Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
«Дүкенбай Досжан әлемі» жайлы айтылды...

14.10.2022 5372

«Дүкенбай Досжан әлемі» жайлы айтылды 14+

«Дүкенбай Досжан әлемі» жайлы айтылды - adebiportal.kz

 

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Дүкенбай Досжанның туғанына 80 жыл толуына орай «Дүкенбай Досжан әлемі: жазушылық зертханасы және ұлт тағдыры» атты дөңгелек үстел өтті. 

Дүкенбай Досжан есімі қазақ әдебиетіндегі ең танымал есімнің бірі. Қазақ әдебиетіне талмай қызмет еткен, 11 роман, 22 хикаят, 100-ден аса әңгіме жазған адам.  Шығармалары әлемнің жиырма тіліне, оның ішінде, жапон тіліне көп аударылған. Одан бөлек кезінде «Зауал» атты романы үшін «Молодая гвардия» баспасының «Қазіргі заманғы үздік роман» сыйлығын (1974), М.Әуезов атындағы ұлттық сыйлығын (1987), Украинаның «Днепро» баспасынан жарық көрген «Жібек жолы» романы «Тарихи тақырыптағы үздік шығарма» сыйлығын (1988) алған.  Есімі АҚШ-тың «Әдебиет пен өнер адамдары» экнциклопедиясына, «Ұлттық энциклопедияға», «Абай», «Элита Казахстан» анықтамасына енген Дүкенбай Досжан еліміздегі ең көп оқырманы бар жазушы саналады. Бүгінде Ұлттық академиялық кітапханада Дүкенбай Досжан атындағы «Жазушы» оқу залы-мұражайы жұмыс істеп тұр. Мұнда жазушының кітаптарымен бірге орындығы мен жұмыс үстелі, қаламы, көзілдірігі, компьютері қойылған.

Дөңгелек үстелді жүргізген жазушы, драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұмат-Әлмашұлы сөзін: «Дүкенбай Досжан алпысыншы жылдары жұлқынып шыққан қаламгер. Сол кезде жасы жиырманың үстіндегі Дүкең тарихи тақырыпқа барып, «Фараби», «Отырар», «Түркістан», «Жібек жолы» деген үлкен романдар жазды, біз тарихи шығармаларды осыгүні енді ғана игеріп жүргенде ол жас кезінде, әлі  Ілия Есенберлиннің «Қаһары», Әбіш ағамыздың «Үркері», «Елең-алаңы» шықпаған кезде, Мұхтар ағамыздың «Аласапыраны» жарық көре қоймаған кезде бастаған, тарихи тақырыпқа түрен салған қаламгер ретінде ерекше мән бере айтуымыз керек. Екіншіден, бұл кісі қазақтың салт-дәстүрі, болмысы, қанында бар бауырмалдығы жайындағы қымыз, көкпар, шабандоз жайындағы әңгімелерді мөлдіретіп жазған. Бұл әңгімелер әлемге аударылды. Үшіншіден, өмірдің ізімен жазып отыратын, кезеңді меңгерген, өзі өмір сүрген кезеңді шығармаға айналдыра білген қаламгер. «Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын» деген үш романы өткен ғасырдың 70-80 жылдардағы кезеңін, халықтың тыныс-тіршілігін терең зерттеп жазған шығарма.  Қазақ әдебиетінде Дүкеңдей бір қаламгердің болуы керемет, қаламгерлер дәл осы кісідей еңбек ете білсе, қазақ жаман болмас еді», -  деп,  жазушыға құрмет білдірген сөзімен бастады. 

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторы, Барыс орденінің иегері Жандарбек Мәлібеков интернатта бірге жатып, қара нанды бөліп жеген досы Дүкенбай Досжан туралы аз-кем естелік айтып, «Мен Дүкенбайды тәуелсіздікке үлес қосқан адам деп есептеймін» деп сөзін түйіндеді.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Диқан Қамзабекұлы: «Біз кейде әдебиет тұлғаларын сағынамыз. Солардың даналық өлшемімен дүниеге қарағымыз келеді. Біздің тарихи санамызда үзік-үзік фрагменттер ғана бар, біздің тарихымыз осы кезеңге селдіреп жеткен еді, Дүкең бар, Әбіш ағамыз, Мұхтар Мағауин бар, біздің тарих туралы тұтас ойлауымызды қалыптастырды. Ол кісілер біздің тарихи санамызды қалыптастыруға еңбек етті. Дүкеңнің шығармалары арқылы ескі қалаларымыз қандай болды, тұлғаларымыз кім екенін біле түстік,  біздің жұқа тарихымыз Дүкеңдер жазған кезде қалыңдады. Қиял біздің тарихымызды толықтырды, сол қиял бізді тәуелсіздікке алып келді. Дүкең осылай тәуелсіздік атомосферасын әкелді. Мұхаң, Абай туралы жазды, ерлігі – ол Алаш зиялылары туралы ҰҚК архивтеріне кірген алғашқы жазушының бірі. «Абақты» романы осының айғағы. НКВД материалдарын қазақша жеткізіп, 20-30 жылдардың трагедиясын көрініс тапқан осындай шығарма жазды. Дүкеңмен араласқан кезде тазалығын көруге болар еді. Адамның аты көп нәрсені білдіреді деп жатамыз, дүкен деген бүгінгі айтып жүрген «магазин» емес, ол кезде ұстахана дегенді білдірген, ұстаханада еңбектің көрігі қызып жатады, бүгінгі тілмен айтқанда технология. Әдебиеттегі Дүкеңнің аты да, заты да соған лайық болды, жазған шығармасының бәрі ұстаның қолынан шыққандай деуге болады». 

 Сондай-ақ, дөңгелек үстелде Қазақстан ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы Дүкенбай Досжан шығармаларына жоғары баға беріп сөз сөйледі.Филология ғылымының докторы, профессор Айгүл Ісмақова Дүкенбай Досжанның алаш тақырыбының зерттелуіне қатысты еңбегі туралы  айта келіп,  «бүкіл қазақтың өмірін, Фарабидің өзін көргендей жазады, ұлттық құндылықтарымыздың сырын заттық әлеміне дейін бейнелеп, арбасына дейін, намаз оқыған жайнамазына дейін, қауынының иісіне дейін сырлы суретті береді. Қазіргі оқулықтарда Дүкенбай Досжанның шығармалары енсе деймін, мысалы біздің оңтүстік өңір танымдық жағынан көп жазылмаған. Қазақтың тұрмысы, отбасы, тәрбиесі, мәдениетінің әдемі болғаны Д.Досжан әңгімесінен көрінеді» деген пікірін білдірді. 

Сонымен бірге алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қайрат Сақ, филология ғылымдарының докторы Рахымжан Тұрысбек, ғалымдар Серікзат Дүйсенғазы мен Қайырбек Кемеңгер сияқты інілері, курстасы Роза Жүніс  те жазушы туралы әдемі естеліктер айтты. 

Жиын соңында жазушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан сөз алды. Кезінде Дүкенбай Досжан туралы «Құдіретті қалам иесі» және «Менің жалғыз серігім» атты кітаптар шығарған Сәуле Досжан өмірлік жары болған жазушыны «жазудағы ұстазым» деді. «Сол замандағы жазушыларды нағыз жазушылар деп айтамын. Мысалы, Дүкең ҰҚК архиві бар, нешетүрлі музейлер бар, соның бәріне барып, көз майын тауысып, қолымен көшіріп, 11 романды солай жазды. Оны үйге әкеледі, шаң-шаң, 27 жылда халімше қызмет еттім. Ол «қаламгерлерден досым - Әбіш, өмірдегі досым – Жандарбек» дейтін, Елтаңбаның авторы ретінде Жандардың аты шыққан сайын қуанатын» деп аз-кем естелік айта келіп, Д.Досжанның қыздарының ЕҰУ филология және журналистика факультеті студенттерінің арасында жазушы Д.Досжан шығармашылығына ден қойып, зерттейтін студенттер үшін арнайы стипендия тағайындап отырғанын жеткізді. Бірнеше студентке жазушының бес кітабынан тұратын естелік-жинақ тарту етілді.

****

Жазушы есімін насихаттауға байланысты іс-шаралар оның туған жерінде қалай жалғасып жатқаны туралы Дүкенбай Досжанның ұлы Ардақ Досжаннан сұраған едік.

Ардақ Досжан:

  • Бүгінгі дөңгелек үстелді ұйымдастырып жатқан Досжан әулеті, Жазушылар одағы, Ұлттық академиялық кітапхана және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Осынау маңызды іс-шараға папамыздың жалғыз қарындасы Ләйла апамыз да Алматыдан арнайы келді. Әкеммен бір класта оқыған Жандарбек Мәлібековтің қатысып отырғаны да қуаныш. Мен әкемнің шығармасын оқығаннан бөлек бірнеше әңгімесін қазақшадан орысшаға аудардым, Мәскеуде әдебиет институтында оқығандағы мақсатым – қазақ әдебиетінің үздік шығармаларын аудару болатын, осылайша Б. Майлин сияқты классиктермен бірге әкемнің бірнеше әңгімесін аудардым. Әкемнің, әсіресе, жастық шақ туралы әңгімелері көңіліме жақын. Әкемнің 80 жылдығына орай әулетімізбен, Қазақстан жазушылар одағы бірігіп көп жұмыстар істеп жатырмыз, Астанадан, Алматыдан, Қызылордадан, Түркістаннан және Қызылорданың Жаңақорған ауданынан жазушының атына бір-бір көше беріп жатыр. Жаңақорған ауданында әкемнің Келінтөбе дейтін ауылындағы жаңадан ашылған мектепке жазушы Д.Досжан атын беру туралы ұсынысты облыстық ономастика комиссиясы қолдап, үкіметке жолданды. Әкем Оңтүстік Қазақстанның алты ауданының құрметті азаматы ғой, сол аудандардан бір-бір көшеге атын бермекпіз. Жазушының архивіндегі шығармалар туралы айтсам, қолжазбасының бәрін болашақ әдебиет зерттеушілері қажет етсе деп мемлекеттік архивке тізімдеп тапсырған.  Мен үшін әкемнің еңбекқорлық қасиеті үлгі, сонымен  бірге ол кісі пойызбен жүріп ел аралағанды жақсы көретін, «менің оқырманым ауылдық интеллигенция» дейтін. Шығармаларының өзегін ауылдан, ел ішінен алғаны белгілі. Жеті жасыма дейін ауылда болдым, әкем де қарапайым халыққа жақын болды.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар