Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Думан Рамазан: Жастарға үлкен үміт артамын!.....

02.07.2017 7840

Думан Рамазан: Жастарға үлкен үміт артамын!..

Думан Рамазан: Жастарға үлкен үміт артамын!.. - adebiportal.kz

«Әдебиет порталының» тұрақты оқырманымын. Өйткені, жақсы көркем шығармалар (өлеңдер мен әңгімелер), сындар, танымдық мақалалар, сұхбаттар, аға буын қаламгерлердің әдебиет туралы айшықты ойлары, әдеби-мәдени жаңалықтар үзбей жарияланады. Әлемдік ақыл-ой иелерінің, һәм өзіміздің ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығы туралы да көптеген дәйек-деректерге қанығуға болады. Ізденіс бар, жаңашылдық бар, талпыныс бар... Шамам келгенше, уақытым жеткенінше оқып отыруға тырысамын. Күн өткен сайын қызықтырақ, жақсырақ, танымдырақ, мазмұндырақ болып бара жатқан сияқты. Себебі шынымен қызықтырады, мақалалары, сұхбаттары оқылымды келеді. Әдебиетті білетін, көркем шығарманы қапысыз танитын, ой айтып, пікір білдіре алатын жастар қызмет істейді. Дұрыс түсініңіздер, бұл мақтау емес, тек бар нәрсені айту ғана.

Сөзімнің дәлелі ретінде айтарым, мен осы «Әдебиет порталын» оқығаннан бері өзіме көп жаңалықтар ашып жүрмін. Әй осы бізден кейін прозаның жайы қалай болар екен деген ой болатын. Сенім мен үміт ешқашан өлмейді ғой, десе де көңілде бір алаң бар еді. Әрине, Сәкен Сыбанбай, Дархан Бейсенбекұлы, Серік Сағынтай, Мәдина Омар, Бейбіт Сарыбай, Аягүл Мантаева, Өміржан Әбдіхалық, Қойшыбек Мүбәрәк сынды ізбасарлардың көркем шығармаларын оқып, іштей риза болып жүретінмін. Өйткені, бұлар бізге қарағанда білімді, әдебиетке іштей дайындықпен келген, нені және қалай жазуды білетін жастар сияқты әсер қалдырған. Олардың бүкіл шығармаларын оқымасам да, көзім шалғандарын құр жібермеймін. Сонда байқайтыным, біздің артымыздан да қуатты толқын өсіп келе жатқандай көрінеді. Бұлар әрине, «көбік те болса көп болсын» деген ұстанымды ұстанбайды. Аз жазады, бірақ саз жазады. Араларында тіпті сирек жазатындар да бар. Аттары аталған жас қаламгерлердің барлығының да шығармалары осы әдеби порталда кезегімен жарияланып тұрады.

Біздің де бітіргеніміз шамалы. Себебі, біз әдебиетке келген жылдары бәрінің кетеуі кетіп қалған еді. Алдымыздағы аға буын қаламгерлерге жасалған жақсылықтың біреуін де көрген жоқпыз. Еңбегіңнің өтеуі болмаған соң, қалай алаңсыз шығармашылықпен айналысуға болады?! Тек біздің бағымызға орай Алматы қаласына әкім болып мәдениет пен әдебиеттің үлкен жанашыры Иманғали Тасмағамбетов көкеміз келе қалда да, бәрімізге баспана беріп кетті. Бұл сол кездегі жас қаламгерлерге жасалған үлкен жақсылық еді. Бізге кереметтей күш берді, бойымызға қуат бітірді. Алдағы күнге деген үкілі үміт пайда болды!.. Менің білуімше, бізден кейінгі жастар бұл игілікті де көрген жоқ. Әнеубір күндері Алматы облысының әкімі талантты ақын бауырымыз Ерлан Жүніске үй бергенін естідім. Сонан кейін ондай жағымды жаңалық естіген жоқпын. Естімей-білмей қалсам, кешірім сұраймын. Сондықтан оларға «неге өндіріп жазбайсыңдар?» деп өкпе арту да қиын.

Ал енді кейінгі кездері «Әдебиет порталынан» Ербол Бейілхан («Жаза»), Нұрлан Қабдайұлы («Екі-үшеудің күйбеңі»), Мұрат Алмасбекұлы («Жол аурағы»), Қанат Әбілқайыр («Кісен»), Есболат Айдабосын («Азап пен мазақ») сынды жас жазушылардың туындыларын оқып, тіпті қуанып жүрмін. Әрине, осы әңгімелердің бәріне сын айтуға да, асыра мақтауға да болады. Өйткені, кемшіліктері, жетістіктері де көрініп-ақ тұр. Бәріне бірдей ортақ кемшілік – жазу стилдеріндегі ескілік, артық ауыз сөйлемдер, басы артық баяндаулар көп. Сондай-ақ шығармаларындағы жетпей жатқан жерлерін өздері айтып беруге деген тырысушылық байқалады. Автордың олай шығармаға араласуы артық. Сенің суреткер деген атың бар ғой, оқиғаны құрғақ баяндама, суретте. Қалғанын оқырманның өзі-ақ түсініп алады. Бұндай кем-кетіктер кез-келген жас талапкерде болады. Өзіміз де осы жолдан өттік. Ал бәріне бірдей артықшылық – ой айтуға, кейіпкерлерінің жан-дүниесін ашуға деген құлшыныс пен талпыныс, жаңалық пен жаңашылдыққа, ерекше бір оқиғаны ерекшелеп өрнектеуге деген ұмтылыс. Ең бастысы, қарым-қабілет, талант, талап бар, қолдарынан жазу келеді. Ендігісі тек қана өздеріне байланысты. Егер шеберліктерін шыңдай түссе, осылардың қай-қайсысынан да жақсы жазушы шығарына сенімім кәміл.

Осылардың ішінен Ербол Бейілханның, Нұрлан Қабдайдың, Мұрат Алмасбекұлының шығармашылық тұрғыдан есейіп қалғандарын байқадым. Қанат Әбілқайыр, Есболат Айдабосынды да қара жаяу деп айтпас едім. Оларда да жазуға деген бейім, қарым-қабілет, ынта-жігер бар. Көкіректерінде өзгелер көре алмайтынды көре алатын көз бар, түйсік, сезім бар...

Егер шын бел шеше кіріссеңіз, кез келген мықты қаламгерді сынауға болады. Өйткені, қандай классик жазушының болмасын барлық шығармасы бірдей мінсіз болмайды. Ол мүмкін де емес. Сол шығармашылық иесінің жалын күдірейтіп, айдарын желдей естіріп тұратын үздік шығармалары да, көңілге кірбің ұялатар ет пен терінің арасындағы нашарлау туындылары да болатынын ешкім де жоққа шығара алмас. Мәселен, Мұхтар Мағауинді алғашқы шығармаларына қарап ешкім де менсінбеген, кезінде «осыдан қайбір жазушы шығады дейсің?!» деген күңкілдер де аз болмапты. Ал Мұхтар ағамыздың қандай ғажайып суреткер болып шыққанын бәріңіз де білесіздер. Тіпті қазір менің мақтауымды да, бағалауымды да еш қажетсінбейді. Күре тамырлы жолы, анау-мынау жазушының қолы жете бермейтін өз биігі бар. Тіпті шын сынағымыз келсе, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің де кейбір сәтсіз шыққан шығармаларына сайыпқыраңдай шүйлігуге болады. Бірақ ол кісіні ұлы жазушы ретінде айшықтап тұрған ғаламат шығармалары бар ғой!.. Бір-ақ мысал келтірейін. Әлемде ағылшын жазушысы Даниэль Дефоны, оның «Робинзон Крузо» романын білмейтін жан жоқ шығар, сірә. Ал енді қараңыз, ол аталмыш жазушының елу тоғыз жасында жазған тұңғыш романы. Оған дейін жәй-әшейін сықақтар, фелетондар жазып жүрген. Яғни, үлкен әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жеңіл-желпі дүниелер. Керек болса, «Робинзон Крузодан» кейін де он роман жазған. Оларды да көп ешкім біле бермейді. Себебі бірде-біреуі «Робинзон Крузоның» деңгейі тұрмақ, шалымына да жеткен жоқ. Даниэль Дефоға әлемдік танымалдықты да, абырой-беделді де, атақ-даңқты да «Робинзон Крузо» алып берді. Яғни, бір ғана атақты романының арқасында әлем тарихында ұлы жазушы болып қалды. Әлемдік ұлы жазушылар туралы сөз қозғағанда оны аттап өту, айтпай кету тіптен мүмкін емес. Ендеше, біздегідей қаламгердің әр жазған шығармасы шедевр болуы керек деген таным-түсініктен арылу керек. Әрине, мейлінше жақсы жазғанға, үнемі шедевр тудырғанға не жетсін, шіркін! Десе де, қаламгерді кейбір нашарлау шығармаларына қарап бағалауға әсте болмайтынын сол Даниэль Дефоның өмірінен анық көруге болады. Егер біздегідей таным-түсінікпен оның қалған романын түкке алғысыз қылып, сынап-мінеп, бұл «нашар жазушы» деп әлемге жар салшы. Кімнің күлкіге қалатынын өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар.

Даниэль Дефоның жасымен есептесек, біз аттарын атап отырған жас қаламгерлердің ұлы жазушы атануларына, өмірлеріндегі негізгі шығармаларын жазуларына уақыттары да, мүмкіндіктері де жетерлік. Сондықтан әзірше ешкімді тізімнен сызып, санаттан шығарып тастауға болмайды. Себебі, Дефоны алпыс жасқа келгенше ешкім де ұлы жазушы атанып, мәңгілік даңқ тұғырына көтеріледі деп ойлаған да, үміт те артқан жоқ. Енді оны ол алтын тұғырдан ешкім де сырғыта алмайды.

Даниэль Дефоның «Робинзон Крузосы» аса бір әдеби шеберлікпен, асқан білім-білікпен, жазушылық шеберлікпен емес, оқиғасының қызықтығымен, тақырыбының сонылығымен, айтар ойының айшықтығымен, яғни идеясының ұтқырлығымен ұтып тұр. Әйтпесе, Робинзон Крузоның басынан кешкендерін баяндаған қарапайым шығарма екенін елдің бәрі біледі. Кейде ойлаймын, егер Дефо қазақ болса, дәл сондай атақ-даңққа бөлене қояр ма екен деп. Әй, күмәнім бар. «Ой, ол бар болғаны күнделік іспеттес шығарма ғой!» деп мұрындарын шүйіретіндер де табылар еді. Шынымен де егер көркем шығармаға бізде қойылар талаппен, біздің кейбір сыншылардың сынау стилімен сынаса, «Робинзон Крузоны» түкке алғысыз шығарма ғып шығаруы да ғажап емес. Өйткені, оны сондай бір жазушылық шеберлікпен жазылған ғажайып туынды деп те айта алмайсың! Қазақта көркемдігі мен жазылу шеберлігі жағынан онан асып түсетін шығармалар жетерлік. Бірақ, тың тақырыпқа қалам тарту мен ой айту жағынан ақсап жататынымыз тағы рас.

Көріп отырған шығарсыз, қаламгердің шығармашылығы ешуақытта көлеммен, санмен өлшенбейді. Бір ғана шығармасымен ұлы жазушы атанған ақын-жазушылар тарихта баршылық. Міне, әр жазушының өзіндік биігін көрсететін үздік шығармалары болады. Әрине, ондай туындылар көп болса тіптен жақсы. Бірақ, кейде қаламгердің ойлағаны болмай, жаңа жазған шығармасының сәтсіз шығатын да кездері болады. Бірде бабы жетіспей, бірде тақырыбы келіспей, бірде шабыты оянбай, қолы жүріңкіремей қалуы бек мүмкін... Айта берсеңіз себеп көп... Қаламгердің сол кездегі жан тыныштығы, болмаса азабы, яғни көңіл-күйі де әсер етері анық. Әрине, бұл нашар шығарманы сынауға болмайды деген сөз емес. Тек сол сәтсіздеу шыққан шығармаға қарап жазушының бүкіл шығармашылығына баға беруге болмайтынын ескерту ғана. Кез келген қаламгерді бір-екі шығармасына қарап тануға болар, бірақ бағалауға әсте болмайды.

«Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет істеп жүрген кезімде сын жазуға мен де білекті сыбана кіріскем. Тіпті қызды-қыздымен аға буын ағаларымыздың да шығармаларын сынап-мінеген кезім аз болған жоқ. Бірақ, ол кісілердің қанаттары қатайған, өздерін-өздері әлдеқашан мойындатып қойған қаламгерлер еді. Сонда да сынадық, айтарымызды айттық. Әрине, «сының орынды» деп ерекше ілтипат танытқан ағаларым да, керсінше ренжіген, тіпті көрмей кеткен қаламгерлер да болды. Содан кейін «жауды» көбейте бермеуді ойлап, сын жазуды мүлде қойып кеттік. Тіпті шығармасын жер-көкке сыйғызбай мақтап келіп, арасында бір-екі ауыз ескертпе айтсаң да өкпесі қара қазандай болатын жандарды кезіктірдім.

Бұның бәрін термелеп жатқаным, жас ақын-жазушыларды сынағанда абай болу керек. Әсіресе талантты адамдардың жаны нәзік келеді. Орынсыз сын болса, тіптен қиын. Меселі қайтады, тіпті жазуды қойып кетуі де мүмкін. Одан кім ұтылады? Әрине, бірінші кезекте қазақ әдебиеті ұтылады. Қайдан білесіз, бүгінгі сол жас талапкерден ертең ұлы жазушы шығуы да мүмкін ғой! Сондықтан бас-көз жоқ, тас төбеден балғамен ұрғандай қойып қалмай, сынды да мәдениетті түрде айта білу керек. Екі тізгінді қатар ұстап, жақсылығы мен жамандығын да қоса көрсетіп отырса, қандай ғанибет! Себебі, ешкім де әдебиетке бірден классик боп келе қалмайды. Сан түрлі өсу, қалыптасу, тәжірибе жинау, шеберлік шыңдау жолдарынан өтеді.

Өмірде кейде санқилы жағдайлар болады. Әр жүйріктің шабысы әр түрлі. Біреу әдебиетке ұшқыр аттай бірден арқырап келеді де, бірақ көп ұзамай-ақ өкпесі өшіп, болдырып-божырап, сарқырап қалады. Ал біреулер ұзаққа сілтейтін бәйге аттарындай алғашында еленіп-ерекшеленбей, салған жерден алдыға озбай, бірте-бірте бауырын жазып, қыза шабады. Міне, шын жүйріктер де солар. Сондықтан жастардың алғашқы шығармаларына қарап, кесімді пікір айтып, баға беру өте қиын. Қайдан білесіз, олардың арасында Мұхтар Мағауин сияқты алғашында елеусіз келіп, артынан қазақ әдебиетінің классигіне айналатын тарланбоздардың да болуы әбден мүмкін ғой!

Осы жайттарды ескере отырып, мен аталған жас жазушылардың алғашқы шығармаларын оқып шынымен қуандым. Қазақ прозасына қосылып жатқан жаңа есімдер бар екен. Және, сол тырнақалды туындыларына қарап-ақ үлкен үмітпен қарайтынымызды да жасырмаймыз. Тек үлкен әдебиеттегі тәй-тәй басқан алғашқы қадамдарына шын қуанып, болашақ қаламгерлік ғұмырларына сәттілік тілейміз!

Ақ жол, бауырларым! «Әдебиет порталына» осындай жас ақын-жазушыларды көбірек жарияласа екен деген тілек айтамыз!

Еңбектеріңіз жана берсін! Сіздерге үлкен үміт артамыз!..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар