Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, ғылыми-инновациялық департаментінің директоры, Цинхуа университетінде гуманитарлық бағыт бойынша PhD докторы атанған тұңғыш қазақ баласы Берікхан Иісбекұлымен сұхбаттасқан едік.
- Беке, ғылымдағы жетістігіңіз, жаңа белесіңіз құтты болсын! «Қазақстандағы тілдік ахуал және тіл саясаты» деген тақырыбта еңбек қорғапсыз?
- Жалпы зерттеу тақырыбына келер болсақ, бакалавриат және магистратура білім деңгейіне белгілі абайтанушы ғалым Б.А. Ердембековтың жетекшілігімен «Абай шығармаларының жиналуы және жариялануы» тақырыбында дипломдық жұмыс, «Абай шығармаларының қолжазбасы» тақырыбында магистрлік диссертация қорғадым. Міне, тағы да ол кісінің шетелдік кеңесшілігімен «Қазақстандағы тілдік ахуал және тіл саясаты» докторлық диссертация қорғадым.
Бұл арада неге зерттеу салаңыз абайтанудан тіл саясатына ауысты деген заңды сұрақ туындайды. Оның себебі – абайтану мен танытуды зерттеу барысында мынау оқшау ойға келдік: Абайдың тілін (қазақ тілін деп түсініңіз) халықтың қай деңгейде меңгергенін анықтап алмай, болашақта Абайды танытудың стратегиясын жасау мүмкін емес. Немістің гететану мен Қытайдың конфуцийтануы да осындай процестен өткен. Әйтпесе, осы тұлғалардың атындағы институттар тілдік деңгейді анықтайтын құзырлы орган болмас еді. Сондықтан осы тақырыпты таңдадық.
Ал бүгінгі абайтанудың мәселесі бұрын жазылған еңбектерді қайта өңдеп шығару мен ескерткіш қоюдан аспай жатқанын білесіздер.
- Бұл тақырыпты зерттеуді қай кезден бастадыңыз?
- Нақты қай күні бастағанымды айтауға келмес. Бірақ көкейімде жүрген сұрақтарға шежірелі кітапханалардан ең көне һәм соны зерттеулерден жауап іздедім.
- Таптыңыз ба?
- Иә, таптым.
- Нені таптыңыз?
- Қазақ тілі қолдану мәселесінің түпкі түйіні.
- Түпкі түйіні неде екен?
- Түпкі түйінін айтпас бұрын мына бір нәрсеге назар аударайықшы. Мысалы, мәдениеті мен экономикасы екі түрлі Моңғолия мен Израиль мемлекетін салыстырғанда ортақ нені байқайсыз? Құдайына өз ана тілінде табынады. Сан ғасырдан бері өзгермеген. Тіл халық санасына тәуелсіз ғасырлар бойы тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір процесінде қолданылуда. Сондықтан, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтеміз десек, діннің тілін қазақыландыруымыз керек. Құранда да міндетті түрде араб тіліне Құдайға құлшылық ет деген аят жоқ. Бұл бір. Екінші, тіл саясатын басқарудағы мәселе. Тілді мәдениеттің бөлшегі ретінде қарастырған біз елде Тіл комитеті жылдары бойы атауы әр жылдары түрлі шылаумен өзгерген мәдениет министрлігінің құрамында болды. Ал Тіл дамуының ішкі және сыртқы факторларын зерттейтін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Білім және ғылым министрлігінің құрамында. Екеуара шығармашылық байланысын әліпби реформасы барасындағы жаңалықтардан байқайсыздар. Сондықтан, Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігінің құрамына беру стратегиялық тұрғыдан ең дұрыс шешім. Қазақ тілінің құлдырауы да, қазіргі өркендеуі де білім берудегі қазақ тілінің үлесі салмағы аясында жүзеге асырылды. Үшінші, Тіл комитетінен бастап, облыстық басқармалардағы кадр мәселесі. Бұл саланы кімдер басқарды: ақындар, жазушылар, ғалымдар. Кім болса ол болсын, Тіл саясатының кәсіби мамандары емес. Олар істемеді емес, істеді. Бірақ, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін мақал бар емес пе? Стратегиялық шешімдер қабылдай алмады.
- Қандай мысал айтасыз?
- Әлі күнге дейін 1983 жылғы «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне» түзету енгізе алмай келеді. Тіл саясатын басқаруда сананың тәуелсіздігі жетіспей келеді. Басқа шетелді мысалға алмай-ақ қояйық. Жаман болсын, жақсы болсын Білім және ғылым министрлігі білім беру процесін заманауи қоғамның талабына сай дамыту үшін «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын» неше рет өзгертті. Ұдайы жетілдіруде.
- Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру барысындағы қазақ тілінің ахуалы қандай?
- Қазақ тілінің ахуалы туралы айтқанда екі түрлі позицияда қарау керек. Әуелі ұлт тілі ретінде қарастырсақ, жаңғыру мен құлдырау екі процесі қатар жүруде. Жаңғыру процесі деп отырғаным Қазақстанның түрлі саладағы қолданыс аясы кеңеюде, оған сай көп жұмыстар да атқарылды. Сол жұмыстардың нәтижесінде докторлық диссертациямда Қазақстанмен тағдырын байланыстырғысы келген әрбір адам қазақ тілін білу керек деген тұжырымды ұсындым. Осы тұжырымды Бейжің тарапы алғашында мойындамады. Сол себепті қорғау уақытын кейінге бір жылға жуық шегерді. Неге дейсіз ғой? Шетелдік ғалымдардың Қазақстан тіл саясаты туралы зерттеулерінде Қазақстанның ресми тілі (заңдық негізі болмаса да) – орыс тілі тұжырымында. Соған сай мемлекеттік кадр даярлау саясатында орыс тіліне қатты назар аударады. Зерттеу еңбегімде сол сеңді сөгуге тырыстым.
Құлдырау процесі деп отырғаным Қазақстаннан тысқары жердегі қазақ тілінің қолдану аясы күн санап тарылуда. Оны күнделікті ақпараттан көріп отырсыздар. Сонымен қатар, қазақтардың өз ана тілінде сөйлемеуі тіл саясатының басты мәселесі. Осы мәселені шешу үшін психологиялық зерттеу жүргізудің маңызы зор.
Ал мемлекеттік тіл ретінде ұлтаралық қатынас пен мемлекеттік саясаттағы рөлі әлі кенжелеп дамуда. Тіл саясатына арналған мемлекеттік бағдарламаны жасаушылардың өзі іске асыруда маң-маң басқан соң, басқаларға ұш деп бұйрық беру қандай қисынға келеді?!
- Орыс тілінің әлі де болса үстемдік құруы кешегі отаршылық жүйенің әсерінен болса керек. Орыс тілін білмесең өмір сүре алмайтын заман болды ғой. Осындай қажеттілік ана тілімізге де ауадай қажет болып отырған сияқты.
- Қажет. Тұтас ел бойынша енгізу қауіпті. Қызылорда мен СҚО, Маңғыстау мен ШҚО салыстырсаңыз қазақ тілі қолданылуында айырмашылықтар бар, біреуінде барлық жерде, біреуінде тек біраз салада ғана қолданылады дегендей. Сондықтан, қазақ тілі қолданылуының геогрфиялық картасы жасалу керек. Соған сай қажеттіліктің қадамдық жоспары жасалу керек. Сонда ғана көздеген мақсатқа жетеміз. Бір сөзбен айтқанда Анти-Ильминский жоспары жасалу керек.
- Тіл саясаты мемлекеттің тірегі ғой. Ұлттық кодымыздан ажырамай, рухани жаңғыруға негіз болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Ұрпаққа ұлттық рухты қалай сіңірмекпіз?
- Айтса ауыз жаңылатындай көп жұмыстар жүргізілді. Бірақ мақсаты бір – әр қазақ ана тілінде сөйлесе деген. Ал сіңірудің бір-ақ жолы бар. Ол – әркім өз санасындағы рухани тәуелсіздік қолжеткізу керек. Сонда ғана «қазақ қазақпен қазақша сөйлеседі».
- Әліпби реформасы қалай жүзеге аспақ?
- Ол әліпби жобасына тікелей байланысты. Жоба ұлттық тіл ерекшелігіне сай жасалғанда процесс жақсы жүзеге асады, олай болмағанда Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжанның кебін киеміз. Оларды сәтті жүзеге асырды деп айта алмаймын. Қазіргі күнге дейін жобаларда туындаған мәселелердің түпкі түйіні - қазақ тілінің әдеби, сөйлеу және ресми (орыс тілі деп түсінбеңіз) тілдерінің жиілік сөздігі жасалмағаннан. Қазіргі әліпби бойынша қазақ тілі сөздік қорының неше пайызы латын негізді жазумен жазылғанда қиындық тудырады немесе тудырмайды деген статистика жоқ. Сондықтан жаңа таңбамен таңбалауда көп қиындық туындауда. Ал жасанды интеллектің көмегімен жиілік сөздік жасап, әліпби таңбалаумен аналитикалық талдаулар жасалса реформаның түпкі мақсатына жақындай түсеміз. Латын негізді әліпбиге көңілге қонымды нұсқа жасалмай, мынадай тиімділігі бар деп айту қиын.
- Тіл саясаты алдымен білім беру ісіне тікелей байланысты ғой. Осы бағытта өзіңіз қызмет етіп келесіз. Қандай тәжірибелерге сүйенесіз?
- Әлемдік саяси картада түрлі түспен боялған елдердің түрлі тәжірибесі бар. Әрқайсысының жақсы және жаман тұстары бар. Менің ойымша, Патшалық ресей мен Кеңес үкіметі тұсындағы білім беру ісіндегі тіл саясаты біз үшін ең жақсы тәжірибе.
- Қазір қандай кітаптар оқып жүрсіз?
- Мен оқыған кітаптар әртүрлі тілде жазылғандықтан оқырманға түсініксіздеу болуы мүмкін. Сондықтан салаларына тоқталайын. Әдебиет, әдеби менеджмент, тіл саясаты, тіл менеджметі, тілдік жоспарлау, білім беру менеджметі, білім беру экономикасы тақырыбында жазылған әйгілі адамдардың еңбектері. Қазақ әдебиеті мен тілі қазіргі заманауи қоғамда ІТ-дің ауылын айналып жүр, ал әлемдік алпауыттар DT (data technology) бел ортасында өз мүмкіндіктерін шыңдауда.
- Ғылым жолына түсемін деген жастарға, оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?
- Ғылым жолына түсемін деген жастарға қазір мүмкіндік көп. Докторантураға бөлінген мемлекеттік грант саны жыл санап өсуде. Кейбір сала бойынша тіпті игерілмей жатқаны да жасырын емес. Шетелде оқимын дегендерге де жол ашық. Мәселе сол мүмкіндікті қалай игергендігіңізде. Докторантураға түстіңіз, түскен соң тақырыбыңызбен ғылыми ортаны қалай таңғалдырасыз деген сұрақ тұрады. Таңғалдыру – қорғауға бір қадам жақындау. Таңғалдырам десеңіз тың тақырыпқа сүрлеу салу керек. Осы ретте ғылыми жетекшінің рөлі зор. Сондықтан, ғылым жолында жетекшіңіз бен тақырыбыңыз жартылай бағыңыз. Жар таңдағандай жаңылыспай таңдауға кеңес беремін.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.