Марал Хасен (1945-2016) 1945 жылы 4 қаңтарда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының №5 ауылында дүниеге келген. Мәскеудің Жоғары партия мектебін аяқтаған. «Жүрекқанын сия қылған», «Аудармалар», «Мазасыз күндер» және т.б. кітаптардың авторы. Жазушы әдебиет әлеміне көкейкесті мәселелерді көтере отырып, бүгін мен өткенді қатар қарастыра келген талатты тұлға болды. Оның жаңашыл ізденістері қатарластарын ғана емес, жас буын әдебиеттанушыларды да елең еткізгені сөзсіз. Қаламгердің есімін ұмытпай, үнемі жаңғыртып отыру – қазіргі буынның парызы. Ендеше, бүгін сіздерге жазушының ұлы Дастан Маралмен болған келелі сұхбатты ұсынамыз.
– Құрметті Дастан Маралұлы, алдымен отбасыңыз туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Менің әкем Марал Хаскен, шешем Рымбала Смайылова. Менің Тоғжан, Хорлан деген екі әпкем, Дархан деген ағам бар және өзіммен егіз Раушан деген қарындасым бар.
– Сіздің өміріңіз бен мамандығыңыз әдебиетке қатысты ма? Қандай оқу орнын тәмамдадыңыз?
Мамандығым гуманитарлық салаға жатады. Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның үрлемелі аспаптар факультетін бітіргенмін.
– Марал ағаның туған жылы – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған тұсы екен. Соғыстан кейінгі жағдай, қиындық, елдің еңсесін басқан қаралы қағаздар – әрбір қазақ шаңырағын шайқап өтті. Сол жылдары балалық шағы өткен адамдардың өмірі де оңай болған жоқ. Әкеңіз өткен шақтары, балалық кезеңі туралы не айтушы еді?
– Менің әкемді туған әке-шешесі балалары қайтыс болып, баласыз қалған үлкен ата-әжесінің бауырына салып берген. Бауырына салған шешесі – еңбекқорлығының арқасында ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы шақырылымының Жаңаарқа ауданы бойынша бірінші депутаты болып сайланған адам. Сондықтан жалғыз баланың бар жағдайын жасап, еркелетіп өсірген, жоқшылық, таршылық көрмеген. Әжем депутат ретінде сессияларға барған сайын әкеме кітаптар сатып әкеп беріп, әкем бес жасында хат таныған. Ол кезде электр жарығы жоқ болғанымен, депутаттың үйінде шыны пиаласы бар керосин шам болған. Кешке қарай көрші-қолаң үстел басына жиналып әкеме кітап, газет оқытқызып қояды екен. Соның әсерінен әкемнің кітапқа деген құмарлығы ерте оянып, ойын баласы болмай, кітаптан бас алмайтын болып өскен.
– Яғни әдебиетпен айналысуға, кітап оқуға толық мүмкіндігі болған ғой?
– Солай десек те болады.
– Марал аға журналистиканың барлық жанрында қалам тербегендіктен, 2009 жылы жас журналистерге көмегі болса деген ниетпен публицистика, очерк, сатира, фельетон, сұхбат, репортаж, радиошолу, саяси тақырып және т.б. жанрлардан үлгі ретіндегі бірді-екілі материалдарының басын қосып «Жүрек қанын сия қылған...» кітабын шығарғаны ел есінде. Әкеңіздің жан-жақты қасиеті сізге дарыды ма?
– Біздің үйде кітап байлығы мол еді, үйдегі барлығымыз кітап оқып өскенбіз. Әкемнің кітапханасы сан түрлі салаларға көзімізді ашқан. Өз басым көркем әдебиетіне көңілім жатпағаннан, оқығанымның басым бөлігі өмірбаяндар, мемуарлар және нон-фикшнге жататын басқа да әдебиет еді. Мектептегі пәндердің ұнайтыны дәлдік ғылымдар, математика. Сондықтан, өкінішке қарай, өзімді әкемнің қалдырған мұрасына қатысым аз деуге мәжбүрмін. Алайда қоғамымыздың белсенді қалам мамандары, әкемнің әріптестері, жақын туыс, таныстар арасынан әкемнің шығармашылығына жоғары баға беретіндер жеткілікті. Соған разымын.
– Жазушының шығармашылық зертханасы – қалың оқырманның көз алдында. Көркем ой – бір мезеттің емес, өмір бойы ізденудің арқасында дамиды. Сіз әкеңіздің жанында жүріп не түйдіңіз? Өмірдің мәнін таба алдыңыз ба?
– Адам ең алдымен сауатты болуы керек екенін, адал еңбек ету керектігін түсіндім. Әкемізді Ақадырға редакторлыққа жібергенде не лайықты ғимарат жоқ, не баспахана жоқ, не еш кадр жоқ болғандықтан, таңғы алтыдан кетіп, түннің бір уағында ғана жұмыстан келетінін көріп өстік. Соның арқасында әкеміз абыройлы да болды, денсаулығын да жоғалтты, шығармашылықпен тікелей айналысуға уақыты болмағанын өкінішпен айтып отыратын. Бірақ аудан басшыларына – хатшыларға сөзін, пікірін өткізе алатындай беделі өте жоғары болды.
– Қаламгердің жұлдыздай жанған жанры – аударма саласы болғанын білеміз. 2018-2019 жылдары «Әдебиет порталында» Марал Хасеннің аудармалары циклді түрде жарияланып тұрды. Қазір де қазақ сайттарында ауық-ауық көрініп жүр. Осы жайында сіздің де пікіріңізді білгім келеді.
– Әкем аударманы көбіне тапсырыспен емес, өз таңдауы, қалауы бойынша жасайтын. Ұнатқан шығармасын маған айтқанда, мен оны Гоголь атындағы облыстық кітапханадан әкеліп беретінмін. Ал Буниннің шығармасын мен интернеттен шығарып берген соң, оны «Зұлматты күндер» деген атаумен аударып шықты. Осы шығарманы аударғанда Бунинмен бірге қиналып, шаршағандықтан, бір күнде жүрегінен алты рет қысылып, жедел жәрдем уақтылы жетуінің арқасында аман қалды. Одан кейін 1901 жылдан бері беріліп келе жатқан Нобель сыйлығын 2014 жылы алғаш рет журналист Светлана Алексиевич алғанда, өзі тәржімелеп отырған 82 жастағы нобелиант Э.Э.Манроның новелласын қоя салып, маған Алексиевичтің кітабын алдыртты. Ол екі повестен тұратын жинақ екен. «У войны не женское лицо» деген повесін «Соғыстың сұрқы әйелге жат» деген атаумен аударғанда да әйелдердің бастан кешкен мехнатын жүрегімен қабылдап қатты қиналды. Соның әсері ме, әлде жазу солай болды ма, әйтеуір ауыр сырқатқа шалдығып, 2016 жылы әкем қайтыс боп кетті.
– Жазушының шет тілдерін жатық білуі – кәсіби аудармаға жол ашады. Марал аға неше тіл біліп еді?
– Әкей 7 сыныпты ауылдық жерде, қазақ мектебінде оқыған, 8-10 сыныптарын Атасу (Жаңаарқа) кентінде оқыды, ал ол кезде шет тіліне ешкім қызықпайтын. Бірақ Цан деген неміс ұлтының өкілі неміс тілі пәнінің оқытушысы әкемді өзіне көмекші ретінде ұстап, оқушылардың дәптерлерін тексертіп қоятынын айтып отыратын. Алайда ел немістерді фашистер ретінде санағандықтан, оған қызығушылық болмай, ары қарай дамытпай ұмыт болған. Ал орыс тілін орыстардың өзінен артық түсініп, өте сауатты жазатын. Барлық аудармалары орыс тілінен қазақшаға қотарылған дүниелер.
– Аудармаларының ішінде шоқтығы биік он төрт Нобель сыйлығы лауреаттарының шығармалары енген, 2015 жылы шыққан «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін...» деген жинағы. Жазушы неліктен Нобель сыйлығын алған жазушыларға қызықты? Әлде мұның қандай бір астары немесе себебі бар ма?
– Себебі Нобель сыйлығы кез келген жазушыға бұйыра бермейді ғой, ең таңдаулы шығармаларға беріледі, сондықтан сол таңдаулыларға қызықты. Бірақ Нобель сыйлығын алмаса да, өзі ұнатқан классик жазушыларды да тәржімеледі. Тілі әдемі деп В.Брюсовты, К.Паустовскийді, П.Коэльоны таңдады. Өзі сатираға жақын болғандықтан, М.Зощенко мен Ә.Несинді жақсы көрді және тағы басқа да танымал классиктердің шығармаларын аударған болатын.
– Маған кейде Нобель десе, Марал Хасен, Марал Хасен десе, Нобель елестейді. Қазақ топырағына Нобель сыйлығын алған шығармаларды таныстыру оңайға соқпасы анық. Біздің қазақ әдебиетінде Нобель сыйлығын алуға лайықты шығарма жазылды ма? Болса қай шығарма?
– Әкеміздің өзі де: «әр елдің, әр ұлттың өздеріне тән менталитеті, көзқарастары болады, соған бойлау керек» деп айтып отыратын. Ал қазақ әдебиетінен лайықты шығармаларды мен емес, әдебиеттанушылар атар. Шынымды айтайын, бұл салада пікірімді айта алмаймын.
– Марал аға шет тілден қазақ тіліне шығарма аударып қана қоймай, орыс тіліне де біздің төл туындыларды тәржімалады. Мәселен, Асқар Алтайдың «Көзжендет», Думан Рамазанның әңгімелері, «Кенесары-Күнімжан», «Абылай хан» драмалары бар. Тағы қандай шығармаларды айтуға болады?
– Орталық Қазақстан журналистері: Мағауия Сембай мен Ермағамбет Лұқпанның «Жауынгер қыздар» деген жинағын 1995 жылы; Сүйідік Жанысбайдың «Өкініш» деген повесін 1997 жылы; Гүлнар Бұхарбайдың КарТВ-ға «Мәдени мұра» деген танымдық материалын 2009 жылы; Сая Қасымбектің «Кім кінәлі?» пьесасын 2015 жылы; Нұрша Какеновтің «Сказания Аргун-хассов», «Чудеса Баянаула» шығармасын 2015 жылы қазақшадан орыс тіліне қотарған.
– Марал аға шет мемлекеттерге саяхат шегіп пе еді?
– 1979 жылы әкем туристерге жетекші болып Болгарияға барған еді. Мен ол кезде сәби, алайда кейін сол саяхаттан «Шипка қорғанысы» монументі жанында түскен және басқа да фотоларын көргенмін. Кеңес үкіметі кезінде шетелге барып келу деген көпшілік үшін есте қалатын тарихи оқиға, сондықтан ата-анамнан сол саяхаты туралы көп естігенмін.
2014 жылы Құддыста болып, әл-Ақса мешітіне тәу етіп қайтты.
2015 жылы Францияға сапарлап, маңайында жатқан елдерді аралап қайтқан.
– Әкеңіз туралы біз білмейтін деректерді айта отырсаңыз...
– Әкем домбырамен ән айтатынын білмеуіңіз мүмкін. Әсіресе, халық әндерін тамаша әуелететін. Өзінің ерекше қағыстары болатын, ең сүйіп айтатыны «Ақылбайдың әні» еді. Кейін шыққан әндердің де естілерін, әсіресе Қасымның әндерін жақсы көретін. Ағаштан түйін түйді деп айта алмаймын, бірақ қолының да әр нәрсеге ептілігі бар еді. Домбыраға тиек жасаудан ләззат алатын. Талғамы биік, бекзат болмысты болатын. Ешкімге кек сақтап жүрмейтін, ұнамаған қылықты табан астында қатты айта салады, бірақ онысын өзі ұмытып та кетеді. Сәл нәрседен мұңайып, зәредей жақсылыққа көңілдене салатын.
«Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Соның ішінде біздің рулас туысымыз, Сайдалының Олжа тармағынан тарайтын Қайрат Байбосыновты мақтан тұтып жүреміз. Сол Қайратпен біз Жаңаарқада көрші тұрдық. Ол мектепте оқып жүрген кезінен бастап көзге түскен екен. Дарынды балаларды ауыл-ауылдан жинап жүрген Жүсіпбек Елебеков райкомға келгенде ол кісіні Қайраттың үйіне ертіп апаруға қасына әкейді қосып береді. Жүсекең бұйымтайын айтқанда Торша шешесі қаршадай баланы, ұлдың үлкенін айдаладағы Алматыға жіберуге қимай жылапты. Сонда Жүсіпбек Елебеков: «Шешей, өз баламдай етіп тәрбиелеймін, маған сеніңіз. Мұндай дауысы бар, талантты өсіру қажет» деп, ақыры келісімін алады. Біз консерваторияға түскенде әкей: «Қайрат ағаларыңды тауып алып, сәлемдесіңдер» деп еді, «біз Маралдың баласы едік» деп кабинетіне баруға ұялдық. «Қайрат пен оның жан досы Жәнібектің бағы ашылуы Жүсекеңнің арқасы» деп отыратын әкем.
– Дүниеде әке мен бала арасындағы ерекше ыстық сезім, сөзбен айтып жеткізе алмайтын байланыс болады. Әке – тірек, әке – үмітті жандырушы жанашыр тұлға. Сіз әкеңіздің жан дүниесінен нені байқадыңыз?
– Мені кішкене кезімде ерекше жақсы көріп: «Өлгенде көрген құлыным» деп еркелететін. Өйткені менен үлкендерді әжелері иемденіп алып, өз еншісіне тиген мен едім. Әлі есімде, 1982 жылы Қарқаралыда тұратын қырғыз нағашыларыма қыдырып барғанымызда, мені мойнына отырғызып алып, көше бойында қыдырып жүретін. Сонда мен бес жастан асып кеткем, құрдастарымнан бір бас биік, аяқ-қолым ұп-ұзын болғанына да қарамайтын. Бірақ кейін 7 жасымда қалаға мектеп-интернатқа оқуға түскеннен кейін тек каникулдарда сирек кездесетінбіз. Одан кейін қиыншылыққа толы 90-шы жылдар, әкем біраз баз кешкен кездері болды. Жан сырын балаларына аштырмай, өз ойына батып жүретін.
– Жазушы есімін ұлықтау мақсатында қандай шаралар атқарылып жатыр?
– Өз қолымыздан келгенін жасап жатырмыз. Бірнеше рет еске алу кештерін өткіздік. Кітаптарын қайталап шығартып жатырмыз. «Таңдамалы еңбектер» деген жеті томдық жинағы әлемнің әр елінде ашылған «Қазақстанның мәдени орталығына» таратылды.
– Салмақты да, сарабдал әңгімеңізге көп рахмет! Марал Хасен ағаның шығармашылық мұрасы жеткілікті деңгейде насихатталады деп ойлаймыз. Сізге де қызметіңізге табыс тілейміз.
– Рақмет.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.