Биыл қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қабырғалы қаламгер, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Бегабат Ұзақов ердің жасы елуге толды. Ол 1973 жылы Қарақалпақстан АКСР-нің Беруни ауданында туған. Біршама жылдар бойы Қарақалпақстанда қазақ тілінде шығатын «Достық үні» газетінде, «Өркен» журналында әдебиет және мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Әңгімелері орыс, өзбек, қарақалпақ тілдеріне аударылған. «Жантаза», «Құлама құз, қара жер» атты прозалық, «Парасат парақтары» эсселер әдеби эсселер кітаптарың авторы. Шығармалары 10-нан аса ұжымдық жинақтарға енген. «Жантаза» атты әңгімесі Қазақстанда қазақ тілінен басқа тілде оқытылатын 11 жылдық жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті», Өзбекстанда қазақ тілінде оқытатын ЖОО-ларға арналған «Қазақ-қарақалпақ әдеби байланыстары» оқулықтарында оқытылуда.
Әдебиетші ғалым Қайыржан Аралбаев «Қысқа жанрдың хас шебері» атты мақаласында:
«Оның шығармаларында лирикалық әуез бен эстетикалық леп қатар есіп тұрады. Стилін проза мен поэзияға ортақ нәзік желімен тарта білу кез келген дарынға бұйыра бермейтін бақыт. Бегабат – ұлттық характер мен адами психологияны қатар өріп, кескіндеуге сарабдалдық танытқан жазушы. Мұндай шеберлікке жету – оқығаны мен ұғынғаны мол жандарға тән. Қарапайым қоңыр мақаммен баяндау, кейіпкерлерін нағыз халықтың ортасынан алу, олардың тыныс-тіршілігін аса жылы сезіммен көркем суреттеу машығы – жазушының әлі де оқырмандардың сусынын қандыратын ғажап, көркем дүниелер күтуге болатынына толық сендіре алады» - деп баға береді.
Проза, әдеби сын жанрларында қалам тербеп жүрген ағамызбен әңгімелесудің орайлы сәті түсіп еді. Сол сұхбатымызды оқи отырыңыз, қадірлі оқырман.
- Армысыз? Әуелі әдебиеттегі жолыңыз қалай басталғаны жайында бір-екі ауыз айтып берсеңіз...
- Мен 1973 жылы Қарақалпақстанның Беруни ауданы Қызылқала ауылында ауданға аты берілген әйгілі ғалымнан 1000 жылдан соң дүниеге келдім. Қаратаудың баурайында орналасқан, 100 пайыз қазақтар тұратын ауылымыз Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Нысан елді мекенімен шектесіп жатыр. Әріден айтар болсақ, атакүлдігім – Қазалы өңірі.
Өткен ғасырдың басында атам Ұзақ батыр ақтармен соғысып, өзіне қарасты ағайынды бастап, Хиуа жаққа ауып кеткен. Хорезм жерінде қандастарын қорғау үшін түркімендермен де қақтығысқан.
Әкем Ердес алпысыншы жылдарда Қарақалпақстанның Беруни ауданы Қызылқала өңіріне қоныс аударады.
Ауылымыз адамдары түгелге жуық ақтардан, қызылдардан қысым көріп, туған жерін тәрк еткендер емес пе, арқадан жел ессе, Қазалы жаққа елеңдеп отыратын. Өйткені, Байқоңырдан ракета ұшса, біздің ауылдың ауа райы бұзылып сала беретін-ді.
Бала кезімізде біз көрген ауылдың шалдары өсек-аяңға, майда сөзге жоқ-тұғын. Қазақтың ерлігін, елдігін танытатын әңгімелерге құмар-ды. Жанқожа батыр мен Дабыл батыр жайлы әңгімелерді тыңдап өстік. Дәретсіз жер баспаған баһадүр Жәкең аруақтар қозғалатын бейсенбі күні жауға аттанады екен. Сәрсенбі күні кешкісін тамаққа тойған әскерін дәрет сындыруға жібереді. Сосын сапқа тұрғызып қарап шығатын көрінеді. Аяқ киімі лас болған әскерді «боқ қағарың болмағанда, оқ қағарың болар ма?» деп тастап кетеді екен.
Сол Жанқожа батырды орысқа сатылғандар намаз оқып отырған жерінде атады. Батыр намазға сарта жүгінген күйі үш күн отырады. Жауы да жанына жолауға қорыққан дейді.
Дәуқара(қазіргі Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданы) жақта жүрген, жасы тоқсаннан асқан Дабыл батыр дұшпанға талай бірге шапқан досы Жанқожа батырдың мерт болғанын естіп, биік төбенің басында Қазалы жаққа қарап отырған күйі жан тапсырыпты.
Шалдардың айтуынша, Жанқожа батырдың бейітінің басынан Дәуқара жаққа көз тастасаң, Дабыл батырдың бейіті көрінеді екен.
Біздің Қызылқалада Сыр сүлейі Қарасақал Ерімбеттің жыр-дастандарын екінің бірі біледі.
Кезінде «Жұлдыз» журналының «Алтыншы дәптер» деген айдары болды. Ауылдың шалдары сондағы билердің сөздерін маған оқытатын еді.
Жазушы Молдахмет Қаназдың Жанқожа батыр жайлы мақаласын да сол «Жұлдыз» журналынан шалдарға оқып бергенім есімде.
Біздің елде той-мерекеде кез келген әңгіменің ауаны Сыр бойы, Қазалы өңіріне ауып барып, бір-ақ тоқтайтын. Өйткені, әр бір адамның көңілінің түкпірінде әулетінің аласапыран жылдардағы қилы тағдыры тас болып қатып қалған, атамекенге деген сағыныш жанарда жас боп тұнған.
Ауылға атамекеннен келетін туыстар міндетті түрде Қазалының тас кәмпитін әкелетін еді. Бүкіл ауыл болып содан ауыз тиетінбіз.
Есімді білгелі мойнымда бір былғарыдан тігілген тұмарым бар болатын. Дәл қашан таққаным есімде жоқ. Үйдегілер суға түскенде тұмарымның қалып кетпеуін ескертіп отыратына қарағанда, тұмардың ішінде пәле-жала, жамандық атаулыдан қорғайтын Құран аяттары бар шығар деп ойлайтынмын.
2004 жылы Қазақстанға қоныс аудардық. Атажұртқа табаным тиген кезде анам Айжамал мойнымдағы тұмарды алып, кішкене бәкімен тіліп жіберді. О тоба, тұмардың ішінде Қазалының тас кәмпиті бар екен. Кәмпитті бір сорғызып, тұмардың ішіне салып қойған ғой. Содан, сол жерде тас кәмпитті құшырлана тағы бір сордым. Бұл жолы дәмі ерекше еді. Жанарымдағы жасты ірке алмадым. Атамның, әкемнің көңілінде қалып кеткен сағыныш көз жасыма айналып саулап жатты.
Біздер үшін сол тас кәмпит Отанның белгісі болған. Бесінше сыпыпта оқитын кезімде қабырға газетінің редакторы болдым. Оны қызықты етіп шығару үшін өлең, мақала жазатынмын. Ең алғашқы өлең, мақала, әңгімем 1987 жылы газетте жарық көрді.
Отаннан алыста қилы тағдыр кешкен әулеттің өкілі болғандықтан, жастайымнан сырттағы қазақтың тарихын түгендеумен айналыстым. Хорезм Халық Республикасын басқарған қазақтар Меңдіқожа Ибниаминов, Қаландар Адинаев, Қарақалпақстанды басқарған Құрбанбай Қалекев, Кеңес Одағының батырлары Мақаш Балмағанбетов, Жұман Қарақұлов, Жұмағали Қалдықарев, Плис Нұрпейісов, Іният Наурызбаев, ғылым докторлары Сауқым Жаманғараев, Кеуденбай Кәрібаев, Исмайыл Сағитов т.б. сияқты ірі тұлғалар жайлы деректерді там-тұмдап жинадым. Күл астынан қайта тірілетін қақнұс(феникс) құс сияқты қазақ деген халықтың сан қилы азапты бастан кешсе де, болмысын жоғалтпай, рухани күш қуатын көрсете беретінін айтқым келген болар. Мені жазушы қылған – қазақтың қасиеті мен қасіреті.
- «Құлама құз, қара жер» кітабыңызға әдеби эссеңізден бөлек, он бес әңгімеңіз еніпті. Қай ұлттың қаламгері болсын, туған ұлтының құндылығымен сусындауы қажет деп санаймыз. Бұл тұрғыдан алғанда, әрине жазушыға артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр.
Сіздің соңғы жинағыңызға енген «Бесік» атты әңгімеңіздің басты кейіпкері Нұрбай өз досының берген арзан тақтайымен бесік жасап, сатады. Алты қызынан соң, әйелі ұл тауып қуанғанымен қуанышқа алысқа ұзамайды. Жаңа туған сәби бесік бөлесе болды, ыңылдап жылап, шошынып, бір күні демі үзіліп кетеді ғой. Соңыра байқаса, жаңа туған сәбиін бұрын қыздарын тербеткен көне бесікке жатқызбай, жаңа бесікке бөлеген екен... Бұл әңгімеңіздің символикалық астары бар ма?
- Жапондарда «өтпелі кезеңде өмір сүр» деген қарғысқа бергісіз сөз бар. Өтпелі кезең – қоғамдағы қалыптасқан құндылықтар жүйесін қайта бағалау кезеңі. Осындай кезеңде белгілі бір халықтың ұлттық санасына, күнделікті өміріне сіңген, белгілі бір уақыт аралығында қалыптасқан құндылықтар жүйесі күйреп, жаңа құндылықтар қалыптасады. Дәл өтпелі кезеңде құндылықтар жүйесі қайта бағаланып, дамуға қол жеткізіледі.
Өтпелі кезеңнің басында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы төмендеп, барлық сала дағдарысқа ұшырайды. Кешегі байсалды халық әп-сәтте сұрғылт массаға айналып шыға келеді.
Алып империя күйреген шақта елдердің кемесі қайраңға шығып қалды. Жоспарлы экономикадан жабайы капитализмге секіріс жасалды. Заман көшіне ілеспесең, жан бағу қайғы болды. Капитализм жайлы түсінік алып-сатарлықтан әрі асқан жоқ. Бұл өткенді аңсау емес, тұрақты қоғамдағы жаңа үдерістер жықпыл-жықпылдар арқылы жүргенін айту ғана.
«Бесік» - сол өтпелі кезеңде қоғамның, халықтың рухани азғындауының көрінісі. Бұл тек қазаққа тән проблема емес, жаңа бағытқа бет бұрған кез келген елдің басынан кешетін табиғи үдеріс. Ал ол үдерістің қай елде қанша уақытқа созылатыны билігіне байланысты.
Басы бірікпеген, мультимәдениетті халықтың ұлттық бірегейлігін қалыптастыру, озық білім беру, әділетті басқару ғана елді өркендеуга бастайды.
- Кеңес заманындағы қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтің һәм Бейімбет Майлин сынды классик жазушылардың қалыптастырып кеткен мектептері бар. Сіз өзіңізді қай мектептің өкіліне жатқызасыз?
- Бұл түсінік жабық қоғамдағы жазушыларға тән болса керек. Біздің бала кезімізден бастап әдебиеттің терезелері ашылып, дүниенің төрт тарапынан жел кіре бастады. Таңдау мүмкіндігі болғандықтан, жан-жақтан кірген желдің жағымды, жағымсыз екенін де ажырата білу мүмкіндігі пайда болды.
Ең алғаш репрессияға ұшыраған қаламгерлер шығармашылығымен таныса бастадық. Алдымызда Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтар әлемі айқара ашылды.
Одақ көлемінде айтар болсақ, М. Булгаков, М. Зощенко, Е. Замятин, В. Набоков, А. Платонов шығармалары жарыққа шықты. Бұл шығармалар одақ көлемінде дәріптеліп жатқан дүниелерге мүлде ұқсамайтын. Солар арқылы санамызға саңылау түскен болса керек, А. Рыбаковтың «Арбат балалары», А. Солженицынның шығармалары бір оқуға ғана жарайтын, көркемдіктен ада, публицистік сарына басым жазбалар екенін аңғардық.
Ш. Айтматов, Ч. Амирэджиби, Ф. Искандер, Т. Пулатов,Т. Зұлфықаровтарды да оқыдық.
Мен су ішкен өзендер - В. Ирвинг, Э. По, О. Генри, Дж. Лондон, Э. Уортон, С. Льюис, Ф. Фицджеральд, Т. Драйзер, Э. Хемингуэй, У. Фолкнер, М. Митчелл, Н. Уэст, У. Сароян, Дж. Сэлинджер, Х. Ли, Дж. Апдайк, Дж. Стейнбек, К. Портер, П. Остер, О. Уайльд, А. Дюма, В. Гюго, Г. Мопассан, О. Бальзак, Г. Флобер, Стендаль, А. Моруа, С. Моэм, Дж. Голсуорси, Д. Дефо, Ч. Диккенс, Ж. Амаду, А. Касарес, М. Астуриас, А. Карпентьер, Х. Борхес, К. Фуэнтес, Х. Кортасар, М. Льоса, Г. Маркес, Р. Акутагава, К. Абэ, Л. Шэ, Ф. Кафка, М. Казыми, Т. Доленга-Мостович, Н. Махфуз т.б. прозасы.
Қазақ жазушыларынан Ә. Кекілбай, М. Қаназ прозасын жата-жастанып оқимын.
Мен және менің қатарластарымнның рухани қалыптасуына әлем әдебиеті әсер еткен. Сондықтан, стильдеріміз синкретті, бір мектептің аясына сыймаймыз-ау.
- Сіз Қарақалпақ АКСР-інде көп жылдар өнімді еңбек еттіңіз. Сол елдің әдебиет өкілдері Ыбырайым Юсуповты биік қояды. Тіптен, Өмірзақ Қожамұратов, Төлеген Айбергенов сынды ақындарға да ықпалы болғаны айтылып жатады. Осыған қатысты көзқарасыңызды білуге бола ма?
- Дәл осы сұрақ үнемі алдымнан шығады. Көңіл күйдің ауанынымен сезімнің жетегінде кетіп, ұлы тұлғалар жайлы бұрыс сөз айтып қоярмын-ау деген оймен жауаптан қашқақтайтынмын. Бұл жолы да жауап бергім келмеген. Алайда, үнсіздік ұзарған сайын күдік көбейе түседі екен. Сондықтан мәселенің басын ашып алу керек деп шештім.
Негізі, бұл әңгіме қайдан шықты? Менің білуімше Төлеген Айбергенов шығармашылығынан кандидаттық қорғаған ғалым Рахмет Аяпбергеновтің бір мақаласында «Ақ қайыңдар» өлеңінің бір жолын Т. Айбергенов И. Юсуповтан алып дамытқан» дегендей мағынада ой айтқан. Ол мақала дәл қазір қолымда жоқ болғандықтан, сөзбе-сөз емес, мағынасын ғана келтіріп отырмын.
И. Юсупов қарақалпақ поэзиясына еуропалық, әлемдік стильдерді алып келген бірегей классик. Бірақ, Т. Айбергенов мүлде басқа ампуладағы ақын. Әлем әдебиеті демей-ақ қояйын, түгел түркі әдебиетінде Төлегеннің аналогы жоқ. Біріншіден, Т. Айбергенов өлеңінің әуезділігі, саздылығы – қазақ ауыз әдебиеті мен заманауи поэзияның синтезінен жаралған құбылыс. Басқа тілде бұл ерекшеліктердің қайталануы мүмкін емес. Екіншіден, Төлегенде кез келген ой, образ алмаздай сан қырлы, жарқылдап тұрады. Бүгін оқыған өлеңіңізді ертең мүлде басқа басқаша түсінуіңіз мүмкін. Қалам ұстағанның бәрі Төлеген болғысы келеді, бірақ Құдайы Төлеген қылып жаратпаса, амал қанша?
Астанада отырған ақын «мен сені сүйемін» өлең жазса, Африкада отырған ақын да ол ойды қайталауы мүмкін. Бұл сезімнің күллі адамзатқа ортақтығынан туындайды. «Алпамыс» дастаны мен «Одиссеяның» сюжеттері ұқсас. Айырмасы – алғашқысында – байшұбар, соңғысында – кеме. Гомер «Алпамысты» немесе Жиделі Байсындағы бір жырау Гомерді оқыды деп ойламаймын. Тақырыптың ұқсастығы баяндаудағы ұқсастыққа әкеп соқтыруы табиғи жағдай.
Бұра тартпау үшін И. Юсуповтың Т. Айбергенов шығармашылығына арнап жазылған «Арман бұлағы» атты мақаласындағы өз сөзімен жауап берейін: «Алпысыншы жылдарда қазақта жүзден жүйрік шығып, дүбірлеткен ақындар деп мен өзім Қадыр Мырзалиевті, Мұқағали Мақатаев және Төлеген Айбергеновті танимын. Бұлардың әрбірінің ақындық аруағы бар, жалаңаяқ жүріп тікенекті тыңнан салған соқпағы бар. Бірақ, бұлардың үшеуінің де басын қосатын құдіретті қасиет, бұл – табиғилық, ақындық адалдық, биік адамгершілік. Бұлар – экологияға ұшырамаған, мөлдірі бүлінбеген бұлақтар. Әсіресе, Төлегеннің бұлағы өте таза, мөлдір, биіктен құлап ағады.Ондағы сұлулық назға, жанға жағымды сазға, аппақ армандарға жетелейді, әуесің келеді. Оның өлеңдерін оқығанда, ол басқаның емес, құдды өзіңнің жүрегіңді суреттеп, өзің айта алмай жүрген ойларды, көңіліңде тыныш таппай жүрген армандарды айтып жатқандай сезінесің. Бұл өлеңдер бұлақтай сылдырлап, еркін құйылып келеді. Оны көзіңмен емес, көңіліңмен оқисың.
Міне, Төлегеннің «Мен саған ғашық едім» еген жинағының кез келген бір бетін ашамын да, оқимын... ».
Өзбекстан және Қарақалпақстан халық шайыры И. Юсупов Т. Айбергеновтің 60 жылдығы қарсаңында осылай деп жазды. Шайырдың мақаласын сол кездегі жас пері Ахмет Өмірзақ қазақшалап, Қарақалпақстанда қазақ тілінде шығатын республикалық «Достық үні» газетіне жариялады. Егер Төлеген сәл аяғын қиыс басса, И. Юсупов біреуге есесін жіберетін адам емес, «ол бізден шыққан бала», деп айта салатын еді. Ибрайым аға Кезінде «Әмудария» журналының редакторы Әбілқасым Өтепбергенов дегенмен қақтығысқаны есімде. Әбілқасым сөздеріне жиендік жасаған ба, «өлеңге күзетші қойып жазамыз, осы пәле шайыр болғаннан бері» деп жазды.
Өмірзақ Қожамұратовтың жетпісінші жылдардың соңында ма, сексенінші жылдардың басында ма, Қарақалпақстанға барғаны жайлы әңгіме бар.
Әдетте, ақындар өзге елге барғанда, сол елдің брендіне айналған бірдеңесін жырға қосады. Құрмет белгісі ретінде ақынынан эпиграф алады немесе бір қайнауы кемістеу жырдың бір жолын алып, дамыта жырлайды. Бұл әдебиетте бар үрдіс. Ақын деген аңғал халық мұндай әдісті қолданғанда, кейінгілердің үрпіне ши жүгіртетінін қайдан білсін.
Төлеген де, Өмірзақ та өз алдына мектеп жаратқан ақындар. Олардың стильдері И. Юсуповқа мүлде ұқсамайды.
- Аңшы мыңыншы аңын атқанда аңы құламай, отырған қалпында жан тапсыруын «шома түсу» дейді екен. Аңшылар ұғымында бұл – Жаратқанның ескертуіне баланады. Сіздің «Шома» атты әңгімеңіздегі басты кейіпкер жаратылыс заңына қарсы келіп, аң аулауын тоқтатпай, ақырында құздан құлап қайтыс болады. Сіз осы әңгімеңізде қай нәрсенің киесі барын оқырманға жеткізгіңіз келеді. Бұл тақырыпта қалам тербеуіңізге не түрткі болды?
- Жан-Жак Руссоның «Техникалық даму рухани құлдыраумен қатар жүреді» деген сыңайдағы сөзі бар. Адам Ата мен Хауа Ана жұмақтан қуылғаннан немесе Қабыл Әбілді өлтіргеннен бері адамзаттың ақыл ойының дамығаны соншалық, өзге ғаламшарларға сапар шегетін болды. Бірақ мәдениет жетістіктерін өмірге әкелген адамзат рухани жақтан кемелденді ме? Жақсылық пен жамандық, қайырымдылық пен сараңдық, ізгілік пен зұлымдық проблемалары неге әлі бар? Бұлар – мәңгілік шешімі табылмайтын мәселелер. Әдебиеттің міндеті – адамның дүниеге келгендегі негізгі миссиясын көрсету.
Егер адамзат жер бетінен жоғалып кететін болса, оған табиғи құбылыстар емес, өзі жаратқан техникалық өркениет себеп болады. Кез келген шығарманың сюжеті оқырман санасын жетелейтін үстірт желі, полифониялық мағына тереңде жатады. Оған ишарат жасалады.
«Шома» - рухани жақтан құлдырап бара жатқан бүкіл адамзатқа ескерту.
- Көптеген әдебиеттанушылар «Әдебиет азшылықтың мүлкі» болып қалғанын алға тартады. Қазір өзіңіз білетіндей төртінші ғылыми революцияның дәуірлеген кезеңі. Жастардың бар назары инстаграм, тик-ток, твиттер сынды әлеуметтік желілерге ауды. Бұрынғыдай әдеби туындыларды оқи бермейді. Осы жөнінде сіздің ойыңыз қандай?
- Әлемде ең көп оқылатын кітап Агата Кристидің детектив романдары. Эзоп, Эсхил, Гомер, Шекспир, Данте Кристидің шаңына ілесе алмайды. Бірақ, бұл олардың шығармаларының әлсіздігін білдірмейді.
Мықты туынды күрделі болады. Оны түсіну үшін рухани дайындық талап етіледі. Демек, қай кезде де жақсы шығармалар аз оқылады. Бір ақын ағамыз «қазір байынан ажырасқан жынды қаттынның да өз өмірі жайлы еңіреп жазған екі том еңбегі бар» деген сөзді көп айтатын. Күлетінбіз. Шындығында солай екен. Кезінде жазушылар шығарма жазып, оқырмандар оқитын еді. Қазір бәрі жазатын болғандықтан, оқитын адам қалмаған да шығар
- Жаңа заманның романы қалай жазылғаны жөн деп білесіз?
- Біздің қаламгерлер мини романдар жазып бастағанына да отыз жылдан асты. Алайда, ол қаламгерлерге әлемді жаулап алу түгіл, қазақ жүрегін жаулап алудың ауылы алыс боп тұр. Джоан Роулинг, Орхан Памук, Харуки Мураками романдарыға қызығу бәсеңдеген жоқ.
Өзбек көршілеріміздің Нұралы Қабул деген жазушысы Әмір Темір жайлы 16 томдық роман жазған. Amazon желісінде жақсы оқылып жатқан көрінеді. Қысқа жазғанның бәрі А. Чехов немесе Р. Акутагава емес. Негізі, жақсы шығарма оқырманды оқуға мәжбүрлейді. Көлем шартты ұғым ғана. Өзім басым С. Жұбатырұлының «Абыржы» трилогиясын 10-15 рет оқыдым. Тіпті, мың беттен асатын қайта өңделген қолжазбасын да қайта қарап шықтым.
Романға да, басқа шығармаға да қойылатын бір-ақ талап бар: көркемдік қуаты мықты болуға тиіс. Басқасы – бос сөз!
- Әдебиеттанушылар сіздің «Балуан қыз» атты әңгімеңізге жоғары баға беріп жатады. Мұндағы Бәтима – архетип бейне. Қазақ әдебиетінде мұндай образдар некен-саяқ. Өз кейіпкеріңіз арқылы қазақ қыздарының әділетсіздікке қарсы тұратын тектілігін айтқыңыз келеді. Қазір осы тектілік жойылып бара жатқан жоқ па?
- Ұлтты сақтап қалатын – әйел-қыздары. Ақтабан шұбырынды кезінде «елім-айлап» жүріп, қазақтың ұрпағын аман алып қалған, өсіп-өркендеткен әйел-қыздар екені бесенеден белгілі.
1920-1930 жылдардағы ашаршылық немесе екінші дүниежүзілік соғыстан соң да еліміздің еңсесін тіктеуінде әйел-қыздардың орасан еңбегі бар. Мен кейіпкерлеріме, әсіресе, нәзік жынысты кейіпкерлеріме аса құрметпен қараймын. Шығармаларымдағы әйел-қыздар көрінгеннің қолжаулығы емес, өз ұстанымына ие құдіретті тұлғалар қатарына жатады.
Жалпы, көшпенділер жауынгер халық қой. Соғыс жыныс таңдамайды. Кез келген жұмыр басты пенде қауіп-қатерге қарсы тұруы керек болған. Сол табиғи заңдылық халқымыздың қанына сіңіп кеткен.
Біз өскен Бесқала өңірінде ер балуандармен күрескен қыздар болған. Соңғы тұяқтарын көзіміз көрді. Бұл үрдіс, қазір таулықтарда, атап айтқанда, тәжіктерде жақсы сақталған. Мехрона, Мавлуда, Мадина, Шахида деген балуан қыздар тойларда ерлермен күреске түсіп жүр. Мехрона балуанның 20 жігітті жеңгенін көрдім.
Елдің өмір сүру салты өзгерген сайын құндылықтары да, әдет- дағдылары да өзгеріске түседі. Бұл үдеріске қарсу тұру мүмкін емес.
Біздің қолдан келгені «Балуан қыз» шығармасы арқылы қазақ қыздарына ескерткіш қою ғана болды. Ол ескерткіштің қалай шыққанына мен баға бере алмаймын. Білетінім – қыздарымыздың рухы биік болса, халқымыздың да мерейі үстем болмақ.
- Шынайы әңгімелескеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.