Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Бердібек Соқпақбаев қоғаммен оппозицияда кеткен ад...

11.08.2019 5327

Бердібек Соқпақбаев қоғаммен оппозицияда кеткен адам еді... 18+

Бердібек Соқпақбаев қоғаммен оппозицияда кеткен адам еді... - adebiportal.kz

Жазушы Әлібек Асқаровтың қойын дәптерінен

Ұлықбек Есдәулет, Ақселеу Сейдімбек, Жәнібек Кәрменов бірде біздің үйде бас қосқанымыз бар.

Бізді жинаған ардақты ағамыз Кенжебек Укин болатын. Кенжағаң ол кезде Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы. Алматыға жиналысқа келген екен, “Інім, сен Жәнібек­ті­ шақыршы, отырып бір ән тыңдайықшы” деп өтініш­ жасады.

Жәнібекпен тілдесіп едім, келісе кетті. Соған байланысты “кешке ұшам” деп отырған Кежеағаң ұшақтың билетін өткізіп, біздің үйге келді.

Дастарқан үсті жайнап тұрды, ет асылып жатты. Облыстың үлкен басшысы Кенжеағаңның денсаулығы, елдің амандығы үшін бірер тост та көтеріліп салынды.

Ендігі бір сәтте Жәнібекке ән кезегін бердік. төрт-бес ән айтқан соң, мен дастарқанды әрмен жалғасты­рып,­ тост кезегін бермек едім, бусанып алған Жәнібек:

– Мен бір отырыста бір-ақ рет айтам... Қанша айтқызам десеңдер де айтқызып қалыңдар. Шабыт деген қайта-қайта келе беретін қолдың құсы емес, түздің көкала үйрегі, – деді өзгеше шамырқанып, әнді үзгенімізге ренжіген сыңай танытты.

Осы сөзден соң біз қазандағы етті де, тамақты да қоя тұрдық. Енді тек Жәнібекті ғана тыңдаумен болдық. Сабазың шаршамастан, шалдықпастан тақ екі сағат бойы құлағымыздың құрышын қандырып, ән шырқады емес пе!

Жәнібектің алаулаған нұр жүзіне қарап, шабыт дегеннің қандай болатынын көзбен көріп, қолмен ұстағандай сезіндік.

Жәнібектің әлгі сөзі содан кейінгі уақытта менің мәңгі есімде жатталып қалды. Қазір де дастарқан басында, топ ортада біреу ән айтып отырса, әнді әсте бөлмеуге,­ артық қимылмен әншіні алаңдатпауға тырысам.

Шынайы өнер шамшыл келетінін сонда ұқтым.

* * *

Елбасы аппаратының Мәдениет және ұлтара­лық қатынастар деп аталатын бөлімінде қызмет жасап жүрген кез. Ұмытпасам, 1992 жылдың маусым айы.

Жәнібек Кәрменов досымыздан оқыс айырылып қалдық. Жезтаңдай әнші, от ауыз, орақ тілді шешен, сыршыл жазушы автомобиль апатынан мерт болды. Соның алдында ғана су жаңа “Жигули” алып, мәз болып бізге көрсеткен, Несіпбек Айтов екеуіміз сенбі күні сол машинамен қыдырып қайтқанымыз бар. “Ұлым үйленеді, тойға келіңдер” деп қуанып жүрген. Сол тойға арнап мал әкелуге Сарқандқа бара жатқан жолда, Қапшағайға жете бере аударылып кетіпті.

Дәл сол күндері Сауытбек Әбдрахманов бір облысқа іссапарға кетіп еді. Бөлім меңгерушісі Алтынбек Сәрсенбаев Жәнібекке қазанаманы маған тапсырды.

– Жақсы сөзіңізді аямаңызшы... Жәнібектен несін аяйық! – деді.

Көзіміз бұлдырап, қайран Жәкеңді еске ала отырып қазанаманы жаздым. Алтынбекпен ақылдасып, қазанамаға қол қоятын адамдардың екі нұсқасын жасадым. Алғашқысы – Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған топ. Екіншісі – Вице-Премьер Мырзатай Жолдасбеков бастаған топ.

Іссапарда жүрген Мырзатай Жолдасбеков ағамызды “келіп қалар” деген үмітпен күні бойы күттік.

Ол кісі кешкі рейспен Қытайдан келу керек еді, ақы­ры ол күні келмей қалды.

Алтынбек не істерін білмей қапаланып, менің көзімше ақыл-кеңес сұрап жоғарғы жақтағы үлкен бастықтың біреуінің көмекшісіне телефон соқты. Анау Жәнібек Кәрменовтың атын ғұмыры естімеген адам екен. Алтынбек беті қызарып, түтігіп күйіп кетті. Маңдайынан шып-шып тер шығып, ашуын баса алмай бөлме ішінде ары-бері сандалып жүріп алды. Сосын есіне бірдеңе түскендей, менің қолымнан қазанаманы алды да, тағы бір оқып шықты. Сөйтті де салып ұрып үшінші қабатта отыратын Ерік Асанбаевқа кетті. Мен біршама уақыт күтіп қалдым.

Вице-Президент Ерік Асанбаевта мынандай әңгіме болыпты.

“Халық әртісі емес екен, Президентке қол қойдырғанымыз көптік етпей ме?” – деп сұрапты Ерік Мағзұмұлы күмәнданып.

Сонда Алтынбек: “Ереке, Жәнібектің халық әртісі бола алмағанына, бәлкім, сіз де, мен де кінәлі шығармыз. Халық арасында ол баяғыда халық әр­тісі болып кеткен”, – деп жауап беріпті.

Осы сөз желеу болып, Ерекең келісімін беріпті. Жәнібек Кәрменовтың қазанамасы газеттерде, республикалық теледидарда Елбасы бастаған зиялы қауымның тізімімен жарық көрді.

* * *

Ұлттық әдебиетіміздің үлкен бір өкілі туралы бір-біріне қатыссыз екі адамның пікірі бір жерден шыққанына куә болдым.

Жазушы ағамыз Бердібек Соқпақпаев қайтыс болды. Қазанама жазып, қайғырып отырмыз. Сауытбек Әбдрахманов жазушының шығармалары, оның көркемдік қуаты, жастарға әсері турасында ұзақ-ұзақ әңгіме айтып, жүрегімізді одан сайын ауырта түсті. Әңгіме арасында:

– Бекеңнің “Он бес жасар чемпионы” қазақ балаларының спортқа деген құлшынысын арттырды, – деді. – Бір жыл емес, он жыл емес, бірнеше ұрпақты спортқа баулыды. Соның ішінде әсіресе боксқа... Қазақ арасында боксерлердің көп шығуы әрі мықты шығуына осы Бердібек Соқпақбаев зор себепші. Сосын ол Кеңестік қоғамды мойынсұнбай кеткен, өмірге сыймай кеткен кісі.

Келесі күні жазушының мәйітін Кеңсайға апар­дық, жерлер алдында шағын митинг өтті. Алғашқы­ болып сөз алған Тахауи Ахтанов:

– Бердібектің “Чемпионы” көптеген боксерлер­дің пайда болуына, қазақтың бокс спортынан еңсесі­нің биік болуына әсер етті, – деді. Сосын:

– Ол кісі өмірмен, қоғаммен оппозицияда кеткен адам еді, – деген пікірмен сөзін аяқтады.

* * *

Жетпісінші-сексенінші жылдары әйгілі зергер, шебер ұста, шешен тілді Дәркембай Шоқпарұлының үйіне жиі барып тұратынбыз. Дәркембай ағамыз қазақтың қолөнерін насихаттап өткен елжанды азамат еді. Көпті көрген, көңіліне көп дүниені түйген әңгімешіл кісітін. Біз үйіне барамыз да, ағамызға еркелейміз, жалықпай әңгімесін тыңдаймыз, жасаған зергерлік бұйымдарын қызықтаймыз, олардың қа­лай жасалатынын тамашалаймыз. Бірде суретші досым Еркін Нұразханов екеуіміз аулаға кіріп барсақ, Дәркембай шеберханасында қайыңның безінен шоқпар шапқылап жатыр екен.

– Дәке, мынауыңыз не? – деп сұрадық.

– Көрмей тұрсыңдар ма, шоқпар ғой! – деп Дәкең гүж ете қалды.

– Немене, соғысқа дайындалып жатырсыз ба? – деп біз де тиісе сөйледік.

– Иә, соғысқа... – деді Дәкең бізге бұрылып. – Соғыс болғанда үлкен соғысқа...

– Шыныңыз ба?

– Шыным сол. Шыдамым бітті, таусылдым. Енді бүгіннен бастап имансыздыққа қарсы соғыс ашпақпын.

***

Жазушы Қалихан Ысқақ ағамыз бірде мына бір әңгімені айтқан еді:

“Киетіні – 45 размерлі етік.

Өзі кекеш.

Өмірде қатынсыз өтті, әйелге ебі жоқ еді.

– Әй, анау Жамал жесірге барсаңшы, жұрт сені де “әйелге барады екен” деп сөз таратсын.

Баспайды-ау, баспайды.

Сөйтіп жүріп, қалжыңбастығы барын айтсаңшы...

Шай құйып отырған келіншектерді аяғынан дырылдатып сүйретіп, босағаға апарып тастайды.

Бірде бір құрдасы оның 45 размерлі етігін алып, саз балшыққа матырып, Жамалдың табалдырығына келістіріп із тастайды.

Ертесінде достарын шақырып:

– Көрдіңдер ғой, мұның суық жүрісі бар! – дейді.

Анау: “Байғам жоқ” деп азар да безер бопты.

– Барғасың. Бұл ауылда сенен басқа 45-етікті киетін кісі жоқ, ізің, міне, сайрап жатыр... – деп, ауылға сөз таратып жіберіпті.

