Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уа...

08.10.2018 5157

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары

Дж. М. Кутзее. К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары                                                  - adebiportal.kz

АВТОР ТУРАЛЫ:

Африканың оңтүстігі, кемелер өтетін аса маңызды теңіз жол торабы болғандықтан, еуропалық алпауыт елдердің мүдделері тоғысқан жер. Сондықтан неміс, француз, ағылшын т.б. осы жер үшін жүздеген жылдар бойы аянбай шарпысқан. Қолдан қолға өткен. Мұнда алуан діндегі нәсілдер, халықтар шоғырланған. Джон Максвелл Кутзее осынау қайшылығы мол күрделі өлкеде 1940 жылы ағылшын тілді отбасында дүниеге келген. Бала кезінде ол екінші жержиһандық соғыстың зардаптарын сезіп өссе, 60-шы жылдардағы отарлық жүйенің қалай күйрегеніне куә болған. Осы аласапыранда үкімет шенеунігі қызметінде болған өз әкесі де жұмыссыз қалып, отбасымен бірге талай қиындық көреді. Алайда білімге жастай құмартқан Джон оқудан қол үзбейді. Әсіресе, математикаға жүйрік болады. Кейптаун университетін қызыл дипломмен бітіреді. Алғашқы қызметін Лондонда программашы болып бастап, Нью-Иоркте жалғастырады. АҚШ-тың Вьетнамдағы әділетсіз соғысына қарсы шыққан үшін елден қуылады. Туған отаны ОАР-на қайтып келген соң да ақ нәсілділердің апартейд саясатын, халыққа зиянды заңдарды сынайды. Жазушылыққа ден қоймас бұрын ол осындай белсенді де шырғалаңды өмір жолынан өтеді. Алғашқы романы «Сумречная земля» 1974 жарық көріп, барлығы оннан астам роман жазған. Солардың ішінде «К.Михаэланың өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары» және «Азғындық» («Бесчестье») романдары жазушының атағын әлемге жайды. Осының біріншісінде ол елді жайлаған берекесіздік салдарынан анадан жарымжан туған, оның үстіне оқи алмаған Михаэланың бау-бақшаға деген сүйсінісін, айналамды мәуелі баққа айналдырсам дейтін арманын суреттесе, екіншісінде халықты қанауға, нәсілдік озбырлыққа құрылған қоғамның адамдарды аздыратынын көркем бейнелейді. Осы романдары үшін Дж.Кутзее Букеров сыйлығын екі рет иеленген. Нобель сыйлығымен марапатталған.

К. Михаэлдің өмір соқпақтары мен уақыт тоқпақтары

(роман)

Араздық - баршаға ортақ әке һәм баршаның

ортақ патшасы, ол біреуді хан көтерсе,

біреулерді пенде етеді, олардың біріне

еркіндік берсе, басқаларынан құл жасайды.

Гераклит Эфесский

Фрагмент 23(53)

I.

Күтуші әйел К.Михаэлге ана құрсағынан шығуына көмектесіп жатып, оның қоянжырық боп туғанына көзі бірден түседі. Танауының сол жақ қуысын саңырайтып тура ұлудың аяғы сияқты теріс айнала біткен. Шарананы ана назарынан тасалай тұрып, оймақтай ғана аузына саусағын тығып жібереді де, таңдайы орнында болғаны үшін тәңіріне шүкіршілік айтады. Ал анасына: «Қуана бер, мұндай бала отбасына жақсылық әкеледі», дей салған ғой. Бірақ К.Аннеге баланың жабылмайтын аузы да, айналып кеткен қызылшақа ерні де ұнай қойған жоқ. Ол үшін тіпті құрсағымда не көтеріп жүргенмін деп ойлаудың өзі қорқынышты еді. Шарана емшек еме алмайтын, аш қатып шырылдайды да жатады. Бөтелкеден де еме алмағасын, қасықпен ішкізіп көретін, қақалып-шашалып сүтті босқа төгіп, анасының шыдамын тауысып, бәрібір күні-түн жағы бір сембей безілдейтін.

-Өсе келе ерні орнына келіп, жазылып кетеді ғой, - дейтін күтуші әйел.

Бірақ айналған ерін сәл-пәл төмен түскенімен, орнына келген жоқ, қисайған танау да саңырайған қалпында қала берген.

Анна баланы жұмысқа да өзімен бірге алып жүретін, тіпті ол бөбек жасынан асқанда да қасынан бір елі қалдырған жоқ. Қатар құрбыларының күбір-сыбыр мазағы жанын жаралайды деп, оны олардан алысырақ ұстауға тырысатын. Жылдар бойы К.Михаэл жөргек үстінен жылжымай шешесінің бөтен біреулердің еденін қалай жуғанына қарайтын да отыратын, сүйтіп үндемеуге де әбден дағдыланып алған-ды.

Дене кемістігі және шала есті болғаны себепті жеңіл-желпі сынап көріп, Михаэлді қатардағы мектептен Фордағы «Норениус» жетімханасына алған, ол жерде өзіндей тағдыр тәлкегіне ұшыраған кемтарлармен бірге қазына есебінен оқу, жазу, есеп шығару іліміне жаттығып, балалық шағының қалған уақытын өткізген, еден сыпыруды, төсек жинауды, ыдыс-аяқ жууды, себет өруді үйренген, сондай-ақ, ағаш жонып, бау-бақша күтуге де машықтанған. Жасы он беске толғанда, жетімханадағы оқуын тәмамдап, 3-б категориялы бағбан деген мамандықпен «Кейптаун бақтары мен гүлзарлары» муниципиалды қызметінің қатарын толықтырған еді. Үш жылдан кейін ол жерден кетіп, бірнеше аптаға созылған жұмыссыз уақытын кереутте жатып өз қолына өзі қызықтап қараумен өткізеді де, Гринмаркет – сквердегі қоғамдық әжетханаларға түнгі күзетші болып орналасады. Кезекті жұманың бірінде, жұмыстан қайтар жолында, метрода бейтаныс екеу жабыла соғып, сағатын, ақшасын, бәтеңкесін тартып алып, платформа үстінде пышаққа қолы кесілген, бас бармағы шыққан, қос қабырғасы сынып, қансырап, естен танған күйінде қалдырады. Осы оқиғадан кейін ол түнгі жұмысын тастап, «Бақтар мен гүлзарларға» қайта орналасып, уақыт өте келе бірінші категориялы бағбан дәрежесіне дейін көтерілген еді.

Қоянжырық ерін, әрине, өз дегенін істеп, К-нің маңайына әйел заты үйіріле қоймайтын. Сосын ба, ол өзін жалғыздықта жақсы сезінетін. Бұл ретте атқарған екі жұмысы да біршама қолайлы болды деу ләзім, рас, әжетханадағы маңайына көлеңке түсірмейтін неон жарығы ақ кафельге шағылысып, көз қаритын, шыны керек, содан ептеп мазасызданатын да еді.

Ол биік шыршалары көкке шаншылып, етегіндегі гүлзарларда лилия гүлі жайқалған әсем бақтарды ұнататын. Жұмысына берілетіні соншалық, әсіресе, сенбі күні, талтүс орнап, ауысым аяқталғанын әйгілейтін гүрс еткен зеңбірек үнін де сезбей қалушы еді. Ал жексенбі келгенде армансыз ұзақ ұйықтайды, кешкісін халын білу үшін міндетті түрде шешесіне бір соғып кететін.

Күндердің бір күнінде, өмірінің отыз бірінші жылында, маусым аяқталып қалған кез, таңертең, құлақтандыру хат алды. Де Ваал бағында жерге түскен жапырақтарды жинастырып жатқан. Бұған әлдебір үшінші қол арқылы жеткен құлақтандыру анасынан екен: ауруханадан шығыпты, алып кет депті. Тырмасын сарайға тастай - сап, К. автобус мініп Сомерсет ауруханасына келген, анасы шығар ауыздағы орындықта күнге қыздырынып отыр. Киініп алған, тек жалаңаяқ, топлиы орындық жанында тұр. Ұлын көргенде шешесі өзінше аурулар мен келушілерге білдірмеген боп, бетін қалқалай тұрып бырсылдап біраз жылап алды.

Анна К. көптен бері ауыратын: әуелі қолы мен аяғы күп боп ісіп, ісік біртіндеп кеуде тұсына қарай шапқан еді. Аяғы мүлде жүруден қалып, ентікпесі асқынғанда барып ауруханаға алынған. Бес тәулік бойы Анна дәліздегі пышақталған, оқ тескен жаралы еркектердің арасында жатты, олар жандары шыға ышқынатын, айқайлайтын, ұйқы бермейтін, ал мейірбикелер бұған көз қырын да салмайды, айналада қылшылдаған жас еркектер қатты азап көріп, қиналып өліп жатқанда, кәрі кемпірді кім керек қылушы еді, тәйірі. Рас, алғаш түскен бетінде Аннаны оттегімен демалдырған, сарсу ұялаған ісіктерді қайтару үшін дәрі ішкізіп, укол салған. Кейін дәрет түбегін сұрап алудың өзі мұң болды, қанша шақырса да жақын маңнан мейірбике көзге бір түспейді. Аннаға ақжамылғы да берілген жоқ. Бірде, қабырғаға сүйеніп, әжетханаға қарай ақырын ілбіп келе жатса, алдынан сұр пижама киген бір шал шыға келіп, әйт-шүйт жоқ боқтап-балағаттап, ауының алдын ашып кеп жібергені. Сүйтіп дәретке деген тән қажеттілігі Анна үшін нағыз қияметке айналған еді. Мейірбикелерге дәрімді ішіп жүрмін деп көбіне өтірік айта салатын. Екі күннен соң ентікпесі азайған, есесіне, аяғы зар қақсайтынды шығарды, қотыры да асқынып, қасынбас үшін қолдарын амалсыздан құйрығы астына басып қоятын болған-ды. Үшінші күні үйге сұранған, алайда сұранатын адамын дұрыс таппапты. Тек алтыншы күні, тозақ отынан ақыры құтылатынын білгенде ғана, көзінен қуаныш жасы бұрқ ете қалған еді.

Михаэл К. анасын үйге жеткізіп алу үшін кезекшіден кресло – арба сұраған, берген жоқ. Сөмке мен топли бір қолында, екінші қолымен анасын сүйемелдеп, елу қадамдай жердегі автобус аялдамасына жеткізген. Кезек күткендер шегі ұзын-ақ. Бағанға жапсырылған кестеде әрбір он бес минөт сайын автобус өтеді деп көрсетілген. Бір сағат күтеді; көлеңке басы ұзарып, суық жел тұра бастайды. Тікесінен тік тұруға жарамағасын Анна тротуарға отыра кетіп, қайыршыдай аяғын алға көститіп созып жібереді де, иығын артындағы тасқа сүйейді, Михаэл болса ұзын кезектегі орынды күзетеді.

Автобус келген, алайда ішінен бос орын табылмайды. Құлатып алмас үшін Михаэл анасын белінен қаусыра құшақтап, өзі тұтқадан тас қып ұстап тұрады. Олар өстіп Си – Пойнттегі бөлмелеріне сағат бестен кете әрең деп жеткен еді.

Анна К. сегіз жыл бойы, бұ күнде о дүниелік болған, шағын тоқыма фабрикасының иесі мен оның әйелінің, терезесі Атлант мұхитына қараған бес бөлмелі үйінде қызмет еткен. Шарт бойынша таңертеңгі сағат тоғызда келіп, түсте үш сағат үзіліс жасап, кешкі сағат сегізге дейін жұмыс істейтін. Аптасына бірде бес, бірде алты күн. Сол үйден оған бір бөлмелі баспана бөлініп, және ақшасы төленген екі апталық демалыс берілетін. Жалақысы әжептәуір, қожайындар – сабырлы жандар, жұмыс табу оңай емес, сол себепті де Анна К. тағдырына онша көп өкпе айта қоймайтын. Тек осыдан бір жыл бұрын басы зеңіп айналатын болды, еңкейсе, кеудесі қысылып кетеді. Ұзамай сарсу ісігімен ауыра бастайды. Ол енді Бермандарға ас дайындаумен ғана шектелген, жалақысы үш есеге кемиді, ал үй күтушілікке жастау әйел жалданған еді.

Анне К. үшін Бермандар шағын бөлмесінде қала беруіне рахымшылық жасайды. Алайда сарсу ісігі асқына түседі де, Анна К. жұмыс істей алмайтындай халге жетеді, ауруханаға түсер алдында, бірер апта төсегінен тұра алмай да қалады. Сүйтіп жатып басына Бермандар аяушылығының да шегі бар-ау деген ой түссе, қорыққаннан зәре-құты кетуші еді.

«Жақұтты жағалау» саяжайы басқыштары астындағы бәкене бөлмеге бір кездері кондиционер орнатылмақ болып, қүр айтылған күйінде қалған-ды. Есікте соның тек белгісі ғана: ортасында белінен айқастырылған қос жілік пен қызыл түсті қу бастың суреті, астына ағылшын, африкаанс және зулу тілдерінде «Өмірге қауіпті!» деген сөз жазылған. Электр жарығы да, желдеткіш те жоқ, сыз иісі мүңкиді. Михаэл есікті ашып, шешесін ішке өткізіп, балауыз шам жағып, қашан ол шешініп, төсегіне жатып болғанша дәлізде күтіп тұрды.

Шешесі ауруханадан шыққан бірінші кеште де, одан кейінгі кештерде де ол анасы қасынан ұзаған жоқ; примусқа көже пісіріп беріп, оған өзінше қолайлы жағдай жасап баққан, жылай бастаса, қолынан сипап тыныштандыруға тырысқан. Қайсыбір күннің кешінде Си – Пойнттан жүретін автобустар мүлде тоқтап қалды да, ол еріксіз анасы қасында түнеді, шапанын жамылып, қомша үстіне аунай кеткен еді. Түн ортасында тоңып оянды, сүйегіне дейін мұз боп қатып қалыпты. Әрі қарай көзі де ілінбейді, кетіп те қала алмайды, себебі, комендант сағаты жарияланған еді, таң бозамығы білінгенше ұйқыдағы шешесінің аһ ұрған күрсінісі мен қорылын тыңдап, түбіретке үстінде шоқиып отырды да қойды.

Кеш түсе бәкене бөлмеде басталатын тар тіршілік К.Михаэлге ұнай қойған жоқ. Шешесінің ісіктен күпшектей болған аяқтары мазасын кетіретін, сосын да оны кереуеттен түсіріп алып жатқанда, көзін ала қашып қарамауға тырысатын. Шешесінің жамбасы мен қолының қары, қасынбас үшін кей түндері қолғап киіп жатса да, осылған тырнақ ізінен шұбар-шұбар. Бірақ ол өзіне парыз санаған істен бас тартқан жоқ. «Норениус» жетімханасында жүргенде, велосипедтерге арналған сарай сыртында тығылып отырып, бұ дүниеге не үшін келдім деп өзіне-өзі қойған сұрақтың жауабын енді тапты, анасын күту үшін туған екен ғой.

Ұлы қанша тырысып жұбатпақ болса да, Анна К. жалғыз бөлме панамыздан айрылып қаламыз ба деген үрейлі ойдан арыла алған жоқ. Сомерсет ауруханасының дәліздерінде жантәсілім жасап жатқандардың арасында өткізген күндері жексұрын аурумен ауыратын, оның үстіне мынадай соғыс уақытында, кәрі кемпірге деген көзқарастың қандай болатынын оған жақсылап тұрып ұғындырып қойған еді.

Бармендердің қайырымдылығы арқасында ғой, әйтпесе, өзі жұмысқа жарамайды, ал аяушылық қашанға дейін созылар дейсің. Әсілі, ақылы кем шала ұлдың адалдығы аштық пен қайыршылыққа ұрындыра қоймас. Тақа болмай бара жатса азын-аулақ сақтағаны жоқ емес, кереует астындағы шамадан ішінде екі әмиян, бірінде жаңа ақшалар, екіншісінде ескілері - кезінде айырбастап алуға қорқақтаған еді, ал қазір түкке тұрмайтын құр қағаз.

Бірде, кешкісін, Михаэл шешесіне бақтағы жұмыстарымыз аяқталғалы жатыр деп еді, сол сәттен бастап Анна К. өзін әлдеқашаннан бері мазалап жүрген шала қиялының төңірегінде шындап ой кешті: бұған енді жақсылық бұйыртпайтын қатыгез қаланы тастап, балалық шағы өткен тыныш түкпірге қайта оралса қайтеді?

Анна К. Принс-Альберт аймағындағы фермада туған еді. Әкесі ішетін мазасыз жан болатын, сол себепті, бұл ол кезде кішкентай, отбасы бір фермадан екіншісіне жиі көшіп жүретін. Шешесі кір жуады, тамақ пісіреді, Анна оған өзінше көмектескен болады. Сосын олар шағын қала Аудсхорнға мекен теуіп, Анна біраз уақыт мектеп көреді. Оқу сонымен тәмам.

Тұңғыш перзентінен кейін, Кейптаунға қоныс аударған. Сосын басқа әкеден екінші баласын туады, үшіншісі өліп қалады да, одан кейін Михаэл дүниеге келеді.

Аудсхорнға көшкенге дейінгі жылдары Анна үшін өмірінің ең бір бақытты шағы болды, - бәрі мейірімді, бәрі тоқ. Кей-кейде тауық қораның шаңына көміліп отырады, жан-жағы жер шұқып қыт-қыттаған тауықтар, шөп арасынан жұмыртқа тауып алатыны ше, естен қалай кетеді. Ал қазір, қыстың ұзақ кешінде, тымырсық тар бөлме төсегінде, есік аузын үздіксіз соққылаған жаңбыр дыбысын тыңдап жатып, немқұрайды қатыгездіктен, аузы-мұрнынан шыққан автобустардан, азық-түлік кезегінен, жебір-жегіш саудагерлерден, ұрылар мен қайыршылардан, түн ішінде ұлитын сирен даусынан, коменданттық сағаттан, суық пен сыздан құтылып, тыныш ауылға жетсем-ау, түбі өлер болсам, көк аспан аясында жатып көз жұмғаным жақсы шығар деп қиялдайды.

Ойындағысын Михаэлге айтқанда, өлім жайын қозғаған жоқ, басқаша сайрады: әкімшілік шығарып тастамай тұрғанда бақтағы жұмысыңнан өз еркіңмен кет, сосын пойызға отырып Принс-Альбертке барайық, сен фермадан жұмыс тапқанша, мен уақытша бөлме жалдай тұрармын деді. Саған тәуір үй берсе, бірге тұрамыз, шаруамен айналысамыз, жоқ, онан да демалыс сайын өзің маған келіп-кетіп жүрерсің.

Ойға алған жоспарының тиянақтылығына ұлының көзін жеткізу үшін кереует астындағы шамаданнан жаңа ақшалары салынған әмиянын алып, ішіндегіні, тап осындай жағдай туып қалса деп сақтаған кедім деп сытырлатып санап шығады.

Ұлым менен, ауылдағы кішкентай қалашық екі бірдей кірмені, біреуі және ауру кемпір болса, қабылдай қояды деп шынымен-ақ сенемісің деп сұрайтын шығар деп күткен еді. Жауабы дайын болатын. Бірақ Михаэл анасының жоспарына титімдей де күмән келтірген жоқ. Өйткені “Норениусте» болған кезінде, басында түкке түсінбесе де, кейіннен анам мені бұл жерге өзгеше бір мақсат үшін орналастырған шығар деп шешкен еді, ал қазір анасының көп білетін даналығына шексіз сенетіндіктен, сұрақ қоюды ойлаған да жоқ. Ол көз алдынан көрпеше үстіне жайылған ақшаны емес, ұшы-қиыры жоқ алапты, мұржасынан түтіні шудаланған ақшаңқан үйді, ұзақты күнгі жұмыстан шаршап қайтқанда мұны дені-қары сап-сау әрі ақжарқын көңілмен есік алдында қарсы алатын анасын көріп тұрғандай еді.

Ертеңгісін Михаэл жұмысына барған жоқ. Шұлығының әр сыңарына бір-бір уыстан ақша тығып-ап темір жол бекетіне қарай тартып берген. Бас жолдың билет кассирі Принс-Альбертке немесе оған жақын бекеттердің біріне шейін қуана-қуана екі билет сататынын мәлімдеді («Принс-Альберт», әлде «Принс-Альфред пе?»- кассир қайталап сұрады), алайда тапсырыс берілген билеттерге қоса учаскелік полициядан алынған ұрықсат қағаз болмаса, К-нің пойызға отыруға құқысы жоқ. Сондықтан тамыздың он сегізіне дейін билеттерді мұның атына бекіте алмайды, яғни аттай екі ай күтуі керек, ал ұрықсатты тек полиция ғана береді. К.билеттерді бұдан біраз ертерек мерзімге бекітіп қоюға болмай ма деп өлердей жалынған, сөзі өткен жоқ, шешең денсаулығының нашарлығы ешқандай жеңілдік бермейді, тіпті ол жайында айтпағаның жөн болар еді, деген кассир.

Бекеттен шығып К. Каледон-скверге барған, ол жерде жылаған баласын қолтықтаған әйел артында тұрып екі сағат бойы сарылып кезек күткен. Кезегі жеткенде өзіңе және анаң үшін деп қолына екі-екіден бланк ұстатты да:

-Билетке тапсырыс қағазын көгілдір бланкке қыстыр да, бәрін

Е- 5 бөлмесіне апарып тапсыр, - деді орындық басында отырған полицай киіміндегі әйел.

Жаңбыр басталғанда Анна К. ішке су кірмессін деп есік табалдырығын қалың орамалмен бітеп тастаған. Бөлме ішінде «Деттол» мен сыз иісі аңқыды.

-Тас қуысына тығылған бақа сияқтымын, - деді Анна К. – Тамызға дейін тірі жүре алсам жақсы ғой.

Ол басын орамалмен бүркеп үнсіз қалған. Шешесі қасында аз-кем бөгеліңкіреген Михаэл өзіне ауа жетпей тұрғанын байқады.

Бұрыштағы дүкеншікке бас сұққан, нан жоқ екен.

-Нан да, сүт те жоқ, - деді сатушы, - ертең келерсің.

К. пешеней мен қойылтылған сүт алған, қалқа астында тұрып аспаннан саулаған жаңбыр тамшыларын ұзақ қызықтады.

Ертеңінде бланктерді Е-5 бөлмесіне апарған, Принс-Альберт полициясы бланктерді тексеріп, келісім берген соң, ұрықсат қағазды пошта арқылы аласыңдар, деді ондағылар.

Де Ваал бағына тартып кеткен, ол жерден, өзі топшылағандай, ақшасын тек ай соңына қарай алатынын естіді.

-Төлей ме, төлемей ме, маңызды емес, - деді ол бригадирге, - біз шешем екеуміз бәрібір кетеміз.

Анасының мұны көріп кету үшін «Норениусқа» келетінін еске алған. Кейде зефир, кейде шоколадты пешеней әкелетін. Екеуі ойын алаңы жағына барып оңашаланатын да, залға тек шай ішу үшін ғана келетін. Мұндай күндері ұлдар хаки түсті сәндік көйлектерін, сұр шапаталарын киетін. Талай баланың ата-анасы жоқ, қайсбіреулерін мүлде ұмытқан. «Әкем өлген, шешем жұмыс істейді», дейтін К.

Ол аядай тар бөлменің бұрышына көрпеше төсеп, жастық тастап, кеш бойы анасының қалай тыныс алғанын тыңдайды да отырады. Анасы ұйқыдан бас алмайтын болған. Отырған күйінде кейде өзі де қалғып кетіп, соңғы автобусты өткзіп алар еді.Таңертең басы ауырып тұрады. Күндіз көше кезеді. Тіршілік тоқтап қалғандай, - олар ұрықсат қағаз күтуде, онысы құрғыр келер емес.

Кезекті бір демалыс күні ол Де Ваал бағына келіп, бау-бақша саймандары сақталатын сарай құлпын бұзып, ішінен керекті құралдар мен қол арба шығарып, бәрін Си-Пойнтқа алып кеткен. Үй сыртындағы алаңқайға жайғасып-ап, ескі қол арбаны бөлшектеп бұзған, тақтадан орындық жасап, оған сыммен орап арқалық бекіткен. Сосын қыдырып қайтайық деп анасына қолқа салды.

-Таза ауада тез жақсарып кетесің, - деді үгіттеп, - Сағат қазір алты, жағалау бос, бізді ешкім көрмейді.

-Терезеден көреді ғой, - деді шешесі көнгісі келмей, - Мазақ болғым жоқ.

Келесі күні бәрібір көнуіне тура келген. Иығына шапанын іліп, басына шляпасын киіп, шапаталы ауру аяғын әрең басып кешкі алакеугімде сыртқа шыққан, арбаға отырғызып жатқанда Михаэлге қарсылық көрсеткен жоқ.

Ол анасын Бич-роудтың қарсы бетіне апарып, жиек жолмен серуендете бастаған. Жағалау бос, тек ит жетектеген егде жастағы әлдебір жалғыз жұп қана көзге түседі. Орындық жақтауынан тас қып ұстаған Анна К. теңізден соққан салқын ауаны құныға жұтып қояды; арба сүйреткен ұлы жүз ярдтай алға жылжып, анам толқындардың жартастарға қалай соғылғанын көрсін деп, біраз тоқтап тұрады, тағы жүз ярдтай алға апарады, тағы біраз тоқтап тұрады, сосын анасын үйге алып кеткен. Қисалаңдаған арба үсті орнықсыз, анасы тым ауыр, іштей соған қатты ренжумен болды. Бір рет арба қатты қисалаңдап кетіп, анасын құлатып ала жаздағанын қайтерсің. Сасқанынан: «Саған таза ауа пайдалы», - деп ақылдымсынған.

Келесі күні жаңбыр құйып кетті де, олар үйден шыққан жоқ.

Велосипед доңғалақтарынан, оған жәшік бекітіп, арба соқсам қайтеді деген ой келген; оған білік керек, оны қайдан табады?

Маусымның соңғы күндерінің бірінде, кешқұрым, Бич-роудпен қатты келе жатқан әскери «Джип» жолдан өтіп бара жатқан бозбаланы қағып кеткен, бозбала бірнеше метрдей ұшып барып жол жиегінде тұрған машинаға соғылды. «Джип» бір бүйірге жалт беріп, «Жақұтты жағалау» вилласы жанындағы көгалға жете кілт тоқтаған, қызық болғанда ішіндегі қос жолаушы жарақат алған бозбаланың осы жерде тұрған ашулы жолдастарымен бетпе-бет ұшыраса кеткені. Төбелес басталып, адамдар үйме-жүйме бола қалды. Олар тұраққа қойылған автомобильдердің есіктерін жұлып-ап, ол аздай ор ішіне теңкитіп-теңкитіп төңкеріп тастады. Сирена үні комендант сағаты басталғанын хабарласа да, оған ешкім мән берген жоқ. Мотоциклші бастаған «Жедел жәрдем» келуін келгенмен, баррикада ортасына жақындай алмады, бұршақша жауған тастардың астында қалып қоймас үшін бұрылып –ап кері жөнеді. Тап осы кезде төртінші қабаттың балконынан біреу револьверден тарсылдатып оқ атқан, адамдар жан-жаққа бытырай қашып, тығылатын жер іздеп, үй-үйдің дәліздеріне қойып-қойып кетіскен, есіктерді дүңкілдете соғып, шамдар мен терезелерді быт-шыт қып шақты да тастады. Сүйткенше оқ атқан адам ұсталып, тығылған жерінен сыртқа сүйреліп шығарылды, сосын аямай тепкіленді де, көше ортасында серейіп өлімші күйінде қала берді.

Пәтершілердің кейбірі көшеге жүгіріп шықса, кейбірі есіктерін тарс жауып, қараңғылық көрпесін бүркенген. Әнебір әйелге дәліз түкпірінде қуып жетіп, үстіндегі бар киімін аяғының басына сыпырып бір-ақ түсірді; әлдебір сорлы жүгіріп келе жатып тайып құлап, аяғын сындырды. Пәтер есіктері топсасынан жұлынып, мүліктер тоналды. Анна К. бөлмесінің үстіндегі Бармендер пәтерінде бұзақылар перделерді сыпырып, мебельдерді сындырып, киімдермен қоса бәрін ортаға үйіп, от қойды, ол жақтан, бірден лапылдап жанбаса да, будақтап қою түтін көрінді. «Жақұтты жағалау», «Алтын жағалау», «Копакобана» виллаларының маңайына адамдар қайта топтанып, тонап алған заттарын аяқтарының астына тастай-тастай салып, көгалдағы сәнге тұрғызылған қорғандардан тас алып атып, жағалауға қараған терезелердің әйнектерін түгел шағып болғанша қиратумен болды.

Елу ярдтай жердегі тас жол бойына төбесінде айналмалы көк шамы жыпылықтаған полицай машинасы келіп тоқтаған. Автоматты пистолет тарсылына, баррикада тасасынан қарсы атылған оқпен жауап қайтарылды. Машина шұғыл артқа шегініп, тайып тұрды да, тобыр айқайға басып Бич-роудтың қарсы бетіне қарай шұбырды. Арада тағы жиырма минөттей өтіп, қараңғылық қоюлана бастағанда ғана оқиға орнына полицайлар мен жазалаушы отряд ақыры келіп жеткен еді. Олар бүлікшілер қиратқан үйлердің, жау жақтан еш қарсылық көрместен, бір қабаттан соң бір қабатын басып ала бастады, бүлікшілер жақын маңдағы көше қуыстары мен гүлзарлар бойына тырым-тырағай қашып, жан сауғалады. Шабан қозғалған бір бүлікші әйелдің шыбын жанын оқ қиды. Полицайлар көше-көше бойында шашылып қалған заттарды жинастырып, көгал ортасына әкеп үйген. Кеш қарая пәтер иелері келіп, ішінен әркім өз мүліктерін тауып алып жатты. Түн ортасы ауа, операцияның аяқталғанын жариялауға дайындалып жатқанда, ғимараттардың біріндегі дәліз түкпірінен, өкпесін оқ тесіп, бүктетіліп жатқан бүлікші табылып, оны дереу алып кетті. Таң атқанша күзет қойылып, солдаттар мен полицайлар да жөндеріне тарқаған. Таңертең жел тұрып, қалың жаңбыр құйып берді де, ауыр тамшылар «Жақұт жағалау», «Алтын жағалау», «Копакобана», сондай-ақ «Эгремонта» мен «Малибу биіктерінің» қираған терезелерін сабалады, әсем безендірілген жарнамалар Добрая Надежда түбегін айналып үшатын лайнерлердегі жолаушыларды осында түсуге үгіттеуші еді, енді солардың үңірейген терезелерінен саулаған жаңбыр перделер мен кілемдерді сулап, едендерді көлдетті.

Осы уақыт ішінде Анна К. ұлымен екеуі басқыш астындағы аядай бөлмелерінен ешқайда қыбыр еткен жоқ, өрт түтінін сезгенде де, біреудің ауыр аяғы дәлізді дүңкілдетіп өткенде де, есікті тарсылдатып соққанда да, орындарынан қозғалмады. Көрші үйлердің терезелері қиратылып, у-шу айқайдың өз көшелерінде болып жатқанын олар қайдан білсін. Сыбырласуға да қорқып, керует үстінде біріне бірі тығыла түскен олар Си-Пойнтқа шындап соғыс келген бе деген ойға біртіндеп бата бергендей де еді. Таң қылаң бере шешесі қалғи бастады, ал Михаэл есік астынан көрінген болмашы жарық жолағына қарап қойып, ана тынысына құлақ тосып, үн шығармауға тырысқан. Шешесі қорылдай бастаса болды, иығынан ақырын қозғап жібереді.

Кереут үстінде арқасын қабырғаға тіреп отырған күйі ұйықтап кеткен. Оянса, есік астындағы жарық сызығы ақшылдана түсіпті. Ол есікті ашып, жан-жағына ұрлана қарап - ап, дәлізге аяқ басқан. Еденде жайраған шыны сынықтар. Сыртқы есік аузында, бұған арқасын беріп, жаңбыр мен сұр теңізге қарап қойып, екі солдат отыр. К. ақырын ішке қайта кіріп, бұрыштағы қомша үстіне барып қисая кетті.

Сол күннің кешінде «Жақұтты жағалау» тұрғындары үйлеріне оралып, біреулері баспаналарын жинастырып, біреулері заттарын буып-түйсе, енді біреулері ойранның орнына мелшие қарап тұрып, көз жастарын көлдетті.

Жаңбыр басылысымен, К. Грин-Пойнттағы әулие Иосифтің миссиясына барған, бұрын бұл жерден ешқандай сұрақ-жауапсыз бір тостаған көже ішіп, түнеп шығуға болушы еді, ол анамды ойраны шыққан ортадан аулақ, біраз уақыт осында орналастырармын деп ойлаған-ды. Алайда әулие Иосифтің қолында асатаяқ, сақалы сапсиған гипс денесі зым-зия жоқ, есіктегі қола тақташа да жоқ, терезелер қақпағы тарс жабылған. Михаэл келесі жапсарлас есікті қаққан, аржақтан еден сықырлағандай болғанмен, ешкім келіп ашпады.

Қаланы көктей өтіп жұмысқа бара жатып К. күн сайын қаптап кеткен үйсіз-күйсіз жандар мен қайыршыларды көреді, олар соңғы уақытта орталық көшелерде жосып жүреді; қайыр сұрайды, ұрлық жасайды, жұмыссыздарға көмек көрсету бюросының алдында топырлап кезек күтеді немесе мекеме дәліздерінде жайдан-жай жылынып отырады, кеш түсе түнеп шығу үшін сасығын жұтып пакгауздар мен доктарды, Бри-стрит лашықтарын паналайды, ал полицияның ондай жерлерге бармақ түгіл, бас сұғуға да батылдығы жетпейтін. Бар-жоғы бір жыл ішінде, өкімет адамдардың жүріп-тұруына бақылау қойып үлгергенше, әйтеуір, бір жұмыс тапсақ деген үмітпен жан-жақтан шұбырған ауыл адамдары Кейптаунға қаптады да кетті. Алайда олар не жұмыс, не баспана таппады. Егер анам екеуміз осынау аш-жалаңаш тобырға қосылар болсақ, деп ойлай бастады К., бізді алдан не жақсылық күткендей? Арбаға таңылған анасын сүйрете беруге күші жете ме? Қайыршылықпен қашанға дейін күн көреді.

Ол қаланы күні бойы ұзақ аралап, ұядай бөлмелері қараңғылық құшқанда ғана үйге оралған. От сәулесін сырттан біреу-міреу көріп қалмас үшін көрпе етегімен қалқалап тұрып, примусқа кешкі астары - көже пісірді, үстелге кепкен нан мен қақпағын ашып бір банке сардин қойды.

Ана мен баланың ендігі бар үміті ұрықсат берілуі еді, ұрықсатты қалай алады, солай дереу кетеді. Полиция жіберуге тиіс ұрықсат қағаз, егер шын сондай ниетте болғандары рас болса, Бермандардың пошта жәшігіне келер еді, алайда сол бір қанды кештің ертеңінде не істерлерін білмей естерінен танып қалған Бермандарды достары әлдебір белгісіз жаққа алып кетті де, олар тым болмаса қашан келетіндерін айтып бір жапырақ қағаз да қалдырмады, ал жәшік әлі сол құлыптаулы күйінде тұр. Анна К. ұлын жоғарғыға, қожайындар пәтеріне көтеріліп, пошта жәшігінің кілтін әкелуге жұмсады.

К. бұрын мұнда бас сұғып көрмеген еді. Бәрі астан –кестен: жел екпінімен еденге терезеден шашыраған көлшік судың ортасында аударылған, сынған мебель, ақтарылған матрас, шағылған әйнек пен ыдыстар, гүлі солып күйреген қауашақтар, су тиіп ісінген жастықтар, көрпелер, кілемшелер бықып, үйіліп жатыр. Башмағының табанына ұн, жүгері бадынағы, қант, мысық тезегі, құм жабыстырып ас бөлмеге өтті. Тоңазытқыш есігімен жер қауып құлап жатыр, сонда да моторы гүрілдеп жұмыс істеуде, есік тұтқасы түбінен еденге кәдімгідей көлшік жасап, сары көбік аққан. Сөрелердегі банкілер мен құмыраларды жылан жалап кеткендей, түк жоқ, тек быршыған шарап иісі мүңкиді. Ақшыл кафель бетіне біреу пеш тазалайтын пастамен баттитып «Құрыңдар бәрің!» деген сөз жазып кетіпті.

Михаэл анасын ойран орнын көруге шақырды. Оның жоғарыға көтерілмегеніне екі ай болған еді. Жанары жасқа толған анасы қонақ бөлме табалдырығында жатқан нан жайғыш тақтайдың үстінде тұрып қалды.

- Неге сонша бүйтті екен?- деді сыбырлап. Ас үй жаққа барғысы келмеді. – Сондай жақсы адамдар еді, - деп сыбырына сыбыр қосты. - Олар енді бұл қайғыны көтере алса жақсы ғой.

Михаэл анасын сүйемелдеп бөлмесіне қайта алып келді. Ол бірден тынши алмады, Бермандар қазір қайда екен, олар қайтып келгенде, үйді кім жинастырып, кім жуып-шаяды деп көпке дейін қайғырумен болды.

Шешесін төсегіне жатқызып, К. ойраны шыққан пәтерге қайыра көтерілген. Тоңазытқышты тіктеп орнына қойды да, ішіндегі қалған-құтқандарды түгел шығарды, шыны сынықтарын сыпырып бұрышқа үйді, көлшікті сүртті, қоқысты целлофан қалтаға салып, сыртқы есік аузына апарып қойды. Жеуге жарайтындарды бөлек алып, реттеді. Қонақ бөлмені жинастырған жоқ, тек перделерді ғана, үңірейген терезе ойықтарын жауып тұрсын деп, орындарына ілді. «Мен мұны Бермандар үшін емес, шешем үшін істедім», деді өзіне-өзі.

Терезелерді әйнектеп, едендегі көгеріп иістене бастаған кілемдерді алмайынша, қожайындардың бұл жерде тұра алмасы айдай анық еді. Дегенмен, жуынатын бөлмені көрген сәтке дейін, пәтерге көшіп алсам қайтеді деген ой басына кіріп те шықпаған болатын.

-Тек бір-екі түнге ғана, - деді анасына жалынып, - бар болғаны жалғыз жатып жақсылап ұйықтап алуың үшін. Оған дейін ары қарай қалай өмір сүретініміз шешіліп те қалар. Күшеткені түнде жуынатын бөлмеге кіргіземін де, таңертең қайтадан өз орнына қоямын. Олар менің мұнда болғанымды сезбейді де, уәде беремін.

Ол күшеткені жуынатын бөлмеге апарып, үстінен жамылғы төсеп, терезе көзін картонмен бітеді де, шам жақты. Ыстық су келіп тұр екен, жуынып алды. Таңертең бәрін орнына қайта реттеп, осында түнеп шыққанынан із де қалдырмады. Пошташы келген. Бірақ Бермандар жәшігіне ештеңе салған жоқ. Себезілеп жаңбыр жауып тұрды. Михаэл үйден шығып, аялдама қалқасының астында жаңбырға қарап біраз отырды. Кешкісін, Бермандардың бүгін де келмесіне көзі жеткен соң, ол тағы да қожайындар пәтеріне көтерілген.

Жаңбырлы күндер созыла берді. Бермандардан ешқандай хабар болмады. Ол едендегі көлкіген суды балконға қарай ағызды, ағын жолдарын бітеді. Бөлмелер желдетілгенмен, көк иісі ұлғаймаса, азаймады. Ол ас бөлмедегі қоқысты түгел қалтаға салып жинастырып, күресінге апарып тастады.

Ол енді түнді ғана емес, күндізін де пәтерде өткізе бастады. Ас бөлмедегі шкаптан жорналдар бумасын тауып алған еді. Кереуетте немесе ваннада жатып, соның беттерін парақтап, сұлулар мен тәтті тағамдар суретіне қарайды. Әсіресе тағам түрлері қатты қызықтыратын. Суретті анасына да көрсетті: шошқаның қуырылған сом еті, айналасы шие және апельсин тілімдерімен көмкерілген, жанындағы қаймақ салынған тостағанда малина, крыжовник қосып пісірілген тәтті нан.

-Қазір ешкім де мұндай тамақ ішпейді, - деді анасы. Ол келіскен жоқ.

-Шошқалар соғыс болып жатқанын білмейді ғой, - деді, - Апельсиндердің де соғыспен шаруасы жоқ. Ас өнімдері қалай өссе, солай өсе береді. Сондықтан оны біреулер жеуге тиіс.

Ол өзі тұрған жатақханаға барып, тиісті төлемдерін төледі. –Мен жұмыстан шықтым, - деді қызметшіге. - Шешеммен бірге, мазасыз даңғазалардан аулақ, ауыл жаққа кетеміз. Ұрықсат қағаз күтіп жүрміз.

К. өзінің велосипеді мен шамаданын алды. Қоқыс орнындағылармен саудаласып, бір метрдей болат сым түсірді. Қолдан жасалған орындық бекітілген қол арба, өзі қойған жерінде, үй сыртындағы алаңқайда тұр, өйткені ол велосипедтің доңғалағын алып, оған жәшік орнатып, шешемді қыдыртып жүрсем деген бастапқы жобасынан бас тартқан жоқтын. Доңғалақ жақсы айналғанмен, шығып кете берді де, қалай бекітерін білмей қиналды. Ол сымнан жасалған валикті білікке кигізіп, қысқыш жасап, сағаттар бойы тынымсыз әуреленсе де, түк шығара алмады. Ақырында бәріне қолды бір-ақ сілтеп, өзіне-өзі, уақыты келгенде бірдеңе ойлап табармын деді де, бөлшектенген велосипедін Бермандар ас бөлмесінің еденінде жайраған күйінде қалдырды.

Қонақ бөлмедегі шашылған заттар арасынан транзистор тауып алған. Көрсеткіш ұшы тілшіктердің ең соңғысына барып тіреліп тұр, батареясы отырған, ол оны да біраз әурелеп көргесін тастай салмақшы еді, алайда, кейін, ас бөлмедегі жәшіктерді ақтарып жүріп, транзисторға жалғанатын желі тауып-ап токқа қосып қойды. Енді күнде кешкісін ваннадағы төсегінде жатып, жапсарлас бөлмеге құлақ түріп, музыка тыңдайтын болды. Кей-кейде әуен оны әлдилейді. Таңертең оянғанда, музыка әлі ойналып тұрады немесе бұл түсінбейтін әуезді тілде біреулер сөйлеп жатады, тек кейбір мекендердің таныс атаулары ғана есінде қалар еді: Уэйккерструм, Питерсбург, Кинг-Уильямстаун. Тағы бірде өзінің де музыка ырғағымен әлдене деп ыңылдап отырғанын байқар еді.

Жорналдар жалықтырғасын, ол енді ас бөлмедегі қолжуғыш астына қаланған газеттерді қарай бастады, газеттер тым ескі еді, сондықтан онда жазылған оқиғаларды, кейбір футболшыларды білгені болмаса, есіне түсіре алған жоқ. Газеттердің біріндегі тақырып: «КАМИСКРУНДЫҚ КІСІӨЛТІРГІШ ҰСТАЛДЫ!» деп айқайлап-ақ тұр, астында сурет, онда қақшиған қос полицайдың ортасында қолы кісендеулі, ақ көйлегінің пәрша-пәршасы шыққан еркек бейнеленіпті. Кісен салмағынан сәл еңкейіп, иығын түсіріп жіберген, бірақ, әлде Михаэлге солай боп көрінді ме, осылай істеуге тиісті едім, істедім деген кісіше обьективке жымия қарап қалыпты.

Одан төмендегі екінші суретте бауы салбыраған мылтық бейнеленіп, астына: «Қанішердің қаруы» деген сөз жазылған. Оқиға сипатталған газет парағын К. тоңазытқыш қақпағына жапсырған, сосын доңғалақтармен қайта әуреленіп жатып, ауық-ауық басын көтеріп, қайдағы бір Камискрун деген жерден шыққан адаммен көздері еріксіз түйісіп қалған еді.

Басқа істейтін жұмыс таппай, ол қонақ бөлме ішінен жіп керіп, құрғатпақ болып, бермандардың су тиген кітаптарын ілген еді, кеппегесін, көңілі одан да суыды. Негізі ол кітаптарды ұнатпайтын, ал мыналар әскерилер мен әйелдер туралы екен, өздерінің аты да қызық, мәселен, Лавиния деген немене өзі, сондықтан мұндай оқиғаларға селт етпейтін. Соған қарамастан бірнеше альбомдағы Ионика аралдары, Испан Мавританиясы, Көлдер елі –Финляндия, Бали, басқа да әлем елдерінің көрікті жерлері бейнеленген, бірақ аралары жабысып қалған беттерін ашып, қалпына келтірді.

Бір күні шиқ етіп есік ашылды, К. ұшып тұрған, табалдырық аузында комбинезон киген төрт еркек тұр: олар бір сөз айтпастан мұны баса-көктеп ішке өтті де, үйдегі заттарды сыртқа шығаруға кірісті. Ол дереу аяқ астында шашылып жатқан велосипед бөлшектерін жинастыра қойды. Аяғын сүйретіп, бөлмесінен әрең шыққан шешесі, саты бойлап жоғарыдан түскен еркектердің бірінен: - Қожайын қайда, мистер Берман қайда? - деп сұрады.

Еркек иығын қиқаң еткізгені болмаса, үн қатқан жоқ. К. көшеге шығып, фургон жүргізушіні сөзге тартқан.

-Сіздерді мистер Берман жұмсады ма?

-Сен өзі не айтып тұрсың? – деді жүргізуші таңданып.

Михаэл анасын төсегіне қайта әкеп жатқызған.

-Менің бір ақылым жетпейтіні, - деді шешесі, - неге олар маған хабар салмай кетті. Егер біреу есік қағып келіп, қараңды батыр, бұл бөлмеде енді менің үй қызметшілерім тұратын болады десе, не істеймін? Қайда барамын?

К. анасының қасында отырып, оның таусылмайтын арыз-шағымына құлақ түріп қойып, аялап, қолдарын сипалады. Сосын велосипед доңғалақтарын, сымды, саймандарын, күн түсіп тұрған үй сыртына әкеп жайғастырды, - доңғалақтар біліктен шығып кетпес үшін қалай да бірдеңе ойлап табуы керек қой. Күні бойы тыртаңдап, кеш түсе біліктің екі басынан темір арамен айналдыра егеп із салды, енді білікті дюймдік бұрандалармен бекітсе де болады. Ол доңғалақтарды білікке кигізіп, бұрандамен бекітті, бұрандалар ағытылып кетпес үшін енді сыммен орнықтырса, осымен мәселе шешілді деуге де болар. Жұмысына қайта кіріскенше асыққаны сонша, кешкі астан ауыз тиді де қойды, түнде жөнді ұйықтаған жоқ. Таң атысымен ескі арба қорабының табанын бұзып алып, оған қабырға, арқалық орнатты, қос қабырғалыққа екі жағынан ұзын тұтқа бекітті, дайын жәшікті білік үстінен қойып, сыммен мықтап орап тастады. Рикша арбасына ұқсағандай бірдеңе шықты, тек аласалау әрі онша орнықты емес, дегенмен, анасын алып жүруге жарауға тиіс; солтүстік-батыстан суық жел тұрып, жағажайда демалушылардың ең бір өлермендерінен басқа жан қалмаған сол бір кеште ол шапан мен көрпеге оранып, ернінде жылы жымиыс ұялаған анасын тағы да серуенге алып шыққан еді.

Сәт сағаты соқты. Үйге оралысымен, арба құрастыра бастаған кезде-ақ басына келіп, содан бері есінен кетпей жүрген жоспарын анасының алдына жайып салды. Ұрықсат күтіп, бостан-босқа күйзелудің керегі жоқ. Ұрықсаттың сыбысы да сезілмейді. Ұрықсатсыз бәрібір пойызға отырғызбайды. Ал бөлмеден кез-келген күні-ақ қуып жіберулері мүмкін. Осының бәрін біле тұра, анашым-ау, қалайша сен Принс-Альбертке арбамен алып баруыма қарсы болуға тиіссің? Арбаның сондай жайлы жасалғанына өзіңнің де көзің жетті ғой. Сызды ауа денсаулығыңа зиян, алдағы күніміз не болады деп қайғыра бергеннен пайда жоқ. Принс-Альбертте денсаулығың тез түзеліп кетеді. Жолда екі күннен артық жүрмейміз. Дүниеде қайырымды адам жоқ деймісің, машинасына мінгізіп, барар жерімізге жеткізіп салуы да мүмкін ғой.

Ол сағаттарға созылған тәжіке үстінде өзінің тапқырлығы мен сөз шеберлігіне өзі таңғалды. Шешесінің: -Қыс көзі қырауда ашық аспан астында мен қалай ұйықтаймын?- деген қарсылығына: Егер сәті түсіп кетсе, деген бұл, Принс-Альберт, машинамен бар болғаны бес сағаттық жер, бір-ақ күнде жетпейміз бе? Шеше сонда да күдікті: Ақжауын құйып берсе ше?- дейді. Онда, дейді К., арба үстінен төбеден су өтпейтіндей етіп кенеп тартамын. Полиция ұстап алса ше? Полицияның бізден гөрі маңыздырақ шаруалары бар шығар, дейді К. бұл сұраққа да жауап тауып, халқы аузы-мұрнынан шыққан қаладан кеткісі келгеннен басқа жазығы жоқ қос кінәсіз жанды ұстағаннан оларға не түседі. Біздің бөтен біреулердің шоланына жасырынып түнеп, жұрт аяғына оралғы боп көшеде қайыр сұрап жүргенімізді аңдып несі бар. Оның сендіре сөйлегені сондай, ақырында К.Аннаның көнбеске лажы қалмады, бірақ екі шарт қойды, әуелі тағы бір рет полицияға барып ұрықсат келген-келмегенін білесің, екінші, жол жүруге мұқият дайындалып алғанша мені асықтырмайсың; Михаэл шешесі қойған шарттарға қуана келісті.

Таңертең, мүлде келмей қоюы мүмкін автобусты босқа күтіп тұрғанша деп, тас жолмен Си-Пойнт орталығына дейін, жолай бұлшық еттерінің шымырлығын, жүрек соғысының бірқалыпты дүрсілін сүйсіне сезініп, желе жортып жүгіріп барған. «Релокация” деген жазуы бар тақташа тұрған үстелден басталған кезектегі адам қарасы қалың екен, кісіге сенімсіздікпен қарайтын полицай формасындағы көші-қон жөніндегі нұсқаушы әйелдің алдына арада бір сағат өткенде ғана әрең деп жетті.

К. әйелге қолындағы екі теміржол билетін ұсынды.

-Ұрықсат келді ме екен, білейінші деп едім.

Нұсқаушы бұның алдына қарай өзіне таныс бланктың екеуін сырғыта салды.

-Толтырып, Е-5 бөлмеге апарып тапсыр. Қолыңда тапсырыс берілген орындарға алынған талондарымен қоса билеттерің болсын. – Ол көз қиығын Михаэл артында тұрған еркекке қарай бұрды. – Сөйлеңіз...

-Тоқтай тұрыңыз, - деді К., әйел назарын өзінде қалдыруға тырысып.- Мен мұндай бланктерді толтырғанмын. Мен тек ұрықсаттың келген-келмегенін білсем деп едім.

-Әуелі керек орындарды алдын-ала бекітіп қой, ұрықсатыңды сосын аласың. Орындарды алдын-ала бекітіп пе едің? Қай күнге?

-Тамыздың он сегізіне. Алайда шешем...

-Тамыздың он сегізіне дейін әлі бір ай бар! Егер сіз ұрықсат сұрап, ұрықсат берілген болса, оны поштадан аласыз. Келесі қайсың!

-Менің де білгім келгені осы ғой! Егер ұрықсат берілмеген болса, мәселені басқаша шешпеймін бе. Менің ауру шешем...

Нұсқаушы үстелді алақанымен қойып қалды.

-Сен босқа уақыт алма! Соңғы рет айтамын: ұрықсат берілген болса, аласың. Кезекті көрмеймісің? Немене, түсінігің жоқ па? Әлде, кеңкелеспісің? Келесі!

Әйел жақтауға сүйеніп, әдейі Михаэлдің иығынан асыра ұзын кезекке қарады.

-Келесі! Иә, сен!

Бірақ К. тынысын ауыр ала демігіп, нұсқаушының өңменіне қадалған көзін алмастан, тұрған жерінен қозғалмады.

Сирек мұрты айналып кеткен ернін жасыра алмайтын оған әйел тағы да жиіркене жақтырмай бір қарап алды да:

-Келесі! – деді қатты дауыстап.

Ертесінде, таң бозамығынан бір сағат бұрын, К. шешесін тұрғызып, ол киінгенше, арбаны дайындап, жәшік табанына көрпешелер, арқалығы мен қапталдарына жастық төсеп, шамаданды тұтқаға іліп қойды. Арба үстінен қара түсті пластика тартылған еді, тұрқы биік бала арбасына ұқсады да қалды. Шешесі көргенде, тұра қалып, басын шайқады. «Білмеймін, білмеймін», деген сөз үзілді аузынан. Оған тағы да үгіт айтуға тура келді: тағы біраз уақыт өтті, ақыры әрең дегенде барып арба орындығына жайғасқан. Енді ғана байқады, арба өзі ойлағандай соншалық үлкен емес екен, рас, анасын еркін көтере алды, тек төбе аласалығынан басын сәл төмен иіңкіреп отыруға мәжбүр, тарлау да екен, не қолын, не аяғын еркін қозғай алмайды. Шешесінің көрпемен оралған тізесінің үстіне тамақ салынған дорба мен примус, басқа да бірсыпыра киім-кешек орналастырылды. Көрші пәтер терезесінде жарық жағылды. Толқындардың жартастарға соғылған шуылы естіліп тұрды.

-Небары бір-екі күн,- деді анасына сыбырлап, - көздеген жерімізге жетеміз. Тек жан-жағыңызға шайқалмауға тырысыңыз.- Ол мақұлдап бас изесе де, қалқалаған қолын бетінен алмады. К. еңкейіп: -Ана, қалғың келе ме? – деп сұрады.- Қаласаң, кетпей-ақ қояиық.

Ол бас шайқады. Соны күткендей, кепкесін маңдайына түсіре киіп, тұтқадан мықтап ұстап, арбаны тұман жамылған жол сұлбасына қарай дөңгелете жөнелді.

Ол ең қысқа жолды таңдаған: іш жағынан өртеніп, сырты қирай бастаған тамдарға тіркескен ескі цистерналар жатқан бос алаңқайды, ара-арасында қабырғалары қарайған қоймалар орналасқан, қазір шпаналарға мекен болған, шақырымдарға созылған доктар қатарын жанап өтті. Таң азанымен тым ерте қарсы ұшырасқандардан ешкім бұларға көз қиығын да салмады, тоқтатқан да жоқ. Көшеге небір таңғаларлық арбалар мен көліктер шыға бастады: рөл орнатылған жүк арба, артқы білігінің үстінен қаластырып жәшіктер артқан үш доңғалақты велосипед, бауырының астына себеттер ілінген қол арба, доңғалаққа орнатылған жүк салғыш, неше алуан тәшкелер. Қазіргі уақытта кемі сексен ранд тұратын есек, бағасы жүз рандтан кем түспейтін резеңке доңғалақты арба сүйретіп, ол да кетіп барады.

К. бірқалыпты ырғақпен аяңдап, ұйып қалған қолы мен иығын жазу үшін әрбір жарты сағаттан кейін сәл демалыс жасап келеді. Анасын арбаға отырғызған бетте-ақ байқаған, салмақ әсерінен ортадағы білік ептеп артқа қарай ауып кеткен. Соның салдарынан шешесі ыңғайлырақ отыру үшін қозғалса болды, арба ауырлай түседі. Шешесі күдік алмас үшін, өзінше шаршағанын білдірмеуге тырысып, үнемі жымиумен келеді.

-Тас жолға бір жетіп алсақ, - деп қояды ентігін әрең баса сөйлеп,- бізді көлігіне алатын біреу-міреу қайтсе де кездесер.

Сәскеге қарай олар ұсқыны кеткен Паарден-Эйланд зауыты ауданына ілінген. Тас қабырға түбінде екі жұмысшы жүрекжалғар нандарын жеп отыр: олар жандарынан өтіп бара жатқан арбаға қадала қарады. Қабырғада жартылай өшсе де, қара бояуы баттиған «ҚАУІПТІ АЙМАҚ!» деген ескертпе жазу. Қолы ұйып-ақ қалды, К. сонда да арбаны тағы жарты милдей сүйреген. Қара өзен көпірі аузында шешесін арбадан түсіріп, жол ернеуіндегі көгалға отырғызып, тамақтарын ішті. Жол бойы бос, қыбырлаған қара жоқ, көңілі құлазыды. Маңай жым-жырт, әнге салған құстар үні естіліп тұр. Ол қалың шөпке екпетінен жата кетті де, көзін жұмды.

Дырылдған оқыс дауыс оятып жіберді. Алыстан жеткен найзағай гүрілі ме деп еді, алайда гүріл күшейе түсіп, көпірдің бетон тіреулерін зыңылдата бастады. Оң қанаттағы қала жақтан, шағын жылдамдықпен, әскери тұрғыдан толық жарақталған қос жұп мотоциклші көрінді, иықтарында винтовка, олардың соңын ала ашық люктен жауынгер мергеннің мойны сорайып, броневик зырғып келеді. Оның артында, көбі бос, шұбатылған ауыр жүк машиналар. К. еңбектеп жар жиегіне көтерілді де, анасының қасына келді; ауа мұздағандай азан-қазан даңғаза дыбыстардың астында екеуі бір-біріне иық тіреп, машиналардан көз алмай, сіресті де қалды. Машиналар толассыз өтіп жатыр, өтіп жатыр. Содан кейін жеңіл автомобилдер, фургондар, пикаптар, олардың артын ала төбесі брезентпен бүркелген жасыл түсті әскери жүк машиасы, брезент астында екі қатардан орналасқан каскалы солдаттар. Ең соңынан төрт мотоциклші көрінген. Олардың бірі, алдыңғы жұптан, мойнын бұрып, К. мен оның шешесіне байыптай қарады. Сүйткенше мотоциклшілердің екеуі тізбектен бөліне бұрылып, жол жиегіне тақады. Біреуі жиекте қалды да, екіншісі жар басына көтерілді.

-Тас жол бойына тоқтауға болмайды, - деді ол шлемінің күн қағарын сәл жоғары көтеріп, сосын арбаға зейін аударды. – Сендердікі ме?

К.мақұлдап бас изеді.

-Қайда жол тарттыңдар?

К.жауап бермекші еді, үні қамасып, сөз орнына әлдебір түсініксіз қырыл естілгесін, ол тамағын қырнап, айтпақ сөзін қайталады:

-Принс-Альбертке, Карудегі.

Мотоциклші ысқырып жіберді де, ақырын арбаны шайқап көрді, сосын қасындағы жолдасына әлдене деп бірдеңелерді айтып, қайтадан бетін К. жаққа бұрды.

-Бұдан ары тас жол бойында бақылау бекеті бар. Тоқтап, рұқсатыңды көрсетесің. Қаладан шығуға берілген рұқсаттарың бар ма?

-Иә.

-Рұқсатсыз шығып кетуге тыйым салынған. Бақылау бекетіне барған соң, рұқсат қағазын, құжаттарыңды көрсетесің. Дұрыстап тыңдап ал мені: елу мертдей бір бүйірлеу барып тоқтаңдар. Оңға ма, солға ма, еркің біледі. Жақын барсаңдар, - ескертусіз атып тастайды. Түсінікті ме?

Михаэл бас изеді.

Мотоциклшілер машина еріне қарғып-қарғып мінді де, колонна соңынан зуылдатып қуа жөнелісті. К. анасының бетіне тік қарауға қаймығып:


-Бұдан гөрі тыныштау жолды таңдауымыз керек еді, - деді ақырын тілге келіп.

Дереу кері қайтқандары дұрыс болар еді, алайда өйтсем ұятқа тағы қалармын деп ойлап, анасын арбаға отырғызды да, ескі аңғарларға дейін апарды, жол шетінде шынында «джип» тұр екен, ал үш солдат жорық пешіне шай қайнатып әуре. Мұның оларға айтқан өтініш-мұңы далаға кетті.

-Ұрықсатың бар ма, әлде жоқ па? – деді капрал тықақтап. – Өзің кімсің, шешең кім? Түкірдім. Рұқсатың жоқ екен, өтпейсің. Сөз бітті.

К. шешесі жағына мойын бұрған, ол арбаның қара кенеп шатыры астынан жас солдатқа немқұрайды қарап отыр.

Капрал қолын сермеп қойып:

-Сендердің кесірлеріңнен қырсыққа ұшырар жайым жоқ! – деп айқай салды. – Әуелі рұқсаттарыңды әкеліңдер, сосын өткіземін!

К. арба тұтқасынан ұстады да, арка астына қарай доңғалата жөнелген; капрал оларды көзімен ұзатып сап тұрып, арбаның бір жақ дөңгелегінің қисалаңдай бастағанын байқады.

Бич-роуд басталатын бағдаршамнан өткенде, кеш қарайып кеткен еді. Күндізгі оқиға кезінде тас жол бойында кездескен автомобилдер шетке, көгал үстіне шығып қалған. Басқыш астындағы бәкене бөлме есігіндегі кілт әлі орнында тұр. Бөлмедегінің бәрі бұлар қалай қалдырса, сол қалпында тап-таза: жиналған, реттелген, жаңа тұрғын келуіне дайын. Шапаны мен шапатасын шешпестен Анна К. жалаң матрас үстіне құлай кеткен; Михаэл арбадағы көрбай – жөрбайларын әкелді, жастықтарға жаңбыр тиіп суланып қалыпты.

-Апа, бірер күн өткесін тағы көрерміз талаптанып, - деді Михаэл ақырын. Ана бас шайқады да қойды.

-Апа, ұрықсат келмейді, - деді ол үстеп. – Тағы бір көрейік, тек бұл сапар айналма жолмен кетеміз. Барлық жолға бекет қоя алмайтын шығар.

Михаэл матрас шетіне тізе бүкті де, анасының иығына қолын салып, ол қалғып кеткенше қыбыр еткен жоқ; сосын жоғарыға көтеріліп, бұл түнгі ұйқысын Бермандар пәтерінде өткізді.

Екі күннен кейін, таң қылаң бермей тұрып, олар Си-Пойнттан шығып, ары қарай тартып кеткен. Әрине, көңіл күйлері бірінші жолғыдай аса көтеріңкі емес. Өйткені К. сапар барысында талай мәрте жол үстінде түнеулеріне тура келетінін жақсы түсінген еді. Анасы болса, алыс сапарға деген ынтасын мүлде жоғалтып алғандай. Жүзі түнеріп, ауық-ауық кеудем ауырады деп зарланып қойып, аяғына жаңбыр тимесін деп, тізесі үстінен К. жасап берген пластик бүркемеге сүйеніп селт етпестен қақшиып отырады. Резеңкесі болар-болмас шиқылдап, арба дымқыл гудрон үстімен жеңіл доңғалай жөнеледі; Михаэл басқа бағыт таңдаған: Сэр Лаури-роуд, Мейн-роуд арқылы орталықтан өтеді, қала шетіндегі Моубрей темір жол көпірінен асып түседі, бұрынғы балалар ауруханасын жанамалай, одан ары қарай ескі Клипфонтейн-роуд арқылы кетеді. Осы тұста, аржағынан төбесі қаңылтыр, қиқы-жиқы фанер үйшіктер қарауытқан, майысып-қайысып қалған сым қоршаудың ішіндегі гольф ойыны алаңында олар алғаш рет аялдады. Тамақтанып болғасын К. ала кететін машина болса, тоқтатсам деген ниетпен арба тұрған жол жиегіне көтерілген. Жол бойында қозғалыс жоқ десе де болғандай. Бірінен соң бірі шамдары мен терезелерін торлап тастаған шағын үш жүк машинасы өтті. Оның артынан қоңырау тағылған сұлу аттар жегілген дәу арба жылжып бара жатты: үсті толған бала, олар жол үстіндегі жалғыз-жарым жолушыларға саусақтарын шошайтып, бет-ауыздарын құбылта шуылдай күліп, мазақ етісіп өтті. Көпке дейін басқа жүргінші көзге түспеді, сүйтіп тұрғанда дәл қастарына жүк машинасы келіп тоқтай қалған, тізгінші семент зауытына дейін жеткізіп салуға келісіп қана қойған жоқ, арбаны машина қорабына тиесуге көмектесіп те жіберді. Құрғақ та жылы кабинада отырып, К. артта қалып зулап жатқан шақырымдық бағаналарға көз қырын сала отырып, анасын шынтағымен ақырын түртіп еді, ол әлсіз жымия жауап қайтарды.

Бұл күні басқа сәтті жағдай туа қоймады да, цемент зауыты жанында бір сағаттан аса бөгелген: жүргіншілер мен велосипедшілер ағын судай қаптады, алайда қала қоқысын таситын жалғыз машинадан басқа көлік қарасын да көрсетпеді. Күн еңіске қарай ауды, жел екпіні бетті ауырта осқылай бастады; К. арбаны жол үстіне алып шығып, ары қарай доңғалата жөнелді. «Мүмкін осылай болғанының өзі дұрыс шығар, - деп ойлап қойды. –Ешкімге тәуелді емессің». Алғашқы сапардан кейін ол білікті екі дюймдай алға жылжытып қойған-ды, соның арқасында арба қазір құс қауырсынынан да жеңіл сияқты сезіледі. Көп ұзамай ол шөпшек тиелген тәшке итеріп бара жатқан адамға қуып жеткен, екеуі қатарласа бергенде ол бұған сәлем жолдап бас изеді. Анасы өзінің, жан-жағы биік қабырғалармен қоршалған кішкентай қараңғы кабинасында, көзі жұмулы, басы кеудесіне салбыраған күйі ештеңе сезген жоқ.

Үлкен тас жолға жарты милдей қалғанда, К. тоқтап, анасының арбадан түсуіне көмектесті де, сосын оны жол жиегінде қалдырып, өзі түнеп шығарлық қолайлы орын іздеп, бұта мен шөп өскен қалың арасына қарай кетті. Бұлттар арасынан беті кіреукеленген ай сұлбасы көрінеді. Бір-біріне оратылған тамырлар ұйысып, сызды жер былқылдап, шірінді иісі аңқып тұрған бұла табиғат аясынан тіпті аяқ басатындай да құрғақ жер табылмады. Тоңып-жаураған ол жол танабына қайта көтерілген.

-Айтсам, ана жер онша қолайлы емес, - деді шешесіне, - бірақ амал нешік, бір түнге шыдаймыз ғой.

Ол арбаны бұта арасына жасырып, бір қолымен шешесін демеп, екінші қолымен шамаданды көтеріп, қалыңға қарай бойлаған. Олар салқын бәліштерін жеп, жапырақ төсеніштеріне қисайды, астарынан өткен сыз біртіндеп киімдерін дымқылдандыра бастады. Түн ортасы кезінде жаңбыр жауып кетті де, олар бұтақтары арбиған жүдеу талдың астын паналаған, көрпелерін бастарына көтере, бір-біріне тығыла түсті бүрісіп. Жаңбыр толастамастан құйды да тұрды. Көрпелер әбден малшынған кезде, К. арбаға дейін төрт тағандап еңбектеп барды да, ондағы пластикалық жабуды алып келді. Анасының басын иығына сүйеген еді, тамағы қырылдап, ауыр дем алып отырғанын байқады. Анасының үздіксіз зары неге тыйылып қалғанын сонда ғана түсінді, ол әбден қажыған немесе бойын немқұрайдылық жеңген.

Ол Стелленбос пен Парл жол айырығына ертерек жетіп алу үшін, сапарын таң бозамығынан бұрын бастамақшы еді. Алайда анасы бұл кезде мұның бүйіріне тығыла түсіп тәтті ұйықтап жатты да, оятуға қимады. Күн жылына бастағанда, өзін де ұйқы қысып, жібермеді. Ақыры анасын жол танабына алып шыққанда, сағат он шамасын көрсеткен. Су тиген көрпелерді арбаға жайғастырып жатқанда, бұларға бейтаныс екеу келіп тиісті; айдалада бірі арық бала, бірі кәрі кемпір, олар шарасыз жандарды шырылдатып қолдағыларын тартып алуға ұйғарған еді. Бишаралардың көңілдерінде күмән қалмас үшін тонаушылардың бірі жең ішінен үлкен пышақ шығарып қолына алды, екіншісі шамаданға жармаса кетті. Пышақ жүзі жарқ ете қалған сәтте-ақ К. бірден түсіне қойды, қазір анасының көз алдында тағы да масқарасы шығады, ол арба сүйретіп кейін, Си-Пойнттағы бөлмесіне қалай қайтатынын, бұрыштағы матрас үстінде анасының үнсіз қалпын көргісі келмей көзін жұмып, күні-түні бір орнынан тапжылмай қалай бүрісіп отыратынын қиялына елестетті. Ол қолын арба ішіне сұғып жіберіп, өзінің жалғыз қаруы – біліктің жарты метрдей кесіндісін суырып алды. Білікті басынан асыра бұлғап, сол қолымен бетін қалқалап, ол пышағын жалаңдатқан тонаушыға тап берген, анау артқа қарай ыршыды, анасы да қарап қалмай сай сүйекті сырқыратқандай ащы дауыспен шыңғырып-шыңғырып жіберген. Тонаушылар шегініп кетті. Ашудан көзі шоқтай жанып, білік кесіндісін қолынан шығармаған күйі К. үнсіз қимылдап, шамаданды өз орнына жайғастырды, аяқ-қолы селкілдеп зәресі ұшып кеткен анасын арбаға отырғызды, тонаушылар болса аңысын аңдығандай жиырма метрдей жерде ұйлығыса тұрып қалған еді. Міне, ол арбаны тас жолға шығарды да, олардан біртіндеп ұзай бастады. Тонаушылар аз-кем уақыт арттарынан түскендей кейіп көрсетіп, пышақ ұстағаны боқтық айтып қоқаңдағаны болмаса, кенет, қалай тез пайда бола кетсе, солай тез қалың арасына кіріп көзден жоғалды.

Тас жолда машина жоқ, есесіне әдетте адам аяғы баспайтын дәл ортада сәнді киінген адамдар қаптап жүр. Жолдың қос қапталына кісі бойынан асып жабайы бұталар өскен, асфальт жарылған, жарықтарды қуалап қылтиып шөп шыққан. К. үстеріне бірыңғай қызғылт түсті көйлек киіп, шіркеуге бет алған апалы-сіңлілі үш қызға теңесті. Қыздар арбадағы миссис К-ні көрді де, оны бірден сөзге тарта бастады. Сонау Стелленбостағы айналмаға жеткенше қыздардың үлкені арбамен қатарласа жүріп, миссис К-нің қолынан ұстап босатқан жоқ. Қоштасарда миссис К. әмиянынан алып, қыздардың әрқайсысына бір-бір бақыр ақша ұстатты.

Қыздардың айтуынша жексенбі күні әскери колонналар жүрмеуге тиіс еді, алайда Стелленбос тас жолына жеткенде бұлардың жанынан, шеру басын үсті ауыр, ұялы тормен бүркелген, ашық тұрған артқы қақпағы жағында автоматтарын көлденеңдей ұстаған қос солдатты фургон бастап, фермерлердің жүк машиналары ағылып өте бастады. К. асыға қимылдап жол жиегіне ығысқан. Үлкендер арбадағыларға таңырқай қараса, балалар әлдене деп айқайлап, қолдарын шошайтып өтеді. К. олардың не дегенін ести алған жоқ

Тас жолдың қос қапталында жапырағы қурап, бұтақтары селдіреген жүзімдіктер алқабы созыла түсіп жатыр. Кенет ауадан жаралғандай, әуеде торғайлар тобы пайда бола кетіп, бұтақтар басына жапырыла қонған. Сол сәтте топтана қайта көтеріліп, қас-қағымда жоғалды. Аулақтан қоңырау үні естілді.

Михаэл көзіне, неге екені белгісіз, жетімхана елестеді: аурухана кереуеті үстінде отыр, алақанымен жастықты күмпілдете соққылап, күн сәулесінде билеген шаң түйіршіктеріне қадала қарап қалған.

Ол бар күшін сарқа сүйретіліп Стелленбосқа жеткенде қас қарайып кеткен еді. Көшелер қаңырап, суық жел үдей соғып тұрды. Қайда түнейді, ол жағына ақылы жетер емес. Жөтел қысқан анасы соқпасы артынан демі тарылып, тұншығып қала жаздайды. Ол алғаш кездескен кафе жанына тоқтады да, ет қосып пісірілген бәліштер сатып алды. Өзі бірден үшеуін жеді, анасы біреуін. Анасы тәбетін мүлде жоғалтып алса керек.

-Мүмкін, дәрігерге қараларсың? – деп сұрады.

Анасы бас шайқап, кеудесін сипалады.

-Тамағым құрғағаны болмаса, - деді ол, - бәрі дұрыс.

Анасы, сірә, ертең, я арғы күні Принс-Альбертке жетіп қалармыз деп ойлаған болар, сондықтан оны ренжіткісі келмеді.

-Біздің ферманың аты есімнен шығыпты, - деді анасы, - бірақ адамдар ұмытпайды ғой, сұрасақ айтар. Онда тауық қора жанынан ұзын мал қамағы басталатын, ал қыр басында – су сорғыш. Біз төбе етегіндегі үйде тұрдық. Артқы жақ қапталда жабайы өскен алмұрт болушы еді. Міне, сен осы айтылған жерді іздейтін бол.

Түнге қарай олар әлдебір түкпірге аяқ тіреген; Михаэл картон қораптарды сөгіп, жерге төседі. Жатын орынның бір жағына жел өтпесін деп картоннан қабырға жасап еді, бәрібір жел үстінен аса соғып ызыңдады да тұрды. Шешесі түнімен тынбай жөтеліп, бұл жөнді ұйықтай алмады. Бір рет көшеден ақырын жылжып күзет машинасы өткен еді, жөтелі естілмесін деп алақанымен анасының аузын баса қойды.

Таң қылаң бере анасын арбасына отырғызды. Жансыз адамша басы салбырап кеткен, соған қарағанда ол қайда жүргенін түсінбейтін де сияқты.

Михаэл көзіне түскен бірінші адамды тоқтатып, одан ауруханаға қалай баруға болатынын сұрады. Анна К. бойын тіктей алмай, алға қарай құлай бергесін, Михаэл К. арбаны әрең ұстап тұрған.

-Тамағым тас боп кеуіп қалды, - деді шешесі үні өлімсіреп, қайта-қайта жөтеліп, қақырық тастап.

Ауруханада ол анасын орындыққа жайғастырып, қашан кезегі жетіп, алып кеткенше иығынан демеп қасында отырды. Араға біраз уақыт салып артынан іздеп барған, қаптаған тақтай төсектердің арасында, өз тақтайының үстінде, танауында түтік, ес-түссіз жатыр екен. Не істерін білмей сасқалақтап, қашан қуып шыққанша, дәліз бойында әрлі-берлі қалбалақтап жүрді де қойды. Күннің екінші жартысын қысқы күннің әлсіз шуағына жылынып, аурухана ауласында өткізді. Екі рет ұрланып қатар-қатар тақтай төсектер тізілген дәлізге өтіп, анамды алып кеткен жоқ па екен деп білгісі келген. Үшінші жолы аяғын ұшынан баса білдірмей келіп, еңкейіп, анасының бетіне үңілді. Анасы демсіз жатқан секілденді. Қорыққаннан жүрегі тоқтап қала жаздады, жүгіріп үстел басында отырған мейірбикеге келген, келе қолынан ұстай алып:

-Өтінемін сізден, тездетіңізші! Барыңызшы, көріңізші! – деді даусы тарғылдана асыға сөйлеп.

-Өзің не деп тұрсың! – деді мейірбике ысылдап.

Десе де соңынан еріп тақтай төсек басына келген, назарын айдалаға аударған күйі кейуананың тамыр соғысын ұстап көрді. Сосын бір сөз айтпастан бұрылды да, үстел сыртындағы жұмыс орнына қарай жылжыған. Мейірбике қағазға әлденелерді сүйкелектеп болғанша, К. үстел жанында бұралқы итше үнсіз тұра берген. Анау ақыры бас көтерді.

-Ал енді тыңда, - деді үнін бұқтыра ақырын сөйлеп,- көремісің, қанша адам жатқанын? - Ол қолын шошайтып дәліз бен палаталарды нұсқады. – Бәрі де менің келгенімді күтіп жатыр! Біз бұлармен тәулігіне жиырма төрт сағат бойы арпалысамыз. Ал мен кезегімді тапсырар кезде... сен кетпе, тыңдап ал! - Бұдан кейін ол мұның жеңінен тартып, бетіне тура қарағанда, көзінен аққан жасын тыя алмай парлата тұрып, айқай салды. – Мен кезегімді тапсырарда, шаршайтыным сондай, тамақ ішуге де күшім жоқ, топлиымды шешпестен құлап, ұйқыға кетем. Көремісің, бұл жерде мен жалғызбын! Екеу емес, үшеу емес, жалғызбын. Түсінемісің? Әлде осыны түсінуге де ақылың жетпей ме?

К. назарын одан ала қашып:

-Кешіріңіз, - деді жауабына не айтарын білмей міңгірлеп. Аулаға шығып кетті.

Шамадан анасында қалды. Кеше бәліш алғаннан қалған бірер бақырдан басқа ақша жоқ. Сол қалған ұсаққа томпақ нан алып жеп, шүмектен су ішкен. Жерге түскен қалың жапырақты аяғымен ескектеп, көше кезді. Баққа келіп, аз-кем сәкі үстінде шоқиды. Бұтақтар арасынан көрінген көк аспанға қараған. Дәл төбесінен естілген тиын шиқылы шошытып, ұшып тұрды. Оған кенет арбаны ұрлап кетпеді ме деген мазасыз ой келіп, ауруханаға қайта оралған. Арба өзі қалдырған орнында екен. Ішіндегі көрпе, жастық, примусты түгендеп шықты, бәрібір басқа сақтайтын жер жоқ, бәрін бір-бірлеп бастапқы орындарына тыға-тыға салды.

Алтыда жұмысқа жаңа ауысым кірісті де, ол бөлімшеге өтуге тырысқан. Дәлізден анасын таппады. Кезекші мейірбикеден қайда деп сұрап еді, ол аурухананың ең түкпір тұсына сілтеді, барған, бірақ ол жерден де дұрыс жөн сөз ести алған жоқ. Кезекші алдына қайта келгенде, ол ертең таңертең жолық деді. Холдағы сәкіде түнеп шығайыншы, деді бұл, жоқ, болмайды, деді ол.

Үй бұрышына барып, басын картон қорапқа тығып жатып ұйықтады. Түс көрді: қолында үлкен дорба, анасы мұны көріп қайту үшін «Норениус» жетімханасына келіп тұр. «Арба өте баяу қозғалады екен, - дейді, - принс Альберт алдымнан өзі шығып, мені алып кетпекші». Қызығы, дорба сондай жеп-жеңіл. Денесі мұз боп қатқан Михаэл жаурап оянды. Тісі-тісіне тимей қалшылдағаны сондай аяғын жазуға да шамасы жетпеді. Әлдеқайдан уақыттың үш, әлде төрт болғанын білдіріп сағат қоңырауы соғылды. Ашық аспан төрінде жұлдыздар жақұттай жайнап тұр. Бір ғажабы, ауыр ұйқы жан дүниесін күйзелтпепті.

Көрпеге оранып әуелі бұрышты айналды, сосын көшеге шығып, дүкендердің қараңғылап қойған терезелеріне үңілген, аржағында қаз-қатар манекендер - көктемгі киім үлгілерін жарнамалап жансыз қалшиып қалған.

Ақыры ауруханаға кіруге рұқсат алған еді, анасының үстінде қара шапан емес, аурухананың ақ көйлегі, әйелдер палатасында жатыр. Көзі жұмулы, танауында кешегі түтік. Аузы омырайып, жүзі солып, тіпті қолының терісіне дейін әжім қаптап, бүрісіп кетіпті. Ол анасының қолынан ұстап еді, анасы қыбырлап жауап қайтаруға да жарамады. Палатадағы кереуеттер төрт қатар, тарлығы сондай, араларынан өту мүмкін емес, құйрық басатын да жер жоқ.

Сағат он бірде санитар тарелкемен галет және шай әкеп, анасы төсегінің жанына қойып кетті. Михаэл анасының басын көтеріп, күрешке шетін ерніне тосып еді, ішпеді. Ол ұзақ күтті, шай суыды, аш қарны шұрқырай бастады. Санитар күрешкелерді жинастыра бастағанда, шайды толайымен қағып салып, галетті де екі шайнап бір-ақ жұтты. Кереует арқалығында ыстық көрсеткіштері жазылған қағаз ілулі: Михаэл ұзақ үңіліп, бұл сандардың анасына, әлде басқа біреуге қатысы бар-жоғын ақыры біле алған жоқ.

Ол дәлізге шығып, ақ халат киген еркекті тоқтатып, одан ауруханада маған қандай да бір жұмыс табылмас па екен деп сұрады.

-Ақша керегі жоқ, - деген, - әйтеуір бір іспен айналыссам деп едім. Еден сыпырсам, тағы сондай. Бақша ішін тазартсам.

-Бірінші қабаттағы кеңсеге барып біл, - деді еркек тоқтамастан өте беріп. К. ол кеңсені ақыры таба алған жоқ.

-Аулада оны бір емделуші сөзге тартты:

-Мұнда сен қоянжырық ерніңді тіктіру үшін түстің бе?

К. жоқ деп бас шайқады. Әлгі бұған күдіктене қарап алды да, өзінің трактор астында қалып, жіліншігі мен жамбасының қалай сынғаны, сосын дәрігерлердің мұның сүйектерін шегелермен, ешқашан шірімейтін күміс шегелермен қалай бекітіп тастағаны жайында үзақ-сонар хикаятын бір демде айтты да салды. Өзі біртүрлі қызық, бұратылған алюмин таяққа сүйеніп жүреді екен.

-Тамақ ішетін жер жоқ па? – деп сұрады К. – Кешеден бері нәр сызғам жоқ.

-Достым, бері қара, - деді еркек бірден тіл қатып, -екеумізге бір-бірден тәтті нан сатып әкел. – К-ның қолына ұсақ тиын ұстатты.

К. дүкеншіктен ішіне құс етін салып пісірген ып-ыстық күйінде екі тәтті нан әкелген. Сәкіге өзінің жаңа досымен қатарласа отыра кетіп, біреуін асығыс жей бастады. Нанның тәтті болғаны сондай, К. көзіне жас үйірілді. Таяқ сүйенген кісі енді бұған қарындасының кенет селкілдеп кететін ауруға ұшырағаны жайында айтуға көшкен. К. бұтақтардағы құстардың сайраған үніне құлақ тосты, сонымен бірге, өмірімде тап осы қазіргі сәттей рахат кешкен кезім болды ма екен деп ойланып, есіне түсіре алмады.

Ол күні бойы және кешкісін бір сағат анасының қасында болды. Екі беті қудай, демі әрең білінеді. Бір рет иегі қимылдағандай болған: К. арбалған адамша аузы аңқия ашылып, күйген терідей бүрісіп қалған еріндерінен сорғалаған сілекейге қарап қалды. Бірдеңе деп сыбырлаған сияқтанған, бірақ К. не дегенін түсінбеді. Мұны шығарып салуға келген мейірбике шешеңе ұйқы дәрісін егіп жатырмыз деді.

-Не үшін? – деп сұрады К.

Мейірбикенің көзін ала беріп К. шешесінің жанында тұрған және көрші кереуеттегі кемпірдің шайларын, ұры иттен жаман сұғанақтықпен, бірінен соң бірін қағып салды.

Өткен түн өзі ұйықтап шыққан қалтарысқа келіп, картон қораптарын таппады, сірә, әлдебіреу көріп күресінге тастаған-ау. Бүл күні бейтаныс үйдің дарбазасында, есік табалдырығында түнеді. Дәл бас жағындағы мыс тақташадан «Заңгерлер –Ле Ру және Хаттинг» деген жазуды оқыған. Осы маңайдан өтіп бара жатқан полицай машинасының даусынан оянғандай болды да, ұйқыға қайта шомды. Әйтеуір, бұл түні өткен түнге қарағанда онша қатты тоңа қойған жоқ.

Кешегі шешесі жатқан кереуетте басы тұтастай дәкемен таңылған басқа әйел жатыр. К. аяқ жақта тұрып, оған ұзақ қарады. Мүмкін, мен палатаны шатастырып алған шығармын деп ойлады. Мейірбике жанына келді:

-Менің шешем... кеше осы жерде...

-Анау үстелдегіден барып сұра, - деді мейірбике.

-Шешең өткен түні дүние салды, - деді ол жерде әйел дәрігер.-Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық, бірақ ол тым әлсіз еді. Сізге хабар берейік десек, ал сіз телефон нөміріңізді қалдырмай кетіпсіз.

Михаэл бұрышта тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті.

-Телефонмен хабар айтқыңыз келе ме? – деп сұрады дәрігер әйел.

Ол бас шайқады.

Біреу күрешкемен шай әкелген, қағып салды. Үстінен төне қаумаласқан біреулер жүйкесіне тигені. Назары яғының басына ауып, жұдырығы түйілді. Бірдеңе айтуға тиіс пе? Ол жұдырығын бір ашып, бір түюмен болды.

Оны төменге, анасын көрсетуге алып барған. Анасы қолдарын жамбастата созып жіберген, кеуде тұсына әлдене жазу жазылған аурухана көйлегімен жатыр. Танауындағы түтік алынған. Ол анасына біраз қарап тұрды да, сосын көзімді енді қайда әкетсем деген ойдан қинала бастады.

-Туысқандарынан басқа біреу-біреу бар ма? – деп сұрады кезекші мейірбике. – Сен оларға телефон шалғың келмей ме? Әлде, біз өзіміз сөйлесейік пе?

-Қажеті жоқ, - деді К. Үстел басынан шегініп, қайтадан бұрыштағы орындыққа барып отырды.

Оны өз жайына қалдырған, түсте ол патнаспен әкеп берген аурухана дәмімен өзек жалғады.

Қасына кәстөм киіп, галстук таққан еркек келіп, анасының толық аты-жөні, жасы, мекен-жайы, діни сенімі туралы айтып беруін сұрады. Стелленбосқа ол не үшін келген? Қаладан шығуға берілген рұқсаты болып па еді?

-Мен оны туған жеріне апармақ едім? – деді К. – Ол Кейптаунда тұрды, онда суық, жаңбыр толассыз құяды да тұрады, денсаулығына жақпады. Сондықтан десаулығына қолайлы жерге жеткізгім келді. Біз Стелленбосқа тоқтайықшы деп ойлаған да жоқ едік. – Тап осы жерге келгенде, артық сөйлеп қойдым ба деп мазасыздана бастады да, кейінгі сұрақтарға жауап бермей қойды. Ақыры еркек шыдамын тауысты ма, сұрақтарын доғарып, кетіп қалған. Біраздасын қайтып келіп, қасына тізерлей отырды да:

-Сен өзің бұрын-соңды жүйке ауруханасында немесе кемшін балаларға арналған мекемеде, я болмаса әлдебір жетімханада жатып көрдің бе? Әйтеуір, бір күндерде жалақы алған кезің болды ма?

К. жауап қатқан жоқ.

-Мына жерге қол қой, - деп еркек қағаз ұсынды. –Қол қоятын жерді көрсетті.

К. тартынып бас шайқаған, керек қолды еркек өзі қоя салды.

Түнгі алмасымнан кейін, К. автотұрақ жақты бетке алған. Түнгі аспанға көз тастап қойып, олай жүрді, былай жүрді, сосын ауруханаға қайта оралып, бұрыштағы үйреншікті орындығына келіп шоқиған. Бұл жерден оны ешкім қуған жоқ. Кейінірек, жұрт аяғы басылған кезде, шешесін көргісі келіп төменге түскен. Бірақ таба алмады, әлде ол жатқан бөлме есігі жабық тұрды ма екен? Ол кір салынған үлкен сым шандыма жәшік ішіне кірді де, бүк түсіп, таң атқанша ұйықтап шықты.

Шешесі өлген күннің ертеңінде қасына бұрын көріп-білмеген мейірбике келіп:

-Жүр, Михаэл, бәрі дайын, -дегені. Соңынан ерген, холдағы үстел жанында шешесінің бар мүлкі – жалғыз шамадан мен қос түйіншек жатыр.

-Аруақты болғыр шешеңнің киімдері, бар заты шамадан ішінде, - деді бейтаныс мейірбике, - алып кетуіңе болады. Көзінде көзәйнек, байыппен асықпай сөйлейтіні сондай, қағаздан оқып тұрғандай әсер береді. К. үстел басында отырған қыздың көз қиығымен бұларды бақылап отырғанын байқады.

-Ал мына түйіншекте, - деді мейірбике сөзін жалғастырып, - сенің шешеңнің күлі. Ол бүгін таңертең өртелді, Михаэл. Біз бұл күлді жерлесек те болады, алып кетемін десең де еркің. Шешімін өзің айт. – Ол күл жатқан түйіншекті саусақ ұшымен түртіп қойды. Түйіншектің екеуі де сұр жіппен буылған, тек күл жатқаны шағындау көрінеді.- Қаласаң, бұл істі өз жауапкершілігімізге алайық. – Түйіншек үстінен саусақ ұшымен сызып өтті.

К. бас шайқап қарсылық белгісін білдірді.

-Ал мынаған, - деді батыл қимылдаған мейірбике екінші түйіншекті мұның аяғы астына қарай жылжытып, - саған керек болар-ау деген кәкүр-шүкірдің біразы салынған, киім, мұрт қырғыш дегендей.

Ол күлімсіреп, мұның бетіне жылы шырай бере қарап қойды. Үстел басындағы қыз болса, қайтадан машинкесін тырсылдата жөнелді.

Демек, бұл жерде мүрде өртейтін орын болғаны ғой деп ойлады К. Ол алаулаған пештің отты өңешіне бірінен соң бірі тоғытылып жатқан палаталардағы қаусаған кемпірлерді көз алдына елестетті: көздері жұмулы, еріндері жымқырулы, қолдары созылған. Әуелі алаулаған от бұрқ еткізіп шаштарын жалмайды, сосын біртіндеп басқа дене мүшелерін - бәрі өртенеді, күлге айналады. Ал алаулап жалын атқан пешке ауық-ауық біреулерді тастап тұрмаса болмайды-ау, сірә...

Жалғасы бар...

Орыс тілінен аударған: Өтен Ахмет

Сәуір-шілде, 2011 жыл, Астана.

АУДАРМАШЫ ТУРАЛЫ:

Өтен Ахмет – жазушы, драматург, аудармашы.

«Алыптың адымы» деген алғашқы очерк-кітабы 1968 жылы, содан кейін «Алда күн бар», (1973), «Адам болғым келеді», (1975), «Алтын арқау», (1977) повестері, «Қоңыр үй», «Заңғар» (1988), «Қарқаралы аруы» (2008), «Сахна сыртындағы адам» (2018), «Мәңгілік ғұмыр»романдары жарық көрген.

Республикалық, облыстық театр сахыналарында қойылған «Темірқазақ», «Жұлынқұрт», «Кенесары–Наурызбай», «Бағдаршам», «Студенттер», «Желтоқсан ызғары», «Банкрот», Ахмет Байтұрсынұлы мен оның адал жары Александра-Бәдрисафа өміріне арналған «Азаппен өткен өмір-ай», мемлекеттік қайраткер Жалау Мыңбайұлы туралы «Елім деп өткен Ер Жалау», «Ананың ақ сүті», «Әке өкініші» пьесаларының авторы.

Жан Ануйдың «Медея», Жан Расиннің «Федра», Георг Бюхнердің «Войцек», Бернард Шоудың «Адам Ата-Хауа Ана», Э.Радзинскийдің «Нерон мен Сенека, Рим театры», Хайнер Мюллердің «Филоктет» пьесаларын, Нобель сыйлығының лауреаттары Дж.Кутзеенің екі романын, А.Рюноскэ, Р.Брэдбери, А.Кроулер, Дж.Ричи, С.Кинг, Я.Кавабата, Х.Кортасар, Д.Сэлленджердің әңгімелерін қазақ тіліне аударған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар