Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Байбота Қошым-Ноғай. Әдебиет – үздіксіз жүретін үд...

04.11.2021 4565

Байбота Қошым-Ноғай. Әдебиет – үздіксіз жүретін үдеріс 12+

Байбота Қошым-Ноғай. Әдебиет – үздіксіз жүретін үдеріс - adebiportal.kz

Байбота Қошым-Ноғай қазақ әдебиетінің белді өкілдерінің бірі. Әдебиетіміздің әр жанрында тоқтаусыз еңбек еткен көпқырлы талант. Әлемнің көптеген ақындарын ана тілімізде сөйлеткен шебер аудармашы. Балалар әдебиеті үшін атқарған еңбегі өз алдына бір төбе. Публицистикалық туындылары мен ғылыми-танымдық еңбектері руханиятымыз үшін қашанда құнды мәнге ие. «Жазушы», «Жалын» баспасында жүзден аса кітаптардың редакциясын қарау сынды жұмыстары өз алдына. Бәрінен бұрын адам ретінде, ақын ретінде таза, тік жүрген тұлға. Алматы қаласына барған сапарымызда, ағаға арнайы жолығып, аз-кем сұхбаттасудың реті келіп еді. Сол әңгіменің қалпын бұзбай өздеріңізге ұсынып отырмыз.

– Балалық дейтін риясыз шақ есіңізге түскенде көз алдыңызға қандай көрініс келеді? Балалық шағыңыз тұтас өмір жолыңызға қалай әсер етті?

Біздің түйдей құрдас қатарларымыз Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына тоғыз жыл толып, ел еңсесін көтере бастаған кезде дүниеге келген. Ол кезде сталиндік қанқұйлы кезең артта қалыпты, Қазақстан тың жерлерді игеруге кірісіп, халықтың қарны тоя бастаған екен. Марқұм ақын Ерұлан Бағаевтың бір өлеңінде «Тыңбай қою керек еді есімімді» дейтіні есімізде. Шындығында да бәріміз «Тыңбаймыз». «Тыңбайлар» Қазақстан миллиард пұт астық өндіруге қам жасап жатқанда жүгерінің ұнынан пісірілген қытырлақ нанды талғажау ғып жетілген балалар. Ол кезеңнің де өз қиыншылықтары болды. Дегенмен артта қалған ауыр жылдарды, бұлыңғыр болашақты еске алсам, кейде біз уақытында туған шығармыз деп ойлаймын...

Алпысыншы жылдардың соңына қарай біздің мектепке бір топ жас мұғалім келді. Бәрі де жоғары білімді еді: бірі әдебиетші, бірі физик, бірі математик, бірі ағылшын тілінің маманы. Араларында музыкалық сауаты барлары, нота жазуын алдына жайып қойып әлдебір әуенді сырнайда құйқылжыта жөнелетіндері де кездесетін-ді. Бәрі де жап-жас, кейбіреуі жаңа ғана отау құрған. Олар мектеп өміріндегі қоғамдық жұмысқа да белсене араласты.

Бастауыш сыныптарда бізге Ұлы Отан соғысынан қан кешіп оралған қарт мұғалімдер «ақ жалау, қызыл жалау» деген ойынды көп ойнататын. Бұл – екі командаға бөлініп алып ойнайтын ойын. Ал мектепке жас мұғалімдердің келуімен байланысты жақсы жабдықталған спорт залы, баскетбол, волейбол алаңдары пайда болды.

Мектептегі спорт үйірмелері жолға қойылып, жасөспірімдер арасынан аудандық, облыстық жарыстарда баскетбол мен волейболдан, бокстан жүлделі орын алып қайтатын разрядты спортшылар шыға бастады. Менің өзім де жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы ІІ разрядқа қол жеткізгенім бар-тын.

Сонымен қатар мектепке үрмелі аспаптар оркестрі сатып алынып, мерекелік шерулерде труба, тенор, бас, флейта, барабан аспаптарында ұстаздарымызбен қатар өзіміз де «Смело, товарищи, в ногу» маршы мен Нұрғиса Тілендиевтің «Әке туралы әнін» ойнап шыға келетінбіз. Кейде өзімізше сол кездерде радиодан жиі орындалып жататын әйгілі трубашы Тимофей Докшицердің орындауындағы классикалық шығармаларды орындасақ деп армандайтынбыз. Зинабдин Шермағанбетов, Үкібай Исаев, Табылған Әбілқасымов, Ниетәлі Қуатбеков секілді жас мұғалімдер оқушылармен етене араласып, оларды әдебиетке, спортқа бейімдеп, домбыра тартуды үйретіп, шәкірттерін түрлі өнерге баулып жүретін. Мектеп мұғалімдерінің арасында сахнада қызықты фокустар жасайтын сиқыршылықты біршама жақсы меңгерген, өзі суретші Мейірбек Сопыбеков деген ағайымыз да болды.

Бірде мектептегі жас мұғалімдердің күшімен ауыл клубында үлкен концерт қойылды. Бұрын дәстүрде жоқ мұндай жайт ешкімді де елеусіз қалдырмаған-ды. Ауыл адамдары клубқа тайлы-таяғымен шұбап келіп жатыр. Клуб залындағы орындықтың бәрі бос емес. Орын жетпегендері екі қапталда, залдың артқы жағында иін тіресіп түрегеп тұр. Ал балалардың көбісі сахнаға таяу жүрелей отыра кеткен.

Залдың шамы сөндіріліп, сахна шымылдығы түрілген кезде сығырайған майшам жарығының астында шапан жамылып, кәдімгі қауырсын қаламмен әлдене жазып отырған тақиялы бір адамның сұлбасы айқындалып көріне бастады. Алыстан «Айттым сәлем, Қаламқас» әні талып естіледі. Ән әуелі жеке дауыста орындалып келді де, бірте-бірте көп дауыс үндескен хорға айналып жақындай түсті. Сахнаның бір шетінен ұлттық киім киген қыз-жігіттердің тобы көрінді. Бұл «Абай әндері» деген композиция екен.

Сахнаға шыққан өз мұғалімдерімізді тани бастадық. Анау, әне, Айткүл апай, анау Зөреш апай, анау Қанымша апай... Ал жыр жазып отырған Абайымыз өзіміздің Ниетәлі ағай болып шықты...

Бұндай сахналық көріністі біздің бірінші рет көруіміз болса керек, қатты әсерлендік. Ауылда да өнерпаз жастар көп екен. Олар кейін мұғалімдермен бірігіп, ұлт аспаптар оркестрін жасақтады. Сахнаға жеке нөмірлер әзірлеп, концерттер ұйымдастыратын болды. Ағаларымыз бен әпкелерімізге еліктеп, біз де қолымызға домбыра мен баян ұстадық. Өлең жазып, ептеп ән шығара бастадық.

– Туған жеріңіздің табиғаты әдеби болмысыңызға, адами қалыптасуыңызға қаншалықты ықпал етті?

– Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының Түркістан облысымен шекараласатын тұсында Қаратаудан Қызылқұмның шөліне дейінгі аумақты алып жатқан жерді ежелден Бесарық өңірі деп атайтын. Бұл өңірде сан ғасыр бойы жартылай көшпелі, жартылай отырықшы тұрмыс кешетін әртүрлі түркі ру-тайпалары (қазақтар) мекендеп жатқан.

Бесарық аумағындағы біздің жыл санауымызға дейінгі І мыңжылдықтан басталатын ерте темір дәуірінің обалар қорымдарымен қатар жартас суреттерінің көп табылуы өңір тарихының тым көнеден бастау алатындығын дәлелдейді. Ауылымыздан солтүстікке қарай 17,6 шақырым жерде, Бесарық өзенінің оң жағалауындағы Күйкентай шоқысының шығыс бетіндегі жартастарда адамдардың, таутекелердің, түйелердің бейнелері салынған петроглифтер бар.

Ал Бесарық өзенiнiң аңғарынан 1908 жылы М.А.Кирхгоф кездейсоқ тауып алған қоңырқай сары яшмадан (кварцтың бiр түрi) жасалған жебенiң ұшы мен қырғыштың жасалу мерзiмiн қазақстандық археологтар неолит дәуiрiне жатқызады. М.А.Кирхгоф, сондай-ақ, Бесарық өзенiнiң бойынан (Саураннан солтүстiкке қарай) жартасқа салынған суреттердi кезiктiргенiн де хабарлаған. Мұндай археологиялық айғақтар Бесарық өңiрiнiң ежелгi дәуiрден берi-ақ адамдардың құтты қонысы болып келе жатқанына дәлел бола алады.

Бесарық Қазақстан мен Орта Азия басынан кешкен ұлы тарихтың ешқайсысынан да сырт қалмаған. Осылай болу әу баста оның талайына жазылған екен. Оның бүкiл түркi әлемiне мәшһүр Түркiстан мен қасиеттi Сығанақ қаласының қақ ортасында орналасуы, Сауран секiлдi шаһардың қан базарын қайнатып, Ұлы Жiбек жолының бойында жатуы, ғасырлар өте келе Орта Азия республикалары мен алпауыт Ресейдi байланыстырып мыңдаған шақырымның шаңын көтерген автомобиль трассасы мен сайын даланы солқылдата составтар керуенiн ұзатқан темiр жолдың Бесарық төсiнде домбыраның қос iшегiндей жарыса созылып, қыр шанағын күмбiрлi күйге бөлеуi осынау киелi мекеннiң шежiресiн одан әрмен байыта түстi.

Бұл далада ат құлағында ойнаған жаужүрек сақ сарбаздарының, әлемдiк ұлы өркениетке үлкен үлес қосқан түркi тайпаларының, кезек-кезек дәурен сүрiп, байрақ желкiлдеткен Оғыз және Қыпшақ мемлекеттерiнiң, Халифаттың қамын ойлап исламның жасыл туын көтерген дiндар дәруiштердiң, жер тiтiреткен ауыр қолмен Еуразияны ерсiлi-қарсылы көктей өткен Шыңғыс хан түмендерiнiң, Ақсақ Темiр, Тоқтамыс, Едiге, Абдалла хан жорықтарының, Қаратаудың басынан көш шұбыртқан Жоңғар шапқыншылығының, Черняев секiлдi орыс отаршыларының өшпес iздерi сайрап жатыр.

Бесарық – бiр шетi талай-талай тағдырды көрiп, тастарына дейiн әжiм түскен қария Қаратау қойнауынан басталып, қатпар-қатпар Қызылқұмға келiп тiрелетiн, бiр шетi көне Қыраштан құлап, көктем сайын жусаны жұпар атқан Қаражонға дейiнгi кең алқапты алып жатқан аумақтағы көркем де ғажайып ғұмырлы өлке. Мұндай өлкеде туып-өскен баланың әсершіл болмауы мүмкін емес. Бесарықтан көптеген ақын, сазгерлер шыққан. Менің де көркем әдебиетті сүюіме, туған жерімнің тарихын қазбалауыма Бесарықтың әсем табиғаты мен шежірелі топырағы әсер еткенін жазған шығармаларымнан аңғаруға болады-ау деп ойлаймын...

– Алғашқы өлеңіңіз қашан, қалай жазылды?

– Бірінші сыныпты аяқтап қалған тұсымыз еді. Сәуiр айының басында сынып жетекшiмiз Ұлмақан ағай адамзат баласының ғарышқа ұшқанына бiр жыл толатынын айтып, осыған орай өлең жазып келiңдер деп үйге тапсырма бердi. Мұғалiмнiң тапсырмасын тиянақты орындау – мiндетіміз. Содан дәптерді шимайлап отырып:

«Гагарин ғарышқа ұшты,

Қайтадан жерге кеп түстi», –

деген сыңайда өлең жаздым. Өлеңімнің бар-жоғы осы-ау деймін. Бәлкім, алғашқы жолдағы «ғарышқа» деген сөз сол кезде «аспанға» деп жазылуы да ғажап емес. Есiмде шала-пұла күйi қалыпты. Әйтеуiр, мұғалiм «өлеңнiң ұйқасы бар» деп, «ұшты», «түсті» деген сөздерді бірнеше рет қайталап, мақтағанын ұмытпаппын. Сол мақтау сөздер қанат берсе керек, ұйқас іздеп, ырғақ қуа бастадым...

– Шығармашылық адамы үшін жар таңдау аса маңызды дүние деп ойлаймын. Осы тұрғыдан келгенде қаншалық жолыңыз болды?

– Бір данышпан: «Әйеліңіздің талғамымен таласпаңыз, ол сізді де таңдаған», – депті. Мұны әзіл ретінде айтып отырмын... Жалпы, мен оны таңдадым ба, ол мені таңдады ма – оны дәл қазір тап басып анық айта алмаспын, жар таңдауда қатты қателесе қоймағаныма кейін келе көзім жетті. Менің әйелім ҚазМУ-дың химия факультетін бітірген. Бірақ мамандығы бойынша емес, балабақшада, мектепте, музейде жұмыс істеді. Отбасындағы бала тәрбиесімен айналысты. Бала күнінен әдебиетті сүйіп өскен оның сынып жетекшісі «Соңғы қоңырау» атты жалғыз кітабы жарық көрген Қажығалым Мұқанов деген жазушы еді. Ол кісі – бүгінде белгілі қаламгер, драмашы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Мұқанованың әкесі. Жазушының тәлімін алған қаршадай қыз болашақта қаламына сүйенген ақынға жар боламын деп ойлады ма, ойламады ма, білмеймін. Өзі де кітапқұмар, қалам ұстап үйренген ол қазір менің жарым ғана емес, биобиблиографым. Бұл жағынан мен қазақ ақын-жазушыларының арасындағы ең бақытты адаммын деп айта аламын. Бұдан артық мақтануға болмайды...

– Әдеби тұлғаңыздың қалыптасуына ықпал еткен аға буын туралы айта кетсеңіз? Қол ұшын берген, жақсылығын көрген, жанына ерткен ағаларыңыз дегендей...

– Мен алғашқы өлеңдерiмдi жариялау жолында қыруар кедергiлерге кезiккен адаммын. Кедергiлердiң көбi жасанды еді. Республикалық мерзiмдi баспасөз беттерi «кезегiңдi күт» дейдi. Сарыла күттiм. Өлеңдерiм түрлi сылтаумен керi қайтарылады немесе жоғалып кетедi. Тiптi «Лениншiл жастың» бетiнде дембiл-дембiл берiлiп тұратын «Балауса» айдарымен қатар-құрбыларым жарық көрiп жатқанда да жалғыз өлең жариялау маңдайыма жазылмапты. Өлеңдерiмнiң бiр жолын оқымаған бөлiм меңгерушiсi терезеге қарап отырып ақыл айтатын маған…

1975 жылы төрт папка қолжазбамды алып, «Қазақта Қадыр Мырзалиевтен асқан ақын бар ма? Өлеңдерiмдi сол кiсiге көрсетейiн. Егер нашар екен деп жатса, босқа әуре болып не қылайын? Тастайын бұл ақымақшылықты?» - деген ойға тоқтап, Қазақстан Жазушылар одағына келдiм. Портфельден өлеңдерiмдi шығарып, Қадекеңнiң оқып пiкiр бiлдiруiн сұрадым. Ағамыз үстелiнiң үстiнде жатқан қолжазбаларды көрсеттi. Менiң есiмде қалғаны: ол қолжазбалардың арасында өзiмнiң курстасым Ғабиден Құлахметовтің де өлеңдерi бар екен. «Таяу арада оқимын деп айта алмаймын. Асықпасаң, тастап кет. Немесе мына отырған ағаң Сәкен Иманасов деген ақын. Жақсы ақын. Қаласаң, өлеңдерiңдi осы кiсi оқып көрсiн», - дедi Қадекең. Тәуекел деп, Сәкен аға Иманасовқа қарай бұрылдым. Ол кiсi алдына тастаған папкiнiң жайын сұрастырып отырып, өлеңдерiм мен балладаларымды алып қалды. «Екi аптадан кейiн хабарлас» дедi…

Құдай менiң өлеңдерiмнiң бағын ашайын деген екен. Алғашқы туындыларыммен танысқан Сәкен аға Иманасов қолжазбама жазбаша пiкiр жазып, сол кезде жаңадан ұйымдасып жатқан «Жалын» баспасына қолымнан жетектеп алып келдi. Баспаның тақырыптық жоспарын жасап отырған жазушы Еркiнбай Әкiмқұловқа қадағалап тапсырып, «бұл ақын жiгiт, жеке кiтабын шығарып беру керек» дедi. Осы сәттi әдебиеттегi тағдырымның оң шешiлген тұсы ретiнде жиi еске аламын. Арада аз уақыт өткен соң тұңғыш кiтабыммен жарыса 1977 жылғы қаңтардың 21-і күнгі «Лениншiл жас» газетiнің №15 санында, бір-екі айдан кейін «Жалын» альманағы беттерiнде алғашқы топтама өлеңдерiм жарық көрдi. «Жалын» альманағының беттерiнде жарық көрген өлеңдерiмді редакциялап, өндіріске дайындаған ақын Ибрагим Исаев екенін кейін естідім. Ақын Есенбай Дүйсенбайұлының қамқорлығын көп көрдім. Ағалық жол көрсеткен біраз кісілерді атауға болар еді... Аруақтары риза болсын, біздің өзімізді кейінгі жастарға аға болсын деп, бәрі де өмірден озып кетті...

– «Желтоқсан оқиғасында» алаңда болғаныңызды білеміз. Сол ауыр күндер кейінгі өміріңізге қаншалықты әсер еті? Сол кездегі саясатқа сай қаламгерлер өзін қалай ұстады?

– Ол күндер ұлт азаттығы жолындағы көтерілістің бір кезеңі деп мойындалуы керек. Алаңдағы қазақ жастарының бейбіт шеруі сақадай сайланған кеңестік қарулы күштің басып-жаншуымен аяқталды. Шеруге шыққандардың басым көпшілігі жастар екені анық қой, бірақ олардың арасында ес тоқтатқан естияр адамдар да, тіпті ақсақалдар да болды. Алаңда көптеген журналистер, ақын-жазушылар, өнер адамдары да жүрді. Олардың аты-жөні мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар арқылы көпшілікке белгілі. Сондықтан есімдерін атамай-ақ қояйық.

Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға ешкім де ерлік жасайын деп шыққан жоқ. Қазақ өзінің конституциялық құқығын талап етті. Бірақ тоталитарлық кезеңде өз құқығыңды талап етудің өзі ерлік, әрине. Оған дейін өзіміз егемен (суверенді) елде өмір сүреміз деп алданып келсек, желтоқсан күндері ол сеніміміздің тас-талқаны шығып, отарлық езгіні бастан кешіп жатқанымызға анық көзіміз жетті.

Ақын-жазушылар да өзге жұрт секілді пенде емес пе? Олар сол күндері негізінен алаңға шыққандарды қолдап, бірқатары қалың нөпірмен қоян-қолтық араласып кетсе, бірқатары алаңда жәбір көрген жастарды қорғап мінбелерден сөз алды. Бойын көрсетпей бұғып қалғандар да бар. Өкінішке қарай, олардың кейбіреулері кейінірек өзін сол күндері ерлік жасаған тұлға қылып көрсетуге әрекет жасады...

– Сіз балалар әдебиетінің аз ғана ірі өкілдерінің бірісіз. Өзіңіз білесіз, биылғы жыл – балалар әдебиеті жылы болып жарияланды. Осы жылда атқарылып жатқан шаруаларға көңіліңіз тола ма? Қазіргі балалардың тілін, жандүниесін дөп басып жазу қаншалықты маңызды?

– Осындай ел-жұртты алдаусыратқан науқандық шаралардың өзіме ұнамайтынын бұрын да айтқанмын. Бұл өзі әуелі атауы да келіспеген науқандық шара болып тұр. «Балалар әдебиеті жылы», «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау жылы», «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы»... Мемлекет балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетті бір жылдық науқанға айналдырмай, мәңгілік қолдауға тиіс. Демек бұл шараның атауы «Балалар және жасөспірімдер әдебиетін қолдау ғасыры» аталса бір жөн. Айналайын-ау, әдебиет бір жылда ғана жасалмайды ғой. Ол үздіксіз жүретін үдеріс емес пе? Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиет өсіп-өркендемесе, балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қалай қолдайды?

Шын мәнінде қазір қазақ балалар әдебиетінің халі өте мүшкіл. Бұл туралы талай жерде айтудай-ақ айттық. «Балалар әдебиетінің халі мүшкіл» деп айтқаннан жай-күйіміз жақсаратын болса, айтуымыздан кенделік жоқ-ау. Ал аталмыш науқандық шара аясында көзге түсіп, қанағат тұтар ештеңе көріп тұрған жоқпын. Кітаптарымыз жарық көрген жоқ. Бірнеше кітапханада онлайн өткен кездесулерге қатысып, мұңымызды шақтық. Одан не шықты?

Тіпті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мырзамен кездесуде сенатор Нұртөре Жүсіп: «Әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар газет-журналдарға жазыла алмайды. Бізге неге Ақпарат, Еңбек, Білім министрліктерінің күш біріктіруімен «Балдырған» журналын, сондай-ақ «Ұлан» газетін жаңағы осал топтарға жаздыртып беру ісін ұйымдастырмасқа?! Осындай іргелі шараны жүзеге асыру арқылы біз газет-журнал, кітап оқитын жас ұрпақты қалыптастырамыз. Олар Оқу мәдениетіне үйренеді. Келешекте білімге, ғылымға құмар азаматтар болып өседі. Отансүйгіш сезімі ерте қалыптасады. Көзі ашық, көкірегі ояу Қазақстан азаматтарының қатары артады. Осы мәселеге мықтап көңіл бөлген дұрыс!» – деген ұсыныс жасады. Осы бір ауыз сөзде қаншама көкейкесті ойлар айтылып еді!

Мектеп қабырғасында газет-журнал оқып өскен баланың сөздік қоры ғана өсіп қоймайды, рухани жан дүниесі де бай болады. Күнделікті ақпараттарға құлақ түріп, еліміздің мәдени өміріне ертерек араласады. Алыс-жақындағы өздері қарайлас балалармен ой-пікір бөлісіп, көркем әдебиетке, өнерге, спортқа, ғылымға құштарлығы оянады. Мұның бәрі еліміздің ертеңі үшін салынған инвестициядан кем бе?!.

Сенатордың аузымен айтылған сөз де желге ұшып кетті. Ал біздің сөзімізді кім тыңдап жатыр?

Бәрібір ақын-жазушылар балаларды еліміздің болашағы деп біледі. Олардың тәрбиесі мен заманына лайықты азамат болып қалыптасуына, рухани байып, көңіл көкжиегінің кеңеюіне бейжай қарап отыра алмайды. Сондықтан мемлекет балалар мен жасөспірімдерге арналған әдебиетті қолдайтын жыл ма, қолдамайтын жыл ма – бәрібір, қаламгерлеріміз қолынан қаламы түскенше қажымай-талмай еңбек ете береді.

– Былтыр Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың нәтижесі әдеби ортада біраз дау тудырды. Даудың өрши түсуіне себеп болған мәселе публицистикалық және ғылыми еңбек авторларының әдеби сыйлықты иеленуінен басталды. Қателеспесек, сіз де осы сыйлыққа ұсынылдыңыз. Көп оқырманның ойынша осы бір сыйлықтың мәртебесі түсіп бара жатқан сияқты. Осыған қатысты сіздің пікіріңізді білгім келеді?

– Мен осы мәселе жөнінде пікірімді әлденеше рет айтқанмын. Сол пікірлерімді әлі де қайталап айта аламын. Алдын ала айтып қояйын, тағы біреу «Байботаның байбаламы» деп жүрер. Маған сыйлықтан гөрі абырой қымбатырақ. Нобель сыйлығын ала алмаған ақын-жазушылар да «Нобель сыйлығының номинанты» деген атты қанағат тұтады ғой. «Номинант» сөзі қазақ тіліне «үміткер» деп аударылады. Бірнеше рет ұсынылып, қолы жетпесе де... Тіпті Прег Мортенсонның «Три чашки чая» деген кітабының мұқабасынан «дваждый номинант на Нобелевскую премию мира, 2009 и 2010» деген «жарнамасын» да көргенмін. Әйтеуір кейбір ағаларым секілді:

«Дана болып тусаң да,

Дара болып,

Ақ дегенің шығады қара болып...

Менің енді қалмады амал-айлам,

Мемсыйлықты алмасам пара беріп!» –

деп, осы сыйлықты қалайда алуым керек деп жүрген жоқпын...

Мемлекеттік сыйлық деген марапатты Кеңес өкіметі ойлап тапқан. Бұрын ол Сталиндік сыйлық деп аталатын. ХХ ғасырда социалистік мемлекеттерден басқа елдерде мұндай сыйлық болған емес. Өткен ғасырдың екінші жартысында Сталиннің атын өшіруге арналған науқаннан соң бұл сыйлықтың аты «КСРО мемлекеттік сыйлығы» деп өзгертілді. Ол одақтас 15 республикада «балалады». Ары қарай сөзді қысқарту үшін бұдан біраз уақыт бұрын «Қазақ үні» газетінде Азамат Тасқара екеуіміздің арамызда өткен сұхбаттан үзінді келтіре салайын. «Қазір мемлекеттік сыйлыққа шығармасын автордың өзі ұсынатыны ешқандай құпия емес. Әрине, олардың бәрі де Жазушылар одағының қолдауына сүйенеді. Осы мемлекеттік сыйлық біраз ақын-жазушыларымыздың бас ауруына айналғаны рас. Әжептәуір ақша ғой енді. Шамалы уақыт талғажау қылады, аздаған абырой алып береді дегендей. Осы сыйлықты ала алмадым деп уайымдап, жүрегіне салмақ түсіріп өліп кеткендер де бар. Ал алғандарының ішінде біреулері бұл абыройға лайықты, біреулері лайықсыз. Оны, мен айтпасам да, елдің бәрі біледі. Бұл өзі әйгілі Қазан төңкерісінің 50 жылдығы қарсаңында кеңестік идеологияны тереңдете жүргізу үшін ойлап табылған шара еді. Сол жылдары мемлекеттік сыйлыққа ие болған мемуарлық шығармалардың бірінде Алаш ардақтыларын елден қалай аластағаны туралы егжей-тегжейлі жазылса, енді бірінде әйгілі революционердің кеңес өкіметін құру жолындағы күресі суреттелетін. Тағы бір үлкен жазушы көркем шығарма жазуды қойып кеткен соң «Ой әуендері» деген мақалалары мен баяндамаларынан құрастырылған кітабына мемлекеттік сыйлық алды. Бертінірек бір драмашы ағамыз Ленин өмірі мен қызметіне арналған «Өліара» деген шығармасымен абыройға бөленсе, «Революция және мен» деген өлеңдер циклі үшін мемлекеттік сыйлық алған ақынымыз да бар. Кейін әртүрлі саланың өкілдері жасаған салалық терминологиялық сөздіктерді шығарғаны үшін мемлекеттік сыйлық алған жазушымыз да бар. Ал кейбір ақындарымыздың мемлекеттік сыйлықты қалай алғаны жөнінде мерзімді басылым беттерінде жазылды да. Мемлекеттік сыйлық алған абыройлы ағаларымыздың кейбіреуі жалғызаяқ жолдың екі жағындағы жантаққа кезек-кезек мойын созатын түйе секілденіп меценаттардың тәуелсіз «Тарлан» сыйлығынан да сыбағасыз қалған жоқ. Ақшаны мен де жек көрмеймін, ол және тектен-текке берілмейтін шығар, бірақ менің шығармаларым көркемдігі жөнінен сол мемлекеттік сыйлық алған шығармалардың талайынан жоғары тұрғанына қатты қуанамын» («Қазақ үні», №36. Қыркүйектің 17-сі, 2018 жыл).

Бұл шүленді таратуда әділетсіздік жылдан-жылға белең алып келеді. Әділетсіздік! Әділетсіздік! Әділетсіздік! Қазақ қоғамының қойын-қонышын түгел үңгіп жаулап алған әділетсіздік!..

Бәрін бірдей сөз етпей-ақ қояйын... Егер мемлекеттік сыйлық шын мәнінде дарынды, талантты адамдарды бағалаудың көрсеткіші болса, қолдан жасалған шартты бұзып Мұқағали Мақатаев пен Жұмекен Нәжімеденовке қайтыс болғаннан кейін Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын берген секілді Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Жүсіп Қыдыров, Сәкен Иманасов, Есенбай Дүйсенбайұлы, Жұматай Жақыпбаев, Әбдіраштың Жарасқаны секілді (әрине, бұл тізімді толықтыруға болады) қазақ әдебиетінің көсегесін көгерткен марқұм ақындарды да осы сыйлықпен марапаттауы керек еді ғой.

Ал тірілердің арасында әділетсіздік салтанат құрып жасай береді!..

Бұрынырақ мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалар баспасөз беттерінде талқыланып, оқырмандар арасында ашық түрде азды-көпті насихатталатын. Қазір ол да жоқ. Бәрі жабық. Құпия!

Иә, менің де «Достық жоралғы» атты кітабым мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Менің мақсатым әдебиеті адыра қалған елімізде әртүрлі деңгейде өткізіліп жататын әдеби бәйгелер мен мемлекеттік марапаттауларға балалар қаламгерлерін де қатыстыруды көздеу, елдің ертеңін ойлауға тиіс барша қазақтың назарын қазақ балалар әдебиетіне аудару еді. Менің ойлағанымдай «Достық жоралғы» мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған 24 шығарманың арасындағы балаларға арналған жалғыз кітап болып шықты. Ал қазақ әдебиеті тарихында Мұзафар Әлімбайдың «Аспандағы әпке» атты кітабынан кейін 1984 жылдан бері бірде-бір балалар жазушысы мұндай сыйлыққа ие болып көрген емес.

Әрине, әдебиетіміздің басқа жанрларына да көңіл бөлініп жатқаны шамалы. Қазақ сатирасы мүлдем елеусіз қалған. Оспанхан Әубәкіровтен Көпен Әмір-Бекке дейінгі бір сатириктің мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болғанын естіп пе едіңіз? Бірде сықақшы марқұм Бейсебай Кірісбайдың басылымдардың бірінде жарияланған сатиралық туындыларының соңына «Бейсебай Кірісбай, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты емес» деп қол қойғаны еске түсіп отыр...

– Қазіргі жас ақындарды жиі оқып, қолдап отыратыныңызды білеміз. Жастардың көбі жаңа форма, жаңа мазмұн әкелуге талпыныс үстінде. Олардың шығармашылық ұстанымдары мен аға буынның әдеби көзқарасы көбіне қабыспай жатады. Сізде де осындай қайшылықтар бола ма? Жалпы, ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясының бағыт-бағдары қалай болуы керек деп ойлайсыз?

– Жаңалықты жастардан күту орынды... ХХ ғасырдың 60-жылдарындағы жартылай жариялылықтың өзі сол кездегі жас ақын-жазушыларға үлкен серпін берді. Дегенмен кеңестік кезеңдегі қатаң цензура әдебиетіміздің аяғына тұсау салып, хас жүйріктерді шідерлеп ұстағанын ұмыта қойған жоқпыз. Тіпті әдебиет сыншыларының өзі поэзиядағы формалық ізденістерді құбыжық қылып көрсетіп, ежелгі әдебиетімізде үлгісі бар, әлем әдебиетінде әбден орныққан верлибрдің қазақ поэзиясында қалыптасуына кедергі жасағанын ағаларымыз өкінішпен айтып отыратын. Дегенмен біз аламан бәйгеге түскенге дейін-ақ, ішінара жасалған эксперименттерді есепке алмасақ, қазақтың дәстүрлі поэзиясы көркемдік жағынан керемет байып, мазмұны мен түрі жетіле түскені ақиқат. Біз сол аға буынға қарап бой түзедік.

Ал еліміз тәуелсіздік алғалы бері ақындарымыздың шідері шешіліп, жастардың өлеңге жаңа мазмұн әкелуге талпыныс жасап жатқанын аңғарамыз. Жаңа мазмұн әлбетте жаңа түр туғызады. Яғни өлеңнің формасына да өзгеріс еніп, тосын жаңалықтарға көзіміз бен құлағымыздың үйрене бастағанын ашық айтуымыз керек.

Жаңалықтың қайсысын болса да үрікпей қабылдау оңай емес. Өмір бойы дәстүрлі поэзиямен тәрбиеленген ұрпақтың арасынан еркіндікке ұмтылған жастардың жаңалыққа құштар ізденістеріне тосырқап қарайтындардың табылатыны да шындық. Бірақ әрбір маусымның, әрбір кезеңнің өзіне лайық жарасымды киімі болатыны секілді әдебиеттің де, өнердің де уақытқа қарай өзгеріс күтетінін түсінуге болады ғой.

Мен жас ақындардың барлық ізденістерін құптаймын. Ізденістердің бәрі бірдей сәтті бола бермеуі де мүмкін. Бірақ кез келген эксперименттің қозғаушы күші бар. Ол жетістікке қарай жетелейді. Тоқыраудан құтқарады.

Ал ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясының бағыт-бағдары қалай болуы керек деген сұрағыңа орай дайын рецепт ұсына алмаймын. Ақынның бойындағы талант пен дарынды тынымсыз еңбек тәрбиелейді. Ізденіс тек бір бағытта ғана емес, жан-жақты болуға тиіс. Әрбір жас ақын еліктеу кезеңін ертерек артта қалдырып, даралыққа қарай ұмтылуы керек. Әр ақын өзінің қайталанбас даралығымен құнды.

- Аға, риясыз әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар