Абай туралы сөз қозғағанда Мейірхан Ақдәулетұлы ағамыз: «Абайға табынып, одан пұт жасаудың қажеті жоқ, оны дос, пікірлес, тағдырлас етіп өзіңе сіңіріп алып, дүниеге соның күрделі, естияр сезімімен қарау керек. Сонда ұлт есейеді, түсінік тереңдейді» деген болатын. Рас, бізде насихатталуы жағынан бақ қонған көптеген қаламгерлер бар. Бірақ, қазақтың руханиятына зор үлес қосып, сол жолда жанкешті еңбек еткендердің кейбірі ескерусіз қалып жататыны қалай?! Мысалы, Мұқағали ақын насихатқа зәру емес, керісінше, оның қасында замандастары Жұмекеннің, Жұматайдың, Кеңшіліктің насихаты кемшіндеу. Жазушы Адам Мекебаев туралы да осылай айтар едік. Көзі тірісінде де жарнамасы аз болған жазушының дүниеден қайтқан соң да шығармаларының насихаты кемшін болуы өзекке – өкініш. «Жадыра», «Жезтырнақ», «Аңызақ», «Құпия қойма», «Бойжеткен», «Айтылмай қалған аңыз» секілді оннан астам повестің, «Періште келіншек», «Жер кіндігіндегі апат», «Дауылды жер», «Қазына сыры» романдарын дүниеге әкелген жазушының эстетикалық ой-өрісі, шұрайлы тілі жазушы кітабын бас алмай, құныға оқитыныңызға кепіл.
Қыркүйектің 8-і күні Адам Мекебаевтың дүниеден қайтқанына 3 жыл толады екен. Осы ретте ақын Есей Жеңісұлымен жазушының шығармашылығы туралы аз-кем әңгімелескен болатынбыз.
«Шынайы жазушы «жазғаным оқылмай қалды» деп уайымдаудан гөрі, «жазып үлгермей қалам ба екен?» деп қорқатын секілді»
- Есей аға, алдымен Адам Мекебаев шығармашылығымен қалай танысқаныңызды білсек. Жазушының шығармасы сізге қалай әсер етті?
- 9 сыныпта «Дауылды жер» романын оқып шықтым. Ол бір күні бір жылтырақ көрсең, бәрін ұмытып соған ұмтылатын қызба шақ қой. Сондықтан ерекше әсерлендім деп өтірік айтпаймын. Кейін Алматыға келгенімде «Жер кіндігіндегі апат» делінген сыртында сары сызығы бар кітапты әпкем оқып жүр екен, сұрап алып оқыдым. Мекебаев әлемі маған сол кезде анық ашылды. «Жар жағалаған қыз» хикаятын ҚазҰУ-дың кітапханасында отырып оқып, жан-жағыма ұрлана қарағаным да есте. Дегенмен Адам ағаны тіршілігінде көргеніммен, амандасқаныммен, бетпе-бет сөйлеспеппін. Маған Мекебаев бейнесі «Жер кіндігіндегі апат» романындағы Қабыштай елестейді.
- Адам ағамыздың жарнамасы көзі тірісінде кемшін болғаны рас. Тіпті әдебиеттің айналасында жүрген кейбір жастар да білмейді. Кемталант емес екені анық. Бұған не себеп болды деп ойлайсыз? Жазушының басқа жазушылардан не ерекшелеп тұр? Жаңалығы неде?
- Адам аға қайтыс боларынан бір жыл шамасы бұрын жақсы сұхбаты жарық көрді. Өткен жолы ғаламторды ақтарып қарап таба алмадым. Осы сұхбатында Адам ағаның азаматтық бейнесі керемет ашылады. Өзі тіршілігінде «өзінде бармен көзге ұрмаған», өте қарапайым, тұлғасына жаратылысы сай кесек адам еді ғой. Сұхбатында сонысы айқын көрінеді. Менің ойымша, Адам Мекебаевқа жарнама, өзін кез келген жерден көрсетіп қалу әдеті тіпті қажет болмаған секілді. Адам аға Жұлдыз Әбділдамен сұхбатында 70-80 жылдары ең көп оқылған жазушы болғанын айтады. Міне, осы жайтты – оқырман іздеп жүріп оқитын жазушы болғанын ол кісі қанағат тұтқан секілді көрінеді. Шынайы жазушы «жазғаным оқылмай қалды» деп уайымдаудан гөрі, «жазып үлгермей қалам ба екен?» деп қорқатын секілді. Міне, сіз бен біз Адам ағаның көзі кеткесін ол кісі жайлы сөз қозғап, шығармаларын шамамыз жеткенше талдауға әрекеттеніп жатырмыз. Демек, жазушы өлген жоқ. Оны қазіргі жас жазушылар мен әдебиетшілер білмесе, ол Адам ағаның жарнамаға ұмтылмағанының кесірі емес. Мекебаев берерін берді, тіпті үлгермей де кеткен шығар. Оқырман іздемесе, бір кезде мықты оқылған жазушы ізделмесе, оқырманның сапалық құрамы нашарлағанында болуы да мүмкін. Ал басқа жазушылардан ерекшелейтін қасиеті – әсіреқызылға қызықпайтыны. Кез келген шығармасын қолға алыңызшы, сөз теру, сөз қызықтау, мораль айту, айтатынын шиырлап жүріп алу секілді езбе нәрсе мүлде жоқ. Жаңалығы сол – Адам Мекебаев сонау 70 жылдардың өзінде барынша мобильді, шалт проза тудыра алғандығында. Жазушының шығармаларын қазір оқыңызшы, осы күнгі үздік қаламгердің қолынан шыққан дүниені оқығандай әсерде отырасыз. Оқиғаның жиі ауысып отыратыны, кейіпкердің шешімталдығы, өз ойымен арпалысса да мораль таңбайтыны – бәрі-бәрі ХХІ ғасыр прозасының мықты үлгілеріндей әсер қалдырады. Қысқаша айтқанда, Адам Мекебаев – дәуірлермен үндес қаламгер. Бірақ әлі күнге шығармаларының көптомдығы шықпапты.
«Жер кіндігіндегі апат» романы жазушының өмірлік бағдары болуы мүмкін»
- Ашаршылық туралы аз жазылмады. Смағұл Елубайдың «Ақ боз үйі», Шерхан Мұртазаның «Сталинге хаты» деген секілді. Бұл ретте Адам Мекебаевтің «Жер кіндігіндегі апатын» үлкен еңбек деп айта аламыз. Бұл шығарма үлкен зерттеуді, талдауды қажет ететін секілді. Осы шығарма туралы не айтасыз?
- Дұрыс айтасыз, бұл шығарма үлкен зерттеуді, талдауды қажет етеді. Ондай талдау әлі күнге көзіме түскен жоқ. Бұл шығармаға Мекебаев үлкен дайындықпен келген. Оқиғалар жүлгесі еш үзілмейді. Ең бастысы, қай кейіпкерінің қандай тағдырға жолығатынын жазушы алдын ала аңғартып қоймайды, барынша құпия ұстап, оқырманды жетелейді де отырады. Жалпы, ашаршылық тақырыбын барынша ашып жазған шығарма – осы «Жер кіндігіндегі апат» романы. Бұған тіпті Адам аға өмір бойын дайындалған шығар. Ең бірінші, шығарма жүлгесі – Сыр өңіріндегі аштық. Автор бұл дүниесіне өмір көріп, байсал тартып, тәжірибе жинақтап барып отырғанын байқаймыз. Ол мұнда баға беруші емес, әңгімелеуші ретінде ғана көрінеді. Байқасаңыз, романдағы кейіпкерлердің ешбірі қоғамды, өкіметті, басшы-қосшыны кінәлап қарғамайды, сөйте тұра, сол қоғамның қолында билігі бар өкілдерінен ешкім үміт те күтпейді. Осы түйін, осы байлам романды күмәнсіз биіктетіп тұр. Екінші назар аударатын нәрсе – жазушы Қабыш отбасын ғана айтып отырып, бүкіл қазақтың қасіретін көз алдыңызға әкеледі. Сатыпалды байдың қазынасын іздеп неше қылмысқа барған Түктібай да, жарты қап бидайын оған ұрлатқан басқа кейіпкер де, бәрі-бәрі Қабыш отбасымен көрінбес жұп ұшымен байланып, толық картинаға ғана қызмет етеді. Қалың кітап осылайша сізді небары төрт-бес адамның тағдырымен-ақ ойға батырады, бүкіл халықтың басына төнген қасіретін жайып салады. Сөз жоқ, бұл өте шебер роман. Түктібай бейнесі – адам жаратылысының мың қатпарлы екеніне дәлел. Ондай адамдар қырық жыл қырғын болса да өлмеудің қамын табады. Ал Түктібай құрбанына айналған Қабыш – сол кездегі дәрменсіз қазақтың өзі секілді. Бір ғана көңіл медеті бар – артында ұрпақ қалды. Солар тірі қалар, солар тіршілігін жалғастырар. Адам қаламынан мына тіршілік әйтеуір бір үміт дүниесі екені, одан жаманға да, жақсыға да орын табылатыны, біз ақиқат бар деп білгенмен, ол үнемі өтіріктің құрбаны болатыны анық төгілген. Оқиғаның шырқау шегінде Қабыштың әйелі қызын жұрт арасына тастап кететіні ғана өкінішті және сәл таныстау.
- Адам Мекебаев «Құпия қойма» хикаятын кең тынысты, оқиғалы романға айналдырып, «Жер кіндігіндегі апат» және «Қазына сыры» деген атаулармен кезек-кезек жариялауы не себепті деп ойлайсыз? Бір шығарманың атын сан құбылтып беру авторға не береді?
- Шығарма хикаят кезінде көзіме де, қолыма да түскен жоқ, роман күйінде бірден оқыдым. Жазушының бұл көркем шежірені түрлі атаумен шығаруында тұрған ештеңе жоқ. Сөз басында айтқанымдай, «Жер кіндігіндегі апат» романы жазушының өмірлік бағдары болуы мүмкін. Хикаят кезінде айта алмай, тіпті өзі аңғармай қалған тұстарын кейін кеңейтіп жазып, романға айналдырғаны байқалады ғой. Қайта осылай толығу арқылы бұл шығарма қазақ әдебиетінің үлкен қазынасына айналды. «Жер кіндігіндегі апат» – қазақтың қасіретті тарихының көркем көрінісі. Кейін «Қазына сыры» деген атаумен қайта шыққанын көрдім. Қазір үйімде сол қызыл кітабы бар. Жазушы «Жер кіндігіндегі апат» деген атаудан саналы түрде бой тартты. Оқырман ретінде маған төрелік айту құқығы берілсе, «Жер кіндігіндегі апат» атауын таңдар едім.
«Мекебаев-жазушы жер бетіндегі ешбір адамның бір болмыспен ешқашан өмір сүре алмайтынын аңғартқысы келген сияқты»
- Жазушының мистикалық «Жезтырнақ» повесінде де қазақ әдебиетінде көп жазыла бермейтін жанр қамтылған. Повесть шытырман оқиғалы, бір деммен оқылады. Сізге бұл шығарма қалай?
-- Оқиға қуалап оқитын шығарма емес, мұнда жан арпалысы бар. Басын бастап оқып денесі тітіркеніп отырған оқырман соңында бәрі Тұрман қожа делінген әншейін алаяқтың ойыны екенін білген соң аздап құлазып, тіпті қоңылтақсып қалуы да мүмкін. Дегенмен бұл хикаятты Мекебаевтің отыз жас айналасында ғана жазғанын ескерсек, өте шебер дүние екеніне даусыз келісеміз. Жазушы өте айқын ой ұсынады. Қандай ой? Қазақтың болмысына тән – білмегеніңді сол күйі білмеуге тырысу, әйтеуір бір тылсымға жаба салу мінезі. Жұмағұл да, Әуез де жердің Жынойнақ, Шайтансай деген атауынан қорқады. Іздегенге сұраған. Тұрман қожа осы білместіктерін өз пайдасына жаратуға ұмтылады. Бір қарағанда, Мекебаевтың біз айтып өткен Түктібай дейтін затсыз кейіпкерінің бір бейнесі осы Тұрман қожа болып «Жезтырнақта» жүр. Жақында бұл хикаятты қайта оқып шықтым да, мынадай ойға келдім: Мекебаев – адамды таныған, өмірді таныған жазушы екен. Тұрман қожа бейнесінде біз өмірден енді, қырыққа жақындағанда ғана көріп, түйін жасап, бойымызды аулақ ұстап жүрген ашкөз, өз рақаты үшін ештеңеден тайынбайтын, ең бастысы, тағдырлармен қалауынша ойнайтын адам жүр. Ондай адам қатерлі, өте қатерлі. Ондай адамдар өлер жерін білмейді, яғни бір кедергіні алып тастаса, кейінгінің бәрі өз игілігіне айналатынына имандай сенеді. Осыны отыз жасында Мекебаев аңғарып қана қоймай, негізгі кейіпкерінің болмысына жүктепті. Өлер жерін білмесе, Тұрман қожа жарына адал, келін боп түскен отбасына адал Балқия келіннен дәмеленер ме еді? Тұрман Әуезді де, оның әкесі Жұмағұлды да соқыр сенімге ілестірді. Олардың жан дүниесін қақ айырды. Бұл хикаят маған 1977 жылы, яғни «Жезтырнақтан» 6 жыл кейін жазылған «Жар жағалаған қыз» повесінен әлдеқайда ойлы, орнықты көрінеді.
- Осы «Жезтырнақ» пен «Жер кіндігіндегі апатта» да, сонымен қатар, «Жар жағалаған қыз» повесінде де адамның екіге жарылуы (раздвоение личности) бар. Біз екіге жарылу қазақ әдебиетінде Төлен Әбдік пен Мұхтар Мағауинде бар деп жүрміз. Сіз бұл шығармаларда оқып отырғанда осы жайттарды байқадыңыз ба?
- Бірден байқалады. «Жер кіндігіндегі апат» романында Түктібай – әу бастан екіге жарылған адам. Оның негізгі жаны адамдар жақсы өмір сүріп жатқан жақта жүр. Ал қалған сүлдері аштық бейнетінен қалайда құтылып, сол рақатқа батқан жанына қосылу жолында ештеңеден аянбайды да, тайынбайды да. «Жезтырнақта» алаяқ Тұрман әкелі-балалы екеудің жанын қақ бөліп, әкесіне – жарын, баласына анасын дию ғып көрсетіп қояды. «Жар жағалаған қыз» хикаятында Мұңлық та, Тұрлыбай да, Әли де үнемі екі «меннің» соғысында жүр. Осы арқылы Мекебаев-жазушы жер бетіндегі ешбір адамның бір болмыспен ешқашан өмір сүре алмайтынын аңғартқысы келген сияқты.
- Есей аға, Сізге көп рахмет!
Жазушы Әбіш Кекілбаев Адам Мекебаев туралы естелігінде қаламгерді өте жақсы бағалайтынын жеткізіп, былай деген екен: «...Оның жазған-сызғандарын оқи бастадым. Марал (Ысқақбаев) дұрыс айтады екен. Төгілдіріп жазады екен. Қай шығармасын оқысаң да, адамдар туралы сарқылмас шындықтарды ұғып алуды аңсаған ашқарақ оқырманның мейірін әбден қандырып жазады екен. Оның шығармалары не туралы жазылған деп айта алмайсың! Өмір туралы жазылыпты. Бітпейтін де қоймайтын, ескірмейтін де тозбайтын, сарқылмайтын да таусылмайтын тіршілік туралы сыр шертеді. Сол туралы үзбей ойланып, үзбей толғанып жүретіндіктен де, маған ол үнемі тұнжырап жүретін тұңғиықтау жан болып көрінді.
Қазақтың оқыған сайын ойландырып, ойланған сайын толғандыратын ең салиқалы жазушыларының біреуі дүниеден өтті. Оны сағына түсеріміз, сағынған сайын жазғандарына қайта-қайта үңіле түсеріміз хақ…». Парасатты қаламгер Әбіш Кекілбаев айтқандай, қандай қоғамдық формация орнаса да, біз Адам Мекебаевты сағына түсіп, мөлдір де терең дүниелеріне тереңдей беретініміз ақиқат.
Сұхбаттасқан: Наурыз САРША
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.