Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Бауыржан Жақып. Әдеби жобамыз үш жылға арналған......

24.09.2024 1104

Бауыржан Жақып. Әдеби жобамыз үш жылға арналған...

Бауыржан Жақып. Әдеби жобамыз үш жылға арналған... - adebiportal.kz

Жазуды үйренуге бола ма? Әрине, о баста негізде болмаса, Құдай қабілет бермесе бекер. Дегенмен, жазған сайын сыры ашыла түсер жазудың жолында оқу, іздену – Құдайдан берілген талантты ширата түседі. Қаламгер оқып, салыстырып, пікір түйіп, өз жолын іздеуде ой кеше алса ғана осы арқылы әдеби танымы өсіп, талғамы қалыптасады. Мысалы, Стефан Цвейгтен новелланың жаңа моделін танып, детальдарды ойнатуды, Чарльз Диккенстен ғажайып кейіпкерлермен таңғалдыруды, ал Акутагава мен Маркестен лаконизмді, Сомерсет Моэмнен қарапайым әңгімелеу үлгісін көруге, жазу  шеберлігіне зер сала отырып, өз бағытыңды табуға болар еді. 

Биылғы жыл Қазақстан Жазушылар одағы үшін жаңа жобалардың, ізденістің жылы болды деуге болады.  «Қазақстан Жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі  үш бірдей жобаны жеңіп алғаны ақпарат құралдарынан белгілі. Соның біреуі «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы. Бұл жобаның ерекшелігі  - жас қаламгерлер он күн бойы бас қосып, оларға халықаралық беделді әдеби сыйлық иегерлері, Қазақстанның халық жазушылары, танымал ақын-жазушылар, жетекші әдебиеттанушы ғалымдар, әдебиеттің баспа ісіне қатысы бар кәсіби мамандар дәріс оқып, шеберлік дәрістерін өткізген. Біз осы «әдеби шеберлік мектебі» жөнінде жоба жетекшісі, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі  Бауыржан Жақып ағамыздан тарқата сұраған едік.

- Бауыржан аға, алдымен осы жоба туралы айтып өтіңізші.  «Әдебиет порталы» оқырмандарына түсінікті болуы үшін, бұл жоба қандай жоба, мақсаты не деген сұрақтан бастайық.

 - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және танымал ету, архив ісін жүзеге асырудың тиімділігін арттыру» бағытындағы мемлекеттік тапсырыспен стратегиялық әріптестікті іске асыру бойынша конкурс жариялады. Осы конкурста «Қазақстан Жазушылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі»жобасын жеңіп алды. Жобаның мақсаты – жас қаламгерлерді қолдау, бүгінгі әдеби процеспен таныстыру, шеберлік дәрістерін тыңдату, жаңа шығармалардың жазылуына ықпал ету болғандықтан, жастарға шетелдік және ұлттық жазушы зертханасы қатысты шығармашылық бағыт-бағдар берілді.

- Жобаның талаптары бойынша қаламгерлердің жасы  35 жасқа дейін белгіленіпті және олардың Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болуы міндетті емес екен, бізде жазатын жастар аз емес, сіздер талапкерлерді қалай іріктедіңіздер?

- Шеберлік мектебіне кімдер келді дегенге келсек, Қазақстан Жазушылар одағы жанына құрылған арнайы комиссия талапкерлердің шығармашылық өмірбаянын саралау арқылы жобаға қатысушылардың тізімін бекітті. Онда Қазақстанның 17 облысы мен 3 ірі қаласын түгел қамтуға тырыстық.

Сонымен өткізген шығармашылық өмірбаяндарын және Қазақстан Жазушылар одағының жергілікті өкілдерімен ақылдаса отырып,төмендегі үміткерлер іріктеліп алынды. Олардың арасында Еділбек Дүйсен (Маңғыстау облысы); Бауыржан Игілік (Абай облысы) ; Абай Ораз (Ұлытау облысы); Самрат Құскенов (Солтүстік Қазақстан облысы); Ахмадиев Айбын (Алматы қаласы); Бақыткүл Сәрмекова (Атырау) бастаған жиырма жас қаламгер болды.

- Ал енді өзіңіз жауапты болған жоба «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебінде» шеберлік сабақтарын  кім жүргізді? Естуімізше ішінде осалы жоқ секілді... Олардың дәрістері кәсіби әдебиеттің талаптарына анық жауап берді ме?

- Сабақ беретін оқытушылар тобында: Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, «Нобель» сыйлығының номинанты Дулат Исабеков; Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов; филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚЖО әдебиеттану және әдеби сын Кеңесінің Төрағасы Жанғара Дәдебаев; Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, аудармашы Бақытжан Қанапиянов; ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, филология ғылымдарының кандидаты, ҚЖО поэзия Кеңесінің Төрағасы Әділғазы Қайырбеков; жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚЖО хатшысы Жүсіпбек Қорғасбек; ҚЖО Басқарма мүшесі, жазушы, драматург Асылбек Ихсанов; ақын, композитор, Ph(D) Бекжан Әшірбаев; жазушы, аудармашы, профессор, доктор Екрем Аян (Түркия); филология ғылымдарының докторы, профессор, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының президенті Абдылдажан Ақматалиев (Қырғызстан); Колумбия университеті Шығыс институты ауқымды классрум жобасының аймақтық директоры (Regional Director Global Classroom project of Earth Institute at Columbia University) Рафис Абазов (АҚШ);  көрнекті жазушы, бірнеше Халықаралық сыйлықтардың лауреаты Гузель Яхина (Ресей); зерттеуші, әдебиеттанушы, аудармашы Айнагуль Садыкова; әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Мұсалы болды.

Келесі сұрағыңа келсек, осы оқытушылардың әрқайсысы әдебиеттің әртүрлі жанрлары туралы, бүгінгі әдеби процесс, шетелдегі әдебиеттің дамуы, қазақ әдебиетінің шет тілдеріне аударылу мәселелері, классик жазушыларымыздың шығармашылық лабораториясы туралы әңгімеледі. Мысалы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек ері, «Нобель» сыйлығының номинанты Дулат Исабеков өз дәрістерінде өзінің шығармашылық лабораториясы, қазіргі қазақ прозасы мен драматругиясы туралы жан-жақты сөз қозғады. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы, Президент сыйлығының лауреаты Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық тарихы мен қазақ әдебиетінің әр жылдардағы бел-белестері туралы әңгімеледі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚЖО әдебиеттану және әдеби сын Кеңесінің Төрағасы Жанғара Дәдебаев өз дәрістерінде  Әдеби шеберлік және көркемдік қиял, Әдеби шеберлік және шығармашылық ой өзегі, Әдеби шеберлік және өмір тәжірибесі, Әдеби шеберлік және өмір құбылыстарының тобы, Әдеби шеберлік және тарих шындығы тақырыптарында ой қозғады. 

- Сонымен бас-аяғы неше дәріс өтті?

- Шеберлік мектебі бағдарламасы аясында 160 сағат дәріс тыңдалды. “Жазушылардың әдеби шеберлік мектебінде”шыңдалған  әрбір жас қаламгерге арнайы сертификаттар берілді. 

- Бұл жоба алғаш қолға алынып отыр ғой, келер жылы тағы жалғаса ма? ОЖалғасса осы адамдар дәріс өткізе ме? Осындай жобалар қандай мүмкіндікке жол ашады?

- Ия, мұндай шеберлік мектебі Қазақстан Жазушылар одағының тарихында тұңғыш рет ашылып отыр ғой. Үш жылға созылатын жоба болғандықтан жыл сайын дәріс беретін оқытушылар құрамына өзгерістер енгізілуі мүмкін. «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебіне» келер жылдары басқа талантты жастар тартылады. Оларды таңдап, іріктеу Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы арнайы комиссияның құзырында. Ал, нәтижеге келсек, бірте-бірте тәжірибе жинақтап, Қазақстан Жазушылар одағы жанынан «Әдебиет академиясын» ашуға мүмкіндіктер береді деп күтеміз. 

 - Бұл дәрістердің ішіндегі жас қаламгер үшін ең пайдалысы қайсысы болды деп айта аласыз? Мысалы, әдеби шеберлік жайында әңгіме болыпты. Бүгінгі әдебиеттегі жетіңкіремей жатқаны да осы ізденіс пен шеберлік екені анық…

- Ия, әдеби шеберлік туралы түсінік,  әдеби шеберліктің көркемдік қиялға қатысы, көркемдік қиялдың негізі, өлшемі мен мөлшері,  шығармашылық ой өзегінің тууы, оның әдеби шеберлікке қатысы жайлы әр қаламгер ойлануы тиіс. Өйткені шығармашылық ой өзегінің пісіп-жетілуі – әдеби шеберліктің негізі болмақ.  Жас қаламгерлерге шығармашылық ой өзегінің пісіп-жетілу кезеңдерінің айқындығы және әдеби шеберлік шарттары, әдеби шеберлік және қаламгердің өмір тәжірибесі, қаламгердің өмір тәжірибесінің, өмірбаян байлығының әдеби шеберлікті жетілдіруге ықпалы жайлы айтылды. Одан бөлек аудармаға қатысты да айтылды, мысалы, Бақытжан Қанапияновтың «Көркем аударманың проблемалары» атты  лекциялар циклының да жас қаламгерлер үшін берері мол болғаны анық.  Өйткені онда аударма барысында ескеретін негізгі қағидаттар мен аудармашы шеберлігіне нақты мысалдар келтірілді.

 Ал Әділғазы Қайырбековтің дәрістерінде айтылған «Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ поэзиясы» қазақ поэзиясындағы көркемдік ізденістер, идеялық бағыт-бағдарлар, тақырыптық-танымдық арналар бүгінгі күннің талаптары тұрғысынан бағаланып талданып, «Қазіргі қазақ поэзиясының даму бағыттары» тақырыбы аясында Қазақ поэзиясындағы жанрлық ізденістер сөз болды. Сондай ақ, Жүсіпбек Қорғасбек лекцияларында қазақ әдебиетін нарыққа шығару жолдарына тоқталды. Бұл да керек, өте өзекті мәселе

Бұдан бөлек әдебиет маркетингі және әдебиет айналасындағы аңыздар мен нейромаркетинг (француз әдебиетіндегі Жаңа Роман тарихының сабақтары, қазақ әдебиеті маркетингін қалыптастыру жолдары, әдеби шығармаларды  әлемдік кітап нарығына енгізу мәселелері); Қазақ әдебиетіндегі пафостық элементтер, суицидтік сарын және плагиаттық көріністер, (ақын-жазушылар неден адасып жүр, нені тап басып тани алмай келеді немесе көзсіз еліктеушіліктің салдары); Әдеби тілдің нормасы және тәуелсіз сана (Данте Аллегьри қалыптастырған әдеби тіл, Абай қолданған диалектілер, қазіргі әдеби тілдің ахуалы); Бұқаралық коммуникация заманындағы әдебиет (кітап та бұқаралық коммуникация құралдарының қатарына кіреді, демек оның заңдылықтарына да бағынуға және санасуға тиіс екені және одан туындаған проблемалар); Дәстүрлі әдебиет: шындықпен бетпе-бет (Қазіргі қазақ әдебиетіндегі заманауи проблемалар және оның әлем әдебиетімен ұштастығы) деген тақырыптар кез келген қаламгерге қажетті ақпарат береді, маңызы үлкен деп айтар едік. 

- Қаламгерлер драматургияға қатысты да толымды дәріс алған екен. Қазіргі уақытта драматургтер бар, драматургия аз деген шақ қой. 

- Ия, әдебиеттің барлық жанрын қамтуға тырыстық. Драматург Асылбек Ихсанов драматургия саласы бойынша лекцияларында Аристотельдің «Поэтикасындағы»драма теориясы және ежелгі үнді «Натьяшастрасы», (б.э.д -5-ғ.-б.з. 7-8 ғасырлары) драма трактаттары, ежелгі түркілік дүниетаным, шумер мәдениеті және өнері, «Қорқыт Ата»жырының драмалық негіздері, жапонның «Кабуки», «НО» театры туралы жүйелі түсіндірді. Сонымен бірге бүгінгі Оңтүстік Корей театры драмасының ерекшеліктері айтылды. Драманың сахнадан тыс оқиға, оқиғалар легі, интрига, конфликт, басты оқиға, басты конфликт, басты қаһарман тағдыр талайы, шарықтау шегі, финал, этюдтық вариант, бөліктермен  жұмыс, жоспар, Шығыс режиссурасы және Батыс режиссурасы ерекшеліктері,  идеяны анықтау, құрылымын түзу, композициясы, мәтін тығыздығы, сюжетті қимыл-әрекетке құру, ашық конфликт, астыртын конфликт, антикадан бастап бүгінге дейінгі драма техникасы, ұлттық символдар, белгілер және батыс драмасындағы символизм жайлы толық мағлұмат берілді.

- Ал, шетелдік лекторлар ше? Мысалы, Түркиядан, Колумбиядан, берісі Қырғызстаннан келген әдебиетшілердің әңгімесінен не есте қалды?

- Жазушы, аудармашы, профессор, доктор Екрем Аян (Түркия) Түркиядағы қазақ тіліндегі трансляциялар, қазақ әдебиеті, қазақ поэзиясы, түрік әлемінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, түрік әлеміндегі интеллектуалдық қозғалыстар, қазақ-түрік әдеби байланыстары болып келеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық Шыңғыс Айтматов академиясының президенті Абдылдажан Ақматалиевтің (Қырғызстан) дәрістерінде әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық лабораториясы туралы сөз болды.  

Колумбия университеті Шығыс институты ауқымды классрум жобасының аймақтық директоры (Regional Director Global Classroom project of Earth Institute at Columbia University) Рафис Абазовтың (АҚШ) лекцияларында қазіргі заманғы америка әдебиетінің трендтері бойынша қазіргі заманғы америка әдебиетіне кіріспе, соңғы онжылдықтағы Америка жазушылары шығармаларына және әдеби процестегі негізгі бағыттарға тоқталды.Та-Нехиси Коутс, Роксана Гэй, Колсон Уайтхед сияқты америка жазушыларының әлеуметтік-теңсіздік, гендер мәселесі туралы шығармаларына талдау жасады. Дэвид Фостер Уоллес, Дон Делилло, Том Маккарти сияқты америка жазушыларының эксперименттік тәсілдерді пайдаланған постмодернистік баяндау тәсіліндегі шығармаларына шолу жасады. 

Джумпа Лахири, Чимаманда Нгози Адичи, Вьет Тхань Нгуен сияқты америка жазушыларының иммигранттық әдебиеттің негізін қалағандығын әңгімеледі.   Көрнекті жазушы, бірнеше Халықаралық сыйлықтардың лауреаты Гузель Яхинаның (Ресей) лекцияларында өзінің шығармашылық лабораториясы жайында сөз болды. Оның оқырмандар арасында үлкен сұранысқа ие болған «Зулейха открывает глаза», «Дети мой», «Эшелон на Самарканд» атты кітаптары қалай жазылғандығы, олардың қалай туғандығы, жеке өзінің шығармашылық жоспарлары туралы әңгімеледі. Бұл жастардың ерекше ынта-ықыласын туғызды.

- Дәрістерде тәржіма мәселелесіне қатысты лекциялар оқылған екен. Бұл тек теориялық тұрғыдан ба, әлде практикалық жағы ескерілді ме, мысалы, қаламгерлер өздері де тәржіме жасады ма дегеніміз ғой. 

- әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Мұсалының лекцияларында   әдеби жанрлар, өлең мәтіні, әңгіме мәтіні, драмалық мәтіндердің түпнұсқасы мен тәржімасы қатар беріліп, салыстырмалы талдаулар жасалды. Атап айтқанда, қазақ және әлем әдебиетінің классиктері А.Құнанбайұлы, М.Әуезов, А.Пушкин, М.Лермонтов, Байрон, Шекспир, Э.Хемингуей  т.б. қаламгерлердің шығармасы мен оның тәржімасын   талдап, тәржіма сәйкестігі мен сәйкессіздіктер нақтыланды. Сол кезде жас қаламгерлер өз тарапынан тәржіма жасап (жолма-жол нұсқа, әдеби нұсқа), пікір алмасып, тәжірибе жасады.Әдеби мәтіннің тәржімасы, жалпы тәржіма өнері, тәржіма шеберлігі туралы ой-пікірлер ортаға салынып, талқыланды.

- Бізге мысалы, бүгінгі прозаның даму тенденицялары қызық. Жас қаламгерлер бұған қатысты не ала алды?

- Зерттеуші, әдебиеттанушы, аудармашы Айнагуль Садыкованың дәрістерінде қазіргі кездегі әдеби агенттің рөлі, қазіргі қазақ әдебиетіндегі нон-фикшн жанрлар туралы тартымды әңгімеленді.Сонымен қатар, қарабайыр шындықты көркем шындыққа айналдыру үлгісі; Жазушы тұлғасы; «Ойын мен ойыншы»; Философия мен әдебиеттегі «Өзге» мәселесі;  Әлем әлде адам?; Постмодернизм негіздері сияқты тақырыптар талданды.

- Жоба үш жылға арналған деп отырсыз. Келер жылы оқылатын дәрістер қандай бағытта болуы мүмкін? 

- Келер жылдардағы оқытушылардың дәрістері әдебиеттің өсіп-өркендеу жолымен тығыз байланыста қарастырылатын болады. 

- Осы жолы комиссия беткіткен қаламгерлермен қатар, жастар көргісі, кездескісі келген басқа ақын-жазушылар да келген екен...

- Ия, сонымен қатар шеберлік мектебінде оқитын шәкірттердің ұсыныстары да қабылданды. Мәселен, шәкірттердің қызығушылығына орай, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері,көрнекті ақын Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып), жастар сүйіп оқитын талантты ақын , Халықаралық “Алаш”сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы қосымша шақырылып,өздерінің шығармашылық лабораториясы жайлы сөз қозғады. Бұдан басқа шеберлік мектебіне қатысушылар  А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов музей-үйлеріне барып, ондағы экспонаттармен танысты.

- Ұсыныстар болды ма?

- Әрине болды. Олар мынадай: 1.Осы жобаны жыл сайын дәстүрлі түрде жалғастырып, осы мектеп тәжірибесі негізінде “Әдебиет академиясы” Жоғары оқу орнын ашуға әзірлік жұмыстарын жүргізу; 2.Келер жылы әр жерден шақырылған 20 жас қаламгерге оффлайн өткізілетін дәрістерді, онлайн түрде кез-келген тыңдаушыға қол жетімді ету; 3.Тыңдаушылардың сұранысына байланысты қазақтың көзі  тірі классиктерімен кездесу, жүздесу тәжірибесін кеңейте түсуді ұсынды. жас қаламгерлерге қазақ және дүниежүзілік сөз шеберлерінің шығармашылық лабораторияларымен таныстырудың, сондай-ақ шеберлік сабақтарының пайдасы тиеді деп есептеймін.

- Әңгімеңізге рахмет.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар