Сағындықұлы Бекен - Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы
– Тіл ғылымы саласына үлес қосып жүргеніңізді білеміз. Қандай шараларға атсалысып жүрсіз?
– Өзімді кереметтей атсалысып жүрмін деп айта алмаймын. Докторлық диссертациямды қорғағанға дейін әрі оған дайындық кезінде ойымда қалған бір кредом бар еді. Менің түсінігімде, оның ішінде айналысып жүрген қазақ тілінің негізін салушылар – олар тек қазақтар. Ол тек қазақтың ғалымдары. Негізі сол кезден бастап міндет санағам. Қай өңірде болмасын, қазақ тіліне кішкене болса да еңбек сіңірген тұлғалар мен азаматтар туралы ойымды үлкен, алқалы жиында айтып, халыққа жеткізгім келіп тұрады. Осы бағытта жүрген адаммын. Мұны көптеген азаматтар тұлғатану саласына жатқызып жүр, тіл біліміндегі тұлғатану мәселесі осылай дамыса екен деген ниетім бар.
– Кереку өңіріндегі жастардың тілге деген құлшынысы қандай?
– Туған жерім Семей өңірінің бұрыннан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан қазақ зиялыларының ордасы екені баршамызға белгілі. Тәуелсіздікке қол жеткізе салысымен Семейдің барлық көшелерінің атауы “...ұлы” боп өзгертілді. “...ұлы” деген сөзді фамилиядағы “...ов” деп те қабылдаңыз немесе “Ұлы тұлғалар” деп те қабылдаңыз. Осы дәстүрге келгенде Павлодар әлі де көштен кейін қалып жатыр. Жастарымыздың бұл мәселеге әлі де ат салыспай жүргендеріне көңілім толмайды. Бәлкім шенеуніктер жастарымызды жоғарыға қарай сүйрейтін жерге шығара қоймайтын да шығар? Дегенмен, қазіргі таңда әлеуметтік желілер секілді үніңді жеткізудің құралы көп деп ойлаймын. Сондай жерлерде оң пікір айтып, қазақ тіліне үлес қосып жүр-ау деген жастарды атап айта алмаймын. Керісінше, бізде басқа ұлттың өкілдері қазақ тілінің мәртебесін көтеріп жүргендей.
– Қазіргі таңда тіліміз бен әдебиетіміздің жағдайын қалай бағамдайсыз?
– Енді 5-тік бал жүйесімен есептесек, орташа дер едім. Дәл қазір әдебиетіміздің деңгейі жоғарылап кетті деп айта алмаймын. Біз бір кездердегі Алаш арыстары, кешегі Кеңес кезінің ақын-жазушыларының деңгейіне әлі жете қойған жоқпыз. Ондай дүние бізде жоқ. Мүмкін болмайтын да шығар деп ойлаймын. Өйкені бізде ақпараттың басқа жақтан берілуінен бе екен, көп дүние кенже қалып тұрған секілді көрінеді. Бірақ, ол деген сөз бізде ештеңе жоқ дегенді білдірмейді. Әркім қауқарына қарай жұмысын істеп, еңбегін сіңіріп жатыр деп бағалай аламын. Менің сөзімнің өзі біреуді жоққа шығару емес. Бұл сөзді жалпылама түрде айтып отырмыз деп түсінемін. Жекелеген түрде айтар болсам, озық дүниеге, мәдениетке кетіп қалған жастарды жоққа шығара алмаймын.
– Қазіргі қазақ әдебиетіндегі жаңа ағымдар мен бағыттар туралы көзқарасыңыз қалай?
– “изм”-дерді көп қабылдай бермеймін. Әсіресе прозалық шығармалар жазып жүрген жастар ұнайды. Бірақ, жоғарыда айтып өткенімдей классикалық дүниеге жетпейді. Қазірдің өзінде бір шығарманы оқып отырсам, «мына бір жері «Абай жолында» болып еді ғой» деген ой келеді, маған Мұхтар Әуезовтің шығармасы секілді көрініп тұрады. Неге екенін білмеймін... Мүмкін біздің ең алғашқы мықты туындымыз – «Абай жолы» болғандықтан ба екен..?! Мен оқымай немесе бағалай алмай жүрген басқа шығармалары да бар шығар.
– Классикалық шығармалар деп отырсыз... Осы классикалық шығармалардың ізімен отандық кинолар түсірілуде. Сол кинолардың қайсысы сәтті шықты деп ойлайсыз?
– Өзімізде түсірілген түрлі телесериалдардың арналардан көрсетіліп жатқаны бәрімізге белгілі. Жаңалықтар болмаса, оларды көп көрмейді екенмін. Ал, өзім арнайы барып көрген “Көшпенділер” фильмі, кейінгі шыққан “Құнанбай” және “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” фильмдерін бөліп атауға болады. “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” көңілімнен шыққан жоқ. Бірақ ортамызға келген алғашқы фильм болғаннан кейін бе, шетелдік актерлер ойнады демесеңіз “Көшпенділер” фильмі мен үшін ыстық болды. Ал, “Құнанбайды” жоғары деңгейде қазақ мәдениетін көрсеткен фильм ретінде бағалаймын.
– Тілге, әдебиетке байланысты қандай кітаптарды оқуға кеңес берер едіңіз?
– Қазіргі таңда жастарды әдемілігі тартатын, сәнді мұқабалары бар журналдар баршылық. Десек те көбісі жеңіл бағытта. Мысалы, “Аңыз адам” мен “Жұлдыздар отбасы” журналын бәрібір де ұсынатын едім. Өйкені, жеңіл оқылады әрі әлемдік деңгейдегі журналдардан үлгі алып, құнды материалдар береді. Алаш зиялыларына қатысты кітаптар, тарихи шығармаларды оқуға кеңес берер едім. Мәселен, Тұрсын Жұртбай, Мұхтар Мағауиннің кітаптары ерекше. Ал, көркем туындыға келсек, жастарымыз шағын әңгімеге ден қояды деп ойлаймын. Сосын жастардың бірінші кезекте поэзияға көңілдері ауып тұратын сияқты болып көрінеді. Керісінше, оларды проза оқуға шақырар едім. Мүмкін, бізде әркімнің талғамына қарай шағын әрі жақсы жазылған әңгімелер бар. Сосын менің жібермей оқитын газеттерім бар. Арнайы жазыламын, өйткені олардың бір мақаласын да жібермей оқимын. Мысалы, “Қазақ әдебиеті” түгел, “Егемен Қазақстан” газетінің тұлғаларға арналған беттерін оқып тұрамын. Себебі одан “100 есім” туралы шығармалар, елге еңбегі сіңген тұлғалардың шығармаларын оқуға болады. Осының өзі әдеби-публицистикалық шығармалар. Соларды оқыған жөн. Сонда қатардан қалмаспыз.
– Латын әліпбиіне деген көзқарасыңыз қалай?
– Жаһандану кезінде латын әліпбиіне көшеміз деген мемлекеттік саясатты екі қолымды көтеріп тұрып қолдаймын. Бұл – дұрыс нәрсе! Тіпті, сандық жағынан салыстырып көрсеңіз де кирилл әліпбиі мен латын әліпбиін қолданатындардың арасы жер мен көктей. Егер кирилл әрпінде қала беретін болсақ, жаһанданудан қалдық деп ойлаймын. Ал латынды қолданар болсақ, алдыңғы қатарлы елдермен тереземіз тең болатын деңгейге жетеміз деп есептеймін.
Латын әліпбиіне келсек, біріншіден бұл біздің ұлттық кодымыз деп жатырмыз. Латын әліпбиін қабылдағанда Түркі әлеміне ортақ таңбаларды қабылдау керектігіне қарсылығым жоқ. Себебі, менің еңбегімді басқа түркі халықтары оқып, тани алуы керек. Бірақ қазақтың өзіне тән дыбыстарын білдіретін таңбалар бар. Осы таңбаға келген кезде бізге қатаң бір жүйе керек дегім келеді. Егер мүмкіндік боп жатса, ескі сына жазуына қатысты әріптерді кіргізіп жатса оны да қолдар едім.
Латын әліпбиіне қатысты елімізде екі түрлі жоба ұсынылғаны белгілі. Бұл екі жобаның астында көптеген жақсы жобаның тыс қалғанын да білеміз. Оны жасырмауымыз керек. Неге, қандай себептермен екі түрлі жоба ғана ұсынылды? Заң шығарушы орган Парламентке басқа нұсқа, ең жоғары тұлға Президентке неліктен басқа жоба ұсынылды? Неге жоғары заң шығарушы орган Парламентке және Президентке үш түрлі нұсқа ұсынылмады? Кімдер қандай жоба ұсынғанын білмеймін. Бірақ, сол екі жоба да ұрпағымыздың болашағына кері әсерін тигізеді деп ойлаймын. Мен әліпбимен нақты айналысып жүрген адам емеспін. Бірақ ұсынылған жобалардың ешқайсысы бізді көкке шығаратын жобалар деп есептемеймін.
– Кешегі кезең мен бүгінгі оқу үдерісінің қандай айырмашылығы бар деп білесіз?
