Ақ парақпен жападан-жалғыз қалудан өзге күшті жау жоқ. Мүлгіп жатқан тылсым шиырлар сананың қайсыбір тұңғиық ормандарына бастап апарарын білмейсің, айтқың келер әпсананың тілін таппасаң, түз бүркітінше ырғаққа отырғаның отырған, ұйқың ұйқы, күлкің күлкі болмас...
Кеше ғана арамыздан аттанған таланытты жазушы, қаламгер ағамыз Ғалымбек Елубайдың: «Айналамда болған әрбір оқиға, ауыл адамдарының басындағы күйініш, сүйініші мендік жүрекке соқпай, әсер етпей өтпейтін. Әсерелеп айтқанға, аруақ жайлаған үйдей жан дүниемде ұзақ жылдар бойы сапырылысып, сандалып жүріп алатын. Жазуға тырысып көрдім. Жаза алмадым! Көңілімдегі көрікті ой көмейден шыға қожырап сала беретін! Әр жылдары түйе боталағандай қылып, бірдеңелер шимайлап жүрдім. Бірақ, көкейімдегі суреттің сұлбасы өзім аңсағандай емес! Дағдардым! Сандалдым!» - деген жан сырын оқып шыққаннан кейін, оның шығармашылығы туралы бірер ауыз әдеби-әлеуметтік пікірді таңбалап қоюға ниет еттім. Себебі, Таласбек Әсемқұл ағамыз: «Әлеуметтік пікір – адамның, қоғамның екінші ұяты», - деген екен, «Оқығам жоқ» атты жазбасында.
Автордың әңгімелерін шамамен 2017 жылдары алғаш рет оқыған едім, енді міне өткен қоян жылының басынан бастап, әңгімелерін тағы да оқи бастадық. Өз басым Ғалымбек Елубай деген жігіт ағасын көзбен көріп, амандасқан, танысқан адам емеспін, кездесіп үлгірмеппіз.
2017 жылы жаз айлары. Интернеттен бір-екі әңгіме оқып қалдым, бірі әкесі тау-тас аралап, биік шың қабырғаларынан асыл тас іздейтін жігіттің әңгімесі, бірі «Аспанда тіреуш жоқ» дейтін әңгіме. Екі әңгіменің бояу-нақшы да өзгеше екен, бірден өзіне тартты. Әбдіхамит ағамша айтқанда: «Ішімді тартып қалдым». Сол жазда оқыған қаншама хикаяттардың ішінде санаға айырықша сіңгені осы ксінің есім-сойы мен әңгімелері болыпты.
Хикаяттар орбитасының кіндік қазығы – Серілік тауы өңірі. Ғалымбек санасындағы Серіліктің орыны – Гарсиа Маркестің Макондосынан немесе Хуан Рулфоның Комаласынан бір елі де төмен деп ойламаймын.
Серілік тауының етегіндегі шәкенедей ауыл – қазақ әлемінің қиыр-шалғай шығысында, шекараның арғы бетінде жатқан бір бұшпағы.
Ғалымбек Елубай әңгімелеріндегі аядай өңірде болған оқиғалардың, елдің өмір салтының, ұшқан құс пен жүгірген аңның бәрі осы даланы нәрлендіріп тұрған рухани өзек – киелі, қасиетті дейтін ұғымдармен тікелей тамырласып өрілгені көзқарақты оқырманға бірден аңдалады.
1. Серілік – киелі, қасиетті мекен!
Киелі мекен – Серіліктің қасиеті «Бұланай асқан бұлдырық» әңгімесіндегі алпыс жылдан кейін ел мен жерін аңсап, туған топырағын сағынып Анадолыдан Алтайға келген қарттың күрсінсі мен азалы сағынышынан айшықты көрінеді.
«Екі қайың жырында» бастау басындағы қос қайыңды қиып тастаған Байжиеннің одырайған мінезі, жұрттың «қайың түбінен шым-шымдап қып-қызыл қан шығыпты» дейтін үрейі – сонау мифтік санадан бастау алатын қастерлі ұғымдардың терең тамырын нұсқағандай.
Бат деп аталатын (ұраңқай, қалмақ қауымы болуы мүмкін) жігіттің тау үңгіріне кәрі шешесін апаратын өлім жөнелту салты, «Бүйі қаптаған жаз» әңгімесіндегі екі ай бойы ауылды қаптап алған қой құмалағындай ірі бүйілер, «Аспанда тіреуіш жоқ» әңгімесіндегі қарияның суреттейтін сұмырай құсы мен басында гауһар тасы бар айдаһары - бұлардың бәрі көзге көрінбейтін құдайлық әлемдегі рух-иелерді сипаттайтын болмыстар.
Автор өзі туып-өскен киелі мекеннің адуын «мінезін» ізгі, жасампаздық мағынада сипаттаудан гөрі, ажал қаупын туғызатын, қиратушы, дүлей қараңғы күш тұрғысында кескіндейді. Ізгі немесе үрейлі тұрғыдан сезіну болсын, бұлар – адамның ежелден бері келе жатқан киелілік туралы архаикалық танымының қос қайнары.
2. Қасиетті өлкенің өзгеше туған адамдары
Ғалымбек Елубайдың кейіпкерлері ешкімге де ұқсамайды!
Бұл қолына қалам ұстап, жазуды серт еткен әрбір жазарман қауымның өмір бойы жұлдызды нысана етіп қуатын арман-талайы. «Ар бодауы» әңгімесіндегі қатал әке, «Кек» әңгімесіндегі Сәруармен қаны қарая кектескен шал, алған бетінен қайтпайтын, айтқанын орындайтын, қайсар тінді Тағыбай, «Бөде» әңгімесіндегі Бөде кемпір, «Аяділдің қарызы» әңгімесіндегі асқан тіркіс, қазымыр Аяділ – бұлардың бәрі ғаламшарды ұстап тұратын оттай балқыған ішкі магма текті асқақ портреттер.
Тораңғының қайсар бұтағы текті мінезі мен ұстанымы, ары мен ұяты айырықша осынау кейіпкерлердің туған жермен кіндіктесе байланған қасиеттері мол-ақ. Автордың туған топырақтың киелі саналатын заңдылықтарын бұзып-жарып өтетін кейбір асау, бірбеткей, дойыр кейіпкерлері – тылсымның қақпанына шабылып, ғайыптың қарақұрдымына жұтылып, аза бойыңды қаза қылатын үрейлі қатігездікке ұшырайды.
3. «Кие» ұғымы шытынай сынып қирап жатыр ма?
Ғалымбек Елубай өткен ғасырдың 80-90 жылдарындағы өзі туып-өскен өлкенің бет-бейнесін ұзақ жылдар бойы санасында сартап қыла әлдилеп тербей жүріп, ақыры мистикалық көркем ойлау дәрежесіне сәтті көтере білді, уақыт қараұңгіріне сылаң қағып түсіп бара жатқан сол бір тарихи уақыт пен кеңістіктегі наным-сенім, ырым-тыиым, магиялық арбау, аруақ культі, әулие тұту, ритуал-рәсім, құрбандық пен тасаттық, алғыс пен қарғыс сынды архаикалық таным-түсініктерді көркем мистикалық жанрда шегендеуге өзіндік өрнегін қосты. Ғалымбек Елубай әңгімелеріндегі найзағай мен жел, айлы түн мен іңір, арша мен жусан, құз-жартас пен шатқалға дейін мифопоэтикалық бояудың қалыңдауына, жасырын, тереңде жатқан тылсымды меңзеуге септеседі.
Киелі өлкедегі бітімі қарағайдай қайсар адамдардың барлығын автор оқырмандарға идеал ретінде ұсынбайды, моральдық уәж айтпайды, ол бізді өз көзімен көрген және өзі өскен өңірдегі оқшау, шетін жағдайлардың жұмбағына бойлап, қарапайым пендеден тыс қасиетке ие кейіпкерлерінің құпияларын ашуға, ойланып-толғануға шақыратындай, оның киелі нышан дарытқан барлық әңгімелері осынау жұмбақ оқиғалардың мәні не, шешімі қандай, адам мен жаратылыстың шетін құбылыстарына кім жауап береді деген сауалға толы.
«Шұғынық шөптің аты емес» әңгімесіндегі шұғынықтың бая мінезі мен тойымсыз нәпсісі, «Өлім шекарасы» әңгімесіндегі қытайға күйеуге шыққан қазақ қызды әке қарғысы себебінен қара жер қабылдамай шығарып тастағаны, «Асыранды» және «Бір төмпешіктегі» адам тағдырлары, «Кісікиіктің махаббаты» әңгімесіндегі кісікиіктен туған баласын жолдан көтеріп алуға жарамаған Зият, абыройын қорғай алмағаны үшін аршаның қою дәні жатырын күйдірген Қарлыға, қос қайыңды қырқып тастаған дойыр Байжиен, «Қорқау» әңгімесіндегі құзғын сынды қартайса да жанын күйттеген шал, «Аққудың сорпасындағы» аққуды атқан Үтікбай, шешесін өзі жерлей алмаған Бат, «Ай жамылған аруақтар» әңгімесіндегі жыланды құмырсқаның илеуіне тастайтын Серік – бұлардың көбісі жаратылыс киесінің жантүршігер жазасына ұшыраған кейіпкерлер.
Кейбіреулері табиғаттың қаһарына, кәріне ұшыраса, кейбіреулері ата салты мен кісілік ұяттың сотына тартылып, жазасын алғандар, ал біреулерін тағдыр атты құйындай ұйтқыған алып орбитадағы «қыдырма кесел» қағып өткен болса, тағы біреулері қағынан жерініп, баба ғұрыпына шапқан жармақтар.
Автордың мистикалық әңгімелерін құстай самғатқан қос қанаттың бірі – оның көркем ойлау жүйесі, бірі – өзі суреттеп жазатын «көгілдір ақықтай» көркем, ніл-бояуы қанық шұрайлы тілі. Әрине, ішінара әңгімелердегі келте қайырған асығыстық пен кей жерлерінде әуызекі тілге салып кеткен бірлі-жарым сөйлемдеріне кешіріммен қарауға әбден болады.
Сонымен, Ғалымбек Елубай шығармаларын бар тараптан түгендей қарап, түтасымен сараптап үлгіргеміз жоқ, тек қолға түскен отыздан астам әңгімелері негізінде ой өрбітіп отырмыз. Автор куә болған тарихи уақыт пен кеңістік ылқым көшінің соңынан кетті, енді дәл сол болмысты ешкім де қайталай суреттеп, ұшасына жеткізіп бейнелей алмас. Автор тарихи оқиғалардың шылауында кететін, немесе этнографиялық мәліметтердің топанымен әңгіме кенересін толтыратындардың қатарынан емес. Өзі ұзақ жыл аңсап, күрмеуін шешіп, бабын тауып бәйгеге қалай қоссам екен деген жүйрігіндей ардақтаған хикаяттарын магиялық сюжеттерімен оқырмандарға ұсынып отыр, киелілік туралы әфсананың теориялық мәйегі мистика болса, оның жүзеге асатын оқиғасы магиялық іс-қимыл есебінде саналмақ. Оның тақырыбы әркімдер-ақ жиірек жазып жүрген күнделікті сіз бен біз көріп жүрген оқиғалардың санатынан емес.
Ұлттың, этностың естелік, құндылық, мифтік нышан секілді баяу өзгеретін киелі жәдігерлері мен салт-дәстүрлері кейде сыртқы әсер мен ішкі өзгерістің қабаттасуы салдарынан бет-бейнесі шұғыл өзгерске түседі, көбінесе ассимиляция мен өзгелерге жұтылу қаупының әсерінен сол қауымның ататек жады көмесікіленіп, мифомоторы іркіліске ұшырауы мүмкін. Сырттан келетін келмсектер саны мен мәдениеті жағынан жергілікті халықтан үстем түссе, жергілікті халықтың бағзы мифтік дүние-танымы мен мифомоторы дағдарысқа ұшырайды.
Қиыр шалғай шығыстағы көшпенді қазақтардың отырықтасуы, отарлық қамыты, саяси дүрбелеңдер, көзсіз социялистік ұрандар, ұрпақтың дүбәраласуы, үркін-қорқын мен жаугершілік т.б оқиғалар халықты рухани өміріндегі шұғыл өзгерістерге әкелді, бұдан ары отырақтасқан сол жұрттың енді қалаға қарай ағылуына байланысты халық наным-сеніміндегі сакральды ұғым-түсініктердің орманы құйын соққандай шетінен жапырыла құлағаны да өтірік емес. Себебі, адамдар аңсайтын «өркениет құшағына» жеткенше, ілкі бір өмір сүру формациясының белдеуінде өскен адамдар өздерінің нәзік де әлсіз қаншама дүниетаным, наным-сенімдерін қорғауға қауқарсыз, қабілетсіз болып шығады да, рухани тоқырауға ұшырап, мәңгіріп, бағдарынан адасады.
Бұл туралы традиционализм ғылымына тұжырым қалдырған қаншама ғұламаны айтпай-ақ, бір ғана Жапонияның атақты режиссер-аниматоры Хаяо Миядзаки мырзаның: «Менің атам мен әжемнің заманында, адамдар барлық жерде рух болады деп сенген... орманда, өзен-суларда, құрт-құмырсқада, құдық т.б әрқандай заттарда да... бұл ой маған ұнайды, біз барлығын қастерлеуіміз керек, өйткені олардың арасында рух сақталуы мүмкін, олардың барлығында өмірдің ағыны бар...», - деген ойын алға тартсақ да жетер.
Осы тұрғыдан қарағанда, Ғалымбек Елубай шығармалары болашақ оқырмандардың да іздеп жұрып оқитын үздік кітаптарының қатарынан орын алады деп нық сенеміз.
8 қаңтар, 2024 ж.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.