Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
БЕСЕУДІҢ ОЙЫ: ӘДЕБИЕТТЕГІ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ...

16.03.2017 17328

БЕСЕУДІҢ ОЙЫ: ӘДЕБИЕТТЕГІ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ 12+

БЕСЕУДІҢ ОЙЫ: ӘДЕБИЕТТЕГІ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ - adebiportal.kz

«Әдебиеттің атқаратын орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды» деп Сағат Әшімбаев баға берген әдебиетіңіздің бүгінгі күйі қандай? Жалпы, әдебиеттің айналасында қандай күрделенген мәселелер бар? Оларды шешудің нақты қандай жолдары болуы мүмкін? Осы сияқты бес сауалымызға әдебиеттің айналасындағы әртүрлі буын өкілдерінің пікірі жинақталған «Бесеудің ойын» оқи отырыңыздар.

0ad03621be2729533fe265aa0adaa7d0.jpg

I. ЕЛІМІЗДЕГІ ОРЫСША ӘДЕБИЕТ ПЕН ҚАЗАҚША ӘДЕБИЕТ АРАСЫНДА НЕГЕ БАЙЛАНЫС ЖОҚ?

Зәуре БАТАЕВА, әдеби блогер:Бұл орынды сұрақ. Ойға бірден «орыс тілді қауым қазақша оқымайды» деген пікір келеді, бірақ қазақ тілді қауымның орыс тілді отандастардың не жазып жатқаны жайлы да аса хабары жоқ екенін ескеру керек. Негізінде, еліміз екі тілді болғандықтан, бұл жерде байланыс болу үшін екі шарт қажет: не барлығы екі тілді болуы қажет, не екі тілдегі шығармалар түгел жүйелі түрде аударылып отыруы керек. Бірінші шарт біздің елде бір жақты. Қазақ тілділер түгел орташа болса да орыс тілін біледі де, орыс тілділер қазақ тілін мүлдем білмейді. Лингвистикалық тұрғыдан алғанда, екі тіл қатар қолданылатын тілдік ортада кішірек тілдердің тағдыры аударма саласына тәуелді болады. Оған намыстанудың ешқандай қажеті жоқ. Кеңес кезінде қазақ тілді және орыс тілді қаламгерлер арасында тығыз байланыс, бірі бірінің шығармашылығына деген қызығушылық, одан қалса жүйелі түрде аударып отыру дәстүрлі жақсы қалыптасқан болатын. Бұл өкімет тарапынан бақыланды ма әлде сол кезде қаламгерлер арасында шығармашылық қызығушылық болды ма? Сол дәстүрді қайта қалпына келтіру қиын нәрсе емес сияқты. Меніңше, қазіргі қалыптасқан қырғи қабақ жағдайға себеп болған екі нәрсе бар: 90 жылдары қатты кризис кезеңінде қазақ тілді әдебиет мүлдем назардан тыс қалды. Одан кейін 2000 жылдары жұрт есін жинап, қайта қолға алған сәтте ұлшылдық қозғалысы белең алды. Осы кезде екі топ бір бірінен мүлдем алшақ кетті. Еліміз екі тілді болғандықтан, егер шығармашылық жағынан бірлік болса, жалпы топтар арасындағы бірлік нығая түсер еді. Бұл тұрғыдан әдебиет саласындағы БАҚ иелері көп жұмыс істесе. Мысалы, орыс тілді баспалармен тығыз байланыс жасап, екі жақты хабар алмасып отыруға болады ғой.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, аудармашы:Осыдан бірнеше жыл бұрын «Amanat» атты бір журнал шығып тұрды. Сол журнал арқылы Қазақстандағы орыстілді әдебиеттің жалпы ахуалымен танысып тұрушы едік. Ол журнал жабылғалы шынын айтсам, орыстілді әдебиеттің бар-жоғынан да бейхабар болып қалдым.

Өз басым «Простор» журналының барын бұрыннан білемін. Бірақ, осы бір диаспора өкілдері не жазып, не қойып жүр екен, орыс тілінде жазатын қандастарымыз қай деңгейде, жалпы, осы әдеби процестің жайы қалай екен, журналды бір парақтайыншы деген арнайы мотив маған мүлде тумаған екен. Осыған өзім де таңданып отырмын. Неге олар бізді қызықтырмайды екен? Негізі, білуіміз, тануымыз керек.

Мен өзім танитын орыстілді бір ақын бар, Амантай Ахетов деген. Бұрыннан Алматыда тұратын кісі, негізі, Көкшетау өңірінің тумасы болуы керек. Ертеректе жиі араласқан ағам еді, соңғы жылдары хабарсыз кеттік. Орыстілді қазақ ақындардың ішінде біршама шоқтығы биігі осы ағамыз шығар деп ойлаймын, әрине, Олжастан кейінгі. Өйткені, өлеңдерінің тілі орысша болғанымен қазақы идея, ұлттық діл сезіліп тұрады.

Қандастарымыздан тыс талай жерлестеріміз де бар ғой. Корей, ұйғыр, татар, орыс, герман, өзбек, қалмақ дегендей. Солардан шыққан ақын-жазушылардың бәрі орысша жаза ма, өз ана тілінде немесе қазақша жазатындары бар ма? Мұны да біздің әдебиет институттармыз, университеттердің филология факультеттері зерттеулері керек секілді. Бәрі бір елде тұрады, бірақ, мүлде өзге әлемде өмір сүреді. Бірін бірі білмейді, танымайды. Бұлай болмайды ғой.

Жазушылар одағы да бұл мәселеге назар аударуы керек шығар. Байланыс болмаған соң әркім өз қазанында қайнай береді де. Бұлардың бәрі біздің елде туып-өсіп, өмір сүріп жатқандықтан біртұтас қазақ әдебиетін мәуелі алып бәйтерек десек, өзге тілді әдеби туындылар сол ағаштың бұтақтары іспетті болуға тиіс.

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы: Қай байланысты сұрап отырсың? Қазіргі таңда орыс және қазақ әдебиеті арасында аз да болса байланыс бар. Түлкібаста туған орыс жазушысы стилист А.Ким Ә.Нұрпейісовтің, Ә.Кекілбайұлының шығармаларын орыс тіліне аударды. М.Сәрсеке «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясы бойынша кітап шығарды. Ептеп Р. Отарбаев әңгімелері орыс тіліне аударылып «Л.Г» бетінде жарияланды.

Орыс тілді балалар әдебиеті қазақ жерінде тасқынға айналып барады.

Қазақ балалар әдебиетінің дамуына кезінде оң ықпалын тигізген әдебиет. Ал, бүгін қазақ балалар әдебиетін сол тасқын тұншықтырып барады. Бұл – қазақ балаларының алтын қайнардан алыстауына себеп, ұлттық тәрбие сабағынан (дәстүр) шеттеу!

Қай тілде болса да әдебиет проблемасы шаш етектен. Дегенмен қаламгерлер қимылдап жатыр. Бірақ, оқитын оқушы жоқ. «2-ден 5-ке дейін» (К.И.Чуковский) көгілдір экранға телміріп өседі. Әрі қарай 90-ға дейін тоқтау жоқ. Әдеби өмір емес, телеөмір... Қазіргі балаларды шешелері теле техника, интернетті құшақтап жатып туады... Не күтуге болады?

Қуат ҚИЫҚБАЙ, жазушы: Байланыстың жоқ екені рас. Бірақ ол осыдан жиырма бес-отыз жыл бұрын үзіліп қалды деп айту қателік. Мысалы, кейінгі толқыннан Алмат Исәділ Олжас Сүлейменовтың бірқатар өлеңдерін қазақшаға аударып жүр. Марқұм Әуезхан Қодар Мағжан ақынның лирикалық топтама өлеңдерін орысша сөйлетті. Бізде орысшадан, бүгінгіге керекті ағылшын тілінен, басқа да тілдерден тікелей аударма жасайтын ақын, жазушылар жетерлік. Оның үстіне елміздегі өзге тілдегі әдебиетті былай алғанда, қазақ әдебиетінің оқылуы да сирек қой. Тұралап қалған әдеби процесстің кесірінен басқа әдебиетті қойып, қазіргі қазақ әдебиетінің ахуалы да көңіл жұбатпайды. Біздің өз арамыздағы байланыс та нашар болып сезіледі. Мүмкін, алдағы уақытта соған күш салуымыз керек шығар.

Әсел КӘРІБАЙ, жас ақын:Мүмкін белгілі бір кішкентай шеңберде байланыс болып жатқан шығар. Ол жағын білмеймін. Ал, тұтастай алып қарасақ, біздің əдебиет өкілдері Олжас Сүлейменовтің ғана есімін атаумен шектеліп жатады. Əрине, Олжас – біртуар тұлға. Мықты болғандығынан шығар - біздің орыстілді əдебиет Олжаспен өлшенеді. Одан кейінгі орысша жазатын буынмен таныс емеспіз. Себебі, əдеби байланыс жоқ. Кейбір қаламгерлерден «Простор» журналын естуіңіз бар ма деп сұраңызшы. Бұдан соң бір-бірін қайдан танысын? Қайдан білсін? Бізге «Полифония» фестивалінің форматындағыдай əдеби жобалар қажет. Оны ұйымдастыратын, қазақтілді əдебиет пен орыстілді əдебиет арасына алтын көпір болатын ұйытқы керек. Осы тұрғыдан келгенде құлшынып жүрген ешкімді көрмеймін. Бəріне бəрібір.

ІI. ЖАЛПЫ, ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ДАЙЫНДЫҒЫ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

(Сіздің ойыңызша, олар композиция, фабула, кейіпкерлердің архетиптері деген нәрселерді қаншалықты біледі?)

Зәуре БАТАЕВА, әдеби блогер: «Қаламгерлер» дегенде сөз бұл жерде прозашылар мен әдеби сыншылар туралы болса, меніңше, теориялық әзірлік әдеби сыншының домені болуы тиіс. Көркем әдебиет, яғни проза мен ақындық үшін теориялық әзірліктің аса қажеті жоқ дер едім. Жалпы жазушыға не керек? Шығармашылық еркіндік, саяси тәуелсіздік пен өмірлік тәжірибе керек. Оған қоса, теориялық білім жазушының еркін көсілуіне кедергі жасауы мүмкін. Мысалы, жұрт білетін Эрнест Хемингуэйді алатын болсақ, ол орта мектептің жоғарғы сыныптарында журналистика пәнінен алған дәрісі болмаса, ешқандай жоғары білім алмаған. Оның шынайы оқиғалары мен қысқа да нұсқа тілі 20 ғасырдағы әлем әдебиетінде үлкен жаңалық болғанымен, оның теориялық біліміне емес, өзінің өмір тәжірибесі мен интуициясына сүйенгені белгілі. Ал теорияны көп зерттеп, шығарманың формасы мен стиліне саналы түрде мән беріп жазған жазушылардың бірі - америкалық жазушы Джон Апдайк. Апдайк – көркем әдебиет пен әдеби сынды қатар алып жүрген сирек жазушылардың бірі. Бірақ бұл ерекше жағдай екенін ескеру қажет. Апдайк Гарвард университетінің әдебиет факультетінің үздік түлектерінің бірі және кейін Оксфорд университетінің Джон Раскин атындағы бір жылдық көркем өнер курстарын аяқтаған. Яғни, ол әдеби сын мамандығына жастайынан жан-жақты әзірленген. Сондықтан болар, Джон Апдайк ерекше стилі мен ерекше сөз қоры үшін талай сыйлықтарға ие болғанымен, ол көпшілік жазушысы емес, шығармалары үлгі сияқты элитарлық жазушы болып саналады. Қайта оның әдебиет туралы еңбектері XX ғасырдағы әдебиетті зерттеу саласындағы құнды еңбектер болып табылады.

Жазушылық, яғни оқиға баяндау ең алдымен өнер түрі болғандықтан, оқиға қандай жанрда жазылса да, жақсы жазушы шығармасын тиімді ұйымдастыру жағын саналы түрде немесе ішкі түйсікпен міндетті түрде қарастырады. Мысалы, Бейбіт Сарыбайдың «Өліара» әңгімесін алайық. Бұл шап-шағын шығарманың архитектоникалық мықтылығы сонда, автор шығарманың сыртқы құрылымы мен ішкі элементтерін шашыратпай, тамаша үйлестіре білген. Біресе мұңды, біресе күлкілі эпизодтар таза көркем детальдан ғана тұрады. Автор ұзын-сонар сипаттаудан мүлдем бас тартқан. Кәдімгі көркем суретші сияқты бір-екі штрихпен ғана сомдалған Айбол деген кейіпкердің бейнесі қандай әсерлі шыққан. Әдеби сыншыға салсаңыз, бұл кейіпкердің архетиптерін бірден баяғы тентек Сұлтан мен Гекльберри Финнен табар еді. Автор өзі шығарманы жазып отырғанда бұл туралы ойлады ма екен? Көркем шығарманың сыртқы және ішкі композицияларын бүге-шүгесіне дейін талдап, автордың қандай құрал қолданғанын, тілін және тағы басқа ерекшеліктерін қайта жіліктеп, сараптап беру – әдеби сыншының жұмысы. Әдеби сын деген сол. Әдеби сын деген мақтау немесе даттау емес. Ролан Барт айтқандай, авторды мүлдем ұмытқан жөн.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, аудармашы: Көркем әдебиеттің басты миссиясының өзі адамтану деп жатамыз ғой. Ол рас. Әдеби кітап оқымасаң, өзгені тұрмақ өзіңді де өмір бақи тани алмай өтесің. Бұл міндетті атқару үшін жазушы өз шығармасының басты кейіпкерінің ішкі жан дүниесін жіті зерттейді. Әрине, бұл дегеніңіз, механикалық тәсілмен дәлелдене салатын оп-оңай дүние емес. Ғылыми дәлдік пен көркемдік шындықтың айырмашылығы да осында болса керек. Бір адамның басындағы санқилы күрделі көріністердің ішкі құпия сырлары мен сипаттарының мән-жайын кейіпкеріңнің іс-әрекеттері мен бастан кешкен оқиғалары арқылы ашып көрсетесің.

Сол арқылы оқырман өзінің санасында, жан дүниесінің түкпірінде, жүрегінің түбінде жатып, санасын сан-жаққа жүгірткен, толқытып-толғантқан, мазасын алған, көңілін қалдырып, ренжіткен, сүйсінтіп разы еткен, жек көріп, өшпенділік тудырған барлық сезім үдерістерін таниды. Өзінің ғана емес, өзгенің де ішкі әлемін танып, талай тылсым сырларға қанығады. Адам баласы әдебиеттің осы қасиеті үшін ғасырлар бойы одан ажырамай келе жатқан болар деп ойлаймын.

Ал, қазақ қаламгерлерінің теориялық дайындығын тәуірлеу шығар деген пікірдегі адаммын. Өйткені, төл әдебиетіміздің аға буыны да кейінгілер де орыс әдебиетінің классикалық үлгісінен тәлім алды және оларды түпнұсқадан оқып өсті. Бұл кез-келген ұлттың маңдайына жазыла бермейтін зор мүмкіндік. Себебі, орыстың классикалық әдебиетін, Пушкинді, Толстойды, Чеховты бүкіл әлем мойындайды.

Қазіргі ақын-жазушыларымыздың арасында да әдебиет теориясын жетік білетін, салмақты-салиқалы ой-пікір білдіре отырып, кез-келген туындыны талдап-таразылауға біліктілігі сай келетін шебер қаламгерлер жетерлік. Мен олардың арасынан үш-ақ қалам өкілін атап айтайын. Бүгінгі аға буыннан ақын Аманхан Әлім, орта буыннан сыншы Аманкелді Кеңшілікұлы, жас буыннан Аягүл Мантай.

Бұл кісілердің теориялық дайындықтары өте жоғары деңгейде деп санаймын. Сондықтан, қандай жазушының қай шығармасын ұсынсаң да, ол туындының композициясын, фабуласын, кейіпкерлердің архетиптерін жіті талдап, таразылап беруге қарым-қабілеттері әбден жетеді.

Архетип дегеніміз әу баста, адам қиялында пайда болып, кейін өзіне тән мазмұнын тапқан дүние ғой. Бұл өзі, айналып келгенде, архаикалық рәсімдердегі психологиялық схемаларға тән мотив пен тәсілдер емес пе. Ал, композицияға келсек, туынды деталдарының өзара логикалық сабақтасу арқылы қиюласа келіп, біртұтастыққа айналуы. Мұндай бірлікті біздің жазушылар жақсы үйлестіріп жатады. Шағын әңгімеден бастап, романдарға дейін тартымды жазылған туындылар баршылық қой. Егер ішінара мұндай тәсілдер үйлесімділік таппай жатса, ол жекелеген туындыгердің шеберлігіне, тәжірибесіне сын.

Бірақ, шындығын айту керек, жазушылардың арасында теорияға аса ден қоймай өз түйсігімен, табиғи дарын-қабілетіне сүйеніп жазатын жандар да кездесіп жатуы бек мүмкін. Соған қарамастан шығармасы сәтті шығып жатса, оған таңданудың реті жоқ шығар. Себебі, «шығарма жазудың озық үлгісі мынау ғана» деп ұсынатындай даяр рецепт ешқайда жоқ қой, шын мәнінде. Әр жазушы әрқалай суреттейді. Жан күйзелткен, көңіл толқытқан оқиғаны басшылыққа аласың да, жазуға отырасың. Мұндай сәтте «теорияда қалай еді» деп ойланып та жатпайсың. Жаратушы Тәңір құлағыңа не сыбырласа, соны жүйткіте бересің ғой.

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы: Теорияны айтып ауыз ауырту қажет пе жалпы? Тәуелсіздіктен кейін қазақтар қауырт диссертация жазып, кісі жалдап жаздырып қорғады. Ғалым атанды. Бірақ, әдебиетте теориялық ой қозғалған жоқ. Жеткен жерде қалды. Ешкімге керек болмай қалды. Теориялық ой жаңарған жоқ, жаңа теориялық ой айтылған жоқ қазақ әдебиетінде. Теориялық ойды қабылдау құлдырап кетті. «Кейіпкердің архетиптері...» (?) – модалы сөз. Көркем образдың прототипін түптұлға деп қазақшалағанмын. Мүмкін осы дұрыс шығар. Ондай теориялық ұғымдар бүгінгі жазып жүрген талапкерлердің түсіне кіретін шығар...

Қуат ҚИЫҚБАЙ, жазушы: Жарық көретін әдеби газет-журналдарды, жинақтар мен кітаптарды, сайттар мен порталдарды реті келсе оқып отыруға тырысамын. Қатарластарымның әдебиетке құмарлығы, ынтасы, ерік-жігері қатты қуантатыны рас. Қарасы да анау айтарлықтай көп деуге болады. Бірақ мақтана алмаймыз. Себебі, теориялық білім жоқ. Бұл менің ғана емес, ұлт әдебиетіне жаны ашитын әрбір қазақтың пікірі деп ойлаймын. Ең бірінші кемшілік қалай болса солай пайдалана беретін жаттанды, кезекші артық сөздер көптеп кездеседі. Онымен қоса, қазіргі уақытта көркем шығармаларда диалектикалық қолданыстағы сөздер өріп жүреді. Оқырманды ойландыру үшін, нағыз талант үшін, ақ пен қараны ажырату үшін теориялық білім ауадай қажет! Соңғы кезде өзінің қандай шығарма жазғанын бағамдай алмайтын ақындар мен жазушылар шықты. Сол үшін туындыгерге асқан теориялық білім керек-ақ. Қаламгерлер сыншылар мен ғалымдардан артық болмаса да, солардың деңгейіне жетеқабыл әдебиет теориясын білсе, өздеріне қатысты баспасөз бетінде жарияланатын анау-мынау пікірге де ашу шақырып, шамданбайтын болар еді.

Әсел КӘРІБАЙ, жас ақын: Қазақ қаламгерлерінің бəрінің қолында филология факультетінің дипломы болмауы мүмкін, бəрі бірдей «Əдебиет теориясы» пəнінен дəріс тыңдамауы мүмкін, алайда ол теориялық білімі жоқ дегенді білдірмесе керек. Себебі, жазушыны «жазушы» деп танығанымызда біз оның шығармасының деңгейін біліп барып сол абыройға лайық деп санаймыз. Өз пікірімде жазушы болсын, ақын болсын, «мен Тəңірдің құлағыма сыбырлағанын ғана жазамын» немесе «сезімімді ғана параққа түсіремін» дегендеріне аса сене бермеймін. Ондай құбылыстардың болып тұратынына шүбə келтірейін деп тұрғаным жоқ. Əйтсе де, ешкімді қайталамай, көшірмей, өзіңе ғана тəн жазу стиліңді қалыптастырып, ешкім жүрмеген сүрлеуіңді салу үшін Алла берген талант аздық етеді. Өз ғаламшарыңды эстетикалық талғамыңа сай жасақтау үшін оқыған кітаптарың, жиған білімің, жасаған тəжірибең, өткерген өмірің, көрген-білген, қорытқаның көмекке келеді. Шынымды айтсам, мен «шабыт» деген дерексіз ұғымға сене бермеймін. Фолкнер айтқандай, күніне екі сағат жазу үстеліне отыр - сол шабыт. Мағауинше – шабыт жоқ, бап пен машық бар. Бос дарынымен «Тəңір сыбырлайды» деп отыра қалып жаза беретіндерді аяймын. Ондай «туындының» деңгейі тумай жатып белгілі. Өлең жазғанда Абай қойған талапқа сай болу үшін бір сөздің өзін «мəні сай келе ме», «артық сөз боп кетпей ме», «дұрыс қолданып отырмын ба» деп əбден кесіп-пішіп барып жазасың. Мұны қолдан жасау дейтіндер де табылар. Түсінемін. Олар аздап қиялдағанды жақсы көреді... Ал классикалық туындылар жазып кеткен, жазып жүрген қаламгерлеріміз алдымен шығармасының композициясын құрып алмайтынына, авторлық шегініс жасағанда оны «фабула» деп атайтынын білмейтініне, əр кейіпкерін зерттемей ойдан образ жасай салады дегенге сене алмаймын! Оның бəрі сауатты оқырманның сүзгісінен өтіп жатады.

IІI. БІЗДЕ СОҢҒЫ ШЫҚҚАН БІР КІТАПТЫ АЛЫП, СЫЛДЫР СӨЗБЕН МАҚТАЙ ЖӨНЕЛМЕЙ, ҒЫЛЫМИ, КӨРКЕМДІК ТҰРҒЫСЫНАН ТАЛДАП БЕРЕ АЛАТЫНДАР ҚАЛДЫ МА ӨЗІ? СОҢҒЫ РЕТ ОСЫ ТАЛАПТАРҒА САЙ МАТЕРИАЛДЫ ҚАШАН ОҚЫДЫҢЫЗ?

Зәуре БАТАЕВА, әдеби блогер: Иә, өкінішке қарай, бұл – жалпы әдебиетімізге кесірін тигізіп отырған үлкен мәселе. Ұлтымыз көпіріп мақтанғанды, одан кейін мақтағанды ғана сүйеді. Оның себебі біреу: адамдар бір біріне тәуелді. «Сен – маған, мен – саған» қағидасы әбден жайлап алған. Объективті, шыншыл көзқарасын білдіретін адамдарды қоғам итеріп тастайды. Сын деген «сөгу» деген қате түсінік тағы бар.

Таласбек Әсемқұлов өзінің «Дидар Амантайдың «Көзіңнен айналдым» әңгімесін оқығанда туған ойлар» атты мақаласында «Әдеби сын көркем шығарманың әкесі емес, әріптесі болуы керек» деген еді. 2012 жылы жазылған осы мақала – қазақ тілінде жазылған толық қанды, тамаша рецензиялардың бірі. Бұл мақаласында Таласбек Әсемқұлов бір шығарманы талдау үшін француз кинематографиясындағы жаңа толқыннан бастап 20 ғасыр әдебиетіндегі жаңашыл ойларға дейін түгел шолу жасап шыққан. Яғни, прозаның әріптесі болу үшін, сыншының өзі ең алдымен өз ісінің шебері болуы тиіс. Себебі қазіргі заманда әлем әдебиетінде, жалпы өнер саласында не болып жатқанынан хабары жоқ, 20 ғасырдағы әдебиет теориясын басқа деңгейге шығарған орыс формалистері Виктор Шкловский, Юрий Лотман, Михаил Бахтин немесе француз структуралистері Ролланд Барт сияқты ойшылдардың, жаңағы айтылған Джон Апдайктың еңбектерін оқымаған адам сапалы әдеби сын жаза ала ма? Қазірі қазақ әдебиетінде сын сымақ жазып жүргендердің дені – оқуды кеше тәмамдаған журналистика факультетінің түлектері. Журналистика мен филология факультеттерінде ортақ пәндер көп болғанымен, бұл екі факультеттің айырмашылы жер мен көктей. Журналистика деген мысалы, батыс елдерінде – шынайы ақпарат тарату құралдарымен жұмыс істейтін, таза практикалық мамандық, ал тіл мен әдебиетті терең зерттейтін ғылым ол – филология. Сондықтан «әдеби сыншы» деген мамандыққа өте жоғары талап қоятын уақыт келді. «Әдеби сыншы» деген жай қаламгер емес, жан-жақты, теориялық әзірлігі мықты, сараптау қабілеті жоғары, әдебиет маманы деген сөз. Орта мектеп деңгейінде шала-пұла жазылған нәрселерді «рецензия» деп атап, біреуді мақтап немесе даттауды «әдеби сын» деп атауды доғару қажет. Блоггер мен әдебиет маманын да шатастырмау керек. Ауыз әдебиеті мен кеңес жазушыларынан асып шыға алмайтын қаламгер әдеби сын жазуға моральдық тұрғыдан қақысы жоқ екенін өзі де білуі тиіс. «Аязби әліңді біл» деген осы. Оқырманның талғамын қалыптастыратын жазушы емес, әдеби сыншы. Оқырманның талғамы өскенде, жазушыға қойылатын талап та өседі. Бұл заңдылық.

Яғни, жоғарыда білдірген пікіріме қайта оралығым келеді. Біріншіден, жазушы мен әдеби сыншы арасын айыра білген жөн. Екіншіден, әркім өз ісімен айналысуы тиіс. Жазушы жазсын, әдеби сыншы сараптасын, ал журналист оқырманның назарын осы үрдіске аудара білсін, яғни ақпарат таратсын. Профессионализм деген сол. Бізде бәрі араласып, шатасып кеткен.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, аудармашы: Өте тамаша сұрақ! Соңғы кезде кітапты оқымай жатып, пікір айтып тұратындар белең алып бара жатыр. Бір жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп жатады. Пәленшекеңе сөз береді, ол «кітапты оқып үлгерген жоқпын» деп тұрып, ашық мойындап алады да үйіп-төгіп мадақ айтады. Оқымаса, онда не жазылғанын білмесе қалай соншама көсіліп-көпіріп сөйлеуге болатындығына таң қаласың. Құдды бір көріпкел ме дерсің.

Қазіргі әдеби үрдіске дер кезінде баға беретін сыншылардың қарасы тым аз болып тұр ғой. Барларының өзі әдебиет тарихына қарай ойысып кеткен. Аға буын сыншылар мен әдебиеттанушылар Алаш арыстары мен қазақ-совет дәуірінің жазушыларын шиырлап, арқандалған атша айналсоқтап шыға алмай жүр. Әжептәуір көңілден шығатын ойларды «Қазақ әдебиеті» газетінің «Ардың ісі» деген айдарынан ғана көріп қалып жүрмін. Оның өзінде ілуде біреуін ғана тұщынып оқисың.

Бізде қазір көшеге шығып таяқ лақтырып қалсаң, әдебиеттанушы ғылым докторы мен кандидатының, білдей бір профессордың басына барып тиеді. Бірақ, солардың арасынан көшелі сөз айтатын шын ғалымды табу мұң.

Әдебиет және өнер институтынан бастап, барлық университеттерде әдебиеттану кафедралары бар. Ол жерлерде әдебиетші ғалымдар сеңдей соғылысып жүрген жоқ па. Былай қарасаң, кез-келген шығармаға ғылыми көркемдік талдау жасауға мүмкіндік ұшан теңіз секілді. Бірақ, сол қаптаған ғалымдардың ішінен теория саласының маманын табуың тағы да қиынға соғады. Бәрі дерлік тарихпен шұғылданып жүргені. Көбінің айтатыны өткен шақтың естелігі, марқұм жазушылардың қолдарына су құйғандары, асатудан дәм татқандары т.с.с. Сосын, несін талдасын.

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы: А.Смақова және Смақова. Ол да теориядан шаршады білем... Теориялық еңбек бүгінгі қоғамға керегі жоқ. Смақованың да! Тұтынушысы жоқ…

Қуат ҚИЫҚБАЙ, жазушы: Бізді бір құртып жүрген нәрсе болса ол осы – мақтау. Талайдың түбіне жеткенде сол. Ақын болсын, жазушы болсын кітап шығарғанға дейін бір жылт етіп, жас шағында әлдебір әдеби байқауда көрінсе болды. Соның өзі жетіп жатыр. «Мынау ГЕНИЙ», «Мынауың МАҒЖАН ғой», «Мынау БЕЙІМБЕТ қой» деп жамырасып қаламыз. Көзді бақырайтып қойып мақтай жөнелеміз. Осыны істейтін үлкендер жағы. Имене басып әдебиетке келген жастар қайтеді? Өзінің ішкі «МЕНІнің» жоқтығынан бос мақтанға семіріп, берісі даңдайсып, шығармашылықты, оқу-тоқуды жайына қалтырып, арысы арақ ішіп, одан қалса басқа бірдеңе ұрынып сандалып кете барады. Біздің де арамыздан Бейімбет, Мағжандар шықсын, оған талас жоқ. Тек сөз семсерін байқап сілтейік. Сөз қадірі – Өз қадірің. Бүгінгі буынға солардың қадірі кетсе келешек кімге қарап бой түзейді. Ал, талдап бере алатын әдебиетшілер бар. Сол тізімде Асқар Алтай, Тұрсынжан Шапай, Айгүл Кемелбаева, Болат Мүрсәлім, Ермек Қаныкейұлы сияқты мықтыларды атар едм. Бірақ, оларға ешкім жүгінбейді де. Олар барды «БАР» деп, жоқты «ЖОҚ» деп қана айта алады. Турасын айтқан туғанына жаққан ба?!

Әсел КӘРІБАЙ, жас ақын: Соңғы рет (бір ай бұрын болу керек) Анар Кабдуллина ханымның Несіпбек Дəутайұлының прозасына жасаған талдауын оқыдым. Сіз айтқан талаптарға сай жазушының шығармашылығын ғылыми тұрғыда көркемдік мазмұнын ашып, сауатты талдау жасаған. Мен Анар ханымның жазған рецензияларын, талдауларын фейсбуктағы парақшасынан қалт жібермей оқып отырамын. Ол кісінің сын жазғанда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ситуациядан қаламгерді де, шығармасын да «аман-есен алып шығатыны» ұнайды. Тұрсынбек Кəкішевтің жары «Сыннан» дəріс берген ұстазым Күлəш Ахмет үнемі «сын деген – мінін ғана теріп шығу емес, артықшылығын да көре білу» деп айтып отырады. Ал, Анар ханымның жазғандарынан əдеби сынның осы бір талабын артығымен орындайтынын көріп, білімділігіне сүйсінемін. Ал, сіз айтқандай сылдыр сөзбен мақтаудың дəуірі жүріп тұрған қазіргі əдебиеттің күйін аяп кетемін. Жағымпаздар саясаттың қорасынан келеді де, аяқ киімін де шешпестен Əдебиеттің əппақ үйін былғайды келіп. Соны ойлап жүрегім ауырады...

IV. ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫЛАРЫ ҒЫЛЫМИ ФАНТАСТИКА, ФЭНТЕЗИ, ДЕТЕКТИВ ЖАНРЛАРЫНА НЕГЕ ҚАЛАМ ТАРТПАЙДЫ? БОЛМАСА ОСЫ ЖАНРДАҒЫ КІТАПТАР НЕГЕ АУДАРЫЛМАЙДЫ?

Зәуре БАТАЕВА, әдеби блогер: Ғылыми фантастика – қазақ тілінде қалыптаспаған жанрлардың бірі. Ал детектив Кемел Тоқаевтан кейін мүлдем жазылмады-ау деймін. Бұл жанрлар көп ізденуді қажет етеді. Ол үшін жағдай керек шығар. Егер баспалар қаламгерлердің қалам ақысын түгел өздері иемденіп алмай, батыстағы сияқты жазушыларға тапсырыс беріп, жағдай жасағанда, бұл жанрларда талай шығарма пайда болар еді. Өкінішке орай, баспагерлердің қазіргі коммерциялық стратегиясы авторларды шабыттандырмайды, керісінше, меселін қайтарады. Батыста жазушыларды шабыттандыратын, қолдайтын институттардың бірі – баспагерлер.

Ал фэнтези жанры туралы ойым мынандай. Негізінде фэнтези жанрында қазіргі заманға сай қызықты дүниелер жазылып, оқырмандар жаппай бас қойса, бұл жанр тілдің дамуына жақсы әсер ететін жанр. Бірақ бұл жанр «ерекше қабілеті бар батыр» бейнесін сомдауды қажет етеді. Ал фэнтези жанры дамыған елдермен салыстырғанда, біздің батырлар туралы жырларымыз, «Ер Төстік» ертегісі әзірге әлі де жұрт назарында. Одан кейін Қабанбай, Бөгенбай батыр сияқты тарихи тұлғалардың бейнесі де қазір жұртшылық назарында. Яғни, ұлтымыз әлі де «батыр», «құтқарушы» феноменіне сенеді, батырлар болса деп армандайды. Яғни қазақ жазушылары батыр тұлғаның бейнесін көңіл-көтеретін жанр үшін қолдануға әлі дайын болмауы мүмкін деген болжам айтар едім.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, аудармашы: Бала кезінен қиял-ғажайып әлемге құмартып, арманның жетегіне еріп, кітапқұмарлыққа ден қойған жазушыларды оқып өскен ұрпақтың көбі қаламгерлік жолға түскенін аңғаруға болады.

Ғылыми фантастикалық шығарманың танымдық маңыздылығы айтарлықтай. Ғылым мен техникалық прогресті бейнелеумен қатар адам баласының арман-мүддесін айшықтайтын болашақ қоғам мен оның философиялық негізі, моралдық құндылығы, эстетикалық деңгейі қандай болады деген сауалға өзіндік өң келбетімен дараланатын жауап іздейтіндігімен бұл жанр ерекшеленсе керек.

Әрине, әр ел жазушыларының фантастикалық немесе фэнтэзи шығармалары жоғарыда айтылған принциптер негізінде жазылғанымен туындының жасалған уақыты мен кеңістігі, өмір сүрген қоғамының құрылымы, ел-жұртының даму деңгейінің өзі жазушының шығармашылығына ықпал етпей қоймайды.

Бұл салаға 1920-жылдардан бастап, қоғамдық ғылымдар фантастикасы деген жаңа ағым келіп енді. Ғылым өндірістік факторға айналған жаңа дәуірде ғылыми жаңалық атаулының табыстары адамзатқа қуаныш пен үрейді қатар сыйлайтын болды. Ғылыми техникалық жетістіктерді дұрыс бағытта пайдалансаң игілігін көресің. Теріс пиғылмен жүзеге асырылса, жер дүниенің өзін болмашы тозаңға айналдырып жіберуі де ғажап емес деген пайымнан туған туындылар да осы ағымның еншісінде.

Фантастикалық шығарма қай кезеңде жазылғандығына қарамастан әрдайым моралдық үрдіс, рухани дүние жеңіске жетеді дегенді басшылыққа алған гуманистік көзқарас пен таным алға шығарылады. Өткен ғасыр адамзат үшін дүниетаным мен көзқарас күресінің кең өрістеген дәуірі болды. Фантастикалық және фэнтэзи жанрына да осы жағдай елеулі әсер етті.

Ғылыми-техникалық негізге сүйеніп шығарма жазудың хас шебері, атақты қиялгер жазушы Жюль Верн ХІХ ғасырда жазған жиырма шақты романында жүзден астам болжам ұсынған. Оның қиялдарының көптеген бөлігі ХХ ғасырда жүзеге асырылғаны тарихтан мәлім.

Әлем оқырмандарына аты мәшһүр Жюль Верннен соң араға қырық жылдай уақыт салып ағылшын жерінде дүние есігін ашқан Герберт Уэльс оның тікелей мұрагері іспетті ізін басты. Уэльс ХХ ғасырдың екінші жартысына дейінгі аралықта қалың оқырманын тамсандырған 20 роман жазды. Соның ішіндегі ең әйгілісі осыдан тұп-тура 118 жыл бұрын жарыққа шығарылған «Ғаламшарлар соғысы» деген кітабы болатын. Герберт Уэльс те дәл Жюль Верн секілді әр романында қиял-ғажайып ойларды ортаға салды. Онысының көбі сол кезеңде шындыққа айналған болса, кейбірі ХХІ ғасырдың еншісіне қалып, бүгінде жүзеге асып жатқан көрінеді.

Алайда, екі жазушының ұқсастығымен қатар шығармаларының нысанында елеулі айырмашылықтар да кездеседі. Айталық, Жюль Верн мұхит, теңіз, алыс жолсапарлар мен саяхаттар тақырыбына аса ден қойып қалам тартса, Герберт Уэльс қақтығыстарды, соғыс техникаларының болашағын көбірек бейнеледі.

Әлем оқырмандары бүгінде Герберт Уэльс туындыларын «Көрінбейтін адам» (1897) «Ғалым Мороның аралы» (1896) романдары арқылы көбірек таниды. Ал, оның тақырыбының аумағы шын мәнінде өте кең болғанын атап айту ләзім. Уэльс көбінесе, автокөлік, шынжыр табан танкілер, сүңгуір қайықтар, ұшақтар, шайтан арба, телефон, әуе шарлары секілді техникалық құрылғылардың болашағын болжады. Сонымен қатар әлемді шарпуы ықтимал соғыс өрттерін, тіпті өзге ғаламшарлармен арада өтуі мүмкін шайқастарды да қиял елегінен өткізіп қалам тербеді. Тағы бір қызығы, шаңсорғыш, ас үй құралдары секілді әдеттегі тұрмыстық заттардың да болашақта қандай болатындығын алдын ала болжап, жазып кетті.

Герберт Уэльс – атомның бөлінуі, ядролық қарулар, лазер сәулесі сынды ғылыми жаңалықтарды болжай білген технологияның ірі қиялгері болғанымен қоғамдық-саяси өмірдің болашағын дәл тұспалдай алмаған жазушы. Қанша дана қиялшыл болса да оның кейбір ойларының орындалмаған тұстары да баршылық.

Айталық, оның «әйелдердің үй шаруасынан аспай қалатындығы турасындағы» қиялы орындалмады. Ол ХХ ғасырда өмір сүрген британдық азамат, ұлы қиялгер болса да Маргарет Тэтчер деген «темір әйелдің» өз елін басқаратындығын, ғасырлар тоғысында әлемдік саясатқа елеулі ықпал ететіндігін түсінде де көрген жоқ.

Германия сынды батыс демократиясы дамыған елдерді айтпағанның өзінде Латын Америкасы елдері, Үндістан, Цейлон, Түркия, Пәкстан сынды шығыс мемлекеттерінің жоғары билігіне әйелдердің қол жеткізетінін сол кезде біреу айтса, оған тіпті Уэльстің өзі де сенбеген болар еді. ХХІ ғасырдың француз тілі әлемге ортақ тілі болады деп ойлады. Бірақ, өзінің ана тілі ағылшынның үстемдік етеді деген ол білмеді. Соған қарамастан бұл жанр өте оқылымдылығымен, өтімділігімен әлі де жұрт назарында.

Біздің бұл жанр бойынша қалам тартқан жазушылар жоқ емес, болды. Алайда өкінішке қарай өз дәуірінен асып кете алмады. Қалың оқырманның ыстық ықыласына бөлене қоймады. Ендігі жерде әлем фантаст жазушыларының таңдаулы туындыларын бұрынғыдай орыс тілі арқылы емес, ағылшын, истан, итальян, португал, гермен тілі секілді түп нұсқадан тікелей аудару қажеттілігі өмірден туындап отыр.

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы: Кезінде сала-сала еді. Балалар әдебиетінде ептеп қана элемент күйінде көрінеді. Негізі бізде ондай түрлі әдебиеттің аты өшті. Аты жоқ – заты жоқ! Неңді аударасың? Өмірде кризис. Қоғамда кризис. Өнерде кризис...

Қуат ҚИЫҚБАЙ, жазушы: Жалпы алғанда шетел әдебиетіндегі фантастика қазақ халық ауыз әдебиетінде кездесетін қиял-ғажайып ертегілердің қасында жіп есе аламай қалады. Сол тұрғыдан алғанда фантастика жанры бізге жат емес. Біраз жыл бұрын фантастика жанрындағы әңгемелерге байқау жарияланды да, кейіннен тоқтап қалды. Келешекте көңіл бөлінсе, бүгінде өз жолын таба алмай жүрген жігіттерді сол жанрдан көруіміз ықтимал. Детектив жанры Кемел Тоқаевтан кейін мүлде үзіліп қалғандай. Жақында тергеуші болып істеген бір кісінің жазғандарын оқыдым. Шығармасына кәдімгідей ат қойып, газетке шығарыпты. Құдды бір көркем шығарма емес, шытырман оқиғаға толы көркем фильмнің мазмұнын оқып отырғандай күй кештім. Неге? Жоғары да айтылғандай теориялық білімнің жоқтығы. «Фанастиканы анау, детективті мынау» жазсын деген сөз жоқ. Аталған жанрларға ұшқыр қиял керек, үлкен білім керек. Біздің қоғамда ізденсе, ден қойып машықтанса нағыз жазушының қолынан шығатын дүниелер толып жатыр. Тек көрер көзбен, түйсінетін көкей берсін дейік.

Әсел КӘРІБАЙ, жас ақын: Қазақ əдебиетінде фэнтези, детектив жанрлары «кенже дамып келе жатқан балауса жанр» екендігі жөнінде жиі айтылып жүр. Бірақ бұл əдебиетіміз аталған жанрлардан мүлдем мақұрым қалған дегенді білдірмесе керек. Біз үшін жаңалықтай көрінгенмен, көреген халқымыз əлдеқашан фантастиканың жілігін шағып, майын ішіп тастаған. Оған жалғыз ғана «Ер Төстікті» мысал етсек те болады. Ал детективтің кейбір элементтері көне əдебиетімізде ұшырасып қалып жатты. Сондай элементтің бірі «кісі өлтіру» мотиві болса, Көне Түркі дəуіріндегі «Күлтегін», «Тоныкөк» сынды жазба ескерткіштеріміз бен эпостарымызда мұндай мотив елді, жерді қорғау жолындағы қан-төгістерді жырлағанда көрініс тапты. Бұл - сол дəуір тұрғысынан алып қарастырғандағы қоғам тудырған туындылардың жанрлық сипаты. Ал, жанр заманмен, кезеңмен, қоғаммен бірге дамып, түлеп, байып отыратынын ескерсек, қазіргі əдебиет үшін ғылыми фантастиканың, тұтастай детектив жанрын қамтыған романдардың қажеттігі қатты сезіледі. Өйткені, əлемдік аренада аталған жанрлардағы романдар сұранысқа ие, оның үстіне қарапайым оқырманның кітапқа деген қызығушылығын оятатын таптырмас жаңалық. Ал, əдебиет үшін - жанрды байыта білгеннің өзі үлкен еңбек. Қазіргі əдебиетімізде қаламгерлеріміздің ғылыми фантастика мен детективке қалам тартпайтынының ең үлкен себебі, жасыратыны жоқ, білім мен тəжірибенің, ізденістің жеткілікті еместігінде. Бесінші сынып оқып жүргенімде Александр Беляевтің «Апатқа ұшыраған кемелер аралы» деген қалың кітабын қолымнан тастамай оқығаным есімде. Ішінде «Адам-балық», «Атлантиданың соңғы адамы» сынды 5-6 роман болды. Бəрін сүйсініп оқыдым. Сонда əлгі корабльді құрастыру, Шолпанға ұшу секілді сюжеттерінде физикамен, «Адам-балықта» Доктор Сальвадордың жаратылысқа қайшы келетін өлген адамды тірілту, əр текті тіршілік иелерін будандастыру əрекеттерінде биология, медицинамен таныстым. Əлбетте, фантастикалық шығарма қиял-ғажайыптан туады. Бірақ құрғақ қиялмен пұшпаққа жете алмайсыз. Ғылыми-фантастикалық роман жазу үшін жазушылық талант жеткіліксіз. Белгілі фантаст-жазушы Жүніс Сахиев бала күнінде жұлдызды аспанды түнді мектептің сыңардүрбісімен бақылай жүріп, Алматыдағы Астрофизика институтының, Мəскеудегі Павел Штернберг атындағы Астрофизика институтының жұлдызшы ғалымдарымен хат алысып тұрғандығы жөнінде айтады. Қаламгер «Кеңістік көшпенділері» деген жалпы атаумен оннан астам ғылыми-фантастикалық романдар жазды. Енді осы жерде екінші бір себеп туады. Ол - қазақ оқырмандарының мұндай жанрдағы романдарды іздеп оқымайтындығы. Мəселен, Ақжан Машани атамыздың «Жер астына саяхат» атты ғылыми-фантастикалық кітабынан бастап, фантаст-жазушылар Жүніс Сахиев, Медеу Сәрсеке, Абдулхамит Марқабаев, Төлеш Сүлейменовтердің есімдерін кейбіріміздің білмейтіндігіміз шындық. Фантастика дегенде жастардың аузында жүрген авторлар – Мақсат Мəлік, Қойшыбек Мүбəрак, т.б. Бірақ олар ғылыми-фантастика емес, мистика жанрында жазып жүрген қаламгерлер. Соның өзі əдебиетте батыл эксперименттерге барып жүргендіктерін білдірсе керек. Ал, детектив қазақ əдебиетінде өзіндік орнын таба алмай келеді. «Тар жол тайғақ кешу», «Қан мен тер» сынды романдарымызда детективке тəн мотивтер бар екендігі жөнінде сыншылар тарапынан сөз болған. Ал, детектив-жазушы Кемел Тоқаевтың шығармаларына қатысты жанр толық ашылмаған деп те сын айтылды. Бұл жанр, жалпы, өзіндік сипаты, жазушыға қояр талаптары бар өте күрделі жанр. Оның негізі қылмыстан тұрады: кісі өлтіру, банк тонау, т.с.с. Кейде бұл тақырып менталитетімізге сай келмегендіктен де қаламгерлер тарапынан жазуға құлшыныс болмайтындай көрінеді... Ал əлем əдебиетіндегі фантастика, детектив жанрындағы романдар қазақ тіліне аударылмады емес, аударылып келеді. Бірақ кейбір аудармалардың түпнұсқадағы көркемдікті ғайыпқа айналдырып, түсініксіз аударма жасауы кейде қарын аштырады. Кейде маған қазақша аудармасын оқығаннан гөрі орысша аударма ұғынықты боп көрінетін сəттер болады. Аударма ісі де - шығармашылық өнер. Сондықтан аудармашыға да үлкен білімділік қажет... Фэнтези мен детективте табысқа жету үшін Гарри Поттер сияқты бірақ ұлттық бояуы қанық, қазақы персонаж жасай білу керек деп ойлаймын. Қазақ қаламгерлері ауылдағы Қайрат пен Нұргүлдің махаббат оқиғасын тозығы шыққанша жаза бермей, сөз болып отырған жанрларда да эксперимент жасап көрсе, жақсы шығармалар дүниеге əкеліп жатса, əр кезеңде де өз оқырманын табатыны анық. Мен өзіміздің төл Робинзон Крузомыз бен Шерлок Холмсымыз дүниеге келеді деп алдағы күнге сенім артамын.

V. ИНТЕРНЕТТІҢ ҚОҒАМҒА ӘСЕРІ, ЖАППАЙ ПРОПАГАНДАНЫҢ ҚОҒАМҒА ӘСЕРІ ЖӘНЕ ЖАППАЙ ШАЛАСАУАТТЫЛЫҚТЫҢ ҚОҒАМҒА ӘСЕРІ ЖАЙЛЫ ТОЛЫҒЫРАҚ ӨЗ ОЙЫҢЫЗБЕН БӨЛІССЕҢІЗ?

Зәуре БАТАЕВА, әдеби блогер: Адамдар «хабар» мен «құрал» ұғымдарын шатастырмауы тиіс. Интернет – ол құрал. 20 ғасырдың ортасында ешкімнің түсіне де кірмеген, адамзаттың керемет жетістіктерінің бірі. Интернетті дұрыс пайдалана білу – қазіргі білім беру/білім алу саласының үлкен бір бөлігі. Менің бала кезімде әкеміз біздің жан-жақты болуымызға қажетті деген кітаптар мен энциклопедияларды екі тілде үйіп тастайтын. Одан қалса, екі тілдегі баспаларға біз үшін жазылатын. «Мурзилка» мен «Балдырғаннан» бастап, «Юность», «Простор», «Жалын», «Жұлдыз», «Жаңа фильм», «Советский экран» журналдары мен «Литературная газета» мен «Қазақ әдебиетіне» мысалы менің көзім бала кезімнен әбден үйренген. Ал қазір бүкіл ақпарат интернетте. Қажетті ақпаратпен қоса белгілі бір топтардың саяси мүддесіне бағытталған қауіпті пропаганда ағылуда. Интернетті бақылау мүмкін емес, сондықтан интернетті қолдану сауаттылығын қолға алу – оқу орындары мен ата-аналардың жауапкершілігі. Әзірге технологиялық даму кеш қалып тұрған біздерде керісінше болып тұр: балаларын қорғайтын ата-аналардың көбі интернетті қалай пайдалану қажет екенін өздері білмей жатыр. Жалпы осы тұрғыда, білім сапасының маңызы ерекше артып отыр. Қандай да пропагандаға төтеп берудің бірден бір жолы – критикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған жан-жақты сапалы білім. Ал тек қана қазақ тілді доменнен шықпайтын оқырман әрине кез келген пропаганданың құрбандығына айналады. Себебі қазақ тілді контент аясы өте тар. Айналып келгенде дін мен тарихи мифологиядан аспай отыр. Өнер, білім, ғылым, медицина туралы ақпарат жоқтың қасы. Сондықтан Ғаламтордағы қазақ тілді контентті байытуға барлық БАҚ өкілдері жаппай ат салысуы қажет-ақ.

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ, жазушы: Технологиялық прогрестің арқасында бүгінгі күні адам баласы бүкіл әлемді тұтасымен кішірейтіп әкеліп алақанына қондырып, көріп отыратын болды. Әлем елдеріндегі ең атақты кітапханалар мен құнды мұраларды да алақаныңа салып қана ашып көре аласың. Кембридж, Оксфорд, Гарвардтың атақты профессор-лекторлерінің дәрістерін ютуб арқылы көріп, тыңдай аласың. Туиттер, Фэйсбүк желілеріне шығып, сұрақ қойып жауап алуыңа болады. Бұл әрине, зор жетістік, адам баласының ақыл-ойының жемісі.

Алайда, Интернет дейтін бұл сиқырлы қобдиша адамның ең басты байлығы – денсаулығы мен алтыннан да қымбат уақытын да қоса ұрлап жатыр. Әсіресе, жас буын компьютерлік құрылғылардың қосалқы бөлшегіне айналып кетерліктей қауіп төніп тұр. Егер бір тәулік бойы интернетсіз кеңістікте өмір сүретін болса, бүгінгі жастардың жағдайлары не болар екен?

Қазіргі таңда 25 жастан төменгі буынның бәрі дерлік кемінде 8 сағат бойы компьютерге сығалаумен уақыт өткізеді. Ең алғашқы ақылды телефон iPhone пайда болғанына он жыл да толған жоқ. Бастапқы төрт жылдың ішінде алғашқы нұсқасы дереу артта қалды да жетілдіріліп жаңара түсті. «iPhone» телефоны пайда болған кезінен бастап, өзі ғана емес, тұтынушыларының тұрмыс салтын плюс-минусымен қоса өзгертті.

АҚШ-тың «Newsweek» журналының жазуынша, смартфон қолданушылардың үштен бірі ұйықтар алдында кітап, газет-журнал оқудың орнына телефонын шұқылап қарауды әдетке айналдырған. Соның салдарынан адамның өзі миы-жүрегі, онекі мүшесі бар тірі жазу машинасына айналып барады деп мәлімдеген. Бүгінгі күні смартфон қолданушылар айына орта есеппен 400 мәтін мессеж (хабарлама) қабылдап, жауап жазатын болған. Бұл көрсеткішті 2007 жылғымен салыстырғанда 4 есе ұлғайған көрінеді.

Ал, жас өспірімдер арасында бұл көрсеткіш тіпті жоғары екен. Олар орта есеппен бір айда 8 мыңға жуық мәтін мессежге дейін жеткізеді делінген. Смартфон пайдаланушылардың үштен бірі телефон аппаратының діріліне бой үйретіп алғаны соншалық, сыртқы күштің ондай әсерін сезбейтін халге жеткен. Зерттеушілер бұл жағдайды «сезім синдромы» деп атап, дабыл қағып жатыр. Айталық, Оксфорд университетінің профессоры Сюзан Гринфилд дижитал (цифрлық) мәдениетінің кері ықпалы туралы жазған кітабында: «Интернет, смартфон қолданудан туындап отырған проблемалар қазіргі таңда ғаламдық жылыну үрдерісінен күрделі мәселеге айналды. Айналамызда табиғаттың төл болмысының бары көңілге медеу. Адамдардың тірі табиғаттан алыстап, технологияға құлдық ұруы олардың психикасына да елеулі әсер етіп жатыр. Ұйқысырап сөйлеуді, оянбай тұрып жүріп кетулерін, ұйқының қашуын науқас деп қарамайтын болды. Осылайша, өзіміз жасаған технологиямыз айналып келіп бізді зомбиға айналдырып барады» - дейді.

Сондай-ақ, адам темпераментінің құбылыстарын зерттеу орталығының директоры Питер Виброу «Компьютер - электрондық кокайн» - деп, өз зерттеулерінің нәтижесін тұжырымдаған.

Интернеттің қоғам өміріндегі ықпалы жайындағы «The Shallow» дейтін кітабымен Пулитцер сыйлығын алған атақты жазушы Николас Карр «Компьютер, интернет, смартфон алғашқы кезде тұтынушының мүддесіне қызмет етті. Ал, қазір ол құрылғы емес, адам баласының дене мүшелерінің біріне айналып барады» - дейді.

Мен бұлардан асырып не айта аламын? Жалпы, бұл технологияның да озығын алып, тозығын тастауымыз керек. Ең бастысы, оны өзімізге қызмет ететін құл ете білейік. Керісінше, өзіміз оған тәуелді болып, басыбайлы малайына айналып кетпесек болғаны.

Құлбек ЕРГӨБЕК, әдебиет сыншысы: Білім және ғылым министрінің «Әліппе» орнына «Сауат ашу» кітабын ұсынып жүруі тегін емес-ау. (Дұрыс емес әрине.) Қоғамды сауатсыздық деген қараңғылық тұмшалап келеді. Қараңғылықтың қасында өзеуреп өзімбілермендік тұр. Сүйегіне ана сүтімен бірге ана тілі сіңбеген, сүйегіне (кемігіне) балпанақ кезінде ұлттық дәстүр ұяламаған, ана тілін, ата дәстүрді игермей жатып, шет ел асып, ұлы ұрлықты, қызы қарлықты үйреніп оралған азаматтың алды министр... Ұсталмаған ұры емес. Ұсталғаны темір торда... Қоғам қараңғы. Дүние нұрлы, адамның іші нұрлы емес. Адам деген сөзді бас әріппен жаза алмайсың. Адам деген сөзді бас әріппен жазуға жеткен күн – қазақтың қолы әкім Ұлықпанға жеткен күн болмақ. Ондай күнге ұлттық идеологиясыз жете алмайтын шығармыз.

Қуат ҚИЫҚБАЙ, жазушы:Бір қарағанда әлеуметтік желі шығармашылық адамы үшін керек секілді көрінгемен, оның зияны орасан зор. Басқасын білмеймін! Әдебиетке қатыстысын ғана айтайын. Бізде біраз ақын-жазушылар осы интернет арқылы танылды. Танылып та жатыр. Бала кезден кітаптарын басымызға жастап өскен қаламгерлердің аттары көмескілене бастағаны да шырылдаған шындық. Оқырмандардың көбісі керегін интернетттен іздейді. Тапқан, таппағанын өздері біледі. Сонымен қоса, әлеуметтік желі пәле іздеген жандар үшін таптырмас құрал болып отыр. «Аға» деп жүрген үлкен кісілеріміздің өзі бір-бірінің кемшіліктерін беттеріне басып, интернетті дүрліктіріп жүргені бір бүгін емес. Бәрі «өзім білемге» салып, «өз сөзім – өзімдікі» деп өзеуреп, не болса соны айтып, абыройынан айырылып-ақ бара жатыр.

Әсел КӘРІБАЙ, жас ақын:Интернеттің қоғамға ең үлкен əсері – қоғамның интернетте өмір сүретіні. Жаппай пропаганда дəуренінің жүріп тұрғанының, жаппай шаласауаттылықтың белең алуының түсіндірмесі осы қарапайым ғана теорияда. Сондықтан, өз қолымызбен жасап алған дүниенің нəтижесін көргенде көктен түскендей таңырқаудың қажеті жоқ. Бұл туралы мен айтпасам да, айтып жүрген ауыз көп. Менің меншікті көзқарасым мынау: Əр адам қоғамның бөлшегі. Сонымен бірге, əр адам жеке дара тұлға. Ал, тұлға қай бағытта дамимын десе де өз еркі. Мəселен, вконтакте желісін жауып тастау туралы сөз қозғалды. Жасөспірімдердің өмірін құртуда маңызды рөл атқарады деді. Дұрыс. Бірақ өмірімді құртам деген жасөспірім үшін «вконтакте» себеп емес, салдар ғана. Ол бəрібір солтектес басқа сайтпен дос болады. Ал ол желіні жақсылыққа пайдаланып жүрген адамдар да бар. Біз үйде диванда жатып алып өзіміз жіберген қателікке себеп іздейміз де, оны соңында интернеттен табамыз. Сосын бар жаманшылықты соған артып жібереміз. Онымен өзімізден басқа ешкімді де алдай алмаймыз. Егер сіз шаласауатты болмасаңыз, рухани иммунитетіңіз мықты болса, сізді ешкім Сирияға сүйремейді, террорист бол демейді, болмаса «Көк кит» ойна деп мəжбүрлемейді. Кəмелетке толмаған баласын қадағалай алмаса, ата-ана жауапты. Өз өміріңізді дұрыс сүре алмасаңыз, оған тек өзіңіз кінəлісіз. Интернетті жақсы жағынан пайдалансаңыз сізге ешкім де шектеу қоймайды: кітаптардың электронды нұсқасын оқыңыз, əлемдік музыка өнерін таныңыз, жаңадан тіл үйреніңіз, ең болмағанда бұрын татып көрмеген ас мəзірімен танысыңыз. Ең бастысы, қоғамды қоқыстан арылту үшін – əр адам өзінің жүрегі мен санасын тазартудан бастағаны жөн!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар