Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Бесеудің ойы: шетелдегі қазақ әдебиеті...

22.05.2017 20156

Бесеудің ойы: шетелдегі қазақ әдебиеті 12+

Бесеудің ойы: шетелдегі қазақ әдебиеті - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетін үлкен бір бәйтерек десек, шетелдегі қазақ әдебиеті – бір бұтағы екені анық. Бүгінгі таңдағы шетелдегі қазақ әдебиетінің жағдайы туралы мүмкіндігінше қаламгерлерден пікір алуға тырыстық. Ендеше тұшымды пікір, ұтымды ұсыныстарды оқи отырыңыздар. Біздің бүгінгі бес сауалымызға пікір білдіргендер: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Сағымбай Жұмағұлов, Монғолия жазушылар одағының мүшесі, ақын Байыт Қаббанұлы және шетелдегі қазақ әдебиеті жайлы жиі жазып жүрген журналист, филология ғылымдарының кандидты Есенгүл Кәпқызы. Ал Қытайдағы қазақ әдебиетінің ахуалы туралы Еуразия жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жәди Шәкенұлы баяндаса, Түркиядағы әдеби өмір жайлы Гази университетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева өз ойын тарқатып айтып береді.

I. Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ әдебиетінің дамуы, хал-ахуалы қандай?

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛОВ: Шетелдегі қазақ әдебиетінің көркемдік даму үдерісі туралы кесімді де түйінді пікір айту қиын. Өйткені шетелдегі қазақ әдебиеті ұғымының әдеби-тарихи және көркемдік-эстетитикалық жүйесі мейлінше ауқымды. Бүгінгі таңда әлемнің елуге жуық елінде 5 млн қандастарымыз тіршілік етіп жатқан болса, сол жердегі қазақ ұлтының рухани әлемі де жаңарып, жаңғыра бермек. Десе де, Қытай, Моңғолия, Түркия, Иран, Еуропадағы сонымен қатар бұрынғы посткеңестік елдердегі қазақ әдебиетінің даму барысы жіті сараланып отыр деп айта алмаймыз. Біртұтас қазақ әлемінің рухани кеңістігін кешенді зерттеп, зерделейтін арнаулы орталықтар жоқ. Қазіргі ғаламдасу дәуірінің асау толқынына жұтылып кетпеудің түрлі жолдарын қарастырып жүрген алпауыт мемлекеттерден алар тағылым мол. «Орыс әлемінің» дүниежүзінің 41 мемлекетінде 90 орталығы бар. Германия үкіметі қаржыландырып отырған Гете институтының әлемнің 91 еліндегі білім ошақтарының жалпы саны 149 мұғдарында. Конфуций орталықтары Орталық Азияның барлық елдерінде ашылған. Дүниежүзінің 96 елінде 322 институты, 369 класы бар. Аталмыш орталықтар сол елдерің тілі мен әдебиетін, мәдениеті мен тарихын жүйелі насихаттауға жұмылдырылып отыр. Біздерде Қазақтану (ұлттану) орталықтарын айтпағанда, білім жүйесіне «Абайтану», «Алаштану» пәндерін кешенді түрде енгізудің өзі оң шешімін таппай келеді. Бір ғана Қытайда жыл сайын қазақ тілінде бес жүзден астам кітап жарық көретіні айтылады. Оразынбай Егеубаев атап көрсеткендей, «Қытайдағы қазақ әдебиеті қорында қазіргі уақытта 100-ден астам роман, 600 хикаят, 900-дей өлеңдер жинағы, 150-ге жуық әдеби-сын кітаптары бар». Демек, шетелдегі қазақ әдебиетінің дамуын, қазіргі хал-ахуалын ұлттану аясында саралайтын арнаулы орталықтар қажет.

Жалпы, шетелдегі қазақ әдебиетінің көркемдік дамуын түрлі аспектіден қарастыруға болады. Шетел әдебиетіндегі қазақтың қилы тағдыр-талайын, ұлтымыздың азаттық жолындағы жанкеш арпалысын сөз өнерінде суреттеудің бастауында Ақыт қажы Үлімжіұлы (1868-1940), Әсет Найманбайұлы (1867-1923), Көдек Байшығанұлы (1888-1937), Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947), Шарғын Әлғазыұлы (1903-1988), Асқар Татанайұлы (1906-1996) сынды қалам қайраткерлері тұрған көркемдік арна дәстүр жалғастығынан ажыраған емес. Прозадағы Мағаз Разданұлының (1924-1998) «Алтайдың ақиықтары», Қажығұмыр Шабданұлының (1925-2011) «Қылмыс», «Пана», Сейтқан Әбілқасымұлының (1926-1999) «Қуғын», «Оспан батыр», Оразанбай Егеубаевтің (1935-2007) «Көк бөрі немесе тағдыр тәлкегі», «Тарымда өткен бір тәулік», Зейнолла Сәніктің (1935-2013) «Сергелдең», Батырхан Құсбегиннің (1936 жылы туған) «Зұқа батыр», Ғаппар Біләлдің (1938-2013) «Ғасырлық ызғар» (бұрынғы басылымда «Ғасырлық қуғын»), Ғалым Қанапияұлының (1938-2000) «Бұрқасын», «Ғасырлық қуғын», Жақсылық Сәмитұлының (1940-2008) «Сергелдең» («Қаһарлы Алтай»), Шайсұлтан Қызырұлының (1940 жылы туған) «Дабыл», Тұрсынәлі Ырыскелдіұлының (1940 жылы туған) «Ұлы көш», «Тасқын», Ғазез Райысұлының (1944 жылы туған) «Самұрық», Сұлтан Тәукейұлының (1944 жылы туған) «Арыстардың арманы», Шәміс Құмарұлының (1952 жылы туған) «Бөке батыр», «Ер Жәнібек», «Көз жасы сарқылмайды», Жәди Шәкенұлының (1967 жылы туған) «Қаралы көш», Әлетай Мұқарапұлының «Киелі көш», өзге де жазушылар туындылары соның айқын дәлелі.

Азаттық идеяларының ұраншысы болған қалам қайраткерлерінің тұрлаулы тағдыр-талайлары қазақ қасіретімен тамырлас. Ақыт қажы Үлімжіұлы Қытай билігі тарапынан өлтірілді. Таңжарық Жолдыұлы абақты азабынан дүниеден өтті. Асқар Татанайұлы, Қажығұмыр Шабданұлы, Задақан Мыңбай, Жақсылық Сәмитұлы, Омарғазы Айтанұлы Такламакан шөліндегі Тарым лагерінің тауқіметін жиырма жыл бойы тартты, абақты қорлығын көрді. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысқаны үшін қудаланып, түрмеге тоғытылды. Дубек Шалғынбаев, Мағаз Разданұлы, Сейтқан Әбілқасымұлы, Тұрсынәлі Ырыскелдіұлы, Күнген Мұқажанұлы, Рахметолла Әшпеұлы, Құрманәлі Оспанұлы, Қаусылқан Қозыбаев, Омарғазы Айтанұлы, Серік Қапшықбаев, Қалмұқан Ахметов, Тәліпбай Қабайлардың бұлғақ жылдары тартқан тауқіметтері аз емес.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Сонау Кеңес дәуірінің өзінде шетелдегі қазақ әдебиеті бірнеше одақтас республикадағы қазақтар мен социалистік режимдегі мемлекеттерде жүйелі түрде дамыды. Атап айтар болсақ, ол Қытайдағы Шыңжаң ұйғыр автономиялы районында, Моңғолияның Баян Өлгий аймағында және Өзбекстанда. Шетелдегі қазақ әдебиеті дегенде біздің тіліміздің ұшына оралатыны да осы елдерде шоғырлана орналасқан әдеби орта, жүйелі түрде қолға алынған мәдени шаралар. Өкінішке қарай, миллионға жуық қазағы бар Ресейде бұндай әдеби үрдіс қалыптаспады. Бұл туралы кезінде жазушы, этнограф ғалым, марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыздың: «Қазақ халқы ХХ ғасырда әлемнің қырық шақты еліне тарыдай шашылды. Осылардың ішіндегі мәдени-рухани өнім беріп, өнер туындата алғандары – төрт-ақ елдегі қазақ диаспоралары. Олар: Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы және Түркиядағы қазақтар. Ресейдегі миллионға жуық қазақ соңғы бір ғасыр аясында мәдени-рухани «бедеулікке» ұшырағанын көз көріп отыр. Бұл – қазақ диаспораларының тағдыр-талайына болатын мысал» дегені бар «Қазақ әдебиеті» газетінің 2006 жылғы №3 санында жарияланған «Бір өлеңнің жай-жапсары» атты мақаласында. Аталған елдерде күні бүгінге дейін арнайы жазушылар бөлімшесі жұмыс істейді. Әдеби-мәдени басылымдар уақытылы шығып тұрады. Бірақ, бұл Кеңес дәуірі кезіндегідей ешқандай кедергісіз жұмыс істеп тұрған жоқ. Нарықтың қатаң тәртібі өз дегенін орындатпай қоймады. Ақпарат құралдарының жиілігі бұзылды, жарыққа шығу мүмкіндігі азайды. Қазақстан тарапынан жасалынып тұратын рухани-мәдени қолдаудың жолы қысқарды. Мәселен, Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы қазақтар сонау 50-ші жылдардан 80-ші жылдардың аяғына дейін Қазақстанда жарық көретін мерзімді басылымдардың барлығын тапсырып ала алатын және жаңа шыққан әрбір кітаптың оқырманы болуы мүмкіндігі бар еді. Кеңестер одағы құлағаннан кейін, мерзімді басылымға жазылу, кітап құралдарды сатып алу ісі қиямет-қайымға айналды. Жекелеген адамдарға тапсырыс беріп, бірді-екілі данасын алдырумен шектелген кездері де болды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шетелдегі қазақтарға тегін оқулық, кітап-құралдар жеткізіп тұратындығын жиі айтады. Алайда бұл олардың рухани қажеттілігін толық өтей алды деу қиын. Бұрынғы мерзімді басылым, кітап-құралдардың орнын бүгінде телеарна және интернет басып отыр деуге болады. Дегенмен, бір қауіп бар. Ол шетелдегі қазақтың біртіндеп өзі өмір сүретін елдегі ұлтқа сіңісіп, жоғалу қаупі. Оған ешкімді кінәлай алмаймыз. Бұл өмір талабы.

Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА: Бүгінгі таңда шетелдегі қазақ әдебиетінің дамуы, хал-ахуалы жаман емес. Әлемдегі көптеген мемлекеттерде Қазақстанға, қазақ мәдениетіне, тіліне және әдебиетіне қызығушылық бар. Бірнеше мемлекетте қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын кафедралар, орталықтар бар. Түркияда 20-ға жуық университетте қазақ тілі мен әдебиеті оқытылады. Басқа мемлекеттерде АҚШ-та, Ұлыбританияда, Кореяда, Қытайда, т.б. елдерде де оқытылады. Бірақ осы орайда бір оқиғаны айтып кеткім келеді. Бұл Кореяда болған оқиға, Кореядағы әріптесім баяндаған еді; кейін қазақ баспасөзінде де бұл туралы жазылды. Кореяның кейбір беделді университеттерінде қазақ тілі оқытылады. Кейін сол студенттерді тағылымдамадан өтуге Қазақстанға жібереді. Барып келгеннен кейін, әлгі студенттер: "Біз не үшін қиналып қазақ тілін үйренуге тырысып жүрміз? Қазақстанда біз қазақша сұрасақ та, бәрі бізбен орысша сөйлесті. Одан да неге орысша үйренбейміз",– деп ренішін жасырмаған екен. Бұл оқиға – өте ойланарлық мәселе.

Байыт ҚАБАНҰЛЫ: Монғолиядағы қазақ әдебиеті сонау бір кездерді ойлағанда саны жағынан белгілі дәрежеде тоқырауға ұшырады. Алдыңғы толқын ағалардан айрылдық... Ал бізден кейінгі Ықылас Ожай, Бауыржан Қарағызұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Ербол Бейілхан, Әскерхан Ақтай, Айжан Тәбәрәкқызы, Бақытгүл Зарқұмарқызы, Ақсұңқар Ақынбабақызы, Алтыншапақ Қаутай, Тілек Серікұлы... қатарлы толық бір буын атамекен Қазақстан еліне қоныс аударып кетті. Өзің ойлап көр, әдебиет бүкіл бүтін бір буынын жоғалту деген орны толмас үлкен жоғалту. Егер осылар осы елде тұрып, аз ғана қазақтың жоғын жоқтаса, Монғолия қазақ әдебиеті үлкен бір белеске көтерілері анық еді. Және оның халыққа беретін пайдасы да ерекше болар еді... (Мұны біреулер «өкпелеу» деп түсіне қоймас. Себебі тағдырды ешкім өзі таңдамайды). Дәл бүгінгі таңда мұндағы қалам сілтеп жүрген қаламгерлер саусақпен санарлық. Дегенмен саусақпен санарлық сол қаламгерлер сапасы жағынан, құдайға шүкір, ата жұрттағы ақын, жазушылардан немесе біреулердің тамсана беретін «әлем деңгейінен» еш кем емес дәрежеде өнімді де өтімді еңбек етіп, оны мына аз ғана қазақ оқырманы оқып, қажетіне жаратып келеді. Түйекөштің салған жолындай, киіз үйдің басқан мөріндей өзімізге тән қолтаңба, қалпымыз бар. Аз болса да біздің артымыздан ерген білімді де дарынды Жанат Боқашұлы, Аманжол Бәделұлы, Алтынғадыс Күнтуғанұлы, Дәулетберді Жекейұлы, Дана Исақызы қатарлы бір топ көгенкөз жастар өсіп келе жатыр. Олар да әлі өз міндетін атқарады.

Жалпы, әдебиеттің дамуы деген нәрсе бірде көрініп, бірде жер астына түсіп үнсіз ағып қайтадан қайнап шығып жататын бұлақ сықылды дүние ғой. Ол үздіксіз өркендейді. Ал оны халықтың қажетіне жарату, ол басқа мәселе.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ: Шетелдегі қазақ әдебиеті дегенде алдымен ауызға ілігетіні – Шыңжаң қазақ әдебиеті. Ол – тұтас қазақ әдебиетінің бір бұтағы. Арғы төркіні ауыз әдебиетінен басталып, кейіннен Абай, Ақыттарды үлгі етіп, өз бағыт-бағдарын таңдады. Қазақ классиктерінен нәр алды. Кейін келе аздап шетел әдебиеті мен хан ұлтының әдебиетіне еліктеулер де болды.

Шыңжаң қазақ әдебиетінің бір ерекшелігі – онда халықтық тіл басым әрі аударма арқылы өзге ұлт әдебиетін танып-білуі біршама жоғары. Соның ішінде әлем әдебиетінің озық үлгілеріне тезірек қол жеткізіп өріс, кеңейтуге көптеп орай жаратылған.

Бүгінгі интернеттік жүйе арқылы ондағы бауырларымыз бізбен күнделікті байланыста. Бүгінгі қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігін бақылап, оқып отыруына мүмкіндігі бар.

Осындай оңтайлы себептерден ондағы бауырларымыздың әдебиеті белгілі даму мен ізденіске ие. Кейде баяғы классикалық үлгіден ауытқымау немесе тіл шұбарлығы аздап әттеген-ай айтқызады.

Тағы бір қызығы, қызығы емес қуанарлығы арғы беттен осы топыраққа – Отанына қоныс аударған қазақ қаламгерлері жалпы қазақ әдебиеті дариясына асау ағыс болып құйылып, өзінің айқын ұлттық ен-таңбасымен оң ықпал етті.

Демек, Шыңжаң қазақ әдебиеті бүгінгі күнде кетігімізді жамап, кемтігімізді толтыруда өз міндетін адалдықпен атқара алды деген сөз. Бұған қуанамыз.

Шыңжаң қазақ әдебиетінен қалса Моңғолиядағы бауырларда өзіндік тыныс-тіршілігін байқатып жатады. Еуропа елдерінен де деректі әдебиеттер көрініп қалады.

Осының бәрі ортақ қазанға құйылғанда ұлт әдебиеті мен мәдениетіне даму, өркендеу жағынан қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да пайдалы әсерін жасайды.

II.Шетелдегі қазақ әдебиеті туралы ғылыми еңбектер бар ма?

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛОВ: Шетелдегі қазақ әдебиетін сан қырынан зерттеп, зерделеніп жүр. Осынау кемел іске әлемнің әр түкпіріндегі исі қазақ ғалымдарының түрлі буынының жұмыла үлес қосып, жаңа биікке шығарудағы қажырлы ізденістері қуантады. Хасен Оралтайдың «Ұлы түрікші Мағжан Жұмабайұлы» , «Алаш – Түркістан түріктерінің ұлт-азаттық ұраны», Нығмет Мыңжанидың «Қазақ халқының ауыз əдебиеті», «Қазақ тіл-əдебиетінің қалыптасу жəне даму дəуірлері», «Қазақ қиссасы «Бақтияр» жəне оның қырық бұтағы», «Қазақ əдебиетінің қисса-дастан жанры», «Қазақ халық дастандарының тарихына тəн кейбір деректер жайында», «Қорқыт ата» кітабы жəне қазақтың Қорқыт жыры жайында», «Қазақтың ел аузындағы екі жүз дастаны», «Қазақтың мифтік аңыздары», Әуелқан Қалиұлының «Қазақ ауыз әдебиеті туралы», «Әдебиетке алқау сөз», «Жазушылықтың негіздері», «Қазіргі қазақ тілінің стилистикасы», «Қазақ ауыз әдебиетіне шолу», Ғазез Райысұлының «Сөз өнері теориясы», «Эстетика», Ахметбек Кірішбаевтың «Әдебиет зертеулер», «Қазақ әдебиетінің очерктері», «Қазақ әдебиетінің тарихы», Зардыхан Қинаятұлының «Жылаған жылдар шежіресі», «Моңғолиядағы қазақтары», «Көшпенділік ғұмыр», Қабидаш Қалиасқарұлының «Халық ақындары», «Моңғолия қазақтарының 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басындағы халық ақындары», «Моңғолиядағы қазақ әдебиеті», Оразанбай Егеубаевтың «Таңжарық Жолдыұлы», Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар», Нәбиден Мұқаметханұлының «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920)», Қ.Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті: (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысы арасындағы ақын-жыршылар мұрасы), Сұлтан Тәукейұлының «Ата таным», Зұфар Сейітжановтың «Шыңжаң қазақ әдебиеті», «Ақыт ақын», Ислам Жеменейдің «Тараз - парсы ақындарының жыр шумақтарында», «Иран қазақтары: тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі», «Иран және иран қазақтары», Ж.Мұқатайұлының «Шеберлілік пен кемелділік», «Сөз сырына құштарлық», Дүкен Мәсімханұлының «Сөз желкен», «Сарап», «Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық», «Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай халықтарының рухани қарым-қатынасы», Жәди Шәкенұлының «Жалғыздың үні», «Қытайдағы қазақтар», Қайырбек Кемеңгердің «Омбыда оқыған қазақтар», «Олжабай Нұралыұлы», Ерболат Әбікенұлының «Шетелдегі қазақ әдебиеттануы», Ө.Əлімгереевтің «Еділ жайлаған қазақтар», Қ.Байтанасованың «Эмиграциялық әдебиет: жаһандану үдерісі мен көркемдік сабақтастық» еңбектері аталады.

Шетелдегі қазақ ақын-жазушыларының мұрасын жариялау мен зерттеуде Дәулеткерей Кәпұлы, Әбдуақап Қара қажырлы еңбек етуде.

Соян Қажыбайұлының құрастыруымен шыққан «Бозіңген» жинағы, Қыдырәлі Саттаровтың алғы сөзі, құрастыруы және түсініктерімен басылған «Қазақтың халық жұмбақтары», Жақып Мырзақанұлы, Бексұлтан Кәсейұлы құрастыруымен жарияланған «Қазақ әдебиетінің тарихы», Тұрсын Жұртбай жетекшілігімен дайындалған «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» көп томдығы, Диқан Қамзабекұлы құрастыруымен жарық көрген «Омбының Алаш дәптері: Өлең-жырлар» еңбектердің құндылығы жоғары.

Зүфар Сейтжанұлы «Қытай қазақтары әдебиетінің туып, даму жолдары», Дүкен Мәсімханұлы «Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов және Лу Шүн шығармалары негізінде)» тақырыптарында докторлық диссертация қорғады.

Меңдігүл Шыңдалиева «Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы (Омбы қазақтарының әдеби мұрасы ХYІІІ-ХХ ғ.ғ.)» (1996), Дүкен Мәсімханұлы «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» (1999), Есенкүл Кәпқызы «Моңғолия қазақтарының проза жанры: қалыптасуы және дамуы» (2000), Жандос Шекенұлы «Моңғолдың құпия шежіресі: фольклорлық, әдеби негіздері» (2003), И.Нұрахметұлы «қазақ әдебиетінің төркіні мен тарихын дәуірлеу (заманымызға дейінгі Х ғасырдан заманымыздың ХYІІІ ғасырына дейін)» (2005), Еркегүл Арыққарақызы «Моңғолия қазақтарының поэзиясы және кәкей Жаңжұңұлының шығармашылығы» (2005) Бекқожа Жылқыбекұлы «Қазiргi қазақ өлеңi: көркемдiк және дәстүр жалғастығы» (2007), Сырайыл Ысқақұлы «Таңжарық Жолдыұлы және оның ақындық ортасын зерттеудің өзектілігі» (2008) тақырыптарында кандидаттық диссертациялар жазды.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеу ісі – өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан қолға алынды десек қателеспейміз. Сол жылдары Қазақстанда білім алған филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлы алғашқы кандидаттық диссертациясын «Моңғолиядағы қазақ әдебиеті» тақырыбында қорғады. Оның үстіне, 1955-1962 жылдары Қазақстанға қоныс аударған Қытайдағы қазақ ағайындар құр қол келген жоқ. Сол жақта төте жазу әліпбиімен жарық көрген қаншама құнды мұраны ала келді. Кейін сол мұралар ғылыми айналымға түсті. Көзіқарақты оқырманның көзайымына айналды. 2000 жылдардың басында кандидаттық диссертациямды қорғау барысында мен Ұлттық ғылым академиясының Сирек қолжазбалар қорына бардым. Сол кезде көзіме төте араб жазуымен жазылған қаншама мұра түскені бар. Көбінің Шыңжаңда басылғанын көрген едім. 1976 жылы шетелдегі қазақтармен мәдени байланыс орнату мақсатында құрылған «Отан» қоғамының жанынан шығатын «Біздің Отан», кейіннен «Шалқар» газеті де бұл игілікті істі жүйелі түрде жалғастырып келді. Бүгінде «Шетелдегі қазақ әдебиеті» сериясымен қорғалған ғылыми еңбек жетерлік. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Шетелдегі қазақ әдеби мұрасын» жинау ісі қолға алынды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жанындағы «Атажұрт» баспасы да біраз басылымның дүниеге келуіне мұрындық болды. Қазір қалың оқырман көпшілік қолына Қажығұмар Шабданұлының, Омарғазы Айтанның, Кәкей Жаңжұңұлының, Таңжарық Жолдыұлының, Ақыт қажы Үлімжіұлының еңбектері том-томымен тиіп жатса, бұл да шетелдегі қазақ әдебиетінің ғылыми айналымға еніп жатқанын көрінісі дер едім.

Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА: Еңбек жоқ деп айтуға келмейді. Өйткені жекелеген әдебиетшілердің монографиялары, мақалалары баспасөз беттерінде жарық көріп жүр. Тек солардың басын құрап, шетелдегі қазақ әдебиетінің зерттелу жұмыстары туралы жинақ шығарып қойса артықтық етпес еді.

Байыт ҚАБАНҰЛЫ: Бір кезде Қабидаш Қалиасқарұлы, Қуанған Жұмақанұлы қатарлы маманды әдебиетші-ғалымдар болып еді. Ол ағаларымыз өз кезінде бұл салада белгілі дәрежеде еңбек етті. Сұраған Рахметұлы еңбек етіп жүр. Оның сыртында бірер жарым жазылған мақалаларды қоспасақ шетелдегі қазақ әдебиеті туралы ғылыми еңбектер жоққа тән. Келешекте бұл салаға ел ағалары көңіл бөліп, әдебиет мамандарын дайындамаса, сірә, болмайды.

Қай ел болмасын елін мемлекетін өркендетеміз десе, адамын өркендету керек. Адамын өркендетеміз десе, сөз жоқ әдебиетін өркендету керек. Ал әдебиетін өркендетеміз, дамытамыз десе әдебиет ғылымын дамытуы керек. Өкінішке орай осы әдебиет зерттеу ғылымы тек бізде ғана емес, көптеген елдерде тоқтап тұр деуге болады.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ: Шетелдегі қазақ әдебиеті хақында ғылыми еңбектер өте аз. Бір кездері осы тақырып аясында Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов соңы соқпаққа із салса, кейіннен Р.Бердібай, Т.Кәкішев, С.Қирабаев, З.Сейітжан, Р.Нұрғалиев, Б.Майтанов, А.Жүнісов тағы басқалар аздап қалам тартты. Осы ғасырдың басында Қалихан Ысқақов бастаған біраз қаламгерлер мойын бұрып еді, оның да баяны аз болды. Осы жолдардың авторы (Ж.Шәкенұлы) Шыңжаң қазақ әдебиеті хақында мақалалар жазып, соның ішінде «Шыңжаң қазақ әдебиеті» деген тақырыппен жазылған көлемді еңбегін әдебиет теориясын жинақтарына кіргізді. Менің замандастарымнан Дүкен Мәсімхан, Мұхтархан Оразбай, Омаралы Әділбек, Бекқожа Жылқыбек, Қуандық Шамақай, Ақеділ Тойшан, Бақытбек Бәміш, Бекен Қайрат, т.б. осы тақырып төңірегінде еңбектер жазды.

Дегенмен де, шетелдегі қазақ әдебиеті хақындағы зерттеулер әлі де болса көңіл көншітпейді.

III.Жалпы, Қазақстан мен өзге елдер арасындағы әдеби байланыс қай деңгейде?

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛОВ: Тоталитарлық жүйедегі елдердің ГУЛАГЫ мен ТАРЫМЫНАН өткен қазақ қаламгерлерінің түрлі жанрдағы шығармалары – жалпыадамзаттық гуманизмді қастерлейтін әлем әдебиетінің ажырағысыз асыл мұрасы. Бес құрлықты ен жайлаған өзге елдердің көзі қарақты оқырмандарын сан ғасырлық дәстүрі бар қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен өнері бей-жай қалдыруы мүмкін емес. Рухани немесе әдеби интеграцияларда болмай қоймайтын заңдылықтар қазақ руханиятын айналып өте алмайды. Тарих толқынының небір қанды қасап тезінен өткен Алаш жұртының төл әдебиеті мен мәдениеті қандайда болмасын құрметке лайықты. Меніңше, бірінші кезекте әлем қазақтарының рухани және шығармашылық байланыстарын барынша нығырлай түскен абзал. Бұл тұрғыда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Атажұрт» баспа орталығынан жарық көріп жатқан «Алтын алқа» (Өзбекстан ақындарының жыр кітабы) (2003), «Атажұрт асыл қазына» (2007), «Жасыл қанат нұрлы сөз». (2009), «Байбесік тұмалары. Баян-Өлгий қазақ ақындарының ұжымдық жыр жинағы» (2010), «Сан ғасырлық сағыныш» (2011), «Қоңыраулы үн» (2014), «Өзбекстандағы қазақ ақындарының өлеңдер жинағы» (2014) санатындағы кітаптар жаһандағы барша Алаш ұранды қандастарымыздың рухани әлемін дәнекерлеп, әдеби байланысын бекіте түсуге игілікті қызмет етпек. Өзге елдер арасындағы әдеби байланыс пен ықпалдастық дегенде, біз қазақ рухани әлемінің бірлігін басты орынға қоюымыз керек.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Шетелдердегі қазақтармен мәдени байланыс жасау миссиясын бүгінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы атқаруда. Жақында Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өтпек. Дегенмен бұл шетелдегі қазақтармен әдеби байланыс өте жоғары деңгейде дегенді білдірмесе керек. Біз дәл сондағы әдеби үрдісті кешенді және жүйелі түрде жүргізуді қолға алып отырған жоқпыз. Мен осы қазақ диаспорасының мәдени-әдеби халі туралы көп жаздым. Сонда қазақ диаспорасының өкілдерінен әдебиетті, ондағы қазақ мәдениетін қолдау үшін көмек қажет деген уәждерін көп естідім, алайда, сол көмектеріне қажетті қолдау ала алмады. Мәселен, Баян-Өлгийдегі қазақ мәдениетін алайық. Онда жергілікті халыққа хабар тарататын бір сағаттық қазақ радиосы жұмыс істейді. 50 жылдан бері радионың аппаратурасы ескірген, оларды жаңалау керек. Немесе ондағы ұлт аспаптар оркестрінің жай-күйі. Бірақ, өкінішке қарай, олар өз сұраныстарын қанағаттандыра алмады. Қазір бұрынғыдай темір тор жоқ. Шекаралар ашық, байланысқа ешкім кедергі бола алмайды. Алайда, Қазақстан тарапынан шетелдегі диаспора өкілдерін қолдау деңгейі сол Кеңестік дәуірдегідей емес. Егер, Ресейде «Русский мир» деген арнайы жоба болса, бізде шетелдегі қазақ түгілі іштегі рухани қажеттіліктерді түгендеуге әліміз әлі жетер емес. «Русский мир» жобасы бойынша Ресейде Ресей Федерациясынан тыс жерлерде тұратын орыс мәдениетін тұтынатын (этникалық тегі маңызды емес) барлық азаматтарға көмектесуді мақсат етеді. Осы жолда миллиондаған қаржы төгуде. Осы арқылы Ресейдің ықпалын жоғалтпауды көздейді. Әрине, біздің ондай амбициямыз жоқ. Бірақ, шетке қазақтың рухани сұранысын өтеуге аз да болса дайын болғанымыз жөн деп ойлаймын.

Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА: Бұл сұраққа көбі байланыс жоқ деп жауап беруі мүмкін. Дегенмен, «Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы» жыл сайын шетелдегі қазақ ақын-жазушылардың жинақтарын шығарып келеді. Сонымен қатар жыл сайын жастарға арналған халықаралық мүшәйралар да ұйымдастырып келеді. Бұның өзі Қазақстандағы ақын-жазушылармен өзге елден келген қаламгерлердің арасында байланыс орнауына сеп болып жатыр деген сөз.

Байыт ҚАБАНҰЛЫ, ақын: Бұл сауалды сен Қазақстан Жазушылар Одағына қойсаң, дұрыс жауап аласың. Тек басқа елдерде тұратын қазақ ақын-жазушылары мен Қазақстан ақын-жазушыларының әдеби байланысы жайлы айтсақ, бұл да аса дамымай тұрған шаруа. Қаламгерлердің жеке байланысы немесе Қазақстан елінде басылып жатқан шетел қазақтарының азын-аулақ туындылары болмаса, дәл осы салада жасалып жатқан жүйелі іс-шаралар жоқ деуге болады. Негізі мұндай іс-шараларды халықаралық дәрежеде ұйымдастыру қажет. Әсіресе, түбі бір көшпенді елдер сондай бір әдеби шараларды ұйымдастырып отырса, көп нәтижеге жетер еді. Тіпті оны да кейінге ысырып, мына әлем дүниедегі қазақ қандастардың арасынан туып шыққан қаламгерлердің басын қосып, солардың рухынан жаралған туындыларды тесік шөмішпен сүзіп, шөміштің тесігінен түспей қалған ірілерін іріктеп, қазақ оқырмандарына жеткізіп отырса... және бір-бірінен үлгі өнеге алса... Иә, онда жақсы болар еді.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ: Қазақстан мен өзге елдер арасындағы әдеби байланыстың жағдайы мақтанарлық емес. «Балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан» мына күнде жалпы әдебиеттің ауанын бақылап, бағамдап отыру оңай емес. Топқа қосылған қалың тобырда тұлпар да, мәстек те бар. Кім озса, жүлде сонікі. Өз бетімен ізденіп, өзгенің әдебиетіне назар салған жанға жол да, тақырып та көп. Ал өз шығармасын өзі көтермеген, көпке ұсынбаған жан мың жерден жүйрік болса да, тасада қалады. Әркім өз қолындағысын базарлайды. Бұл бүгінгі өтпелі дәуірдің өкініші. Бірақ заман қажеті біздің бұл селқостығымызды кешіре алмайды. Жеке қаламгерлер арқылы болса да, өзге ел әдебиетімен байланыс жасап отырғанымызды айтпаған күнде, бұл тақырыпқа зәрулік жасап, шөлдеп жүрген жанды өз басым көре алған жоқпын. Әркімге өзі ғана керек сияқты.

IV. Неге қандас қаламгерлердің шығармашылығы «Қазақ әдебиеті» оқулығына енбей келеді?

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛОВ: Бұл мәселе аз айтылып жүргені жоқ. Өзекті тақырыптың көтерілгеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Ең бастысы жоғары оқу орындарының филология факультеттеріндегі 5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша «Шетелдегі қазақ әдебиеті» пәні оқытылады. Шетелдегі қазақ әдебиеті ұлтымыздың қилы тарихын, күрделі тағдыр-талайын тануда мән-мағынасы зор іргелі пән. Сондықтан қандас қаламгерлердің коммунистік идеология зұлматынан сақтандыратын, ұлттық бірегейлікке бастайтын қуатты туындылары мектеп оқулықтарына енгізіліп, міндетті түрде оқытылуы керек. Бұл тұрғыда өзге елдердің тағылымды істерінен алар өнеге аз емес. А.И.Солженицынның «Архипелаг ГУЛАГ» шығармасы Ресей Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен 2009 жылдың 9 қыркүйегінен Ресей мектептеріндегі жоғары сыныптардағы әдебиет пәні бағдарламасына арнайы енгізіліп, міндетті түрде оқытылып келеді. Туындының тұтас құрылымы сақталып, мектеп оқушыларының танымына сәйкестендірілген, яғни төрт есе қысқартылған нұсқасы дайындалды. Біздің де рухы асқақ қайсар қаламгерлеріміздің тас түрмені жарып шыққан тарлан туындылары саналы ұрпақты рухани нәр алар қайнарына айналуы қажет. Ерте ме, кеш пе шетелдегі қазақ қаламгерлерінің шығармаларын арлы да намысты, саналы да мемлекетшіл ұрпақ жата жастана оқитын болады.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Оны бізден емес, оқулық авторларынан және Білім және ғылым министрлігінен сұрау керек шығар. Дегенмен бір нәрсе айқын, тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдағы даму жолындағы ұлттық концепциясын айқындай алмай келеді. Әрине, алғашқы кезеңдерде шетелдердегі қазақ диаспорасы, оның Қазақстан тарихында алатын орны, көші-қон мәселелері стратегиялық құжаттарда орын тапқаны айқын. Бірақ, кейін осы көзқарастардың бәрі өзгерді. Қазір стратегиялық құжаттарда бұл туралы айтылмайды да. Мен бұдан бұрынғы бір сұхбатымда бұл туралы айтқан едім:

«Ең бірінші, бізде ұлттық стратегия деген жоқ. Жалпы, «қазақ ұлтының стратегиясы қандай болу керек?» деген мемлекеттік бір кешенді бағдарлама қабылданып, сол бағдарлама аясында осы оралмандар қамтылуы керек. Мектеп оқулықтарына енгізсек, бала мектепте оқығанын ұмытпайды. Олардың санасы әлі жас, арманшыл болады. Барлығына қызығушылығы артып тұ­ра­ды. Керісінше бізде шетелде жүрген қазақтарға қарағанда Германияға кетіп қалған немістерді жоқтау көп. Немесе Ресейге кетіп қалған орыстарды: «Ойбай орыстар Қазақстаннан кетіп жатыр. Біздің миларымыз кетіп қалды да, қолдарымыз келіп жатыр», – деп, Ермек Тұрсынов жазды. Ол кезде «Мегаполис» газетінің бас редакторы. Сол кезде мен оған да қарсы мақала жазғанмын. Мәселе салыстыруда емес, мәселе мойындай білуімізде. Бізде мойындау жоқ. Ол басқа жақтан келді, оның да бірдеңе білетіні бар шығар деп біз мойындағымыз кел­мейді. Келді ме, демек ол екінші сорттың адамы. Сондай көзқараспен қарай­мыз. Орыс тілін білмейді деп тағы да кемсітеміз. Бұл жерде басты тіл орыс тілі ме, оған біз мән бермейміз. Шеттен келген қазақ төрт тілді біліп тұрып, бірақ, орыс тілін білмеуі мүмкін. Қытай тілін білуі де үлкен жетістік. Бірақ, біз оны мойындамаймыз» деген екенмін онда. Оның себебін осындай көзқарастан іздеген жөн секілді.

Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА: Бұл сұрақты "Қазақ Әдебиеті" оқулығын даярлаған ғалымдарға қою керек.

Байыт ҚАБАНҰЛЫ, ақын: «Қазақ әдебиеті» оқулығына шетелдегі қандас қаламгерлердің туындысы тұрмақ, Қазақстан қаламгерлерінің енуге тиісті туындылары енді ме деген сауал туындайды. Қазақ балалары оқуға тұратын, соларды қазақи болмысқа тәрбиелеуге шама-шарқы жететін кеуделі туындыларды айтып отырмын. Іш-сырт деп бөліп жармай-ақ, жалпы қазақ қаламгерлерінің сондай әлді қуатты туындыларын іріктеп қазақ әдебиеті оқулығына кіргізу – Қазақстан білім саласындағы адамдарға парыз.

Бірақ кейбір ақпараттарға қарап отырып «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті» оқулығын Қазақстан оқу жүйесі қажетіне жаратпай кете ме деп те күдіктенесің. Мұны айтатын себебіміз Қазақстанның оқу жүйесі қандай болса, сол ұстаным шетел қазақтарына да ықпалын тигізбей қоймады.

Жалпы, шетелдегі қазақтар Қазақстан елін қай салада болмасын өзінің айнасы ретінде қарайды, соған қарап бой түзейді. Әлемдегі барша қазақтың түп-тұғыры Қазақстан екенін ескерсек, Қазақстан мықты болмауға еш қақысы жоқ.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ: Кезінде әдебиетші ғалым Зұфар Сейітжан ағамыз шеттегі қазақ қаламгерлерін аздап болса да оқулықтарға кіргізіп еді. Көне көздің аты көне көз. 50-ден асқан ағалар арасында бүйрек бұрғысы келетіндер бар. Серікқазы Қорабаев ағамыз да біраз еңбек жасаған болатын. Ал кейінгі кездегі «болдым», «толдым» деген жастарға бұл аса керек емес секілді. Керек түгілі кейбіреулері бар дүниені теріске шығарғысы, жоғалтқысы келеді.

«Елінде бардың ерніне тиер» демекші, ұлтта бар байлыққа ешкімнің де шекесі тарылмауы керек. Өз бауырымызға, өз ұлтымыздың әдебиетіне деген бауырмалдығымыз, жанашырлығымыз толығынан оянған кезде олқылықтарымыздың орны толады деп ойлаймын.

V. Жалпы, шетелдегі қазақ әдебиетінің артықшылығы қандай?

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛОВ: Шетелдегі қазақ әдебиеті – ұлттық сөз өнерінің ажырағысыз бөлігі. Классикалық әдебиетіміздің дәстүр жалғастығына сай жаңарып жаңғыруына қандас қаламгерлер өлшеусіз үлес қосып келеді. Айрықша атап өтер ілкі қасиеттері – ұлттық рухтың жасампаздығы, жатқа бас имей өткен ұлттық «меннің» асқақтығы. Ел мен жер үшін жанталасып өткен ұлы бабаларымыздың ерлігі мен өрлігін, қайғысы мен қасіретін, арманы мен шемен шерін шынайы бейнелеп, тарихи тұлғалардың кесек образдарын суреттеудегі тіл құдіретінде.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ: Шетелдегі қазақ әдебиетінде өздері өмір сүретін елдің, ортаның ықпалы басым. Мәселен, Қытайдағы қазақ әдебиетінің өкілдерінен қытай әдебиетінің ықпалын айқын байқауға болады. Сосын қаймағы бұзылмаған қазақтың шұрайлы тілі бар. Бұл біздің еселенген байлығымыз деп есептеймін.

Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА: Шетелдегі қазақ әдебиетінің бір артықшылығы – Кеңес дәуіріндегі цензураның болмауы, еркіндік деуге болар еді. Мысалы, Кеңестер Одағы тұсында қазақтың "елім, жерім, халқым" деген зиялылары атылып кетті және олардың шығармаларына тиым салынды. Кейінгі ұрпақ осындай бай рухани мұрадан айрылып қала жаздады. Шетелде болса, Алаш мұрасы және Алаш зиялылары, олардың өлеңдері, шығармалары айтылып келді. Мәселен, Түркияны алатын болсақ, Зәки Уәлиди Тоған (башқұрт зиялысы және мемлекет қайраткері) Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған кезде, Түркияға келіп ат басын тірейді. Көптеген жылдар Ыстамбұл университетінде дәріс оқып, шәкірт тәрбиелейді. Түркияда тарих ғылымының негізін салған көшбасшылардың бірі болады. Кітаптарында Алаш қайраткерлері, олардың күрескерлігі сияқты мәселелерден де сөз етеді. Бұдан тысқары, көптеген еңбектерде сол дәуірдегі тарихымызға байланысты деректер көп. Әдеби мұраларға келер болсақ, Түркияға көшіп келген Халифа Алтайдың еңбектерінде қазақ фольклоры туралы көптеген деректерді, сондай-ақ Алаш ұранын табуға болады. Хасан Өралтай да Мағжан және т.б. қазақ зиялыларын әлемге таныстырады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына да баға беріп, радиодан әлем назарын аударуға тырысады. Ғылыми тұрғыдан да Мағжанның шығармашылығы сияқты қазақ әдебиеті мен руханиятына байланысты тақырыптар зерттелген еді. Артықшылықтарынан сөз еттік, кемшілігі де болады. Кемшілігі – елде шығып жатқан кітаптарға әрдайым қол жеткізе алмау дер едім.

Байыт ҚАБАНҰЛЫ: Артықшылығы дейміз бе, өзгешелігі дейміз бе, ол шетелдегі қазақ әдебиетінің шынайылығында, қарапайымдылығында болса керек. Ол әдебиет – жалпылай сағыныштың, аңсаудың, алысқа қараудың жанайқайынан туындаған әдебиет. Өз ұясының, өз бесігінің сыртында туып, өсіп-өніп келе жатқан әдебиеттің ішкі жандүниесінің қасіреті ауыр қасірет. Ал мұндай әдебиеттің жеңілдікке, жасандылыққа, көзбояушылыққа салынуына, сірә, мүмкіндік жоқ. Себебі оның өзінің жаратылысы солай. Ол мақтаншақтықты, жағымпаздықты сүймейді, һәм таза. Сондықтан да оның шоқтығы биік. Қазір де сондай, келешекте де сондай болады.

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ: Жалпы, шетелдегі қазақ әдебиетінің ерекшелігі, сөз басында айтқанымыздай, таза қандылығы, ен-таңбасы анық, ұлттық шұрайлы тілге құрылғандығында. Өз басым алыстағы ағайынның шығармаларына әр үңілген сайын өнерден өзім жоғалтқан көп сөзді тауып аламын.

Қаладағы отаулардың ішінде жақсы дәстүрден айырылғысы келмейтін жастардың біразы балаларын үнемі ауылға жіберіп, ата-әженің өнегесін көрсетіп отырады. Қазақ ауылдарында жоғалған кейбір құндылықтарымыз алыстағы ағайыннан табылады. Әдебиетте де сондай. Қалаға қамалып, шөліркегенде ауылдың абыздарына бас иіп, олардың әдебиетіне көз салудың еш әбестігі жоқ. Ол – ежелгі бөлінбеген енші дәстүрі. Сол үшінде әлем әдебиетін бағыт еткен әр бір жас өз әдебиетінің төркініне, ойы мен қырына ойлы жанарын салып отыруы керек. Осы кішкентай болмыс тұтас ұлтқа пайдалы мүмкіндіктердің іргетасын бекемдейді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар