(Қазіргі қазақ әдебиетінің хал-ахуалы туралы)
Жас ақын Еламан Хасенұлына
Армысың, Еламан! «Әдебиет – ардың ісі» атты жауап үлгісінде жазылған әдеби хатыңды мен де, оқырман да, әдеби орта да оқып та, талдап та үлгерген болар...
Досым, әйгілі Мұхтар Мағауиннің тәмсіліне салып, ойымды айтар болсам, әдебиет есігін ашқанымда, алдымда екі жол жатты. Бірі – көркем әдебиет, екіншісі – әдебиеттану ғылымы. Өзің білесің, мен балаларға арнап әңгіме, хикаят жазып жүрген жас прозаиктардың бірімін. Ал, әдебиеттану мен әдеби сынға араласуым – қызығушылығым һәм бойымдағы зерттеушілік қасиетімді шыңдау, арттыру. Әрбір әдебиет зерттеушісі – өз заманының жоқтаушысы, насихаттаушысы, жаршысы. Біздікі – әдебиетке деген жанашырлық ниет қана! Хатыңда: « Қазіргі қазақ әдебиеті өкілдерін буын-буынға бөліп, атын атап, түсін түстеп берген осынау мақаланың жүгі ауыр деп білемін. Тиісінше, мақала авторы ретінде сенің мойыныңа түсер салмақ та жеңіл емес, әрине» , –депсің. Иә, оның рас. Біз қазіргі заманға баға бере алмаймыз. Оған кейінгі ұрпақ баға береді. Біз тек кәсіби талдаулар мен болжамдар жасауымыз мүмкін(Профессор А.Ісімақова), бірақ, жастардың (замандастарымыздың) мерзімді басылымға немесе ғаламторға жарияланып жүрген «жылт еткен» шығармаларын оқып, одан алған әсерді, жас қалам иесінің қарым-қабілеті хақында оқырманмен ой бөлісуді парыз әрі әдебиеттану саласында оқыған соң, бұны өзімізге жүктелген міндет ретінде санайтынымыз бар.
Тәуелсіздік тудырған таланттардың шығармашылығын бір мақалада саралай талдап, толық таразылау әсте мүмкін емес. Соңғы жылдары әдебиетімізге жас ақындар мен прозаиктер топ-тобымен келуде. Осылардың барлығын дарынсыз, талантсыз дей алмаймыз. Ал, олардың шығармашылығындағы бір «жылт еткен» дүниені көре тұрып, айтпау, талдамау – әділетсіздік болар. 2011 жылдан бері әдебиетке жаңа енген «жас перілер» арасынан көкшетаулық Мерген Тоқсанбай, оралдық Шерхан Талап пен Алпамыс Файзолла, түрікстандық Батырхан Сәрсенхан, шымкенттік Әлімжан Әлішер, алматылық Нұртас Тұрғанбекұлы сынды замандастарымыздың есімдерін атау ләзім. Осы аталған жастардың шығармаларын мемлекеттік қолдау аясында «Жас толқын» сериясымен шығып жатса, жақсы еді.Болашақтарынан үлкен үміт күтеміз.
Сенің хатың арқылы қарқаралылық Аян Мейраш пен семейлік Арман Шеризатов сынды жастардың шығармаларымен жақын танысудың сәті түсті. «Қанаттас достарымыздың тырнақалды туындылары сенің ғана емес, өзге де сыншылардың назарына ілігуі – біздің буынға жанашырлық болар еді» деген сөзіңді – тілеулестік пейіл деп түсініп отырмын. Өзің атап кеткен екі ақынның шығар машылығын оқығаннан кейін, бірер пікір айтуды жөн санадық. Аян мен Арманға әлі де еңбектену керек, көп оқу керек. Әлі де жақсы дүние жазуға мүмкіндіктері бар. Тек шығармашылық үдесінен шыға алса, оқырман сеніміне селкеу түсірмесе болғаны.
Еламан, «Салтанат Мінайхан, Досхан Жылқыбай сынды замандастарымыздың шығармашылығына да сенің пікіріңді білгім келеді» деген ұсынысыңды қабыл алдық. Екеуін де оқыдық. Сөздің шыны керек, екеуінде танымайды екенбіз. Салтанаттың шығармаларын оқи отырып, сөз саптауына қарағанда, қазақ әдебиетінің диаспоралық өкілі болса керек. Яғни, атамекенге оралған қандас екенін байқадық. Жас қаламгердің «Қарындастар» деген әңгімесінің көкөзегі (литмотиві) – көкек аналардың тастанды балаларының шетелге асып, «экспортқа» кетуін әшкерелуге бағытталған. АҚШ –тың Нью-Йорк қаласында өзге ұлттың тегін жамылып, өзге елде өмір сүріп жатқан қазақтың қаракөз балаларының атамекенге, Қазақстанға деген махаббаты, сағыныш, аңсары – шығарманың негізгі идеясын көріктендіріп тұр.
Салтанаттың бұл шығармасын бүгінгі көркем прозадағы елеулі эксперимент деп санаймыз. Осы әңгімесінде «Құшақ жетімханасы» , «жетімхана» деген сөздер жиі кездеседі. Бар гәп – сөздерді орынсыз қолдануында. Замандас бауырға айтарымыз, жетімхана деген сөздің орнына балалар үйі деп қолданса, көтеріп отырған мәселесі де, сөз саптауы да оқырманын баурап алар еді... Салтанаттың аталмыш әңгімесін (идея мен желі тұрғысынан) билік пен қара халыққа ұлттық трагедия екенін «ескерту» ретінде жазылған дабыл (шығарма) деп түсінген абзал. Осы шығармасынан автордың қайраткерлік қыры анық байқалады.
«Ортаңғы әлем» атты өзі, Ислам, Алаш сынды шығармашыл достары жайлы әңгімесі мен «Кәйфхана», «Шал махаббаты» тектес сюжетінде әкетіп бара жатқан элементтер жоқ шығармалары да бір қарап оқуға болатын науқандық шығармалар санатына жатады. «Мен емес...» новелласы да сәтсіздікке ұшыраған. Новелла жанрына алғаш рет қалам тартып отырғаны және новелла жанрының табиғатын жете түсінбегені, аталмыш шығарманың композициялық құрылымынан анық байқалды. «Кестелі орамал», «Ұшардың ұлуы», Айғай» сияқты әңгімелерінің қатарын көбейтер болса, Салтанаттың прозадағы өзіндік қолтаңбасы қалыптасары анық. Жаргон сөздермен (Көше сөздері «Кайф» секілді) және өз жадынан «жаңа» сөздер ойлап табамын деп («Жетімхана»), көркем сөздің стилистикалық реңін әрлендіремін деп батыл экспериментке баруы, сөздік қорының және стилистикалық бояуларының нашарлығына әкеп соғарын, айтқанымыз жөн болар. Жаңаша жазамын деп қазақы таным тұрғысынан, прозаның дұрыс бағытынан адасып қалмаса деген жанашырлық пейіл екенін ескерер. Ескермесе, өзі білер!
Ал, Досхан Жылқыбайды «Иттің көзжасы», «Қасқырдан – қыранға» сынды екі әңгімесін оқи отырып, жақсы әсерге бөлендік. Ол әсер – автордың көркемдегіш құралдарын (теңеу, бейнелеу, пернелеу) шебер қолдануында болса керек. Өзінің өмір жолы, басынан кешкен хикаясы жайлы жазылған «Біздің өрт сөндіруші» және «Қара қыз» шығармаларының бір қайнауы ішінде болып тұр. Досхан мен Салтанаттың шығармашылығына шамалы суреткерлік тәсілдер жетіспей тұрғаны болмаса, екеуін де жақсы қалыптасып келе жатқан жас қаламгерлер деуге болады.
***
Әдебиет тарихы ұрпақтың емес – ұрпақтардың ісі, оның үстіне әрбір ұрпақтың өз үні, аяқ тастасы, зергерлігі бар. Жаңа буын жаңаның жасаушысы болуға шамасы жетпесе, үлескері болуы керек (Асқар Сүлейменов) дегендей, біздің қаламгерлер қауымының басын біріктіріп отырған көк үйдің басшылары (Жазушылар Одағы) ұрпақтың емес, ұрпақтардың ісіне алаңдайтын болса, бүгінгі біздің қатарластарымызды жас әдебиетшілер үйірмесіне тартып, бізбенен жұмыс жасайтын еді... Бір жылдары жас қаламгерлерге арналған фестивальдар өткен-ді. Одақтың басшылық құрамы әдеби үрдіске бей-жай қарамай, жаңа заманның сиқына қарай қызметтік бағыттарын өзгертіп, бәсекеге қабілетті болса екен...