– Өте жоғары айырмашылығы бар. Мен өзім классикалық білімге жақындау адаммын. Мысалы, есіңізде болса, бүкіл әлеуметтік желілерде «Жоғарғы оқу орындары қазақ тілі, әдебиет, тарих пәнінің мұғалімдеріне ортақ “жалпы мұғалім” деген атақ беріп шығарады екен» деген сөз тарады. Мен осыған қарсымын. Олай болмайды. Онда сен қазақтықты құрттың деген сөз. “Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі деген жазудан қашпауымыз керек. Оның орнына «Жалпы педагогика пәні мұғалімі» деп, оның ішіне әдебиетті, тарихты, географияны т.б. кіргізуге қарсымын. Ол қазақ халқы үшін дұрыс емес нәрсе. Кешегі Кеңестік жүйені ғана емес арғы ата-бабамыздың бізге аманат етіп кеткен білімінен айырылып қалатын жағдайда тұрмыз. Мен осыған қарсымын. Ал, қазіргі оқытудағы еркіндік, жоғары оқу орындарындағы еркіндік дегенді қолдаймын. Бірақ педагогикалық жоғары оқу орындары мен белгілі пәндердің классификаторы бір-бірімен байланысып тұруы керек. Мысалы, студент Павлодар педагогикалық университетінде оқып жатып, отбасылық жағдайына байланысты Алматыға барып көшсе, КазПИ-ге барып орналасуы керек емес пе?! Демек, ол жердегі алшақтық көп болмауы керек. Әсіресе, педагогикалық жоғары оқу орындарында. Сосын кез-келген оқу орнында гуманитарлық ғылымды екінші орынға қоюды қысқарту керек. Мысалы, Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында гуманитарлық ғылымға ерекше көңіл бөлген. Енді, осы жолғы жолдау шығып еді, сол мақалада айтылған нәрсенің бәрін ұмытып кеттік. Ол ұмыту емес, керісінше негізге алуымыз керек болатын. Мысалы, қазір 100 гуманитарлық оқулықты аудару қайда қалды? Кім аударып жатыр? Қалай болғанда да оны орындауымыз керек емес пе? Ол 1 жылдық немесе 10 жылдық нәрсе емес, рухани байлық. Ол 10 жылға 100 жылға ішімізге сақталатын байлық.
– Ғылым саласында, тілге байланысты қызмет етіп жүрген ф.ғ.д., профессор екеніңізді білеміз. Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Қазақ тілі ғылымы үшін еңбек сіңірген қазақ ағалар мен апаларым, құрбыларымды, республикамыздың әр өңіріндегі тіл жанашырларын қай жерде жүрсем де дәріптеймін. Әрине солтүстік өңірде жүргеннен кейін тіл саласына қатысты қатты айтатын және тік айтатын кездер керек болады. Ол жерлерге мен комиссия мүшесі ретінде бармын. Кез-келген шараларда шақырылатын азаматтың бірімін. Шенеунікке жақпастықтың дүниесі емес, тілімнің мәселесі болғаннан кейін, тік айтамын. Сондықтан осы салада жүре беретін шығармын деп ойлаймын.
– Қазіргі таңда электронды кітап дамып келеді, қағаз кітаптың болашағы қандай? Кітап оқу болашақта өз құндылығын жойып алуы мүмкін бе?
– Жоқ, олай деп айта алмаймын. Кітап оқу ешқашан да жойылмайтын шығар. Қағаз кітапты оқу ешқашан тоқталмайды. Кітап оқу тоқталса, адамның өсу жолы да, ойлауы да тоқталады.
– Қазір қандай кітап оқып жүрсіз?
– Сіздердің порталдарыңызда Ауыл партиясының ұйымдастыруымен “Ауылым - алтын тұғырым” байқауы өтті ғой. Кейін оның 3-томдық кітабы жарыққа шыққан болатын. Сенсеңіз, соны басынан аяғына дейін оқып шықтым. Маған ең ұнағандары прозалық шағын әңгімелер болды.
Сонымен қатар, “Шантарам” деген 600-700 беттік орысша кітап оқып жүрмін. Авторына қазір тілім келмей тұр. Есімі ұзақ, австралиялық екен. Кітап түрмеде жатқан бір жігіттің басынан кешкендері жайлы. Ұсақ-түйекке дейін жазып отыру Кеңестік кезеңге тән емес нәрсе-тұғын. Ал мына кітапты оқып шықсаңыз, барлығын бүге-шігесіне дейін жазған. Демек, адам сонысымен өмір сүріп жатыр емес пе?! Мен барыммен өмір сүріп отырмын ғой. Мәселен, бүгін конференцияға келдім бе, осымен ғана өмір сүрем. Ал, әлгі жігіт солардың бәрін қағазға түсіріп отырады екен. Ол адамның жүрегіне жылы тиіп, “мынау менің өмірім екен ғой” деп қарап отырасың.
– Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.