Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ахмет Өмірзақ. Тектес таланттар бір-біріне ықпал е...

24.06.2022 5900

Ахмет Өмірзақ. Тектес таланттар бір-біріне ықпал етпей тұрмайды 12+

Ахмет Өмірзақ. Тектес таланттар бір-біріне ықпал етпей тұрмайды - adebiportal.kz

Әлемді ғалымдар 13.7 миллиард жыл бұрынғы жойқын жарылыстың нәтижесінде пайда болған дейді. Ал, діни шариғаттарда бұл сауалдың жауабы сәл басқашалау беріледі. Асылында, бастапқы нүкте жарылғанда бәрі жұп-жұбымен жаратылды деген тәмсіл бар. Дана Абай: «Құдай Тағала бүкіл жаратылыс пен адамзатты шынайы махаббатымен жаратқан»,-дейді. Меніңше, махаббат дегеніміздің өзі жаратушымыздың аузынан шыққан тұңғыш сөз секілді.

Сезімдер де өз сыңарымен жаратылғандай. Мейірім мен махаббаттың, қамығу мен торығудың, игілік пен ізгіліктің, қателесу мен жаңылысудың жұптасатыны тәрізді құлазудың да сағыныш атты жұбы бар. Бұл – шексіз сағыну. Бір ғасыр бұрынғы қазақ поэзиясының алып ақындары Мұқағали Мақатаев көбіне сезімді, Жұмекен Нәжімеденов күй мен пәлсапаны, ал Төлеген Айбергенов дәл осы сағынышты көп жырларына қосқан. Адам мен ғаламның заңғар ұлылығын өз сағынышына сыйдыра білген. Десек те, ақынның шығармашылығы туралы қазақ әдебиетінде кейде дәлел-дәйексіз әңгімелердің құлағы қылтиып жататыны бар. Осы орайда Төлеген Айбергенов шығармашылығы хақында бірнеше мақала жазған ақын Ахмет Өмірзақ ағамызбен сұхбаттасқан едік. Оқи отырыңыз, мәртебелі оқырман.

- Ахмет аға, Төлеген Айбергеновтің ұстазы Өмірзақ Қожамұрат жайлы сұрағым келеді? «Сезім сәттерінде» марқұм Өмірзақ ақын:

«Сезімді көрсең мендегі,

сен қазір жаным шошыр ең», - дейді.

Ал, бұл тармақты Төлеген Айбергенов сәл басқаша құбылтқан:

«Сен менің өзімді көрсең,

тұрысым осы менің.

Ал, мендегі ғажайып сезімді көрсең,

Шошыр едің?»

- Байқасаңыз, бірінші нұсқа мен екінші нұсқаның арасында қатты ұқсастық бар тәрізді. Дәл мұндай ұқсастықтар Өмірзақ Қожамұраттың «Отыз бес» деген өлеңімен, Төлеген Айбергеновтің «Жиырма бесінде де» бар сыңайлы. Осыған қатысты ойыңызды білсек деп едік?

- Бұл сұрағыңа екі ақынның өлеңіндегі жылт еткен ұқсастық туралы қысқа қайырғаннан гөрі әңгімені әріректен бастап, кеңірек айтқан жөн сияқты.

Өмірзақ Қожамұратов та, Төлеген Айбергенов те өткен ғасырдың 60-жылдарындағы қазақ поэзиясының ренессансын жасаған ақындардың қатарында көрінді. Бізге белгілі кей деректерге қарағанда, Өмірзақтың шығармашылығы ертерек басталған тәрізді. Дегенмен екеуі де қазақ жырына бір дәуірде келіп, тең қалам тербеген ақындар. Тек Төлеген 1962 жылы атажұртына оралып, алдымен Сарыағаш қаласында, кейін Алматы маңындағы Қаскелең қаласында тұрып, әдеби ортамен тығыз араласты да, Өмірзаққа қарағанда көпке тезірек танымал болды. Төлегеннің «Арман сапары» атты алғашқы жыр жинағы 1963 жылы жарық көрсе, Өмірзақтың «Жиделібайсын атты тұңғыш кітабы 1966 жылы басылып шықты. 30 жасында дүние салған Т.Айбергеновтің тірісінде екі кітабы, 47 жыл өмір сүрген Ө.Қожамұратовтың үш кітабы басылып шықты. Төлеген Алматыда тұрғанымен Нөкіс қаласында қайтыс болып сүйегі сол жерге қойылса, Өмірзақ Алматыда, Қызылордада азғана уақыт тұрып еңбек етіп, кейін туған жеріне оралып, қайтыс болған соң сол жаққа жерленді. Бұлардың шығармашылығы ғана емес, тағдырлары да ұқсас. Сондықтан болар, кей жағдайда олардың поэзиясындағы ұқсастықтар туралы талас-тартыс болып жатады. Пікірлердің өзі алуан түрлі. Мәселен, ақын Сейфулла Оспанов Өмірзақ Қожамұратов туралы жазған бір мақаласында: «...Төлеген Айбергеновті өз поэзиясына еліктіріп, жақыннан қолтық демеу болған кім дейсіздер ғой. Ол да айқын. Ол – ақын Өмірзақ Қожамұратов еді. Бұл ақынныңәлі күнге дейін аты онша шықпай жатыр. Бұл ақынға тән басты-басты қасиетін айтсақ, өз қатары Мұқағалиларға дейін, қала берді осы Төлегендерге көкірегі күрмеліп жүргенде, поэзия алтын сарайының қақпасын айқара ашып берген жан. Өйткені бұл ақынның тұла бойында бір грамм арамдық, бір грамм тұмандылық болмаған, тек әрқашан ашық күндей көңілі болатын. Сол көңілден күннің сәулесіндей шашылған отты жарлар болатын. Тегеурінді сөздердің тепкісінен тап-таза тұғырлы тәкәппарлықтың салқыны емес, самалы есіп тұратын.

...Олай болса Төлеген ақынның үлгі алған ұстаздарының бірі, бірі емес-ау, бірегейі – осы Өмірзақ десек, оған ешкімнің таласы бола қоймас. Ал осылай өзінің барлық жан дүниесімен алыптық танытқан ақынның сөз рухы бірден-бірге көшіп жатса, одан артық құдіреттілік жоқ», – десе, әрдайым пікірін ашық айтып, сонымен тірлігінде талайға ұнамаған тарпаң ақын Өтежан Нұрғалиев бір сұқбатында «Сырбай Мәуленовтың кезінде «Қазақ әдебиеті» газетін насихаттау үшін Қарақалпақстанға барғам. Осы сапарда Обком қызметкерлері маған Қожамұратовты таныстырды. Бұл Өмірзақтың әбден қажыған, пессимизмге бой ұрған тұсы екен. Бұдан кейін өзі де көп ұзаған жоқ-ау деймін. Өз өлеңдерінен өзі жалыққан. Өлең жайлы әңгіме жоқ. Мені жүдә жақсы таниды. Бірақ менімен сөйлеспеуге тырысты. Бәрін біледі. Ол бір сөзінде: «Мен өз тағдырыма ризамын. Поэзия деген нәрседен мүлдем күстім» дегені есімде. Мен оның биігінен құлап, тоқыраған сәтін көрдім. Төлеген Айбергеновтың «источнигі» осы Өмірзақ. Төлеген осы Қожамұратовтың бастаған жолымен жүрді. Ал қазіргі уақытта Айбергеновтен бұрын тағы бір «Айбергенов» шыққан деп ешкімге дәлелдей алмайсың. Өйткені, Төлеген «звезда первой величины». Пушкин сияқты ғой. Бірақ Пушкиннің алдында Державин бар болатын. Державин болмаса, Пушкин Пушкин болмас еді. Сол сияқты Өмірзақ Қожамұратов болмаса, Төлеген Айбергенов те болмас еді», – дейді де, тағы бір сұқбатында «Дүниедегі ең құрметтісі, ең қорқыныштысы жылан ғой. Жылан өз заманында патшалық құрған. Жылан бұрынғы жердің бетіндегі ең ақылды, әрі күшті жануар. Жер жаралғанда адамды бірінші аздырған да жылан. Адам жердің бетінде тек жұмақта жүретін жан. Cол жыланның аздыруымен адам азған. Улы болатыны сол. Жыланның барлық қасиеті – тілінде. Бір миллиграмы пілді құлатады. Ақынның сөзі солай болуы керек. Өмірзақ Қожамұратов секілділер бола алмай қалғандар. Бола алмай қалғандар өте көп. Қожамұратов Айбергенов қой. Айбергеновтің ойыны» деп өз сөзіне қарсы келеді. Кім не десе де Өмірзақтың Төлегенге әсері барлығын жоққа шығаруға болмайды, өйткені біз пікірін келтіріп отырған ақындар Төлеген мен Өмірзақты ғана емес, сол тұстағы қазақ поэзиясының жай-күйін жақсы білетін тұлғалар. Әсері болды деуді Төлеген өзгелерге көп еліктеген деп біржақты түсінуге болмайды, керісінше, өзіне әсер еткен ақындардың ерекшелігін шығармашылықпен игеріп, Айбергеновтің өзі айтпақшы «миының мың градустың домнасында» балқытып – жаңа поэзия жасап, өзгеше тұрпатты ақын болып қалыптасқанын танытса керек. Ал сенің сұрағыңда келтіріліп отырған жыр жолдарында келсек, ол екеуі де Абайдың «Қалқам-ай мен үндемей жүремін көп» деген өлеңіндегі:

Көңіліңе дайын тұр ғой жайым менің,

Дұшпандығың қатайған шығар сенің.

Егер менің ішімді жарып көрсең,

Жылауыңды ұмытып, шошыр едің, – деген шумақтан бастау алып тұр деп айтуға да болады. Өйткені Өмірзақтың да, Төлегеннің де шумақтарының бас түйістіретін жері Абайға тіреліп тұр.

Сосын Өмірзақтың «Отыз бесі» мен Төлегеннің «Жиырма бес» атты циклды өлеңдерін салыстыру онша сәтті бола қоймас, есесіне бұл тұста Өмірзақ пен Мұқағалиды салыстырған дұрыстау. Қарап көрейік. Өмірзақ Қожамұратов «Отыз бес» деген өлеңінде:

Күндерді күндер саты ғып,

Мен шықтым отыз бесіңе,

Отыз бес рет атылып.

Бұрқырап бойым, от өріп,

Ақпанда шығам жейдемен.

Алтын жас буы көтеріп,

Асқақтап жүрем кейде мен.

Жалаңтөс кіріп тасқынға,

Нөсердің бұлтын ойнаттым.

Осынау аспан астында

Отыз бес рет тойлаппын.

Отыз бес құздың басында,

Отыз бес гүл-гүл жайнаппын.

Отыз бес қыздың қасында,

Отыз бес бұлбұл сайраттым.

Отыз бес оқты қабылдап,

Отыз бес оққа қарылдым.

Жүрегі жүрген жалындап,

Отыз бес,

Сенің арыңмын! – десе, Мұқағали көпке әйгілі «Отыз бесінші көктемім» атты өлеңінде:

35 жыл.

Уақыт қой көп-көрім.

35 жыл қуарып,

35 жыл көктедім.

35 күз, 35 қыс, 35 жас,

Осал өмір емес қой отыз бес жас...

35 жыл.

Өмірді кезіп келем.

Және 35 бола ма?

Сезіктенем...

...35 жыл.

Отыз бесінші шуағым

35 жыл күлдім,

35 жыл жыладым.

Кім біледі,

35 көктем,

Енді қанша тұрамын?...

35 күз, 35 қыс, 35 жаз

Осал өмір емес-ау отыз бес жас... – деп жырлайды. Екі өлең формасы жағынан болмаса, мағыналық жағынан қарағанда бір-бірінен алыс емес. Егер екі ақын да бұл өлеңдерін тура отыз бас жасында жазған деп есептесек, оны Мұқағали 1966 жылы, Өмірзақ 1971 жылы жазған болып шығады. Бірақ бұл өлеңдердің нақты қай кезде жазылғаны туралы қолымызда қазірше нақты дерек жоқ. Алайда бұл екі ақынды да неге бір тақырыпта жазды деп кінәлай алмаймыз, өйткені поэзияда қайталанбаған тақырыптың өзі жоқ! Сонымен бірге бұл ақындар 35 жасты қалай сезінетінін, 35 жастың философиясын қалай түсінетінін өзінше жырлаған. Сол сияқты жиырма бесті жырлау қазақ ақындарында бұрыннан бар болса да, Төлегеннің «Жиырма бесі» философиялық жақтан өзінен бұрынғы ақындармен жақын болса да, ой-пікір айту жөнінен өзіндік ерекшелігі айқын байқалады. Сондықтан мұндай ұқсастықтарға ренжіп не «о, міне, кім қайдан шыққан!» деп пенделікке ерік беріп қуана қалудың реті жоқ, себебі ақындардың бір-біріне әсер етпейтіні аз, бір-бірінен үйренбейтіні де болмайды. Ол әдебиет тарихында әлдеқашан дәлелденген нәрсе. Бұл орайда ең түйінді сөзді белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Секікқалиев айтқан: «Төлеген мен Өмірзақ тектес таланттар». Ал тектес таланттар бір-бірінен үйренбей тұрмайды. Біздің танымай жүргеніміз осы.

Реті келіп тұрғанда айта кетейін, 1996 жылы Өмірзақ Қожамұратов туралы (онда мен Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласында, сол жерден шығатын «Достық үні» газетінде жұмыс істейтін едім) Ташкенттен шығатын «Нұрлы жол» атты қазақша газетке Өмірзақ Қожамұратов шығармашылығы туралы тоғыз беттік мақаламды жолдағанмын. Сонда оның поэзиясындағы өзге ақындармен ұқсастық пен айырмашылықтар туралы талдау жасаған едім. Өкініштісі сол, мақалам жарыққа шықпай қалды. Кейіннен аталған газеттің редакциясына мақалам жарияланбайтын болса өзіме қайтаруын сұрап жазған хатыма да жауап болған жоқ. Ең жаманы сол, мақаламның толық мәтіні қазір өзімде де жоқ. Тек жалпы сұлбасы ғана бар...

Белгілі ақын Аманхан Әлімұлы: «Мұқағалидың «Автограф», «Аққулар ұйықтағанда», «Мен басымнан қорқамын», секілді өлеңдерін оқып отырып, оның Өмірзақ Қожамұратовтың сол тақылеттес өлеңдерін бағыт-бағдарға алғанын байқауға болады» деген екен. Яғни, Өмірзақ Қожамұрат ағамыз сол кезеңдегі ақындардың шығармашылығына ықпал еткен деуімізге бола ма?

– Тағы да Сейфолла Оспановқа жүгінуге тура келеді. Әлгі мақаласында ол былай дейді: «...Өмірзақтың «Аққу жыры» бір кезде бірге жүрген Мұқағалиға қанат бітірмеді деп кім айта алады? Мұқаңның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы, байқап отырсақ, осы өлеңдерден кейін туындаған сияқты. Ол бірін-бірі көшірді деген сөз емес. Ол ақындардың ашық көкіректеріндегі айдынның аруағын шақырып, бұлар да киелі аққу құс құсап, бірін-бірі оятқан деп білу керек. Сонда ғана біз бұлардың бағасын дұрыс береміз. Ал Өмірзақтың осыларға (Төлеген, Мұқағали секілді 60-жылдардың ақындарын айтып отыр. – А.Ө.) көшбасшылық еткенін әсте жасыруға болмайды». Меніңше, бұл жай айтыла салған сөз емес, автор өзі жете танитын әрі шығармашылығын жақсы білетін замандастары туралы барынша ашық айтып, мойнына жауапкершілік алып отыр. Әдетте дәлелі жоқ адамдар мұндайға бара бермейді. Демек, мұның шындығы жоқ емес, тек соны поэзияны зерттеп жүргендер адал көңілмен талдап, ғылыми нақтылықпен көрсетіп берсе нұр үстіне нұр болар еді. Өкініштісі, ондай шаруамен айналысып жүргендер көзімізге түспей тұр. Төлеген Айбергенов туралы ең алғаш кандидаттық диссертация қорғаған марқұм Рахмет Аяпбергенұлы бұл тақырыпты кеңірек зерттеп, Төлегенге әсер еткен және оның дүмпуі тудырған ақындардың шығармашылығы туралы ғылыми еңбек жазамын деп жүргенде 58 жасында аяқ астынан қайтыс болып кетті. Одан беріде бұл мәселеге назар аударып жүргендер көрінбейді.

Сен пікірін мысалға алып отырған марқұм Аманхан Әлімұлы Өмірзақ пен Төлегеннің шығармашылық туыстығы жайындағы мақаласында бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан қарау қажеттігін айта келіп, «...Жалпы, реминисценция – құрылыс материалы сияқты, бір ақынның сөз, сөйлем, образ ырғағын пайдалану арқылы тосын да жаңа бір ой түйіп, мазмұн ашу. Өмірзақпен жоғарыдағы мен тілге тиек еткен ақындардың айырмашылықтары осы тұста. Сондықтан да, сөз бен сөйлем қайталау еш қылмыс немесе ұрлық емес. Ол үнемі қозғалыс үстіндегі жанды организм, яғни, поэзияның бір тұстарда кездейсоқ немесе заңды қайталанып үндесуі» деген еді. Аманхан ағамыздың сөзінде жан бар. Біз сөз ұқсастығы пен ой үндестігін ғылыми жолмен қарастырсақ, одан ақындар да, әдебиет те ұтылмайды. Бірақ бұндай мәселеде эмоцияға ерік береміз де, біреу ашық пікір айтса, өзіміз жақсы көретін ақындарға кір жұғып қалатындай шу шығарамыз. Және ол қарапайым оқырмандардың арасында ғана емес, әдеби ортада жүргендердің арасында да кездесіп қалады. Бұл өскен әдебиетке ыңғайсыз нәрсе.

Сенің сұрағыңа қайта оралайық. Иә, Өмірзақ Қожамұратовта «Аққу жырлары» атты циклды өлеңдер бар, сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевта «Аққулар ұйықтағанда» атты поэма, «Аққулар, қош болыңдар» деген өлең бар. Бәрі де тақырыптас. Сарындары да ұқсас. Бірақ ақындардың әрқайсысының жырлау мәнері әртүлі болса да, кие деген ұғымға аққауды символ қылып, бар айтпағын содан өрбітеді.

Өмірзақ:

Мендейлердің атын ал, түйесін ал,

Тиме аққуға,

Аққудың киесі бар.

Мендейдердің затын ал, биесін ал,

Тиме аққуға,

Аққудың иесі бар.

Қоя берші аққудың көгілдірін,

Көгілдір боп өспей ме өмір-гүлің?

Аппақ айдай дірілдеп туа берсін,

Көгілдірім көлімнен төгіп нұрын.

Жалбарынам, жаным-ау, қараймын да,

Аққу қона бермейді бар айдынға!

Керегі жоқ, басқа бақ, басқа байлық,

Керегі жоқ пір тұтар сарайдың да.

Кеудемде жүрек барда басылар ма ой,

Тиме аққуға!

Кіршіксіз асыл ар ғой.

Тимеңдерші, көлімнің көркі болсын,

Жанарында мұңлықтың жасы бар ғой... – деп жырласа, Мұқағали «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында:

..Аққулар...

Аққу мойын, сүмбе қанат,

Алаңсыз тарануда күнге қарап.

Айдынның еркелері, білмей тұрмын,

Етермін тағдырыңды кімге аманат?!

Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!

Бір мамығы майысса ауырсынып,

Тарақ етіп тұмсығын, тарайды кеп,

Тарайды кеп, тарайды қауырсынын,

Құм тұрса да бір түйір ауырсынып,

Жаны сұлу ақ еркем, ары сұлу!

Ақ қанатын сабалап, асыр салып,

Бірде суға сүңгиді басын малып.

...Ойнасыншы, ойнасын ерке құстар,

Тыныштығын олардың қашырмалық. – деп жырлайды. Екі ақынды тілдік қолданыстар ғана ажыратып тұр демесек, аққу деген кие жайындағы сезім мен ой бірдей! Тіпті, авторын айтпай оқысақ, екі өлеңді де бір ақынның қолынан шыққан деп шатасып қалуымыз мүмкін. Демек, кімге қайсысынан өтсе де, әсері болған. Тым болмаса идея ретінде тұздық болған деу де ақиқаттан алыс кетпейді. Дәл қазір қайсы ақынның шығармасы бұрын жазылғаны туралы айта алмаймын, егер Өмірзақтың өлеңі бұрын жазылған болса, ол Мұқағалидың қиялына қанат бітіргеніне шәк келтіруге болмас. Ол үшін ақынды кінәлай алмаймыз, біреудің идеясы біреудің көкірегіндегі бұлақтың көзін ашып жіберсе, ол табиғи құбылыс және әдебиетте кездесіп тұрады. Сондықтан сенің «Өмірзақ Қожамұрат ағамыз сол кезеңдегі ақындардың шығармашылығына ықпал еткен деуімізге бола ма?» деген сұрағың риторикалық сұрақ дер едім.

Жалпы аққуды махаббатың, адалдықтың символы ретінде алып, оның киесі болады деген ұғымды арысы халық өлеңдерінен берісі Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» атты ғажайып символикалық поэмасынан көреміз. Сол үшін аққу тақырыбы Өмірзақтың не Мұқағалидың ашқан «америкасы» еместігі есімізде болғаны да дұрыс.

– Төлеген ақын мен Төлеужан Ысмайыловтың арасындағы байланыс жайлы естіп-білген әңгімелеріңіз бар ма? Төлеген Айбергеновтің зайыбы Үрниза шешеміз өз естелігінде: «Төлеген екеуміз Алматының көшелерінде келе жатып, аяғында пимасы, үстінде тоны, басында қалпағы бар, қайыршы кейіптегі Төлеужан Смайыловты көрдік» деп жазады. Төлеужан Ысмайылов Төлеген ағамыздың шығармашылығына ұстазы ретінде әсер еткен бе?

– Төлеужан Ысмайыловтың бірер өлеңін оқығаным болмаса, кітабы қолыма тимеді. Сондықтан кесіп-пішіп бірдеңе деу қиын. Ол туралы жазып жүргендердің дерегінен білгенім – тірісінде Төлеужан Ысмайыловтың «Әлдекімге бір шапалақ», «Есіл» атты екі кітабы және ол аударған Теодор Драйзердің «Америка трагедиясы» романы кітап болып басылып шыққан. 1972 жылы қырық жасында қайтыс болған ақынның 1984 жылы «Жазушы» баспасынан «Сырымды айтам» атты кітабы жарық көрген. Кезінде қатарластары ол туралы жақсы пікірлер айтқанын оқыдым. Мәселен, атақты жазушы Тахауи Ахтанов ол туралы «Мен көрген ақындардың ішіндегі кесек талант Төлеужан Исмаилов еді. Табиғат берген дарыны өз алдына – мол эрудициясы, терең білімі бар еді. Жанып тұрған от секілді еді, лап етіп көрінді. Бәріміз жалт қарадық. Журналда редактор болып тұрғанымда өлеңдерін бастым, қолдадым. Көп көмектестім. Тапсырмамен талай өлең жаздырдым. Бірақ ауыр тағдырына араша тұрдым деп айта алмаймын. Қазір сөздерін ұмыттым, «Қойлар» деген ұлттық әділетсіздікке қарсы жазылған ғаламат өлеңі бар еді. Өзі жатқа оқитын. Өзгесін айтпағанда, сол бір шығармамен-ақ әдебиет тарихына кіруге қақысы бар деп айта алам» депті. Ал көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиев Төлеужан жайлы «Төлеужан бізден үш-төрт жас үлкен болғанымен, әдебиетке тіпті ерте келді. Бірден өз дауысын танытты. Қуатты талант еді, берерін толық бере алмай кетті. Алыс ауылда туып өссе де орыс тілін керемет білетініне таң қалушы едік. Аударма жасаған кезімізде білмейтін сөзімізді Төлеужаннан сұрап білуші едік. Төлеужан қазақшалаған Лермонтовтың «Мцыри» поэмасы – аудармадағы классика» деп жазыпты. Әдебиетіміздің белгілі тұлғалалары осылай десе, Төлеужан сөзсіз мықты ақын болғаны да. Бірақ оның шығармашылығы жалпы халыққа белгісіздеу. Ал Төлегенннің артында қалған аз ғана мұрасында Т.Ысмайылов туралы жазылған пікірі көре алмадым. Негізінде бұл туралы тірі болса Төлегеннің жұбайы Үрниса апамыздан сұрар едік, қазір ол кісі арамызда жоқ. Мүмкін, Төлеген мен Тілеужан Алматыда кездесіп әңгімелесіп, бір-бірімен пікірлескен шығар. Бір аға, бірі іні ретінде жақын қарым-қатынаста болған болар. Бірақ оны білетіндер айтпаса, біз пәлен-түген дей алмаспыз.

- Меңдекеш Сатыбалдиевтің:

«Атырау жаққа омырауыңды ашып келмесең,

Маған да арын бітпес еді ғой,

Сенің арыныңды көрмесем» – деп Төлеген Айбергеновке арнаған өлеңі бар. Демек, Меңдекеш Сатыбалдиевтің өзіне Төлеген ақынның қатты әсері болғанын байқай аламыз. Өйткені өлеңдерінде Төлегеннің стиль-ырғағы, бояуы тұнып тұрғандай. Сіз қалай ойлайсыз?

- Әдебиет зерттеушілері мен ақын-жазушылардың жазғандарында Меңдекеш Сатыбалиевке шығармашылық тұрғыдан Төлеген Айбергеновтің ықпалы болғанын айтылып жүр. Оны өлеңді түсіне білетін зерделі оқырмандар да байқайтын шығар деп ойлаймын. Екеуінің таныстығы баспасөз беттерінде жарияланған шығармалары арқылы басталған болса керек. Ал жүзбе-жүз кездескендері Меңдекеш Гурьевте (қазіргі Атырау облысы) болған сияқты. Бұл туралы Фариза Оңғарсынова апамыз «Меңдекеш туралы сөз» атты мақаласында былай деп жазған: «Мен институт бітіріп, ауыл мұғалімі болып, өлең де жазбай, өзіммен өзім күн кешіп кете барғам. Бір жылы, ұмытпасам, 1965 жыл болуы керек, біздің облысқа ақын Төлеген Айбергенов пен композитор Шәмші Қалдаяқов келіпті деп естідік те, іле әлгі жолдастар біздің Октябрьдің 40 жылдығы атындағы мектепке кездесуге келді. Төлегеннің жаңа шыға бастаған, көкірегінен лықсыған өлең дариясының екпінін кімге тыңдатарын білмей лапылдап жүрген шағы екен. Менің көп елпілдеп, табынып «құлай қалмағаныма» таңданған Төлеген менің не құпия адам екенімді түсіне алмай қойды. Біз, мұғалімдер ұжымы, мектеп мұғалімдері Құмар ағай мен Минаш апайдың үйінде қонақтарға шай бердік. Облыстан ере келген бір топ адам ішінде Марфуға деген қыз бар еді. Мен домбыра тартып бердім. Марфуға ән салды. Мен көп отырмай кетіп қалдым. Төлегеннің «Маңғыстау мұнаралары» жинағындағы «Күй» мен «Марфуға» өлеңдері, сөз жоқ, сол кештен алған әсерлері болатын. «Маңғыстау мұнараларындағы» барлық өлеңдер дерлік Төлегеннің сол Гурьев, Маңғыстау (ол кезде Маңғыстау Гурьев облысының бір ауданы ғана болатын, кейін мұнай-газ, тағы басқа жер асты кендерінің Маңғыстау аймағында көптеп шығуына байланысты 1973 жылы жеке облыс болды) өңіріне сапары кезінде, сол жолғы әсерлерден туған.

Төлегеннің осы сапарының әсерлі өтуіне бірден-бір себеп болған облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейтін Меңдекеш Сатыбалдиев еді. Өнерлі жастарды Төлегеннің маңына жиып, ән-күйге, өлең мен жырға тоғытып, өзі де бір ғажайып күйді басынан кешкендей, керемет бір іс тындырғандай рақаттана шаршап жүргені бар». Осы кездесудің соңы шығармашылық байланысқа ұласқан тәрізді. Әрине, Меңдекеш жырларының екпінінен Төлегенге тән ырғақтар мен саздар байқалады. Бірақ олардың арасын тіл стихиясы бөліп тұр-ау деп ойлаймын. Төлегенде тек тау суындай асау екпін ғана емес, өзге ақындар қайталай алмаған нәзік иірімдер көп. Екпінді ғана емес, зергер ақын. Ал Меңдекештегі екпін мен асау ырғақ кейінгі жырларында Махамбет поэзиясына қарай ойысқан секілді. Меңдекеш ақын ретінде шығармашылығы құлаш жая бастаған шақта Төлеген поэзиясы шарықтап, күллі қазақты үйіріп өзіне тартып тұрған дауылды бір шақ еді. Сондықтан Меңдекешті бір сәт көлегейлеп тастағандай болғаны да шындық. Төлеген секілді ақынның ықпалында бола тұра аламанды жарып шығып кету қиын. Сондықтан ондай ғаламат ақындардан өз отауын әрірек тігіп, өз бағытын іздемегендер сөзсіз жұтылып кетеді.

- Марқұм Есенғали Раушановтың «Күйші қызға» атты жырында:

«Сағаға тоғытылған тоқсан сазды,

Бөлшектеп әр пернеге лақтырып көр», – деген жолдар бар.

Бұл өлең Есенғали Раушановтың жазу стиліне келіңкіремейтіндей. Есенғали мен Төлеген ақынның осы өлеңіндегі өзара ырғақты үндестікті сіз де байқаған шығарсыз? Яғни, біз поэзия өнерінде өз қолтаңбасын қалыптастырып, ешкімге еліктеп-солықтамады дейтін Есенғали Раушановтың өзі рухани-мазмұндық тұрғыда Төлегенді ұстаз тұтқан деп айта аламыз ба?

- Қазір білмеймін, кешегі 90-жылдарға дейін әдебиетке келген жас таланттардың жазғандарынан Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов секілді ақындардың әсері тигені көрініп тұратын. Демек, Есенғали Раушанов та ондай үрдістен аман қалды деп ойламаймын. Марқұм Рахмет Аяпбергенұлы ағамыз бір әңгімеде Есенғалидың «Төлегенмен екі-жыл ауырып жүрдім» дегенін айтқан болатын. Сол туралы Есағаңнан сұрау ойға келмепті. Демек Есенғали есін ертерек жинаған, Төлеген поэзиясының сырын терең түсінгендіктен, ол бағытта Төлегеннен ары биіктеудің қиындығын сезініп, ізденіс арнасын өзге бағытқа бұрған сияқты. Ол – өлеңде өз сөзін айтам деген ақындар үшін дұрыс шешім.

Жалпы, толықтай алғанда Төлеген мен Есенғалидың мүлде басқа ақындар екенін мойындауымыз керек. Төлеген – сыры терең лапылдаған лирик болса, Есенғали астарлы ойдың, нәзік юмордың ақыны. Төлеген өлеңдерінде бояулары жалт-жұлт еткен зергерлік басым болса, Есенғалида ойшылдық басым.

Шынын айтсақ, Төлеген Айбергеновті өзіне ұстаз тұта тұра өз бағытын ерте тауып кеткен ақындар аз емес. Өз басым Төлегеннің термин сөздерді өлеңде құбылта пайдалануы Темірхан Медетбекке әсер еткенін сеземін. Сондай-ақ Айбергенов тудырған өлең формаларын жетілдіру жолында үлкен еңбек етіп, соны өз шығармашылығында түрлендіріп, қазақ поэзиясына өзгеше тыныс сыйлаған ақындар – Байбота Қошым-Ноғай мен Жұматай Жақыпбаевтың өлеңде өз бағытын тауып, тұлғалы таланттарға айналғаны – Төлегеннің ерекше шуақты дарын болғанын дәлелдесе керек. Мұның бәрі іргелі зерттеулерге обьект болғанда ғана толық танылатын болады.

- Уақыт бөліп, шынайы әңгімелескеніңіз үшін алғыс білдіреміз, Ахмет аға!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар