де осында. Егер ол осындай емеурін білдірмей, өлім жайлы жалған оқиғаны қиюластыра салғанда бұл үлкен тарихи қиянат болар еді.

Маржанның өлімінен соң Әлияны нағашысы Әбубәкір қолына алады. Әбубәкірдің үйінде ағасының қызы Сапура да бар. Әбубәкір оларға өз қызындай қарайды. Тіпті, әйелі Сәт қыздарға бөлек тамақ салып бергенде ұрысып, өзімен бірге тамақтандырады. Базарға барса, екеуіне де көйлек, бешпент, ойыншық әкеп беруді кенде қылмайды. Ертегі, аңыз әңгімелер айтып береді. Әсіресе, Құрманғазы күйшіні кісендеп түрмеге әкетейін деп жатқандағы оқиға өте әсерлі. Сонда анасын көрген Құрманғазы көзіне жас алады. Сонда «ет жүрегі елжіреп келген анасы, енді тізгінді тежеп, қамшысын үйіре ұстап:

− Мен ержүрек ұл таптым десем, қоянжүрек тұл тауып па едім, кімнің алдында жас төгіп, жігерімді құм етіп тұрсың, − деді де, Құрманғазының жон арқасына қамшымен тартып-тартып жібереді...» Бұл жайттан әсерленген Құрманғазы кейін «Қайран шешем» деген күй шығарып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Бұл оқиғаны есіген Әлия өз шешесі Маржанды есіне алып жылайды. 

« − Әлияжан, артында жақсы перзент болса, анасын ұмытпайды, оны өз жүрегі тоқтағанша есінен шығармайды, анаға тіл тигізбей, көздің қарашығындай сақтауға тырысады. Сенің анаң да ер мінезді, асыл адам еді. Мен де Маржан апамды сол Құрманғазының шешесіне ұқсатамын да жүремін. Сондай анадан тумаса, Құрманғазы − Құрманғазы болар ма еді? − деді Әбубәкір бір күрсініп қойып. Бұл Әлияға үлкен ой салды. «Сенің шешең де Құрманғазының анасынан кем емес, ендігі жағын өзің біл» деп зіл артқандай болып көрінді.

Осы сөзден кейін Әлияның кішкене жүрегі үлкейіп, кеудесі тарлық еткендей, сыздап, шығып кете жаздады». Жазушы жас Әлияның қалыптасу жолын осындай деталдармен өрнектейді. Бұдан тысқары Қамбар, Қобыланды батырлар жайлы қазақтың ерлікке толы дастандарын санасына құйып өскен Әлияның батыр боп бойжетуі заңдыдай көрінеді.

Ақтөбеден Алматыға пойызбен көшіп бара жатқан Әбубәкірдің Әлияға қазақ жерін таныстыруы шығарманың сәтті шыққан тұстарының бірі. Әлия бүкіл Қазақстанды бар болмысымен жүрегіне орналастырып ап жатқандай әсер қалдырады. Жусан исі аңқыған дала, ауылдар, қалалар әр перзент ардақтауға тиіс қазақ елінің көріністері. Әсіресе, кеңестік идеология айтқызбайтын әулиелер Қожа Ахмет Яссауи, Айша бибі, Бабаджа Қатын жайлы әңгімелер Әлияны елінің өткенімен таныстыра түседі, адами қасиеттерін шыңдауға түрткі болады. Пайғамбар қызы жайлы аңыз да автор шығармаға батыл енгізген.  Мұндай озық үрдіс сол тұстағы әдебиетімізде жоққа тән еді.

Ленинградқа кеткенде де Әбубәкір Әлия мен Сапураны бірге ала кетеді. Бұрын қазақ даласындағы Тойғара (Әбілқайырханның қызы, Орынбордағы гимназияда оқыған, қалмақ ханы Галдан Цереннің баласына атастырылған, оған орыс офицері Гессен де ғашық болады. Екі оттың ортасында қалған, ұнамайтын жандарына тиюді ар санаған Тойғара өз жанына қастандық жасайды) сынды ару қыздардың ерлігіне сүйсініп өскен Әлия енді білімге құштарлығымен ерекшеленіп, ашық аспан астындағы музей деп бағаланатын қаланы тарихына құмартады. Әр бір үйдегі мемориалды тақталарға қарайды. Пушкин, Достоевский, Гоголь тұрған үйлерді көреді. «Адам бол, игілікті іске ұмтыл. Питердің асыл босағасын аттаған, тұзын татқан, Неваның суын ішкен жандардың жаманы болған емес», - деп оның құлағына әлдекім сыбырлап тұрғандай болатын...». Сондықтан да, Әлия үлкен адам болу үшін оқу керек екенін ерте ұғып, бұл жолда аянып қалмайды. Тіпті нағашысы Әбубәкірдің қарсылығына қарамастан масыл болғысы келмей балалар үйіне түсіп, жеке тұлға боп қалыптасуға ұмтылады. Соғыс басталғанда Тәшкенге жұмысқа жіберілген Әбубәкірдің жанұясымен кетпей Ленинградта қалуы, сосын қоршаудағы қала тұрғындарына көмектесуі оны есейтіп жібереді. Жасы жетпесе де қайта-қайта сұранып соғысқа аттанады...

Бұл повестің «Шығыс шынары» аталуы тегін емес. Онда Әлияның қаршадайынан бастап өмірінің соңғы сәтіне дейін толыққанды қамтылған. Былайша айтқанда, талшыбықтың шынарға айналам дегенше басынан өткен тағдыры сенімді суреттелген. Шығарманың тілі өте көркем, әрлі, сюжеттер басты кейіпкердің характерін ашу, портретін сомдау үшін бір линияға біріктірілген. Образдардың барлығы идеялық мән ұстап тұр. Кейіпкер жанының ішкі құбылыстары кейде оқиғалар, кейде монологтар арқылы әдемі берілген. Әдебиеттегі психоанализ дейтін әдіс осы болса керек.

Әзиза Нұрмаханованың тағы бір көлемді туындысы. Еңбек ері, батыр ана, даңқты күрішші Ұлбала Алтайбаеваның өмірі жайлы «Ұлбала» деректі повесі. Бұл шығарма 1976 жылы жарыққа шыққан. Соғыс кезіндегі ел басына түскен қиындықтар, елде қалған әйелдердің ерлер ісін атқаруы, басты кейіпкердің еңбек арқылы атақ-даңқа жетуін арқау еткен.

«Біздің жерімізге бау-бақша көп егілсе! Сырдың екі жағы ну орманға айналса, жағасында санаторийлар, дем алыс үйлері болса қандай көркем болар еді. Ағаш дегендер тек жердің ғана емес, өмірдің де сәні ғой, шіркін!» - деп басты кейіпкердің тілімен біз бүгін экология деп жүрген мәселемізді де көтерген.

Жалпы, Әзиза Нұрмаханова өмірінің елеулі бөлігін Қарақалпақстанда өткізіп, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында атажұртқа ат басын бұрғасын біржолата шығармашылыққа ден қойған кісі. Егер ертерек көркем шығарма жазумен айналысқанда бұдан да көп шығарма беруі мүмкін болатын. Барға − қанағат. Соның өзінде де қазақ әйелдер прозасында елеулі орны бар. Ол үш шығармасы арқылы бүтін бір дәуірді сыйпаттаған: «Қыздар» повестінде Кеңес өкіметі орнағаннан кейінгі дәуірдегі қазақ қыздарының қалай жетілгенін көрсетсе, «Шығыс шынары» повестінде ІІ Дүниежүзілік соғыс кезіндегі қаһарман қазақ қыздарының болмысын суреттеді, ал «Ұлбала» повестінде соғысьан соңғы кезеңде қазақ әйелінің ерен еңбегі арқылы жеткен жетістігін баяндады. Үш шығарманы тұтас алып қарағанда қандай заман аласапыраны болса да қазақ қыздарының бойында бабадан жеткен қайсарлықтың жойылмайтынын әңгімелей отырып, оны өскелең ұрпаққа өнеге етуді мақсат тұтқан. Жазушы бұл мақсатына қалай жеткенін біз атап өткен үш повесті толық оқып шыққан адам айқын сезінеді деп ойлаймыз.

Қызыл саясат деген құбыжық сол тұста өмір сүргендердің санасын жаулап, халықты өз тарихынан − ата-баба салтынан безіндіріп, адамдарды өткендердің өнегесінен айырған тұста «мен мынадай ұлттың өкілімін, оның ерлері түгілі қыздары да өзгеге намысын бермеген» дегенді тұспалдай отырып, өз кейіпкерлерінің болмысынан көрсете білген Әзиза Нұрмаханова ұлт намысы үшін − қарлығаштай қанатымен су сепкеніндей өз дәрежесінде әдеби шығармалары арқылы қалғып кеткен сананы оятуға әрекет жасады және онысы текке кеткен жоқ.

Қазақ дейтін ел жер бетінде өмір сүріп тұрғанда қиырдан жеткен қарлығашын ұмыта қоймас.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар