Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Думан Омар. Әулие...

06.03.2023 1686

Думан Омар. Әулие 14+

Думан Омар. Әулие - adebiportal.kz

«Қыдыр дарысын, құт қонсын!», «Қыдырың қияласын, періште ұяласын!», «Қырықтың бірі – Қыдыр, мыңның бірі – әулие!» Осы сөздерді бала кезімізден естіп өстік қой. Сол заманда: «Осы Қыдыр деген – кім болды екен?» - деп ойлаушы едім. Кейін білдім,- Иә, бүкіл түркі жұртының идеологиялық нанымы бойынша Қыдыр ата – ел кезер әулие екен. Қыдыр десе, өзім баурында өскен нағашы әжем, балалық шағым есіме оралады.

- Ол қасиетті адам. Пенденің түнде түсіне кіріп, күндіз өңінде тосын жолығатын кездері болады, - дейтін нағашы әжем «Бірақ, кім болса соған кезіге бермейді. Тәңірдің қалауында аян жеткізуші. Оның айтқандарын түсінген адам Жаратушының аманатындай қабылдайды», - деген-ді, сөз бұйдасын ілгері тартқан қария. 

Жанында асықтарын шашып-жиып ойнап отырған жиенінің көкірегін бір ой тербегенін сезіп отырғандай. Орта қаптай түтілген шуданы шетінен шүйкелеп жатқан әжемнен: «Сонда, ол адамдарға кезіккенде: «Мен Қыдыр атамын», - деп айта ма?» - деп сұрадым. Іштегі ойды сыртқа шығардым да, жеңіл ғана күрсініп қойдым. Бұл күрініс әжесіне ұнамады-ау! «Тәйт әрі, бала боп күрсінгені несі. Тоныңды ит жеп кетті ме?» - деп зілсіз ұрысты. Қабағын шытқандай болды. Дәл осындайға айтылатын сөйлемдерден, ұлтымыздың ұрпақ тәрбиелеу мәдениетінің бір нұсқасы, әлқиса тұрмысымызға сіңген ғой. «Қайғысы бар адам ғана күрсінбеуші ме еді?» - деп орын таппай күрсінгендері үлкендер жағы жазғырып жататын.

Әжетайым қара құрымнан етік киген аяғын айқастыра созған, етіктің қонышы жуан балтырына нығыздала киілген. Ол замандарда құрым етік дегенді қолы жеткендерде ғана киетін, сапасына сай құны да жоғары болатын. Жомарт жанды, табысты ақсақалдар мұндай етікті мұртын ширата тұрып, қымбатсынбастан құнан өгізге айырбастап алатын. Алатын да сарықарын бәйбішесінің қоңқылынан құтылатын-ды. Кең-молынан пішілген ұзын көйлегінің етегімен аяғын желкесіне дейін жапқан апасы шүйкелеген шуданы алдынан ала отырып, әжетайым сөзін суыртпақтай түсті. 

- Жоқ, балам! Сәлем беріп, қол ұсынған адам әулие ата екенін білу үшін қолының басбармағынан ұстайды екен. Қол алысса, онда оның басбармағы сүйексіз, жұп-жұмсақ ет болып білінеді екен. Көбінесе жүздескен жанның қолын ұстамайды деседі. Себебі өзінің Қыдыр ата екенін жария жасағысы келмегендіктен. Қыдыр ата атқа мінген ақсақалдың, тіпті кембағал кедейдің, қаңырығы түтеп қаңғып жүрген қайыршы шалдың бейнесінде де жүздеседі деп айтады ғой бұрынғылар. Саған айтарым: қайда да болсын, қарияларға кезіксең сәлем бер. Олардың алдында тәкаппарлық жасаудан аулақ бол! Және де жалының қайтып, жасуың да қате. Қария сәлем алып жөн сұраса, дұрыстап түсіндір. Табанынан тозып жаяу жүрсе, амалын тапсаң ат мінгізіп шаршауын бас, сусын беріп шөлін қандыр, ықылас-батасын ал. Ол сенің атыңды мініп алысқа кетпейді. Керісінше, мейіріміне бөленесің, қария қанша жжүрер дейсің, көп ұзамай мына өмірден ғайып болады. Қариялар мына өмірден өткенде барып оның жұмыр жердегі әулие екенін түсінесің. Қыдыр ата саған қария кейіпнде сынаққа кездесіп тұрған шығар. Білген адам арыз-арманын айтып, ықылас-батасын алып қалады. Мұндай кездесудің үлкен қайыр-жақсылығы бар. 

Бұл – он екі жасымда әжемнің айтқан өсиеті еді. Нағашы әжемнен сан алуан ертектерді қызығып та, үрейленіп те тыңдайтын балғын шағым еді. Санамда сақталғаннан бері тұп-тура елу жылға таяп қалыпты. Өзім де Қыдыр ата кейпіндегі жасқа жетсем де, қарияға сәлем беру салтынан тайған емеспін...

 

Жусан иісті түс

Жасыл жамылған Көкшенің құшағындағы мамыражай мамырдың бір күні. Сәске түс мезгілі. Қолында «Санадағы сарын» атты том. Көкшенің жұпарына құныққан көңілмен үйден тысқа шықты. Шықты да, күн шүленіне қаракөк қылшығы құлпырған арлан терісі жабулы дәу дөңбекке барып тоқтатты. Өйткені саяхатқа келген бір жұмадан бергі әредік шуақтайтын сүйікті орны – осы дөңбек. Жыр жинағын ашып, сарынға еліткен санасына ерік бергені сол еді: «Ақұлын!» - деп саңқ еткен дауыс естілді. Керемет-ақ есім. Несімен керемет дерсіз-ау! Жұмыр жүрегін жарып шыққан аяулы есім. Бесіктегі бөбегінің құлағына өзі азан шақырған тұңғыш есім. Алтын есім. Көңілінің көкейкестісі болған қызының, қызының есімі...

Кітаптан көзін тез тайдырып, сол жағына бүкіл денесімен бұрыла қарады. Шамалары он жастан асқан екі ұл бала. Үстерінде – көк түсті спорттық костюм, аяқтарында – кроссовка. Жоғартындағы самырсынның арасынан шығып, саңғырлай сөйлеген олар еңістеп қасына да жетті. Біреуі – басына аппақ кепка киген, күнқағарының астынан көзі жылтыраған қатқан қара бала. Кірпіктерін жыпылықтата жерге қарағыштағанынан ұяңдығы білінеді. Екіншісі – бала болса да, тығыршықтай шымыр денелі сарыдомалақ. Екі бетін жалын шалып тұрғандай ажарлы-ақ. Көзіне түскен ұлпадай қоңыр шашын оңына қайырып қояды. Жарасым тапқан киіміне бала көңіл шат... 

- Ақұлын дейсіңдер ме? Аққұлын қайда? - деді, әкесі жерден алтын қапқандай куана. 

- Иә, табиғат аясында, қыздармен бірге жүр, - деді танауының желбезегін желіп еткізген сарыдомалақ.

- Мені сонда апарыңдаршы!..

- Көкшенің бауырына жүріңіз, ендеше - деп екі ұл сыныптастарының әкесін ерте жөнелді. Аяқтарын жылдам басқан олар, бітік өскен самырсындардың арғы жағына қарай бағыттап көтеріліп барады. Қауы шалқыған көк шалғынды алаңқай. Айналасы орманмен көмкерілген. Алаңқайдың дәл ортасында бір топ бала асыр салып жүр. Бұлар – Астананы бұрқыраған иісімен бусандырып туған, Арқаның боз жусанын кешіп жүрген жеткіншектер. Көкшенің биігінде тыныстап, табиғат аясында тынығып, әсем өлкемен танысуға келгендіктері анық. Өздерін көлеңкесімен бастарынан сипап өткен зеңгір аспанның түндіктей ақшулан бұлты баяу ғана жылжып мамырлай, Оқжетпестің биігінің үстінен қалқып барады... 

Шашын сыңар бұрым етіп өріп, ұшына ақ лента тағынған кішкентай аққұбаша бұрымды қыз парталасына жүзін бұрғаны сол еді, өздеріне таяп келіп қадала қарап бөтен адамның тұрғанын байқады. Бала мен әке жанарлары бір-бірін шарпысып өтті. Құлынының алты жасындағы түр-тұлғасы елестеп, көзіне жылы ұшырай кетті. Жүдеген әке жүрек жылып сала берді. Дәл, осы сәтте жанында зәредей сабыр қалғанда ғой...

-Қарғам, Аққұлыным! - деп айқайлай шақырып қалмасы болсын ба?! Айқайлаған сәтте тосыннан: «Қате танып тұрғанмын жоқпын ба?» - деген ой көмейінен қылқындырғандай. Қайталап шақыруға дәрменсізденіп, оң қолын көтерген бойда тас мүсіндей болып, бір мезетке қимылсыз қалған-ды. 

Әке мейіріміне шөлдеп жүрген бүлдіршінге құдірет күші сұңғыла сана бергендей ме? Есімін атап, өзін шақырып тұрған ақсары шырайлы, бурыл шашты, сұңғақ бойлы кісіге қадала қарап сәл тұрды. Бейтаныс жанның кім екенін білмесе де, «Аққұлын!» - деген дауысынан жазбай таныды. Әкенің осыдан жеті жыл бұрын өзін ылғи да еркелете, емірене иіскеп атайтын есімі, шақыратын жағымды қоңыр үні осы ғой. Осы үн сағыныштан сартапталған сәби санасында мәңгіге ұялап қалғандай. Таныды да: «Әкем, әкетайым!» - деп жанұшшыра айқайлап жіберді. Бордай босаған бала көңіл боздап келеді. Жеті жыл жаутаңдаған жанардың жасы алқымға жосыды. Жүзін жуып, жүрегін жалындатқандай. Зырлаған екі аяғы шалғын үстінде қалықтайды. Таяған сайын ұмыт болған әкесінің жарқын бейнесі жан дүниесінде жарық сәулесін шаша берген-ді. Қос жанарынан жас парлаған әкесі де тізесін бүгіп басыла берді. Ыстық құшағын айқарып аша түсті. Қызы ұшып та жетті, құлашын жая әке мойнына асыла кетті. Көкірекке сыймай тулаған сәби жұдырығындай жүрек, әке жүректің дәл тұсын қарып та баратты...

Аққұлынының үстінен ескен Сарыарқаның бөрте жусанының аңқыған исін құшырлана иіскеп сарайына тартты, әке. Иіс өзегін шалып, кеңсірігін жарып барады, әкенің... 

- Дәл, осы тұсқа келгенде, тәтті түсі пышақпен кескендей бөлініп, көзінен тарам-тарам болып жас аққан әке оянып кетті. 

Ояна салысымен:

-«О о о оу, Жаратушы ием, бұл жеткізген аяныңды алдағы күндердегі қуанышымның еншісіне бұйырт!» - деп бетін сипады. Жүзін жуған жасын сүртті.

 Думан Омар

17 сәуір, 2022 жыл 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар