Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дидахмет Әшімханұлы. Профессор. Редактор. Корректор.

12.12.2018 1297

Дидахмет Әшімханұлы. Профессор. Редактор. Корректор.

Және – жауапты хатшы... техредактор... суретші... фототілші... Жоқ, ол – ең алдымен Азамат. Әйтпесе, докторлық дәреже, профессорлық атақ қазір кімдерге таңсық. Немесе редакторлық – құдірет пе, корректор болу – құрмет пе? Ал осы аталған атақ, дәрежемен қоса журналистиканың барша мамандығын бір бойына жинақтап, бір мезгілде бәрін бірдей атқара беру – тек азаматтың ғана қолынан келмек. «Есектің артын жусаң да мал тап» дегеннен гөрі «халқыңа пайдалы болса, қандай қызмет атқарсаң да арлығы жоқ» деген кредо оны осындай азаматтық биікке көтерген.

Сонымен Алдан Айымбетов кім?

Оның кім, қандай адам екенін өзінен де, өзгеден де емес, «Казахская правда» газетінен білесіз. Иә, «Казахская...», «Казахстанская...» десеңіз қателесесіз. Тұңғыш саны өткен жылы 15 қаңтарда жарық көрген осындай бір газет бар. «Осындай бір газет бар» деу де бір жағынан ыңғайсыз. Алайда 10 миллион қазақтың 10-ақ мыңының қолына тиіп отырған бұл газет жөнінде амалсыз солай деуге тура келеді әзірге. Дегенмен... оның санаулы санына да, алақандай бетіне де, бірер айда бір-ақ рет шығатын түйетолғағына да қарамай, қазір Қазақстанда шығып жатқан газеттердің көбінен артық болмаса, ешқайсысынан кемдігі жоқ деп бағалаған жөн. Өйткені, өткен жылы қолға тиген алты нөмірдің өзінен-ақ:

«Казахская правда» – шындығында да нағыз шындықтың, ақиқаттың газеті,

«Арымнан жаным садаға» деген намыстың газеті,

Ақиқат жолында «Казахстанская правда», «Караван», «Бірлесу» секілді төрт құбыласы түгел, жеке үйі, жеткілікті қызметкері, артында Алатаудай қорғандары бар газеттермен бірнеше рет бетпе-бет келген, олардың біреулерімен сот алдына да бірнеше рет барған ерлік пен мәрттіктің газеті,

Бас редакторлықтан – курьерлікке дейінгі бар жұмыс жалғыз адамның күшімен атқарылатын жанкештіліктің газеті,

Қағаздың қат, дүниенің қымбат, еңбектің бәрі сатулы заманда бір профессордың ғана қалтасы мен ерлігіне кіріптар «тәуекел түбі - желқайықтың» газеті екені көрінді.

Ал газеттің бірінші нөмірі жарыққа шыққанда жұрт не айтты деңіз? Обалдары нешік:

- Ерлік! – деді.

- Бізге керегі осы газет, - деді.

- Орыс тіліндегі кейбір газеттің кейбір керауыз мақалаларына орыс тілінде жауап беретін өз газетіміз де болды, - деді.

Бірақ, амал нешік, көңілі түссе біреуге жамбастың мырза басын ұстата қоятын мырза ағайындардың арасынан: «Ау, мына азаматқа қол ұшын берсек қайтеді», - дегендер жоқтың қасы. Ал «қазақпыз» дегенде даусымыз жер жарады...

Жә, бұл әр азаматтың білім-білігіне, ар-намысына байланысты мәселе де, сондықтан сөзімізді азамат Айымбетовке қайта бұрайық.

Осы тұста ойға мынадай сұрақтар оралады. «Казахская правда» шыққанға дейін Алдан Айымбетов ел назарына қалай ілікпеді? Біз оны дәл бүгінгідей публицист ретінде қалай білмедік? Жалпы, оны жеке меншік газет шығаруға итермелеген қандай күш?

Соңғы жеті-сегіз жылдың дүрбелеңі ең алдымен кімнің-кім екенін танытты. Талайдың ар-ұяты таразыға, азаматтығы сынға түсті. Бай кедей болды, кедей бай болды. Үнсізге тіл бітті, тілдіге қулық бітті. Қулығы сол – бұрын сөйлеп үйренген ауыздар жел қай жақтан соқса, желдей есіп сол жақтың сөзін сөйлеп, заманның ығына жығылды. Сұмдығы сол – жел кері соққанда олар тағы да желдей есіп жұрттың алдына шықты, «ел үшін туған ер», «халық үшін қам жеген қаһарманға» айналды.

Біреулер жеке өзіңе тиісіп жатса бір сәрі, ал тұтастай халқыңның, ұлтыңның ар-ұжданына қол сұғып, намысыңды таптағысы келгенде шыдап тұру мүмкін бе? Мен де шыдай алмадым.

Кешегі күні Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Әлихандарды ауызға алғандарды ауылымен көшіріп жіберуге әзір тұратындар, енді солардың туын көтеретін болды... Бұл – әдебиет, мәдениет, ғылым төңірегіндегі мәселелер болса, саясат өрісінде де сан түрлі «қызықтар» болып жатты. Оның ішінде, әсіресе, ұлттық мүдделер төңірегінде сөз көбейді, қарсылық күшейді... Тіл, республика азаматтығы, Конституция, ономастика, жер жөнінде айтыс-тартыстар әр жерде қылаң берді. Кімнің-кім екенін танытқан да дәл осы кез. Алматы мемлекеттік медицина институты философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Алдан Айымбетовті азамат Айымбетов ретінде таныта бастаған да осы кез. Бұл жөнінде Алдан ағаның өзі былай дейді:

- Бұрын газетте де, саясатта да көп шаруам жоқ еді. Бірақ кейінгі кездегі кейбір жайлар мені амалсыз отқа да салды, суға да түсірді. Біреулер жеке өзіңе тиісіп жатса бір сәрі, ал тұтастай халқыңның, ұлтыңның ар-ұжданына қол сұғып, намысыңды таптағысы келгенде шыдап тұру мүмкін бе? Мен де шыдай алмадым. Ол шыдамның шынжыры алғаш рет былай үзілді... Әлі есімде, бұдан төрт-бес жыл бұрын Алматыдағы саяси-ағарту үйінде үлкен бір жиын өтеді деп естідім. Онда депутаттыққа дәмелі Докучаева деген бір әйел сөйлемекші екен... Сөзі – Қазақстан ұлттық мемлекет бола ма, әлде азаматтық мемлекет болуға тиіс пе деген төңіректе көрінеді. Жиынға келсем, ол «Докучаеваны сайлау клубы» деген тобын маңайына үйіріп алып, «Азаматтық ел...» үшін айқасты бастап та кеткен екен. Оған салсақ республика атынан «қазақ» деген сөзді өшіруге дейін бар. Ал, шыдап көр. Сөз кезегі жеткенше жаным шыға жаздады. Қысқасы, сол күні мінбеден шырқырап шыққан даусым мені де талайға танытып үлгерді. Талайлар енді мені мұндай жиыннан қалдырмайтын болды. Келсем, сөйлейтін болдым. Қайбір тіл қышығаннан дейсің, шабыңа түртіп, жаныңа тиетіндер көп те. Көп демекші, ұлт мүддесіне қарсылық кейін тіпті көбейе түсті. Олар енді жай мінберді місе тұтпай, орыс тілді газеттердің бетінен көріне бастады. Қарсы мақала апарсаң, баспайды. Баса қалса, кейін басқалардың сөзімен қайта өзіңді ұрады. Мәселен, «Казахстанская правдадан» мұндайдың біразын көрдім мен. Ал қазақ газеттерін қазақтан басқа кім оқиды. Екіншіден, олар да кейде батылырақ айтқан сөзіңнің мұртын басып, сақалын күзеп жіберетіні бар. Өйткені, олардың бар билігі өз қолында емес, әрқайсысының жоғарыда қожайындары тұр.

Мен Алдан ағаның өз үйінде – редакциясында отырмын. Оның – Бас редактордың кабинеті – жатын бөлмесі. Босаға тұста жазу үстелі. Үстел үстінде: жаңа нөмірдің макеті, қалам, қарындаш, фотосурет, сызғыш, ұстара, қылқалам. Қарсы алдында – бір-ақ уыс беті әбден қажыған, аппақ селеу шашы ұйпа-тұйпа, көзі шүңірейген, шүйдесі шығыңқы, шүйкедей ғана бір қарт отыр. Шындық айтып шырылдап жүрген Алдан ағамыз – осы кісі.

Қой, - дедім бірде, - ақшадан да, басқадан да ешкімге тәуелсіз өз газетімді ашайын. Сөйтіп «...правда» дегеннің не екенін көпшілікке білгізейін, - дедім де іске батыл кірісіп кеттім. «Казахская правда» дүниеге осылай келді. Оны жалғыз шығаруда көрген, көріп отырған азабым мен бейнетімді айтпасам да болады. Осындай күндері өз шамаларынша көмек көрсеткен біраз азаматқа алғыстан басқа айтарым жоқ. Олардың арасында орыс та, украин да, неміс те бар. Қазақ аз. Дәл солардың көп болатын, қысылған кезде қасымнан табылатын жөндері бар еді. Қайтесің, өз бармағыңды өзің шайнау қиын. Бірақ, мені біреулер тек қазақтың мақсатын ойлап жүр десе, қатты қателеседі. Мен қазақ жөніндегі шындықты айтсам, ол баршаға ортақ шындық. Жұрт шындықты білгенде ғана сабасына түседі, арандатудан, арамзалардың сөзінен аулақ болады. Барлық ұлтқа береке, бірлік, тыныштық сонда ғана болады... Ал енді кәсіби парламент сайлауы келе жатыр. Соған өз кандидатурамды өзім ұсынсам деймін. Ондағы ойым: пайғамбар жасынан асқан шағымда атақ, абырой іздеу дейсің бе, шындықты, ақиқатты, халыққа қажет сөзімді биік мінбеден айтып, соған лайық іс істесем деген ниет те.

Мен Алдан ағаның өз үйінде – редакциясында отырмын. Оның – Бас редактордың кабинеті – жатын бөлмесі. Босаға тұста жазу үстелі. Үстел үстінде: жаңа нөмірдің макеті, қалам, қарындаш, фотосурет, сызғыш, ұстара, қылқалам. Қарсы алдында – бір-ақ уыс беті әбден қажыған, аппақ селеу шашы ұйпа-тұйпа, көзі шүңірейген, шүйдесі шығыңқы, шүйкедей ғана бір қарт отыр. Шындық айтып шырылдап жүрген Алдан ағамыз – осы кісі.

Мен ол кісіге қарап отырып қарадай қысылғанымды сездім. Қазақ ретінде, қалам ұстаған адам ретінде қысылдым.

Біз осы не бітіріп жүрміз?

1994 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #алданайымбетов, #дидахметәшімхан, #Эссе
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар