Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Ақын Ерболат Баятұлы алпыс жаста...

06.06.2024 3393

Ақын Ерболат Баятұлы алпыс жаста 12+

Ақын Ерболат Баятұлы алпыс жаста - adebiportal.kz

Бүгін Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және Ақмола облысындағы өкілі, ақын, жазушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, философия докторы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры Ерболат Баятұлы асқаралы алпыс жасқа толып отыр.

Қырықтан астам жыл ұлт руханиятына қызмет етіп келе жатқан қаламгер ұстаздың шығармашылық әлемін әріптесі, қаламдас інісі, филолог ғалым Аян Қажыбай бауырымыз өз талдау мақаласында тамаша түйіндеген екен. «Ерболат Баяттың есімі мен кітаптары әдеби жұртшылық пен қалың оқырманнан қағыс қалмағанын және білеміз. Бұған оның соңғы жиырма жылдың беделінде халқына ұсынған «Түсіме тау кіреді», «Уақыт белдеуі», «Уақыт бедері», «Уақыт шеңбері» атты жыр жинақтары, «Жұмақ әуені», «Арда туған ақиық» атты прозалық кітаптары және «Түркі, моңғол эпостарының сюжеттер типологиясының кейбір мәселелері», «Қазақ фольклортануының тарихы: XVIII-XXI ғасырдың басы», «Қазақ эпосы әлемдік эпостанудың контексінде» атты моно және ұжымдық ғылыми-зерттеу монографияларды айтар едік. Ал бұл кітаптарда негізінен оның поэзия, проза, драматургияға, қазақ әдебиеттану ғылымына, фольклортануға, тарихқа, философияға, өнерге, педагогикаға, мәдениеттануға келу, өсу, толысу, орнығу, төселу, кемелдену тәрізді заңды кезеңдерден сүрінбей, шалдықпай, шабысынан жаңылмай заңды өтуі тайға таңба басқандай сайрап тұр.» 

Шығармашылық иесінің сан салалы еңбегін осыдан артық таныстырудың өзі мүмкін емес болар дей отырып, біз алпыстың асқарын бағындырып отырған қаламгердің немере туысы, мектепте, жоғары оқу орында тәлім алған шәкірті ретінде куә болып келе жатқан: өмірімен өрілген қызметтік, туындыгерлік жолындағы бел-белестерге шолу жасауды мақсат еттік.

1963 жылы шілденің мамыражай шағында, Алтайдың ақ самаладай Бестәңір шыңының етегіндегі Сарымсақтықора жазығында Ұлы Байыт пен келіні Гауһардың отау құрған құрметіне ел ағасы Жанат ұлан-асыр той жасайды. Әнші-күйші, палуандары өнер көрсетіп, жүйрікке мінген шабандоздар Үлкен Ойғырдың аяғынан басына дейін аламан салыпты. Ауыл-аймақ әр жылды есте қаларлық оқиғалармен атайтын әдетпен «Гауһар түскен жыл» атанып, ел есінде ұзақ сақталыпты. Той өткен жылдың келесі жазында, маусымның алтысында жас отбасының тұңғышы өмірге келіп, атын ер мінезді, болаттай берік жігіт болсын деп, Ерболат қояды. Бұл кезде Алатаудың баурындағы ару қала Алматыда, КазПИ-де бес жыл оқып, тарихшы-филолог мамандығымен бітіріп келген Баят Жанатұлы Баян-Өлгий аймағы Жастар одағының бірінші хатшысы қызметінде, анасы Гауһар – мектепте мұғалім болатын. 1970 жылы қызмет бабымен туған елі Қызылқайың мектебінің директорлығына келіп, отбасы, әулеттің Атажұртқа қоныс аударғанға дейінгі балалық, бозбалалық, азаматтық шақтың әрбір жылы ата-бабаның сүйегі жатқан қара мекен, құтты қоныспен сабақтасып жатыр.

Талапты шәкірт. 1972 жылы Қызылқайыңдағы М.Зайсанов атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған шәкірт бала оқуда үздік, өнерге бейім болып өседі. Қарт өнерпаз Құтбай Қайсаұлының үйретуімен «Қаражорға» биін билеп, ел астанасы Ұланбатыр қаласында өткен республикалық өнер байқауында биден күміс, күй тартудан қола медаль алып қайтады.

 Мектепті жақсы оқып, алтын медальмен бітірген соң, 1982 жылы Қазақстанның астанасы Алматы қаласына аттанып, қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетінде Зейнолла Қабдолов, Әбдуәли Қайдаров, Тұрсынбек Кәкішұлы, Алтай Аманжолов, Рымғали Нұрғали, Алма Қыраубаева, Мархабат Томанов, Шәкір Ыбыраев, Бисенғали Зейнелғабден т.б. кілең ғажап ұстаз-ғалымдардың алдынан бес жыл бойы білім алды. Топ кураторы – көрнекті ғалым Жанғара Дәдебай болса, диплом жетекшісі – академик Зейнолла Қабдолов еді. Осындай әйгілі ғұлама ұстаздардың тәлімін тыңдау, ол заманда қазаны бұрқ-сарқ қайнап жатқан, билік пен қоғам ортасында аса беделді қаламгерлер қауымы: әдеби ортамен танысу – Алтайдың алыс түкпірінен келген студент өмірінің ғибратты шақтарының бірі болғаны анық. Ару қала Алматы – жас талап шәкіртті жырлары жүрек қылын тап басып тербетер лирик, азаматтық сарыны айқын ақын етіп қалыптастырды. 

...Қайтайын ба, Алатау, қырыңды асып,

Біздің кешкен ғұмырлар құс секілді? 

Сылқ-сылқ күліп барады, сыбырласып, 

Өткен күннің бәрі де түс секілді. 

Кете алмассың тіріңде мүлде келмей, 

Шақтар еді қызықты ол да қандай!

Олар мұнда алшаңдап жүрмегендей, 

Олар әсте осында болмағандай. 

Жүрек азап шегеді, ми қиналып, 

Айна ғұмыр сынбады, шытынадық. 

Түк болмаған секілді сырғиды ағып,

Қатал уақыт бәрін де жұтып алып. 

Сағынбасам, Алматы, келмесем мен, 

Сыр тарта ма әдейі сыбырласып. 

Сенің у-шу тарқамас кең көшеңнен, 

Бара жатыр тек мендік ғұмыр қашып..., - 

деп жазған екен ақын, Алатау баурайындағы арман қалаға кейінгі бір сапарында. Қайта оралмас өткен күндерге, жалаулы жылдарға, аяулы ұстаздар мен тұстас базарластарға, жастық шақтың жалынды шақтарына деген сағыныштан туған осындай мөлдір жырлар – бір адамның ғана емес, қаншама толқынның басынан өткен, санасындағы сарытап күйін шертуімен құнды.

Жаңашыл ұстаз. 1987 жылы университеттегі оқуын тәмамдап дипломымен оралған жас маман өзі оқыған Қызылқайың мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасты. Сол жылы өзі қатарлы бір топ жас ұстаздар бітіріп келген, бірөңкей жас мұғалімдердің сабақ беруі оқушылар үшін де көңілді болғаны анық еді. Негізінен әдебиеттен беретін жалындаған жас ұстаздың сабағы қызықты өтетін. Кешікпей әр сыныптағы әдебиетке бейімі бар оқушыларды іріктеп «Жас әдебиетшілер үйірмесін» құрып, шәкірттерді өлең, әңгіме, ғылыми жұмыстар жазуға баули бастады. Сол жылы күз айында қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезовтің тоқсан жылдығына орай ауқымды іс-шара жоспарлап, оған үйірме мүшелері белсене дайындалып, мектептің салтанат залында керемет өткен еді. Сол әдеби-сазды іс-шараға ұстаздың бағыт беруімен Мұхаңның «Көксерегі» мен Джек Лондонның «Ақ азуын» салыстыра талдаған мақала дайындап қатысқаным әлі есімде. Сол үйірмеге қатысушылар арасынан кейін көптеген талантты ақындар, журналистер туып шықты. Қазақ айтысының ғаламат қарқынмен жандана бастаған тұсында жарқ етіп көрінген айтыскер Сүйеніш Жеңсікбайұлы, журналистік жолда ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп келе жатқан Нұртай Лаханұлы, әдебиеттанушы Сіләмхан Шәжейұлы, ақын, драматург Әскерхан Ақтай, ақын Ербол Бейілхан және басқа шығармашылық адамдары мен бүгіндері қазақ тілі әдебиеті мамандығымен сабақ беріп жүрген көптеген тамаша мұғалімдердің болашақ бағыты сол үйірмеден басталды десек болады. Жас ұстаз Ерболат Баятұлының төл мектебіндегі ұстаздық жылы осылай шәкірттер жадында жатталды.

Шығармашыл тәлімгер. Қызылқайыңдық жас ұстаздың жаңашыл қадамдары әдебиет пен өнерді бағалап қолдайтын басшы кадрлардың назарынан тыс қалған жоқ. Келесі оқу жылында қазақтың біртуар азаматы, ақын, партия комитетінің ықпалды тұлғасы Мұрат Пұшатайұлының қолдауымен аймақтық оқу бөліміне сектор маманы болып Өлгий қаласына қоныс аударды. 1992 жылы Атажұртқа қоныс аударғанға дейінгі осы қаладағы қызметтік кезеңі – ел есінде қалған жемісті жылдар болғаны анық. «Несімен жемісті?» - деген сұраққа аз-кем тоқтала кетелік. Қызылқайыңдағы шығармашылық үйірме тәжірибесі аймақ орталығында жалғасын тауып, бұл рухани жиылысқа тек Өлгей қаласы ғана емес, алыс-жақын ауылдардан, тіпті сонау Қобдадан ынталы оқушылар келіп қатысатын болды. Ерболат Баятұлы жүргізетін «Жауқазын» – аймақтық радиодағы тыңдалымды, қызықты бағдарламалардың қатарында болды. Сол тұста Ерболат Баятұлының маңынан табылған шығармашыл оқушылар арасында қазіргі белгілі журналист, ф.ғ.к Есенгүл Кәпқызы, филолог ғалым Жандос Шекенұлы, жазушы, Баян-Өлгий аймақтық радио басшысы Оспан Нәбиұлы, ақын Бақытгүл Баймолдақызы, Ақсұңқар Ақынбабақызы, Еркежан Файзоллақызы және басқалар болған еді. 
Баян-Өлгийлік әдебиетқұмар шәкірттердің шығармашылық тәлімгері болған бұл кезең - жас отбасы үшін рухани өсу, өрлеу жылдары болды. Қанша коммунистік, досжар мемлекет дегенімен,  отбасын құрып ел ауыстыру түгілі жеке адамдардың жай жүргіншілігінің өзі сирек замандағы сан түрлі көлденең кедергісіне қарамастан, махаббаттың құдірет-күшімен Ерағаңмен қол ұстасып Баян-Өлгийге келген Абай елінің, қазақтың небір өнер майталмандары шыққан Ақсуаттың қызы, Гүлжан жеңгей де  мамандығы бойынша аймақтық музыкалды-драма театрына  қабылданып, әсем әнімен өз  тыңдаушыларын қалыптастырды. Осы театр сахнасында қойылған “Керім-ау айдай” операсында басты рөл Керімді ойнап,  көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 

Шолғыншы көшбасшысы. 1991 жылы наурыз айында Монғолия қазағының тұңғыш көші Қазақстанға, Жетісуға келіп жетті. Желтоқсан айында Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін көштің ауқымы тіпті арта түсті. Осы кезеңде әр отбасы, әр әулет өз таңдауын жасады. 

Ағайын-туыстарымен бірге қазақ даласының түстігінен теріскейіне дейін жеткен соң, таңдау жер шоқтығы Көкшетауға түсіп шешім шығып, 1992 жылы үлкен әулет бұрынғы Көкшетау облысына көшіп келді. Ерболат Баятұлы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне оқытушылыққа, жары Гүлжан Ахметова филармонияға әншілікке қабылданады. Бұл жылдар – нағыз Ұлы көштің дәуірі еді. 1993 жылы Болат Жанәділов, Жанат Қасым және т.б. ұлтсүйер азаматтардың күш-жігер танытуымен облыстық мәслихат Көкшетау қаласына Баян-Өлгийден оншақты зиялы қауым өкілін көшіріп әкелуге шешім шығарады. Жеңіс Темірхан, Ерболат Баятұлы бастаған автокеруен бір айдан астам уақытта ғалымдар, жазушылар, кәсіби музыканттар, ұстаздар бар оншақты отбасын Ақан серінің 150 жылдық тойы қарсаңында аман-есен жеткізді. Сол көш легімен келген, Кубада кен барлау ісінің жетекші маманы болған геолог ғалым, техника ғылымдарының кандидаты Захай Төлегенұлы, Чехословакия елінде еңбек қорғап тәлім алған техника ғылымдарының кандидаты Кани Кабдиұлы, жазушы Баман Құрманханұлы, композитор Құрмет Сақайұлы, талантты музыкант Серік Шәдетұлы т.б. азаматтар елге етене араласып, өз-өз саласында жемісті еңбек етті. Аға буын бүгіндері өмірден озды. Сол кезде келген жастардың өзі ақ самайлы ата-әжелерге айналды. Қазақта әлдеқалай жолы болмай жатқанда айтатын: «Қаңғырған ит көшбасшыға ереді» дейтін қыжыртпа сөз бар. Ерағаңның бастауымен Көкшетауға бет түзеген сол көшке ерушілерден күні бүгінге дейін ондай сөз естілмегеніне қарағанда, көшбасшының жолы сәтті болды деген сөз.

Ғалым ұстаз. Орда бұзар отызға да жетпеген жиырма сегіз жасында ұстаздық қызметтің Көкшетаудағы парағын ашқаннан бері де отыз екі жыл өтіпті. Осы жылдар ішінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде, Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде сабақ беріп, сан мыңдаған шәкіртті әдебиет әлемін сүюге баулыды. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалды-драма театрындағы, Көкшетау қаласындағы Әдебиет және өнер музейіндегі, Мәлік Ғабдуллин музейіндегі қызметі арқылы мәдениет саласына атсалысты. Жылдар жеміссіз болған жоқ. Алматы қаласына аттанып, ҚР Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып қызмет істеп, тағлымдамадан өте жүріп, ғылым жолындағы аңсарлы биіктігін бағындыруға кірісті. Сөйтіп 2018 жылы Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты базасында «Түркі-моңғол эпостарының сюжеттер типологиясы» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. 2019 жылы философия докторы атағына ие болды. Ғылым жолында ұзақ жылдар еңбектеніп, көптеген мақалалар, екі монография жазды. Ұстаздық жолда университеттің қауымдастырылған профессоры ретінде қызмет атқаруда. 

Қаламы жүйрік журналист. «Филолог – дайын һәм сауатты журналист» деген қағида бар және бұл көп жағдайда өзі өзін дәлелдеп келе жатқан тұжырым. Ерболат Баятұлының жемісті еңбек еткен саласы – журналистика. Кезінде Баят әкеміз қызмет еткен бұрынғы облыстық, қазіргі қалалық «Көкшетау» газетінде бес жыл, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде бес жыл өнімді еңбек етті. Сонымен қатар облыстық «Қазақ тілі» қоғамының жанынан «Көкше дидары» газетін құрғаны тағы бар. Танымал журналистер Мәтен Бижанов, Серік Жетпісқалиевтермен бірге тәуелсіз «Бұқпа!» газетінің шаңырағын көтерушілердің бірі болды. Журналист қаламынан сол жылдардан бері шығып келе жатқан дәуірдің, өңірдің толғақты мәселелеріне дендей ене отырып жазылған, оқырманға ой саларлық салмақты дүниелерінің өзі біршама көлемді құрайды.

Әнші һәм суретші. Жасынан әнге бейім болып өскен Ерағаң-Епой студенттік шақтан бастап халық әні «Мұхида-Шәйбан», «Екі жирен», Зілғараның «Жиырма бесі» сияқты диапазоны кең туындылардың шырқау биігі мен еңіс иірімдерін еркін алып, нәшіне келтіріп орындап, тыңдарманның ризашылығына бөленді. Әкенің қаны, ананың сүтімен берілетін бұл өнер балаларына да берілуі бекер емес. Қаллеки театрының белді артисі Жасұланы – тамаша тенор дауысты әнші, кенже ұл Бегұлан да күрделі арияларды орындап жүрген болашақ опера әншісі.

 Әр адамның жастайынан жаны сүйіп істейтін машығы немесе хоббиі болатыны сияқты әдебиетші ұстаз бала кезінен сурет салуды жақсы көреді. 

Ата-ана, туыс-туғандардың, коммунист көсемдердің, классик ақын-жазушылардың портреттерін салатын. Кейінірек сирексітіп жүріп, бірде теледидардан әйгілі композитор, жазушы Ілия Жақановтың жетпіс сегіз жасында көркемсурет-графика мамандығы бойынша бітіріп диплом алып жатқанын көреді. Орайы келгенде кездескенде композитор өзінің жас кезіндегі арманын орындағанын және бойдағы талантты әрдайым ұштап отыру қажеттігін айтады. Содан бері сурет салуды қайтадан қолға алып, көбінесе пейзаж жазып жүрген жайы бар. 

 

Ғибратшыл пәлсапашы. «Ойлы адамға қызық жоқ, бұл жалғанда» деп хакім Абай айтқанындай, қаламгер ұстаз ақыл-ойының тұңғиығынан сүзілген қапысыз сентенциялар, афоризмдерді әлеуметтік желілерде әредік жариялап отырады. Жалпы адамзаттық гуманизмге, ұлт болмысына қатысты сыни тұжырымдарға құрылған бұл жазбалардың тәлімдік-тәрбиелік мәні зор. «Ой сәуле!» айдарымен желілерде оқырманмен бөлісіп отыратын толғамдарының кейінгі бір топтамасында мынадай ойлар айтады: «Философияда «өзіндік сана» деген бар. Сол қалыптаспаған жерде өзгелердің көзқарасы, түсінігі, ұстанымы саған билік ете береді. Сен оның қолындағы қуыршақсың.», «Таңдау еркінен айырылған адам – сорлы адам. Ол өзгенің тұтқыны. Негізі көбіміз сондаймыз.» Иә, өкінішке қарай, келіспеске әддіміз жоқ. «Ғылымсыз өндіріс дамымайды, өндіріссіз экономика көтерілмейді. Экономикасыз әлеуметтік жағдай оңалмайды. Ғылымы құрдымға кеткен, өндірісі жоққа тән елдің бүгінгі дәрменсіз, ертеңі бұлыңғыр. Оның үстіне соңғы ширек ғасырда жемқорлық жүйе тамырланып, авторитаризм шеңгелдеген, аз топтың ашкөздігі артып, бюрократизм ноқталаған, халқының дені орта ғасырлық догма нанымға иланған, тобырлық сана қалыптасқан, ұлтсыздықтың ұраны өрістеген рухани мешеу мемлекет неге болса да қауқарсыз! Біз қазір соның зардабын көре бастадық. Топан су - осының айғағы. Анығы – осы!» «Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», - деп дара ақын Төлеген Айбергенов айтқанындай, кей-кейде «ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тілмен, не жазып кетсе – жайы солға» саярлықтай шамырқау күйді бастан кешіру, қамшының сабындай дейтін мынау бес күндік жалғанның қуанышы мен кірбіңін, күңгейі мен көлеңкесін жүрек пен мидың сүзгісінен өткізу – ақын жанының тілепалды азабы екенін былайғы жұрттың әнтек түсініп-түсінбей жататыны да өмірдің кәдімгі шындығы ғой. 

Алтайда туып, Алатауда қанаттанып, Арқада түлеген, бүгіндері Көкшетаудың биігі Бүркіттінің қия-шыңында саңқылдаған қырандай қалпымен алпыс-талтүсіне аманшылық-саушылықпен жетіп отырған сан салалы шығармашыл тұлға Ерболат Баятұлы тұлғасының сегіз қырына тоқталудағы мақсатымыз – сыпыра мақтау емес, «жақсының жақсылығын айт – нұры тасысындық», інінің ағаға, шәкірттің ұстазға ілтипаты еді. 

“Сегіз қырлы, бір сырлы” деп жатамыз, әдетте.  Кей-кейде осы сегізіңіздің өзі де жазу, талдау аясына сыймай қалатыны да бар ма дейсің, осындайда… Иә, Ерағаң, Епой, Ерболат Баятұлы өмірі мен шығармашылық жолының  өзім тоқталған сегіз қыры болмаса, ақындық, жазушылық, сыншылық, фольклортанушылық, педагогтік тұрғысындағы қалам қарымы, талант-дарыны, жетістік-жемісі турасында ұстаздары, тұстастары, шәкірттері әлі де болса кеңінен тарқатып жазары сөзсіз. 
Алпысыңыз, талтүсіңіз құтты болсын, аяулы аға, қадірлі ұстаз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар