Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Дала жадын жаңғыртқан туынды...

20.09.2022 1927

Дала жадын жаңғыртқан туынды

Дала жадын жаңғыртқан туынды - adebiportal.kz

Өткеннің сарыны көкірегіне күй болып күмбірлеп маза бермеген соң, «Тәңірінің берген өнеріне» жүгінуіне тура келген-ау...

Таласбек марқұмның қаламынан туындаған тағы бір ерекше шығармасы – «Тәттімбет сері» романы. Көз алдыңда көркем көріністер тізбегі үйлесіммен тізіліп өтетіндіктен, «Талтүс» романы сияқты бұл шығарманы да «дала жады жазылған құнды таспаға» балауға әбден болады. Оқырманның есінде болса, «Талтүстің» екінші бөлімі Тәттімбет күйші жайлы әпсанадан басталады. Күйші, сері ғана емес, ел ішінде білім-беделімен даңқы шыққан, келбетіне көрген жанның көзі тоятын асқан көркем жанның қырыққа жетпей мезгілсіз дүниеден өткені жайлы әсерлі эпизод болатын ол. Күй мен аңызға, туған тауарихқа, замандар қойнауына сіңіп кеткен барлық жәдігер, құндылықтарға жанымен ғашық жазушы «Талтүсте» құрметпен атап өтетін «өз Тәттімбетінің» бейнесін дара сомдауы заңды да шығар.

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

Романда Кенесары, Құнанбай сияқты өзі биік қоятын, жақсы көретін тұлғалардың образдарын барынша ашып бергені байқалады. Маңызды тарихи кезеңдерге деген автордың өзіндік көзқарас-тұжырымы бұл шығармада айқын көрініс береді. Болашаққа жасаған болжамдарының бүгінгі күні дәл келіп жатқаны таң қалмасыңа тағы қоймайды.

                                                      Кенесары. Бүлік.

Оқиға 1846 жылы болған. Тәттімбет – Нұрбике-Шаншар болысының старшыны. Аға сұлтан Құнанбайдың шақыртуымен қыстың көзі қырауда жолға шыққан. Бас кейіпкердің аға сұлтанға құрметі ерекше. «Өзі көргенде, аттан түсіп, бел шешпеген, патша ағзамның ең қатты жарлықтарын барынша жұмсартып жеткізуге тырысатын, қолдан келгенше еліне пана болған» адамға іштей аяушылығы да бар. Егер күрмеуі қиын істі шешуге басқаны емес, жас та болса бас болған Тәттімбетті шақыртса, аға сұлтан алдында мұның да беделінің ерек болғаны. Ә дегеннен, ел ісіне араласқан қайраткер Тәттімбет бейнесі ашыла береді. Оның бұл жолғы міндеті – патша ағзам билігіне қарсы бүлік салған Кенесары алдына елші болып бару. Ұлықтың өтінішін жерге тастағанды теріс пиғылды деп түсінетін орыстың қатал заңы Құнанбайға да, Тәттімбетке де жақсы мәлім. Сондықтан, бұл кезде көп адаммен кетіскен, «анттан тайған қазақ төрелеріне хан емеспін, жендетпін» деп, «кім келсе де қасқырша шайнайын деп» отырған Кенесарыны патша үкіметімен мәмілеге шақыру үшін жолға шығуына тура келген.

Ел ісіне ерте араласқан Тәттімбет кешегі хандар дәуренінің аяқталып, кескіні бұлдыр жаңа заманның басталып келе жатқанын айқын сезеді. Қыр-сырын түсінуге, қыр қазағына түсіндіруге ден қояды.

Шынында да, өз «дәргейіндегі жұрты бола тұра, басқа елдің адамы құсап елші болып келгені үшін» Тәттімбет пен оның серіктерін жаңғырық пен қара балта күтіп тұрған болатын. Алайда, мұның қаракесек аталары «Абылай ханның ақ туының астында тұрып, оған қалтқысыз қызмет еткені үшін» ғана жазадан құтылған.

Кенесарының ізгілік қасиеттері сәтті ашылған. Бүлікші ханды құрықтау үшін Қапал мен Қызылжарда қыстап жатқан орыс әскері бар. Ақмешіттен де ауыр қол шықпақшы. Жаз шыға үш жақты қыспаққа түсетінін біле тұра, қыс ішінде артынан ерген жұрты қиналып қалар деп, Алтай асуды жазғытұрымға қалдыруға шешім қабылдайды. 

Дұшпанымен кескілескен шайқаста үш мың әскерінен айрылған Кенесарының қасында қалған аз ғана серіктері жан сауғалап қашқанда, Наурызбай батыр бұрылып, қайтып келеді. «Қап, бекер қайттың ғой. Сен сытылып кетсең, маған жау ештеме істей алмас еді», - деп өкінеді тұтқынға түскен хан Кене. 

Патша үкіметінің шеңгелді қыспағында отырса да, соңғы ханына жан-тәнімен тілеулес болған қырдағы ел пейілін және анық көреміз.

Кенесары бейнесі – «Тәттімбет сері» романының биігі. Бұл образдың экспозициядан көрініс беруі тегін емес. Автор Тәттімбет, Құнанбай, Қазанғап би, Ағыбай батыр, т.б. кейіпкерлердің күрделі, тартысты іс-әрекеттеріне терең мән бере отырып, оқиға шешіміне жеткенше, әрқайсысын да сол межеден төмендетпеуге тырысады. «Сергелдең заман, болжаусыз қарамұнар дәуірге» тап болған ел серкелерінің әрқайсысының да өзіндік ұстанымы бар, олардың қай-қайсысы болсын, ел мүддесін бәрінен жоғары қояды. 

«Кенет Құнанбай басын шайқап күлген. «Ей, Алла. Баяғыда Кенесары Арқада жүргенде Қоңырқұлжа орыстың қамалына кіріп алып шықпаушы еді. Енді батыр да, бағлан да осы Қоңырқұлжа болыпты. Кеңес кезінде: «Оны неменеге әспеттеп Көкшетауға сұлтан қыласыңдар, аямау керек, жазалау керек дейді. Маған қол жиып беріңдерші, осы қазір аулын шауып, басын қоржынға салып әкеп берейін дейді». Дәуірі өтіп, қыспақта қалған хан Кене кеше ғана қасында жүрген жақсылардан сатқындық көргені де рас. «Сатылмас, шетел асуға мүмкіндік берер» деген қырғыз ұлықтары да ол үмітті ақтамайды. Керісінше, патша үкіметі дәргейіндегі аға сұлтан Құнанбайдың оған іштей тілеулес болып, қолынан келген көмегін аямағаны көрінеді: «Алаш баласын бір-біріне жау қылып отырған заман ғой. Мен Кенесарыға дұшпандық қылғам жоқ. Замана ырық бермей, бізді төрт тарапқа тентіретіп отыр. Әйтпесе, Кенесарының қадіріне жеткен бір қазақ болса – ол мен едім», - дейді Құнекең. Аға сұлтанның сұңғылалығы сол, ол жаңа заман беталысын да, Кенесары оқиғасының немен аяқталатынын да қолмен қойғандай болжап, түсінеді. «Менің білетінім, бағы асқанның, болған елдің отын жақ, ал оған төзбесең... онда, не соғысып жер жастан, не басың ауған жаққа кет». Құнанбай сұлтан ұстанымы – осы.

                                               Құнанбай. Дипломатия

Кенесары қолы қырғынға ұшырап, ханның басы алынғаннан кейін патша ағзам шекаралық комиссия шығарып, ел ішіне репрессия жүргізуін – қазақ халқы күні бүгінге дейін басынан кешірген небір нәубеттер мен геноцидтердің ассоциациясы деп түсінуге әбден болады. Автор «бағы асқан, болған елмен» бітімгершілік, дипломатиялық, сауатты қарым-қатынас жүргізе білетін мықты көшбасшысы бар ел ғана замана дауылынан аман шыға алады деген идеяны алға тартады. Құнанбай мен Тәттімбет бейнелері арқылы осындай көрнекті тұлғаның үлгісін жасап көрсетуді мақсат етеді. Жер иелігін қағаз арқылы бекіту, салық пен сауда-саттықтың жаңа ережелерін меңгеруге қыр қазағы ә дегеннен бейімділік танытпағаны белгілі. Мал-жан санағы кезінде үйір санын кемітіп жаздыртатын, сол үшін ұлыққа пара ұсынатын қазақ байларының дала экономикасы дамуын тежейтіні көрінеді. Сондай байлардың біріне Құнанбай:

«Әй, Нұғыман, сенің албасты екеніңе ешқандай күмән жоқ. Майор мырза саған басқаны айтып отыр. Санақ кезінде орыстың қабағына қарама, пара берме деп отыр. Соны да түсінбейсің бе», - деп зірк ете қалатыны содан. Қалай дегенмен, бұл роман қазақтың патша үкіметінен қаншалықты теперіш көргені жайында емес, жаңа заманға бой үйретуі, сол өзгеріске ел жақсыларының елді бейімдей білуі турасында десем болады. 

Орыс озбырлығы мен қыр елінің бейғамдығы арасындағы балансты барынша ұстауға тырысқан Құнанбай, Тәттімбеттердей білікті ел серкелерінің арқасында ұлы даладан ән мен күй, ертегі-жыр салтанаты барынша ұзағырақ көрініс таба түскендей.

                                              Қазанғап би. Шер.

Қазанғап би – Тәттімбеттің әкесі. Ол да хан Кене сияқты өткен дәуірдің адамы, ежелгі өмір салтынан, ата-баба жолынан тайғысы келмейтін қыр елінің баламасы іспетті. Кенесары хан қазасын күллі қазақ даласы жоқтағанда, Қазанғап би ауылына Құнанбайдың өзі келген. Сондағы Қазанғап бидің сөзі:

«Орыс ерлігімен емес, өнерімен жеңіп отыр. Ал ондай өнерді, ондай тылсымды Құдай біздің қолға бермеді. Бәрің сайдың тасындайсың. Кемшілігің қоғамыңда болып отыр. Қоғамың қожыраса, сенің ер болғаныңнан не пайда?»

Кенесарының адал серігі Ағыбай батыр итжеккеннен босап, қайтып келгенде, патша тыңшылары «жеткізіп барар» деп қорықпай, аймағын соңынан ертіп, батырға амандасуға келеді. Соңғы қанды шайқастың мән-жайын Ағыбай батырдың өз аузынан естігенде, дүйім жұрт аһ ұрған. Мұндай жауыздықтың болатынын бұрын-соңды естімесе керек. Елінің бұлыңғыр болашағын ойлап, көкірегіне шер толған Қазанғап би: «Кейде адам бұл дүниеге келгеніне де өкінетін кезі болады екен. Туған елің үшін өлудің өзі арман екен ғой», - дейді.

Елге оралғанда, «қылқын» ауруына шалдығып, санаулы күндерде дүниеден көше берген. «Төрде төсек тартып жатқан би кесімді уақыты тақағанда орнынан айқайлап көтерілген,қалы кілемде тұрған полковник мундирін жұлып алып, кеудесіндегі орден-медальдарымен қоса ошақтың отына ұмар-жұмар қылып лақтырған». Би аға өлімімен бірге тұтас бір дәуір көшкендей. Ертеңгі күннің ызғарлы ескегі содан былай елдің есін жидырмаса керек. 

                                                      Тәттімбет. Өнер.

Аздаған шегініс жасап, Тәттімбеттің балалық шағына келейік. Ел іші тыныш, беймарал шақ. Қазанғап әке өнегесі мен Қалайы ана мейіріміне қанып өсіп келе жатқан Тәттімбет бала бойынан өнерге бейімділігі аңғарылғанда, ел болып қуанып, тілеулестік білдірген. Домбыра шабуға ылайық ағаш іздеп барып, жай түскен кепкен қарағайды тапқанда, шебердің алғаусыз қуанатыны – еркін көшпендіге тән, қазіргінің қазағына сағыныш іспетті сезім болып қалғаны рас.

Он жасынан Тәттімбетке білген өнерін үйрете бастаған домбырашы Мақу мектебі, одан кейін қызылмойын Қуандық күйші сабақтары өзіндік тылсымды тегеуірінімен ерекше. Мақу күйшінің үйретері таусылғанда, баланы Қуандық күйшіге беруін Қазанғап биден сұрап тұрып: «іштегі шеменді шығаратын мал бар ғой» дегені ой салады. Егер хакім Абай: «дүние де өзі, мал да өзі» деп өнер-білімді тұспалдаса, Мақу күйші бұл жерде күй өнерін меңзеп тұр. 

 «Алла тағала күн мен айды неге жаратты? Неге дүниені, болмысты күн қылып, апта мен ай қылып жаратты? Себебі, әрбір демің – өмір, әрбір күнің – өмір...» – осы сияқты автордың өзіндік философиялық ой ағымдары романның интеллектуалды әлеуетін паш етеді. Бұл Таласбектей ойлы жазушының шығармаларына әуелден тән ерекшелік. 

Тәттімбеттің бозбала шағы үздіксіз өнер үйренуімен ғана емес, алғашқы сезімінің бас көтеруімен де есте қалардай. Ханымша сұлуға ғашық болуы тырнақалды күйі «Қосбасардың» шығуына ықпал еткені рас. Алғашқы күйін жұрт көзінен таса жерге – тоғай арасына барып, пысықтап жүрген кезі болатын. Бірде бұтақ сыбдыры естіліп, елеңдеп қалады. Ал кешкісін «Қосбасарды» Қуандық ұстазы тартып бергенде, айран-асыр қалған Тәттімбет тоғай арасында кімнің жасырынғанын бірден түсінеді. «Күйің тамаша, бірақ қайғысы көп... Қасіретте де әдеп бар...» деген ұстаз ескертуі Тәттімбеттей күйшіге өмірлік өнеге болып қалса керек.                                               

                                                  Ұлы жұт. Алтай

Бір жылы наурыз айында көптен таудан түспеген Қанай есепші келіп, тура Тәттімбет старшынның табалдырығынан аттайды. Ас-су ішіп болған соң, ел қарғысынан көз ашпайтын есепші тағдырына біраз кейіп, құрыс-тырысын жазып алғаннан кейін, келесі жылы ұлы жұттың келе жатқанын естірткен: «Мүшел бес айналғанда, алпыс жыл болады. Алпыс жылың – бір замана. Екі замана – жүз жиырма жыл. Ал жүз жиырма жылда бір рет қой жылына жұт келіп отырады... Менің айтып отырғаным – екі заманада бір рет келетін ұлы жұт». Қар жауа-жауа, құрық бойынан асады. Жай сіреу емес, бір еріп, бір қатып, темірдей мұзға айналады.

Ескі қазақ жосығында мұндай жұт кезінде мал Жетісу, Алтайға айдалады екен. Ондағы жұрт та түсіністік танытып: «жылқұда келді» деп, жайылым беретіні ықылымнан келе жатқан дәстүр. 

Ұлы жұт хабарынан құлақтанғаннан кейінгі қазақ арасындағы өзара кикілжіңге тоқталып жатпай, бірден Алтай жеріне жылқы айдаған Тәттімбет төре оқиғасына келейік. Бұл тұста оқырман ықылымнан бері өр Алтаймен байланысы мықты қазақ тарихымен сусындайды. 

Тәттімбет сері Алтайдағы Көгедай ханның ұлы Ажы төренің дәргейіне аман-есен жеткен. Мұнда бұрыннан таныстығы жоқ екі жақты жақындастырып, табыстырған – ұлы күй өнері десек, артық айтпаймыз. Тәттімбет шерткен күйге тебіреніп, Ажы төренің көз жасын сығып алғаны оқырманнан жасырын емес. 

Жалпы, романның өне бойында Байжігіттің «Қосайдары», Сайманның «Сары өзені» (Хуан хэ), «Шыңырау», «Алшағыр-Шаған», «Өкше күй», сүйген жары Ақұңқарға арнап шығарған өзінің «Жантелім», т.б. күйлері дүниеге келу тарихымен баурап алады.

Алтайда Тәттімбет алтын құймаларын табиғи жолмен өндіру тәсілін көріп, тәнті болады. Таудан аққан үш өзен тоғысына мал терісін матырып қойып, ол әбден жидіп, сасып, көпіршік атқанда алып шығып, жүнін сыдырып алып, астында оты маздаған кісі бойындай қозыға тастайды екен. Алтын өндірудің мұндай тәсілі ежелден болса, демек, грек мифтеріндегі арганавтардың іздеп шығатын «Алтын жабағысы» негізсіз пайда болмағаны ғой деген ой келеді. 

Бұрын көрмеген тәсілмен кесек-кесек тайтұяқ алтын түскенін көргенде, Тәттімбет қайран қалады. «Тәттімбетке белгі салып, қос тайтұяқ алтын құйып беріңдер» деген Ажы төре ел жайын сырласа келе, Алтай жақтың да тыныш емес екенін айтып мұңын шағады: «Қоластымда төрт би бар. Осы төртеуі маған әзер төзіп отыр. Баяғы Шыңғыстың, баяғы Жошының тұқымы еді ғой деп, атамыз атасына бағынып еді ғой деп... қазір сол төрт биді төрт жаққа қоя берші, таң атпай-ақ барымта басталсын... Қырқыс басталады, ел ішін қиянат жайлайды...»

«Орысқа бағынсын» деген Құнанбай сәлемін Ажы төре қабыл алмайды. «Жүз жылдан кейін осы жерге шүршіт келеді екен деп, орысқа жем бола алмаймыз. Менің Құнанбайға айтар сәлемім осы», -деп, кесімді сөзін айтады. 

                                       Қоянды жәрмеңкесі. Қарқаралы 

Қыркүйек айының басында Құнанбай Қарқаралы округіндегі бірнеше байды шақырып, сауда-саттық жайын кеңескен. Ел ішінде мал көп, бірақ Қоқанға жылқы сату – жаудың атты әскерін күшейту деген сөз. Ресейге жылқы айдап барған қазақтарды қалмақ, башқұрт маклерлері жәрмеңкеге жолатпайды. Жылда сол. Ел іші қант-шай, айна-тара, кездеме-матадан тарыға бастағаны рас.

Аға сұлтан Құнанбай бас болып ұйымдастырылған Қоянды жәрмеңкесі  қазақ даласындағы жаңаша сауда тәсіліне жол ашып берген. Бұл оқиға романның үлкен бір бөлігін алып, егжей-тегжейлі суреттелген. Құнанбай бұл мәжіліске өмір бойы саудамен айналысқан Варнава Ботовты шақырған екен. Ол Омбы, Челябы жәрмеңкелеріне мал айдап апарып, бос қайтып жүрген байларға олардың қатесін көрсетіп: «Бүгінгі сауда – күрделі сауда, маклер, делдалсыз мал сата алмайсыз. Сіз жәрмеңкеге мал апармайсыз, маклерлер өздері келіп, жайылымнан айдап әкетулері керек... Қазіргі сауда «биржа» деп аталады», - дейді Варнава.

Ұзындығы – он, ені – бес шақырымды алған даңқты Қоянды жәрмеңкесіне Воронеж, Дон бойы, т.б. асыл тұқымды жылқы зауыттарынан делдалдар келген. Салтанатты ашылуында жандарал сөз сөйлеп, жәрмеңкенің арнайы туы көтерілген. Бәйге шауып, көкпар тартылған. 

Жәрмеңкенің қызған ортасында орыс саудагерлерінің мал сатқан қазаққа менсінбеушілікпен қарауы, Құнанбайдың өзіне қыр көрсеткен орыс көпесін тезге салуы әсерлі суреттелген. Әділетсіздікке шыдап тұра алмаған Құнанбай өзіне қыр көрсеткен орынборлық Глеб Аристарховтың өзін көкпар етіп тартып, дүйім жұттың алдында масқарасын шығарады. «Анау көпес маған жәрмеңкеде емес, Омбының көшесінде кеуде көрсетсе, жазаланбас па еді, кім біледі. Түсінгенім, бұл орыс деген халық істің, сауданың, ақшаның мүддесіне келгенде, өзінің орысын да аямайды екен», - дейді Құнанбай сұлтан артынан.

                                                        Түйін

«Тәттімбет сері» –  заңғар жазушы Таласбек Әсемқұловтың және бір қабырғалы туындысы. Патшалық Ресей қазақ даласына үстемдігін батыл орната бастаған кезеңде қазақтың біртуар тұлғаларының саясат алаңына шығуы, экономикалық қарым-қатынастарға елді бейімдей білуі, ұлық тізгінін тарта ұстауына ықпал етіп, дипломатиялық біліктілігін паш ете білгені жан-жақты, терең ашылған. Шыңғыс хан қақпанынан сытылып шығып, елінен безген Күшлік хан, елі үшін қағанмен бітімге келген Кет Бұға абыз әрекеті, т.б. тәпсірленген көне аңыздарда терең мән бар, дегенмен, «патшалық Ресей саясаты – қулығына құрық бойламайтын әккі саясат» деген идеяны үнемі алға тартып отырған автор сонау Киев Русі, Алтын Ордадан кейін бұл елдің қалай күш алып, алпауыт елге айналғанын масондық орыс шенеунігінің аузымен айтып бергізеді. Бір күні бұл державаның да тоқырауға ұшырап, ыдырайтынын айтады һәм бұл болжамның бұл күні ақиқатқа айналып келе жатқаны тайға таңба басқандай анық екенін сіз бен біз жақсы білеміз.

Анар Қабылқақ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар