Мұштанова Дариға
Мұштанова Дариға Ғазизқызы (13.03.1954ж Орал қ.) – ақын, жазушы, драматург, қоғам қайраткері, ұстаз. 1977 жылы Орал мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша бітіріп, жоғары білім алып шыққан соң, бұрынғы Жалпақтал, қазіргі Казталов ауданының Көктерек орта мектебінде аға пионервожатыйы, мұғалім болып еңбек жолын бастады.
Мектеп қабырғасында жүрген оқушы кезінен аудандық газетке өлеңдері жариялана бастаған. Он жеті жасында тұңғыш рет облыстық айтысқа қатысып, жеңімпаз атанып, сол жолы оған «Облыс ақыны» деген құрметті атақ берілді. Ауыл өмірінің көркеюіне үлес қосып, қоғамдық, мәдени шараларға белсене араласты. Өзінің өскен ауылы Кировтағы сегізжылдық мектепте еңбек еткен жылдары (Қазіргі Казталов ауданы, Саралжын ауылы) «Қарлығаш» эстрадалық жастар ансамблін, драма үйірмесін, оқушылардың домбыра оркестрін құрып, ауыл балаларын көптеп өнерге баулыса, Көктерек ауылдық клубының меңгерушісі болған жылдары да өнерлі жастарды жанына жиып, жемісті еңбек етті. Аудандық, облыстық газет редакцияларында журналист, партия-кеңес органдарында лауазымды қызметтер атқарды. Жалпақтал аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқара жүріп, көптеген келелі істерге қозғаушы болды.
Батыс Қазақстан облыстық, Жалпақтал, Теректі аудандық мәслихаттарының депутаты болып сайланып, елдің әлеуметтік-рухани мәселелерін батыл көтеріп отырды. Республикадағы алғашқы наурыз айтысына қатысып, Әселхан Қалыбекова, Қатимолла Бердіғалиевтермен қатар бірінші жүлдені жеңіп алды. Торғайлық Қонысбай Әбіловқа тізе бүктірген, Баянғали Әлімжанов, Серік Құсанбаев, Әзімбек Жанқұлиев, Шорабек Айдаров ақындармен үзеңгі қағыстырып, жұртшылыққа әдемі әзіл айтыстар сыйлаған. Шолпан Қыдырниязовамен қайым айтысы, Александр Қауеновпен қыз бен жігіт айтыстары ел аузында.
Дариға Мұштанова Теректі ауданы, Подстепный ауылындағы республикаға танымал, алдыңғы қатарлы «Үміт» лингвистикалық гимназиясының іргесін қалап, негізін салушы. 2001-2016 жылдар аралығында аталған оқу орнының директоры болып қызмет атқарып, білім ошағын облыстағы, республикадағы маңдайалды майталмандар қатарына алып шықты.
«Парасат» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР мәдениет саласының үздігі», «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен, «Тәуелсіздікке 10 жыл», «Тәуелсіздікке 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Есімі, өмір жолы «Батыс Қазақстан облысының энциклопедиясына» енгізілген.
«Адамның жаны бір жұмбақ» (2001 ж.), «Өмір-арна» (2004 ж.), «Қос қанат» («Жылама, жырла, Жайығым» 2010 ж.) жыр жинақтарының, «Үміт жетелеген бес жыл» (2005 ж.),«Үміт» атты бір ел бар...» (2015 ж.) педагогикалық жазбалар жинақтарының, «Аңыз болған абысындар» (2018 ж.), «Әз ғұмыр» (2019 ж.), «Нәркес» (2024 ж.) прозалық кітаптарының авторы.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Көп оқылғандар
Күнікейдің жазығы не?
Әйел теңдігі дәуірлер бедерінде
Мо Янь. Үрей мен үміт
Кобо Абэ. Басқыншылар
Ділдәр Мамырбаева. Мұғалім – робот – Шұғыла
Әлібек Байбол. Тоқаш туралы толғам
Шерияздан Тайконұлы. Өтсе де көктем, нұрлы жаз
Көкбөрі Мүбарак. Арманға жылқы жерлеу...
Алғыс айту күніне ақ тілектер
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ. Альфонс
Сағындық Рахымжан. Василек
Самал Зікірияқызы. Айна
Серік Сағынтай. "Қарғаның" екінші әңгімесін жазып жатырмын
Еркебұлан Тіленіш. Тыныштықтың ырғағына тал билеп...
Қасен Өтебайұлы ақынның өмірі, шығармашылығы
Күнікейдің жазығы не?
Меңдолла Шамұратов. «Басқыншылар» билеген қоғам…
«Барокко болмыс» пен «Do Diez Minor»
Ұларбек Дәлейұлы. "Жошы ханға" өзіндік ұстанымыммен келдім.
Ұмтыл Зарыққан. Мінәжат (мини-поэма)