Дауылдай екпіні бар жауды басқан, ағайынды арандастырған дауды басқан, бас кесер жалаң қылышты қынабына салдырған, ер мойнынан ажал арқанын алған сөз құдіреті, оның сиқырлы әсер - күші. Сөз жақындатпайтын қашық, сөз сейілтпейтін тұман жоқ. Ел намысы – ер намысын оятатын, езді ерлікке бастайтын да сөз. Олай болса, сөзден өткір, сөзден күшті нәрсе жоқ. Сөз тек бір ғана адамды емес, жалпы алты құрлыққа тараған әлем халқын бір арнаға салар құдіретке ие екендігін айта кетуге болады. Сөздің алмас қамалы, бұзбас қақпасы жоқ. Рас, сөздің құдіретінде шек жоқ...
Сөз дегенде біз бұл жерде бір ұғымды білдіретін бір ғана сөз жөнінде емес, оны жалпы мағынада – тіл мағынасында алып отырғанымыз түсінікті болуға тиіс. Сондай-ақ біз оны айтушысынан немесе сол сөзді тудырып отырған жағдайдан, уақыттан, оқиғадан бөліп алып, даралап қарайық деп отырғанымыз жоқ. Қайта солармен бірлікте, тұтастықта қарап, шама келгенше, сөздің осынша өткір де күшті, әсерлі де пәрменді болуының заңдылықтары бар екенін айтамыз. Алаштың ұлы жазушысы М. Әуезов «Өнердің өзін бағалағаның шын болса, төркінінің тегін алдымен таны», – деп жазды.
Ал осы сөз өнерінің ең бір киелісі – проза. Ондағы образдар. Иә, көркем әдебиетте образ сөз арқылы жасалады. Жазушы сенің қолыңа барлық жақсылығы мен жамандығы, таласы мен тартысы, дамуы мен тоқырауы, қызығы мен қымбаты, сәні ме салтанаты ұштасқан бүтіндей бір өмірді ұсынады. Сондағы оның құралы – сөз. Жай сөз ғана емес, сезімге эмоциялық әсер беретін құдірет күші бар, бейнелі көркем образды сөз. Сөз осы өреге жеткенде ғана проза – өнер атанбақ.
Алайда бұл өнерді жеткізетін жазушының мойнына артылар жүк ерекше. Оның әлеуметтік өмір тәжірибелерін неғұрлым толық зерттеуге ұмтылуы, өздерінің дарынына лайық жанр таңдап, мәнер, стиль қалыптастыруы, бұрынғы жылдарда дерт болып жабысқан схематизм, футуризмнен, жасандылықтан арылуы, оқиға, характер таңдау мүмкіншілігінің орасан өсуі. Міне осы творчестволық еркіндік әдебиетімізді барлық жанрда жаңа табыстарға жеткізері анық.
Ал енді таза әңгіме жайына көшсек. Адам тағдырын әр қырынан алып көрсетуге де көркем әңгіменің икемі толық жетеді. Оның өзіндік қасиеттерін меңгеріп, сарқа пайдаланса, шағын әңгіме шеңберіне шалқар идеялық-мазмұн сыйғызуға болады. Көлемді роман, повестерге қарағанда, әңгіме өз оқырманын тез табады. Сондықтан бар идея, толғандыратын әлеуметтік проблема, айшықты эстетиканы барлық халыққа жеткізуге мүмкіншілігі орасан зор. Әрі жеңіл, әрі бір демді оқылады да, өз әсерін жылдам тигізеді. Әдеби жанрдың қайсысының да өмір қажеттілігінен туатынын дәлелдей келе, В.Г.Белинский: «Былайша айтқанда, драмаға арқау бола қоймайтын, романға тапшылық ететін, бірақ ғасырлар бойы бастан кешіріп болмастай жәйттерді қас қағым сәттің өзіне шоғырластыратын терең мәнді уақиғалар, жағдайлар болады. Әңгіме осындай құбылыстарды алады да, өзінің тар шеңберіне сыйғызып жібереді.» – деген болатын. Мұнан әрине романды жоққа шығармаймыз. Демек, әңгіме заман сипатына, оқырман талабына лайық, аса қажетті жанрдың бірі, сондықтан оның өміршеңдігі арта түспек.
Осы тұрғыдан қазақ әңгіме, новелласының үздік шебері Б.Майлин өз шығармаларында халық өмірінің көркем шежіресін жасап кетті. Оның әңгімелері өмір шындығын дөп басып көрсететін реалистік тегеурінімен, көркемдік биік өресімен, тақырыбының әр алуандығымен дараланады. Ол – көркем әңгімелері арқылы өзі өмір сүрген заман тынысы мен қоғам өмірін энциклопедиялық кемелдікпен сомдай алған ұлы суреткер.
Жалбыр, Таңсық, Мұқыш, Айша, Раушан, Берен, Бәкен, көк сиырлы Дайрабай, Арыстанбайдың Мұқышы, Азамат Азаматыш... Бұл тізімді соза беруге болады. Солардың әрқайсысы типтік дәрежеге көтерілген жанды бейнелер. Бейімбет шығармаларын оқығанда бұлардың бәрін көргендей, бәрімен бірге жүргендей боламыз. Осы сияқты Бейімбет жасаған ондаған образдар болмаса қазақ әдебиетінің портреттер галереясы ойсырап тұрар еді. Бейімбеттің шыншылдығы мен көркемдігі, ұтқыр жинақылығы (лаконизм) осы заманғы ең алдыңғы қатарлы әдебиеттің дәрежесінде тұрған сан алуан әңгімелері мен повестері болмаса жиырмасыншы, отызыншы жылдардағы қазақ өмірін көрсетуде біздің әдебиет дәл бүгінгідей мақтана алмас еді. Майлин өзі өмір сүрген өз заманын жазған адам. Бірақ ол сырттан барлап, суретке түсуші емес, өз дәуірінің тек жансыз айнасы ғана емес.
Көбіміз-ақ осы күнге дейін Бейімбет аты аталса ең алдымен «Шұғаның белгісін» еске аламыз. Рас, «Шұғаның белгісі» поэзия мен лирикаға толы шебер жазылған шығарма. Бірақ оны біз бүгінгі әдебиетке үлгі ете алмаймыз. Ол әдебиеттің балауса жас кезіне тән туынды. Және өз тұстастарынан жеке-дара оқшау тұрған жоқ. Сол дәрежеде Сұлтанмахмұттың прозадағы алғашқы тәжірибесі «Қамар сұлу» және де басқа замандастарының повестері тұр. Бірақ кейін келе, қаламы ұштала түскен соң ол қоғамның көлеңкелі жағын жазды. Бұдан ол Бодлер қалап кеткен сатанизм ағымына түскен жоқ, керісінше өзіндік стил қалыптастырып, алғашқы модернист атанды.
Ал Бейімбет талантының күштілігі сонда, «Шұғаны белгісі» оның биігі емес, тек алғашқы адымы ғана. Және бір ғажабы «Шұғаның белгісі» мен «Қара шелектегі» Айша, өзге шығармалардағы Күлпаш, Шарипа, Раушан образдарының арасында тұтас бір дәуір жатыр. Әуезов тілімен айтқанда Шұға Шиллер геройларына тән бір-бір ғана импульстың (ынтызарлықтың) құлы болса, соңғы атаған жұпыны әйелдер образдарында Чехов реализмінің кеңдігі, тереңдігі жатыр. Алғашқы қадамында Шұғасымен романтизмге, қазақ әдебиетіндегі дәстүрлі тақырыпқа сәлем берген Бейімбет, содан кейін оған қайтып оралмай реализмнің кең арнасына түседі. Сөйтіп Бейімбет әдебиет ұзақ жылдар өтіп жетілетін жолға жедел түсті, ерте еp жетті.
Бейімбет шығармаларының тағы бір абзал қасиеті азаматтық сарынының күштілігі. Шебер суретші өмір көрсетіп қана қоймайды. Бүкіл талантымен сол өмір үшін халықтың қамы үшін алысады. Өмірдегі кедергі болған жайларды, әділетсіздікті әшкерелейді. Жазушы өз xалқы үшін, социалистік әділет үшін екі майданда күрес жүргізеді. Бірі тап жаулары – байлар, солардың құйыршықтары болса, екіншісі совет жолын бұрмалаушы жалған белсенділер, топас әкімдер, жеке басының қамы үшін елдің мақсатын сататын мансапқорлар. Бұларға келгенде жазушы ащы мысқылмен ғана шектелмей отты публицистикаға да ауысып кетеді.
Майлиннің көркемдік әдісі өз тұрғыластарының көбінен ілгері болды. Сондықтан да ол әр құбылыстың тереңіне үңілді. Социалистік өзгерістерді суреттегенде оны қалың бұқара халықтың тұрмысымен берік тамырластыра көрсетеді. Ондай шығармалар жазушыда көп. «Қара шелек», «Ұлбосын», «Берен» – бұл атауларды да жалғастыра беруге болады. Және олардың бірінің дәрежесі жоғары, бірінің дәрежесі төмендеу деп айтуға да кісі қиналады. шығарма, ежелгі бір дәуірдегі өмірді мөлдіретіп, сол қалпында көзіңе әкелген шығарма, шеберліктің шыңы емес деп кім айта алады? Бұл Бейімбет шеберлігі. Әшекей айшықсыз шынайы шеберлік. Мұндай шеберліктің заңын түсіну үшін ересек ой керек.
Осы ойлардан соң Бейімбеттің ұлы жазушы, қысқа әңгіменің хас шебері деп танимыз. Алайда оның социолизм, пролеартриатты жырлап, соның астарымен сол кездегі халық бейнесін қандай шеберлікпен жазғанын айта кетуіміз кереек. Әр әңгімесін тістене жылап, ащы мсықылмен жазды, күйінішін білдіргісі келмеді. Мәселен «Сары ала тон» әңгімесінде халықтың қараңғылығын айтып, оны астарлы бейнелейді. «...Тұтқыш орнынан тұрып барып, Несібелінің қолынан сары ала тонды алды. Олай бір, бұлай бір аударыстырып қарады. Жағасын ұстап тұрып күлімсіреп өкілге бұрылды.
– Бірдеме айтайын дедің бе?
– Осы тонды киіп ауылды бір қыдырып келсем деймін
– Әйда, ки, Тұтқыш!
– Ки, байдың іші бір күйсін, – деп үйдің ішіндегілер ду күліп, көтермелеп кетті. Тұтқыш сары ала тонды киіп, алтынды медальді төсіне қадады. Аяғында жыртық етік, басында жалбаланған құлақшын. Өзі жайнаңдап жымың-жымың етеді. Аяғын керіле басып, қараша үйдің жанында отырған бай мен бәйбішенің алдынан кесе-көлденең тұра қалды. Бай бір рет қарады да, басын төмен салды. Күйініп кетті...» осы үзіндіден қазақтың жабайы дарақылығын тістене отырып жазады. Жыртық етігі мен тозығы жеткен құлақшынына сол сары ала тон жарасатындай кердеңдей басуы, даңғойлығына риза болуы барлығымыздың күлкімізді келтіреді әрине, бірақ қандай күлкі? Рас, теңдік келіп біраз кедей баласының қолы ұзарды. Ал бірақ құлдық санадан шықпаған кедейлер сол жыртық етігін хан мәсісі деп дарақыланды ғой. Құлдық санадан шығу үшін келген теңдікті олар хаусқа айналдыра жаздап тұрғанын көріп ашынды. Ал «Талақ» әңгімесі ше? Айдарбек әйелін талақ етеді. Бірақ та нәпсісі адамгершілік, сенім мен рухани тәртібін аттатқызады. Зейнепке рас ғашық болса, қанша ашулы болса да талақ етпес еді. Ал жарайды, адам пенде, шынымен ашумен айтып қалды, талақтың мағынасын толық білмей орынсыз қолданғаны жөн емес. Оның уайымдағаны, жазушының өзі айтқандай жар құшағынан айырылып қалу, нәпсісін қандыра алмай қалу. «Сексен сом» әңгімесі сол кездегі жоқшылықтың қазақ басына ауыр қамыт болып киілгенін айтады. Онсыз да шықпа жаным шықпалап отырған қарапайым халыққа жығылған үстіне жұдырық деп сексен сом салық салынады. Сол кездегі халықтың, сол кез емес-ау қазірдің өзін де қазақтың өзін жарылқай алмай өзгеге өз аузымыздан жырып беріп, аштан аш отыратынымызды жазушы аса шеберлікпен келтірген ғой. Оның үстіне осындай аласапыранды пайдаланып қазақ бір-бірінен кек алып қалуды ұмытпайды. Жығылған үсітне жұдырық қазақтың болмысына бітісіп кеткенін баса айта кетеді. Мәселен «Сексен сомдағы» мына бір үзіндіде: «Егеубай сүріне-мүріне тұрып үйіне беттеді. Мылтығы сорайған солдат осы қашып кетер-ау дегендей, өкшесін басып келеді. Келе жатып ойлайды: «апырмай, ауылнай маған неден өшікті екен?» деп. Кенет есіне түсті. Былтырғы сайлауда мұны сақау жағы иемдеген ғой, дәу де болса, соның кегін алу шығар...». Міне бір-біріне қол созудың орнына, шамаң келсе шалып қал. «Желдібай Жындыбаев» әңгімесі жеке әңгіме. Өмірі өз ауласынан басқа жерді көрмеген адам, күллі әлемді қалай көреді. Әлі де сол «Кедей бай болсам, бай құдай болсамның» кебі. Қой көрмеген қуалап өлтіреді. Билік көрмеген Желдібай елді қанап бітіреді. Айта берсек, ашыла берер астарлы ойлар көп, қайсы бір жаман жағын талдай береміз. Бейімбет қазақтың мінезділігін, әдемілігін, махаббатқа адал, ұлт байлығы – дәстүр, салтты да аса керемет шеберлікпен суреттейді. Мәселен «Шұғаның белгісі» Әбдірахман мен Шұғаның арасындағы кіршіксіз, сұлу махаббат тек қазаққа қана тән екендігін. «Күлпаш» әңгімесіндегі Күлпаштың Қалиға деген аналық махаббаты, қамқорлығын бейнелеуі, тек Бейімбет образдар жиынтығында ғана кездеседі.
Тек жаман жағын ғана айта берер болсақ, әдемілікті кім суреттейді. Рас Бейімбетте аса айшықты теңеу, қызылды-жасылды реңкті деталь штрихтер жоқ. Бірақ та ол шағын жаза отыра, қарапайым жаза отыра ұлт бейнесін шебер беруі бәрімізді таң қалдыруда емес пе? Ұлт мінезінің әр қырын жіті ашып бейнелеп, образдар жиынтығын жасау тек Бейімбетке ғана тән секілді. Себебі ол ұлт жанының айнасы.
Бейімбет Майлин модернизмді ең алғаш қолданған қарымды қаламгеріміз. Қысқа әңгіменің хас шебері А.П.Чехов: «Краткость – сестра таланта» десе, сол талантты шебер меңгерген Бейімбет тек қысқа жазып қана қоймай, бүгінгі әдебиетімізге керек Модернизмді қолданды. Бұл ағым көп баяндауды қажет етпейді. Бір сөйлеммен бір ғұмырлық ұғым беру, заманға сай оқырианын табу, жалықтырмай, әуезділігі, ырғағы басым бұл ағым Бейімбеттің стилінің сақасы деуге болады. Ойымызды дәлелдей келсек, қазір айтып жүрген пост-модернизмге ешқандай суреттеу, ұзақ баяндау қажет емес, тек шындықты, аз жазып, үлкен ой беру керек. Ендеше бұл Бейімбеттің стилі. Жоғарыда айтқандай ол әдемі теңеу, ұзақ баяндауларды қолданбады. Ендеше модернизм сол кезде пайда болып, кейін жоғалып, қазіргі заманға қайта келіп жатыр. Айтпағымыз, модернизм бізге енді ғана емес, баяғыда келіп, сол заманда меңгеріп алғанбыз да, кейін келе ұмытып кеттік. Енді Бейімбеттің замандасы, бір дәуірдің перзенттері, алайда күншығыс елінің жазушысы Акутагава Рюноскэны біраз талдап, неліктен әлемге танымал, Бейімбеттен қай тұсымен ерекшеленіп тұрғанын көрейік. Меніңше ешқандай ерекшелік жоқ сияқты. Ол сол кезде шағын әңгіме жазып, сол стилімен елді аузына қаратты. Ағымы сол модернизм екені айтпаса да белгілі. Себебі ол осы әдіс арқылы әңгімелерін әлемге танытты емес пе? Арнамызды біраз осыған бұра кетейік.
Рюноскэ Акутагава 1892 жылдың 1 наурызында Жапонияның астанасы Токио қаласында өмірге келеді. Айдаһар жылы өмірге келгендіктен оған осы айдаһар деген есімді береді. («Рюноскэ» жапон тілінен аударғанда Айдаһар деген мағына береді «龍»). Анасы жындыханада қайтыс болған соң, нағашы ағасының қолында өседі. Нағашы жұрты текті болғандықтан, ол өте тәрбиелі болып өсті. Ұлттық дәстүрді қатаң қадағалап, Рюноскэға жастайынан өлең, әңгімелерді көп оқытты. Бала кезінен әдебиетке құмартып өскен ол, 1913 жылы Токио университетінің филология факультетіне түсіп, өзінің замандастарымен «Жаңа ағым» деген әдеби журнал шығара бастайды. Осы студенттік кездің өзінде модернизм, қысқа әңгіме жазуды меңгеріп, күллі қауымды өзіне қаратады. Әдебиетте өзiндiк дүниетанымы, көркемдiк әдiс-тәсiлдерi, эстетикалық тұғырнамасы, төл тақырыбы болмаған жазушылар iз қалдыра алмақ емес. Ал Акутагавада осылардың бәрi де бар болып шықты.
Қазiр Акутагава ашқан тәсiлдер әлем әдебиетiнде кең қолданыс тапқан. Бұл тәсiлдер әдебиет қана емес, кинематографияның да үлесiне айналғалы бiраз болып қалды. Жапон киносы патриархтарының бiрi Акиро Куросаваның «Қанға былғанған тақ» атты фильмi соның бiр айғағы. Бiр қарағанда, фильм орта ғасырлардағы жапон өмiрiнен сыр шертетiн секiлдi. Фильмнiң негiзiнде кiмнiң, қай халықтың туындысы жатқандығын бiлмейтiндердiң бұған сенетiндерi де анық. Ал әлем әдебиетiнен хабары бар жан фильм өзегiнде Шекспирдiң атақты «Макбетi» және осы пьесаға мұрындық болған байырғы шотланд ертегiсi жатқандығын бiрден аңғарған болар едi. Жапон өмiрi туралы сыр шертетiн шотланд ертегiсi. Ал мұндай метаморфозалар Акутагава шығармашылығында жетiп артылады. Рас, Акутагава шығармашылығының бастауында сан ғасырлық тарихы бар жапон жазба әдебиетi жатқандығы жасырын емес. Ал бұл әдебиеттiң орны ерекше. Аңғарып қарасаңыз аузымыздың суы құрып тамсана беретiн Кафканың атақты «Құбылуының» («Превращение») өзi де көне жапон ертегiлерi мен әфсаналарының жадағай көшiрмесiндей болып көрiнiп қалатыны бар. Осындай құнарлы топырақта пайда болған әдебиеттiң осал болмасы да белгiлi. Оған бүгiнгi жапон әдебиетi куә.
1918 жылдың шiлдесiнде «Осока майнити» газетiнде Акутагаваның ең ғажайып новеллаларының бiрi «Тозақ азабы» жарияланды. Есихиде есiмдi сарай суретшiсi мынау жарық әлемде өзiнiң жас қызы мен өз өмiрiн арнаған өнердi ғана жақсы көретiн. Сұлулық пен кеспiрсiздiктiң құпиясын танып бiлген, қандай да бiр қуаныш пен қайғы болмасын, оны сан түрлi бояудың көмегiмен бейнелеп бере алатын осы бiр хас шебер ызақор, беймаза едi. Тағы бiр кемшiлiгi, салатын дүниесiн ең болмаса түсiнде бiр рет көрмесе кенепке түсiре алмайтын. Бiрде әмiршiсi осы Есихидеге сарай қабырғасына тозақ азабының көрiнiстерiн бейнелейтiн суреттер салуды тапсырады. Алғашқыда Есихиденiң қолы жап-жақсы-ақ жүрген. Тозақ отын қалада болған үлкен өрт кезiнде көрген-дi. Ал азаптан шыңғырып жатқан күнәһар¬лардың бейнесiн ол өз шәкiрттерiн қинау арқылы бiлiп-тауып отырды. Сондай-ақ, қытай киiмiн киген бұқа немесе ат басты тозақ қызметкерлерi де түсiне сан рет кiрген. Бiрақ суретшiнiң жобасы бойынша картинаның ортасында отқа оранған атарба мен оның iшiнде тiл жеткiзгiсiз азаптан түсi бұзылып кеткен жас әйел бейнеленуi керек-тi. Басқа-басқа, дәл мұндайды суретшiнiң әлi көрмегендiгi анық. Сондықтан ол қожайынына өтiнiш жасауға бел байлайды...
Әмiршi қайдағы бiр суретке бола күнәсiз әйелдi өлiмге қиюға даяр бiрбеткей суретшiге сабақ болуы үшiн, Есихиденiң көзiнше iшiне суретшiнiң жалғыз сүйiктi қызы отырғызылған арбаны өртеуге бұйрық бередi. Бәрi бұйрық бойынша iстеледi. Адам тозақтың отты жалынына оранады, ал оны өлiмге байлап берген суретшi мәз-мәйрам. Өзiнiң осы туындысын аяқтаған соң Есихиде асылып өледi.
Осы шағын әңгімелері арқылы ол сол кездегі Жапон халқының мінезін танытты. Енді салыстырайық. Ол неге әлемге әйгілі, ал сол Акутагавадан еш кем түспейтін Бейімбет әлемге әлі таныла қоймады екен. Акутагава қысқа жазды, Бейімбет те, жапон модернизмді, жаңа ағымды қолданса, Бейімбет те осы ағымда жазды. Тіпті шебер қолданды. Рюноскэның «Мұғалім Мори» әңгімесінде қысқа жаза отырып, жапон оқушыларын бірден танисың. Мінезін, қандай тәрбиеде екенін білесің, сол ұлттың мұғалімдерін танисың. Бейімбеттегі Шаншар Молда, Желдібайды көргендей боласың. Бірақ олар ешқашан бодан болмады, ал біз боданда болдық сондықтан біз оларға ұқсамаймыз, бірақ қос ұлттың жазушылары өте қатты бір бірімен ұқсады. С.Торайғыров бір мақаласында: «Біз Жапониядан елу жылдай қалып қойдық. Егер біз автономиямызды елу жыл бұрын құрғанымызда, Қазақтың жағдайы тура Жапониямен теңесер еді.» дейді. Міне үндестік қайда жатыр. Бірақ кейін қалсақ та, әдебиетіміз бірдей қалыптасты. Яғни модернизм. Ендеше Бейімбетті неге шет ел тілдеріне аудармасқа? Күллі әлемді өзіне қаратып, Рюноскэның жанынан өзінің орнын алмасқа? Сонда күллі әлем Рюноскэның әңгімесінен жапон ұлтын танығандай, қазақ халқын таныр еді. Рас «Абай жолы» қазақты танытты. Бірақ қазір том-том романдар оқуға ешкімнің уақыты жоқ. Тек қысқа әңгіме ғана қазіргі заманда өз оқырманын табады. Міне Бейімбет әңгімелерін қазіргі заманға арнап жазып кетті, келешекте қазақ халқы есін жиғанда осы әңгімелер арқылы ұлтымды танысын деді. Қазақ жазушыларының шеберлігін көрсін деді. Ұлы ұлттар қатарында екенін әлем мойындасын деді. Ендеше жапонның Акутагавасынан біздің Майлиннің қай жері кем? Керісінше көп жері артық екендігі дәлелдеулі. Рюноскэ көп жерлерді анайы жазса, Бейімбет анайылыққа бой ұрмай, нағыз зиялылық танытады. «Мен ақынмын. Жазушымын. Сонымен бiрге қоғамның да мүшесiмiн» дейді жапон жазушысы. Осы сөзінен Бейімбет те әрі ақын, әрі жазушы, оның үстіне қазақ қоғамының мүшесі ретінде санап, дамуына зор үлес қосқанын дәлелдемей-ақ қоюға да болар. Міне бір үндестік.
Үлкен жазушы Бейімбет бізге қазақ халқының өмірінің шынайы шындығын, терең шындығын өнеге етіп кетті. Сұлулықты – әшекей жылтырақтан аршып, қарапайым ұлы қалпында көрсетті. Оның шығармалары өмірдің өзі сияқты қызыл-жасыл боямадан, даурықпа дақпырттан аулақ, Оның талант болмысы әсіре қызылға жат. Әдебиеттегі Майлин сияқты құбылыстар айқай-шусыз, асықпай терең зерттеуді, ойлана зерттеуді керек етеді. Майлин дәстүрі әзірге сыздықтап келіп, осы бір кезеңнен былай қарап лапылдап өршігелі тұрған болашағы мол дәстүр ме деп ойлаймыз. Ендеше осы дәстүрді келешекке де жеткізіп, ұлттың ғана емес, әлемнің ең сүйіекті оқырманына айналуы тиіс.
Ерзат Ермағамбетов
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.