Уве зергерлік бұйымдар дүкеніне кіріп, есігін іштен дыбысын шығармай жапты. Бірінші қабаттағы жарық пен дабылды өшірген соң, «сатып алуға» кірісіп кетті. Бұл жолғы жымқыруын бүге-шүгесіне дейін жоспарлап, тыңғылықты әзірленіп, сауысқандай сақтанды. Енді оған ешкім де, ештеңе де қолбайлау болмайды. Әр аттаған қадамына дейін алдын ала мұқият зерделеп, тиянақтап алды. Ғимараттың үстіңгі қабаттарында бюролар орналасқан. Ал екінші қабатында әйелдер мен ерлер киімдерін тігетін бөлмелер орын тепкен. Дәл осы сәтте ғимаратта тірі пенде жоқ.
Бұл жолы Уве іске жалғыз өзі кірісті. Соңғы ұрлықтан кейін басқа куәгерлер Увенің аузын ақ айран қылып, сатып кетуінің соңы мұның он жыл өмірін темір тордың ар жағында өткізуіне алып келген. Абақтыдан жексенбі күні еркіндікке шыққан кезде, оның оқығаны «Егер әділетсіздік жасасаң, оны қайткен күнде біреу көріп тұрады» деген сөздер болды. Осы сөйлем есінен кетпей-ақ қойды.
Зергерлік бұйымдар дүкенінің түпкі бөлмесіндегі көне сейф лезде әрі қиындықсыз ашылып кеткенде Увенің тіптен жыны келді. Өйткені оның бұл саладағы шеберлігінің қажеті де болмай қалды. Ол сейфтегі лағылға қоса басқа да бағалы тастарға қол салды. Білезік, сырғаларға саусағының ұшын да тигізбеді. Бұл жолы шындығында із білдірмей кеткісі келді.
Жақын маңдағы шіркеу қоңырауының үш рет соққанынан сағаттың таңғы үш екенін білді. Бір сағаттан кейін бұл арадан кезекті бақылаушылар жүріп өтеді. Увенің ойлағаны жүзеге асатын болса, тездетіп осы жерден қарасын батыруы тиіс. Ол өзі үшін ешбір қауіптенбеді. «Мамандығыңызды өзгертіңіз. Сізге тынышырақ жұмыс керек. Электрик болып істеңіз»,-деп кеңес берді мұның денсаулығын тексерген абақты дәрігері. Дәрігер тіпті бұрын қылмысты болғандарды жұмысқа алатын шеберхананы да атады.
Кенет зергерлік бұйымдар дүкенінің алдына әлдебіреу келіп тоқтады. Сөйтсе, желдің өтінен қашып, шылымын тұтатып алғысы келген кісі екен. Қалтасынан тапаншасын дереу суырған Уве бірден сырттағы еркекті нысанаға алды. Ол жөніне кеткенде ғана көңілі жайланып, ісін қайта жалғастырды.
Қолы-қолына жұқпай шапшаң қимылдаған ол шаруасын межелеген мерзімінен әлдеқайда тез тындырды. Бұл жолы артына ешбір із қалдырмай кеткісі келді. Бұл кезде қала қалың ұйқыда болатын. Көшеде қыбырлаған жан жоқ. Тысқа шыққан ол түнгі ауамен терең тыныс алды. Осы сәтте өзін керемет еркін әрі қауіпсіз сезінгені соншалық, тіпті көлігіне қайта келіп отырған кезде бірден жүріп кете салмады. Алдымен аяқ тықыры естілмеу үшін аяқкиімінің сыртынан киген жұмсақ шұлығын, мәшинесін оталдырмас бұрын жайымен отырып қолғабын да шешті.
Кенет ғимараттың екінші қабатының терезесінен ер адамның бейнесі көзге шалынғандай болды. Шынында әлгі еркек төмендегі бұған қарап тұрған тәрізді. Мүмкін емес. Жоғарыда тұрған еркектің мұны көруі әсте мүмкін емес. Кенет «Қайткен күнде де біреу көріп тұрады!» деген әлгі сөз есіне сап ете түсті. Сол қолымен машина терезесінің шынысын ашып жатып оң қолымен тапаншаның шүріппесін басып қалғанда екінші қабаттағы терезенің күлпаршасы шықты.
Уве тез арада жүріп кетпекші болғанымен, орнынан қозғала алар емес. Зәре-құты қалмай, әлгі шынысы сынған терезеге қарап еді, әлгі еркек бұған әлі қарап тұр... Ештеңе де өзгермеген.
...Полиция келіп жеткенде Увенің көлігінің моторы дүрілдеп тұрды. Өзі рульдің үстінде жатыр. Шақырған дәрігер «жүрек талмасынан кеткен» деді.
«Бірақ атылған оқты өз құлағыммен естідім ғой»,- деді хабар берген еркек. Сосын ол: «Қараңыздар, мында қираған шынының сынықтары жатыр ғой, көріңіздерші!» - деді тағат таппай.
Сонда ғана олар екінші қабаттағы терезенің сынғанын көрді. Полиция қызметкерлері зергерлік бұйымдар дүкенінің үстіндегі тігінші бөлмесіне кірді. Терезе тұсында витрина манекені сыртқа қарап тұр екен.
Атылған оқ басын тесіп өтіп кетіпті.
Ханно өзін жәбірлеуге жол бермейді
Белгілі журналист әрі театр сыншысы Артур Розенбергер театрдағы қойылым бітер-бітпестен сыртқа беттеді. Қойылым көңілдерінен шыққан көрермендер де дуылдата қол шапалақтап жатқанын ол газет редакциясына бару үшін таксиге отырып жатқанда да естіді.
«Көрермендер қойылым өте сәтті шықты деген пікірде»,-деп ойлады Артур Розенбергер. «Спектакль жалпы жаман болған жоқ әрине. Бірақ басты рольде ойнаған Янс Ханноның ойыны масқара болды. Ол мүлде ойнай алмады».
Розенбергердің аты актерлерден кәсіби шеберлікті талап еткіштігімен шыққан. Оның сыни мақалалары көрермендердің пікірінен тым алшақ жатады. Актерлердің жер-жебіріне жетіп, сынап жазудан ол үлкен ләззат алатын. Ал мына Ханно...
Артур Розенбергердің осы жолғы сыни мақаласы өте өткір жазылғаны өз алдына, тіпті Ханноны түкке алғысыз етіп тастады. Мақаласында ол Ханноға актерлікті тастап, басқа мамандықты меңгергені жөн депті.
Ертеңгісін бұған Ханноның менеджері Бернд Дросте қоңырау шалды: «Янс сіздің сыни мақалаңызды оқып әбден ашуланды. Оның мұншалық кейігенін көрген емен, мен Янсты көптен білемін ғой. Ол жайлы не себептен бұлай жаздыңыз? Янс Ханно рөлін соншалықты жаман ойнаған жоқ. Оның енді қандай әрекетке баратынын білмеймін. Сонша қаралауға қалай дәтіңіз барды? Ханноның жігері біржолата құм болды. Қазір ешкіммен де сөйлескісі жоқ».
Розенбергер Бернд Дростемен бұрыннан таныс-біліс болғандықтан, сыни мақаласы жайлы онымен тәжікелесіп жатуды қажет деп таппады да: «Егер ол сынды көтермесе, тездетіп басқа жұмыс қарастырсын!" - деп салқын ғана жауап қайырды да қош айтысты.
Кешкісін Розенбергер пәтерінде шағын отырыс өткізді. Сағат он бірде қайтуға ыңғайланған қонақтарын үйдің сыртқы есігіне дейін шығарып салып, пәтеріне қайта оралса, есігі айқара ашық тұр екен. Қараса, қоңыр диванында я көктен түсті ме әлде жерден шықты ма Ханно отыр.
Оның ызбарлы жымиысы Розенбергерге түрпідей тиді.
- Қонақтарыңызды үнемі осылай салқын қарсы аласыз ба? Ішуге ешнәрсе ұсынбайсыз ба? Сізге алыстан асығып жеттім. Мүлде қалжырап әрі жаурап отырған жайым бар,-деп күлді Ханно.
- Кеткеніңізді қалар едім.
Розенбергер дегбірсіздене пәтерінің есігіне жетіп барды.
Орнынан саспай көтерілген Ханно әлі жиналмаған дастарқанға қарай беттеді. Онда меймандардан желінбей қалған салаттар, шошқа еті, нан, тәтті нан, ірімшік, бұзау етінен әзірленген және бір тағам тұр еді.
- Дастарқан жаман емес. Хм-м, бұзау етінен пісірілген тағам, оған қоса тәтті нан.
Ханно брэндиді қолына алып, жайбарақат үстелді айнала жүрді.
-Бұл енді шектен шыққандық,-деп Розенбергер телефонға жүріп еді, Ханно алдын кес-кестеді. «Сабыр сақтаңыз! Алдымен сөйлесейік те».
Брэнди құйылған рөмкені алған Розенбергер ызадан булыққаны соншалық, қолындағыны әзер ұстады.
-Не болды сонша? Театр сыншысын да үрей билей ме?-деп мысқылдады Ханно. Рөмкедегі брэндиді өңешіне құя салған бұл болса:
- Сөйлеңіз. Айтатыныңызды айтып, табаныңызды жалтыратыңыз,-деді ызаланып.
-Мен театрда 12 жасымнан ойнап келемін. Театр менің үйім, сіз соны түсінемісіз?
Актер аптықпай, нығарлай сөйледі.
-Иә.
-Жақсы. Мені актерлікке бір-ақ түн ойланып келмегенімді енді білген боларсыз. Әрине, бәрі оңайлықпен келмейді. Мен де қиын кезеңді бастан кештім. Сондағы түйгенім: біреудің мені жәбірлеуіне жол бере алмаймын!
Қолын қалтасына апарған ол жып еткізіп тапаншасын алып шықты.
-Мынаны көріп тұрмысыз?
Тапаншаны көргенде Артур Розенбергердің зәресі ұшты.
-Тапаншаны әдейі сіздей сыншылар үшін алдым. Мұны қайдан алғанымды білесіз бе?, - деп ызғарланды Ханно.
-Жоқ.
-Менің ең жақын досым осы тапаншамен атылып қалды. Ол да мен сияқты актер болатын. Бірақ түбіне сыншылар жетті.
Егер ол тапаншасын қазір көрген болса, қуанар еді.
-Сіз өтірікті шындай айтады екенсіз. Қорқытпақсыз ғой, солай ма?-деп қалтырады Розенбергер.
-Ерігіп тұрған мен жоқ. Ендігі кезек сіздікі, Розенбергер.
-Жоқ, әзілдеп тұрсыз,- десе де, іс насырға шаба ма деп қауіптенді.
-Өкінішті. Мен де басқа жол жоқ ендеше. Сіз мені иттің етінен жек көресіз. Кезінде актер болғыңыз келгенімен, қолыңыздан келмеді. Сосын да мен сияқты актерлерде есеңіз кеткендей сынап-мінеп, түбіне жеткіңіз келеді.
Екі көзі тапаншада тұрған Розенбергер үрейін жасырмақ боп әрекеттенді. Мұның қалтырап, қорқып отырғанында шаруасы жоқ Янс Ханно сөзін әрі қарай сабақтады.
- Қазір шағын оқиға болмақ. Сіздің атылып қалғаныңызды көрген полицияға ертең бәрі қолмен қойғандай түсінікті болады. Қонақ қабылдап, біраз іштіңіз, сосын тапаншаны айналдырдыңыз...
Осы сәт Ханно актердің көздері атылатын мылтықтың аузындай үрейлі көрінді.
-Не болды? Жағдайыңыз жақсы ма?,-деп күлген Ханно тапаншасымен Розенбергерге таяды.
Артқа ақырын шегініп, үстелге тірелген ол дастарханнан қолға ілігер бірдеңені іздеді.
-Қорқайын дедіңіз бе, Розенбергер мырза? Сіздей сыншылардың мүддесі басқаларды қорқыту емес пе еді!?
Осы кезде Розенбергердің саусақтары брэнди бөтелкесіне тиді. «Енді көмегім тиетін шығар» деп Ханно оған сұстана қарағанша болмай Розенбергер бөтелкені жіберіп қалды. Брэнди қос жанарының ортасына дөп тиіп, көзінің оты жарқ еткен актер аузын ашқан күйі еденге дыбыссыз сылқ етті. Ханноның мерт болғаны анық.
Қолына Янс Ханноның тапаншасын алған Розенбергер абдырап тұрып қалды. Полицияға хабарлау керек деген оймен телефонға бара бергені сол еді, есік қоңырауы шылдыр етті. КелгенБернд Дросте екен. Өзібұғанқарапжымияды.
-Ол керемет ойнады ма? Ханноны айтам, рөлін асқан шеберлікпен орындады ма? Сіз ғой онда әртістік қабілет жоқ дейсіз,-деп қарап тұр.
Тілі күрмелген Розенбергер еріксіз саусағымен тапаншаны айналдырды. Қараса, тапанша оқталмапты.
-Янс, қайда жасырынып қалдың? Жауап берсейші!,-деп күле сөйлеген Бернд үйге ене берді...
Елден ерек кеудеше
Грайнер орамалға ораған бір келі есірткіні ақшаға айналдырмақ болып жатқан жерінде, полиция Хорст оны есірткісімен бірге қолға түсірді. Бірақ алғашқы сатып алушы полицияның адамы болып шықты. Енді Грайнер комиссар Вюрцердің алдында отыр.
- Сонымен Грайнер, сыбайластарыңыз кім? Алдыңғы айтқандарыңыз жалған! – деп, комиссар қатулана тіл қатты.
Оның бетіне бедірейе қараған Грайнер жұмған аузын ашпады.
-Жігітім! Ақылға келіңіз. Бүкіл кінәні жеке өзіңіз мойынға алмақсыз ба? Біз басқаларын қалайда құрықтаймыз. Егер ағыңыздан жарылсаңыз уақытты да үнемдейсіз. Істің ашылуына септігіңізді тигізсеңіз өз жағдайыңызды жеңілдетесіз!.
Бірақ Грайнерде тіл жоқ. Бар айтқаны:
- Сіздерге шындықты бүкпесіз айтып отырмын. Әйеліммен Ыстамбұлда демалып жүргенімде бейтаныс біреу есірткіні автокөлігіме айырбастамақшы болды. Осыған келіскен мен оған автокөлігімді бердім де, ұрланды деп хабарладым. Сосын үйге қайтып кеттік.
- Бізді ақымақ көресіз бе? Автокөлігіңізді бір келі таза есірткіге айырбастадым дейсіз бе? Шағын ғана ескі көлікті осыншама есірткіге ме?
Комиссар орнынан тұрып кетті.
- Комиссар мырза, баға мен сапа дегеннің не екенінбілмеймін. Автокөлігімнің де ақшасынәлітөлемегенедім, – дедіолкінәсінтүнеремойнынаалып.
- Олай болса, барар жеріңіз абақты. Сыбайластарыңызды сіздің көмегіңізсіз-ақ табамыз. Іс толығымен ашылғанша осында отыратын боласыз, –деп ашу шақырды комиссар Вюрцель.
Содан үш апта бойы комиссар қызметтестерімен бірге істі анықтаумен болды. Біраз адамнан жауап алғанымен, еш нәтиже шықпады. Грайнер жақ ашпаған соң ештеңені дәлелдеу мүмкін болмады.
«Сыбайластары Грайнермен бірлесе отырып әрекет еткені анық. Бұл түбінде аузын ашуға тиіс қой», – деп пайымдады Вюрцель. Альберт болса:
-Басеке, мен онша сенімді емеспін, Грайнердің айтып отырғаны шындыққа жанасады ғой. Ақшасы болмаған соң да есірткіні сатпақ болды.
-Жоқ. Грайнер бізге өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп соғып отыр. Басқаларының есімін жасырады. Шамасы, олардан жасқанатын болар. Мұның әйелі мен екі үрпек бас баласы бар. Бұларға сырттан келер кіріс көзі таусылғанша Грайнер жұмған аузын ашпайды.
-Бірақ Грайнердің ешкіммен байланысы жоқ қой, мұны қалай білмек? Осыған шейін бұған әйелі ғана бір-ақ рет келді.
-Әйелі оған әлдене деп сыбырлап кеткен болар. Дәл қазір абақтыға барып, әйелімен тілдескен сәтте қасында тұрған полиция қызметкерімен сөйлесіп көрелік.
Абақтыға келген олар екеуінің әңгімесіне куә болған полиция қызметкерінен сыр тартып көріп еді, ол:
-Жоқ, әйелі Грайнерге еш хабар айтқан жоқ. Олар бір-біріне қарама-қарсы отырды. Көп сөйлескен жоқ. Маңызды дейтіндей де ештеңе айтылмады.
-Нақтырақ айтыңыз. Сіз үшін маңызсыз болғанымен, біз үшін маңызды болып қалар.
-Иә, айтпақшы, бір нәрсені аңғардым, – деп есіне түсірді бір кезде ол.
-Әйелі үстіне ешкімде жоқ, елден ерек кеудеше киіп алыпты. Жылы кеудешесі кілең нүктелер мен сызықшалардан тұрады. Түрлі-түсті көрінді, сұмдық енді. Ал юбкасы елден ерек қызық өрнектеліпті.
Осы сәт Альберт:
-Әйелдің киімінде тұрған дәнеңе жоқ, – дей беріп еді, комиссар Вюрцер:
-Нүкте мен сызықтар дейсіз бе? Бұл есіме әлденені салады. Грайнер кезінде теңізші-радист болған. Әйелінің қолымен жылы кеудешеде жазылған Морзе белгісін ол қарсы алдында отырғанда оқыған. Бәрі түсінікті болды. Енді фрау Грайнердің пәтерін тінту керек.
Қателеспепті. Олар пәтерден жылы кеудешені бірден тауып алды. Ақ түсті жылы кеудешеде қаптаған көк және қызыл нүктелер мен сызықшалар бар екен. Оның бірінші жолы: «Жақ ашпа», екінші жолы «Отбасың қараусыз қалмайды», ал соңғысы: «Үлесің сақталады» деп Морзе белгісімен көрсетіліпті.
-Адам сенгісіз, мына гангстерлердің ойлап таппайтыны жоқ, – деген комиссар Грайнерді алыпкелуге жіберді.
Неміс тілінен аударған: Рауза Мұсабаева
Аудармашы туралы:
Рауза Мұсабаева - ұстаз, аудармашы, журналист. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Неміс жазушысы Элеонора Хуммельдің "Берлин балықтары" романын, Эдит Шмитцтің "Өліге қоңырау шалды" криминалдық әңгімелер топтамасын, «Таңғажайып глобус» атауымен неміс ертегілер топтамасы, т.б. шетел шығармаларын қазақша сөйлеткен.
2009 жылы Берлинде (Германия) өткен неміс көркем шығарма аудармашыларының дүниежүзілік коллоквиумына қатысты. 2011 және 2015 жылдары грантпен Цюрихтегі (Швейцария) Лорен Аудармашылар үйінде шығармашылықпен айналысу мүмкіндігіне ие болды. «Таңғажайып глобус» атауымен неміс ертегілер топтамасының қазақ тіліндегі аудармасы Гете институттың қолдауымен жарық көрді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.