(әңгіме)
Шілденің күні шыжып тұр. Қапырық ауаны қақ тіліп қарасұр көлік таудан түсіп келеді. Көліктің ішінде менен өзге екі адам бар, бірі сары, екіншісі қара. Сары – мал дәрігері, қара – шопыр. Сары қушиған арық, қара толық. Сары айналасына жалтақ-жалтақ қарап, қорқып отыр, қара толқып отыр. Қараның толқитын жөні бар, бес биенің сабасындай етжеңді кісі. Көліктің табаны тас басып шоқалақтаған сайын майлы сағағы мен қатпарланған қарны теріні сағызша созып тулайды. Денесі жалаңаш. Бағана жылқышының ауылынан бір самауырын шәйді бір өзі қотарған. Енді сол суды сыртқа шығарып, быршып терлеп келеді. Дәу кеуде мен қазан басты жалғап тұрған мықыр мойынға сатал-сатал көк орамалды бөкебайша іле салған. Самайдан аққан тер бірінші сол «бөгетке» бөгеледі. Сіңбей, сытылып шыққандары өркеш-өркеш болып жонданған денені қуалай борбайға барып құйылады.
Сарының қорқатындай жөні бар, қараның салмағы басып, көлік жантайып келеді. Қырсыққанда жолдың оң жағы тау, сол қапталы терең сай. Қиғаштау тұсқа келгенде сарының жаны мұрнының ұшына қонақтайды да кеудесіне қайта кіреді. Сол кезде қызыл-күрең терісі құлақ түбіне дейін қошқылданып барып басылады. Мен де сарыға болыспақ болып, құйрықпен сырғанап көліктің оң қапталына ойысқанмын. Бірақ таразыға екі тауық пен бір тоқтыны тартқандай, сол жақ бәрібір басыңқы. Сондықтан сары екеуміздің қос қолымыз есіктің ілгегі мен тұтқасында. Алда-жалда қатер төнсе, қарғып кетуге дайынбыз...
Тау етегіне іліне бере сары «уһ» деп терең тыныстады, қара «туһ» деп маңдай терін саусақпен сылып тастады. Қияметтің қыл көпірінен өткендей бірі бой босатып, жайлана отырды. Екіншісі көлігін өшіріп, тізгінді қоя берді. Темір тұлпар оқыра тиген өгіздей еңіске қарай өз екпінімен зулай жөнелді. Құйғытып келеді. Жол бойындағы қыбырлаған қоңыз-құмырсқаны, қылтиған өсімдікті қою шаңға көміп келеді. Терезеден ыстық леп есіп, денедегі терді басқанмен ауызды құрғатып, аңқа кепті. Құтыдағы қайнардың суы әлдеқашан қайнап кеткен, әйтсе де таңдай жібітуге жарап тұр. Бірін ашып, ауыз шаймақ болдым. Ернеуіне ерін тигізе бергенім сол еді көлігіміз осқырына тоқтады. Лықсып келген су лақ етіп құйылып, шашалып қалдым. Артымыздағы қалың шаң демде қуып жеткен екен, көмді де кетті. Қақалып-шашалып сыртқа шықтық. Қараның беті қошқылданып кеткен, көбігі алынбаған қара сорпадай бұрқылдап жүр. Сары да шыр-пыр...
– Кімнің қойы?–дедім арық қуалап үйездеген арқар-мериностарды нұсқап. Тақыр жолдың үстіне ұйлығысып алған жануарлар ырс-ырс етіп зорға дем алады. Екі серігімнің ешбірі жауап берейін демеді. Қара мойнындағы орамалды бір сілкіп шаңын қақты да басы-көзін сүртті. Тердің үстіне қонған майда шаң балшықтай шыланып бет аузын сатпақтап тастады. Ал сары қойларды кұйрықтан түртіп қуалай бастады. Мен де болыстым. Арықта су жоқ. Ертелі-кеш ағып, күн ысығанда сарқылып қалатын тау бұлағының суалған бір саласы көрінеді. Шөліркеген қойлар үшін соның өзі дәтке қуат. Түбіндегі ылғалдан тұмсық айырмайды байқұстар, бірінің бұтына бірі басын тығып алған. Үркітіп-қуалап, итере жүріп әзер дегенде жол аршыдық. Көлігіміз шаңдауыт соқпағына түсіп, енді екпін ала бергенде:
– Әне тұр,–деп қара барқ ете қалды. Бағанағы сұрағыма енді жауап бергенін түсініп оның иек қаққан жағына қарағанымда электр бағанасына сүйенген кісіні байқадым. Төбеден төнген күннен басын қорғап, бағанның болар-болмас көлеңкесін паналап тұр екен. Әрі құры тұрған жоқ, кітап оқып тұр. Бір қолына кітап ұстаған, екіншісімен иегіндегі селдір сақалын ермек қылып, тарағыштайды. Бізге мойын бұрып қарамады. Басын көтерсе әріптері безіп кететіндей кітаптан көз алмады. Отар қойын қақ жарып көлік өтпек түгілі қасқыр шапса да білмейтіндей, бейқам.
– Бұл кім?
– Тоғыстың Сырланы.
– Не оқып тұр екен?
– Итім біліп пе?
– Құран оқып тұрған шығар...
Сылаңдаған көлік Сырланның қасынан зу етіп өте шықты. Көкейде жауапсыз сұрақ қалды.
***
Біздің ауылда Тоғыстың Сырланы деген адам барын бала күннен еститінбіз. Қырлы шалбар киіп, қыздарға қырындай бастаған уақытта көзбен көрдік. Екі иығына екі кісі мінгендей алпамса жігіт бір күнде бүкіл ауылды аяғынан тік тұрғызған. Жұрт көктемгі наурыз мерекесіне дайындалып жатқан. Ел тұщы су алу үшін баратын құдық басына, ащы су ішуге жиналатын қышқылқұмар жігіттер араның ұясындай гүжілдеп тұрған еді. Кенет төбетке таланған кәндектей тым-тырақай қашты. Теңіз матростары киетін «телняшкалы» біреу қойға шапқан қасқырша есіп жүр. Оң жағынан келгенін оңға, сол жағынан келгенін солға ұшырып, қос қолын еркін сермейді. Қалт-құлт еткен Сүйінбек кеудеге тиген соқыдан бүктеліп түскен, содан тұрған жоқ. Өзі өңкиген дәу болғанмен қоянжүрек Өксікбай сүйреткен галошының бірін жолда қалдырып, бірін башпайына әзер іліп өңкеңдеп қашқан. Шүкейдің бет-аузы қан-жоса, Шандыр арықта үйелеп жатыр. Тек сақау Сағи екі-үш мәрте жұдырық сілтеп, қарсыласуға қарекет қылды. Қалғандары үндінің киносындағы баскесерлер секілді бас кейіпкердің сүйкей салған соққысынан кескен теректей сұлаған.
– Әу, Тоғыстың милисә баласы келген бе?–деді төбе басындағы төбелесті көрген үлкендер.
– Жақсы болды ғой, құжынаған алқаштардан құтылатын болдық,–деді әйелдер жағы.
– Суға барғанда көздерін сүзіп, тілдерін безеп жан таптырмаушы еді. Сауап болған екен,– деді жас қыздар.
– Наурыз тойда қырғын төбелес болатын шығар, – деп жігіттер алақан ысқылады.
Біздің ауыл Наурыз тойын жылда тойлайды, жылда қырда тойлайды. Ауыл шетінде қазан-қазан көже асылады, алтыбақан құрылып, киіз үйлер тігіледі. Атшабыс, көкпар тартыс, қыз қуу, тас көтеру, балуан күрес, арқан тартыс... Биыл соның қатарына жаяу жарыс қосылған. Қостырған Тоғыстың Сырланы деседі. Спорттық жарысты ұйымдастыруға білек сыбанып емес, шешініп тастап кіріскен. Көктемнің ызғырығына қарамастан жалаңаш денесін жалтыратып телняшкамен жүрді. Жарысты қыздыру үшін өзі де кір көтеріп, күреске түсті. Бұзау-тананың ішіне кіріп кеткен арам өгіздей болып қыз-бозбалалармен бірге жүгіруге де шықты.
... Айтпақшы сол жарысқа мен де қатысқанмын.
***
Наурыз той ың-шыңсыз өтті. Оның ертеңіне күллі ауылға Сырлан осында қалатын болыпты деген сыбыс тарады. Оған құйысқан тістесе гу-гу сөз, сыпсың өсек қолтықтасып алып көше қыдырған. Ол екеуі қонатын құлақ пен аттанар ауызды әсте талғамайды. Бөрік киген еркек пен бұрым қойған қатынның құлағынан кірген бетте көкейіне көп кідірместен аузынан шығып кете беретін. Әрі әрбір ауыздан өрген сайын түрленіп, құбылып, құлпырып береді. Қазан-ошақ басындағы қатын: «жұмыстан шығарып жіберіпті»,– десе, сол ақпарат қырда қой жайып жүрген қойшыларға жеткенше «бастығын ұрып жұмыстан қуылыпты»,– болып өзгеретін. Ал олар: «сотталып кете жаздаптыны» қосақтап, өрістен қайтқанда бір қапшық өсекті өңгере жететін. Ауыздан-ауызға, үйден-үйге бұралқы итше қаңғыған жел сөзбен жарыса Сырланды жақтайтын, мақтайтын, ақтайтын дәлел-дәйектер де арагідік қылаң береді. Оның жүрісі өсек сөздей ширақ емес, қамшысүйер шабан аттай сылбыр. Жұрт та немқұрайлы тыңдап, немкетті сыңай байқатады. Тек «жалғыз ұл, қартайған әке-шешесіне қарайласу үшін келіпті»,– деген уәж көптің көңіліне қазық қаққан.
– Әлде құдай-ай,–деп кемсеңдеген кемпірлер, қырау шалған кірпігін дымдап...
– Әй, Тоғыс қайда қазір,– сұраған шалдар жағы көпе-көрнеу аңқаусып...
– Қайда болушы еді, насыбай атамын деп миың кеуіп кеткен бе тәйірі! Шорылдақтағы қыстауда қойын құрттап, айранын ұрттап жүріп жатыр емес пе?!
Жұрт есекке мінген қортық шал мен сол есектің жол жорғасынан қалыспай жортатын қақшақай кемпірді есіне алған.
– Тоғыстай момыннан азбан айғырша жұлқынған ұл қалай туған?
– Нағашылары мықты. Тобық жұтқан Тұратайдың қызы емес пе, Сағира! Кей әулеттің қайраты қызға беріледі. Ұлы ынжық, қызы қасқыр талайды көргенбіз...
– Тұратайы қайсы, әлгі мешкей Тұратай ма?
– Иә сол, құлынды биеге бәстесіп бір бағланды бір өзі тауысатын қомағай.
– Баяғының адамдарына қозының еті сөз болып па?! Шіркін, ақ майды асайтын адыраңқайлар қазір қалмады-ау...
– Біздің мына Жойыт Тамшыбектің әкесі де бір кепені жалғыз жеген. Өз көзіммен көрдім. Ол кезде қызық қуған бозбаламын. Пұсырман Сағиттың үйіне көкпар түсіріп, қуырдақ дайын болғанша карта соғып отырғанбыз. Бір кезде Жойыт пен Сағит шақ-шәлекей болды да қалды.
– Әй өтірік айтпа! Ол кезде оның Жойыт аты шықпаған.
– Ойбай, Қалеке қоя тұршы, қақпайламай! Білеміз ғой бәрін де... Осы оқиғадан кейін емес пе жұрттың «жойыт» атап кеткені. Әй, сен де сыздықтатпай лақылдатып айтшы айтарыңды, әңгіменің әрін кетірмей... Содан не болды?
– Содан не болсын, бұрқан-талқан ашуланған Сағит бір марқаны алып ұрып, жайратып тастады. «Мыналар не істемек?»–деп күбірлеп әліптің артын бағып біз отырмыз. Бір көзіміз картада, бір көзіміз киіз үйдің көлеңкесінде құнжыңдап қой сойып жатқан Сағитта. Бір кезде тегеш толы қозы етін көтеріп әкеліп Жойыттың алдына зірк еткізіп қойды да –«ал, көрейін әуселеңді»,–деп талтайып тұра қалды. Сонда ғана екеуінің бәстескенін ұғып, біз де қаумалай кеттік. Жойыт асқан жоқ, сасқан жоқ. Арқасын киіз үйге сүйеп ыңғайланып отырды да, тегешті бір тартып алдыға алды. Лыпылдап тұрған бәкісі бар екен, сонымен қолын–қол, бұтын–бұт қылып әкелген етті түгелдей мүшелеп бұзды. Еті сылынған сүйектерін «мә, ақ ит, көк ит, сағит»,– деп қазан-ошақ төңіректеп жүрген иттерге қарай лақтырады. Онысына шиқылдап біз күлеміз, біз күлген сайын Сағит бөрткен бидайдай қызарады. Жарылардай болып әрең тұр, енді.
– Итпен теңестіріп, келеке қылса жарылмағанда қайтеді, байғұс-ау!
– Қойшы әйтеуір, тегеште бір уақытта кілең сүрпі ет қалды. Соларды сомдап турады да тұзбен араластырды. Әуелі қаракесегін жеді, кәдімгі соғымның жылы-жұмсағын асағандай ұртынан қанын ағызып тұрып шайнайды шіркінің... Қылғытып жұтқанда жиіркенбек түгіл, тамсанып, тәбетің ашылып кетеді екен тегі. Ең соңында құйрық майға келгенде қалай болар екен деп ентелей түстік. Бірер ырғалып алды да көп бөгелместен оны да көмейге аттандырды. Тәлтіректеп тұрып қайнарға бет алған. Артынан біз шұбырдық. Құсар ма екен, қайтеді деп жүрміз ғой баяғы...
– Құсып қойса шарттың бұзылғаны...
– Иә солай... Содан қайнарға барды да кеудесінен суға көміліп, шалқалай жатты. Әлден уақытта «асау қымыздан әкеліңдерші»,– деді ыңыранып. Екі жананын жатқан күйі сімірді де со бойы қорылдап, ұйықтап кеткен. Бір уақытта «ой, жаным қалды-ау»,– деп орнынан көтерілгенде байқадық судың бетіне тырнақ елі май қатыпты.
– О, майды не қылдыңдар?
– Не қылушы едік, сылып алып шелпек пісірді деймісің?! Ит жеп кетті ме әлде қатындар тазалады ма, әйтеуір ертеңіне-ақ жоқ болды ғой сол майы түскір... Суды арамдады деп біразға дейін басқа бұлақтан тасып ішетінбіз.
– Әй, соның жегені өтірік.
–Е, неге?
– Жайлаудағы бір тойда қырғыз-қазақ қосыла қолқалағанда ат-тонын ала қашыпты ғой, бұл жердің малының еті ауыр деп...
– Ол рас! Саздауыттың көк құрағына жайылып, тұз жаламаған қойдың бір жілігін тауысып көрші өзің. Түні-бойы дөңбекшіп шығасың. Шіркін Аңырақай мен Қопаның бойын жайлаған жұрттың қойы-қой ғой...Жері сортаң тартып, тұзы шығып, шөбі шілде болмай сарғайып кетеді. Бірақ малы ырғалған семіз. Майын кертіп алып асасаң да жүргеніңе тимейді, сүрлеп қойғандай ғой, жарықтық!
– Біздің мына совхоз қойшыларының «адгонға барамыз», «адгонға барамыз» деп аңырап тұратыны сол екен ғой...
– Енді қалай деп едің, өй ақымақ!
Тоғыстың Сырланынан басталған әңгіме әдетте әр сиырға артылатын тайынша бұқадай түрлі тақырыптарға ауа жайылып кететін. Күннің райы, өрістің жайы, малдың қамы, денсаулықтың қадіріне барып тірелетін. Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізедіні айтып әңгімешілер ақыры кеш бата тарқасатын. Сырланның әңгімесі ертеңіне қайта жалғасатын.
***
– Бұл қазір бақабис болып кеткен бе?
– Итім біліп пе, шолақ балақ, шоқша сақалдылар көбейіп кетті ғой осы күні. Оның қайсысы бақабис, қайсысы сақалис екенін қайдам. Арақ сатып байыған Миятбек молда болған соң несін айтасың...
– Өй, Миятбекті қойшы, сығи Сәкенді айтсаңшы... Екі күннің бірінде мас болып жүретін, құсығына шашалып. Өткенде мал дәрілеп бара қалдым үйіне, жұмаға келмейсің деп қыжыртады. –Әй көке қой,– дедім. Ұят жоқ өздерінде, тіпті...
Көлігіміз батыс пен шығысты жалғаған қара жолға табан іліктіргенде қара мен сарының да әңгімесі өз соқпағын тапқан. Олардың не айтқанын естіп отырсам да есіл-дертім Тоғыстың Сырланында... Бағанағы көрініс көзге сіңіп қалыпты. Бағанның болар-болмас көлеңкесіне сүйеніп, бар зейінімен кітап оқып тұрды. Басында ақ тақия, үстінде көнетоз жейде. Мыналар құран оқып тұрғанына кәміл сенеді. Мүмкін! Бәрі де мүмкін!
***
Тоғыстың Сырланы ауылдың арақ ішкіштерін апта ішінде жөнге салды. Ләйліп жүргендерді жинап алып күпкі* жаққа алып кетіпті. Күні-бойы күпкіге қой тоғытқызып, сілікпесін шығарыпты. Жолда тәртібін де қараған секілді, әйтеуір Сығи күрек тісінен айрылып кетік болғанын, Сүйінбектің солға қисайып тұратын мұрны оңға қарай иіліп қалғанын кейінірек көріп-білдік.
Мен ол жылдары сегізді бітіріп, тоғызға көшкенмін. Сабақ дегенде бет басып, спорт десе ішкен асты жерге қоятын көп жуәрмектің біріміз. Қазақша күрестен аудан чемпионы болып, облыстық жарысқа қатысып айдардан жел есіп тұрған шақ. Үзіліс сайын мектеп артындағы белтемірге шыбынша қонақтап, шырқ үйіріліп ойнаймыз. Бір күні сабақтан соң жаттығып жатқанымызда, буылтық-буылтық денесін ойнатып Сырлан келді. Қасында Алмасбек пен Опаш. Екеуі де ауылға аты шыққан сотқар. Алмасбек төртпақ қара жігіт, баспен ұрғыш. Баспен соққан адамы бірден құлайды. Басымен шөлмек шаққанын талай көргенбіз, шампанның қалың шынысы да шақ келмейтін. Опаштың қолы ауыр. Ұрғанын сұлатады. Өзінің пошымы да қызық. Иық жағы қушық, бөксесі жуан, қолы маймылдікіндей сала-құлаш. Құрдастары «Маймылша», «Майкөт», «Қатын құйрық» атайды. Егер геометрия тілімен сөйлетсек Алмасбек төрт бұрыш, ал Опаш үш бұрышты фигура болар еді.
– Атамандар бір қадам алға!–деді Сырлан келген бетте едіреңдеп.
Біреу бүгежіктеп, біреу суырылып, біреу жасқана басып алға шықты. Бір класстың атаманы ретінде мен де бармын арасында. Сырлан әрқайсымызды көзбен шолып шықты да жеке-жеке танысты.
– Атың кім?
– Есболат
– Есболат Нұрманов! – деп айқалап жіберді. (Ол кезде Есболат Нұрманов, Бақытжан Аманбаев секілді кәсіпқой боксшылардың атағы дүркіреп тұрған)
– Кімнің баласысың?
– Серікбайдың
– Ә, Ырысбайдың інісі болдың ғой...
– Иә!
– Жарайсың! – деп арқамнан қақты. Кәдімгідей көтеріліп, қомпаңдап қалдым.
– Иіріп қойып бір сағаттай сөйледі. Аздап мақтаншақтау екен. Тақырыптан ауытқып кете береді. Басынан өткен төбелестерін, кімді қалай ұрғанын айтуға құштар. Ұққанымыз аптасына екі мәрте жаттығу болады. Әрбір атаман өз нөкеріне жауапты. Бас жаттықтырушы – Сырланның өзі, қос көмекші – Алмасбек пен Опаш.
*Күпкі – қотыр, қышыма секілді аурулардың алдын алу үшін көктемде қой, ешкіні күпкіге түсіреді.
***
«Сырлан и его команда» дейтін бізді ел, орысшалап... Тимурға* ұйқастырғаны... Киносын көргенбіз әуелі, кітабын соңыра оқыдық. Гайдардың кейіпкерлеріне ұқсап, дардай боп жүрдік. Мал қоралап бола сала, жеңіл киініп алып мектептің артына қарай жортамыз. Шеңберді айналып, 4-5 шақырым бір қалыпты жүгіреміз. Дене бусанып, қан ойнай бастаған тұста екі иіннен дем алып Сырлан жетеді. Шорылдақтағы қойлы ауылдан келеді. Он шақырымдық жер. Жүгіріп келіп, жүгіріп кетеді. Сырланның жетекшілігімен қол-аяқты керіп-созып дене жаттығуына кіресеміз. Турник, брюса, арқанға өрмелеу, бөрене көтеру секілді дәстүрлі жарыстардан әр топ жеке-жеке бәйге жасайды. Көрсеткіштерді тізімдеп жазу атаманның міндеті. Он жерден арпа толы мөшөк ілінген. Елу, жетпіс, тоқсан келілігі де бар. Бастапқыда оңды-солды соққылай беретінбіз. Бірер айда ұрудың әдіс-тәсілдеріне машықтанып қалдық. Жаттығудың ең қызығы жекпе-жек. Күресуге кілем жоқ, жұдырықтасуға қолғап тапшы. Сол себепті тебісеміз. Қарсыласты Сырлан таңдайды. Ешқандай заңға бағынбайды. Әлсіз бен әлді, ұзын мен қысқа, семіз бен арық тепкілесе береді. Нағыз ережесіз майдан. Ара-тұра жаппай тебіс болады. Класс-класс болып қырғын саламыз ондайда...
Сырланның қанға сіңген қасиеті бәстесуге құмар. Тебіске шыққан екеудің біріне бәс тігеді. Ел, тартыншақтап тұрса әдейілеп әлжуазына ақша салады. Басқалар жеңеміз деп ойлап, қалтасындағы қарабақырды қағып, жетпесе өзгеден жинап тәуекел етеді. Ұтады, кейде ұтылады. Сырлан ұтылдым екен деп ұнжырғасын түсірмейді немесе әлімжеттік жасағанан көрмеппіз. Тек ұтқан адам соңына дейін ойнау керек. Қалтасын қампайтып алып, қайқайып кетуге қақысы жоқ. Ондай дүниеқоңыз қараулықты байқаса Сырлан сазайын береді мезетте.
– Мәселе ақшада емес жігіттер, азартта,–дейтін Сырлан мұндайда. Жанкүйері жоқ спорт дамымайды,–деп шорт кесетін. «Азарттың» мағынасын ұқпасақ та Сырланның қанатты сөзін қағып алып, жадыға тоқып қойғанбыз. Екі бала тебісіп жатса немқұрайлы қарамай, біріне болысып күйіп-пісетінбіз. Сырланның сөзімен айтқанда «азартникпіз», яғни жанкүйер болатынбыз.
Бәске тек ақша емес кез-келген дүние жүре береді. Бәстен ұтқан талай қораз бен тауықтың қуырдағын жегенбіз, жәшік-жәшік лимонадын ішкенбіз, бидай, картопты Сырланның үйіне жеткізіп бергенбіз. Сол секілді бәстесемін деп ұтылып, оның ақысын көң ою, шөп шабу секілді қызметтер арқылы өтеген балаларды да көргенбіз.
Сырлан келгелі біздің ауылдың футболы да қып-қызыл бәсекеге айналды. Бұрындары бой-боймен тұра қалып, командаға бөлінетінбіз. Содан салып ұрып, ойнай кетуші едік. Енді көше-көше, класс-класс болып бәстесіп қана ойнаймыз. Жүлде тігілген соң жан қалсын ба?! Танаудан қан, аяқтан әл кетіп, өкпе өшіп, көз қарауытқанша жүгіреміз. Ала допта алашағы бар адамша алөкпе болып қуалаймыз. Кей кездері Сырлан ерінбей-жалықпай көрші ауылға барып келіссөз жүргізіп келеді. Екі ауылдың құрама командасының ойыны нағыз сойқан. Оған тек сайдың тасындай іріктелген жігіттер қатысады. Қалғанымыз жанкүйерміз, құдықтан су тасып, қашқан допты әкеліп зыр қағамыз. Тіпті Сырланның өзі ойыннан шеттетіледі, тек бас бапкерше шыр-пыры шығып шапқылап жүреді. Сондай ауыларалық ойынның бірінде шу шықты. Шуды шығарған алаңда жүрген ойыншылар емес, қонақтаған тауықтай әр жерде қодырайып отырған жанкүйерлер.
– Айда! Жарайсыңдар! Алға жігіттер! Айдәәә..әә!–депті әлдекім айқайлап.
– Ақтеректі айдайтын сен кімсің?–деп біздің ауылдан біреу атып тұрған. Едіреңдеген ерегіс... Қызыл кеңірдек керіс... Шартпа-шұрт төбелес... Сырлан да киліккен. Ауыл итінің құйрығы қайқы, Ақтеректің жігіттері көршілерді көгала қойдай қылып сабаған. Автобусына міне қашқан кейбірін көшенің сыртынан тосып алып, тепкілеген. Көз көгерген, мұрын сынған, ерін жырылған...
...Ертеңіне Сырлан бастатқан оншақты жігітті милиция алып кетіпті деген хабар тарады.
*Тимур- Орыс жазушысы Аркадий Гайдардың «Тимур және оның командасы» деген әңгіме-хикаятының кейіпкері.
***
Ұсталып кеткен он жігіттің бесеуі сол күні-ақ босанып келген. Қалғандары он бес тәулікке қамалып шықты. Әрқайсысы жаздық, жаңылдық деп кешірім сұрапты. Ендігәрі тышқан мұрнын қанатпауға қолхат беріп, бармақ басыпты. Әсіресе, Сырланды көп әурелеген көрінеді. Біреулер оның мәнісін бұрын милицияда істегенімен байланыстырса, енді біреулер «қалада жүріп те бұзақылық қылған екен, сол қылмысын қайта қозғапты»,–деп гөй-гөйлетті... Бәрінен бұрын біздің жанға батқаны, Сырланды қоғамдық істерден шеттеткені... Ауыларалық футбол біріншілігін өткізуге, бәс тігіп жарыс жасауға қатаң тиым салған. Сырландар ауылға келгенше, «балаларға жоламасын»,– деген қоңырау мектепке де жетіп үлгеріпті. Жоғарыдан түскен түйірдей бұйрықты табан астында түйедей зорайтып алатын белсенділер ертеңіне-ақ жаттығуымызға килікті.
– Тебіскен деген не сұмдық? Есек боп кеттіңдер ме?!
– Жазым боласыңдар!
– Күштерің тасып бара жатса, мектептегі баскетбол, күрес, волейбол секілді спорт секцияларына жазылыңдар!
– Сабақ оқыңдар!
Дүйсенбілік жиналыста айтылған жарты сағаттық сөздің сөлі осы. Мектеп артындағы жаттығу тоқтады. Қолдан жасалған гир, гантел секілді құрал-сайманды әркім үйіне тасып кетті. Тек футболға рұқсат. Бірақ бәстеспей ойнау керек. Бәске үйреніп қалған адам арамтер болып бекерге жүгірсін бе?! Ауыл стадионының қызығын бастауыш кластың балалары көрді.
***
Футболдағы төбелестен соң Сырлан, ауылға келуді сиретті. Шорылдақтың етегін жайлайтын әкесінің қолын ұзартып, бар бейнетін мойнына алды. Ара-тұра дүкеннен азық-түлік алып жатқанын көріп қаламыз. Мереке-мейрам, бәйге, көкпардан қалмайды әйтеуір. Баяғы қалпы... Бәсеке, жарыс десе делебесі қозып едіреңдейді де жүреді. Сырланнан құтылған соң, Сүйінбектер көшеге шыға бастады. Бұрынғыдай бұрыш-бұрышта, құдық басында, клубтың қасында... Құж-құж...гүж-гүж...ырду-дырду... Бір күні сол дырдуға Сырлан да қосылды.
Бастапқыда, түнделетіп ауылға келеді екен, карта ойнайды деген сөз ел адақтаған. Аздап арақ ішетін болыпты деген өсек те онымен ілесе қыдырды. Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайтынын Сырлан көп ұзамай дәлелдеп берді. Көкпар қуып келген бір жолы атқа таға соқтырамын дегенді сылтауратып екі-үш күндей кетпей жүрген. Қас қарайып, қараңғы түскен сәттерде картаның қызығына кірген. Ұтқызған ақшасына күйініп ұрттаған да көрінеді. Әйтеуір ел-жұрт құлқын сәріде құдық басында құлқиып тұрған Сүйінбектің қасынан Сырланды көрген.
Қырсықты айтсаңшы... Жұмысшылар тракторын оталдарып, оқушылар сөмкелерін арқалап мектепке бет алғанда біздің ауылға көкөніс тиеген жүк көлігі де кіріпті. Алматы жақтан келген саудагерлер екен. Көше-көшені аралап, саудасын қылмаққа ертеңмен жетіпті байқұстар... Ауылға дауыс ұлғайтқышпен айқайлап кірген бетте Сырланның нөкерлері «ассалаумағалейкум!»,– деп қарсы алады.
–Жүз граммға бірдеме тастап кетіңдер,–дейді Сүйінбек қисық мұрнын умаждап. Әлгілер де жұмыртқадан жүн қырыққан сараң болса керек, әрі арақтан азған шипаяның сөзіне кім тоқтасын. Менсінбеген түр танытады. Сырттай бақылап тұрған Сырлан жігіттеріне «вшит» деп ысқырып белгі береді де өзі барып бір мөшек картопты көтеріп саудагер Серіктің үйіне бет алады. Әрқайсысы бір-бір қап, бір-бір қауын-қарбыздан ұстап кете барады. Абырой болғанда бұл жағдай ауданның сақшыларына жетпеді. Тоналған саудагерлер ауылдың үлкендеріне шағымданыпты. Олар Сырланды ортаға алып, құн төлеткен.
Содан бері біздің ауылға сырттың саудагерлері келмейтін болды. Ал, Сырлан арақты елден жасырынбай ішуге көшті.
***
«Спортсмен едім, спиртсмен болдым мінекей...» Сырлан қатты қызғанда осылай дейтін. Бұл сөз оның масайғанын білдіретін басты белгі. Қайталап айта бастағаннан-ақ есін білетін стакандастары сытылып шығып, табанын жалтырататын. Өйткені «спортсмен мен спиртсіменді» мың құбылта айтатын адамның мінезі де күрт өзгергіш. Бастапқыда өз сөзіне өзі күліп, қарқылдап отырады да кенет асау бурадай жынын шашып, кіжінеді. Өкіре жер тоқпақтайды. Әлдекімдерді боқтап-боралап, сөзбен сыбайды.
–«Неменеге күліп отырсың»,– деп бетіне қараған адаммен ұстаса кететіні бар. Сөйлеу бекер. «Қойсаңшы» десең «маған қой дейтін сен кімсің» деп едіреңдейді. Үндемесең де бәледен құтыламын деп ойлама! «Менсінбей тұрсың», «басыңды кегжитпе», «мұрныңды шүйірме»,– деп онан бетер жабысады. Шамаң келсе қарсы атырыл! Айқайласа, тіліңді тартпай айқас! Салғылас! Боқтаса, боқтас! Ұрса, бұқпантайламай төбелес! Сонда ғана беті қайтып, сабасына түседі. Жасқанғаныңды сезіп қалса, біттің... Алдымен төмпештеп мыжиды, сосын екі-үш сағат дәріс оқып құлақ етіңді мүжиді. Ал егер басқа біреуге шүйлігіп жатса, ажыратамын деп әуреленбе! Денесіне қолың тисе болғаны, «мені жұлқитын сен кімсің»,–деп өзіңе тап беруден тайынбайды. Сырланмен ерегіспеген ересек адам жоқ бұл ауылда, ол қатысқан той-томалақ тыныш тарқамайтын.
Осындай шатақ адаммен ойда-жоқта көрші болдық. Жекешелендіру науқаны аяқталар тұста әкем қыстау алып, мал көбейтемінге шықты. Екі інісімен бірігіп шағын шаруа қожалығын құрған. Егін егіп, бау-бақша салып бір-екі жыл көрді. Енді малмен айналыспақ. Ағайын-туғанның пайын жинап, жекешеге қыстау алды. Тура Шорылдақтан, Тоғыстың сарайының дәл қасынан алды. Екі қыстаудың арасы жақын. Дүрбісіз көресің, айқайласа естисің. Тоғыс шал барған бетте бір тоқтысын алып ұрып, ерулік берді. Қыстауға ауылдағы бір жамағайынды көшіріп апарғанмен сенбі-жексенбі сондамыз. Жазғы демалыс мал соңында өтеді. Қой бағамыз, сиыр қайырамыз. Сырланды күнде көреміз.
– Негізі жақсы адам,–дейді әкем. «Сырлаш»,– деп еркелетіп, арқадан қағып қояды. Мақтап-мақтап қатты қайырым жұмыстарға салады. Апырып-жапырып істейді. Екі үйдің қорадағы көңін бір өзі ойып, кептіріп жинап тастайды.
– Жындыны, жынды десең бөркі қазандай болады. Бұл баланы арақ құртып жүр, әйтпесе тәуір адам,– деп анам да қорғаштайды.
Жақсысы жақсы. Ақкөңіл. Малсақ. Ешкімді бөліп-жармайды. Қойыңды қайырып, сиырыңды түгендеп жүреді. Тек ара-тұра ауылға тартып кететіні жаман. Бір кетсе мол кетеді. Ондайда бар салмақ бізге түседі. Сырланның «гастролдік сапары» аяқталғанша екі үйдің малына ие болып алашапқын күн кешеміз.
***
Жаздың соңы болатын. Тамыз бойы тамшы тамызбаған бедеу бұлттарға малшы қауым арыз айтып, диханшылар егін орағы біткенше жаумағаны жақсы деп қарсы шығып жатқан қарбалас шақ. Сырлан ала-жаздай әркімнің қорасына түнеп, әрбір сиырға артылып азып-тозған қызыл бұқаның көзін құртамын деп ауданға кеткен. Арзанды-қымбатты сатып, мектепке барар ұл-қызын киіндірмек. Базаршылар сол күні кештетіп қайтты. Тек Сырлан жоқ. Арада үш күн өткенде жетті. Қалтасы бос, көңілі пәс. Қызыл бұқа үшін кешкілік қып-қызыл ұрыс болды. Шаңқылдаған әйел дауысы, гүрілдеген еркек үні түннің бір уағына дейін естіліп тұрды. Ертеңіне дым болмағандай Сырлан қойын өргізіп, қатыны сиырын сауып, балалары бұзауын тартып күнделікті күйбең тірлігіне көшкен. Болған жайтты өрісте жүріп Сырланның өзінен естідік. Қызыл өгіз жаман сатылмаған. Барған бетте-ақ Қаскелеңнің шашлық жасағыш түріктері қағып кетіпті. Жұрт бұзаулы сиырын жетелеп, қой-қошқарының қабырғасын әркімге бір санатып, жабағысының жалын қайта-қайта тарап, өтірік пен шынды қосып өткізе алмай жатқанда Сырлан шытырлаған қызыл қағаздарды қалтаға басып шырт түкіріп, шылтиып жүрген. Түс мезгілінде кенезесі кеуіп бара жатқан соң, астың артынан бірер саптаяқ сыра жұтқан. Қан жүріп, көңілі өскен. Жер дүние жадырай бастаған тұста жан-жағына қарапты. Бір камаздың көлеңкесінде жемге үймелеген тауықтай топырласқан жұртты көріпті. Салып ұрып барған. Карта сызып жатқан базардың қулары екен. Келер сәтте малдасын құрып әлгілердің ортасында отырған. Содан кешкілік базар тарқаған кезде бір-ақ шығады. Сып-сипалам, қызыл өгізден түскен қызыл қағаздан дым қалмаған. Орталықтағы әпкесінің үйінде екі түнеп, олар берген азғантай ақшамен ауылға үшінші күні ілдәләп әзер жеткен.
– Ой, Сәке оның не?–дегенбіз ерлік жасағандай болған оқиғаны мақтанышпен баяндаған оған аңтарыла...
– Өй, қойшы соны. Жігіт адамға бір өгіз дегенің не тәйірі?! Мелыш* қой,–деді міз бақпастан.
– Иә,–дедік айтарға сөз таппай. Шынымен «мелыш» екен ғой...
*Мелыш- мелочь деген орыс сөзінің қазақыланған варианты
***
– Байқұстардың тұрысын қарашы...
– Таяғынан айрылған соң жынын алдырған бақсыдай болып қапты өздері...
– Хе...хее...
Қара сұр көлік сағатына 120 шақырымды еңсеріп, ышқынып келеді. Қара мен сарының сөз қарқыны да сол шамалас... Қызметтік көлігін қаңтарып қойып, жол бойында ербиіп тұрған екі сақшыны бір-бір қыршып өтті. Тақырып солай қарай аунаған. Парамен ұсталған полицей, қылмыс, ұрлық... Білмейтіндері жоқ, естігендері көп.
– Е, айтпақшы бағанағы Тоғыстың Сырланы сотталып кете жаздағынын білесің бе?–деді сары әлденіне есіне алып.
– Естігем сондай бірдемені,–деп қара гүж етті.
Үлкен жолға түскелі жалаңаш денесіне жасыл жейдесін киіп алған қара, сарыға қарай жантайыңқырап отырды. Әңгімеге пейіл танытқаны. Мен де ұмсына түсіп, құлақ түрдім.
–Алдыңғы жылы қыста болу керек, Сырлан мал-жанды аудан орталығында тұратын жиендеріне аманаттап, қайынжұртына тартады. Оншақты күн жүріп келді. Келе «бес саулығым жоқ»,– деп шарқ ұрады. Тоғыс екібастан сауатсыз. Мал санауды білмейді, тек түстеп таниды. Сырлан қойды шұбатып ары санайды, бері санайды. Бес басы кем. Таңдап жүріп алыпты, кіл екінші тума жас қойлар. Алдырған албырт. Көрші-қолаң, қоңсылас қыстауларда отырғандардың қорасын түгел тінтіп шығады. Таппайды. Өлсе өлігі шығар еді, қасқыр тартса өрісте қарақұс айналар. Зым-зия, із жоқ. Біреу өрістен қосып, сіңіріп кеткен немесе қорадан ұрлаған деп ұйғарады. Сөйтіп пұшайман болып отырғанда бұл жоқта үйіне қонақ келгенін естиді. Жиендерінің аудандағы достары екі-үш күн жатып кетіпті. Бір көлікке мінгескен төрт бала дала кезіп, қасқыр қуған. Тоғыс пен Сағираға көрсетпей арақ ішкен. Шөлмектерін өріске тастапты, оны да тауып алған Сырланның өзі. Бірден ойына күдік алған бұл түнделетіп ауданға тартады. Жиендерін төсегінен суырып алып, жолдастарын жинатады. Барлығын бір қуысқа қуып тығып, тепкілейді ғой...
– Еее, содан,–деп қара киноның қызық жеріне келгендей шыдамсыздана түсті. Сары, тыңдаушысының құмарлығынан қанағат алып әңгімесін жалғады.
– Мектепті жаңа бітірген, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар қайбір қайрат көрсетсін. Мына дүлейдің бір-бір түйгенінен қалмай, домалап түседі. «Ағатай, алған жоқпыз»,– деп шырқырайды. Бұл «бывший ментпін, бәрібір мойындатамын»,– деп одан сайын төмпештейді. Қойшы әйтеуір байқұс балалар «бес саулықты бір айдың ішінде төлейміз, жаздық-жаңылдық»,– деп әзер құтылады. «Ұрымды таптым»,–деп масаттанып бұл ауылға қайтады. Сол екі-арада әлгі «Жеті қарақшылар» ұсталды емес пе?!
– Жеті қарақшысы кім тағы?
– Өй, әлгі Әлмантайдың баласы бастаған пәнділер ше? Ішінде қоқи Серіктің кенжесі бар, Сәткен шалдың немересі де сонда. Әйтеуір сол көшедегі жеті жуәрмек...
– Ее, анабір жылмыңдаған сұмырайлар екен ғой, кезінде мектептің магнитофонын ұрлап ұсталған.
–Иә, иә солар... Бала кезде сумақай еді, Алматыға барған соң да ұрлық қылыпты. Біз жақта жоғалған малдың бәрін солар құртыпты. Талғарға апарып сойып, Алматыдағы көкбазарға сатады екен бәлелер. Қарсақбайдың алты сиырын алып ұрып, қызыл қасап жасап жатқанда үстінен басыпты. Апарып қамап, полиция қысқан екен сарнап беріпті. Бүкіл істеген қылмысын жіпке тізген, арасында мынаның бес қойы да бар.
– Сонда әлгі жиендері не ұрлаған?
– Үндеме! Әңгіменің көкесіне енді келдік... Ұрының басқа жақтан шыққанын естіген олар көтеріледі. Барлығының әке-шешесі жабылып мынаны сотқа береді. Бір-екі баланың тісі түскен екен, қол сынған... Әйтеуір сұмдық...
– Сөйтіп?
– Сөйтіп, мұны тергеушілер сүйрейді. Жалынып, жалпайғанмен көнбейді. Әлдене дәметеді, ал бұл бермейді.
– Қатты екен, дә... әтаңның аузын ұрайын...Әлгілерден өндірген бес саулықтың бірін бере салса болмас па?!
– Ойбай, қаттыдан бұрын бұларға болмайды екен.
– Не болмайды екен?
– Пара беруге болмайды екен.
– Параны бәрімізге беруге болмайды! Бірақ жан қысылған соң ұстатамыз ғой, басқа жол жоқ.
–А л, олар мүлдем бермейді екен...Тіпті жол сақшыларына да екі-үш мың тастап құтылудың орнына, он-он бес мың айыппұл төлегенді қолай көреді екен. Олар сондай...не екен өзі...
– Олар дегенің кім тағы, ашып айтшы-ей айналайын?
Қара әлденіні жұмбақтап отырған сарыға кәдімгідей ашуланып, түтігіп кетті.
– Ба- қа-бис-тер...
Сары мен естіп қоймасын деп ақырын ғана сыбырлады.
–Аааа солай ма?! Мынау сонда... сондай ма?
Қара, көз қиығымен ишарат жасады. Сары, «ммм» деп бас шұлғыды.
–Еее... деее....Содан?
–Содан не болсын?! Ештеме татырмағанға ерегіскен тергеушілер істі сотқа жібере салған. Сотқа барған соң бұдан дәметкен ауыз бір емес, бірнешеу болып кетеді. Судьяға таныс-тамырларын салып көрген екен, «маған ештеме керек емес, бірақ аналарға асатуың керек»,– депті. Анаған бәлен, мынаған түген бересің,– деп шотын қағып үш мың долларды шығарып береді. Ал бұл бермеймін дейді, туыстары қанша ырғаса да көнбейді. Ақыры сот болады, прокурор қылмысын мойнына қойып, бес жыл сұрайды. Таяқ жеген әр балаға бәленбай мың өтемақы кеседі. Мұндай болады деп кім ойлаған. Бұл түгіл арызданушы ата-аналар шошып кетеді. Кешірім сұрап, емге кеткен ақшамызды қайтарса болды кештік, біреудің көз жасына қалмайық дейді олар. Бірақ прокурор көнбейді. Мұның милитция болып жүргенде бүлдірген тірлігінен бастап ауылдағы төбелестерін жіпке тізіп, дінмен қатысын көрсетіп қоғамға қауіпті адам қылып шығарады ғой... Содан ең ақырында бұған сөз беріледі. Соңғы сөзіңді айт, жігітім демей ме?
–Е, не депті?
–Еңкілдеп жылапты. Кәмілетке толмаған төрт балам, қалт-құлт еткен қарттарым бар еді, кешіре көріңдерші,– деп боздапты. Судья көпті көрген кісі екен, айыптау деректері әлі де жетімсіз деген сылтаумен сот отырысын екі аптаға тағы шегеріпті. Сол кезде мынауда морт сынған. «Не сұраса да беремін, сөйлесші»,– деп немере інісіне жалынған. Ақыры қорадағы малынан кертіп сатып, үш мың долларды апарып беріп, әзер құтылды ғой.
– Бес саулық үшін бес жылға кете жаздапты ғой байқұс...
– Ой, айтпа!
– Әй, бұл қашаннан бері бақабис боп кеткен?
– Сонысын білмеймін, әйтеуір бір күнде сопысынып шыға келді ғой. Қайбір жылғы оразада сақалы кіндігіне түскен бір топ жігіт жүрген. Арасында Меккеден оқып келген бір ділмары бар. Сөйлегенде сұрапыл екен енді. Атын ұмытып тұрмын, интернетте оның дағуаттары көп дейді ғой, балалар. Бір күн тарауықтан соң отырып тыңдағанмын әйтеуір. Соның шашпауын көтеріп шауып жүргенін көргенмін. Солар бүлдірді-ау осыны... Со біреулер қалай кетті, ауылда шолтаң балақ, шоқша сақалды жастар қаптады ғой.
– Әлгі жесір Күмістің Сирияға барған баласы да осылардың тобынан ба?
– Ол басқа дейді. Табиғат дей ме, таблиғат дей ме әйтеуір бұлармен жұлдызы қарсы ағым екен.
– Ондай да бар ма?
– Бар болғанда, айтпа. Оларың дәруіштер секілді ел кезіп кетеді екен құрсын...
– Қайсы, әлгі бір алқа-қотан отырып алып зікір салатындар ма? Жүндібай шалдың үш ұлы бірдей кіріп кеткен.
– Өй, оларың сопылар ғой. Мынау басқа ағым. Үш күн, қырық күндік сапарға шығады. Өзімізді құдай жолына арнаймыз деп бала-шағасын, жұмысын тастап кете береді екен. Біздің ауылдың балалары Пәкістанға дейін барып келді ғой қырық күншілеп...
– Не дейді ойбай?
– Өй сен түк білмейді екенсің ғой. Таксистер әңгіменің әкесін танытушы еді, сен бүкіл қызықтан мақұрымсың ғой тегі...
– Кімдер барды, сонда?
– Жұмабайдың Қанаты, Биғазының Болаты, Садырдың Қайсары... Анық осы үшеуін білемін. Тағы біреулер дайындалып жүр деген... Жұмабай біздің жиен Түсіпбектің көршісі ғой, сол айтады: «Қанат - Пәкістаннан басқа адам болып оралды»–деп... Бұрындары көкжалқаудың нақ өзі еді, қазір қолынан келмейтеніні жоқ көрінеді. Үйдегі тоқ самауыр, телефон, теледидардың барлығын шашып тастап қайта жинайды. Тесіліп қалған шлангы, мәшиненің дөңгелегін қазір жұрт МТМ-ға барып жасатпайды, Қанатқа келеді. Пенопласты балқытып, бірдеме қылып жамап тастайды екен.
– Ой, сұмдық-ай, ә?
– Келгелі аңшы болып кетіпті өзі. Көздегенін тірі жібермейді деседі. Есігінің алдындағы қарағашта қаптаған қара қарғалар отырушы еді, соларды атып тауысыпты ғой.
– Әй бұларды соғысқа үйретіп жүрмесін ол жақта.
– Итім біліп пе? Түсіпбекке сенсең төбе шашың тік тұрады. Айтпақшы анажолы телеарналар көрсетті ғой, Сириядағы соғысқа жас баласын ертіп барған байқұс қазақтарды.
– Қайсы, анабір қырылып қалыпты деген бе?
– Иә, Қанат солармен Пәкістанда бірге болыпты. Балаларын талай ойнатып едім,– деп бір апта мешіттен шықпай аза тұтыпты ғой...
– Мә, масқара!
– Масқараның көкесін кейін көреміз. Қазір бұлар кәдімгідей күшке ие. Қит етсе, ұялас күшіктей шәуілдеп шыға келеді. Бақабистер мен Табиғат... Түй әкең тілім де келмейді соларға... Таблиғатшылар жұма сайын қақтығысады. Бірі олай, бірі былай тартып имамның да берекесін кетірді. Шалдарды сөйлетпейді тіпті...
– Қайда барамыз?
Шомбал қара, көлік артында адам барын ұмытып кеткендей селк ете қалды.
– Қайда барамыз?–деп өз сұрағымды өзіме қайтарды да көлігінің тізгінін оңға тартты.
– Білмеймін,– дедім зорлана жымиып. – Жетер жерімізге жеткен секілдіміз.
Аумағы ат шаптырым базардың маңдайшасында «Алтын орда» деген әйдік жазу тұр. Құжынаған халық илеу маңындағы құмырсқа секілді ерсілі-қарсылы жосып жүр. Әлдеқайдан келе жатқан, әлдеқайда бара жатқан темір тұлпарлар алып шаһардың қолтығына жарысып кіріп жатыр, жанталасып шығып жатыр. Қара мен сары мінгескен қарасұр көлік те солардың нөпіріне ілесіп кете барды. Жолаушы аулаған қаланың таксишілері: «қайда барамыз?», «қайда барамыз?»– деп алдымнан жүгіріп шықты.
Фото: "Аласталған". В.В.Шульженко
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.