Жуырда ғана өткен әдеби жыл қорытындысында «проза» саласы бойынша баяндама жасаған профессор А.Ісімақованың өзі кейбір жас талантты прозаиктарды тасада қалдырып кетті. Ал, «балалар әдебиеті» бойынша шолу жасаған жазушы Д.Мамырбаеваның баяндамасынан «жаңалық» сезіне алмадық. Басқа салалардың да сиқы осындай болып тұр!
***
Әдебиетте «ұлттық дәстүр» деген түсінік бар. Бүгінгі күні кейбір жазарман бауырларымыздың жазбалары ұлттық дәстүр мен менталитетке сай негізгі қағидаларға сәйкес келе бермейді және қазақтың поэзиясы мен прозасына тән бағыттан алшақтап, ажырап тұр. Бұл үрдіс осылай жалғаса берсе, әдебиеттегі ұлттық сарын (мотив) өзінің о бастағы құндылығын жоғалтып, әдебиеттің қазынасымен бүгінгі күнді байланыстырып тұрған аражік ажырап, сабақтастықтың үзілмесіне кім кепілдік бере алады? Тіпті, осылардың шығармаларынан ұлттық кұндылықтардың буы да шықпайды. «Бүйректен сирақ» шығарып жүрмесек жарар еді... Постмодернизм бағыты бойынша жазылып жүрген кейбір поэзиялық, прозалық шығармаларды әлем әдебиетінің жауһарларымен етене таныс, көзі ашық оқырман оқыған болса, біздің «қаһармандардың» кімнің шығармаларынан «жиендік» жасап жүргенін немесе қандай шет елдік ақын, жазушыға «еліктеп» жүргенін айыру қиын емес! Бұл өмірдегі ең ауыр күнәлардың бірі – біреудің сөзін ұрлап иемдену. Бүгінгі күні жазылып жатқан көптеген әдеби туындыларды кешегі 1960-1980 жылдардағы әдебиет үлгілерімен салыстыруға да келмейді. Бұл дегеніміз – 1991-2015 жылдар аралығындағы (Тәуелсіздік алғаннан бері) әдебиет болмады деген сөз емес, керісінше, таразы басына салғандағы «төмендігіміздің» көрсеткіші.
Әдебиет – адам сияқты «өмір» сүретін «тірі» организм. 1991 жылдан бері жазылған М.Мағауиннің «Мен», «Жармақ», «Шыңғыс хан» романдары, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айшасы», Д.Исабековтың соңғы жылдары жазылған драматургиялық және прозалық шығармалары,Т.Нұрмағамбетовтің әңгімелері, Д.Әшімханұлы(«Жер аңсаған – Сарыатан», «Ақшоқы», «Сарысамуыр», «Тасқала» әңгімелері) Т.Сәукетай («Айқараңғы» романы, «Көлеңкелер патшалығы» әңгімелер жинағы), Ж.Шаштайұлы («Аяз би») прозашылар мен Т.Медетбек,Ұ.Есдәулет, Ғ.Жайлыбай, Г.Салықбаева сынды ақындардың поэзиялық шығармалары әдебиет тарихын жасап тұрған шығармалар екенін неге жоққа шығарамыз? Ал, Ә.Балқыбек, М.Райымбекұлы, Б.Бабажанұлы, Ж.Сәрсек, Д.Рамазан, А.Кемелбаева, М.Омарова сынды «алтынкөпірліктердің» туындылары – қазіргі қазақ әдебиетінің қоржынындағы «әдебиет тарихын» жасар мұралар екенін батыл айтуға кей көкелеріміз арланып жүрсе керек... Әдебиет тарихында шын талант та, кемталант та қалады. Бірақ, шын таланттың шығармалары өміршең болатынын бәріміз білеміз. Бірақ, алдыңғы толқынның өкілдері сұхбат берген сайын «кейінгілерді оқымаймыз, жастарды білмейміз, олардың шығармаларында жаңашылдық жоқ» деп жатады. Бұның өзі – әдеби үрдістің дамуына тосқауыл болатынын ойлайды ма екен?
Көптің пікіріне сүйенсек, бүгінгі күні тоқырап тұрған сала – балалар әдебиеті екен. Бір-бірінің шығармаларын оқымайтын, тек бір-бірінің көңілі үшін «көпшік» қойып, жағымпазданып, ділмәрсініп жүргендерге «балалар әдебиетінің жай-күйі» уайым болып па? Қазір кім-кімді іздеп жүріп оқып жүр дейсің. Кез келген әдебиеттің тірегі – балалар әдебиеті, халықтың бай фольклорлық мұрасы. Егер кішкентай бала өзіне арналған шығармаларды оқып, іргетасын қаламаса, өсе келе «үлкендерге» арналған кітаптарды қайдан оқысын? Балалар әдебиетіне алаңдап, бас қатырып отырған кім бар өзі? Балалар әдебиеті саласының алдыңғы өкілі Мұзафар Әлімбаев тоқсанның төріне шықса, ізін басып Кәстек Баянбай, Оразақын Асқар, Сұлтан Қалиұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Пернебай Дүйсенбиев сынды қаламгерлер сексен мен жетпіс жастың арасында , Арасанбай Естен, Болат Үсенбаев,Байбота Қошым-Ноғай Серікбаев, Ескен Елубай, Толымбек Әбдірайым сынды балалар әдебиетінің бағбандары алпыстың үстінде, Қанат Қайым, Серік Нұғыман ағаларымыз елуден асты. Бұл қаламгерлерден кейінгі буынды түгендеп шығу қиынға соғады. Ал, балалар әдебиеті негізінде 1984 жылы «Аспандағы әпке» кітабы үшін Мұзафар Әлімбаевқа Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Осыдан кейін бірде-бір балалар жазушысына мемлекеттік сыйлық берілмеген екен. Мысалы, Арасанбай Естеннің «Біздің батыр бабалар» атты балаларға арналған кітабы былтырғы жылы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған еді, амал нешік, одақтың кеңесінен шықпай жатып, жөргегінен тұншықтырылды. Әйтпесе, бұл кітап – мынадай алмағайып жаһандану дәуіріндегі «компьютербасты» ұрпақтың өз ұлтының тарихын толық ұғындыруға арналған еді... Балалар әдебиетіне арналған насихат керек. Әйтпесе, өзіміздің замандастарымызда балалар жазушыларын тани бермейді. ЖОО –ның филология факультеттеріндегі «Балалар әдебиеті» курсының бағдарламасын жаңа заманға лайықтап, қайта даярлаудың уақыты келген секілді.
***
Мәртебелі поэзия жайында айта кетейік... Кейінгі уақытта өлеңінің «біссімілдасын» «Сіз» деп бастайтын ақын қыздардың лирикалық шығармалары сынға алынып жатыр. «Сіз» деп сызылу тұрмысқа шықпаған, он сегіз, жиырма жас аралығындағы жас ақын қыздарға тән құбылыс дейік, ал, тұрмысқа шығып, бір үйдің отанасы болып, бесік тербетіп отырған ақын қыздардың «Сіз» деп өлең жазуын қалай түсінейік... Әлде, бұл ақындар құдай қосқан қосағымен бір жастықта жатып алып, басқа біреуді аңсайды ма екен?! Оу, о заманнан әйел дегеніңіз – ұлттың ұйытқысы емес пе еді... Мынау қай тірлігіміз өзі? «Сіз» деп сызылып, жиі ғашық болатын жүрек иелерінің бұндай қалыптағы өлеңдері – ұлттық трагедия. Әйел – қоғамның айнасы екенін түсінсек, кейбір ақын қыздарымыз «қисық айна» болып тұрған сыңайлы.
Ақын қыздар поэзиясындағы тағы бір сорақылық – «Порно», «Секс», «Жыныстық», «Құмарлық ләззат» тақырыбында ашықтан ашық жырланып жүрген өлеңдер. Орыс әдебиетінде Анна Ахматова, Марина Цветаева сынды ақындар интимдік көзқараспен ашықтан ашық жазғанын білеміз. Біздің Асылзат Арыстанбек, Динара Мәлік сынды ақындардың осы тақырып аясында жазған шығармалары қазақы танымға жат, ұлттың менталитеттік ерекшелігіне сәйкес келмейді. Сосын оқырман да, қоғамдық орта да оларды қабылдай алмайды. Әр ақын өлең жазар алдында болашағын, оқырманын ойлайды ма екен өзі... Ақын қыздарымызға «ар мен ұят» қымбат болса, осы тақырып аясында ендігәрі жазбауын өзіміздің ғана емес, халықтың атынан сұраймыз. Неге дейтін боларсыз? Айталық, әдебиет – тәрбие құралы. Осы өлеңдерді оқитын жасөспірімдерді аясақ етті. Әдебиеттің тәрбиелік мәніне селқос қарамауымыз керек!
Өткенде Балтабек Нұрғалиев есімді жігіттің «Индустрия игілігі» атты өлеңдер циклы жарияланған еді... Бұл ешқандай өлең емес! Бұл – нағыз «жағымпаздық» поэзияның озық үлгісі. Көлемді мақала ретінде жазса,кім білсін, айы оңынан туар ма еді. Осы іспеттес жастардың жағымпаздыққа бой ұрып, жеңіл жолмен билік басындағыларға танылып, әдебиеттің өкілі болуы жақсылықтың нышаны емес.
***
Нарықтық заманға қарамай, қолынан қаламын тастамай, қиыншылық пен кем-кетігін, мұқтақтаждығын жамап, жасқаудан гөрі,бүгінгі көкейкесті ұлттық мәселелерге (Тіл, жер, ел тағдыры) дер кезінде үн қатып жүрген аға буын қаламгерлер мен бүгінгі көзқараспен қалыптасқан жаңашыл бағыттағы жастардың әлеуетіне селқос қарайтын ұйқылы – ояу безбүйрек үкімет пен тасбауыр парламент «жылымық күннің қаламгерлеріне» тек алғыс айтқаны, қамқорлық жасағаны абзал. Мемлекеттік қолдаумен 2000, 1000 дана таралыммен тауыққа шашылған тары секілді шығатын кітаптардың таралымын көбейтуді қолға алса екен деген үмітіміз басым. Әдебиет пен ұлттық өнер қолдауға зәру. Руханият саласына бөлінген қаржыны өнер адамдарының ауызынан жырып, өткендегі «Гравитация» сыйлығына бергені – өнерге, әдебиетке жасалған қиянат емей немене? Қара халық министрліктің халық қазынасын оңды-солды шашып жатқанын білмейді дейді ме екен.
Бізге «Сын» журналы керек депсің. Қателеспесек, Бақыт Сарбалаұлы тізгінін ұстап отырған «Сын» журналы шығып тұрады. Есіңдеме, өткен жылы Дидахмет Әшімханұлы мен Құлбек Ергөбек ағаларымыз ұйымдастырған «Әңгіме туралы әңгіме» кеші. Сол кезде сыншы Мырзан Кенжебай: «Біз де «Сын» деген журнал бар. Бірақ, оның ішінде сыннан басқасының бәрі бар!» деген еді. Енді мәселенің жай-күйін өзің ақ, бағамдай бер.
Елеке, Нобель сыйлығы туралы пікіріңе келіспеймін. Сенің жауабыңды оқыған көптеген адамдар осы пікіріңнің төңірегінде наразылық білдіріп жатыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін, сыншы Анар Қабдуллинаның пікірінен мысал келтірейік: «Мәселе Нобельде емес, одан зоры бар әлем әдебиетінде. Еламанның Нобельге ұмтылма дегені – әлем әдебиетіне ұмтылма дегені. Демек, қазақы қалыпты, қазақтың дүниетаным ерекшелігін әлемге паш етпе дегені. Өз қазанымызда қайнай берейік. Өзге елдің қазақ әдебиетінде, қазақ әдебиетінің басқада шатағы болмасын дегені». Бауырым ау, Нобель сыйлығы – кез келген ұлт әдебиетінің өскенін, дамығанын білдіретін сапалық көрсеткіш. Әлемнің бірнеше тілдеріне аударылған «Абай жолы», «Көшпенділер», «Қан мен тер» сынды қазақ әдебиетіндегі озық үлгілі романдар – әлем әдебиетіндегі классикалық шығармалар санатына қосылуына еңбек етуміз керек екенін есіңнен шығармағаның дұрыс болар.
Әдебиеттің, ғылымның тендерге телміріп отырғаны – жақсылықтың нышаны емес. КСРО кезінде көптеген әдеби жәдігерлер ЦК-ның цензурасынан өте алмаса, бүгінгі күні көптеген жақсы шығармалар мен ғылыми зерттеу жұмыстары тендерден үлесін ала алмай жатыр.
Қазақтың қасиетті, қадірлі әдебиетіне жасандылық пен жағымпаздық, ұлттық әдеби дәстүрге сай емес дүниелерді жазуға ниеттеніп жүргендерге айтарымыз – «Әдебиетке қосарың болмаса келме!» (М.Әуезов). Өз сөзім – өзімдікі!
Елдос Тоқтарбай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.