Мақсат Әубәкіровтің «Әулие Ырғызбай және Тылсым Дүние жұмбақтары» кітабы турасында
Қазақ әдебиетінде әлем мәдениетінің ұлтсыздана адасуынан туындаған Павич үрдісі, Борхес жосығы деген жоқ. Тек Жүсіп Баласұғыннан бастау алып, данышпан Абайдың «Ғақлиясына» ұласқан «Құтты біліктік» даналық дәйегі ғана бар. Қазақ прозасында соңғы кезде тініне «даналық дәйегі» өзек болған бітімі бөлек, жанры сан қырлы, стилі сан тарам тамаша туындылар өмірге келіп жатыр. Әм келе бермек...
Жарқында түркі тылсымы Әулие Ырғызбай Досқанаұлының тарихи тұлғасы төңірегіне топтасқан жаңа кітап өз оқырманына жол тартты. Оқыдық, таңдай қақтық, сананы сан саққа жүгірттік, жадыны сәулелендіре жаңғырттық, нәтижесінде алаштың «Тылсымды төрткүл тұңғиығына» өзінше өрелікпен түрен сала білген автор еңбегіне қатысты осы бір мақала өмірге келді.
Әдебиет мәдениеттің бөлінбес бір бөлшегі болып табылатын өнер түрі, оны тек өзі өмірге келген дәуірдің жаһандық мәдениетіннен тысқары қарастыра алмаймыз, әрі гуманитарлық ғылымдағы Батыстық дүниетанымның тайлағы ретінде жетектетіп жібере алмаймыз. Ресей империясы құрамындағы түркілерді тарихи Жадысыздандыру үшін отаршы ғалымдар бізге әдеби туындаларды танып білуде тек эстетикаға ғана иек сүйеудің интеллектуалдық құлдану мөрін санамызға басты. Осы құлдануға тәуелсіздік жылдары шығыс ғалымын жарға жығатын еуротектілік ғылыми концепциялар аярлықпен таңылды.
Егер әдебиет көнеден тамыр тартқан мәдениет тарихының белгілі дәстүрлі ғылыми заңдары мен заңдылықтарына бағынатын өнер түрі болатын болса, қазіргі қазақ әдебиеттануы оны бірде әлемдік әдеби процеспен бірде ұқсастыра, енді бірде айырмашылықта қарастыруы керек. Бірақ бұған көзі қарақты оқырман: «Ау, ағайын, бұрын әдебиеттану эстетикаға арқа сүйеді емес пе?» деп қарсы дау да айтады. Біздікі болмас дауға жол беру емес, қайта кеңестік әдебиеттанудың кейбір рухани кісенінен босап шығуға бағдар ұстану.
Өйткені, қазір алаш әдеби процесінде неокеңес-қазақ эстетикалық әдіснамасымен түсіндіріп беру мүлдем мүмкін емес жаңа құбылыс орын алып келеді. Ол – ғылымиланған насыр (проза) мен назымның (поэзияның) синтезінен тұратын ұлттық назира жанрының қайыра түлеуі. Аталған жанрдың қайыра түлеуіне аға буын ақындары зор үлес қосып жүр. Жастар жағы батыстық үрдістегі постмодерннің бар-жоғы қазақ әдебиетінде бұрыннан бар назира жанры екенін жөнді ұғынбай жүргені осы орайда ғылыми жүректі сыздатып, алаштық көңілге кірбің түсіреді. Өйткені, Батыс гуманитарлық жосықтағы дүниелердің бәрін өз ыңғайына тартып, адам түсінбестей ғылымиландырып, қажетті де, қажетсіз философиялық терминдермен қойыртпақтап тастады. Бірақ шығыс қаламгері үшін батыстық постмодерн қашанда назира болып қала береді.
Алаштың рухани астанасының мәдени қоймасы ғылымиланған насыр (проза) мен назымның (прозаның) синтезінен тұратын «Әулие Ырғызбай және тылсым дүние жұмбақтары» атты тағы бір әдеби жаһұтпен толықты. Кітапты оқу барысында орыс ақыны СЕРГЕЙ БИРЮКОВТЫҢ «Моника, или о смешанной технике (text)» делінетін салиқалы мақаласы ойға оралды. Онда: ...Мәселен, Золя өз кезінде баспасөзде жарық көрген мақалаларынан құрылған «Экспериментік роман» жинағын шығармақшы болады, Ресейде В.Каверин өз мақалары мен жазбаларын «Үстелдегі жазбалар» деп атап жария етті. ...Поэзия пайғамбары Хлебников аршарды (аралас стильдік шарғыны//смешный стиль//смештех) көп қолданғаны әдебиет тарихынан жақсы мәлім. Бұл қағдидат – Біртұтас Кітап (қазақы дүниетанымда – Кигіз Кітап – Ә.Ә.Ә.) деп аталады»,- деп жазылады.
Дәл осы «Кигіз Кітап» тәсілін Дмитрий Кузьмин (Новое литературное обозрение 2001, №50) өз ұлтының өткені мен бүгінін әм болшағын тұтастықта алатын постконцептуалист авторлардың белгілі бір милети заңғар тұлғаны туынды діңіне өзек ететін «айшықты ой алаңы» деп атайды.
Иә, қазақ әдебиетінде төрткүл дүние тылсымына Әулие Ырғызбай арқылы үңілетін бітімі бөлек туынды өмірге келді. «Әулие тылсымы», «Тылсымат» және «Тылсым сәт» делінетін үш бөлімнен тұратын шығармада автор өз ойын туындыгерлік аңыстағы поэтикалық, мәдени және эстетикалық концептілері арқылы оқырманға ұсынады.
Осы орайда Дмитрий Дзюминнің: «Әлемдік мәдениетте кездейсоқ ештеңе жоқ, бәрі белгілі бір қатаң сатылануға бағынышты, сондықтан кез келген эксперимент ең әуелі заңдылыққа бағынышты, содан кейін барып ғылми әлемге түсінкті...» деген пікірі ойға оралады.
Қазақ әдебиеттанушылары көпдеңгейлі тұтастық әдісін қолданған шақта философқа, психологқа әм мәдениеттанушыға айналады. Қазіргі әдебиеттануға тұтастық, тұлға концепциялары гуманитралық өзге салалардан көптеп еніп жатыр. Оның енуіне Мақсат Әубәкіровтің «Әулие Ырғызбай және Тылсым Дүние жұмбақтары» сияқты туындалар себеп болуда.
Әдебиеттану енді тілдің әңгелегі емес, философияның тайлағына айналды. Әдебиет теориясы көз алдымызда философиялық әдебиеттануға айналып барады. Қос ғылымының осылайша түйісуі тек пайдалы ғана емес, ТМД түркі әлемі қашып құтылмайтын қажеттілік.
Енді «бұның себебі неде?» деген сауалға түрілінше жауап беруге болады....
Әдебиет теориясы көз алдымызда философиялық әдебиеттануға айналып барады дегенге берілер жауап біреу ғана ендігі жерде зерттеу нысаны әдеби-көркем туындының қарақан басы емес, эстетикалық процестегі орын алатын аралас-құраластықтың барлық бөлшектерінің біртұтастықта қарастырылуы.
Енді осы бөлшектерге тоқтала кетейік. Әр бөлшек өз алдына көпдеңгейлі тұтастық құра алады. Әрі болып табылады. Болмыс (универсум) – автор тұлғасы – көркем туынды – қабылдаушы тұлғат – болмыс. Міне, осы бөлшектер ең негізгісі.
Осының негізінде туындының болмысы танылып, автор әлемі ашылып, прозагердің елге айтпақ болған өзді ойы жария болады. Осылайша, көркем туындының мәнісі түп негізіне ой жетпейтін әлдебір мистикалық тылсымды перде дейтін түсініктің туындауы әдебиеттанушылық әдіснамасының біржақты тілдік аңыс пен жосыққа ғана сүйеіп келе жатқан тиімсіздігін жасырып жабудан келіп шығады. Шын мәнісінде көркем туындының күрделігі көзге ұрып тұратын сыртқы тұрпатында емес, керісінше мені танып ал дейтін астарлы жабынды қатпарында. Ол сан алуан сондықтан бір зерттеушінің назарына түскен тұсы, екінші зерттеушінің зейінінен тыс қалып жатады.
Сол себепті әдебиеттанушының алдынан шешімін табу қиынға түсетін бірқатар проблемалар туындайды. Көркем туындыға қатысты шынайлық дегеніміз не? Осы шынайлық тұлғаны қалыптастыра ала ма? Тұлға дегеніміз не? Не себепті тұлға эстетикалық іс-әрекетке бейім болып келеді? Осыған байланысты әдебиетке сана алуан анықтамалық түсінік берілді. Бірақ әдеби көркем туындының бас-жағы ашылмай қалып отыр. Сонымен... Әдеби-көркем туынды дегеніміз – өз бойына сан алуан қырлы ақпарат көлемін сыйдыра алатын эстетикалық қасиетке, көркемдік пен стильдік кемелдікке ие мәдени-рухани феномен деп танитын болсақ, онда ұлттық дәстүрлі әдебиеттанудың шегінен шығатын кең ауқымды гуманитарлық концепциялардың бірінің жалына жабысқанымыз жөн.
Айгүл Ісмақова негізін салған «Кең ауқымды гуманитарлық концепция» ғана Қазақ әдебиеттанушыларын осы қысталаңнан алып шыға алады. Туындыны полихронды әм көп қатпарлы құбылыс деп ұғынып, эстетикалық қозғалыстағы әдеби-рухани кеңістік деп қарастырып, оның белгілі бір тарихи-әдеби кезеңді таныта алатындығын түстеп танып, ұлт мәдениетіндегі нақты әдеби процестің бір бөлшегі деп санап, қаламгер шығармашылығының бір айшықты мезеті деп басқада ерек белгілерімен бірлестікте ала отырып, кең ауқымды зерделеп ой түю ғылыми күн тәртібінде тұр.
Бұл концепцияның басқаларынан артқышылығы бір ғана әдіске басымдық бермейді, қайта – әдеби және бейәдеби факторларды бірілікте алып, тиісті жерінде ғана белгілі бір аспектіге басымдық беріп отырады. Біз мәселенің мәнісін негізгі әдебиеттанушылық проблемалардың жалпы сипаттамасын Мақсат Әубәкіровтің «Әулие Ырғызбай және Тылсым Дүние жұмбақтары» туындысы арқылы бастағалы отырмыз.
Қазіргі қазақ прозасының негізгі әдебиеттанушылық проблемалардың жалпы сипаттамасына тоқталар болсақ, ең алдымен тұлға, туынды, көркем шығармашылық үшемінің аражігін айырып алуымыз керек. Осы үшеуін бірлестікте қарастыру «түрлі -измдерден» әбден шатасып, енді-енді еңсесін түзеген әлем әдебиетінде жақында ғана бой көтерген жаңашыл әдіс-тәсіл.
Ең алдымен тұлға, туынды, көркем шығармашылық үшемінің аражігін айырып алуды көздеген бұл әдебиеттанушылық амалят әдеби туындыны тұлғат, қоғам, көркем туынды, мәдениет т.б. тұтаса кіндіктескен ерек феномен деп таниды. Бір өкініштісі, ешбір жоо әдебиет теориясы кафедралары осыған ден қоймай отыр.
Бұл жаңа әдістің артықшылығы тұтастықты түрлі бөлшектерден құралған әлдебір жүйе деп танымайды, қайта, керісінше, оған кіретін әр элементі өз алдына тұтастық құратын тұтастық деп таниды. Көпдеңгейлікті бірінші орынға қоя отырып, жалпының жалқысының да жалпысы барлығын айқындайды.
Әдеби-көркем туындыны талдауға әм бағалауға жаңаша бағдар ұстанған бұл теорияның арқа сүйері тұлғаның образды концепциясы. Бұрынғыдай идеяға еш басымдық берілмей, оны керісінше сезімдік қабылдауға ықпалы бар ақпарат берудің образдық бір тәсілі деп таниды да, образды үшке бөледі: туынды образы, оқырман образы және автор образы. Осылайша, қазақ прозасындағы образ көпдеңгейлілігі онша қарастырылмай келеді. Оның себебі, қазақ әдебиеттанушылары көпдеңгейлі тұтастық әдісін енді ғана қолға алып жатыр.
Аталған туындыдағы автор образы ұлтымыз үшін «әйнексудағы білімге» айналған еуропалық білім мен танымға қарсы өз ойын милетіне таныту. Жалпы қазіргі таңда қазақ оқырманының қолына тиіп, көңіл көзін ашып, дүниетанымының көкжиегін кеңітіп отырған назиралық аңыстағы интеллектуалды проза өз бойына шығыстық гуманитарлық ғылымының барлық қатпарларын сіңірген «кигіз кітап» болып табылады. Бабақазақ жазба мәдениетінен бастау алған қазақ прозасының қазіргі таңдағы назиралық барша тамаша туындыларының кішік құрылым (микроструктура) өзегінде іріг құрылымның (макроструктура) барша тағантастық сипатты барлығын естен шығармауымыз керек. Осылайша кішік құрылым мен іріг құрылымдық саралауды әдеби туындыға қолдану қосарлы синтездің кілтін табуға септеседі. Таяқтың екі басындай осындай синтез: белгілі бір автордың өзі туындысын жазу барысында ойға алып, кейін шығармашылық мехнатпен жүзеге асырған мазмұн жоспары мен айшықтау жоспарынан тұрады. Алғашқысы – туындының эстетикалық қырына есік ашар болса, соңғысы – шығарманың өздік эстетикалық татымы. Міне осы екі жайт зерттеуші тарапынан өзінің түп тамырын қазбалап, бас жігін айыруды қажет етеді.
Енді көзі ашық оқырман ықыласы мен әдеби-мәдени зиялы ортаның ілтипатына бөленген кез келген туындыны қолымызға алып, зерделеу жасаған шақта оның мазмұндық және семантикалық деңгейіне ден қоямыз.
Алаш зерттеушісі төмендегідей сауалдар төңірегінде ой қозғап оған жауап іздейді. Туынды бойында орын алған қандай идеялар көркемдік-ғылыми зейін аударуға тұрады. Автор қолданған көркем ақпарат қалай берілген әм ол оқырман тарапынан қалай қабылданады. Туындыдағы авторлық тұлға үшін өнердің мәңгілік өзектілігі мен көкей кестілігі неден тұрады деген сауалдар төңірігенде жауап ізделеді. Оны табу да, таппай құр далаңдау да зерттеуші жазымышы.
Қаламгер Мақсаттың алға қойған жазушылық басты міндетті еуропалық «әйнексу біліммен» шектеліп, дейдейтүркі мәдениетінінің мөлдір бастау бұлағынан нәр алудың орнына крандағы судай батыстық үрдістің жетегінде кетушілікпен күресу. Дүниенің тылсым сырларына қатысты ой толғай отырып, мұсылман қазақ әулеиелігі жайлы бірде ғылыми байыптылықпен, бірде көркем сөзбен кестелген ой толғам жасаушылық туынды құнын артырып тұр.
Әрі бір стиль екіншісін алмастырып, бір жанр келесіне ұласады. Бұдан шығарма құндылығына селкеу келтірмей қайта автор ұтып отыр.
Ұлт мәдени әм рухани құндылығы қатысты өз оқырманын сұхбаттасуға шақырған автор: «...Қаперсіз қайран қазағым, қасиетті айынан айнымаған елдерден қашан үлгі алар екенсің? – дегің келеді. Иә, бізде белгі көп. Өзімдікі дейін десең атын атап, түсін түстеп өзгелер иеленіп алған. Өзгенікі дейін десең өзімізде бар. Осы бір ерте туып, кеш қалып жүрген жоқпыз ба? Бұл белгілерде негізінде үлкен мән бар. Біз соны да ескеруіміз керек. Ұлы Конфуций: «Болашақта дүниені рәміздер мен белгілер билейді» - деген екен. Бұл да бір тылсым дүние...»
Қазқтың өмірден әм ғылым мен мәдениетінен өз орнын табуын қазақ прозагерлері өз туындыларында басты орынға қойып отыр.
Зерттеуші ретінде «Әулие Ырғызбай және Тылсым Дүние жұмбақтарынан» мәселенің мәнісіне жауап іздеген шақта осы сауалдарды айналып өте алмаймыз. Бізге ұсынылған ақпараттың баршасы образдылықпен сомдалған тұлға концепциясы төңірігіне шоғырланып, одан кейін автор қалауымен пайымдала «сараланып» көркем типтендірудің (әдіс, тек әм метажанр) стратегиясының көмегімен тұтастана туындаған деген тұжырым жасаймыз.
Жұрт назар аудармай жүрген бір жайт көркем мазмұн ой қисынына салғанда реалдылық, тұлға, қоғамдық сана, таным-түсінік, психика сынды бейәдеби (extraliterary//экстралитературный) санаттардан өрбіп шығады. Бұлай болатын себебі көркем туынды бейкөркем қатпардан тұрып, оның осы тағантасынан бүткіл көркемдік өсіп өркендейді. Біз жоғарыда сөз етіп кеткен көркем типтендірудің стратегиясы тап осындай тағантас болып табылады. Бұл орайда, бірінші кезекте шығармашылық (көркемдік) әдістің орны ерек.
Біз көркем әлемді қабылдаған шақта өмірдегі шындықпен емес, оның туындыгерлікпен өмірге келген үлгісімен бетпе-бет келеміз. Әлбетте, тап осындай аңсарлы үлгі материалды қалыптанады. Қазіргі назиралық шоқтықты туындыларындағы қазақ әлемі қаламгерлердің қолданған шығармашылық (көркемдік) әдістің арқасында бізге эстетикалық ләззат сыйлайды. Тап осы арада біздің алдымызды айшықтау жоспары, стиль кес-кестейді. Ол өз бетімен емес, қайта туындының идеялық-мағыналық, семантикалық дәрегейіне толық басыбайлықта өз заңымен, дербес те, оқшаулана тіршілік кешеді.
Автор туған жері Тарбағатайдың асыл тәжі Ақсауаты жайлы «...Бұл өңір шашасына шаң жұқпаған осы даланың Бренді атақты тұлпар Елікжирен мен кешегі Дарабоз батырдың қасиеті Қубас аттарының тұяқтары мөр болып басылған жомар та, қарпайым өлке...» деп төгілтіп келе жатып, аршар әдісі арқылы стилін құбылтып жіберіп: «...Ғасырлар бойы өз құпиясын жұмыр тастарымен жұмбақтаған Бөртастаған тасының кереметі де осында, оның тарихи пердесін осы күнге дейін ешкімнің де дәті барып сыпыра алмауында. Айтылып жүргеннің бәрі жай болжам, әркімнің теориялық пайымы, әуесқойлардың әуестік ойлары. Ұлы даланың жұмбақтарының бірі осы бір алып тастың ғылыми тұжырымын жасап, соңғы нүктесін қоятын адамының әлі табылмауы да ұлы даланың ұлы жұмбақтарының бірі шығар..» деп оқырманын еліктіріп, ғылыми ой топшалау жасауға көшеді. Бұл қазақ әдеби процесіндегі жаңа құбылыс. Өзін ақтайтын соны стильдік айшықтау. Автор осылайша оқырман санасына ой сала отырып: «...Енді Бөртастаған жайлы ғылыми ойлардың бар екенін білдік. Сексенінші жылдардың басында Республикалық «Жұлдыз» журналында Тұрсын Жұртбаевтың «Ақсуат арналары» деген жол сапарлық тарихи-танымдық көлемді мақалалар топтамасын оқыдым. Сол эссе-толғауда «Бөртастаған» жайлы автор бұл Тайгаға түсті деп таба алмай жүрген Тұңғыс метеориті болуы мүмкін деген болжам айтыпты» деген пайымды жария етеді.
Өз тарапынан:
...Белгісіздеу тарихың, тағдырың да,
Зулай-зулай ғарышта блдырдың ба?
Спарың аяқталмай Тайга жақта,
Нүктесін біздің жерде қалдырдың ба? - деп ой кестейлейді.
Істілді тап осы тұрғыдан тәпсірлеген шағымызда кез келген мазмұнға иелік ете алатын көп деңгейлі жүйенің эстетикалық айшықтануы ретінде еректенеді. Осы жағдайда туыныдының асыл өзегін құратын тіл істілдің кей жағдайда ғана басымдыққа ие элементтерінің бірі ғана. Көркем тіл ақпаратты тұтынушыға (дегдар оқырманға) «сығымдалған» түрде ұсынылмайды, қайта оның бойына образды айшықтау арқылы көп дәргейлі тізбекті моноорталық құрылым (моноцентрическая структура) тұмшаланған аса күрделі көп жосықты ақпаратты сыйдырады. Бір сөзбен айтқанда бұл сөйлеу тілі емес, оразды таңбаланған ақпараттық көркем тіл. Бұның себебі, туынды әлемінде данышпандық тегінің дәнегі байыздаған тұтасқан тұлғат концепциясы бұғып жатады. Осы тұтасқан тұлғат концепциясы басым көпшілік нашар қабылдаған туындының әдеби бағын асыратын жағдайларда орын алып тұратындығын естен шығармауымыз керек. Біз қазіргі таңда Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебін», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешуін» қанша жерден ұнатпасақ та, онда идеялық кезеңдік адасқан жандардың бейнесін шығармашылықтың «әдістемелік айнасынан» беймарал аңғарамыз.
Осы бағытта дамуды қолға алған қазақ әдебиеттануы бұрынғы ғылыми орта көзі көндіккен әдебиеттану атанудан арылады. Өз ішінде жіліктеліп, пікірдің бірде жарасымы енді бірде таласымы бар алуан сала мен бағыттағы көптарапты милети жаңарған әдебиеттануға айналады. Туынды генезисін тұтасқан зерттеушіліктегі эстетикалық, амаляттық және мәдени феномендердің басымдығына орай әр әдебиеттанушылық мектеп пен оның өкілдері түрлінше ой пікір түйіндейді.
Бар мәселе бұл жерде зерттеуші ретінде тұлғат теориясын эстетикалық амаляттың әм объект, әм субъектілік қырын қалай тарамдай білуімізде.
Түрлі қисын мен қилы әдебиеттанушылық ұстанымдағы отандық сөз өнерін зерттеуші ғалымдарымыз көркем типтендіру теориясының негізгі стратегиялары: әдісті, текті, метажанр мен жанрды бірлікте алып 2000-2019 жылдар аралығында дүниеге келген прозалық туындыларды қарастыра бастады. Жоо мен ғылыми зерттеу орындарында еңбек етіп жатқан қазақ әдебиет назариятшылары қаһармандық, сатиралық, трагедиялық, гуманистік-идиллиялық, юморлық, драмалық әм ирониялық пафостардың өзара байланыстылығы мен шарттастығы негізінде кеңестік иделогиядан арылған ұлттық рухани-эстетикалық санаттаманың теориясын өмірге әкеле білді.
Әрі әдебиетімізде қилы дәуірлерде орын алған зар-заман, діни-сопылық және т.б. ағымдардың әдісі мен стиліне және көркемдік жүйесіне (түркі классицизмі, алаш романтизмі, қазақ-кеңес реализмі, қазақи постмодернизм және т.б..) қатысты ұлттық кең ауқымды концепциялар түзілді. Тұңғыш рет өзге мәдениет пен дәстүрдің орнықтырған әдеби-мәдени ұстанымдарына жалтақтамай, көркем туындының қоғамдық санада алатын орны молынан қарпылған дүниелер өмірге келіп, әдебиеттегі милети психологизм жан-жақты қарастырыла бастады.
Ең әуелі әдебиеттегі тұлға турасында сөз етпес бұрын, алғыстан орғыта отырып, әдеттегі өмір мен мехнаты көп ғылыми өмірдегі тұлғаның не екендігін айырып алған ләзім. Тұлға туралы қазақ зерттеушілері 3. Фрейд, Э. Фромм, К. Г. Юнг, В. Франкл және басқада Батыс ойшыларының еңбектерінде қалыптасқан ұғым-түсініктерді қазақи дүниетаным аясында саралаудың жолына түсіп отырған жайы барлығы бәрімізді, оның ішінде әдебиеттануда жүргендерді қуантады. Қазіргі әдеби процестегі танымал қаламгерлер мен көзі өткен классиктерімді кең ауқымды зерделеген шақта тұлға, болмысят (характер), адамның рухания амаляты (духовная деятельность человека), психика, сана және тағыда басқа ұғымдарға ден қоюмыз керек. Қазақтың өзі жайлы зерделеуді қажет ететін әр қаламгері біртұтас нышанат (объект) болып табылғандықтан адам бойындағы психофизиологиялық әм рухани бастау көздің, саналықпен пен бейсанасыздықтың өзара шарттастығы ескерілуі керек. Әйтпесе, әлдекімдердің әлдебіреуден естіген-міс дейтін алыпқашпа әңгімелері заңғар тұлғалардың асыл бейнесіне қаяу түсіреді.
Жалпы осы қадамға барып отырған зерттеуші автор әдебиеттегі тұлғаға қатысты жеке бастық сананың мазмұны мен құрылысы туралы өздік жауап таба білуі керек. Әрі қоғамдық сана мен суреткер санасының біртұтастығын үнемі қаперде ұстап отыратын болса, онда белгілі бір дәуірдегі ұлттың біртуар қаламгерлеріне қатысты тамаша зерттеу еңбектері өмірге келгені.
Тап осындай жағдайда ғана тұлғаның қыры мен сыры ашылады. Тәпсірлеудің осы тұрғысынан алғанда көркем туынды – «көркем типтендіру стратегиясының» ерек көмегі арқылы туындайтын шығармашылық актінің туындыгерлік концепциясы болып табылады демекпіз. Қазақ ғалымдары өз зерттеулерінде «Көркем типтендіру стратегиясының» ең бастыларына: әдісті (типологиялық бірлігі мен нақты-тарихаттық қырынан), текті, метажанрды әм жанрды жатқызады. Стиль болса, қаламгерлер таңдап алған стратегияға бойынша көркем айшықтаушылықпен сюжеттік-композициялық деңгей, ежегей (деталь) өзек болуы септескен сөздік дәрегейдің бірде тіл заңдылғына бағынысты, енді бірде оған бой ұрмаушылықтың түрлі реңкте көрініс беруі.
Бар даулы дүние қаламгерді тұлғат ретінде ұлтына танытқан асыл сөзі «идеялық феномен» бе, әлде «тілдік феномен» бе деген сауалды тілші мен әдебиеттанушының екі түрлі ұғындыруында. Әдебиеттанушының артында оқырмандардың қалың қауымы мен пікірлес аралас ғылымдардың сойлары тұр.
Көркемдіктің өлшем белгісі болып табылатын әдісті қазақ әдебиеттанушылары тар тілдік емес, ғасырлар бойғы барша адамзат баласының ақыл-ойы жинақталған гуманитарлық ғылым аясындағы назарияттық ойлар негізінде саралауды жолға қоюы. Әдебиеттану туралы әдеттегі түсінігімізді 380 градусқа өзгертіп жіберді.
Жаңашыл (гуманитарлық) қадам барысында әдебиеттанудағы дәстүрлі «мазмұн» мен «форма» ұғымы өзінің «абсолюттік» ақиқат сипатынан айырылады. Көзі қарақты жан отандық ғылыми еңбектерде осыларға қатысты екеуінің бірде басым, бірде тепе-теңдіктегі арақатнасы сөз етілетінен аңғара бастады.
Туындының шығу төркіні проблемасы түркілік, ұлттық және шығыс пен батыстық әдеби дәстүрдің ыңғайына орай қолға алынып, тұлға концепциясы мен стильдік ауысып алу мұрагерлігі екі бөлек қарастырылатын зерттеулер қазақ ғалымдары тарапынан қолға алынуда. Туындының көркемдік дәрегейі «элиталық» және «бұқаралық» аспектісі айырылады.
Біз сөз етіп отырған туынды «Әулие Ырғызбай және Тылсым Дүние жұмбақтары» осының алғашқысына жатады.
Қазіргі қазақ әдебиеттануында «әдебиеттегі психологизм проблемалары» назарияттық тұрғыдан жан-жақты қарастырылу үстінде. Ғалымдарымыз ұстанып отырған әр түрлі концепциялар аясында белгілі бір қаламгердің туындысындағы персонаждың этикалық психологиялық құрылымын эстетикалық психологиялық құрылымға айналдыру заңдылықтары түрлінше көрініс табуда.
Соңғы 19 жылда «ұлттықты» әдебиеттегі көркемдік фактор ретінде саралауға айқын бағдар ұстанылып отыр. Бұрынғыша қазақилықты сүйкеп өте шығушылық дағдысынан арылған зерттеушілер мазмұндық деңгейдің қатпарлы тереңіне бойлауға көше бастады.
Осы жолда «алаштық өлшем үлгісіндегі» «көркемдік потенциалға» жаңаша көзқараспен қараушылық үстемдікке ие бола түсті. Дәстүрлі «Еуротектіліктен» арылған көркем туынды тұтастығындағы «алаштық өлшем үлгісі» өз зерттеушісін ұлттық әдебиеттану проблемаларын шешудегі милети философиялық эстетиканы қалыптастырудағы соны ізденістерге ұластырады. Бұндай әдіснаманы ұстану шығарма тініндегі мәдени феномендер тізбегі мен шеңберін тек қазақша ұғыну мен алашша түсіндіруге мүмкіндік береді. Сол кезде мораль, саясат, философия және басқада кез келген бейкөркем факторлар ұғынықты болады. Әрі олар туындының эстетикалық жамылғысына айналады.
Әдеби туындыны мазмұн мен сөз саптамнан тұратын тұтастық ретінде түркіден ұрланған «жоғалған мәтін» трактатының авторы атанған гректік (Аристотелдік) аудармада қарастырылды. Бірақ бәрін бүркеуші изеуиттер «Құдай кәрінен» қорқып әл-Фараби бабамызды екінші ұстаз атандырып, оның әдебиеттанушылық еңбектерін Аристотельге теліп жіберіп, плагиаттықпен өз жандарынан готикалық түркі әдеби дәстүрін ұстанған гректік авторлардың шығармаларын кірістірді. Түркі бағзы романдық дәстүрімен жазылған дейдейтүркілік және кейігтүркілік туындылар не өртенді, не Ватикан кітапханасының зынданында жатыр. Бізге жеткені Жүсіп Баласұғынның түркі символизмі негізінде жазылған «Құтты Білігі» ғана...
Әр дәуір әр онжылдық сайын қазақ прозасында «Құтты Білік» үрдісі жаңғырып, жаңарып отырады. Назиралық алаш прозасы бір сөзбен айтқанда еліктеуге негізделген материалдық таңбалар мен образдар аңсарлы (идеалды) көркем мазмұнмен байығады. Аристотел көркем тұтастықтың үйлеспейтінді үйлестіретін, сыйыспайтынды сыйтыратын ішкі қарама-қайшылығын аңғарып, оның әлдебір тұлға төңірегінде топтасатынын түйіндеп уәждеп беріп, әр дәуірде әрқилы қарастырылған заманалық гуманитарлық теорияларға арқау ете білді. Бірақ амал не бәрі де еуротектілік концепция аясында тар шеңберде қарастырылып, бір ғылыми өтірікті келесі ғылыми жалғандық іліп әкету дәурені әрі жалғасып келеді.
Мазмұн феноменінің белгілі бір сөз саптам арқылы танылу табиғаты, эстеттенген ділдік қызметі пікірлері тоғысатын славян, роман, герман және пікірілері бәрін өз қарына тартатын үнді-қытай мен түркі әдебиеттанушылары тарапынан жаңаша қарастырыла бастады.
Осы туындыдағы бір ақиқат кейіпкер (Ырңызбай әулие тұлғасы) төңірегіне топтасқан сөз саптам мен туынды мазмұны бірлігін ешкім жоққа шығармайтын ғылыми аксиома.
Форма мен мазмұнды жан мен тән деген ұғымды гуманитарлық барша орта мойындады. Орыстар болса бұл пікірді бірінші болып, неміс философтары идеялары мен концепциялары негізінде В. Г. Белинский айтты, әрі Г. Н. Поспелов кеңестік дәуірде одан ары дамытты деген пікірді ТМД кеңістігіне мойындатып үлгерді. Шынымен солай ма?! Бұған қазақ әдебиеттануында А.Ісмақова, А.Қыраубайқызы, Б.Майтанов және Р.Нұрғали т.б. өз зерттеулерінде осы мәселені тікелей болмаса да, жанама түрде қарастыруда барша мән-мәнісі образбен сомдалған, авторлық уәжбен пайымдалған тұлға төңірегінен өрбитін «Форма мен мазмұн жан мен тән ретінде бірде үйлесетін, бірде кереғар енді бірде бір-бірінен тәуелсіз тылсымды әлем» деген өз концепцияларын үстеді. Қазақ ғылымдары әлем бәшрилерінің (гуманитарларының) осы мәселеде әрқилы пікір ұстанып отырғандарын алға тарта білді.
Бұдан кейінгі буынның өкілі болып табылатын отандық жас әдебиеттанушылардың бірі саналықпен, енді бірі санасыздықпен жеке туынды мен ұлт әдебиетінің іріг (макро) және кішіг (микро) деңгейінің тұтастығы төңірегінде өз ұстанымдары мен концепцияларын алға тартып отыр. Бұл орайда Тыныштықбек төңірегіндегі Семей және Ақсұңқарұлы айналасындағы Қарағанды әдебиеттанушылық мектептері мифологиялық, мәдени-тарихи, салыстырмалы-тарихи, психологиялық аңыстағы әдебиет пен миф, әдебиет пен әлеуметтік-имандылық, мәдени-тарихи «орта», әдебиет пен шығармашылық дербес тұлғат синтетикалық бірлігі түрлі жапсарда тоғысқан соны зерттеулерді қолға ала бастады. Басты орынға қазақ гуманитарлық ғылымында қаламгердің дербес тұлғасы шықты. Соның негізінде тәуелсіздік жылдары әдебиетті танудағы басты қадамдарын басты жоо әдебиеттанушылары өнер туындысы – өзінен-өзі туа салатын дүние емес, белгілі бір себеп-салдар мен шарттылықтардың тоғысынан тұратын арда әлем деген ұстаным төңірегінде тоқайластырып отырған жай бар. Осының арқасында әр ғылым ортаның өзіндік әдіснамалары өмірге әкеліп, ғылыми ортаға ұсынып отыр.
Мәдени-рухани контекст бейэстетикалық құбылысты эстетикалықпен салыстыру арқылы тың ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді. Бұрынғы бір жақты әдебиеттанушылық зерттеулерді көп қатпарлы гуманитарлық зерделеулер алмастырды. Бәріне ортақ бір дүние – тұлғат төңірегіне топтасқан «мазмұн» мен «форма» болып табылады. Қаламгер саналылықпен мәдени-рухани контекстенгі бейэстетикалық құбылысты Ырғызбай әулие төңірегіне топтастыра біліп, бітімі бөлек туындыны өмірге әкеле алған.
Кезінде Мағжан Жұмабаев «Біз үйренетін Еуропа бір молда емес, мың молда» десе, енді қазақ прозагерлері бізден үйрену арқылы «Еуропа әлемді алжастырған мың молдаға айналып отыр» деген өз мәдени-рухани концепцияларын алаш оқырмандарына ұсынып отыр. Мақсат Әубәкіровтің жаңа туындысы осы концепцияны ту етуімен құнды.
Біз жаңаша сипатта жазылған туындыны жұрт оқысын деп тек салыстырмалы әдебиеттанушылық жосықта өз ойымызды алға тарттық. Батыс – бізге пір емес, қазақ әдебиеті – ешкімге шәкірт емес. Осы бақыт әзірше прозашыларға бұйырып отыр. Оның жарқын дәлелі – Мақсаттың «Әулие Ырғызбай және Тылсым Дүние жұмбақтары». Одан асып түсетін ұлттық прозамызда дүркіндей өмірге келіп жатқан әдеби жаһұттар бар. Олар туралы сөз айтатын зиялы орта бар. Біздікі тек бір ғана қаламгердің, бір ғана туындысы төңірегінде сипай қамшылай сөз айтып, милеттің ұйқыдағы ойын түртпектеу.
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.