* * *

Иран еліне барып қайтқан соң, көрген-білгені­мізді айтып достармен бас қосып отырғанбыз. Ис­фаханда патшалардың әйгілі “иранбағында” болға­нымызды,­ нелер бір шығыс шайырлары жырлаған мәрмәр­ сарайларды аралап, хош иісті гүлдері шешек атқан бау-бақшада демалғанымызды айтып жатырмын. Сөзімді­ Сауытбек досым бөлді.

– Сол “иранбақта” Шерхан Мұртаза ағаңның қандай өлең шығарғанын білемісің? – деді.

Естімеппін, иығымды көтердім.

– Осыдан он-он бес жыл бұрын Иран еліне бір топ қазақстандық делегация барады. Араларында Шерағаң да бар. Елді аралап оншақты күн жүріп қалады. Иран таза мұсылмандық дәстүрді қатты ұстанған мемлекет, ішімдікке тыйым салынған, іздесең таппайсың. Қыдырудан шаршаған Шерағаң:

Иранбақтың елінде

Әулиеге табындым.

Адамдардың бәрі сау,

Мас орысты сағындым,

Елге қайтайықшы, ағайын? –

десе керек.

* * *

Кеңес заманында мен ұзақ жылдар бойы алты газет-журнал редакцияларын біріктірген бастауыш партия ұйымын басқардым. Алты редакцияны алты редактор: “Балдырғанда” – Мұзафар Әлімбай, “Білім және еңбекте” – Ақселеу Сейдімбек, “Дружныеребята” газетінде – Ирина Боронаева, “Қазақстан пионерінде” – Уәлихан Қалижан, “Спорт” газетін­де – Сматбек Төребеков, “Пионер” журналында – Фариза­ Оңғарсынова басқарады. Бәрі де өкірген бастық, бірақ олар бастық болса да бастауыш партия ұйымының­ қатардағы мүшелері.

Бірде әлгіндей партия шаруасымен Фариза апамды іздеп, есігін ашсам, алдында алпамсадай бір жігіт отыр екен. Есікті қайыра жаба бергенде Фариза:

– Әй, Әлібек, сенен жасыратын мұнда түк те жоқ, кіре бер! – деді.

Жайлап басып ішке кірдім де, әңгімелерін бөлмеуге тырысып, былайғы бір орындыққа барып үнсіз жайғастым.

– Жөн-ақ! – деді Фариза апам ойға батып. – Жалпы, осы біз сені жұмысқа қабылдайтын шығармыз...

Мен бұрылып, редакцияға жаңадан қабылдан­ғалы жатқан жігітке назар салдым. Әуесқойлықпен зерттей қарадым. Қалай десеңіз де, партия ұйымының­ жетекшісімін ғой, жаңадан келген қызметкерлерді танып, біліп жүру менің коммунистік парызым.

Апамның алдындағы отыздарды молынан қы­дырып қалған, мығым денелі, шойқара жігіт екен. Бірақ, байқаймын, (өз тәжірибемнен де білем ғой) жігітім кеше аздап тойлаған сияқты, көзінің алды ісіңкіреп, бет-жүзі күреңітіп тұр.

Ойға батқан Фариза апам қабағын көтеріп, алдында отырған жігіттің бет-жүзіне көз тоқтата қарады да:

– Ал, шырағым, осы сен ішімдікке қалайсың? – деп сұрақты төтеден қойып қалды.

Шойқара жігіт не айтарын білмей қимыжықтап, қызарған көзін бас редакторға бір, маған бір төңкерді:

– Жоқ, апай, ішпеймін! – деді басын шайқап. Жаны шықсын, өтірік соқты...

Апай жігіттің жауабына біртүрлі қабағы түсіп, маңдайы тырысып ренжіп, үнсіз отырып қалды.

– Мұның дұрыс емес екен, шырағым, – деді сәлден соң. – Біз шағын ұжымбыз. Бәріміз бір үйдің адамдары секілдіміз. Той-томалақ, қуаныштарымыз ортақ болып жатады. Сондай кезде біз аздап болса да ішімдіктен тартынбаймыз. Ал қуанышымызға ортақтаса алмайтын, анда-санда ұжыммен бірге көңіл көтеріп, іше алмайтын қызметкердің бізге қажеті жоқ. Бара ғой, шырағым!

Мен болсам бұл жігітті жазбай таныдым, пошымы да, түрі де “өзіміздің” азамат екен, яғни ішетін жігіт. Ішкенде біз секілді тышқаншылап емес, нағыз алысқа шабар аламанның сайгүлігі. Түбін түсіріп, “запоймен” кететін ағайынның өзі сияқты көрінді.

Көлгірсуді білмейтін, жалғандыққа жаны қас, қашанда турасын айтып салып қарап отыратын Фариза апам да соны сезген секілді. Қызметке қабылдасам деп ниет білдіріп отыр еді, әлгі жауаптан соң құжаттарын қолтықтатты да, қолын бір сілтеп, жігітті жөніне қоя берді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар