Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Дәрігердің алдында жүріп кеткен Крамской...

05.04.2022 2992

Дәрігердің алдында жүріп кеткен Крамской 14+

Дәрігердің алдында жүріп кеткен Крамской - adebiportal.kz

Тура мағынасында солай болған ғой. Иә-иә, 1887 жылы көкек айының басқы күндері еді. Анығында, дәл бүгінгідей сәуірдің бесінші жұлдызы. Иван Николаевич ескі танысы Карл Раухфустың портретін кенепке түсіріп жатқан. Кенет... суретші еңкейе беріп гүрс етіп құлап түседі. Ал Раухфус болса жанталаса қимылдап, көмек көрсетпек болғанымен, бәрі кеш еді. Крамской сол арада жүрек аневризмінен жүріп кетеді. Айтпақшы, Карл Раухфусыңыз қатардағы көп ақ халаттының бірі емес-ті. Ол Ресейдегі тұңғыш педиаторлардың бірі, медицина ғылымының пілдей докторы болатын. Бірақ төтеннен келген ажал кімнің кім екеніне қарай ма…

Иван Крамской орыстың атақты суретшісі, тарихи һәм портрет жанрының майталманы. Әрі сол саланың сыншысы. Сурет салумен ерте айналысқан ол он бес жасында икон сызатын оқушы атанады. Острогож уездік училищесін бітірген соң Острогож думасында хатшы болады. Содан соң ескі фотоларды акварель, ретушпен өңдеуді меңгереді. Бұл өнері оны 1856 жылы Петербордағы атақты И.Ф.Александровскийдің фотографиялық ательесінен бір-ақ шығарады. Сурет өнеріне шын берілген елгезек те талантты жігіт өстіп жүріп Санкт-Петербург көркемөнер академиясына оқуға түсіп, профессор А.Т.Марковке шәкірт болады.

1863 жылы Көркемөнер академиясы Крамскойға «Мұсаның жартастан су шығаруы» картинасы үшін кіші алтын медаль береді. Ендігі мақсат – оқу аяқталғанша үлкен алтын медаль мен шетелдік грант алу. Ол үшін Академия Кеңесі бәйгеге қатысушыларға скандинав дастандарынан «Валгалладағы мереке» тақырыбын ұсынған болатын. Алайда он төрт талапкердің он төрті де бұл ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартып, еркін тақырыпта жұмыс істеуге мүмкіндік берулерін сұрайды. Ары қарайғы оқиға орыс сурет өнерінің тарихында «Он төрттің бүлігі» деген атаумен қалыпты. Академия Кеңесі шәкірттердің талап-тілегін қабылдамайды, ал профессор К.А.Тон тіпті: «Бәлем, баяғы заман болсыншы, шолжаңдаған сен немелерді танауларыңнан тізіп әскерге әкетер еді!» - деп ашуға булыққан деседі. Бірақ профессор сөйтті екен деп арыны басыла қалатын жастар қайдан болсын. 1863 жылы 9 қарашада Крамской жолдастарының атынан кеңеске «ақыры академиялық шешімді өзгертуге қауқарсыз екенсіздер, ендеше біздің бәрімізді бәйгеден сызып тастауларыңызды сұраймыз» деген сарында қарсы уәж жолайды. Сөйткен он төрт суретші кейін бәрі бір аттары тарихта қалған И. Н. Крамской, Б. Б. Вениг, Н. Д. Дмитриев-Оренбургский, А. Д. Литовченко, А. И. Корзухин, Н. С. Шустов, А. И. Морозов, К.Е.Маковский, Ф. С. Журавлёв, К. В. Лемох, А. К. Григорьев, М. И. Песков, В. П. Крейтан және Н.П.Петровтар болатын. Бұлар және Көркемөнер академиясынан жәй кетпей, 1871 жылға дейін өнер жасаған «Петербор суретшілерінің артелін» құрып алады.

Орыс сурет өнерін бір саты биікке көтеріп тастаған Иван Крамскойға 1869 жылы академик атағы беріледі. Сөйтіп қолы ұзарып, құзыры артқан Крамской кенепке қарап отыра бермей, енді «Көшпелі көркемөнер көрмесі серіктестігін» құрады. Орыс революционер-демократтарының идеясы әсерімен жүрген-тұрған жерлерінде суретшінің биік әлеуметтік рөлі, реализмнің іргелі принциптері, өнердің адамгершілікке әсер етер мәні мен ондағы ұлттық болмыс туралы пікірлерін ірікпей айтуды ғадетке айналдырады.

Орыстың талай ұлы жазушыларының, әртістері мен қоғам белсенділерінің портретін Иван Крамскойдың қолынан шыққан. Олардың арасында кім жоқ дейсіз. Әдебиеттің арыстаны Лев Толстой, әйгілі «Қарағайлы ормандағы таң» картинасының авторы Иван Шишкин, жанкешті меценат Павел Третьяков, мысқыл-ертегі жазудың майталманы Михаил Салтыкова-Щедрин деп, тізе берсең кете береді. Сондай-ақ, төсек тартып жатып қалған орыс ақыны Николай Некрасовтың үйіне бір жыл бойы үзбей келіп жүріп (өйткені науқасты он неше минуттан артық мазалауға болмайтын) аппақ қудай болып жатқан ақынның «соңғы әнін» кенепке түсірген де осы Крамской болады.

Портретші Крамскойдың ат-атағы күн санап арта түсті. Сөйтіп жақтастары да молаяды. Тіпті олардың арасында императордың туыс-туғандары да болушы еді. Бұл суретшінің қаражат тұрғысынан қысылып-қымтырылмай еркін өмір сүруіне, шығармашылықтан басқаға бас қатырмауына жол ашады. Нәтижесінде Иван Крамской қысқа ғұмырында тек портрет жанрында 700-ден аса картина жазған екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар